Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет69/93
Дата22.12.2022
өлшемі1,48 Mb.
#163970
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   93
Байланысты:
äåáèåò òåîðèÿñû. Íñàëû. «Ôîëèàíò» áàñïàñû, 2003. 344 áåò. « 2
Математика ДК есебі 2019, P7.04 - kk - 10100602474786, 11-ДЖТ, Тема Законы, закономерности и принципы менеджмента-melimde.com
Х.Досмұхамедов
Халық әдебиетінің мазмұны

Мазмұны жағынан қазақ халық әдебиеті айрықша дара тұр және о бастағы таза, төл қалпын сақтаған. Бұл, әрине, қазақтардың көшпелі өмірі мен мәдениеттен алыс жатқандығының әсері. Сырт кейпі яки тіл жағынан да қазақ әдебиеті өзінің таза, төл қалпын сақтаған. “Қазақтардың тілі ісләмнің бүлдіргіш ықпал-әсерінен аман қалған және өзінің тазатүркілік қалпын сақтаған. Әрине, оған да кейбір жат сөздер енді, әйтсе де олар басқа түрік мұсылмандарының тіліндегідей өзінің төл ерекшелігін сақтай алмады, қайта қазақ тілінің заңына бағынып, икемделді, осылайша тұтасымен халық игілігіне айналды”, - дейді белгілі шығыстанушы В.В.Радлов (“Образцы нар.литературы тюркских племен”, т. ІІІ, стр. ХҮІІ).


Сол Радлов: “Қазақтар өздеріне туыстас өзге жұрттардан айрықша шешендігімен және тауып сөйлегіштігімен ерекшеленеді”, - деп тағы қосып қояды. Белгілі шығыстанушы-тілшінің бағалары әсіресе қазақ халық әдебиеті хақында ерекше дөп келеді.
Сөздердің туралығы мен дәлдігі, айқындылығы мен әуезділігі, тілдегі кең қамтып көркем суреттеу мен әуенді-әуезділік қазақ халық әдебиетінде ғажап дамыған. Қазақ поэзиясының осы қасиеттері, ұлан-байтақ аймаққа таралса да тілдің айрықша біртұтастығы қазақ әдебиетін зерттеуші кез келген ғалымды таң қалдырып келеді.
ХІХ ғасырдың аяғына таман ел ішіне орысша және мұсылманша оқу-білімнің таралуына байланысты ауызекі сөйлеу тіліне мүлде жат сөздер мен сөз тіркестері ене бастады және олар бірте-бірте халық әдебиетіне, әсіресе ғашықтық, діни-ғибраттық сипаттағы әдебиетке ауысты. Жаңадан пайда болған орыс сөздерін тілімізге орыс мектептерінде оқыған жастар алып келді. Өздерінің орыс тілін жақсы меңгергендігін көрсету үшін олар сөйлескенде, ұйқастырып ғашықтық-сүйіспеншілік хат жазғанда орыс сөздері мен сөз оралымдарын қолданды. Ескіше діни білім алғандар да өздерінің ғибраттық және басқа өлеңдерінде осындай жолмен жүрді. Бұндай бұрмалаушылық әзірге жекеленген сипатта, халық әдебиетінің тіліне айтарлықтай ықпал-әсер ете қойған жоқ. Әйтсе де дәл қазір бұған көңіл аударылмаса, болашақта тілді бүлдіруге үлкен қауіп тудырары сөзсіз.
Халық әдебиетінің тілінің формасы негізінен өлең сөз түрінде болып келеді. Ал қарасөзбен көбінше ертегілер мен түрлі хикаялар айтылғанымен, өлең формалы ертегі, хикая, аңыз әңгімелер де мол ұшырасады.
Қазақ тіліндегі екпін сөз соңына түсетіндіктен қазақ поэзиясы әр өлеңдегі бірдей буын санына құралған силлабикалық өлең-өлшемді болып келеді.
Өлең өлшемді кез-келген шығарманы әрбір қазақтың өлеңдетіп не әндетіп орындауы қазақ халқының ерекшелігі болып табылады.
Ақындар өлеңді әрдайым домбыраға қосылып айтады.
Халық әдебиетін тудырушы және сақтаушы қазақ халқының өзі болғанымен, халық творчествосын жарқыратып көрсетушілер: өлеңшілер, халықтық суырып салма ақындар және халық билері.
Шешендік пен өз ойын ырғақ-әуенмен жеткізу қабілеті күллі қазақ халқына тән қасиет, бұл тұрғыдан әсіресе өлеңші, ақын, халық билері ерекше көзге түседі. Қалың бұқара арасынан шыққан олар – халық әдебиетінің мән-мазмұны мен тіл тазалығын сырттан келетін жат әсерлерден қорғаушылар, әрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, қазақ халық әдебиетін сақтаушылар. Халық әдебиетін жасаушы бұлардың есімі көп жағдайда ұмыт болған, әйтсе де бірен-саран аты белгілері де бар, халық творчествосының қайсыбір шығармаларының туу тарихы солармен байланыстырылады. ХІХ ғасырдағы халық ақындары мен билерінің бәріне жуығының аты-жөндері белгілі, әйтсе де олардың туындыларының көпшілігі ұмытылған, не авторы белгісіз, бұқаралық, халықтық шығармаларының қатарына қосылған.
Ең әрідегі халықтық ақындардан есімі белгілері – қазақтың Жәнібек ханы тұсындағы (ХҮ ғ.) Жиренше, Сыпыра Жырау мен Шалгез (ХҮІ ғ.). Ал соңғы екі ғасыр беделінде өмір сүріп, азды-көпті есімдері ел есінде қалғандары мыналар: Қалнияз, Абыл, Нұрым, Қадырбай, Мұрат, Матай, Қуан, Өтебай, Байтоқ, Марабай, Иманбай, Бабас, Жылқышы, Абат, Жылқайдар, Қозыбек, Жұмырбай, Қашқынбай, Базар, Есенбақ, Жиенқұл, Ораз, Шернияз, Жаскелең, Бақы, Жанақ, Нысанбай, Нармамбет, Майлықожа, Мәделіқожа, Ешнияз, Бұдабай, Ермәмбет, Ығылман, Құлымбет, Шегебай, Ақтам, Молдағали, Балмырза, Сүйінбай, Досқожа, Өмірзақ, Жамбыл, Бақтыбай, Әбубәкір, Біржан сал, Ақан сері, Жүсіпбек, Бұқар, Орымбай, Ақмолда, Қарпық, Сейдахмет, Қабан, Күдері, Бөлтірік, Елеусіз, Нұржан, Тоқжан, Қанапия, Өске, Бейбіт, Серәлі, Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шөже, Садақ, Әзілкеш, Оңғар, Шораяқтың Омары.
Осы адамдардың кейбіреулері күні бүгінге дейін көзі тірі. Әрине, жоғары аттары аталғандардан басқа есімі белгісіз халық ақындарының әлі де көптігі сөзсіз.
Халық жадында көптеген билердің есімдері сақталған, қайсыбір аңыз, әңгімелер солардың атымен байланысты айтылады. Мысал үшін айтсақ, Төле би, Досбол би, Бала би, Атағозы би, Есет би, Ескелді би, Байдалы би, Қазыбек би есімдері өздерінің билік сөздері, нақылдарымен даңқы шыққан.
Қазақ халық әдебиеті бұрын да, қазір де ауызша таралды. Бұрынғы кезде ешқандай жазу-сызу болмағандықтан шығармалар ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп отырды. Қазақтар ғажайып есте сақтау қабілетімен ерекшеленгенімен (біздің қазақтардың тұтас жырды бір-ақ рет тыңдаған соң дәл сол күйінше қайта айтып бергеніне куә болғанымыз бар), әрине, уақыт өте келе талай дүние ұмыт болды. Оған әсіресе түрлі жұқпалы аурулар мен соғыс, аштық пен жұт кездерінде халық әдебиетінің белгілерінің жаппай опат болуы да әсер етті.
Халық әдебиетінің, әрине өз шығарушылары бар, бірақ бұл авторлық өзгеше сипатта. Халық ақындары өз туындыларын әрқашан аяқасты суырып шығарады және әдетте оны өздері хатқа түсіре қоймайды. Бұл суырып салған шумақтар сол бойда жатталып, белгілі бір адамның туындысы ретінде біреуден біреуге жеткізіледі. Қайта айтушының өзгерістер енгізетіні, авторы неғұрлым ертеде өмір сүрсе, соғұрлым өзгерістердің де көп болатындығы, әрине табиғи құбылыс. Сондықтан да қазіргі кезде белгілі бір автордікі делінетін шығарманың бірнеше нұсқалары бар. Бұндай жағдайда, әрине хатқа түскен нұсқаның көнелігі, сенімділігі үлкен маңызға ие.
Тіптен белгілі бір адамның бұдан ондаған жылдар бұрын дүниеге келтірген туындыларының қазіргі кезде бірнеше нұсқасы бар. Сондықтан мұндай авторлардың шығармаларында коллективтік шығармашылықтың көпшілігі жатады, ол сөз жоқ халық әдебиеті болып табылады. Халық әдебиетінде авторлықтың өзге де түрі ұшырысады. Мәселен, белгілі халық жырлары, поэмалары, т.б. тұңғыш рет кімнің аузынан жазылып алынса, соған таңылады немесе кейбір ақындар қайсыбір нұсқаның соңғы жеткізушісі өзі болғандықтан, авторлықты өздеріне иеленеді. Бұл шығармалар әрине шын мәнінде халық творчествосының жемісі, соңғы айтушы ақындардың авторлығы шартты түрде ғана. “Ер Тарғын”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”, “Қарасай-Қази”, “Қобланды” және басқа көптеген жырлар осындай шығармаларға жатады.
Халық поэзиясындағы авторлықтың үшінші түрі өз шығармасын автордың өзі хатқа түсірген немесе басқа біреу жазып алған өз шығармасын түзеткен сәтте пайда болады. Бұндай авторлықтың қазақ халық әдебиетінде кездесетіндігі күмәнсіз, бірақ дәл қазір ондай авторлар мен шығармаларды атап айтуға нақты деректер жоқ. Кейбір мәліметтерге қарағанда бұндай авторлық ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан басталады деп жобалауға болады. Бұл қазақтың жазба әдебиетінің басталуы. Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерін іздеу қажет.
Халық әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүйелі түрде хатқа түсе бастады. Әдетте оны қызығушылар мен Радлов, Потанин, Ильминский, Мелиоранский сияқты шығыстанушы мамандар жазып алды.
Қазақ халық әдебиетінің нағыз жинаушысы этнограф Әбубәкір Ахметжанұлы Диваев болды. Қырық жылдан астам уақыт бойы ол шаршамай-талмай қазақ халық әдебиеті үлгілерін жинады, жүйеледі және орыс тіліне аударды. Диваевтің жинаған материалдары, негізінен Сырдария облысынан, 200 баспа табаққа жуықтайды; олардың толық тізімі 1922 жылы Ташкент қаласында шыққан “Наука и просвещение” журналында берілген. Олардың 86 баспа табағын Диваев революцияға дейін орыстың түрлі журналдарында бастырған. Революциядан соң оның көптеген туындылары қазақ тілінде жеке басылып шықты және түрлі журналдарда жарық көрді (төменнен қараңыз).
Түркістан Халық ағарту комиссариатының ерекше экспедициясы 1920 жылы Жетісу мен Сырдария облыстарынан қазақ халық әдебиетіне қатысты көптеген материалдар жинап қайтты.
В.В.Радловтың материалдары (“Образцы народной литературы тюркских племен” т. ІІІ, 1870) Шығыс Қазақстаннан (Семей мен Ақмола облыстарынан) жиналған. Ал Ильминский мен Мелиоранский жинаған материалдар Батыс Қазақстанға қатысты.
Бұл көрсетілгендерден басқа кейбір жекелеген адамдардың қолында жарық көрмеген недәуір көлемдегі жиналған материалдар бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   65   66   67   68   69   70   71   72   ...   93




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет