Әлихан Бөкейхан – қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі әрі жарқын публицисі



Дата28.01.2018
өлшемі54,42 Kb.
#34595
Батталова Алия Омиржановна

Қарағанды облысы, Балқаш қаласы

«Сәкен Сейфуллин атындағы

№7 мектеп-гимназиясы» КММ


Әлихан Бөкейхан – қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі

әрі жарқын публицисі

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғалым, аудармашы әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ,Қазақ хандығының ыдырауынан кейін қайтадан бірегей ұлт болып қалыптасуына жеткізген ұлы тұлға Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан.

Көзі тірісінде-ақ қазақтың саяси да рухани көсемі танылған Әлиханның кейінгі ұрпаққа қалдырған бай да мол мұрасының бір үлкен саласы – қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми-публицистикалық туындылары. Алаш қозғалысы мен қазақтың тұңғыш саяси партиясы көсемінің бұл бай мұрасы бүгінгі Қазақстан Республикасының ұлттық интеллектуалдық меншігінің құн жетпес игілігі болып табылады.

Әлиханның ғылыми-публицистикасын ХІХ соңы мен ХХ ғасыр басындағы отаршыл империяның езгісіне қарсы күрескен бір Қазақстан емес, бүкіл отаршыл Ресей империясындағы тарихи оқиға-құбылыстардың шежіресі деп батыл айтуға болады. Алаштың ұлы Әлихан өзінің мақала-очерктерін 40-қа жуық бүркеніш есімімен (псевдонимімен) жариялады. Олардың көпшілігін орыс тілінде пайдаланды. [1]

Әлихан төңкеріске дейін 4 газет, оның үшеуі орыс тілінде - «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттеріне өзі редактор болса, қазақ тіліндегі тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырды. Төңкерістен кейін қазақ тіліндегі «Темірқазық» және «Шолпан» журналын шығарып, 1925 жылдан бері шыға бастаған «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға мұрындық болды. «Жаңа мектеп» журналының кейін «Қазақстан мектебі», ал «Әйел теңдігі» журналының «Қазақстан әйелдері» басылымына айналғанын ерекше айта кеткен маңызды. [3]

Әлихан Бөкейханның публицистік жолы қолдағы бар нақты тарихи деректер бойынша 1889 жылдан 1927 жылға дейін 40 жылға жуық кезеңді қамтиды. Оның кейінге қалдырған бай ғылыми-публицистік мұрасының тек библиографиялық көрсеткішінің өзі ғана 55 беттен асады. Әлиханның мыңға жуық мақала мен очерктен және тағы басқа туындыдан тұратын ғылыми-публицистикасы 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін және одан кейінгі 1927 жылға дейін 50-ден астам қазақ және орыс газет-журналында, оның ішінде төңкеріске дейін ғана 30-ға жуық қазақ-орыс басылымында жарық көрді. Әлиханның қаламынан шығып түрлі мерзімді басылымнан жарық көрген туындыларының географиясы да қазіргі кең байтақ Еуразия кеңістігін қамтиды. Оның ең алғашқы бір топ мақаласы 1889 жылы Дала генерал-губернаторының ресми үнқағазы ретінде Омбыда шығып тұрған «Особые прибавленіякъ» , «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газеті мен оның қазақша қосымшасы «Дала уалаятының газетінен» көрінсе, көп ұзамай оның түрлі бүркеніш есімі көрсетілген туындыларын 1917 жылғы Ақпан төңкерісі мен Қазан бүлігіне дейінгі бір Омбының «Степной край», «Степной пионеръ», «Омичъ», «Иртышъ», «Голосъ степи», Томскінің «Сибирская жизнь», Семейдің «Семипалатинские областные ведомости», «Семипалатинскій листокъ», Ташкенттің «Туркестанские ведомости», Орынбордың «Степь», «Қазақ» газеттері мен қазақтың тұңғыш «Айқап» журналынан, С.Петербордың «Речь», «Сынъ отечества», «Наша жизнь», «Слово», «Восточное обозрение», Ресей мұсылмандарының «Въ мире мусульманства» мен «Мусульманская газета» және «Сибирские вопросы» журналынан жиі ұшыратуға болатын.

Әлиханнның ғылыми-публицистикасы арқылы қазақтың қазіргі мәдениетін дамытып, қазақ ұлтын қалыптастыруға қосқан үлесі туралы белгілі драматург, жазушы әрі Алаш қозғалысы белсенділерінің бірі Қошмұхаммед Кемеңгерұлы 1924 жылы былай деп жазды: «Үкіметтің қара қуғын жасаған күндерінде, айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей ғана азаматтың тобы болды. Бұл топты баулыған Әлихан. Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды».

Әлихан Бөкейхан қазақтарды руға да, жүзге де жіктемеді, әлеуметтік мәртебесіне де, біліміне қарай да бөле-жармады. Қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған Алаш атауы ұлтты ұйыстыруға мұрындық болатын тамаша идея болып шықты. Сонау 1910 жылдың өзінде-ақ «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап өткен. [4]

1913 жылы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында Алаш атауына тереңірек тоқталып, Алаш атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады. «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді , - деп жазады «Түрік баласы» («Қазақ», 1913, № 7). [2]

Ұлтының тарихын зерттей келе Әлихан қайғылы болса да маңызды бірнеше тұжырымға, оның ішінде тарихи және ең бастысы, саяси қорытындыға келеді. Олардың біріншісі: алты алаш­тың бірлігінен, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры – бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіне қараған ру-жүздерді біріктіре алмауы. «Бұрынғының көбі, – деп жазды Түрік баласы (Әлиханның қазақша лақап есімінің бірі – С.А.) 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында, – күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді».Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін көшіп-қонып ғұмыр кешкен, қайталанбас салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп берген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, – деп жазды Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде, – тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қой­маймын». Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды. [5]

Тақырып жағынан сан-алуан әрі мол ғылыми-публицистік мұраның авторы - Әлихан Бөкейханды қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі деуге де, қазіргі қазақ публицистикасының негізін қалаушы деуге де толық негіз бар. Олай деуге Ә.Бөкейханның 1894 жылы С.-Петербордан Омбыға бір емес, «ормантанушы-ғалым» әрі «заңгер» деген 2 бірдей дипломымен оралған бойда қызмет жолын кәсіби журналист ретінде бастағаны ғана себеп болып отырған жоқ. 1937 жылдың шілдесінде Бутырка түрмесінде өз қолымен толтырған «тұтқын анкетасындағы» «төңкеріске дейінгі мамандығың мен кәсібің не?» деген сауалға «ұлттық-территориялық Алашорда автономиясының төрағасымын» немесе «ормантанушы-ғалыммын», тіпті болмаса – «жер бағалаушымын» деп емес, «журналиспін» деп жазғаны да негіз болады. [4]

Табанды күрескер, жалынды публицист Әлихан Бөкейхановтың қаламынан осындай жүздеген шығарма жарық көрді. Сұңғыла саясаткерді ұлт көсемі дәрежесіне жеткізген күрескерлік қасиетінің бір қыры осындай.

Әлихан ойлаған жоспары, асқақ арманы түбінде жүзеге асатынына әбден сенімді болған қайраткер. Сондықтан ол: «Тірі болсақ – алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деп түйіндейді. Өзі болжаған бақытты – Тәуелсіздік туы асқақтай желбіреген сәтті Ұлт көсемі көруіне тағдыр жазбаса да, міне, бүгін біз, ұрпақтары көріп отырмыз. « Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек» депті , қайран,Әлихан! Аға ұрпақ өздеріне артқан жүкті жетер жеріне толық апарды. Елбасымыз бізге ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздіктің таңын атырды. Ендігі біздің міндетіміз Қазақстанды алдыңғы елдердің қатарына қосып, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына үлес қосу.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1. Қазақстан тарихы очеріктері

  2. Құл-Мұхаммед «Алаш»

  3. Балқаш өңірі, №119-120. 30.10. 2015 жыл ,№118.28. 10. 2015 жыл ,

№128-129,20.11.2015,

  1. Аңыз адам №24.12. 2014жыл

  2. Орталық Қазақстан,№ 13.02.2016

Каталог: 2016
2016 -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
2016 -> ОҚУ Әдістемелік кешен пәН «Қазақ Әдебиетін жаңа технология бойынша оқыту әдістемесі» мамандық
2016 -> Жырымен елін қуантқан Т.Әбдірахманова – 95ж
2016 -> Қазақстанның ірі мемлекет қайраткері, ұлт жанашыры, ел қамқоры, халқымыздың біртуар перзенті
2016 -> Сабақтың тақырыбы Үш бақытым. Мұқағали Мақатаев Туған тілім. Дихан Әбілов Жалпы мақсаты
2016 -> «Алаштану негіздері» таңдау курсы Түсінік хат «Алаштану негіздері»
2016 -> Сабақтың атауы Н.Әлімқұлов Қоңырау Мақсаты
2016 -> Силлабус Пән: Педагогика тарихы Курс: 4 Мамандық: 5В010200 «Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» Кредит саны: 2 Экзамен: 7 семестр Семей-2015 «Педагогика тарихы»
2016 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет