Филология факультеті «5В011700» Қазақ тілі және әдебиеті мамандығының



бет2/2
Дата14.12.2021
өлшемі31,52 Kb.
#126574
1   2
Байланысты:
жанр тип Кәдірбек Динара 1сөж
Презентация1, 1,2,3,4 тоқсан БЖБ 8 сынып, 1-нұсқа пиза, Бекслан казгу, Бекслан диплом, Алаш диплом
Қорытынды бөлім:

Педагог, ақын, жазушы Тайыр (азан шақырып қойған аты Тайлақбай) Жомартбайұлы 1884 жылы Семей губерниясы Шыңғыстау өңіріндегі Мұқыр болсында «Ақдала» деген жерде, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Көкбай ауылында дүниеге келген. Тайырдың алғашқы есігін ашқан оқу орны – Абайдың замандасы, белгілі ақын Көкбай медресесі болады.

Тайыр өнер-білім қуып, Уфа қаласына барып, «Ғалия медресесіне» оқуға түседі. 1911 жылы медресені бітіріп, өзімен бірге оқып шыққан Адығия Фазирисламқызына үйленіп, Семей қаласына келеді. қазіргі Жаңасемей қаласында 1910 жылы ашылған мұсылман мектебінде Тайыр пте ер балаларға, әйелі Адығия қыз балаларға сабақ береді.

«Балаларға жеміс» атты кітабы «Жәрдем» баспасынан 1912 жылы Семейде жарық көрді. «Балаларға жеміс» сол кездегі бүкіл Семей облысындағы қазақ, татар мектептерінің оқу құралы болды.

Педагог ақынның балаларға арналған шығармалары жалаң үгіт – насихат өлеңдер емес, жас оқушыларды ойландыратын, ізгі іс-әрекетіне құлшындыратын сана – сезіміне әсерлі, шағын уақиғалы өлеңдер болып келеді. Жинақта 13 өлеңінен басқа үш аударма: К.Д.Ушинскийдің «Приглашение в школу», Л.Н.Толстойдың «Старый дед и внучек» әңгімесі мен «Проведный судья» ертегісі. Тайыр ол шығармаларды «Мектепке шақыру», «Үлкен әке һәм немере», «Махмұт патша һәм қайыршы» деп еркін аударма жасаған.

1912 жылы Семейдегі «Жәрдем» баспасынан «Қыз көрелік» романы кітап болып басылып шыққан. Роман жетпіс екі жыл бойы жарық көрмей келіп, тек 1982 жылы жоғарыда аталған «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары» кітабында жарияланды.

Жиырмасыншы ғасырдың басында жазылған басқа романдардан «Қыз көрелік» романының өзіне тән ерекшелігі бар. Жомартбаев шығармасының бас кейіпкері Ғайникамал тек өзінің қара басының ғана қамын ойламайды. «Өзім секілді қазақтың сорлы қыздарына пайдамды тигізіп, оқытып, өнеге-үлгі шашсам-ау», дейді. Ғайникамал таудай талап, жәгерінің арқасында көздеген мұрат-мақсатына жетеді.

Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» атты туындысы – қазақ прозасында эпостық әдебиет жанрындағы алғашқы үлгілерінің бірі. Автордың өзі «Қазақ тіліндегі роман» дегенмен, көркем әдебиеттің өркениеттік талаптары тұрғысында қарағанда, бұл шығарма – хикаяттық деңгейдегі туынды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлы әңгіме, ұзақ әңгіме, ұсақ әңгіме болып бөлінулері үлкен-кішілігінен ғана. Мазмұндау жүйесі бәрінде де бір, айтылу аудандарында айырма бар», – деген сөздері осы ойды дәлелдей түсетін сияқты.

Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелігі» – көлемі жағынан ұзақ әңгіме деңгейіндегі ағартушылық-әлеуметтік сипаттағы шығарма. Оның ағартушылық реализм көркемдік әдісінің аясында жазушы адамдардың өмірлік мұрат жолындағы күрескерлігін танытуды көздеген және сол заманның мүмкіндігінше авторлық идеясын орындап шыққан. Шығарманың тақырыбы – адамның әлеуметтік ортадағы жан-жақты ізденуге, жетілуге мүмкіндік иеленетін бостандық, идеясы – адамдардың тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастағы ең озат адамгершілік қасиет сапаларын иелену мүмкіндігін таныту.

Дәстүрлі тақырыптан жаңа проблематика қозғаған “Қыз көрелік” романы – қазақ қыздарының бас бостандығы туралы күрделі жанрда жазылған көлемді шығармалардың бірі. Семейдегі “Ярдам” баспасынан 1912 жылы жарық көрген.

Роман басындағы эпиграф тәрізді мына жолдар шығарманы талдауға апарар кілт тәрізді:

Деп жүрген жас жігіттер қыз көрелік,

Таңдап ап сұлу қызды мал берелік.

Мырзалар қыз таңдаған келсін мында,

Жігітті қыз таңдаған біз көрелік.

“Жігітті қыз таңдаған біз көрелік”, демек, автор ХХ ғасырдың басында көп қозғала бастаған тақырыптың өзіне әңгіме болмаған жаңа қырынан келген. Әдетте, бұл тақырып қыздардың қалың малға, ескі әдет-ғұрыпқа қарсылығы, күресімен қабаттаса баяндалады. “Қыз көрелік” романында осы тақырып проблематикасын мүлде басқа бағытта көтереді. Енді қыз таңдап жүрген мырзаларды қыздың өзі таңдауы керек.

Жаңа идеяның өзі жаңа пішінді талап етеді. Автор осы идеяны шартты реалистік мазмұнға көшіріп, көркем бейнелеуге тырысқан.

Дүниені шарлап қалыңдық іздеп жүрген іргелі рулардың атақты байларының балалары Ғайынкамалды кедей жігіті Мұхаметқалимен оп-оңай қалай жібереді? Реалистік арна авторды осы бағыттағы тартыстарға киліктірер еді басқа мазмұнға апарар еді. Автор мақсаты - өзінің ағартушылық-демократтық көзқарасына сай, тәрбиелік мәнді шығарма. Роман құрылымы, пішіні осы мақсаттан туындайды. Автор мақсатынан, идеясынан ауытқымауға тырысады. Кейде шығарма көркемдігіне нұқсан келгеніне де қарамай, өз идея, мақсатын орындап шыққан.

Басты кейіпкер  – Ғайникамал. Әкесі Ғайсаның егде жасқа келген кездегі туған перзенті Ғайникамал отбасының үлгілі тәлім-тәрбиесімен қалыптасып, одан кейін арнаулы мұғалімнен ауылдас кедей балаларымен бірге білім алады. Жазушының дәстүрлі эпикалық баяндауынан кейіпкердің рухани деңгейі анық: «Сонда Ғайникамал қасындағы бірге оқыған қазақ балаларының жалқаулығына, оқымайтындығына қапа болып, он жасында-ақ ойлап, өлең жазушы еді һәм жаңа шыққан романдарды және Ибраһим Құнанбайұлының жазған өлеңін бек көп оқушы еді».

Ғайникамалдың жаңашыл тұлғасы оқиғаның шиеленісуі кезеңінде әуелден айрықша байқалады. Үш жігіт қызды бір-біріне қимай, өзара таласқа түскен кезде, Ғайникамалдың үшеуінен де бас тартып, өзінің білімімен деңгейлес адамды ғана қалайтынын ашық айтқаны және өзімен рузани жағынан теңдес ақылды, оқыған жігіт Мұхаммедғалиді таңдағаны кейіпкер қыз бейнесінің шоқтығын көтере түседі.

Романның идеялық жаңашылдығы Ғайникамалдың әкесі Ғайса арқылы да айқын көрінген. Ғайса – қыз баланың рухани кемелдену тұғырында болуын тілейтін ізгілік иелерінің жинақталған тұлғасы. Қыз баланы жастайынан атастырып қойып, бағын байлауға қарсы болған осындай озық ойлы әкелер арқылы қазақ ортасында жаңашылдық көзқарасты насихаттау – автордың негізгі суреткерлік ұстанымы. Романның көркемдік түйіндері арқылы автор қазақ қыздарының жан дүниесіндегі рухани еркіндікті сүйетін, өзіндік өнегелі істерімен өмірге ізгілік нұрын шашатын көркем жинақталған тұлғасын ұсынған.

Тақырыптық мазмұн қазақ қыздарының бас бостандығы болса да, авторлық идея күрделі. Оның Абай қара сөздеріндегі идеялармен үндестігі бар. Т.Жомартбаев – адамнан адамның айырмасы-білімінде деген Абай афоризімін ағартушылық қызметінің ұраны етіп ұстағаны ұстаз.

Қаламгер ұстаздық қызметінде роман сюжетінде қолданатын француз ертегісіндегі шешендік сұраққа ойға қалуы, қыз кімді таңдайды дегенге шәкірттерін де ойлантып, өзі де ойланған болуы керек. Қыз таңдауы ғаламат сыйлықтар әкелген жігіттерге емес, адамзатқа пайдасы мол, теңдесі жоқ қажетті нәрселерді жасай алатын сауатты, білімді, өнерлі жігітте болуы керек деген ойдан туындаған тәрізді. “Қыз көретін жігітті бір көрелік” идеясының бастауы ағартушы-демократтық көзқарас, қызметте екені белгілі.

Қалыңдық іздеген бай балаларының бір күнде келіп құда түсуі, байлық, дәулет, атақ абыройларының бірдей болуы авторлық ой, идея, көркем шешім үшін әдейі таңдалған тәсіл. Роман уақиғасы – талай халықтар әдебиетінде бір таныс сюжет, әйгілі мотив. Мысалы, шығыс халықтарында кең таралған сюжет: үш жігіт ағаштан (саздан т.б.) сұлу қыз жасайды. Бірі ағаштан жонады, бірі киіндіреді, бір жан салады. Бәрі біткенде үшеуі қызды мен аламын деп таласады; тағы бір сюжет: самұрық алып кеткен хан қызын үш жігіт құтқарады, бірі оның қайда екенін тапса, екіншісі самұрықты атып түсіреді, үшіншісі оны жерге түсірмей қағып алады т.с.с. Тағы да оған таласады.

“Қыз көрелік” романының көркемдік жүйесінің негізіне осындай жасанды синкретті сюжет әдейі таңдалады. Енді осы ертегі мен роман арасындағы идеялық сәйкестер мен өзгешелікті ажыратып көрелік.

Ертегі сюжеті. Бір шалдың сұлу қызына үш жігіт келіп көңіл білдіреді. Үшеуі де қызға ұнайды. Қыз оларды сынау үшін маған сыйлық әкеліңдер деп жұмсайды. Олар сиқырлы айна, жәшік, бальзам табады. Сөйтсе, ғашық қыздары аяқ астынан дүниеден өтіпті. Оны айна арқылы көріп, жәшікпен ұшып жетіп, бальзам арқылы тірілтіп алады.

Қыз олардың бірін таңдау үшін бір жыл уақыт сұрайды. Қыз кімді таңдамақ? Оқушы алдына осы сұрақ тартылады. Ертегі сюжеті осы.

Т.Жомартбаев романының идеясы, фабуласы бұл сюжеттен өзгелеу. Қаламгер алдына ағартушы-демократтық мақсат қояды да роман көркем мазмұнын соған бағындырады. Бұл форма ертегі мазмұнын да айтарлықтай өзгертеді. Уақиғаға да, кейіпкерлерге де авторлық интенцияда (әрекетте) жаңа көзқарас, көп идея бар.

Роман құрылымында ертегілік фабула мәні мотив түрінде ғана алынады деуге болады. Бірдей, ұқсас адамдардың бірдей қызметі арасынан мәндісі, маңыздысы туралы ойлану. Философиялық астары жан мен тән, рухани әлем мен сыртқы тірлік, байлыққа бағытталатын ізденістерге. Ойларға бастайды.

Т.Жомартбаевтың ертегі мотивінде де жаңалық бар. Ертегідегі жігіттер – сұлу жігіттер. Айтушы оларды бірінен бірін бөлектемейді, сынамайды да.

Т.Жомартбаев та жігіттер әрекеті, сөздері, ойлары ирониясы аралас юмормен жазылады. Заман өзгеріп жатқанда сұлу қыз іздеуден басқаны мұрат қылу түгіл, ойламаған надан жігіттер. Ертегіде жігіттер қызға ғажайып сыйлықтар іздейді. Т.Жомартбаев та адам ақыл-ойы, ғылымның соны жемісі, адамзатқа пайдасы мол нәрселер іздейді.

Ертегіде қыз таңдау белгісіз. Ойлану оқушы үлесінде. Т.Жомартбаев та, сауатты, білімді Ғайынкамалдың кімді таңдайтыны белгілі. Зиялы Мұхаметқалиды романға сол үшін енгізеді. Демек, авторлық идея өзегінде “...Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық” – деген Абай ойлары бар. Романда Т.Жомартбаев осы идеяны көркем мазмұнға айналдырады.

“Қыз көрелік” туралы пікір айтушыларды біраз ойға қалдырған мәселе ағартушы-демократтық идеясы айқын, терең мазмұны бар шығармада ертегі фабуласының пайдаланылуы, әрі оның Т.Жомартбаев романы құрылымының синтетикалық сипатын ғана танытпай, көркем мазмұнын да белгілеуі.

Көркем мазмұн мен авторлық идея арасындағы қатынасты, байланыс пен айырманы жан-жақты тексеру қаламгер ізденістеріне талдау жасауға да мүмкіндік береді. Әрі бұл көптеген ірі шығармаларда кездесетін қыстырма бөлшектік (элементтік) эпизодтық тиісті қолданыс емес. Ірі шығармада шағын ертегіні мақсатты қолдану арқылы шығарма идеясын, авторлық ойды, көркемдікті күшейтуге қол жеткізген. Өкінішке орай, ХХ ғасыр басында қазақ прозасында қылаң берген бұл әдіс кейін өз қолдаушыларын таппағандықтан, авторының оны жүйелі ізденіске, көрікті келісімге ұластыра алмауынан жалғасын таппай қалды. Ал өзге халықтар әдебиетінде ол қаншалықты қуатты тәсілге айналғанын Г.Маркес, Ш.Айтматов т.б. қаламгерлер шығармалары дәлелдей алады.



Қорыта айтқанда, Тайыр Жомартбаевтың әдеби мұрасы қазақ халқының рухани мәдениетіндегі жаңашыл, ағартушылық эстетика идеясын ұстанған бағыттың көркемдік көрсеткіштері қатарында бағаланады. Оның шығармалары Абай дәстүріндегі қазақ әдебиеті дамуының жаңа ізденістердегі талпынған өркениеттік бағдарын да өз дәрежесінде таныта алады. 

«Қыз көрелік» романының сол дәуірдегі қазақ жастары, үшін тәрбиелік мәні зор болды. Қазақ оқушысының қызыға, құныға бас алмай оқитын кітабына айналды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет