Ғылыми жұмыс тақырыбы : Сөз жатықтығы



Дата26.03.2022
өлшемі45,45 Kb.
#136917
Байланысты:
Өмірзақ.A АІ-21
4-5, 1. Ателер теориясы, культурология, Aknur Omirzak AI-21, 3тік, Вопросы, зейниллаева ж анимацияx, Шыгару керек, Документ 15 (2), Документ 15 (1), ОМЖ. Фонетика тарауы. 5- сынып, 1245391, Patent, Скелет

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті


ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС


Тақырыбы : Сөз жатықтығы
Орындаған : Өмірзақ Ақнұр
Оқу тобы : Аударма ісі – 21
Қабылдаған : Мамаева. Г.Б

2021-2022 оқу жылы


СӨЗ ЖАТЫҚТЫҒЫ(Әдеби тіл нормасы)
Әдеби тіл нормасы – сөзді дұрыс қолданудың, грамматикалық амал-тәсілдерді дұрыс пайдаланудың көпшілік таныған, тіл тәжірибесінде сыннан өткен қағидалары. «Тіл мәдениеті» әдеби тілдің нормасы туралы білім саласы ретінде пайда болғаны мәлім. Тілдік норма – әдебиет тіл туралы ұғымның ең бір өзекті элементі. Сөйлеуде, жазуда тіл амалдарын дұрыс қолдана білу әдеби тіл нормасын сақтау дегенге саяды. Ал әдеби тілдің нормасы дегеніміз не? Бұл жайында түрлі зерттеулерде әр қилы пікір айтылып, әр түрлі анықтама беріліп жүрсе де, табиғаты күрделі бұл құбылыстың сыры бірден және толық ашыла қойған жоқ.
Бастапқыда әдеби тіл нормасы өзгермейтін, сірідей сіресіп қалған нәрседей көрінгені де шындық. Бертінде әдеби тіл нормасының динамикалық қасиеті ашылды. Тілдік норма алғаш сөз бола бастаған тұста ол алдымен тілдік жүйемен (системамен) салыстырыла қарастырылды. Тілдік норманы бұлай тану, шындығында, дұрыс тәрізді де көрінеді. Мен оқыдым, сен жаздың, ол үйге барды тәрізді құрылымдардың жақтық мағыналарын өзгеше қиыстырып айтуға болмайды. Затты тәуелдеп айтып көріңіз: менің кітабым, сенің кітабың, оның кітабы. Қазақ тілінде сөйлеушілердің бәріне ортақ септеудің де жүйесі бар. Міне, осыған қарағанда, жүйеден ауытқымау дегеніміз нормадан ауытқымау сияқты болып көрінеді. Сонда тілдік жүйе мен тілдік норма тепе-тең құбылыс болғаны ма? Жоқ. Бұл – тек тілдік жүйе мен тілдік норманың бірлікте болуы ғана. Тілдік норманың арқауы – тілдік жүйе.
Тіл – жүйелі кұбылыс. Қазақ тілінің сөз жасау жүйесінде -ла, -ле, (-да, -де, -та, -те) сияқты аса құнарлы қосымшалар есім сөздерден етістік тудырады: аяқ-та, бас-та, көз-де, су-ла, ау-ла, шөл-де, т. б. Сөз тудырудың дәл осы жүйесі бойынша -да, -де зат есімге жалғануға тиіс. Бұл жүйе бойынша кез келген зат есімге -ла, -ле (-да, -де...) қосымшасын жалғауға болады. Бірақ жүйе бойынша баула, жүкте, сыйла деп айтқанымызбен, кірпікте, соғымда, кітапта деп айтуға болмайтыны белгілі. Неге? Себебі бұлай деу жүйеге (системаға) қайшы болмағанмен, норма емес. Міне, осыған байланысты белгілі бір тіл қолданысты норма деп тану үшін оның тілдік жүйеде болуы (немесе норманың тілдік жүйемен коррелят болуы) жеткіліксіз. Бұған қоса ондай қолданыс тілдік дәстүрде болуы, сондай-ақ дағдыға енуі қажет.
Кей сөздерді тілдік жүйе бойынша тізгінде, шылбырла, арқанда, бұзаула, ботала деп қолданып жатамыз. Бірақ осындай сөздерді тілдік жүйеге сай қолданғанымызбен, сөз жұмсауымызда ара-тұра нормадан ауытқу кездесіп те қалады. Оның негізгі себебі ондай қолданыстың дәстүрде бар не жоғын елеп-ескермеуден туып жатады. Мысалы, ат тұсады дегенді ат тұсаулады, қой қоздады дегенді қой қозылады деу – тілдік жүйеге кереғар болмағанмен, бірақ дағдыға айналып, дәстүрге енген қолданыс емес. Кейбір сөздерді қолдануда тілдік жүйе мен тілдік дағды қайшы келіп те жатады. Қозыла деп қолдану тілдік жүйенің қысымы, әсер-ықпалы екендігін байқау қиын емес. Ат ертте дегендегі ерттені ерле деп қолдану да соған ұқсас: «Көкем атты ерледі, ерлеп жүріп терледі» («Манашы ұлы Тұяқбай»).
Абдырап, басын қосып жиылғанша, Бір жерге уағдасы құйылғанша.
Ат ерлеп, түйе комдап, жігіт жинап, Үйлері аруанаға буылғанша
(Нұрхан Ахметбеков).
Тілдік (салыстырыңыз: шідер-ле, жыр-ла, қырла, түр-ле («текеметке түр басу» т. б.). Кей жағдайда тілдік жүйе мен тілдік дағды айнымас бірлікте болса, кейде өзара кайшылықта болып, күреске түседі. Мұндайда бірде жүйе басым болып, дағды ығысады да, қайшылық шешіледі, қарама-қарсылық бірлікке айналады. Кейде тілдік жүйеден тілдік дағды басым түсіп, қайшылық тереңдей түседі. Тілдік жүйе бойынша ерле болуға тиіс сөздің ертте болуы жүйеге қарағанда дағдының басым түсуінен деп түсіну керек. Ертте сөзінің түбірі – ер, ал -те есім сөзден (ер) етістік тудыратын қосымша екендігі айдан анық. Бірақ түбір сөз (ер) бен қосымшаның (-те) аралығындағы т қандай элемент? Қайдан пайда болған?
Көне тіл деректерімен салыстыра қарағанда, бұл құпия т-ның -ла, -ле (-та, -те) аффиксімен синонимдес қосымша екендігін байқаймыз. XI ғасырдағы әйгілі ғалым М. Қашғаридің сөздігінде йағырыт, теріт2 түрінде кездесетін қолданыс бар, олар, қазіргіше айтсақ, жауыр-ла, терле сөздерінің эквиваленттері. Осымен салыстырғанда, қазіргі ертте сөзі бұрын ер-іт делініп айтылуы ықтимал. Есім сөздерден етістік тудыратын байырғы бұл қосымшаның (-ыт, -іт, -г) қызметі қазақ тілінде әлсіреп, мағынасы көмескі тарта бастаған ( тұман-ыт, шаң-ыт тәрізді бірер сөздің құрамында ұшырасады). Бұл жағдай әрі актив, әрі өнімді қолданылатын -ла, -ле (-да, -де) қосымшасының қабаттаса жалғануына себеп болса керек. Қызметі әлсіреп, мағынасы көмескіленген бір элементтің үстіне екінші бір форманың қабаттаса жалғануы – өзге орайда да кездесе беретін құбылыс.
Жүйе бойынша, дұрысында, ерле болуға тиіс
Жүйе бойынша реттік сан есімдерге қосымша -ыншы, -інші (-ншы, -нші) түрінде жалғанады: бірінші, екінші, үшінші, төртінші... Олай болса, жиырмасыншы (июнь) емес, жиырманшы (шонь) болуға тиіс қой? Ескіше уақыт есептеуде сан есімдер тәуелділік тұлғада қолданылған: қараша жұлдызының бесі, қазан жұлдызының он алтысы т. б. Кейде айдың ескіше аттары орысша атаулармен ауыстырылып, сентябрь жұлдызының жетісі, ноябрь жұлдызының жиырмасы делініп те айтылған. Кейіннен күнді реттік сан есіммен (сегізінші июнь, бірінші июль, жиырма алтыншы октябрь т. б.) айту нормаға айналды. Жиырманшы деп жүйе бойынша айтпай, жиырмасыншы деп қолданудан да тілдік жүйеден тілдік дағдының басым түсіп жатқандығын байқаймыз.
Дағды үнемі тілдік жүйеден басым түсе бермейді. Тілдің даму барысында кейде екі түрлі (не одан да көп) жүйе қатарласа қолданыла келіп, оның ішінде тілдің даму тенденциясына сәйкес келген біреуі жалпы халықтық сипат алып, тілдік норма ретінде танылады да, өзгесі тіл майданынан ығыстырыла бастайды. Тіл қолданысынан ығысқан жүйенің кейбір көріністері нормаға айналған жүйемен қатар дағды бойынша қолданылып та отыруы ықтимал. Бірақ оларды белгілі бір мақсатсыз жұмсау – әдеби тіл нормасын бұзу.
Қазақ тілінде сөздерге тәуелдік жалғауының жалғануын еске түсірсек, дауыстылардан соң бұл қосымша -сы, -сі (бала-сы, күлкі-сі, дала-сы т. б.), ал дауыссыздардан кейін -ы, -і (үйі, қыс-ы, жаз-ы, тау-ы т. б.) түрінде келуі – бұлжымас жүйе. Осындай жалпыға ортақ жүйені ескермей, біреуі, екеуі, үшеуі, төртеуі, көбі, уақыты, бәрі дегендерді біреу-і-сі-біреусі, екеу-і-сі-екеусі, үшеу-і-сі-^-үшеусі, төртеу- і-сі-төртеусі, көбі-сі, уақыт-ы-сы-уақтысы, бәрі-сі деп қолданушылық бар.
Бұл жерде мұндай жөнсіз қабаттастырудан сырттай осыған ұқсас құбылыстың парқын айыра білу абзал. Отағасы, қолбасы, елубасы тәрізді бірер сөздерде тәуелдік жалғауы айтыла келіп, сол сөздің құрамына сіңіп кеткен. Ондай сөздердегі тәуелділік жалғауы (отаға – сы) меншіктілік мағынаны білдірмейтіндіктен және бір тәуелділік көрсеткіші үстемелене жалғанады: отағасысы, қолбасысы, елубасысы т. б.
Бұл айтылғандар объективті нормаға тән касиет. Объективті норма тіл жүйесімен бұлжымас бірлікте болады. Тілдік нормаға жаттыққан сөйлеуші бұл жерде еш дағдармайды. Сөздің әдеби тіл мүддесіне лайық вариантын тап басып тани біледі. Теориялық зерттеулерде айтылып жүргендей объективті норманың катаң түрі де болады. Тілде белгілі бір тәсілді берудің әр түрлі варианттары болуы ықтимал. Мысалы, қазақ тілінде бұйрық райдың екінші жағы үш түрлі тәсіл арқылы беріледі: сен бар, сен барғын, сен барың. Қазіргі әдеби тілдің қатаң нормасы бойынша бұйрық райдың екінші жағы етістік түбірге сәйкес сен бар түрінде айтылатындығы мәлім. Ал сен барғын, сен барың Қазақ тілі диалектілері мен ауыз әдебиеті мұраларының тілінде кездесетіндігі белгілі. Мұндай варианттарды талғап, таңдап қолдану сөйлеушінің ырқында болмайды. Тіл тәжірибесінде сыннан өтіп, жұртшылық таныған түрін ғана сөйлеуші коммуникациялық мақсатта қолдана алады. Бұл – әдеби тілдің қатаң нормасының бір ғана мысалы. Қатаң нормалардың түрі фонетика, лексика саласында да кездеседі.
Әдеби тіл нормасының бұдан өзгешелеу түрі де бар. Кейде тілдегі сан алуан варианттарды талғап-таңдауда аса қатаң талап койылмайды. Ондай варианттардың қай түрін қолдану сөйлеушінің (жазушының да) өз ырқында (мысалы, тірідей – тірілей, айқай – айғай, азар – әзер, түгендеу – түгелдеу т. б.). Әдеби тіл нормасының мұндай түрі босаң норма деп аталады. Тілдегі бұл тәрізді варианттар кейбіреулерге тілдегі мүкістіктей болып та көрінеді. Шындығында, олай емес. Бұл – тілдің жанды дүниедей түлеп, өзгеріп отыруының белгісі. «Өлі тілде» ғана мұндай құбылыс болмайды. Өзге де қоғамдық құбылыстар тәрізді тілдің де өзгеріп, дамып отыратындығы белгілі. Бірақ тіл «ескіні» бірден аластай алмайды. «Ескі» мен «жаңа» біразға дейін ілесе жүреді. «Ескіден» бірден қол үзіп, «жаңаға» бірден ойысса, тілдің ұрпақ пен ұрпақты, аға буын мен іні буынды жалғастырып жататын қызметі әлсірейді. Онда әр ұрпақтың өзінше тіл жасауына тура келер еді. Тілдегі сан алуан варианттардың жарыса қолданылу себебі «кеше» мен «бүгінді», «бүгін» мен «ертеңді» ұластыру қызметіне байланысты болып жатады. Бірақ осыған қарап босаң нормаға байланысты варианттарды қолдануда талғау, саралау деген мүлде жоқ деуге болмайды. Босаң нормаға катысты вариантты қолданудың, таңдаудың өз ерекшелігі мен қиындығы бар.
Варианттардың тілдің даму тенденциясына лайықты түрін өрістете жұмсап, артықшылық беріп отыру, олардағы нәзік айырма, реңдерді дер кезінде тап басып тани білу т. б. мәселелер тіл құрылысында оңай шаруа емес. Тілдегі варианттар құбылысына лингвистикалық барлау жасап көруге де болады. Жарыспалы жүйенің мынадай түрін газет-журналдардан жиі кездестіріп жүрміз: ақшалай – ақшадай, барлы-жоқты – барды-жоқты, бірлі-жарым – бірді-жарым, екіншілей –екіншідей, ескілей – ескідей, жылылай – жылыдай, жаңалай –жаңадай, кәрлен – кәрден, қаралай – қарадай, немқұрайлы – немқұрайды, өлілей – өлідей, пісілей – пісідей, тірілей – тірідей, шикілей – шикідей, ыссылай – ыссыдай т. б. Жалпы халықтық тілдегі мұндай жарыспалы қолданыстың қайсысын әдеби тілдің нормасына лайық деуге болады? Осындай сұрауға келгенде, нормалауыш сөздікке қол созамыз. Нормалауыш сөздіктің бірі – «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі». Бұл сөздіктен «д» вариантты да (кәрден, кәрлен емес, тірідей, қарадай), «л» вариантты да (жылылай, тірілей, шикілей) ұшыратамыз. Екі түрлі жүйенің аралас-құралас жүргендігінен «л» мен «д» варианттың қайсысы әдеби тілдің ішкі даму тенденциясына сәйкес келетіндігі әлі анықтала қоймағандығын байқаймыз. Тілдің ішкі даму күйіне қандай жүйенің («л» немесе «д» варианттың) сәйкес келетіндігін анықтап, тиянақтай түсу үшін, алдымен мынадай заңдылыққа назар аударып көрейік. Лингвистика ғылымында аналогия заңының айрықша мәні бар. Бұл заңдылық бойынша тілдегі аса өнімді модель өнімсізге ықпал етіп, теңестіріп отырады (тілде кейбір құбылыстар аналогия заңы арқылы айқындалатындығы да мәлім.
Қазақ тілінде сөздердің көптік қосымшамен түрленуі – аса өнімді әрі көне модельдердің бірі. Осы қосымша варианттарының жалғану жүйесіне назар аударып көрейік. Бұл қосымша дауыстылар мен р, й, у дыбыстарынан соң -лар, -лер (балалар, қарлар, сайлар, баулар), ұяңдар мен үнділерден соң -дар, -дер (күндер, шамдар, жолдар, тұздар т. б.) қатаңдардан соң -тар, -тер (аттар, кітаптар т. б.) түрінде жалғанатындығы белгілі. Әрі сөз тудырушы, әрі форма тудырушы -лық, -лік қосымшасының; -ла, -ле аффиксінің жалғану жүйесі де осы тәрізді. Бұлар да аса өнімді, абстракциялау қасиеті жоғары қосымша. Бұндай өнімді қосымшалардың «л» вариант және «д» вариант түрінде саралануы, қатаң жүйеге түсуі бірден пайда бола қойған жоқ. Бұл – тілдегі (ұзақ уақыт барысында пайда болған) ең бір ықпалды жүйе. Ол алдымен көптік категориясы көрсеткішінде, өнімді қосымшалардың (-лық, -лік, -ла, -ле) сөздерге жалғануында саралана түскен осы модель жалғану өрісі шектеулі аффикстерге де аналогия заңы бойынша ықпалын тигізе бастаған.
Ассимиляцияның бұл түрі қосымшалардың жалғану жүйесіндегі негізгі бағытты байқатады. Осы бағытқа табан тіресек, л/д дыбыс алмасуына байланысты екі түрлі жүйенің әдеби тіл нормасына лайықтысын былайша көрсетуге болады: ақшалай (ақшадай емес), бірлі-жарым (бірді-жарым емес), жылылай (жылыдай емес), тірілей (тірідей емес), ұшты-күйлі (ұшты-күйді емес), кәрлен, (кәрден емес), немқұрайлы (немқұрайды емес) т. б. Осылайша тілдің өзгеру, даму бағытына сай тенденцияны арқау ете отырып норманың кейбір босаң түрінен катаң нормаға көшуді жеделдетуге де болады.
Босаң нормадан катаң нормаға ауысу -шы, -ші қосымшасы жалғанған белгілі бір сөздер тобына да қатысы бар. Қазақ тілінде сөз жасауда потенциялық мүмкіндігі айрықша қосымшалардың бірі шы, -ші. Бұл қосымша арқылы жасалған сөздерді есімізге түсіріп көрейік. Қай-қайсымыз болмасын қиналмай-ақ ондаған сөзді тізбегімен айтып бере аламыз: егінші, малшы, суретші, әнші, биші, қойшы, сиыршы, бұзаушы, қозышы т. б. Ал боташы, құлыншы деп айтыла ма? Айтылмайтын себебі – тілдік дағдыда жоқ. Тілдік дәстүрде болмайтыны – шаруашылық өмірде жоқ. Ал бұзаушы, қозышы деудің жөні бір басқа. Енелеріне жамырап кетпеу үшін мұндай төлдер бөлек жайылады да, оларды бағып-қағушыны бұзаушы, қозышы деп арнайы атайды. Сөзді бұлайша белгілі жайдан бастап отырған себебіміз бар. Бас-аяғы бес-алты сөзге жалғанатын -кеш (арбакеш, түйекеш, кірекеш т. б.), -айт, -ейт (құмайт, шөлейт т. б.) тәрізді сөз тудыру мүмкіндігі шектеулі қосымшалармен салыстырғанда, потенциялық мүмкіндігі мол қосымшаларды қолдануда нормадан ауытқу әлдеқайда жиі кездеседі. Жалғану өрісі кең қосымшаларға келгенде, «осылай айтыла ма, тілдік дәстүрде бар ма?» деп қадағалап, пысықтап отыруға тура келеді. Жоғарыдағы тізбекті қайта жалғастырып көрейік: тарихшы, тілші, емші, аспапшы, құрылысшы, тәрбиеші, аспазшы, диқаншы, наубайшы, бағбаншы, тәуіпші т. б. Осы тізбектің өзі қазіргі сөз қолданыс нормасына лайық және нормаға лайық емес деп екіге бөлінеді. Өйткені аспаз, диқан, наубай т. б. тәрізділер түбір күйде тұрып-ақ мамандық иесін білдіреді. Рас, диқаншы, аспазшы, наубайшы тәрізді сөздер кейбір ақын-жазушыларымыздың шығармаларында кездеседі. Диқаншы, бағбаншы сөздерінің ертеректе қолданылуы, бір жағынан, заңды әрі кешірімді. Олай дейтініміз әдеби тілдің кешегісі мен бүгінгісі, ондағы тіл амал-тәсілдерінің қолданылу күйі қазіргімен дәлме-дәл емес. Басқасын айтпағанда, оны -шы, -ші қосымшасының өзінен-ақ байқауға болады. Бұл қосымшаның бұрынғыға қарағанда сөз тудырудағы белсенділігі әлдеқайда арта түсті. Ертеректе кездесетін егінші, малшы, әнші, қайықшы, жаушы т.б. типтес сөздердің қатары қызылшашы, қоғамтанушы, зерттеуші, шахматшы, бессайысшы т. б. сияқты қолданыстармен молыға түсті. Стахановшы, жақаевшы түрінде жалқы есімге жалғанып белгілі бір адамдардың мақсат-мүдде, қызмет-кәсібін жалғастырушы, ізбасарлары деген ұғымды аңғартуы да бұл қосымшаның жаңа бір қыры екендігін танытады.
Ғасырға толар-толмас уақыттың ішінде -шы, -ші қосымшасының жалғану өрісінің бұлайша кеңейе түсуі жаңа бір тенденцияның пайда болуына әсерін тигізді: бұл жұрнақ кейбір сөздердің құрамынан шыға бастады (диқаншы>диқан, аспазшы>аспаз, бағбаншы>бағбан, шаштаразшы>шаштараз т. б.). Қандай да болмасын тілдік амал- тәсілдердің белсенділігі артқан сайын басы артық қолданыстан арыла түсуіне де жағдай жасалынады. Олай болса, бұрынғыша босаң норма ыңғайымен бірде аспаз, бірде аспазшы, бірде бағбан, бірде бағбаншы деп қолдану лексикалық нормадағы жаңа құбылысты елеп- ескермеуге саяды.
Қазіргі тілімізде кейбір тілдік амал-тәсілдердің жұмсалуына көңіл аударып, зер сала бастасақ, «бұлай қолдану дұрыс па?», «осылай деу нормаға лайық па?» деген де көлденең сұраулар көбейе береді. Газет- журнал оқып отырғанда, радио тыңдап, телевизордан айтылатын сөзге құлақ салғанда мал өсірушілердің қаһарлы қысқа әзірлігі, қызылша өсірушілердің аудандық елеті, сүт саушылардың озат тәжірибесі дегендерді ара-тұра ұшыратып та қаламыз. Малшы қызылшашы, сауыншы тәрізді дағдылы синтетикалық тәсілмен (туынды сөзбен) жеткізілетін ұғымдар аналитизмдер (сөз тіркесі) арқылы берілген. Қазақ тілінің бітім тұлғасы жалғамалы (агглютинативті). Сондықтан да мұндай қолданыстарды қосымшалар арқылы беру – бұл тіл үшін табиғи нәрсе. Осы себептен бұрын-соңды ешбір қазақтың түйешіні түйе өсіруші, жылқышыны жылқы өсіруші, сауыншыны сүт сауушы демегені белгілі. Сөзді бұлайша қолдану – аналитизмге көзсіз бой ұрып, сөзді табиғи қалпынан айыру, нормадан қиыс кету. Аналитизмнің де өз кезегінде жұмсалар жері бар. Бірақ оған шектен тыс жүгіне беру де орынды көрінбейді. Ал қажетті жерінде аналитизмді қолданудың жөні мүлде басқаша. Газет бағанасынан алынған мынадай шағын текстен осы айтылғанның екеуін де кездестіресіз. «Талдықорған облысындағы Еңбекші совхозының қызылша өсірушілері, Алматы облысындағы Еңбекші қазақ ауданының Ленин атындағы колхозының жүгері өсірушілері, қарағандылық картоп өсірушілер мол өнімге қыс айларында ие болу үшін ат салысуда» (газеттен). Әрине, жүгері өсіруші, қызылша өсіруші тәрізді орынсыз қолданылған аналитизмнен картоп өсіруші деудің жөні басқа. Сәбіз, пияз, қартоп тәрізді көгөніс түрлерін білдіретін сөздерді сәбізші, пиязшы, картопшы деп айту тілдік дағдыға ене қоймаған. Мұндайда картоп өсіруші деп қолданылған аналитизм орынды көрінеді.
Әр тілдің өзіне тән төл заңдылығы бар. Сонымен бірге тіл-тілге ортақ заңдылықтар да бар. Тіл тарихын зерттеуші белгілі тіл білімпаздарының көрсетуінше, сондай заңдылықтардың бірі – кейбір сөздердің аяққы дауыстыны жоғалтып отыруы. Зерттеушілер бұл құбылысты тілдегі ашық буынды сөздердің шектен тыс көбейіп кетпеуі, сөздің дыбыстық жағынан ықшамдалуы тәрізді заңдылыққа байланыстырады. Тілдегі ашық буынды сөздер мен өзге буынды сөздердің, аз буынды сөздер мен көп буынды сөздердің қалыптасқан белгілі бір арасалмағы болуға тиіс. Егер олардың арасалмағы бұзылса, бірінен екіншісіне ауытқудың пайда болуы ықтимал. Ондайда ашық буын тұйық буынға, көп буынды сөз аз буынды сөзге айналу тенденциясы пайда болады. Тіл қолданысымызда жиі кездесетін варианттардың бір типін осы құбылысқа қатысты қарастыруға болады. Олар: тәңір – тәңірі («иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар»), сауыр – сауыры, беймаз – беймаза, дағар – дағара, көкпар – көкпары, қодық – қодығы, алхор – алхоры, баған – бағана, бидай – бидайы (жастықтың бидайысы) дабыр – дабыра, бекзат – бекзада, нысан – нысана, ертек – ертегі, шабдал – шабдалы, шаштараз – шаштаразы, заман – замана т. б. Егер сөздіктердің біріне немесе күнделікті тіл қолданысымыздағы тәжірибемізге зер салсақ, осы варианттардың соңғы дауыстысыз түрі (тәңір, сауыр, көкпар, шабдал т. б.) қалыптасып, не қалыптаса бастағандығы байқалады. Бұлардың ішінде мағыналық айырым, стильдік рең алып, дербес қасиетке ие болғаны не соған бейім тұрғандары да бар. Дабыр – «даң-дүң», «у- шу»: Тыстан кірген суық пен көп кісінің дабырынан тынышы кеткен Ділдә басын көтерді (М. Әуезов). Дабыра – «даурықпа сөз», «дабыра қылу», «жұртқа жаю»: Шырағым, мұндай даулы мәселені сен жұрт арасына әзірге дабыра қыла көрме (С. Мұқанов).
Осы жарыспалы қолданыстардың қатарында стильдік рең алған вариантқа заман – замана сөзін жатқызуға болады. Заман – әртарап стиль. Замана – біртарап стиль, көтеріңкі реңде жұмсалады: замана келбеті, замана үні, замана талабы т. б. Өзге тілдік нормалардан (диалект, наречие) әдеби тіл нормасының өз ерекшелігі бар. Әдеби тіл нормалары оқулықтарда, сөздіктерде тіркеліп отырады. Ал тиісті әдебиетте көрсетілген қағида, ережелерді сақтамау – нормадан ауытқу. Бірақ сөздіктерде тіркелмеген, түрлі оқулық пен анықтағыштардан ұшырата алмайтын сөздерді де күнбе-күн кездестіреміз.
Әрине, әңгіме бұл жерде қоғамдық өмірдегі сан алуан жаңалықтарға байланысты пайда болып, жаңа мағыналық сипат алған сөздер жайында болса бір басқа. Тиісті әдебиетте кодификацияланбаған сөздерді кітаптардан, күнбе-күнгі газет- журналдардан оқып, радио, телевизордан да естіп жүреміз.
Ардагер (ветеран), тәлімгер, ұстаз (наставник), тыңгер, тыңжерші (целинник), баспагер, басылым, ғарыш (қосмос), теледидар, әрлеуші, азпазшы, лездеме (летучка), айдар (рубрика) т. б. қолданыстар лингвистика тұрғысынан жаңа болғанымен, кейбірімізге құлаққа
сіңді, көз үйренді болғандығы сондай, соны сөз жаңа сөз ретінде қабылданбайды. Ондай сөздер сонда да бірден оқулықтарға еніп, сөздіктерде тіркеле қоймайды. Оның себебі мынада: жаңа қолданыс тіл жұмсау дүкенінде сыналып, байқалуы, тәжірибеден өтуі керек. Олардың құбылысты дәл, дұрыс бейнелей алатындары өміршең болып қалады да, лингвистикалық зерттеу елегінен өткен соң, сөздіктерде тіркеліп, оқулықтарға енеді.
Тіл жұмсау дағдымызда жиі қолданылатын сөздің бірі – ұстаз. Бұл сөз – «оқытушы», «мұғалім» дегенмен синонимдес. Соңғы жылдары жас ұрпақты мамандыққа баулу ісінің елімізде өрістеп, кеңінен қанат жаюына байланысты жастарды мамандыққа, еңбекке баулушы, тәрбиелеуші адамдарды, еңбек озаттарын ұстаз, ұстаз жетекші, ақылшы ұстаз деп атай бастады. Ұстаздық деген жаңа ұғымдағы сөз пайда болды. «Комбинаттың әр цехында алдың ала ойластырылып жасалған жоспар бойынша жұмыс істейтін ұстаздар советі бар. Бұл советтерге өмір тәжірибесі мол, еңбекте ысылған коммунист жұмысшылар басшылық етеді» (газеттен).
Тәжірибеде жиі кездескенмен, ұстаз сөзінің бұл мағынасын тиісті әдебиетте кодификациялау асығыстық болар еді, өйткені тіл қолданысымызда ұстаз сөзімен тайталас тәлімгер сөзі де жұмсала бастады. «Тәлімгерлердің ішінде 28 Совет Одағының Батыры мен Социалистік Еңбек Ерлері бар. 16-сы бүкілодақтық «Жастардың ұстазы» деген белгіге ие болды» (газеттен). Тәлімгер сөзінің «ұстазбен» жарыса қолданылуы, әрине, кездейсоқ емес. Сөз себепсіз пайда болмайды. Ұстаз – ұғымы кең, әрі көп мағыналы сөз. Ал ондай сөзге мағыналық жүк арта беру коммуникациялық жақтан қолайсыз болуы ықтимал. Мұндайда тіл белгілі бір ұғымдарды тәлімгер тәрізді дара мағыналы сөзбен белгілеуді қажетсінеді. Сонымен, жаңа сөздер тіл тәжірибесінен өтіп, қолданыс тезінен шыққанша белгілі бір уақытты қажет етеді. Сол уақыттың ішінде жаңа сөздің кейбірі орнын тауып, орныға түссе, кейбірі өтпелі ғана сипатта болып, ығыса бастайды. Күнделікті тіл қолданысымызда пайда болған жаңалықтарды кодификациялау ісінің тәжірибемізде кенжелеп отыратындығы да осы себептен.
Арнайы зер салған адамға, тіл жұмсауымызда пайда болып жатқан жаңа сөздер аз емес. Бірақ олардың кейбірінің құрылымдық жүйесі ана тіліміздің сөз тудыру нормасына сәйкес (тыңгер, теледидар, хабарлама т. б.) болса, кейбірі олай емес. Мысалы: Соңғы кезде Балғабай лездемені тіпті қысқа қайыратын болып жүр (газеттен) дегендегі лездеме – тілдің құрылымына жат «жаңалық». Лезде – жатыс септігінің жалғауы арқылы жасалған үстеу. Мұндай типтегі сөздерге етістіктен есім тудыратын -ма, -ме (бөлме, үйме, тартпа, қойма т. б.) тәрізді қосымша жалғанбайтындығы белгілі. Мысалы, демде, әп-сәтте, әуелде, әуел баста тәрізді жатыс жалғаулы үстеулерді демде-ме, әп-сәтте-ме, әуелдеме, зуел баста-ма деп, -ма, -ме қосымшасын жалғап айтуға болмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Сондықтан лездеме деу қазақ тілінде сөз жасаудың объективті нормасына сәйкес келмейді.
Жасыратыны жоқ, кейбір жаңа сөздер уақыт сынынан өтіп тіл қолданысымызда орныға түскенімен, сүрленгенше сөздіктерге енбей, тиісті лингвистикалық әдебиетте көрсетілмей де жатады. Бұлай болуы кейбірімізге ондай жаңа сөздердің құрылымы тілдік жүйеге сай болмай, даулы көрінуінен.Кезінде тек тіл мамандары ғана емес, өзге де жұртшылық назарын аударып, пікір таласын тудырған оқырман, көрермен тәрізді сөздер тілдік дағдыға енсе де, кодификацияланбағандығын орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктерде, грамматика оқулықтары мен оқу құралдарында, анықтағышта әдеби тіл фактісі ретінде тіркелмегендігін байқаймыз.
Оқырман, көрермен тәрізді қолданысты сөз етпес бұрын мынадай жинақтауыш пікірге назар аударайық. «Қазіргі ғылым мен техника заманында дүниедегі, айналадағы, ой-санамыздағы әрбір зат, әрбір құбылыс, әрбір ұғым өзгелерден ажыратылып, өз атауымен аталуы орын алды, өйткені бұл күнде әрбір зат (құбылыс, ұғым) түгіл, оның ұсақ бөлшектерінің (детальдарының) өз орны бар, ол орынның мәні бар, оларды өзге, мейлі тіпті өте жақын, ұқсас заттармен (құбылыс, ұғымдармен) шатастыруға мүлдем болмайды. Мұны номинация тенденциясы деп атап жүрміз, осы тенденция қазіргі орыс тілінде өте күшті. Қазақ тілі үшін бұл бағыттың жеке күші бар ма, әлде тек орыс тілінде байқалғандықтан, қалька арқылы көшіре салынуы керек пе? Біздің ойымызша, қазақ тілі өз бетімен әр нәрсені дербес атау (номинация) әрекетіне ие бола алады. Өйткені қазақ халқының да бастан кешіріп отырған дәуірі – НТР заманы, орыс тілін тұтынушылармен қоғамымыз бір, өміріміздің салты, темпі, талабы бір. Демек, мектепте оқитын оқушыдан жалпы кітап (газет, т. б.) оқитын адамды ажыратып, оны өз атауымен білдіру үшін оқырман сөзін жасауға тіліміздің даму принциптерінің өзі мәжбүр етіп отыр»Белгілі бір экстралингвистикалық мотивтің нәтижесінде пайда болған оқырман тәрізді қолданысты, сырт қарағанда бөтенсінудің де реті бар сияқты. Жыларман, өлермен, күлермен, білермен т. б. тәрізді сөздердегі -ман, -мен тұлғасы іс-қимыл, процестің өзі емес, соған шектес, жақын әрекетті білдіреді. Көркем сөз зергерлерінің де бұл тұлғалас сөздерді осындай мағынада қолданғандығын көреміз. «Жөн айтыса ма олар, адамша? Бірін-бірі боқтап, төбелесермен болып жатыр» (М. Әуезов). Мұндағы төбелесермен «төбелесудің» өзі емес, «төбелесетін шаққа жету» деген мағынаны аңғартады. Бұл тұлғалас сөздердің (жыларман, сабарман, білермен т. б.) білдіретін мағынасына қарағанда, оқырман деу қисынсыз қолданыс тәрізді көрінеді. Бірақ бұл жерде екінші бір құбылысты да ескеру қажет.
Ол – ман тұлғалы сөздің тілімізде субстанцияланып, заттың аты ретінде жұмсалу фактісінің де бар екендігі, мысалы, атарман (стражник), шабарман. «Жаһангер сонда да жай жата алмады, бар еді атақты көп атарманы. Олардың екі жүзін ертіп алып, Ой қылды залдан барып бата алғалы (Т. Ізтілеуов)3.
«Бірең-саран шабарман старшынды өз қолымен де ұрып жіберіп, болыс, би, қарияларды бойын жазғызбай ақыра ықтырып бет қаратпай жасқандырып тұрды» (М. Әуезов).
-Ман, -мен тұлғалы сөз кейде септік жалғауы не өзге де қосымшалар арқылы субстанцияланған күйде де жұмсалады: Берерменге бесеу көп, аларманға алтау аз (мақал). -Ман, -мен тұлғалы сөзді субстанциялап жұмсау жазушының өзіндік тіл қолданысында да кездеседі. «Әуелі жылда екі рет егін салып, содан ішермендік, тұқымдық алған соң, жер емшегін емуден дәндей берді (М. Әуезов).
-Ман, мен тұлғалы сөздердің тілімізде осылайша субстанциялану ерекшелігін ескерсек, оқырман, көрермен сөздерін кодификациялау (орфографиялық сөздік, анықтағыштарда тіркеп, заңдастырып отыру), норма ретінде мойындау қажеттілігі байқалады.
Жоғарыда сөз болған неологизмдердің дені қоғамдық өміріміздегі жаңа ұғым, жаңа құбылыстарға, содан туып отырған номинация тенденциясына байланысты пайда болса, тілдегі кейбір жаңалықтардың өмірге келуінің себеп-салдары кейде бұдан өзгешелеу болып та жатады. Кейінгі жылдарда тіліміздің сөздік құрамы космос, космонавт, космос кораблі, орбита т.б. терминдерімен, номенклатуралық сөздермен толыға түскені мәлім. Олай болса, телевизор сөзі тұрғанда неге теледидар деп жаңа сөз жасаймыз, немесе космос сөзінің қолданылып жүргендігіне қарамастан оған ғарышты неге қосақтаймыз? Сөзді басы артық қолданып жүрген жоқпыз ба? Газет-журнал беттерінде кейде осы тәрізді пікірлер де шаң беріп қалады.
Ғарыш сөзінің төркін тіліндегі (араб тіліндегі) мағынасы діни ұғымға қатысты сөз, сондықтан да бұл сөздің космос мағынасында жұмсалуы, сырт қарағанда, орынсыз көрінуі де ықтимал. Алайда шет тілден енген сөздер өзге тілге келіп жерсінгенде, бастапқы мағынасының ескерілмейтіндігі де белгілі. Бөтен тілден енген сөзге өзгеше мағына телу қай тілде болмасын кездесіп отырады. Мысалы, әуелде фауна «орман мен дала жаратушысы», флора «гүл мен көктем тәңірі» деген мифтік сипаттағы латын сөзінің тілде өзгеше терминдік ұғымда жұмсалатындығы аян.
Ғарыш сөзінің қазақ топырағындағы мағынасы «алыс аспан, шырқау биік».
Дариядан артық ақылың, Төбең биік ғарыштан. Қартайғанда бір көріп. Зират етіп қайтуға Жамбыл келді алыстан
(Жамбыл).
Ғарыш сөзінің осындай қолданысына қарағанда, оның діни мазмұнға байланысты ұғымы бұл атаудың жаңаша, «қосмос» мағынасында жаңғыруына бөгесін бола қоймайды. Ал ғарыш пен космос сөзінің, екі сөздің, бір ұғымда жұмсалуы ше?
Тілімізде белгілі бір ұғымның бірнеше сөзбен аталатын орайлары бар: жазушы – қаламгер, суреткер, егінші – диқан; мұғалім, оқытушы – ұстаз т. б. Бұл – әдеби тілдің стильдік айырым жігін даралай түсетін белгілер. Олай дейтініміз сөздердің қолдану аясы, жұмсалу орны осындай мәндес сөздер арқылы саралана түседі. Жазушы, мұғалім, оқытушы сөздері әдеби тілдің барлық тармақтарына (стильдеріне) тән бейтарап сөздер болса, қаламгер, суреткер, ұстаз публицистика, көркем әдебиет стиліне тән мазмұны көтеріңкі қолданыстар. Мысалы, ресми стильде СССР Жазушылар одағының мүшесі деп айтуға болатыны белгілі де, осы ұғымды СССР Қаламгерлер одағының мүшесі деп қолдану лайықсыз болар еді. Тіліміздегі космос пен ғарыш, космонавт пен әуегер сөздері де осы тәрізді. Космос, космонавт сөздері әдеби тілдің барлық тармақтарына тән қолданыс болса, ғарыш, әуегер сөзінің публицистика, көркем әдебиет тілінде жұмсалуы орынды. Бұл сөздерді ғылыми әдебиетте, ресми тілде қолдану – стильдік нормадан ауытқу.
Елімізде ғылым, өндіріс, шаруашылықтың әр алуан салаларының қарқынды дамуы тіліміздің сөздік құрамына да әсер етті. Тілімізде терминдер мен терминдік ыңғайдағы сөздер де көбейді. Тіпті баспасөз бетінде олардың тым жиі жұмсалуы, әсіресе публицистика (газет-журнал, радио, телевизия саласындағы тіл) стилінде терминдерге экспрессиялық балама іздеу тенденциясын күшейте түсті. Сондықтан болар, астықты алтын дән, көмір мен мұнайды қара алтын, малды аяқты қазына, телевизорды көгілдір экран, теледидар т.б. деп атау дағдылы, қажетті қолданысқа айналып отыр. Бұларды термин сөздердің «қосарында» жүретін ерекше экспрессиялы сыңары деуге болады. Егер қазақ тілі тек қана ғылымның немесе ресми қарым-қатынастың ғана тілі болса, онда экспрессиялы қолданысқа зәру де болмас едік. Бірақ, жоғарыда аталғандай, экспрессиялы сөз қатарларын қызметіне сай жұмсамау әдеби тілдің стильдік нормасына нұқсан келтіреді, кей жағдайда тіпті өрескел әрі түсініксіз көрінеді (мысалы, ешбір адамның «5 тонна қара алтын түсіріп алдым, бір қап алтын дән алдым» деп сөйлемейтіндігі белгілі).
Сөз мәдениеті алдымен тіл амал-тәсілдерін дұрыс қолданудан, сөз жатықтығынан басталады. Ал жатық сөздің негізгі арқауы – әдеби тілдің нормасы. Бірақ жоғарыда айтылған бірлі-жарым мысалдардың өзінен-ақ әдеби тіл нормасының табиғаты күрделі кұбылыс екендігін, оның әр түрлі ерекшеліктері болатындығын да байқадық. Әсіресе қатаң норма мен босаң норманы дәл айыра білу, босаң нормаға байланысты тілдік варианттардың ерекшелігін, жарыспалы сыңарлардың бір-бірінен артықшылығын сөзіне білу, олардың қыр- сырын дұрыс байқай отырып саралай жұмсау, түптеп келгенде, сөз жатықтығына қойылар талаптар.
Қазіргі қолданысымызда босаң нормаға жататын мүлде басқа – мүлдем басқа, мынадай – мынандай, шын мәніндегі – шын мәнісіндегі, жалғыз – жаңғыз, түгелдеу- түгендеу т. б. варианттардың алдыңғы сыңарына баспасөз беттерінде редактор қаламының еркіндік бере бастағаны сезіледі. Бұлай болуы орынды да, өйткені мынандай дегенге қарағанда мынадай нұсқасы ықшам. Тіл-тілге ортақ заңдылық бойынша ықшам, жинақы қолданыстар (варианттар) тілдің коммуникациялық қызметіне қолайлы көрінеді. Ал жалғыз – жаңғыз, түгелдеу – түгендеу варианттарындағы жалғыз, түгелдеу тәрізділердің артықшылығы – бұлардың өзге тұлғада кездесуі мен дербес қолданылуы: жалғыз, жалқы, түгелдеу, түгел, түп-түгел. Осылардың жарыспалы сыңарлары жаңғыз (жаңқы түрінде қолданылмайды), түгендеу (түген, түп-түген деп айтылмайды) тәрізділерден мұндай ерекшелік байқалмайды. Варианттардың бір-бірінен осындай өзгешеліктері сөзіле бастаған кезде-ақ әдеби тіл нормасына немқұрайлы қарамайтын оқушы артықшылығы бар сыңарларға жіп таға бастайды. Ал қатаң норма түріне байланысты ақау жіберу әдеби тіл нормасына жаттықпаған, тіл мәдениетіне жүрдім-бардым қарайтын адамдарда жиі ұшырасады.
Ой қырымда елімнің аты қандай, Әр атауда талай сыр жатырғандай, Жай көл емес, киелі мынау айдың.
Жазираға жарасқан жарқын маңдай
( Журналдан ).
Ақынның жазирадағы айдынды жарқын маңдайға теңеген әдемі образды жолдарының сымбаты әдеби тіл нормасынан ауытқудан барып бұзылып тұрғандығы бірден аңғарылады.
Әдеби тілдің нормасынан ауытқудың кейбір түрлері тілдегі жарыса өмір сүріп жатқан варианттарға байланысты болса, кейбірі оған мүлде кереғар. Әдеби тілде жүйеленген, қатаң нормаға түскен тілдік амал – тәсілдерді талапқа сай қолданбау сөз жатықтығының бұзылуына себеп болып жатады. Мысал келтірелік. Қазақ тілінде самай сөзінің самай шаш, самайын қырау шалған тәрізді орындарда жұмсалып, адамға байланысты қолданылатыны белгілі. Солай бола тұрса да біз бір автордың былай деп жазғанын, оқимыз: «Баса киген түлкі тымағының екі самайына қалың қырау қатқан. Өзен қария шанадан түскені болмаса қозғалмай тұр» (газеттен). Оқушы секем алатын қолданыс – тымақтың самайы. Секем алған жерде – селкеулік бар. Нормадан жөнсіз ауытқуды жөн көре берсек, екінші біреудің тымақтың желкесі деп тіркестірмесіне кім кепіл? Нормадан ауытқудың мұндай түрлері кейде тіл білмегендіктен емес, мұқиятсыздықтан кетіп жататын мүкістіктер. Ал енді мына бір үзіндіні оқып қарасаңыз, автор сөзді ойнақы құрам деп, қойыртпаққа айналдырып алған: «Адамның кенет толуы не дұрысқа, не бұрысқа көнбейтін өліара сәт қой. Екі қолын қайда қоярын білмей абыржып қалмасы бар ма? Ақыры арқасына айқастырып салды да бұтағын сыпырып, сылып алған сырғауылдай сидия қалды... Сол мұң екен, үстіңгі еріннің сол жақ құйрығы дір етіп шапши қалды... Әкесі күлмей ғұмыр кешті, қиратқанда күлімсірейтін, сонда ернінің сол жақ құйрығы өстіп жоғары шапшып қалушы еді... Костюм үстіне түскен алақаны матаны уыстап мыжғылай берді» (газеттен). Қолды арқасына салу, еріннің құйрығын шапшыту, өліара сәт, алақанды костюм үстіне түсіру, алақанға матаны мыжғылату дегендер кімге де болса, әсіресе қалам ұстап, тіл кестелеймін деушілер үшін кешірімсіз. Мұндай тігісі теріс тіркестер жазушыдан талап етер көркем тілді айтпағанның өзінде тіпті жатық тілге қойылар талаптың маңайына да келмейтіндігі көрініп тұр. Оқушы наразылығын тудыратын мұндай бұрыс қолданыстар газет-журнал беттерінде орынды сыналып та жатады.
Сөз жатықтығына қойылар талаппен мүлде сыйыспайтын ағат қолданыстардың көзге шыққан сүйелдей болып баттиып тұратыны да, бидай арасында өскен бидайықтай көзге бірден шалына қоймайтындары да болады. Сөз мәдениеті үшін әсіресе соңғысы қауіпті. Өйткені ондайлар ет үйрене келе кейбіреулердің дағдысына сіңеді. Сөз жатықтығынан қиыс жатқан қолданыстың бірін байқаған Ғ. Мүсіреповтей сөз зергерінің мына ескертуін еске түсіре кету артық емес. Газет бетінде жарияланған аударма әңгімеден жайма шуақ таң сәріде дегенді ұшыратқан жазушы: «Таң сәріде жайма шуақ болмайтынын білмейді-ау деймін. Жайма шуақ деп кешегі, не болмаса бүгінгі күннің сипатын айтады. Тегінде, мал жаюға болатын қысқы күннің шуағын айтады. Таң сәріде де, тұтас алғанда түн мезгіліне де мұның қатысы жоқ» дейді.
Сөзді былай қолдану дұрыс, былай қолдану бұрыс деп баға беру оп-оңай шешіле салатын да шаруа емес. Оны кейде газет-журнал беттерінде ара-тұра айтылып жүрген тартысты пікір таластардан да байқайсыз. Тіліміздегі бір алуан сөздердің жұмсалуын кейбіріміз даулы деп білсек, екінші біреуіміз ондай сөздерді өз мағынасына сай қолданылған деп танимыз. Сондай сөздердің бірі – паш етті. Осы сөздің мағынасы кейбіріміздің түсінігімізше мүлде бұрмаланған: «Парсыдан кірген «паш» деген сөз де көп жағдайда бұрмаланып алынып жүр. «Паш ету» деген – әшкерелеу, қылмысының, не айыбының бетін ашу деген мағынада... Ал бізде кейбір жолдастар оны «дәріптеу» деген мағынада қолданады» (газеттен). Бұл сөз жөнінде өз ойын ортаға салған екінші бір автордың пікірі де осы тәрізді: «Өлеңнің соңғы жолдары есіңізде шығар: «Зорлығын Мұстафаның паш қыламын!». Сөзіне орай әні қандай қуатты. Жапа шегіп жасыған бейшараның мұңы емес, зорлықшының кінәсын дүйім жұрттың алдыңда бетіне басып тұрған айыптаушының өр, асқақ үні қазақ құлағында мәңгіге қалғандай.
Енді бүгін біз газет-журнал беттерінен екі күннің бірінде: «Әрбір 100 бас саулықтан 150 бас қозы өндірген Пәленшеев Түгеншенің еңбегі паш етуге лайық» тәрізді сөйлемдерді оқитын болдық. Байқап отырсыз ба, мағына қалай өзгерген?
«Әшкерелеу», «масқаралау» мағынасындағы сөз мүлдем керісінше «мадақтау», «марапаттау» ұғымын бүркеніп шыға келіпті» (газеттен).
Бірінші келтірілген мысалда автор паш сөзінің парсы тілінен енгендігін дұрыс айтқан. Бірақ осы сөздің қазақ тіліндегі мағынасын екі автор да дәл көрсетіп, дұрыс түсінбеген. Паш ету – «әшкерелеу, қылмысын, айыбын ашу» емес, тіркестің мағынасы – «жария ету», «әйгілеу», «білдіру». Көркем сөздің көрнекті зергерлері бұл сөзді осы мағынада қолданған. Бірер мысал: «Тауының Шыңғыс, биігінің Хан аталғаны да сол Шыңғыс ханның мекен еткен конысы екенің паш етеді». «Сылдыраған шолпысы әлдеқайда былдыраған тілмен Тоғжанның келері мен кетерін паш етеді (М. Әуезов). Паш етуге байланысты осындай мысалдарды өзге де суреткерлер шығармасынан кездестіруге болады. Бұл жерде паш ету сөзін жоғарыда айтылған пікірдегідей «масқаралау, айыбын бетіне басу, кылмысын ашу» деп түсінсек, «Тоғжанның келері мен кетерін шолпысы масқаралап, қылмысын ашып тұр» деп ұғар едік. Осы мысалдың өзінен-ақ паш ету сөзінің мағынасы «әйгілеу», «жариялау», «білдіру» екендігін байқаймыз. Атақты әнші, композитор Жаяу Мұсаның «Зорлығын Мұстафаның паш қыламын» деуін де «жұртқа жария етемін, әйгілеймін» деген мағынада түсіну керек.
Паш ету тіркесінің кейбірімізді «жаңылдырып» отырған тағы бір сыры бар.
Сөз – аса күрделі категория. Белгілі бір сөздің заттық мағынасымен бірге реңі де болады. Сөздің заттың, ұғымның аты ретінде білдіретін мағынасы лингвистикада денотациялық мағына деп аталады.
Паш ету сөзінің «жариялау, әйгілеу, жұртқа жаю» деген мағынасы – денотациялық мағына. Ал бірсыпыра сөзде осы мағынаға қоса коннотациялық мағына да болады. Сөз реңі деп отырғанымыз осы. Мысалы, қазақ тілінде дидар деген сөз бет-әлпет, түр-түс деген мағынаны (денотациялық мағына) білдіреді, оған үстеме бұл сөзде жағымды рең бар (коннотациялық мағына). Бет әлпет, дидар сөздерінің заттық мағынасы бірдей болғанымен, бірінің орнына екіншісін қолдануға болмайды. Бет әлпеті келіспеген, бет әлпеті нашарлау дегенді дидары келіспеген, дидары нашарлау деуге болмайтыны белгілі. Дидар сөзінің мұндай орындарда жұмсалуына бұл сөздің жағымды реңі (коннотациялық мағынасы) ырық бермейді. Сұңқар сөзі – белгілі бір құстың атауы. Енді осы сөз жігіттің сұңқары дегенде жағымды рең алады. Сөйлеуші баяндалып отырған жайға іш тарта сөйлегенде сөзді жағымды, жағымсыз реңіне қарай талғап қолданады. Сөздің заттық мағынасына ғана назар аударып, реңін елеп-ескере бермейтіндер қадап айтты, шұқшия айтты деп сөзімге жағымсыздау сөйлейді. Мұндайда шегелеп айтты, мұқият айтты деудің жөні бір басқа екендігі көрініп те тұр.
Сонымен, ана тіліміздегі бір алуан сөздің заттық мағынасына қоса жағымды немесе жағымсыз реңі де болады. Ал көптеген сөз бұл қасиеттен қалыс тұрады да, бейтарап реңде болады. Ақындар, жазушылар, журналистер, өнер-білім қайраткерлері, өзге де сөзге шебер адамдар тілде «дайын» күйде кездесетін жағымды немесе жағымсыз сөздерді таңдап қана қоймайды, сонымен бірге ол сөздерге айтар ойының мазмұнына сай етіп, көздеген мақсатына орай әр түрлі бояу дарыта алады. Бұл – сөйлеушінің тіл шеберлігіне байланысты.
Уақыт өте келе тіліміздегі кейбір сөздердің мағынасы да өзгеріп жатады. Ал кейбірінің мағынасы емес, тек реңі өзгереді, жағымды реңдегі сөз жағымсыз реңге көшеді. Еліміздегі саяси-әлеуметтік өзгерістерге байланысты бай, манап, патша тәрізді сөздердің ұнамсыз контексте жұмсала бастағаны белгілі. Сондай-ақ реңі жағынан бейтарап сөздер жаңа бір рең алуы да ықтимал. Міне бұл мәселе – сөз мағынасының өзгеруі деген кұбылыстан бөлек қарауды талап етеді.
Әуелден паш ету сөзінің қазақ тіліндегі мағынасы «жария ету», «әйгілеу», «жұртқа білдіру». Осы сөздің бастапқыда бейтарап реңде болғандығын «Абай жолы» эпопеясынан алынған мысалдан-ақ аңғаруға болады. Тіл жұмсау дағдымызда бұл сөз мына тәрізді контекстерде жиі қолданыла келіп, бейтарап реңнен жағымды реңге көшті:
Октябрь күнінің
Он екінші тойында Паш етейін бір істі Көптен жүрген ойымда
(Сәкен Сейфуллин).
Жарқ етті күн шұғыласы шам жанғандай, Қас дұшпан қайғыланды қам қылғандай. Әлемге паш етілді бір зор есім,
Тамаша айдай әлем таң қалғандай.
Ол есім Ленин еді таң атырған,
Ол өзі нұр шұғыладан жаратылған.
(Нұрхан Ахметбеков).
Паш етті сөзінің осындай ұнамды контексте жиі жұмсалуын, жағымды реңге көшуін қазақ әдеби тілінің үлкен бір арнасы – публицистика стилі жеделдете түсті. Әдеби тілдің өзге саласына қарағанда газет-журнал тілінде жағымды реңдегі сөздер (ұстаз, диқан, еңбеккер, ғарыш, шамшырақ, түлектер, еңбек ардагері, азаткер т. б.), сондай-ақ жағымсыз реңдегі (басқыншылар, итаршы, қанқұмар, қаскөй т. б.) сөздер аса жиі қолданылады. Газет тілінің бұлай болу себебі түсінікті де, өйткені газет үні ерекше. Ол өміріміздегі озық дәстүрлерді, игілікті істерді жай ғана жазып қоймайды, асқақ үнмен дәріптей отырып жұртшылық жүрегіне жеткізе айтады. Келеңсіз жайларды жай атап өтіп қана қоймайды, аяусыз сынап, өлтіре түйрейді. Жұртшылыққа бұлай әсер ету үшін газет тілі әдеби тілдегі жағымды, жағымсыз реңдердегі сөздерді молынан пайдалана отырып, өзі де бейтарап сөзге тыңнан рең дарыта біледі.
Әдеби тіл процесіндегі мұндай елеулі өзгерістер тілдің қоғамдық қызметінің арта түсуіне де байланысты. С. Коэннің ойлап шығарған нейтрон бомбасын капитализм елдеріндегі реакцияшыл баспасөз «мәдени қару, адамгершілік қаруы, тек адамды ғана өлтіреді, ал материалдық игілікке еш зияны жоқ» – деп, түрлі ат қойып, айдар тағып, эвфемизммен (сыпайы сөзбен) бүркемелемек болды. Ал біздің еліміздің, социалистік елдердің баспасөзі нейтрон тәрізді ядролық қарудың адамзат үшін тажал екендігін ашық айта келіп, жалған мадақтаудың бет пердесін сыпырып, өткір, өтімді түрде өлтіре сынайды. Мұндайда жағымсыз реңдегі сөздерді талғай білудің әсері айрықша. «Халықаралық физиктер семинары» деп айдар тағылған жын ойнақта С. Коэннің түсігін езуінен көбік аққанша мадақтады» (газеттен).
Газет тілі үшін бағалауыш сөздер (жағымды, жағымсыз реңдегі сөздер) ауадай қажет. Сұхбат тәрізді кейбір сөздеріміздің қазіргі кездің өзінде-ақ бейтарап реңнен жағымды реңге көшіп келе жатқандығын байқау қиын емес. Сұхбаттасу – «әңгімелесу» деген мағынаны білдіреді. Бірақ сұхбаттасты дегенде жай ғана тілдесу деп ұқпаймыз. Келелі мәселе көтеріп, терең пікір қозғаған, тартымды да, әсерлі әңгімені «сұхбат» деп түсінеміз. Қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, өнер майталмандарымен болған әңгімеге қазір газеттеріміз «сұхбат» деген айдар тағып жүруі де бұл сөздің жағымды рең алып келе жатқандығының көрінісі.
Сөзді лексикалық мағынасына сай дұрыс қолдана білумен бірге әсіресе жаңа рең алып келе жатқандарының бояуын сезіне отырып жұмсау – сөз мәдениетіне, оның ішінде сөз жатықтығына қойылар талаптың бірі.
Күндегісін күнде қолданып жүрген сөздің алуан қыры мен сыры бар. Оны кейде байқасақ та, кейде байқай бермейміз. Бір ақын өз өлеңінде сөзді кітапхана сөресінде тұрған кітаптарға теңеген екен. Кейбір сөздер қаз-қатар тізілген кітаптардай көз алдыңда тұрады, қол созып сөреден ала бересің, керегінше пайдаланасың. Ал кей сөздер кітапхананың алтын қорында жатқан қымбат қазынадай. Халықтың өткендегі өмірін, ерлік дәстүрі мен елдігін, қайғысы мен қуанышын, өлең-жыры мен ұғым-түсінігін сол кітаптардан табасыз. Тілдегі сөздер де бір-бір кітап. Тек оны оқи білу шарт. Сөз-кітапты кім қалай оқиды? Басқасын айтпағанда, сөз мағынасы туралы бәріміздің түсінігіміз бір жерден шығып жата ма? Тіл туралы қам жеп, жақсы ниетпен жазылған мақалаларда сөз мағынасы, оның тағдыры жайындағы әркімнің түсінігі мен жорамалы әр басқа болып та жатады. «Мына сөздің байырғы кездегі мағынасы былай еді, қазір неге басқаша қабылдаймыз? Бұл сөз өзге тілден енгенде өзгеше еді, енді танымастай болып барады» – деп, ондағы жаңару мен жаңғыруды жақсы нышанға жорымайтынымыз да бар. Сондай мақалалардың бірінде жазира сөзінің мағынасын «түсінбей қолданып» жүргеніміз сөз болады. Автордың сондағы дәлелі мына тәрізді. Бұл сөз араб тілінен енген, төркін тілінде білдіретін мағынасы – «шөл», «арал». Сондықтан масатыдай кұлпырып тұрған жерді жазира дегі атау дұрыс емес т. б. Осындай пікірге қарағанда, жазира сөзін жаңылыс мағынада қолданып жүрген тәріздіміз. Кезінде бұл пікірге кейбіріміз құлақ асып, құлай жығылдық, кейбіріміз дүдәмал күйде қалдық.
Шындығында, жазира араб тілінен енген сөз, мағынасы – «шөл», «арал». Онда неге жазира сөзін үш қайнаса сорпасы қосылмайтын гүл, жасыл сөздерімен тіркестіріп гүл жазира, жасыл жазира деп атаймыз? Бұлай қолдану мүлдем теріс емес пе? «Шөл», «арал» мағынасында өзге жұрттан қоныс аударған бұл сөз қазақ топырағына алғаш түскен сәтте де «шөл», «арал» мағынасында қолданылған екен.
Жазираны гүлстан ету үшін, Төбені ойға аударып тастаған ер
(Халық ақындарынан. Мысал Н. Оңдасыновтың аталған кітабында көрсетілген)4. Бұдан жазира сөзінің «шөл» деген мағынада жұмсалғандығын байқаймыз. Енді бұл сөздің «арал» мағынасында қолданылғандығына мысал келтірейік:
Жолықты бір жазира және тағы, Кең арал, мұхит теңіз екі жағы. Ғажайып зифа харам бір жазира, Адамның бастарындай жеміс бағы.
(Ғашықтық жырлардан).
Сөзге көне сипат беріп, стилизациялап жұмсауды көздеген ақын- жазушыларда болмаса, бүгінгі тіл қолданысымызда жазира сөзі «шөл», «арал» мағынасында қолданылмайды. Бұлай болуы заңды да, өйткені алғашқыда қазақтың арал, шөл тәрізді төл тума, байырғы сөзімен бәсекеге түскен жазира басы артық қолданысқа айнала бастады. Өзінің өзгеру, даму барысында тіл не бір балластан (басы артық қолданыстан) арылып, өзін-өзі «реттеп» отырады. Бірақ балластан арылудың жолы әр түрлі. Басы артық кейбір сөз, элементтер қолданыс үйірінен мүлдем шығып қалады, кейбірі, керісінше, бәсекелесімен тайталас жұмсала келіп, өзгеше мағынаға ие болады. Олай болса жазира сөзінің мағынасы қалайша өзгеріп, полярлық қарама-қарсы ұғымға ие болды?
Мұндай өзгерістің болуы кездейсоқ, қисынсыз емес. Оның өз заңдылығы бар. Жазира «шөл» деген бір бүтін ұғымның ғана емес, сол бүгінге кіретін бөлшектің атауы. Бұл жерде бүтіннің бөлшегі деп отырғанымыз – шөл мен шөлейт далаларда кездесетін оазис (жасыл алқап). Қазақ тілінде бастапқыда бүтіннің атауы болған сөз белшектің атауына көшкен. Бөлшектің бүтіннің атауымен атала
беретінің өзге де мысалдардан байқауға болады. Мысалы, үкі – құс, үкі – тақия мен домбыраға әшекей үшін тағатын қауырсынның атауы.
Сонымен жазира сөзі бүтіннің бөлшегін (оазисті) білдіретін атауға көшті. Кең байтақ қазақ даласы ұлы теңіз тәрізді көрінсе, оның әсем көріністі Көкше, Қарқаралы тәрізді оазистері аралға ұқсар еді. Осындай оазистер жазира, гүл жазира, жасыл жазира делініп ерекше реңмен аталып жатса, еш жаттығы жоқ. Оны жаман нышанға жоруға болмайды. Кейбір тілдерде, мысалы монғол тілінде, арал сөзі «түбек», «остров» әрі «оазис» деген мағынаны білдіреді.
Ертедегі түркілерде де арал сөзі 1) «остров», 2) «оазис» деген екі түрлі мағынаны білдірген болуы керек. Арал теңізі деген географиялық атаудың жасалуына осы сөздің екінші мағынасы («оазис») негіз болуы ықтимал. Құм мұхитының арасынан бұл теңіз аралдай (оазистей) болып көрінсе керек.
Бұл – сөздің ұқсату заңдылығы бойынша аталуы. Сөздің кейде бүтіннің бөлшегін білдіретін мағынада жұмсалуы немесе ұқсату арқылы өзгеріп отыруы – тіл-тілде болатын заңды құбылыс. Одан бейхабар жанға мұндай өзгерістер білместіктен кеткен ағат қолданыстай болып көрінеді. Егер осындай қисынды өзгерістерді мойындамасақ, қазіргі қолданылып жүрген шебер сөзінің мағынасынан да бас тартқан болар едік.
Көктем мезгіл болғанда, Көктен кұйған тамшыдай, Шебер қыздың қолында, Балдағы алтын қайшыдай
(«Қобыланды батыр»)
Қазіргі тілімізде «он қолынан өнері тамған адамды» шебер деп атасақ, әуел баста бұл «сұлу» деген мағына аңғартқан. Монғол тілінде цэвэр «әсем», «әдемі», «таза», «сұлу» дегенді білдіреді. Тілдегі құбылыс із-тозсыз кетпейді. Бұл сөздің «сұлу», «әсем» деген көне мағынасы көршілес тілде сақталған.
Тілімізде негізгі мағынасын сақтаған, бірақ тұрақты сөз тіркестерінің құрамында айтылғанда өзгеше қызметке көшкен сөздер де бар. Қара сөзінің жеке алғандағы мағынасы түр-түсті білдіретіндігі белгілі, ал кейбір сөздермен тіркес құрай келгенде, бұл сөз мүлде өзгеше мәнге көшеді. Қара шаңырақ, қара орман, қара жол. Бұндай тіркестерде қара сөзі «ұлы» «үлкен» тәрізді ұғымды аңғартады. Қызыл сөзі де осы тәрізді, тұрақты тіркестерде өзгеше мәнде жұмсалады: қызыл май болу – «әбден болдыру, шаршау», қызыл аяқ – «жалаңаш-жалпы», қызыл қарын – «жас бала»
мағынасын білдіреді. Осылайша өзгеше мағынада жұмсалатын сындық ұғымдағы сөздер тіл білімінде ахроматизмдер деп аталады.
Заттық ұғымды білдіретін кейбір сөздер де тұрақты тіркес құрамында айтылғанда күшейткіш мәнге көшеді. Сондай сөздердің бірі – қан: қан сонар – «нағыз сонар», қан сәске – «ұлы сәске», «түске таяу шақ», қан сорпа – «қызыл май болу», қан қаза – «ауыр қаза», қан қазына – «зор», «үлкен қазына», қан базар – «қайнаған базар». Осы соңғы тіркес ақын-жазушы, өзге де қалам иелерінің сөз қолданысында «у-шу», «қызық думан» деген мағынада жұмсалады. «Абай да бұрынғы жылдар осы Көлқайнардан сонау Байқошқар өзеніне жеткенше он шақты көшіп баратын сапарды қызығы бітпес қан базардың көшкеніндей көретін» (М. Әуезов). Мұндай қолданыстардағы қан базар тіркесін хан-базар түрінде «дұрыстаудың» қажеті шамалы. Тілімізде қан базарға ұқсас тіркестің бірі – қан жайлау. Кейбіреулер бұл тіркестің мағынасын дәл түсінбей, «үлкен жайлау» деп те ұғады. Шындығында, малшы тұрмысында қан жайлау мезгілдік ұғымға байланысты айтылады 5.
Өйткені жайлаудың алғашқы кезеңі, басталар шағы бар. Бұл кез өз көрінісімен әсем. Қыстаудан көктеуге шыққан жұрттың алды жайлауға келіп, қоныс тебе бастайды. Жайлау отының сонысына тіс тимей, құрағының қаймағы бұзылмай тұрады. Бұдан кейінгі кез – қан жайлау. Бұл шақта жайлауға көшетін жұрттың бәрі келіп болып, бас-аяғы түгел жиналады. Той-думан, ас-су, қонақ кәде, ат жарыс, өнер жарыс т. б. қызықтардың өткізілетін шағы да осы тұс. Сондықтан да жайлаудың нағыз қызып қайнаған дер кезі қан жайлау деп аталса керек. Ел салтына байланысты айтылатын мұндай сөздер М. Әуезовтей ұлы суреткердің қаламынан қаға беріс қалмаған. «Үлкен-үлкен төрт бөлменің бұл сағаттағы қаракеті қалың топыр, қан жайлаудағы бәс пен астан бір кем емес» (М. Әуезов).
Жайлаудың той-думаны азайып, тұяқ таптамаған, жапырылмаған сонысы қалмай, жұрттың алды көше бастаған, базардың тарқар сәтіндей шақтың да өз атауы бар. Ол – сары жайлау. Жайлаудың мерзімге байланысты атауларын ғана емес, кеңістікке қатысты аттарын кездестіреміз: ой жайлау немесе етек, бөктер жайлау, төр жайлау; кер жайлау. Осылардың ішінде кер жайлауды «кең жайлау» деп түсінетіндер де бар. Бұл түсінік дәл емес. Кер жайлау – «ең алыс», «ең биік» жайлау. Мұндай жайлауда у-шу аз болады. Мал оңаша бағылып, қоңды күтіледі.
Осындағы кер сөзін М. Қашғаридің сөздігінде кездесетін, «аттың шоқтығы», «таудың төбесі» деген мағынаны білдіретін керіш 6атауымен салыстыруға болады. Бұл сөз түбір мен қосымшадан құрылуы ықтимал: керші.
Сондай-ақ тау беткейін қуалай түскен, етекке көлбеулеу жатқан жол кер жол деп аталады. Кей жерлерде кер сөзімен аталатын жеке биіктердің, шындардың атаулары кер сөзінің «биік» деген ұғымды білдіруіне байланысты қойылуы ықтимал. Кертау – Орталық Қазақстандағы биік, Кер – Жоңғар тауындағы шың.
Осындай ерен біткен Жүрек тауын, Жағалай біткен жасыл алма бауын.
Күн сайын жылы леппен жауып тұрады, Кербез шың – Кер бұлтынан сепкен жауын.
(Сара Тастанбекқызы).
Сөз мағынасының өзгеруі, қызметінде жаңа бір қырдың пайда болуы, өзгеше реңге көшуі тілдің өз заңдылықтары бойынша өрбіп отырады. Соларға сүйенбей, оларды елеп-ескермей, «дұрыс» не «бұрыс» деп кесім айтып, әркім өз қиялынша топшылау жасап жатса, көлеңкеге қарап пішкен тоңдай келіссіз болып шығуы да мүмкін. Сөздің де сөзі болғанмен, сарасы бар. Тіл табиғаты мен заңдылығын дәл сезініп, дәлелмен дұрыс айтылған сөздің жөні тіпті бөлек болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:


1.І.Кеңесбаев. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы, 1977, 316-318-бет.
2.Н.Оңдасынов Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. Алматы, 1969, 48-бет.
3.Р.Сыздықова Қазақ әдеби тілі – 60 жылда (Дамуындағы тенденциялар мен принциптер)– Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарлары. «Тіл әдебиет сериясы», 1980, No 3, 5-бет.
4.Древнетюркский словарь. Ленинград, 1969, 504-бет.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет