Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі


Өнер - әлемді және әлемдегі адамды тану құралы



бет16/30
Дата05.02.2022
өлшемі2,57 Mb.
#1879
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   30
3. Өнер - әлемді және әлемдегі адамды тану құралы


3.1. Өнер - адамтану формасы
Өнер адамзаттың өмірқамының ең ертедегі формаларының бірі болып табылады. Алайда бүгінде өмірдің дәстүрлі түсінігі қайта қарастыруды қажет етеді. Өйткені өнер еңбектің, моральдың, діннің қызмет етуін қамтамасыз ететін әрекет түрлерінен жоғары тұрады. Сондықтан да, ең алдымен, өнердің нені білдіретінін ұғынып алу қажет. Профессор Б.Ғ. Нұржанов өзінің еңбегінде өнер терминінің қазіргі тілде екі мағынада – кең және тар мағыналарында қолданылатынын айтады (Культурология: курс лекций. Алматы, 1994, 8 б.). Өзінің кең мағынасында өнер адамының барлық шығармашылық жасампаз әрекетін білдіреді және бұл мағынада өндіріс те, тіпті дін де өнердің формалары ғана болып табылады. Әсіресе осы мағынасында ол ежелгі грек тілін де көбірек қолданылады: орыстың “искусство” деген терминімен аударылатын “poіesіs” сөзі ежелгі гректерде “білім”, “туынды”, “сана” ұғымдарын де білдіреді.
Көшпелілер мәдениеті, оның ішінде қазақтың дәстүрлі мәдениеті жайында сөз болғанда оның барлық салаларының да өмірдің нақты әсер ықпалымен туындағанын және көркемдік қуатымен дараланытындығын ерекше атап өткен жөн. Демократияшылдық, әрекетшілдік, дәйектілік сияқты қасиеттер де қазақ өнерінің ең басты сипатына айналған. Олай дейтініміз, өнерді сұрыптауға бүкіл халық болып ат салысқан, яғни қазақ халқының рухани деңгейі, рухани өресі өте биік болған. Ерекше атап өтетін бір жәйт, қазақтардың салт-дәстүрлері, мақал-мәтелдері, барша тиымдары (табу) көшпелі өмір салтымен, тылсым табиғатпен тығыз баланысты болған. Басқаша айтсақ, көшпелілер шаруашылығы – көшпелі халықтардың рухани әлемінің қайнар бұлағы болды. Бүгінгі таңда ғаламдық проблемаға айналып отырған экологиялық мәселелер ғұмыр бойы қазақ халқының басты назарында болғандығы да даусыз. Сол себепті де табиғаттан бастау алатын «экологиялық тәрбие» ұлттық тәрбиенің негізіне айналған. Табиғат берген игілікті ысыраптамай, бағалай білу, жан-жануарлар дүниесіне құрметпен қарау – ұлттық тәрбиенің басты бағыттары болған. Қоршаған ортаның қадыр-қасиетін, даралық белгілері мен ерекшеліктерін жете түсінген қазақ халқы жас ұрпаққа оларды сақтау жолдарын үнемі үйретіп отырған. Табиғат пен жан-жануарлар дүниесін көздің қарашығындай сақтауға бағытталған жөн-жорық, ырымдар жүйесін жасап, жастардың бойында табиғаттағы жаратылыстың барлық түрлері де адам баласы сияқты жер ананың төл перзенттері деген ұғымды қалыптастыра білген.
Қазақ халқының дәстүрлi өнерi – ғасырлар бойы сұрыпталып, нақышталып, тұрақты белгiлерi қалыптасқан өнер. Бiз оның дәстүрлi мәдениетiн тұтас қарастыра отырып, геобиологиялық, әлеуметтiк жағдайлардың, дiни-мифологиялық көзқарастың оның тарихи-табиғи қалыптасуында шешушi рөл атқарғанын, сөйтiп оның тұрақты белгiлерi осы жағдайларға байланысты қалыптасқандығын айтуымыз керек. Мұнда сәулет және қол өнерiнiң өзiндiк көркем пiшiнi, ою-өрнектiң түзiлiмi мен пластикасы, бояу түсiне деген қатынасы, ауыз әдебиетiнiң көркемдiк ерекшелiгi мен ондағы кеңiстiктiң мифологиялық тұжырымдамасы бiртұтас дүниетанымдық түсiнiкке, салт-жораға, философиялық категорияларға, тiршiлiк болмысына бағынған. Тiптi тұрмыста пайдаланатын заттардың көркем образдық шешiмдерi өзiн қоршаған ортамен байланысты болды. Мұндай заттар әрi пайдалы, әрi көзге тартымды, әрi айналасындағы заттармен үйлесiмдi болды.
Әлеуметтiк жағдайлар өзгерiске ұшырап, мәдени ақпараттық алмасулар мен өзара әсер қатынастарының күшейiп, өнер тек қана рухани сұраныс болудан қалып, ол тауар ретiнде де жұмыс iстей бастаған кезде және оған деген сұраныс критериiнiң көпшiлiкке, жеке адамдарға, базар талғамына, көрмелер мен музейлерге арналған түрлi талап-тiлектерiн қанағаттандырып отырған шақта бiздiң бағалау критерийлерiмiз бейнелеу өнерiне ғана емес, дәстүрлi халықтық шығармашылыққа қалыптасқан көзқарасымыз өзгердi.Әрине, бiз дәстүрлi өнердiң әлем бейнесi ретiндегi көрiнiсiн ұмытпауымыз керек. Сонымен бiрге дәстүрлi өнер, көбiне, халықтық шығармашылықпен, дүниетанымдық көзқараспен бiрлiкте қарастырылатындықтан оны «әлемнiң ұлттық бейнесi» деп айтуымызға болады.
Өнер қашанда биік мұратты талғам мен талаптан басталады. Образ арқылы көркем туынды жан-жақты танылады. Кең-байтақ дала төсінде тіршілік еткен қазақ халқы үшін табиғат туралы образдық бейнелеулер мол. Ертеректе сөзге шешен билері, ақындары төбеге, шаңыраққа қарап сөз саптайтын болған. Мұндай сөйлеу әдісі – ұлттық ерекшелік. Осыған байланысты ғарыш әлеміне сәйкес дүниетанымында кездесетін сөз тіркестері де жетерліктей. Мысалы, Жұлдыз, Шолпан, Үркер, Күнсұлу, Айсұлу т.б. Мұның барлығы – аттар ғана емес, затын да анықтайтын сөздер.Сондықтан да өнердің болмысы сол халықтың болмыстық негізін анықтайды. Өнер адамдары өнермен, суреткерлік болмысын танытумен, өнердің өзіндік ерекшелігін көрсетеді. Мысалы, әнші әнімен дауыс ерекшелігін, күйші күйімен қоңыр үн – ұлттық бояу ерекшелігін, ақын елдің елдігін, ерлердің ерлігін, мүсінші, суретші, драматург, жазушы, жырау, жыршы т.б. өздерінің өнер салаларына байланысты образдық суреттеулерімен танылады.Өнердегі образдарды жасау – шығармаға дарыған ішкі жан сезімі мен дүниеге өзіндік көзқарасының қуаты. Өнер осылар арқылы адамдарға тәрбиелік ықпал етеді.
Өнердің идеясы оның мазмұны сезім бірлігінен тұрады. Өнер туындысының өне-бойына өзек болып сіңген қуатты көңіл-күй сезімі және жан-дүние толқыны. Егерде, оны дөп басып таныған адам өзі де соншалықты күй кешіп, шығарма мазмұнын терең түсінуімен, оны өз тарапынан сезім елегінен өткізіп, яғни эмпатиялық күй кешіп, қабылдау деңгейінде жан қуатын сезінеді. Осылайша адамдар рухани дүние қуатына айналған өнердің идеялық-сезімдік әсерінен толыққанды күй кешіп жан дүние ләззатына ие болады.
Өнер туындыларын қабылдау заттар мен құбылыстарды өмірлік құндылық ретінде санада образды бейнелеуімен кеңінен танылады. Философиялық ой сезімдік жан күйімен сабақтасып, тебірену, толғану, күйзелу, қуану, сағыну сияқты құбылыстарды тудырады. Яғни, сезімдік қабылдау өнер туындыларының ішкі мазмұндық әрекетін тану қатынасымен айқындалады. Сондықтан да адамдар өзінің рухани жан сезіміне қажетті дүниелерді көркем шығармалардан, яғни өнерден іздейді. Өнер арқылы табиғатты тану, оны аялау – қазақ халқының дүниетанымдық болмысының айғағы. Өнер адам сезімін тереңдетіп, жанның саулығын, таза болуын қамтамасыз етеді. Өнер ғана сезім мен білік бірлігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сабақтасып жатуын қамтамасыз етеді. Өнердің бұл қызметі табиғатты, дүниені тану мен адамның оған деген қатынасы арқылы жүзеге асады. Табиғаттың өнердегі көрінісіне өнерпаздың көзқарасы бойынша жандандырылған, көркемделінген түрі, яғни табиғатқа адами қасиеттер дарыған субъектендірілген сезімдік қатынасы арқылы көрініс табады.
Сондықтан да, өнердегі табиғатқа қатынас эмоционалдық және интеллектуалдық қатынас әрекетінің тәжірибелерімен тығыз байланысты болып келеді.Табиғат сұлулығын, оның құбылысын адами тұтастықта, бірлікте алып қарау оны жан-жақты тануға, оның құпиясын, болмыс-бітімін анық ашуға толық мүмкіндік береді. Себебі, дүниедегі барлық жаратылыс бір-бірімен өзара ықпалдастықта тіршілік етіп, өмір сүреді.
Қазақ халқының дүниетанымдық мәдениеті олардың табиғатқа қатынасының өзіндік сипатымен анықталып, бүкіл тіршілігінің өзекті мәселесі ретіндегі сабақтастықта жүзеге асып отырған.Сол себепті халықтың өнер туындыларында табиғат субъектілендіріліп, адам мен табиғат қатынасының мәні біртұтас дүние өрнегімен өмірлік салтына айналған.
Өнердің негізгі мақсаты әсемдікті, сұлулықты таныту болса, табиғат сұлулығын жаратылыс құбылысының көркем бейнесінің негізгі болмыстық қасиеттерін ашуға болатынын көрсетеді. Сұлулық – сыршыл сезім мен ой бірлігіне бағытталған құбылыс. Сондықтан сұлулық, әсемдік үйлесімділіктері танымдық қызмет атқаруымен өнердегі көркем бейне бойындағы болмыстық негізді сипаттап көрсетеді. Сұлулық сезімі – шынайылық, қарапайымдылық. Бұл түсініктер – сенімділік тудыратын шарттар. Сұлулық сезімі дегеніміз нақтылық қасиеті ретінде ішкі мағынаны айқындап тұратын құбылыстар. Өнердегі сұлулық ішкі мағына мен сыртқы пішіндік сұлулықты біртұтас дүние құбылысы ретінде танытады.
Өнердегі сұлулық сипаты сезімнің қуаты арқылы дүниетанымдық мәдениетті қалыптастыра отырып, табиғаттың өзімен пара-парлық, яғни жаратылыстық сұлулыққа ие болуға тәрбиелейді. Сондықтан да өнердегі сезімдік сипат адамды танымдық өрісінің кемелдену дәрежесіне көтерумен жаратылыстың құпия сырына жақындата түседі. Осылайша адам өзінің өсіп-өркендеу табиғатында адамзаттың рухани байлық деңгейінің биік негіздерін қалыптастырады.
Өнер адам баласының жеке шығармашылық қызметінің саласы емес, бұл ең басты болмыстың болуының айғағы.Өнер, сонымен қатар, жаратылысты қайта өндіруге бағытталған көркемдік шығарма үлгісі ретінде де танылады. Себебі, табиғатты бейнелеу, оны сезіну арқылы жасанды үлгі жасау қызметін көрсетеді.
Шығармашылық ойдың жемісі ретіндегі өнер даму көрінісі көркемдік ойлар мен түрлі өмірлік қызметте талғамдылықты, өлшемділікті көрсетеді. Жаңа көркем ойдың тууына уақыт талабы әсер ете отырып, ескі мен жаңаның өзара сабақтастығы негізінде теориялық тұрғыдан танымдық идеяда мәнін жоймай тарихи уақыты анықталады.
Өнер өмірді тануға мүмкіндіктер беріп, шеберліктің жоғары деңгейіне ұмтылуға көмектеседі.Өнер қоғамның айнасы ретінде әлеуметтік жағдайларды танытады. Олай болса өнер:

  • адам ойы шығармашылығының (даналығының) көрінісі;

  • ең жоғарғы танымдық көрсеткіш;

  • ақыл-ой арқылы қабілеттілікті анықтаушы.

Өнер адамы өзі мен дүние арасын алшақтатпайды, ол әлеммен бірлесіп қоғамдық-әлеуметтілікті, оның мәдени дамуының мүмкіндігін, жоғарғы заңдылығын өзінің ақылымен, ой көркемдігімен қамтамасыз етеді.
Өнер шығармалары адамның мәдениетін жоғарылатып тәрбиелейді. Өнер адамы қабілеті биік адам ретінде бағаланады. Өнер бүкіл тіршілік ету кеңістігінде адамға өмір шындығын танытып, талғам-танымын орнықтырады.
Адамның әрекетімен байланысты және осы әрекеттің өнімі болып табылатын барлық нәрселер “poіcsіsіa” - адамзат саласына жатқызылады және ол адамзат жаратпаған табиғи салаға – “Physіs“-ке қарсы қойылады. Өзінің тар мағынасында өнер әртүрлі формалардағы көркем шығармашылықтың нәтижелері мен процестері (бейнелеу өнері, музыка, поэзия және т.б.) болып табылады. Дәл осы мағынасы қазіргі әлемде негізгі болып табылады және біз де оны осы мәнде қарастырамыз.
Жекелеген ғылымдар және рухани, практикалық әрекеттің салалары әлемнің әртүрлі қырларын игереді, тұлғаның белгілі бір қырларының қалыптасуына жағдай жасайды және соған сәйкес белгілі бір мәдени құндылықтар қалыптастырады. Өнер болса, ол әлемді өзінің тұтастығында қабылдаудың кепілі, адамзаттың өмірлік тәжірибесі мен мәдениетінің тұтастығын сақтаушы. Өнердің бұл бүкіләлемдік-тарихи мақсаты адамзат дамуының барлық этаптары үшін қажеттілігі мен құндылығын қамтамасыз ететін оның полифукнционалдылығын (көп қызметтілігін) тудырады. Алайда дамыған қоғамдық жүйелерде көркем шығармашылықтың барлық функцияларының дерлік өз “дублерлері” (қосалқылары) бар: өнер – бұл таным, алайда әлемді танытатын ғылым да бар; өнер-тәрбие, бірақ бұл мәселемен айналысатын педагогика бар: өнер – тіл және ақпарат құралы, бірақ онымен қатар табиғи тіл мен ақпарат құралдары да өмір сүреді; өнер - әрекет, бірақ еңбек - әлемді өзгертуші адамның әрекеттік мәні көрінісінің ең басты формасы. Алайда өнер адам әрекетінің бірде-бір формасын алмастыра алмайды, өйткені ол әрбір әрекетті ерекше үлгілейді. Бұл ерекшелікті түсінудің кілті ешнәрсені де көшірумен айналыспайтын, көркемдік әрекеттің ерекше пререгативасы болып табыладын өнердің эстетикалық және гедонистік функцияларында.
Өнердің мынадай екі негізгі ерекшелігін атап көрсету керек: біріншіден, өнер шындықты бейнелендіру формасы, яғни дүниетану формасы; екіншіден, өнер қоғамдық сананың адам әстетикалық сезім тудыратын формасы. Өнердің шындықты бейнелендіру формасы ретіндегі ерекшелігі ең алдымен оның нені және қалай бейнелендіретінімен анықталады. Өнер дүниені адамның нақты сезімдік формада бейнелендіру қабілетіне негізделеді.
Өнер жалпыны бейнелендіреді, бірақ оны абстракция формасында емес, жинақталған жеке образ формасында немесе, онер тілімен айтқанда, типтік образ формасында бейнелендіріледі. Шындықта жалпы типтік образ жеке нәрселерде ғана өмір сүруде, демек, жеке нәрселер арқылы көрінеді. Сондықтан өнердегі типтік образ дегеніміз жинақталған, жалпыланған образ. Бірақ ол жалпыланған типтік образ жеке образ арқылы бейнелендіріп көрсетіледі. Өнердің шындықты бейнелеу формасының ерекшелігі сол, ол көркем образ болып табылады. Демек, көркем бейнені ұғыммен де, түйсікпен де теңгеріп қарауға болмайды. Көркем образдың ерекшелігі сол, ол жалпыны жеке арқылы танып білу. Нағыз өнер шығармаларындағы көркем образдар шындықтың сырт белгілерін бейнелемей, маңызды жақтарын бейнелейді.
Өнер - қоғамдық сананың ең көне формаларының бірі. Оның сананың басқа формаларынан, мәселен ғылым мен философиядан айырмашылығы сол, ғылым мен философия сыртқы дүниенің теориялық бейнесі, яғни олар теориялық ойлау болып табылса, өнер шындықтың көркем бейнесі болып табылады.
Өнердің келесі ерекшелігі сол, ол - қоғамдық сананың эстетикалық сезім тудыратын формасы . Суретші, жазушы шындық қүбылыстарына тән эстетикалық сапаларды ашып көрсетеді. Сондықтан көркем шығармаларда өмір белгілі бір әстетикалық идеяларға сәйкес бейнеленеді, яғни өнер шындық нәрселері мен қүбылыстарын көрікті немесе көріксіз, көңілді немесе көңілсіз, қайғылы немесе күлкілі деген сияқты категориялар формасында бейнелеп, баға береді. Әдемілік, көркемділік адамның күнделікті өмірінде зор роль атқарады. Адамды қоршаған орта көркем болса, оның өзі адамды көңілдендіріп, еңбек пен өмір шабытын тудырады. Адам тек ғылым заңдарына сәйкес қана емес, «әдемілік заңы бойынша» да еңбек етеді.
Өнер арқылы мәдениет өзінің түңғиық тереңінде болып жатқан қүбылыстерын дәп бір айнаға қарап көргендей, байқап отырады. Сондықтан да өнерді «мәдениеттің айнасы» деп анықтауда негіз бар. Нақты тарихи жағдайлар шеңберінде белгілі бір ұлттың, этностың мәдениетінде өнер арқылы сол мәдениеттің әлемді және әлемдегі адамды түсінуін көреміз.
«Өнер - мәдениеттің айнасы» деп бекерде бекер айтылмаған. Ол мәдениеттің жаны, оның өзіндік танымының түрі. Сұлулық заңы бойынша адамның дүниені игеру барысында әдеби мәтіндерге, мүсінге, сәулет туындыларына, суреттерге, әуенге, биге және тағы сол сияқты негізделген өнер түрлері қалыптасады.
Өнер деп адамның рухани болмысына, сезіміне, эмоциясына әсер етіп, оны толғандыратын суреткер қолынан шыққан шығармашылық үлгісін айтамыз. Өнер - адами ақиқат, адамдандырылған «екінші әлем». Өнер, көркем бейне және жасампаздық тікелей әлеуметтік адам түлғасымен байланысты категориялар. Өнерде үйлесімділік ретінде танылған кемелділік бейнесі жасалады. Өнер арқылы адамның әмбебаптылығы ашылады. Өнер адамның шексіз болмыстық сүрақтарына жауап табуға талпыныс барысында гуманистік принциптерді қалыптастырады. Нәтижесінде, өнер тек белгілі бір қоғамның даму нәтижелерін көрнекілеп қана қоймай, сонымен қатар, әлеуметтік-рухани өмірдің күйіне әсер ететіндігін білдіреді.
Ерте кездің өзінде-ақ өнердің көңілді көтере отырып, үйрететіндігі белгілі еді. Өнерді қабылдау мен көркем шығармашылық процесі барысында адамның ләззат алуы мен эстетикалық ықпал етуі арқасында оның тәрбиелік әсері де, ақпарат алу да, тану да, тәжірибе алмасу да, әлем жағдайын талдау да, шаттану мен шабыттану да жүзеге асады. Адамның жаратылысы өнердің ерекшелігін анықтайды.
Өнер қоғамдық адамның нақты өмірлік тәжірибесін тереңдету, кеңейту үшін өмірді өз тұтастығында қайта қалыптастырады. Ол – адам өмірқамының бейнелік үлгісі. Өнер тұлғаны өзінің бүкіл көпқырлығында және тұтастығында қайта жаратады, оның өмірлік және көркемдік тәжірибесімен өзара әрекеттесе отырып, адамның әрекеті мен санасының барлық құрылымына әсер етеді. Көркемдік шығармашылықта диалектикалық өзара әрекет барысында бейнелік ойлаудың құрылымын айқындайтын тұлға - ұлт – адамзат сияқты әлеуметтік бастаулар қиылысады.
Өнер өзінің аудиториясына тұлғалық формаға көркемдік идеяларды еге отырып, оқырмандарды, көрермендерді, тыңдармандарды тартады. Және осыдан көркемдік идеялардың инвариантты көпшілігі туындайды: бір ғана көркем идея әркімде әртүрлі қабылданады. Ғылымда идеяларды иеленудің деңгейі ғана әртүрлі. Өнерде болса иеленудің деңгейі де, мазмұны да әртүрлі: көркемдік шығармада берілген әлеуметтік-тарихи тәжірибені адам өзінің индивидуалдық аснасына көшіреді, нәтижесінде көтерілген мәселелер мен нақтылыққа деген оның және тұлғалық қатынасы қалыптасады.
Өнерде тек суретткердің тұлғасы ғана таңбаланбайды. Шығармада адамдардың жалпы бұқарасы үшін маңызды қажетті, тұрақты нәрселерді бейнелей отырып, ол оған тұлғалық форма береді, яғни әлемді өзі арқылы ашады. Осылайша, суреткер халықты өзінің өмірлік тәжірибесін иеленуге мәжбүрлейді. Өнердің ұлттық ерекшелігі автордың көркемдік ойлауының ерекшелігінен көрінеді. Өнердің төлтумалығын ашудың кілті де осында. Бейнелік (образдық) ойлаудың әртүрлі ұлттық құрылымдарында сезімдер, бояулар, белгілер алмасуының эмоционалдық алгоритмдері де әртүрлі. Өнердегі ұлттық ерекшеліктің дәл анықтамасын Н.В. Гоголь береді: “…нағыз ұлтжандылық сарафанды (алжапқышты) сипаттауда емес, халықтың рухының өзінде. Ақын, тіпті, мүлде бөтен әлемді сипаттаған кезде де ұлтжанды бола алады, ол оған өзінің ұлттық стихиясының, өз халқының көзімен қарайды, өз отандастары қалай сезініп және сөйлейтіндей етіп, сезінеді және сезінеді және сөйлейді. (Шығыс жинағы. 1953. Т.6. 34 б.).
Ұлттық өмірлік-тарихи және көркем тәжірибе өз қайталануында да қайталанбайды. Ол халықтар біртұтас қоғамдық заңдар бойынша өмір сүріп, жасампаздықпен айналысқандықтан қайталанады. Ол жалпы заңдардың әрбір халықтың тарихында өзінің индивидуалдық өзгешелігімен көрінгендіктен қайталанбайды. Әрбірр халықтың өнері ұлттық пен жалпы адамзаттықтың осы диалектикасын бере алады. Нағыз жоғары өнердегі ұлтжандылықпен тұтастығы арқылы көрінеді. Суреткердің ұлттық алғышартпен сипатталатын санасы белгілі бір әлеуметтік мүдделерге сай сынған күйінде жалпы адамзаттылықты бейнелейді. Бұл ұлы туындылардың өз жаратушыларының тарихи шектеулі щеңберінен тысқа шығып, ғасырлар бойы өз құндылығын сақтауға, өзге құндылықтың бағдардағы жаңа дәуір адамдарының санасына еркін кіруге мүмкіндік береді.
Әлемге деген құндылықты қатынас түрлерінің бірі эстетикалық қатынас болып табылады. Әсемдік пен тұрпайылық, асқақтық пен таяздық, трагедиялық пен комедиялықты өнер мен нақтылықтың қасиеттерін бағалау мен тануды білдіреді. Бұл бағалау құндылықтық мәнге ие эстетикалық қатынастың объектін игерудің жалғыз мүмкін болатын тәсілі болып табылады. Табиғатты эстетикалық игеру процесінде адам табиғи-биологиялық та, әлеуметтік те жан болып есептеледі. Және табиғатта оған оның физиологиялық өмірқамы үшін қажетті нәрсе ғана бағалы емес, оның әлеуметтік болмысымен байланысты нәрселер де құнды. Өйткені адам табиғатты өз өмірімен, өз қайғысы және қуанышымен пайымдай отырып, оны адамдандырады.
Ақындар, суретшілер, музыканттар, философтар табиғаттан үйлесімділік іздейді. Және үйлесімділіктегі, ырғақтағы, мақсаттылықтағы, заңдылықтың көрінісіндегі эстетикалық құндылықты теріске шығаруға болмайды. Мәселе оның нені білдіретіндігінде. Үйлесімділік – бұл аулантүрліліктің тұтастығы, өзінше құндылық емес, тек адамға қатынасында ғана құндылық. Табиғаттың өзінде үйлесімділік те, ырғақ та, тепе-теңділік те заңды өмір сүреді. Алайда мұның барлығының құндылығы, яғни адам үшін маңыздылығы – бұл адамзат мәдениетінің құбылысы.
Эстетикалық құндылықтардың категориялдық талдауын эстетикалықтың мазмұнының өзінен бастаған дұрыс. Эстетикалықтың аксиолологиялық түсіндірілуі эстетикалық құндылықтардың нақты формаларын қарастырудың бастапқы позициясы ретінде қызмет атқарады. Эстетикалық - бұл әсемдікке, тұрпайылыққа, асқақтыққа, таяздыққа, трагедиялыққа, комедиялыққа және өзге де өнер мен өмірдің сипаттамаларына тән жалпылықты бйнелейтін эстетиканың ең кең және фундаменталды категориясы.
Эстетикалықтың ең жоғарғы көрінісі өнердің кейпіне енетін әсемдік болып табылады. Демек, әсемдік – бұл “адам” туралы ұғымдардың бірі, өмірдің барлық күрделілігі мен тереңдігін қамтитын оның анықтамаларының бірі. Тек нақты өмірді ғана емес, әсіресе тарихтың өтпелі кезеңдерінде өзі тудырған өмірлік әлемнің шеңберінен тысқа шығып, адамзатты прагматикалық немесе утилитарлық өлшемдерге сыймайтын өзге бағамен бағалайтын рухани өмірді де қамтиды. Әсемдік эстетикалық құндылық ретінде адамзат мәдениетінің тарихында, ең алдымен антикалық философияда терең теориялық тұрғыда талданған еді.
Софистердің бізге дейін жеткен шығармаларының көпшілігі эстетикалық мәселелерге арналған. Мысалы, “ Dіalexeіs“ деп аталатын трактатты алуға болады. Бұл шығарманың алты тарауының екіншісі “сұлулық пен тұрпайылық” мәселесіне арналған: “Әсемдік пен тұрпайылық туралы екі жақты пікірлер айтылады. Біреулер оны өз атаулары көрсетіп тұрғандай әсемдік басқа, тұрпайылық басқа деп тұжырымдайды; келесілері әсемдік те, тұрпайылық та бір деп есептейді. Мен болсам былайша пайымдаймын. Әшекейлермен безену, иіссуларды жағу, алтын заттарды тағу еркек үшін – тұрпайы, ал әйел үшін - әсем. Достарыңа жақсылық жасау - әсем, ал жауларына – тұрпайы. Дұшпаныңнан қашу тұрпайы да, ал алаңда жүгіру - әсем. Достарың мен азаматтарды өлтіру – тұрпайы, ал дұшпандарды өлтіру - әдемі. Және барлығы да осылай… Менің ойымша, егер біреу адамдарға барлық тұрпайы нәрселерді бір жерге жинауға бұйрық беріп (әркімнің өз қалауы бойынша) және осы үйіндіден әркім өзінше әсем деп есептейтін нәрселеріңді алыңдар деп бұйырса, онда адамдар бұл дүниеден түк қалдырмай талап әкетер еді, өйткені адамдар әртүрлі ойлайды (Лосев А.Ф. История античной эстетики. Софисты. Сократ. Платон. М., 1974, 16-17 беттер). Бұл мәтін софистердің әсемдіктің салыстырмалы сипатын мойындағанын білдіреді. Әсемдік орынның, уақыттың және мақсаттың шарттарымен байланысты ғана өмір сүреді. Нәрсе бір қатынасында әсем болса, екіншісінде тұрпайы.
Әсемдіктің мәні туралы осыған ұқсас ойлар кейінгі ғасырларда да айтылды. V ғасырда (Византия), XV ғасырда (Испания), ХХ ғасырда (АҚШ) айтылған бірнеше аксиологиялық пікірлерді келтірейік. Дионисий Ареопагит: “Әсемдік дегеніміз барлық әсемдік сияқты үнемі мәнді, бірдей әсем, сонымен бірге ерекше әсем, пайда болмайтын және жойылмайтын. Өз-өзінде және өз өзімен келісімінде ол бүкіл әсемдіктің терең сұлулығын сәулелендіріп тұратын әрқашанда тұтас бейнелі әсемдік”. Леоне Эрео: “Тән үйлесімділігі, адам тәнінің үйлесімділігі немесе өнердегі үйлесімділік әлемдік рухта да үстемдік ететін үйлесімділік пен тұтастықтың бейнесі болып табылады. Бұл үйлесімділік әлемдік рухтың бейнесі, өйткені әлемдік рухтағы реттелген тұтастық пен формалардың тәртібі сияқты бұл да үйлесімді үндестік және тәртіптен құралады, үйлесімді әндегі, насихатты ой-толғау немесе өлеңдердегі дыбыстардың тәртібін естудің нәтижесінде біздің рухымыз онда бейнеленген әлемдік рухтың үйлесімділігі мен үндестігіне қуанады”. Дж. Сантаяна: “…Сұлулық … идеалдың көрінісі, құдіретті парасаттың символы болып табылады”.
Жаңа заманда әсемдіктің құндылықтық мәні Гегельдің эстетикалық еңбектерінде қарастырылған. Эстетикалық құбылысты Гегель танымның диалектикалық методы позициясынан қарастырады. Эстетиканың маңызды категориясы - әсемдіктің мәніне берген оның анықтамасы терең диалектикалылығымен ерекшеленеді. Әсемдік идеяның сыртқы болмыспен нақты бірлігінің сезімдік құбылысы ретінде, ұғым мен нақтылықтың, сыртқы форма мен ішкі мазмұнның тұтастығы ретінде көрінеді. Әсемдіктің осы түсіндірмесіне сүйене отырып, Гегель идеал мен оның даму сатылары туралы ілімін дамытады, идея мен оның сыртқы бейнесі арасындағы арақатынасқа байланысты өнер формаларының қалай өзгеретінін көрсетеді. Гегель әсемдіктің мынадай анықтамасын береді: “Әсемдіктің мәніне сәйкес, әсем объектіде оның ұғымы, мақсаты және жанымен қатар, өзгеден емес, оның өзінен туындайтын сыртқы айқындылығы, алуан түрлілігі мен нақтылығы да көрінуі тиіс. Біз жоғарыда айтқандай, әдемі зат нағыз мән мен ұғымның және белгілі сыртқы болмыстың имманентті тұтастығы және келісімі ретінде ғана шынайы… Ұғым мен құбылыс арасындағы келісім олардың толық өзара бір-біріне енуін білдіреді. Сондықтан сыртқы форма мен образ сыртқы материалдан ажыратылған болып қалмайды… оның ұғымына сәйкес нақтылықтың өзіне тән тәнкристалданған форма болып табылады” (Эстетика в 4 т. - Т.1. - М.,1968, 123 б.).
Эстетикалық құндылық ретіндегі әсемдікті философтар ғана емес, көркем сөздің өкілдері де зерттеді. Өнертанымдық әдебиеттерде өнерді түсінудің бастапқы алғышарты ретінде, әдетте, Н.Г. Чернышевскийдің мынадай белгілі түсіндірмесін келтіреді: “Әсемдік бұл өмір… өз ұғымдарымыз бойынша өмірді қалай көрсек, онда ол нәрсе де әдемі; өзінде өмірді көрсететін және бізге өмір туралы ескертетін зат әсем” (Избранные эстетические произведения. М., 1978, 68-бет).
Қанша дегенмен де әсемдіктің аксиологиялық талдануы мәдениеттанымдық және эстетикалық дискурс шеңберінде жемісті нәтижелер береді. Ю. Борев әсемдіктің барлық алуан түрлілігін бірнеше парадигмаларға жіктейді. Бірінші парадигма (Платон, Тертуллиан, Фома Аквинский, Франциск Ассизский, Гегель); әсемдік нақты заттар мен құбылыстардағы таңба немесе құдайдың (немесе абсолюттік идеяның) кепілі. Екінші парадигма: нақтылық эстетикалық тұрғыда бейтарап, оның сұлулығының көзі – индивидтің жанында (Т.Липпм, Ш.Лало, Э.Мейман), ол адамның рухани байлылығының нақтылыққа “көшірілуінің” (Н.Гартман), “қарызға берілуінің” (Б.Кроче) нәтижесінде пайда болады: сұлулық субъекттің затты интернационалды (бағытталған, белсенді, “пайымдалған”) қабылдауының нәтижесі (феноменология). Үшінші парадигма (Сократ, Аристотель, Н.Г.Чернышевский): әсемдік өмір қаситтерінің адаммен, оның практикалық қажеттіліктері, оның идеалдары мен әсем өмір туралы көзқарастарымен немесе сұлулықтың өлшемі ретіндегі арақатынасының нәтижесі. Төртінші парадигма (француз материалистері): әсемдік салмақ, түс, форма және т.б. сияқты табиғат құбылыстарының кәдуілгі қасиеттері болып табылады.
Кез келген құбылыстың әсемдікке ие болуы оның өзінің толық сезімдік-нақты тұтастығында қоғамдық-адами құндылық ретінде көрінуімен, тұлғаның үйлесімді дамуына жағдай жасауымен, адамзаттың барлық жақсы қабілеттері мен күш-жігерінің іске асуына мүмкіндік беруімен, адамның нақты болмыста бекітілуі және оның еркіндігін кеңейтуге ықпал етуімен байланысты болады. Сондықтан сұлулық эстетикалық идеалды бекіте және байыта отырып, адам бойында қуаныш, сүйіспеншілік, еркіндік сезімдерін ұялатады.
Асқақтық - бұл өзінің ерекше мағыналылығымен және құдыреттілігімен өзгешеленген әсемдікті сипаттайтын эстетикалық категория. Сондықтан да кейбір асқақ құбылыстардың формалары өзінің сыртқы ұсқынсыздығына қарамастан шаттанудың, шабыттанудың, ерекше танданудың қоздырушы сезімдерін оятады. Әлемнің шексіздігі мен мәңгілігі, табиғат пен адамның ішкі күш-қуатының құдіреті, әлемді игерудің шексіз мүмкіндіктері - мұның барлығы асқақтықты (эстетикалық категория ретінде) бейнелейді.
Егер әсемдік пен асқақтық эстетикалық құндылықтардың бейнелері болса, онда тұрпайылық пен таяздық оның антиподтары болып табылады. Тұрпайылық пен таяздық әсемдік пен асқақтыққа қарсы ұғымдар. Аксиологияда, жоғарыда айтылғандай, “кұндылық” ұғымының көлеміне қатысты біржақты қалыптасқан пікір жоқ. Кейбір авторлардың пікірінше, құндылықтар тек жағымды белгілермен ғана болмайды, жағымсыз құндылық ретінде оның жағымсыз белгісі де болады. Әрине, құндылықтарды жағымды және жағымсыз деп бөле салуға да болар еді, алайда бұл терминнің қоғамда қалыптасқан дәстүрлі түсінігі “құндылық” ұғымының тек жағымды мағынасын ғана қабылдайды, өйткені құндылық - бұл құны бар, жағымды нәрсе деген сөз. Мұнан шығатын қорытынды: құндылықтың қатынастар шеңберіндегі жағымсыз мағынаға ие заттарды, құбылыстарды, оқиғаларды “антиқұндылық” терминімен белгілеуге болады. Демек, бір-біріне қарсы тұрған әсемдік пен тұрпайылық - бұл эстетикалық құндылық және антиқұндылық.
Жиіркеніштілік – асқақтықтың үнемі сыртқы сұлулығы бола бермейтіні секілді, бұл да кейде сыртқы сұлулығы болатынына қарамастан антиқұндылықты білдіреді. Жиіркеніштілік өте жағымсыз құндылық ретінде сипатталады. Тұрпайылықты ең түркі шегі болып табылады. Бұл адамның еркіне толық бағына қоймаған, олар үшін қауіп-қатер тұрғызатын жағымсыз, құпия, жасырын күштер. Егер адамзат өз қоғамдық қатынастарын игермесе, онда ол үлкен қасіреттердің көзіне айналып кетуі мүмкін. Осындай қаһарлы қатерлерге қатысты барлық құбылыстар – фашизм, тирания, соғыс және т.б. адамдар жиіркенішті қабылдайды. Жиіркеніштілікпен тұрпайылық тығыз байланысты.
Тұрпайылық кері итерсе, әсемдік өзінің бір көрінісімен баурап алады. Тұрпайылық - бұл дисгармония, патология, ішкі байлығы, жарығы, рухы жоқ бос нәрсе, бірақ ол адамзатқа қауіп-қатер төндірмейді, өйткені бұл заттардағы күштерді адамдар игерген.
Трагедиялық пен комедиялық құндылықтар мен антиқұндылықтардың күресі процесінде қалыптасқан күштердің күрделі қиюласуы нәтижесінде пайда болады. Трагедиялық - бұл өзіне дұшпан күштермен кұресте қасіретке немесе өлімге ұшырайтын оқығаның немесе әлеуметтік қоғамның, құбылыстың, адамның эстетикалық құндылықтарының бекітілуі: Қасіреттің, өлімнің өзі қүндылық болып саналмайды, бірақ солар арқылы құндылық бекітіледі. Трагедиялық эмоция – бұл эстетикалық-адамгершілік тұрғыда “тазалайтын”, рухани шынықтыратын, ондағы ашылған сұлулыққа жақындастыратын терең қайғы мен жоғары шаттықтың қосындысы. Трагедияның адамға әсерін кезінде Аристотель “катарсис” – тазалану деп атаған болатын.
Комедиялық та құндылық пен антиқұндылықтың қайшылығының нәтижесі. Өйткені комедиялықтың мәні қайшылықта. Комедиялық қарама-қарсы тұрудың, контрастың, айырылудың нәтижесі, тұрпайылық пен әсемдіктің, жиіркеніштік пен асқақтықтың, жалған мен ақиқаттың, аңғалдық пен ақылдылықтың және т.б. Комедиялық - бұл ақырында антиқұндылық болып шығатын адамдар мен құбылыстардың өзін-өзі айқындап қоюы, оның нағыз құндылықтық мағынасын аңғару. Комедиялықты эстетикалық күйде қабылдау адам бойында күлкі, әжуа туғызады. Адамдар қандай да бір ақымақтықтың мәнін оның шынайы құндылығын бейсаналы түрде салыстыра отырып, өзінің бағалау қабілетіне орай келеке етеді. Комедиялықта ұлтшылдық ерекшелік бар, бірақ сонымен бірге жалпы адамзаттық белгілерді де аңғару қиын емес. Әлеуметтік дамудың жалпы заңдылықтарына орай бір құбылысты барлық халықтар да бірдей күлкіге айналдыра алады.
Сезімдер мәдениетінің саласы ретінде эстетикалық құндылықтар сезімге ісер ете отырып, адамның рухани әлемінің маңызды бөлігіне айналады. Өйткені сезімдер адамның ақыл-ойына ықпал етіп қана қоймай, көбіне оның алғышарты да бола алады. Эстетикалық құндылықтардың жаратылысын қарастыру барысында, оның мынадай көзқарасы қалыптасады. Эстетикалық құндылықтар қоршаған нақтылыққа деген эмоционалды-бағалаушы-сезімдік реакцияны сипаттай отырып, рухани келісімнің бір бөлігін білдіреді. Эмоция – бұл адамды қозғайтын, тоқтататын, рационалды анықтауға бағынбайтын сезімдердің сыртқа шығарылуы.
Өнер өзінің нақты түрлерінде өмір сүреді: әдебиет, театр, живопись (сұңғат), мүсін, би, ән, графика (сызба), сәулет, қолданбалы және декоративті өнер, цирк, көркем фотография, кино, теледидар. Өнердің түрлерге бөліну принципі – нақтылықтың эстетикалық байлығына сүйенетін, әлемді көркемдік игеру саласындағы адамның қоғамдық практикасы типтерінің алуан түрлілігі. Адамзаттың әлемдік-тарихи практикасының негізінде, адамдардың еңбек әрекеті процесінде адамзат рухының байлығы қалыптасты, адамның эстетикалық сезімдері, оның әуезді құлағы, форманың сұлулығын көретін көзі, сұлулықпен шабыттану қабілеттері дамыды.
Сазгер табиғаттың картинасын естіп қабылдайды, ал суретші сол картинаны дыбыспен емес, көрумен қабылдайды, формалардың сұлулығынан, линиялардың, жарық пен көлеңкенің ойынынан ләззат алады. Тек бір ғана зат – адамға жақын табиғат өмірін суретші де, музыкант та бірдей қабылдағанымен, ол өнердің әрқайсысы бөлек түрлерінде әртүрлі қырымен бейнеленеді. Бірақ, нәтижесінде тек сол нақтылық қана бейнеленеді және қабылданады.
Өнердің дамуы үшін оның әрқайсысының өз ерекшеліктеріне орай бөлінуімен қатар, әрқайсысы өз қайталанбастығымен дараланатын музалардың өзара әрекеті де маңызды ықпал етеді. Өнер түрлерінің бірігуге, қосылуға жақындығына қарамастан, олар осы өздерінің арнайы ерекшеліктерін сақтай отырып, адамзаттың көркемдік мәдениетіне, әлемдік эстетикалық игеруге жаңа, өзгеше үлестерін қосып отырады. Өнердің алуан түрлілігі әлемді өзінің күрделі және бай күйінде эстетикалық тұрғыда игеруге мүмкіндік береді. Басты немесе екінші деңгейдегі өнер түрлері жоқ. Бірақ әрбір түрдің өнердің өзге түрлерімен салыстарғанда әлсіз және басым тұстары бар.

Каталог: upload -> Book
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Ә. Ш. Әлімжанова, Т. Х. Ғабитов, Өнер – өзін-өзі танудың қайнар көзі
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Нұрмұратов с нұрекеева С. С., Сағымбаев Е. Оқырмандарға ұсынылып отырылған бұл антологияның ерекшелігі «Өзін-өзі тану»
Book -> Өмірді бағалап үйренейік балалар суицидін алдын-алу бойынша ата-аналарғА, педагогтерге арналған қҰрал алматы
Book -> «Бөбек» қоры Адамның үйлесімді дамуы институты
Book -> Рухани-адамгершілік білімге байланысты әндер


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   30




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет