Филология Институты



Дата11.03.2023
өлшемі106,22 Kb.
#171856
түріҚұрамы
Байланысты:
Хандық дәуір әдебиеті
презентация, Инклюзив 1, Көне түркі жазу ескерткіштері

Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университеті
Филология Институты


СӨЖ-2
Тақырып:Ноғайлы әдебиеті ұғымына талдау жасау
Орындаған:Тойбек Шұғыла
Қабылдаған:Даутулы Тұрсынбай

Алматы
Жалпы Ноғайлы дәуір әдебиетіне тоқталмас бұрын, Ноғай халқы қалай қалыптасқанымен танысып алсақ.


Қазақ халқы әр түрлі тайпалық одақтар мен ұлыстардың құрамында болған бір тектес түрік руларынан құралды. Осындай тілі ортақ, әдет, салты ортақ рулардың бір тобы қазақтарға Ноғай Ордасынан қосылды.
Ноғай аталған халықтың негізін монғол жаулаушыларының құрамында болған рулар қалыптастырған. Олар жергілікті қыпшақ тектес елдермен араласып, уақыт өте келе жеке халық ретінде дүниеге келген. 
Ноғай Ордасы ХІІІ ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. «Ноғай», «ноғайлықтар», «Ноғай Ордасы» деген терминдер алғаш рет ХVІ ғасырдың басында ғана пайда болды. Ноғайлықтар өздерін маңғыт деп, ал өз ұлысын – «Маңғыт жұрты» деп атаған. Оларды көрші халықтар осы атымен білген.
ХІІІ ғасырдың екінші жартысында маңғыттар Алтын Орданың уақытша билеушісі түмен басы Ноғай иелігінің құрамына кіреді. Осыдан барып «Ноғай Ордасы» ұғымы шыққан.
ХVІ ғасырдың екінші жартысында Қазан және Астрахань хандықтарының Ресейге қосылғанынан кейін, Ноғай Ордасы бірнеше дербес иеліктерге ыдырады, оның ыдырау үрдісінде халықтың бір бөлегі қазақтың Кіші жүзінің құрамына енді. Ноғайлар мен қазақтар аралас-құралас отыра берген. Өзара туыс екі Орда – ноғайлар мен қазақтардың бірге көшіп жүрген уағын «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» алтын заман ретінде бағалайды Шоқан. 
Қазақстан Ғылым Академиясы орталық кітапханасының қолжазба қорындағы «Мұрын жыраудың өмірбаяны және қысқа өлеңдері. Көкше батыр» қолжазбасында мынадай мәлімет беріледі: «Ноғайдың әуелі келіп жайлаған жері Әз Жәнібек ханның Астраханнан келіп орын алуы мен ноғайлар да осылай қарай өте бастады. Әз Жәнібектен бұрын бұның алдын қалмақ иеленіп қалып бермеген, сонан ноғайдың ерлері қалмақты бостырған.
Ноғайдың тарауы үшке бөлінеді:
1) Қарақыпшақ ноғай, оларға: Қобыланды батыр жатады.
2) Қырымды ноғайға жататын: Ер Көкше, Ер Қосай, Айсанның ұлы Ахмет, Ақжонас ұлы Ер Кеңес, Асанғайғы, Ер Абат, Қарға бойлы Қазтуған, Нәрік ұлы Шора, Шынтас ұлы Төрехан т.т.
3) Шер куртты ноғайға жататындар: Алатайлы Аңшыбайдың тұқымы Мұраттың маған айтуы осы».
Жалпы ноғай Ордасының Қазақ хандықтарының қалыптасуына үлкен әсері болған. Қарақалпақ халқы да осы Орданың құрамына кірген халықтар негізінде пайда болды. Бүгінгі таңда Солтүстік Кавказда осы орда құрамына кірген құмық, балқар, қарашай халықтары тұрады.
Бұл күнде бұрын ноғайлы әдебиеті делініп келген туындылардың көпшілігі қазақ әдебиетінің қорында сақталып, оның төл туындыларына айналып кеткен. Мысалы, «Ер Төстік», «Жиренше шешен», «Алдар Көсе» т.б. ертегі, аңыздар мен «Алпамыс», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Қосай», «Ер Сайын», «Едіге», «Қырымның қырық батыры», «Ер Жабай», «Ер Шора», «Орақ-Мамай» сияқты эпостық жырлар – сол ноғайлы заманының мұралары.
Ноғайлы дәуірі әдебиеті туралы алғашқылардың бірі болып Шоқан Уәлиханов ХІХ ғ. сөз еткен еді. Ол өзінің еңбектерінде қазақтың батырлық эпосы Ноғай ордасы заманында туған деп тұжырымдайды.Ол Торғай даласынан «Ер Көкше», «Едіге», «Орақ» жырларын жазып алады.
Кейіннен Сәкен Сейфуллин осындай жағдайларды ескере келіп, эпикалық аңыздауларға «Ноғайлы дәуірінің туындылары» деп сипаттама берген.
Қазақтағы батырлар жырының дені «Ноғайлы дәуірінде туды» дей келе, пікірін дәлелдеу үшін сол дәуір жайында тарихи деректер келтіреді. Сонымен қатар жырлардың Ноғайлы дәуірінде туғандығын көрсету үшін бірнеше жырдан («Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қамбар батыр», «Ер Сайын», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Жабай батыр» т.б.) сөзіне дәлел ретінде үзінділер алады. Сәкен еңбегінде қазақта эпостық жырлар тек «Ноғайлы дәуірінде» туған деген пікір баса айтылады 
Ноғайлы әдебиеті туралы пікір айтқан тағы бір ғалымымыз Қ. Жұмалиев қазақ эпостарының жасалыну жолдарын ХІV-ХVІ ғасырлардағы Алтын Орда дәуірімен байланыстырған Шоқан Уәлиханов пікіріне сүйенеді. Оның: «Қазақ, қырғыз, өзбек, ноғайдың ауыз әдебиеттерінің бір түрі батырлар туралы жырлар. Бұл жырлардың көбі Алтын Орда дәуірінде болған тарихи адамдар туралы. Соған қарағанда бұл жырлар ХІІІ ғасырдың ақырында, ХV-ХVІ ғасырларда жасалған сияқты», – деген пікірін дәлелге келтіреді
Осы тарихи кезеңде туған жазба әдебиет үлгілері де бар, бірақ олардың қай тарихи кезеңге жататындығы туралы түрлі пікірлер айтылып келеді. Кейбір зерттеушілер бұл кезеңді Дешті Қыпшақ немесе Алтын Орда дәуірінің әдебиеті деп те атайды. Бірақ мұндай дәуірлеудің әлі де анықтай түсетін тұстары жеткілікті. Біріншіден, “Дешті Қыпшақ” (11 – 16 ғ-лар) өте кең ұғым, ол этн. негіздегі мемл. бірлестіктен гөрі тарихи-геогр. ұғымға жақын. Екіншіден, Алтын Орда дәуірінде (1243 – 1503) өмір сүрген шайырлар Құтыб “Хұсрау – Шырын”, Хорезми “Мұхаббатнама”, Сайф Сараи “Гүлистан би-т-түрки”, Мұхаммед Салих “Шайбанинаме” сияқты жазба мұралар қалдырғанымен, олар ноғайлы дәуірінің этн. санасы мен эпик. дәстүрінен дараланып тұрады. Бұл жазба ескерткіштердің кейінгі ноғай әдебиетінде сақталмауы да көп нәрседен хабар береді. Н. д. ә. үлгілерін М.Османов, В.В. Радлов, А.Жәнібек, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Бердібаев, М.Мағауин, А.Сикалиев, Ә.Дербісалин, т.б. ғалымдар зерттеді
Эпос жанрын зерттеген Н.С. Смирнова өзінен бұрын жазылған қазақ фольклористерінің еңбектеріне және орыс фольклористика жетістіктеріне сүйенеді. Зерттеушінің пікірінше, қазақ эпосы бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан. Оның арғы атасы, шыққан тегі – Батыс түрік қағанаты құрамындағы VІ-VІІІ ғасырлардағы ру-тайпалардың жырлары мен аңыз-әңгімелері, қыпшақ пен оғыздардың (VІІІ ғ.), Ақ Орда мен Ноғайлы ордасын және Өзбек хандығын (ХІІ-ХІV ғасырлар) құрған көптеген рулардың, тайпалардың жырлары. Себебі, бұл ру-тайпалардың біразы қазақ халқының этногенезіне араласқан.
Біздің заманымыздағы түрколог ғалымдар ескіден жеткен мұралардың көпшілігінің қазіргі түрік халықтарының қайсысына нақты тиесілі екендігін дәл басып айта алмайды. Бұл мүмкін де емес. Сондықтан орта ғасырлардан қалған түрік ескерткіштері қазіргі қазақ, татар, анатөл-түрік, өзбек, қырғыз, ноғай, түркмен т.б. туыстас халықтардың бәріне ортақ әдеби мұра, солардың бәрінің де әдебиетінің басы болып есептеледі
Ал зерттеліп отырған дәуір әдебиеті туралы көптеген салиқалы ойдың авторы, тың пікірлері арқылы қазақ әдебиеті тарихын жүйелеуде жаңа леп әкелген М. Мағауин былай дейді: «Қазақ атымен аталатын дербес әдебиеттің алғашқы өкілдері өз кезінде бүкіл Дәшті Қыпшаққа даңқы кеткен Асанқайғы, Қодан-тайшы, Қазтуған жыраулар мұрасын біз жаңаның басы ғана емес, көненің жалғасы деп те қарауға тиіспіз».
Мағауиннің меңзеп отырғаны да – біз қарастырып отырған Ноғай Ордасы өмір сүрген дәуір. 
Енді осы кезең әдебиеті үлгілерінің жариялануы туралы мәселелерге келетін болсақ, ақын-жыраулар мұрасы жинақталып, бір жүйеге келтіріліп, мәтінтанымдық екшеуден өткізіліп, алғаш рет 1971 жылы «Алдаспан» антологиясында жарияланған еді. Оны құрастырып, баспаға әзірлеген М. Мағауин болатын. «Алдаспан» антологиясына топтастырылған туындыларды төңкерістен бұрын басылған Арыстанғали Берқалыұғлының «Ақын», Мақаш Бекмұхамедовтың «Жақсы үгіт», Ғабдолла Мұштақтың «Шайыр», «Көксілдер», Мұхамед Османовтың «Ноғай уа құмық шиғырлары», Құрманғали Халитұлының «Тауарих хамса» және басқа кітаптар мен ғылыми жинақтарда басылған. Сонымен қатар, Ғылым академиясының қолжазбалар қорында Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Мұсылманқұл Жиреншин, Темірғали Күнтуғанов, Бозтай Жақыпбаев, Фатима Ғабитова, Мариям Хакімжанова, т.б. әдебиет үлгілерін жинаушылардың еңбектері де бар.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет