Әож 81: 37. 373; 001. 4 Қ.Ә. Айсұлтанова



Дата08.06.2018
өлшемі37,93 Kb.
#41767
ӘОЖ 81:37. 373; 001.4

Қ.Ә.Айсұлтанова1, А.К.Шыныбекова2,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің1 доценті, ф.ғ.к.,

2доцент, ф.ғ.к.

Алматы қ., Қазақстан,

e-mail: aisultanova95@mail.ru
Терминжасам және латын жазуы мәселесі
Бұл мақалада қазақ терминологиясының өзекті мәселесінің бірі – терминжасам, оны біріздендіру және латын тілі элементтерінің әлемдік терминологиядағы ролі туралы айтылады. Салалық терминологиялық сөздіктер жасауда кездесетін олқылықтар туралы айта келе, ғалымдар көзқарасы мен оқырманның сөз қолдану ерекшеліктеріндегі алшақтықтар жайында сөз болады. Ғылыми теориялық тұрғыдан сәтсіз термин жасаудың себептері мен оларды болдырмау жолдары көрсетіледі. Жаратылыстану ғылымдары терминдерінің аударылмауын «халықаралық терминдер» деген сөзге сүйеніп, дұрыс жүйеленбеуден деп түсіндіреді. Қазақ лексикасының да терминдену мүмкіндігі зор екенін талдау арқылы қарастырады.Терминологияның өзекті мәселелерінің бірі- терминжасам ісі болса, оны жасауда тілге тән әдіс-тәсілдер қолданылады.Салалық терминдер жасауда қолданылатын әдістер теориялық тұрғыдан талданылады.Ресейлік және отандық терминжасам ісіндегі ғалымдар зерттеулерінен мысалдар мен сілтемелер келтіріледі.

Түйін сөздер: терминжасам, терминологиялық өріс, терминологиялық лексика, терминтанушы, терминдену, кірме терминдер, транстерминологизация, терминологиялық интеграция.
K.A. Aisultanova, A.K. Shynybekova

Term formation and the issues of the Latin writing
The global theme of Kazakh terminology - the role of the Latin elements in the world of terminology and term formation in the Kazakh language, unification of terms in an official language has been considered in the article. Errors are taken into account at creation of branches in the Kazakh language terminology, reference to the ideas of scientists and opinions of readers of Kazakh-language audience. The reasons for the creation of unsuccessful terms and ways of creating quality terms from the point of view of scientific theories. The author of the article explains why the terms of natural science do not have the translation, and with reference to the phrase "international terms. Kazakh vocabulary has been analyzed, considered and also has a chance for term formation. The same methods are used at termformation as in a word-formation, because the main problem of terminology is termformation .From the theoretical point of view the branch of termformation methods are analysed . The examples and references are from the study of home and Russian scientists.
Key words: term formation, term field, term vocabulary, terminologist, borrowed terms, terming, transterminology, terminological integration

К.А.Айсултанова, А.К.Шыныбекова



Терминобразование и проблемы латинской письменности

В данной статье исследуется глобальная тема казахской терминологии – роль латинских элементов в мировой терминологии и терминообразования в казахском языке, унификация терминов на государственном языке. Учитываются ошибки при создании отраслевой терминологии в казахском языке, делается ссылка на мысли ученых и мнения читателей казахоязычной аудитории. Указываются причины создания неудачных терминов и пути создания качественных терминов с точки зрения научной теории. Автором статьи обьясняет, почему термины естественных наук не имеют переводы и со ссылкой на словосочетание «международные термины».Казахская лексика анализирована, рассмотрена а также имеет шансы на терминообразование.При терминообразовании употребляется те же методы используемые при словообразовании,так как основной проблемой терминологии является терминообразование.С теоретичкской точки зрения анализируется способы отраслевого терминообразования.Приводится примеры и сноски из исследовании отечественных и российских ученых.



Ключевые слова: терминобразование, терминологическое поле, терминологическая лексика, терминолог, заимствованные термины, транстерминологизация, терминологическая интеграция.

Латын графикасына көшу мәселесінің тікелей талаптарының бірі – терминдерді бірізділендіру болып табылады. Жүйелі жазуы, тілі бар мемлекеттің ғылыми тілінің негізі болып табылатын терминдердің алуан түрлі қорының әртүрлі атаумен жарыса қолданылуы бұл мәселенің күрделі екенін көрсетеді.

Латын жазбасына көшіру кезеңінің басы-қасында тілші ғалымдармен қатар әлеуметтанушылар, психологтар, социолингвистер көптеп жүруі тиіс, оларды бұл іске терминтанушы ғалымдармен қатар тарту керек. Терминдердің қалыптасуында ала-құлалық болуы сияқты латын жазбасында да әп дегенде келіспеушіліктер туындауы әбден мүмкін, ол дыбыстарды таңбалау кезінде кеткен бірізділікке түспеуден шығады. Латын әліпбиіне көшу барысында халықаралық тәжірибеге, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия елдеріндегі болған жайттарға мән беруіміз керек. Заман ағымы өз арнасында болып жатқан өзгерістерсіз дами алмайтыны сияқты латын жазбасына көшу кезеңінде көптеген басқа да мәселелер шешуін табуы тиіс. Қазақ әліпбиінің өзгеруімен бірге терминологияның да бірқатар өзекті мәселелері, ұғымдар жүйесінің тілдік прагматикасы да өз шешімін табуы тиіс. Ғылым тілі де, терминдері мен атаулары да халықтық негізде дамиды десек, терминдерді зерттегенде, оның негізгі көзі болып табылатын жалпыхалықтық тілді ешқашан естен шығармауымыз қажет. Оның қыр-сырын біліп, ондағы терминдік ұғымды білдіру мүмкіншілігі бар атауларды ажырата білу керек.

Қазақ лексикасының терминденуі туралы Ш.Құрманбайұлы қазақ тілінің терминологиялық лексикасын құрайтын терминдену тәсілімен жасалған терминдердің елеулі бөлігі – ұлттық әдеби тілінің құрамындағы жалпы қолданыстағы сөздер негізінде жасалған. Жалпы қолданыстағы сөздер терминденудің барлық жолдары арқылы терминдене алады, – дейді [1, 95]. Мәселен, ғылымның және өнеркәсіптің түрлі салаларындағы сияқты қазақ тіліндегі мұнай терминдері де мағыналық табиғаты жағынан: байырғы сөздер негізінде жасалған терминдер және кірме терминдер болып екіге бөлінеді. Байырғы сөздер негізінде қалыптасқан терминдер өнеркәсіптегі басты-басты ұғымдық категорияларды бейнелейді. Сондай-ақ кірме терминдерсіз бұл саланың сан алуан қызметтері мен әрекеттерін, категорияларын түсіну мүмкін емес. Байырғы сөздер өзінің бастапқы білдіретін лексикалық мағынасынан ажырап, жаңа ұғымды білдіретін сөздерге айналды. Мысалы: желі – жила, сұйық отын – жидкое топливо, қақпақ – клапан, қашау – долото сияқты мұнай терминдерінің о бастағы лексикалық мағыналары басқа екендігі белгілі [2, 11].

Мұнай терминдерінің табиғи жолмен жасалған қабатының қатарында өзге ғылымдарға ортақ терминдер де кездеседі. Бұл терминологияда екінші терминдену, (В.Иванов, В.Даниленко), транстерминологизация (А.В. Суперанская, Н.В. Васильева, Н.В.Подольская) деп аталады. Ш.Құрманбайұлы мұндай терминдерге «екінші терминденуден» гөрі «транстерминологизация» терминінің қолданысы дұрыс деп санайды. Себебі, терминнің бір терминолониялық өрістен басқа терминологиялық өріске өту құбылысын «транс» терминдік элементі нақты меңзейді. «Ішкі терминдену кезінде ең алдымен терминделуші ұғым атауы терминологиялық жүйенің өз ішіндегі белгілі бір терминологиялық өрістен алынады» [1, 33], – дей келе, бұл терминдерді «ішкі терминдену» деп атауды ұсынады. Мәселен, дифференциал: мұнай термині, математика термині. Динамика: мұнай термині, философия термині. Фаза: мұнай термині, электротехника термині, философия термині, экономика термині. Изоляция: мұнай термині, заң термині, медицина термині.

Қазақ тілі білім беру мен ғылым саласындағы қызметін атқару мүмкіндігіне ие болып, терминдерді ұлт тілінде жасап, қалыптастыруға бет бұрған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, аталған терминнің формасы ғана емес мағынасы да өзгеріске ұшырағаны байқалады. Термин шығармашылығының отызыншы жылдардан тоқсаныншы жылдарға дейінгі кезеңінде терминдерімізді орыс терминологиясына қарап қалыптастыру дәстүрі орныққан болса, терминологиядағы біріздендіру жұмыстары да сол бағытта жүргізілді. Тілімізге қабылдаған кірме терминдердің орыс тіліндегі жазылуына нұқсан келтіріп алмау үшін әліпбиімізге өзгертулер мен толықтырулар енгізгеніміз де ешкімге құпия емес.

Отызыншы жылдарға дейін жасалып, қалыптаса бастаған көптеген терминдер, жаңа қолданыстар отызыншы жылдардың бас кезінен бастап, қолданыстан шеттетіліп, олардың орны орыс тіліндегі нұсқасымен алмастырылды. Мәселен, 1925 жылы Мәскеуде Қошке Кемеңгерұлының редакторлығымен басылып шыққан «Қазақша-орысша тілмашта» берілген төмендегідей терминдер мен атауларға мән беріп көрелік: пленка – үлдірік, экономия – үнем, экономный – үнемшіл, экономность – үнемшілдік, экономист – үнемші, прогресс – үдеу, колонизатор – отаршыл, колонизаторство – отаршылдық, патриот – отаншыл, патриотизм – отаншылдық, федерация – құрама, экспертиза – сарап, эксперт – сарапшы, интеллигент – зиялы, центробежный – делегей, урок, лекция – дәріс, поэма – дастан, творчество – шығарғыштық, антитеза – шендестіру, чиновник – төре, чиновничество – төрешілдік, музыка - әуез өнері, администратор, правитель - әкім, административность, власть - әкімдік, методика - әдістеме [3, 45].

Осы атаулардың барлығы дерлік қазақ терминологиясы дамуының


А.Байтұрсынов кезеңінде баспасөз беттерінде кеңінен қолданылып, сол кезеңде жарық көрген оқулықтар мен оқу құралдарына, сөздіктерге еніп, тілде орныға бастаған болатын. Ұлт тілдерінде терминологияны дамытудың 30-жылдардан бастау алатын келесі кезеңінде бұл терминдердің халықаралық сипатын арттырып, орыс тіліндегі нұсқасын қалдыру қажет деп танылды. Терминдерді біріздендіру жұмысының бағыты да басқа арнаға ойысып, ұлт тілінде жасалған терминдердің арнаулы салалардан орын алу мүмкіндігі барынша шектелді. Нәтижесінде пленка, колонизатор, патриот, экспертиза, интеллигент, творчество, антитеза, администратор тәрізді шет тілдерінен қабылданған мыңдаған терминдер мен кірме сөздерге басымдық беріліп, олар тілімізден берік орын тепті. Терминдерді біріздендіру мәселесі терминологияны халықаралықтандыру бағытына сәйкес жүргізілді. Бір ғана ұлт тілінің ауқымында жүргізілетін тілішілік біріздендіру (внутриязыковая унификация) жұмысынан гөрі кеңестік тіл саясатының мүддесіне сай келетін тіларалық біріздендіру (межязыковая унификация) ісіне мемлекет тарапынан айырықша мән берілді.

Халықаралық біріздендірудің түпкі мақсаты екі немесе одан да көп тілдердің терминологиялық жүйесінің ортақтығы артып, жақындай түсуін көздейді. Сол себепті де кезінде бұл терминді А.В.Крыжановская «терминологиялық интеграция» деп атауды ұсынған болатын. Алайда ғалымның бұл ұсынысы жаппай қолдау тауып кете алған жоқ. Ғылыми-техникалық әдебиеттерде бұрынғысынша көбінесе екі тілге қатысты тіларалық біріздендіруі, екі немесе бірнеше тілге қатысты әңгіме қозғалғанда халықаралық біріздендіру термині қолданып келді [4, 19].

1981 жылы наурыз айында Мәскеуде терминология мәселелеріне арналып өткізілген бүкілодақтық семинарда жасаған бас баяндамасында Г.В.Степанов терминологияны біріздендіру жұмыстарының елеулі қиындықтарға тап болып отыруына республикаларда орыс, латын, грузин, армян графикаларына негізделген төрт түрлі әліпбидің пайдаланылуының себеп болып келе жатқандығын және орфографияның фонетикалық, фонематикалық, морфологиялық, тарихи қағидаттарға негізделуі де өзара термин алмасу процесін қиындатып отырғанын айтады. Өз жазуларын сақтап қалған армян, грузин және латын графикасын пайдаланған балтық жағалауы республикалары болмаса, кириллицаға көшіп, 30-жылдары-ақ әліпбиімізді орыс сөздерін бұрмаламай жазу үшін бейімдеп, кеңейтіп, толықтырып алғандықтан, біз академик атап көрсеткендей, терминологияны біріздендіруге де, термин алмасуға да кедергі келтіргендер қатарына жатпаймыз.

Г.В.Степанов осы баяндамасында терминологиялық жұмыстардың ең негізділерінің бірі ретінде біріздендіруге айрықша мән беру қажеттігін айта келіп, бұл жұмыстың маңызын былайша атап көрсетеді: «В многонациональном государстве важное значение приобретает работа по унификации, смысл которой состоит в достижении соотносимости научных и технических понятий, выражаемых терминами на различных национальных языках» [5, 106].

«Термин унификация употребляется в постановлении об унификации терминологии на языках народов СССР» – деп көрсетеді Ю.Д. Дешериев өз мақаласында [6, 3].

М. Әуезовтің де қазақ терминологиясының мәселелерімен тікелей айналысқанын көрсететін бірден бір еңбектер – «Ғылым тілі» (1917) және «Қайсысын қолданамыз?» атты мақалалары. Мұнда М.Әуезов терминологиядағы ішкі терминжасам туралы айта келіп, ғылым тілін қазақша жасау мәселесін көтереді. «Орыс тіліне қазақ сияқты барлық туысқан елдер тілінен көріп жатқан сөздер көп. Сонда джайлау, акын (ақын емес) тәрізді сан сөздер орыс тілінің фонетикалық, грамматикалық жағдайларына бейімделіп алынып отырған жоқ па?», – деп нақты мысалдар келтіре отырып, тіл заңдылығына сәйкес қабылдауды атап өтеді 7, 264.

Терминология мәселесі 1924 жылы 12-18 шілде аралығында өткен республикалық ғылыми қызметкерлердің І съезінде сөз болған. Съезд материалдары 1925 жылы жеке кітап болып жарияланды. Бұдан басқа 1926 ж. Бакуде өткен Бүкілодақтық түркологтардың алғашқы съезінің материалдарымен таныстыру мақсатымен жазған А. Байтұрсыновтың «Түрікшілер құрылтайы» атты мақаласы жарияланды. А.Байтұрсынов қазақ терминологиясын қалыптастыруда, қазақ тілінің өз мүмкіншілігін толық пайдалану және интернационалдық терминдерді қолдану тәсілдерін сөз етеді. Қазақ терминологиясын байытып, дамытуға маңызды үлес қосқан ғалымдарымыздың бірі Х.Досмұхамедов кірме сөздерді, әсіресе, орыс тілі арқылы енген сөздерді қолдануда ана тілінің ішкі дыбыстық заңын сақтап айтылуын дұрыс құбылыс деп есептеген. Кірме сөздердің тілімізге тән сингармонизм заңына лайықтап алынсын деген қағиданы сол кездегі зиялы қауым кеңінен қолдаған. Н.Төреқұлов «Жат сөздер» деген еңбегінде «қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп, жалпақ сөзі болып кірсін», – дейді [8, 19]. Бұдан сол кезең зиялыларының пән атауларын қолдануда ұлт тілінің ішкі заңдылықтарына көп көңіл бөлгендігін аңғаруға болады.

Тақырыптық салалар туралы мәлімет беру мақсатымен терминдер түрлі ғылыми және басқа да салалар бойынша лексика-семантикалық тұрғыдан топталып берілді: Оқу ағарту, педагогика саласына байланысты: әдіс бірлігі – методическое объединение, оқу құралы – учебное пособие, руханишы – мыслитель, күн белгі – календарь, оқуқана – читальный зал т.б.; Экономика саласына байланысты: үнемші – экономист, жоспаршы – плановик, әлеуметшілік жәрдем–социальная помощь, үнем шаруашылығы– экономическое хозяйство, өнеркәсіпші–производственнник т.б.; Саясатқа байланысты: әлеуметтік жағдай – социальное положение, үгіт-насихат – агитация, өзгерісшілдер – реформаторы, ілгерішіл – прогрессивный т.б.; тіл ғылымына байланысты: дауысты дыбыс – гласные звуки, ұлы тыныс – точка, кірешек сөздер – заимствованные слова, бұралқы жұрнақ – заимствованный суффикс т.б.; Заң ғылымына байланысты: құқық – право, талапкер – истец, заң кісісі – юридическое лицо, сот алымы – судебная пошлина т.б.; Психологиялық атаулар: мінез ілімі – психология, зейін – внимание, көзқарас – мировозрение т.б. Жалпы сөз қолданысында терминдердің қоғам құрылымы мен өзгерісіне тәуелді екендігі белгілі. «Белгілі бір дәуірде эволюциялық дамудан революциялық сапаға ауысып, ал кейде керісінше қалыпты күйге көшіп отырады. Тілде пәлендей революциялық өзгерістер бола қоймағанмен, ол қоғамдық құбылыстардың бәрін қамтып, соған лайықты ұғым, түсініктерді сөз түрінде таңбалап береді. Барлық өзгеріс, өрістер тілде көрініс бермей тұрмайды», – дейді терминолог-ғалым Ө. Айтбаев 9, 80.

Қазақ тіліндегі ғылым салалары бойынша қолданыстағы сөздердің 90%-ы терминдердің үлесіне түседі. Ғылымдағы жаңа ұғымдар мен қоғам өміріндегі түбегейлі өзгерістер термин сөздердің күнделікті қолданыс аясының өсіп отырғанын көрсетеді: «Дәл осы жерде біз әдеби тілдің көркемдік сипатынан гөрі стандарттық және ресмилік белгісінің арта бастағанын айқын аңғарамыз», – дейді академик Ә. Қайдар 10, 182.

Жоғарыда айтылған мысалдар терминология ғылымының 20-жылдарында-ақ салалық терминдер мәселесін көтергенін көрсетеді. Рас, 1920-1930 жылдары шет тілінен енген сөздерге балама табуға ұмтылушылық көрініс тапса, 50-70 жылдары орыс тіліндегі терминдер аударылмай, баламасыз қолданылады.

Терминологиялық лексиканы дербес лексикалық қабат ретінде қарап, салалық терминдерді әдеби тіл құрамына қатыссыз деуші ғалымдар пікіріне қарсылық білдіру ниетінде көптеген ғалымдар жүйелілік мәселесін көтеру қажет дейді. «Терминологияның күрделі теориялық мәселелерін айтпағанда салалық терминдерді жүйелеу, реттеу, қалыптау сияқты үнемі жүргізіп отыруға тиісті практикалық маңызы зор жұмыстармен тікелей айналысып отырған өкілетті орган да, бұл істің жайын жетік білетін мамандар да жоқтың қасы» 1, 23.

Мемлекеттік тіл – егеменді елдің, тәуелсіз мемлекеттің ең басты шарттарының бірі. Сондықтан тіліміздің жан-жақты дамып, күнделікті тұрмыста және ресми мемлекетаралық дәрежеде қолданылуы – өмір талабы. Академик Ә.Қайдардың «Қазақ тілі терминологиясының 50 жылдан астам тарихы бола тұрса да, оның жан-жақты даму дәрежесі бүгінгі заманның талабына сәйкес деп айтуға болмайды», – деген пікірінен кейін көптеген тіл жанашырлары ғылыми әдебиеттегі сан алуан терминдерді аударуға атсалысқанын білеміз. Академик Ә.Қайдар «термин (атау) шығармашылығында ана тіліміздің өз мүмкіндіктерін сарқа пайдаланудың орнына термин жасаудың оңай жолы – шет тіл элементтерін қабылдауға көбірек көңіл бөлуден кірме терминдердің көбейіп, ана тіліміздің ұлттық ерекшеліктерімен табиғатына нұқсан келе бастады. Мұндай жағдайдың дами түсуіне бүгінге дейінгі қалыптасқан мына фактор себеп болып отыр: тілімізге күн санап, апта санап (соңғы кезде шығып жатқан әр түрлі пәндердің сөздігі арқылы да) еніп жатқан жүздеген, мыңдаған терминдік ұғымдардың барлығы бір орталықтан, яғни «донор – тіл» деп аталатын орыс тілінен ғана еніп, жаңа терминдер тек соның негізінде жасалып қабылдануынан сақтану керек», – дейді 1, 3.

Жаратылыстану ғылымдары бойынша халыққа түсінікті, көңілге қонымды, тілге жеңіл, тұрмыс-салтымызға, таным-түсінігімізге сәйкес терминдер жасауда атақты шығыс ғұламасы әл-Фарабидің «Аспанды жерге, ғылымды халыққа жақындатсам» деген пікірін басшылыққа алсақ ұтымды болар еді. ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде ғылым тілін қалыптастыруда А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, С.Асфендияров т.б. зиялылар өсімдіктану (ботаника), тәнтану (анотомия), тәнтірлігінтану (физиология), бәсекесауда (аукцион), жандандыру (реанимация), жансыздандыру (анестезия), жалпытазалық (санитария), жекетазалық (гигиена) т.б. бірсыпыра сөздерді төл тілімізде жаңғыртып қолданды. Осы сөздерден реанимация сөзі бертінде жансақтау бөлімі болып аударылып, сәтті қолданысқа түсті. «Жандандырудан» гөрі «жан сақтау» қолайлы тіркес, өйткені мұнда шынымен де жанын алып қалуға көп күш салынады. Фонтан сөзі де су бұрқағы деп аударылып, халыққа толық түсінікті сөз қолданысы болуда. Белок сөзі ақуыз деп аударылып, өзінің төл мағынасын тура көрсете отырып, қолданысқа енді.

Табиғаттағы бар шикізат атаулары жалпы қолданыстағы сөзбен қатар терминге ұласады. Мұнай, қарамай, жермай, жанармай, жанар-жағар май т.б. сөздер мұнай саласы терминдеріне айналса, әрлеу, өңдеу, жапсырмалау, қаптау сөздері құрылыс; уқалау, булау, сауықтыру, сылау – медицина; бәсекелестік, бағатізбесі, есепшот, кепілзат, делдал – экономика; бетперде, лаңкес, ұйымдасқан топ – заң т.б. ғылым салалары бойынша терминдер қалыптасты. Жаратылыстану саласының терминдері өткен ғасырдың 30-жылдарында қазақшаға бір аударылып, кейіннен қайтадан сол түпнұсқада қолданылып, 90-жылдарда оңтайландыру кезеңінде тағы қазақшаланып, қазір жарыспалы немесе дублеттік сипатта қолданыста жүргендері де біршама. Динамика – қозғалыс – динамика, мұнай – химия рыногы – мұнай – қимие базары (нарқы) – мұнай – химия рыногы, инвестиция мөлшері – инвестиция сомасы, теңіз терминалы – теңіз кедергісі – теңіз терминалы, мұнай фонтаны – мұнай атпасы, мұнай бұрқағы (нефтяной фонтан) т.б. терминдер дублеттік сипатта қолданысқа ие. Жаратылыстану саласының терминдері деңгейлік қолданыстан өтпей қалыптаспайтынын байқауға болады.

Ұғымдар арасындағы жүйелі байланыстан терминологиялық өріс пайда болатындығы жөнінде ғалым Ш.Құрманбайұлы еңбектерінен көрінеді [1, 181]. Терминология саласында еңбек етуші ғалымдардың көпшілігі ішкі көздерге мән беру туралы айта келе, А.Байтұрсыновқа соқпай өтпейді. Ішкі қор мәселесін сөз еткен орыс ғалымдары А.В.Суперанская, А.Даниленко, М.Н.Володина ойлау жүйесіне мән берген жөн дей келе, ұғымдық байланыстың термин жасаудың мәні зор екенін айтады [2, 14]. Терминденуші сөз бен ойлау жүйесі арасында белгілі бір өріс пайда болмаған жағдайда олардың лексикалық қабат құруы қиынға соғады. Тексті – мәтін, материяны – затын, кенежойғы – акарицид аудармаларымен қатар жаратылыстану ғылымдарының терминдерінен инфауна, инстинк, кадастр, каллус, инбридинг, ихтиология, комменсализм, криофия, ксерофил, ксилофаг, клон, копрофаг, космополит, парник, адекция, абиотика, автохтон т.б. сөздерді әлі күнге ғылыми әдебиеттерде түпнұсқадағыдай қолданамыз. Бұлардың терминдік табиғатын түсіндіру – сала ғалымдарының жұмысы. Карантин – оқшаулау, каннибализм – адам етін пайдаланушылық, кома – естен айрылу, лавина – қар көшкіні, оползень – жер сырғымасы, эпизоотия – жануар індеті, предродовая – толғақ бөлмесі, абразивный – жемірілген, интродукция – жерсіндіру, бейімделту, координат – мекендеу мүмкіндігі т.б. қолдануға болатын сөздерді тілшілер мағынасына қарай, оның тезаурустық сипатына сай жасады.

Нашатыр – мұсатыр, кислота – қышқыл, торф – шымтезек, окись – тотық, насадка – қондырма, углерод – көміртек, водород – сутек, сплав – құйма, щелочь – сілте, двуокись–қостотық болып ХХ ғасырдың басында Қ.Кемеңгерұлы аударылуы сәтті терминдердің жасалуына көңіл бөлгені белгілі. Ол көп варианттылыққа жол бермеуге тырысқан.

Қорыта айтсақ, латын жазбасының болашағының зор екенін мойындай отырып, түрлі экстралингвистикалық факторлар мен психолингвистикалық үрдістердің термин шығармашылығына тікелей әсер ететінін көруге болады. Ендеше, терминдерді де осы латын жазбасының аясында біріздендіруіміз қажет.


Әдебиеттер

  1. Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминдену үрдісі: филол. ғыл. докт. дис. – Алматы, 1998. – 250 б.

  2. Нұржанова А.С. Қазақ тіліндегі мұнай терминдерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері: филол. ғыл. канд. ... автореф. – Алматы, 2000. – 24 б.

  3. Терминология мәселелері / құраст. Ш. Құрманбайұлы, О. Жұбаева. – Астана, 2006. – 288 б.

  4. Крыжановская А.В., Симоненко Л.А. Актуальные проблемы упорядочения научной терминологии. – Киев, 1987. – С. 19-21.

  5. Степанов Г.В. Современная научно-техническая терминология на языках народов СССР и за рубежом // Проблемы разработки и упорядочения терминологии в акамедиях наук союзных республик. – М., 1983. – 263 с.

  6. Дешериев Ю.Д.. Проблемы универсиализации (интернационализации) терминологии в условиях развития национально-русского двуязычия (применительно к развитию языковой жизни советского общество) // Проблемы разработки и упорядочения терминологии в Академиях наук союзных республик. – М., 1983. – С. 263.

  7. Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Жазушы, 1985. – 19 т. – 369 б.

  8. Төреқұлұлы Н. Жат сөздер туралы. – Алматы: Өнер, 2005. – 20 б.

  9. Айтбаев Ө. Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы. – Алматы, 1988. – 159 б.

  10. Қайдаров Ә. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы: Рауан, 1993. – 46 б.


References

  1. Kurmanbaiuly Sh. Kazakh leksikasynyn termindenu urdisi: filol.gyl.dokt.dis. – Almaty. 1998. – 250.

  2. Nurzhanova A.S. Kazakh tilindegi munai terminderinin leksika-grammatikalyk erekshelikteri: filol.gylym.kand. avtoref. – Almaty, 2000. – 24 b.

  3. Terminologiya maseleleri / kurast. Kurmanbaiuly Sh., Zhubaeya O. – Astana, 2006. -288 b.

  4. Kryzhanovskaya A.V., Simonenko L.A. Aktualnye problemy uporyadocheniya nauchnoi terminologii. – Kiev, 1987. – S. 19-21.

  5. Stepanov G.V. Sovremennaya nauchno-tekhnicheskaya terminologiya na yazykakh narodov SSSR I za rubezhom // Problemy razrabotki I uporyadocheniya terminologii v akademiyah nauk souyznykh respublik. – M., 1983. –263 s.

  6. Desheriev U.D. Problemy universalizacii (internasionalizacii) terminologii v usloviyakh razvitiya nacionalno-russkogo dvuyazychiya (primenitelno k razvitiuy yazykovoi zhizni sovetskogo obchestvo) // Problemy razrabotki I uporyadocheniya terminologii v akademiyah nauk souyznykh respublik. – M., 1983. –263 s.

  7. Auezov M. 20 tomdyk shygarmakar zhinagy. – Almaty: Zhazushy, 1985. – 19 t. – 369 b.

  8. Torekululy N. Zhat sozder turaly. – Almaty: Oner, 2005. – 20 b.

  9. Aitbaev O. Kazakh terminologiyasynyn damuy men kalyptasuy. – Almaty, 1988. -159 b.

  10. Kaidarov A. Kazakh terminologiyasyna zhanasha kozkaras. – Almaty: Rauan, 1993. – 46 b.






Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет