I. ҚАзақ этикасы және эстетикасы қАзақТЫҢ ДӘСТҮрлі әдеп жүйесі



Pdf көрінісі
бет112/112
Дата08.02.2022
өлшемі2,52 Mb.
#98797
1   ...   104   105   106   107   108   109   110   111   112
Байланысты:
cca242f4f2790512397ba8292d4c4add
«Жаратылыстану» п нінен жиынты ба алау а арнал ан дістемелік
И.Кант. 
Критика чистого разума. Соч. В 6-томах. М. 1964. T.3. 223-6.


322 
ықылас-ниет пен құмарлық, махаббатқа берілу сияқты сан қилы көңіл-күйін түгел 
қамтиды. 
Көркем шығармада әрекет жасаушы жеке адамның, яғни субъектінің ("Мені") ойша 
елестетуі және көркемдік ойлауы арқылы жетіледі. Бүл жерде И. Канттың көркем өнерде 
адамның шығармашылық қуатының шабыттың шарықтауына, көркемдік қиялға ерік 
беруін ойынның қызығына түскендей күймен салыстыра сипаттайтынын да еске алуға 
болады. Алайда шебер суреткер көркем синтездің танымдық мүмкіндіктерін де, не нәрсе 
болсын адамның сезімі мен ақыл-парасатымен бағалау мүмкіндігін де көздеген мақсатына 
орай толық пайдалануға ұмтылады. 
Кеңістік пен уақыт бір мезгілділік пен үздіксіз, тоқтаусыз алға жылжуды мөлшерлеудің 
субъективтік тәсілі дегенде (И. Канттың пайымдауынша), анықтап алуға тиісті жай мынау 
- олар ой - сезімнің сыртқы қимыл-әрекетке жай елең етуі деп қарау жеткіліксіз. Бір 
мезгілділікті (кеңістік), тоқтаусыз жылжуды (уақыт) мөлшерлеу тәсілі адамның ерекше 
түйсіну, қабылдау қабілетінен, соның зор мүмкіндігінен туындайды. 
Соның нәтижесінде кеңістік туралы да, уақыт туралы да қарапайым түсінік пайда болады. 
Сөйтіп, трансценденттік уақыт пен кеңістік категориясынан басқа (И. Канттың көзқарасы 
бойынша трансценденттік категориялар осы екеуі ғана) трансценденттік әрекет 
категориясы бар екені анықталды. Жоғарыда баяндалғаннан бөлек оның тағы бір 
қарапайым түрін Аристотель көрсеткен категориядан табамыз. "Нанды кеседі" дегенде 
әрекеттің өзі анықтап көрсетілмеген, себептің, мақсаттың нәтижесі ғана білдіріледі. 
Әрекеттің өзі, уақыт пен кеңістік секілді, бір мезгілділік пен үздіксіз жылжудың түйіскен 
сәтін түйсіну - қабылдаудың бір түрі. 
Ауыз әдебиеті шығармаларының қай-қайсысына да тән нәрсе - жеке адамның 
санасындағы түсінік пен образдың жорамалды сұлбасы - нобайы қабысуы арқылы синтез 
жасалатыны. Жоғарыда келтірілген Асанқайғының толғауында ғаріптіктің жинақталған 
бейнесі фигуралық синтез жасау арқылы көрініс береді. Бұл бейнені дербес мағынасы бар 
бірнеше образдардың жиынтығы деуге болады. 
Мұнда көркемдік синтез ақынның шеберлігі, ой-сезімінің қуаттылығы, өмірдегі әртүрлі 
жағдайларды нақтылы бір ауқымды мағынасы бар ұғымның аясына сыйғызып бағалай 
білетін тапқырлығы арқылы мейлінше әсерлі, тартымды болып шыққан. 
Асанқайғының аты бара-бара аңызға айналып, оны әулие деп санаған. Оның бейнесі 
халықтың санасында құт-береке орнаған "Жерұйықты" іздеп армандауымен тығыз 
байланысты. Алайда ұлы жыраудың "қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын" берекелі, 
алаңсыз, тыныш өмірді аңсауы Кампанелла, Сен-Симон, Фурье секілді белгілі 
ойшылдардың қоғамдық құрылысты мүлде өзгерту арқылы бақытты өмірге қол жеткізуді 
армандаған пікірлеріндей нақтылы болжау - тұжырымдаудан гөрі, халықтың әділеттілікті 
іздеуінен, бақытты өмірді көксеуінен, аңсауынан туған ақындық асқақ қиял деуге лайық. 
Интеллектуалдық синтез және интеллектуалдық талдау - суреткердің шығармашылық 
қызметінің, әрекетінің екі қыры, екі жағы ретінде бірлік, бірлестік табатын ұғым. 
И. Канттың айтуынша, ұғымның өзіне тән мұндай біртұтастығы сананың тұтастығынан, 
бүтіндігінен туындайды. Алайда ұғым ғылыми категория ретінде алғанда құр абстракты, 
жай әншейін ойдан шығарыла салған жалпылық деген түсінікті емес, ортақ сипат 
белгілері бар нәрселерді қамтитын, жинақтап көрсететін жалпылық деген түсінікті 


323 
білдіреді. Сондықтан ұғым жалпы мен жалқының (жекенің) бірлігін аңғартады. Бұл екеуі 
синтез жасалу арқылы бірлестік танытады деп санайды И. Кант. 
"Канттың диалектикалық - логикалық сипаты бар пікірлерін жоғары бағалай отырып, 
Гегель оның диалектикасының осал жақтарын қатты сынайды..." - деп жазады 
Ж.М.Әбділдин. Синтез деген сөз өзінше бөлек, жеке тұрған нәрселердің бірігуі, тұтасуы 
деген түсінік тудыруы оп-оңай екенін Гегель атап көрсеткенін1 айта отырып, 
Ж.М.Әбділдин өз пікірін былайша түйіндеген: Гегельдің Кантты сынауы әбден қисынды, 
өйткені жалпы мен жалқы, әр алуан құбылыстар бір-бірімен тек сырттай байланысты 
емес, жалпылық деген ұғым жеке нәрселердің, әр алуан құбылыстардың ортақ сипат 
белгілерін танытады. Гегельдің айтуынша, И. Канттың синтез туралы пайымдауының 
кемшілігі ол логикада даму ұстынын ескермеуден туған. 
Гегель атап көрсеткен осы даму ұстынының мәні неде екеніне біз поэзиялық шығармаға 
нақтылы талдау жасай отырып назар аудармақпыз. 
Сондықтан Қазтуған жыраудың мадақ жырынан үзінді келтірелік: 
Бұдырайған екі шекелі, 
Мұздай үлкен көбелі, 
Қары ұнамы сұлтандайын жүрісті, 
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті, 
Айдаса қойдың көсемі, 
Сөйлесе тілдің шешені, 
Ұстаса қашағанның ұзын құрығы, 
Қалайылаған қасты орданың сырығы, 
Билер отты би соңы, 
Би ұлының кенжесі... 
Сүйінішұлы Қазтуған!!! 
Мұндай тасқынды ой, серпінді, сергек сезім, жігерлі көтеріңкі пафосқа толы төгіліп 
тұрған жырды тек Қазтуған секілді әрі жырау, әрі қол бастаған батыр ғана шығара 
алатыны, келістіріп айта да алатыны талассыз. Тарихи деректерге қарағанда Қазтуған 
жырау Еділдің бойын жайлаған тайпалардың даңқты батыр, қолбасыларының бірі болған. 
Кейінірек, XV ғасырдың екінші жартысында ол өзі бастаған ру - тайпаларды ертіп Қазақ 
ордасына қосылады. 
Келтірілген жыр жолдарындағы батырлықты, ерлікті мінездеуден біз жалпы жақсы адамға 
лайық - ау дейтіндей дәстүрлі сипаттардан гөрі, қол бастайтын жауынгер - батырдың 
қайсарлығын, батылдығын, ақыл-парасатын айқын көзге елестетерліктей нақтылы бітім 
тұлғасын айқынырақ көреміз. Көркемдік образдардың күшейіп, үдей түсуінен де және 
батыр тұлғаның өз бойына тән жігер-қайраттың барған сайын зорайып, арта беретінінен 
де бұл жырға даму ұстынын тірек ету жат емес екенін аңғарғандаймыз. 
Даму ұстынының мән-мағынасы туралы айтқанда Гегель оны ішкі бірлігі, тұтастығы 
жағынан қарайды және объективті шындық деп санайды. Гегель дамуды абсолюттік 
рухтың қозғалысы, ол адам санасында да, объективтік табиғат құбылыстарында да көрініс 
табады дейді. Дамудың негізі болып табылатын қарама - қарсылықтардың бірлігі мен 
тартысы деп қарайтыны - Гегель диалектикасының құнды жаңалығы. 


324 
Егер И. Кант сезімге негізделетін ұғым – түсініктерді кеңістікпен байланыстыра қараса, 
Гегель ұғымдарды уақытпен және даму үдерісімен байланыстыра қарастырады. 
Бұл тәсілдің әдебиетті зерттегенде сезімталдық, көркемдік "даму сұлбасының" 
ерекшеліктерін айқындау үшін мәні бар. Шынында да, көркемдік синтез, көркемдік ойлау 
елестету арқылы пайда болатын образдардың кеңістікте жандануымен шектелмейді. 
Асанқайғы мен Қазтуғанның шығармаларынан жыраулық поэзияға тән қасиеттер - 
жарқын бейнелілік пен байқағыштықтан туатын нақтылық та, дүние - болмысты, өмір 
құбылыстарын белгілі уақыт мөлшерін сезінумен байланысты қабылдау да айқын 
аңғарылады. Олар көркемдік образдардың авторлық сезіну - қабылдауындағы байланысы 
арқылы, уақыттың толассыз, үздіксіз өту үдерісі арқылы және рухтың күш-қуаты арқылы 
көрініс тапқан. И. Канттың философиялық қағидасы бойынша сыртқы сезімдер тек 
кеңістік мөлшерін түйсініп қабылдайды, ал уақыттың мөлшерінің арақатынасын ажырата 
алмайды. Оны тек сезіммен ажыратуға болады. 
Сондықтан кеңістіктегі фигуралар секілді сезімге негізделген ұғымдар елестетудегі 
сыртқы фактор болып табылады. Гегель кеңістік мөлшерінің арақатынасын триада, яғни 
үш ұғымның (тезис, антитезис, синтез) бірлігі арқылы көрсеткен И. Канттың жорамалын 
жоққа шығармайды. Өйткені, кеңістік тұрғысынан Қарағанда триада сыртқы фигура 
болса, уақыт тұрғысынан уақыттың үздіксіз өтуі, дамуының моделі және рухтың 
қозғалысы да уақыттың жылжуымен ажырамас бірлікте көрінеді. 
Гегельдің диалектикалық даму моделіне сүйене отырып, көркем образдарға тән даму 
моделінің қандай болуы мүмкін екенін шамамен пайымдауымызға болар еді. Алайда 
зерттеуіміздің көлемі шектеулі екенін ескере отырып және мәселеге XV-XVIII ғасырларда 
өмір сүрген ақын-жыраулар шығармасына қатысы тұрғысынан қарап, көркемдік синтездің 
кейбір қырларына ғана назар аудармақпыз. 
И. Кант дүние - болмыстың біртұтастығын танып-білудегі ақылдың қайшылықтары, яғни 
екі ереженің (ұғымның) ара қайшылығы - антиномиялар туралы айта келіп, торт 
антиномияны атап көрсетеді. Олар: шектілік пен шексіздік, дүниедегі себеп - салдарлық 
(табиғилық пен еркіндік), дүниенің күрделілігі мен қарапайымдылығы, Алланың бар екені 
немесе жоқ екені. Осы антиномиялардың қай-қайсысы да ақылмен ойлап түсінуге 
көнбейді. Бұл төрт антиномия адамдарды да, барлық заттарды да объектісі ретінде 
қамтитын сыртқы кеңістікке қатысты. Ал қазақ халқының ұлттық сипаты, рухы жағынан 
әр адамды субъект ретінде тану үшін ішкі кеңістіктің де мәні зор (Алайда И. Кант ішкі 
кеңістік дегенді мойындамайды). 
Осы орайда мәселені былайша қараған жон секілді (И. Кант бойынша бесінші антиномия 
деуге лайық): 

Дүниені тұтастай алып, форма деп қарау (мазмұндық жағын есепке алмау); 

Дүниені тұтастай алып, мазмұн деп қарау (форма жағын есепке алмау); 
И. Канттың екі антиномиясы (шектілік пен шексіздік, дүниенің күрделілігі мен 
қарапайымдылығы) бірінші тезиске жатады. Екінші тезиске басқа екі антиномия (Алла 
туралы және дүниедегі себеп - салдарлық туралы) жатады. Дүниенің тұтастығы оның 
формасының және мазмұнының тұтастығы деген тұжырым И. Канттың антиномияларын 
түсінуге негіз бола алады дейміз. Яғни, шектілік пен шексіздік өлшемділікке қатысты 


325 
ұғым болғандықтан, дүниенің тұтастығын анықтап беру үшін жеткілікті болмайтын 
секілді. Қалай десек те, бұл жерде форма мазмұннан (дүниенің тұтастығын көрсететін 
мазмұннан) бөлек алынып түр. Бұл өзге антиномияларға да қатысты. Олар ойлаудан гөрі 
белгілі бір дәуірдегі адамның сезіну мүмкіндігінің шеңберімен шектеледі. Идея арқылы 
адам сезімінің нақтылы мазмұны танылғанымен, тұтас құбылыс қамтылмайды. Бұл - 
логикалық негіз емес, сезіну арқылы бірін - бірі жоққа шығаратын екі ұғымды мойындау. 
И. Канттың антимонияларының басты артықшылығы - дүниені тұтастай алғандағы 
космологиялық мазмұны және осы тұрғыдан оны таным объектісі ету мүмкіндігі туралы 
мәселе қоюында. 
Осы жағынан келгенде, көшпелілердің мәдениетінде, қазақтың ақын-жыраулар 
поэзиясында дүниенің мазмұны мен формасының айқын бейнеленгені назар аударады. 
Оның үстіне сыртқы кеңістік, айналадағы дүниенің шексіздігін көрсететін кеңістік адам 
жан дүниесінің байлығын көрсететін "ішкі кеңістіктен" бөлек алынбайды, ол адамның жан 
дүниесі арқылы табиғатпен, ғарышпен, жаратушы Алламен гармониялық бірлікте 
алынады. 
Сөйтіп, қазақ мәдениетінде, көшпелі елдің поэзиясында алдымен қандай да нәрсенің 
өлшемінен гөрі, олардың өзара байланысының, қатынасының мөлшері, өлшемі есепке 
алынады. Не нәрсенің болсын өлшемі адам десек, Қазақстанда да, Шығыста да адамның 
не нәрсеге болсын қатынасы, оның кемелдік, жетілгендік туралы түсінігі өлшемділіктің 
негізі болып табылады. Ал бүл - адамның қоғамға, табиғатқа, дүние - болмысқа, ғарышқа 
қатынасына, Жаратушы Аллаға сеніміне айрықша мән беріледі деген сөз. 
Көркем синтездің негізі болып табылатын жеке адамның санасы, субъективтік "Мені" 
десек, барлық сезініп - қабылдау барысын жүзеге асыратын соның өзі. 
И. Канттың қағидалары бойынша, логикалық ойлау жүйесінде субъективтік "Мен" 
көптеген нақтылы ұғым-түсініктерді ортақ сипат белгілері арқылы өзара байланыстырып 
және сол байланысты өзі жасағандай сезінеді. Ал көркемдік ойлау жүйесіндегі сезіну 
қабылдаудың ерекшелігі - оған субъектінің белсенділігі тән. Шығармашылық субъектінің, 
яғни ақын-жыраудың, суреткердің сезім дүниесі мен ой-қиялының байлығы қосыла, 
түйісе келіп, көркем образдарға айрықша мазмұн-мағына, әсерлілік сипат береді. 
Сырттай қарағанда, көркемдік бейнелер, суреттеме, сипаттамалар, түгелдей алғанда 
көркем бейнеленген құбылыстар, заттар алдымен өзінің нақтылығымен, қайталанбас 
жекелік белгілерімен, көрнектілігімен көзге түседі де, сондықтан олар шынайы өмірдегі, 
объективті шындықтағы қалпында алынған жай ғана көшірме бейне, көрініс секілді 
бағалануы мүмкін. 
Ал шынына келгенде, олар шығармашылық субъектінің ой-сана, сезім әлемі арқылы 
қабылданып, көркемдік ойлау заңдылықтарына сәйкес реттеліп, өзара байланыс тауып, 
автор тұлғасының бірлік - тұтастығы, бүтіндігі арқылы бір жүйеге түсіріліп, үйлестіріліп 
және көркемдік қиялдың әсерімен ажарланып, жанданып, жаңа сипаттармен толысады. 
Шығармашылық тұлғаның талғампаздығы арқылы сұрыпталып, екшеліп, әсіресе атап 
айтатын нәрсе, оның сан алуан жайларды, құбылыстарды жинақтап түйіндейтін, 
топшылап қорытындылайтын, солардың көзге түсе бермейтін, байқала қоймайтын, 
сезілмейтін сырларын, себеп-салдарлы байланыстарын ақыл-ой парасатының қуатымен 
танып-білу нәтижесінде жасалған көркем образдар үлкен танымдық мағынаға ие болады. 


326 
Айталық, Шалкиіз жыраудың жыр - толғауларындағы сан түрлі астарлы мағына 
туғызатын мазмұн тереңдігі, сезім - әсерлер байлығы тек сезімнің, сезімталдықтың ғана 
нәтижесі емес, қуатты ойдың, ақыл-парасаттың, логикалық анықтама, пайымдаулардан 
танымдық мәнділігі жағынан кем түспейтін бейнелі сипаттамалар, жүйелі метафоралар 
секілді сан алуан өрнекті, қиыннан қиыстырылған сөз үлгілерін қолдана білетін 
тапқырлықтың, ақындық шеберліктің нәтижесі. Соның бәрі тұтаса келіп ақынның 
шығармашылық бітім - тұлғасына лайық қасиеттерді, адамгершілік арман - мұраттарын 
айқын танытады. 
Шалкиіз жыраудың ақындық өнерімен елге атағы жайылған кезі XVI ғасырдың екінші 
жартысы. "Оның Би Темірге бірінші толғауы", "Ер Шобан" секілді жырлары белгілі. 
Нақыл түрінде келетін жақсы адам мен жаман адамды ажырата мінездейтін көлемі 
шағындау жырына назар аударалық: 
Жақсының жақсылығы сол болар, 
Жаманменен бас қосып, 
Сөйлемекке ар етер. 
Жаманның жамандығы сол болар, 
Сөйлесе дәйім бетін қара етер. 
Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң, 
Сол жақсы жамандығын жақсылыққа жыр етер. 
Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң, 
Сол жаман сырын сақтамай, 
Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер. 
Жыраудың, суреткер тұлғасының ("Мен") бірлік - тұтастығы дегенде, біз И. Кант атап 
көрсеткен қабылдаудың әуелден дара, жеке тәжірибеге тәуелділігі туралы, яғни сол 
тұлғаның кеңістік көлемінде көрінетіні туралы ғана емес, сонымен бірге Гегель анықтап 
берген "даму сұлбасына" сәйкес келетін оның динамикасы (қимыл-қозғалысы) туралы 
баса айтпақшымыз. Бұл тұрғыдан Қарағанда жыраудың, ақынның жекелік тұлғасы 
("Мен") тек қана кеңістік пен уақыттың көлем - мөлшерінің тұрақтылығын білдіретін 
субъектілік орталық қана емес, сонымен қатар өздігінен дамудың орталығы, яғни өз күш-
қуатын, ішкі мүмкіндіктерін жетілдіре алады. Басқаша айтсақ, біз жеке тұлғаның 
(субъективтік "Мен") бірлік - тұтастығын әрекет факторы ретінде, алдымен әлеуетті уақыт 
пен кеңістік ретінде, сонымен қатар уақыт пен кеңістіктің маңызды деп саналатын түрлері 
ретінде алып қараймыз. Сөйтіп, біз әрекетті диалектикалық даму деп әрекет категориясы 
тұрғысынан қарап түсінеміз. 
Әрекет категориясы ақылға салу, естілік (түсіне білушілік) пен нағыз ойшылдық, сезіну 
мен интеллект (ақыл-ой, парасат) арасында ерекше қатынас, байланыс болуын талап етеді. 
Ақылға салып, түсінуге тырысқанда бақылау, сезіну қабілеті арқылы нақтылы түрде 
қабылданатын әрекеттің объектісіне назар аударылады да, бастапқы объектіні сол әуелгі 
қалпында сақтау қажет болады. Ал ойлау, ойшылдық жағынан қарасақ, тікелей бақылауға, 
түйсіну, сезіну арқылы байқауға келмейтін сыр - қырларын, әрекеттің жасырын тұрған 
субъектісін және себеп - салдарларын толық түсінуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде бүтін 
әрекетті, яғни көрсетілмей тасада тұрған субъектіні және соған байланысты алғашқы 
сезіммен қабылданған объектіні барлық ерекшелігімен, сипат - белгілерімен зейінге салып 
қабылдау шарты айқындалуы керек. Және әрекеттің субъектісі мен объектісінің бір 
бірімен байланысты екенін де ескеру қажет. Ойша жобалағанда әрекеттің өзі субъектіге 
тән, соның әлеуеттік мүмкіндігінің бір қыры деп қарау қисынға келеді. 


327 
Қазтуған жыраудың жырларының ішінде өмірбаяндық сипатымен назар аударатын бір 
туындысының соңғы бөлігін еске алалық (алғашқы бөлігінде әке-шешесі, туған жері 
туралы айтылады): 
Жабысы мен тайы тең, 
Жары менен сайы тең, 
Ботташығы бұзаудай, 
Боз сазаны тоқтыдай, 
Балығы тайдай тулаған, 
Бақасы қойдай шулаған, 
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас, 
Балығы көлге жылқы жаптырмас 
Қайран менің Еділім, 
Мен салмадым, сен салдың, 
Қайырлы болсын сіздерге 
Менен қалған мынау Еділ жұрт! 
Қазтуған жырау өзінің бұл жырында туыстарымен, ел-жұртымен енді қайтып көре 
алмайтынын болжап білгендей қоштасады. Дәмі таусылатын, дүниеден өтетін уақыты әлі 
алда болса да, бұл жырда ол туралы айтылуы мүмкін емес болса да, ертелі-кеш өмірі 
таусылатыны анық болғандықтан, жасы ұлғайған адам ел-жұртынан алыс кетерде енді 
кайтып келе алмаспын дегенді еріксіз ойлайтындықтан, бұл жырда өлім айтылмай 
жасырын тұрған тақырыптың әрекет субъектісі болып табылады. Жырау тағдырдың 
қашып құтыла алмайтын бүл заңдылығына төзімділікпен қарап, туған - туыстарына, ел-
жұртына тілектестігін білдіреді. Жыраудың өмірмен қоштасатын, мәңгілік мекеніне 
аттанатын шақтың жақын екенін, бір сәт өлімнің салқын лебі ескенін сезінгендей күй 
кешкені де аңғарылады. 
Қозғалыс пен даму сұлбасының терең мән-мағынасы Аристотельдің логикасынан және 
Гегельдің философиясынан танылады. Бұл - алдымен Гегельдің категориялық силлогизм 
фигурасы және жоғарыда аталған диалектикалық триадасы. Мұның алдыңғысы 
(силлогизм) - екі пікір алғышарт ретінде алынып, одан үшінші жаңа пікір тудыру тәсілі 
болса, соңғысы (триада - үш таған) - үш ұғымның сатылап дамуының бірлігі. Сөйтіп, екі 
фигураның екеуі де үш бөліктен құралады. 
Поэзияны, көркемдік ойлау жүйесін талдап - баяндау үшін жаңадан даму сұлбасын іздеп 
табудың біз үшін қажеті жоқ, өйткені ол оз алдына, басқа тақырып болатын мәселе. Оның 
үстіне, көркемдік ойлау мәселелеріне қатысты еңбектерде даму сұлбасы философиялық 
тұрғыдан арнайы қарастырылмаған. Сондықтан біз жоғарыда аталған, философияда 
қалыптасқан даму фигурасын көркемдік ойлаудың ерекшеліктерін ескере отырып 
қолдануды жөн көрдік. 
Назар аударатын нәрсе - үш сатылы өзгеріс әдеби, көркем шығармаларда тек образдардан 
ғана емес, эстетикалық сезімнің иірімдерінен де, өлеңнің ырғақтық, тармақ, шумақ 
ұйқастарындағы үйлесімділіктен, өрнектіліктен де байқалады. Жоғарыда келтірілген 
Қазтуған жыраудың өлеңінде ақын тұлғасының өзі (субъективтік "Мен") үздіксіз даму, 
өрістету үстінде көрінеді. Көркемдік даму фигурасының силлогизм мен триада 
фигураларынан негізгі айырмасы оның жеке тұлғаның субъективтік сезімі арқылы 
жанданып, жарқырап көрінуінде. 
Ойдың логикалық дамуы қисындылығымен, ұғымдардың өзара байланыс - іліктестігімен 
ерекшеленсе, көркемдік ойдың өрістеуі субъектілік сезім - әсерлердің толқынды 


328 
тасқыныңдай болып, көңіл күйінің алуан түрлі өзгеріске түсуін аңғартады. Сондықтан 
сезімнің шарықтап - шалқуы, әлсін-әлсін жаңа күшпен үдей түсіп, басқа күйге ауысып, 
түрленуі дамудың үш сатылы фигурасымен сәйкестік табады. 
Жиембет жырау Бортоғашұлы Есім ханның тұсында атақты би, батыр, әскербасы болып 
жүріп, ханның көңілінен шықпай, айдауда шет жерде жүруге мәжбүр болады. Ол еліне тек 
Есім хан өлгеннен соң (1643 жылы) оралған деген де дерек бар. Жыраудың өмір 
жолының, тағдырының осындай түйінді тұстары оның жырларынан айқын елес береді. 
Еңсегей бойлы ер Есім, 
Есім сені есірткен 
Есіл де менің кеңесім. 
Ес білгеннен, Есім хан, 
Қолыңа болдым сүйесін, 
Қолтығыңа болдым демесін. 
............................................. 
Менімен, ханым, ойнаспа, 
Менің ерлігімді сұрасаң, 
Жолбарыс пенен аюдай. 
Өрлігімді сұрасаң, 
Жылқыдағы асау тайыңдай. 
Зорлығымды сұрасаң, 
Қарағай менен қайыңдай. 
Көруші едім, Есім хан, 
Ханымды - күнім, сізді айымдай. 
................................................ 
Алыста дәурен сүрермін, 
Қарамасаң, ханым, қарама, 
Сенсіз де күнімді көрермін. 
Түгелдей алғанда 71 тармақтан тұратын осы жырдағы бейнелі сипаттамалар қатары алуан 
түрлі. Ханға бас иіп, келісім іздемейтін жыраудың қайсарлығын, намысын аяқ асты етуге 
көнбейтін сергек сезімін, көтеріңкі көңіл күйін - осының бәрін жырдың әр сөзі айғақтап 
түр. Жырдағы тақырыптың субъектісі - жыраудың осындай өз ісінің әділдігіне өзі кәміл 
сенген, кімге де болса иілмейтін тәкаппар мінезі. Бұл жерде сөзге өте ұсталығы, асқан 
ақындық шеберлігі өзінің қайсар мінезін, табандылығын, байсалдылығын, не нәрсеге 
болсын орынды баға бере алатынын сан алуан көркем бейнелеу, сипаттаулар тізбегі 
арқылы жеткізіп және талдау мен синтез жасау қабілетін де таныта алуынан айқын 
көрінеді. Суреткердің өзі басты кейіпкер ретінде бастан аяқ қатысуы арқылы шығарманың 
идеясы мен образдарының бояу - реңкі өзгеше сипатқа ие болады. 
Аристотель күрделі кеңістік фигурасы ретінде қарастырған категориялық силлогизмнің 
мәні - ол ойдың өрістеуі жанама түрдегі ой - тұжырым жасау екенін білдіреді. Оған сүйене 
отырып, көркемдік ойдың өрістеуінің бір моделін айқындап алуға болады және бүл орайда 
көркемдік образдар ғана емес, суреткердің өз тұлғасы да (субъективтік "Мен") 
силлогизмдегі екі пікірді ұштастырып, орта терминнің (ұғымның) көрігінен өтеді, сөйтіп, 
бірнеше ұғым қабыса келе, сол тұлғаның бүтіндігін, бірлігін толық, анық тануға мүмкіндік 
береді. 
Образдың үйлесіп - тіркесуі негізінде толымды көркем бейнеге айнала бастаған суреткер 
тұлғасы одан әрі жаңа сипаттамаларды, оларға тән сезім - әсерлерді қабылдауға елеулі 


329 
ықпал жасап, өзгеше реңк дарытады. Алдыңғы образдар, сипаттамалар олардан кейінгі 
образдармен тікелей байланысты болмаса да, алғашқы әсерлер қалайда сақталады. Яғни, 
мұнда да силлогизмдегі екі кесімді, күмән туғызбайтын пікірден, олардың ортақ ұғым 
(яғни, ортақ термин) арқылы өзара байланысынан үшінші жаңа тиянақты пікір туатыны 
секілді заңдылық бар дер едік. 
Силлогизмдегі алғашқы екі пікірге қатысты ортақ ұғым соңғы ой - тұжырымына кірмейді. 
Сондықтан оны жанама түрдегі тұжырымды ой немесе қорытынды ой деп атайды. Осы 
ізбенен, осыған орайластырып көркемдік ойлау, сезіну саласындағы үш таған түріндегі 
фигураны жанама түрдегі қабылдау, яғни тікелей байланыссыз, сатылы өзгеріс арқылы 
жаңа сапа тудыратын сезіну - қабылдау үдерісі деп қарауға болады. Оны біз айтуға 
икемді, ыңғайлы болу үшін эстетикалық фигура деп атауды жөн көрдік. 
Осындай эстетикалық (поэзиялық) фигураның алғашқы екі бөлігі логикалық пайымдауға 
жатқызуға келмейді, көбіне бейнелі түрде айтылған ой-пікір деуге келеді, ал қолданылған 
образдарды алсақ, оларға бейнелілік, нақтылық сипаттар тон болады да, нақтылы 
суреттеліп отырған нәрсеге, өмір құбылысына логикалық ұғымдар тұрғысынан анықтама 
беру қажет болмайды. Айталық, "тенор" деген дауысты түсіндіру үшін, маман 
болмағандықтан анықтама беру қиын болса, тенор даусы бар әншіні атап көрсетсе 
жеткілікті, қандай дауыс екені түсінікті болады. 
Логика ғылымы саласында бұл тәсілді көрсету (указание, латынша - локацио) деп атайды. 
Кеңістікке катысты ұғымдар (фигуралар) туралы логикалық тұрғыдан түсінік беру үшін 
нақтылы бір геометриялық фигураны көрсетсе, мәнісі айқындалады. Сонда, 
тыңдаушының (қабылдаушының) санасында айтылып отырған нәрсенің бейнелі нобайы 
нақтылы түрде көрініс береді. Көркемдік ойлау жүйесінде суреткердің (субъективтік 
"Мен") сана - сезімі көрігінен жанданып, түрленіп шығатын образдың мәні ерекше зор. 
Ал логикадағы көрсету тәсілі көркем шығармада өзгеше сипат алып, мазмұн-мағынасы 
түрленіп өзгереді, көркемдік шығармада (поэзияда) бұл тәсіл бейнелі қабылдаудың 
шеңбер - шегін белгілемейді, шектемейді, кейбір басты, қажетті сипат - белгілер ғана 
іріктеліп алынатын логикалық ұғымдардан өзгеше, құбылысты тұтас, бүтіндей қамтитын 
ауқымдылығы сақталады және ойдың негізгі желісін, түйінін айқындап, сол арқылы сезім 
әсерлердің сан түрлі бояуы мен реңкін де түгел қамтиды. Силлогизмнің алдыңғы екі 
мүшесінің бірі - жалпы ұғым, екіншісі нақтылы жағдайды көрсететін пікір болғандықтан 
синтез жасауға мүмкіндік туғызса, эстетикалық фигурада дербес мәні бар пікірлерді өзара 
байланыстыру, қабыстыру міндетін атқаратын - сезімнің әрекет ету үдерісі (қозғалысы), 
яғни субъектінің сана-сезімінің жеке нәрселер, жеке пікірлер арасындағы өздігінен 
байқала қоймайтын жалғастықты, байланысты сезе, аңғара алатын қабілеті. Мұның өзі - 
поэзияға, көркем өнерге тән негізгі ерекшеліктердің бірі. 
Осы ерекшелікті нақтылы мысалмен көрсету үшін Ақтамберді жырау Сарыұлының 
шығармаларына назар салалық. Жырау жоңғарлардан қазақ жерін азат ету үшін болған 
шайқастарда әскербасы, ерлігімен көпке танылған қолбасшы болған. Сондықтан оның 
шығармаларында туған елін, жерін қорғауды, ерлікті, жау жүректілікті уағыздау 
сарындары мол көрініс береді. Бірнеше шығармаларынан үзінді келтірелік: 
Салпаң да салпаң жортармын, 
Сары азбанға қосымды артармын. 
Торлаусыз өскен құланмын, 
Мезгілсіз жусап өрермін. 


330 
.......................................... 
Арудан асқан жар бар ма, 
Жылқыдан асқан мал бар ма, 
Биенің сүті - сары бал, 
Қымыздан асқан дәм бар ма! 
.......................................... 
Түйе мойнын тұз кесер, 
Жігіт мойнын қыз кесер. 
......................................... 
Күлдір-күлдір кісінетіп, 
Күреңді мінер ме екенбіз, 
Күдеріден бау тағып, 
Қамқапты киер ме екенбіз?! 
Осы нұсқалардағы көркем бейнелердің, образдардың, сезім иірімдерінің тартымды, 
әсерлілігі, ойды өрбітудегі, өрістетудегі, образдар өріміндегі екпінділік, қарқындылық 
әсіресе динамикалы, серпінді, тасқынды сезімдер арқылы жандана түседі. 
Ал төмендегі үзіндіге көңіл қояр болсақ: 
Балпаң, балпаң кім баспас, 
Басарға балтыр шыдамас. 
Батырмын деп кім айтпас, 
Барарға жүрек шыдамас. 
Бұл сөздерде батырдың жігерлілік, қайсарлылық секілді қасиеттерін тікелей, нақтылы 
сипаттауға орын берілмесе де, қан майданда жаумен бетпе-бет келгенде сескенбейтін, 
табандап тұрудан, жан аямай шайқасудан тайынбайтын ерлікті нақтылы іс-әрекет арқылы 
бейнелеп көрсеткен, сөйтіп хас батырдың тұлғасын айқын елестете алған. 
Қазақтың авторлық (индивидуалдық) поэзиясында фольклордағыдан бөлек өзіндік 
жанрлар жүйесі қалыптасқан, мысалы, нақыл - өсиет түрінде келетін терме, қоғамдық 
мәселелерге көбірек назар аударылатын және ойшылдық сипаты басым болатын толғау
көбінесе нақтылы біреуге қаратып айтылатын арнау, көсемсөз - публицистика сарындас 
үндеу түріндегі жырлар, мадақ жырлар, айтыс өлеңдер, өлеңмен айтылған шешендік 
сөздер, т.б. 
Е.Тұрсынов мал баққан көшпелі халықтардың, соның ішінде қазақтың авторлық поэзиясы 
отырықшыланған, егін шаруашылығымен айналысатын халықтардың поэзиясымен 
салыстырғанда өзгешелігі мол екенін айта отырып, алайда оларды бір-біріне қарама-қарсы 
қоятын Арнольд Дж.Тойнбидің көзқарасымен келіспейді. 
Жыраулық поэзияда кеңінен өріс алған жанрлардың бірі арнау өлең екені жоғарыда атап 
көрсетілді. Алайда ауызша поэзия дәстүріндегі арнаудың қайталанбас өзіндік сипаты бар. 
Оның басты ерекшелігі - жазба әдебиетіндегідей жолдама хат түрінде емес, жыр арналған 
адамға бетпе-бет келіп айтылған қаратпа сөз түрінде құрылады. Үмбетей жыраудың 
қайтыс болған батырдың рухына арналған "Бөгенбай өліміне" деген жырын алсақ, өзі 
кеше ғана жанында үзеңгілес бірге жүрген батырға тікелей тіл қатқандай эсер береді. 
Уа, Алатаудай Ақшадан 
Асып тудың,Бөгенбай. 


331 
Болмашыдай анадан 
Болат тудың, Бөгенбай! 
Қалақайлап дулатқан, 
Қалқамандап шулатқан 
Қалмақты алдың, Бөгенбай! 
Құбыла көшкен байтақтың 
Ордасындай Бөгенбай! 
Бұдан әрі қарай да жырда атақты қолбасшы, Абылай ханның маңындағы ең беделді, 
сенімді әскер басының бірі болған Бөгенбайдың ерлігі, туған елін, жерін қорғауға сіңірген 
еңбегі айтылады. Батырдың дүниеден өткенін айтып налу, қайғыру мүлде жоқ. Сондықтан 
"Бөгенбайдың өліміне" деген жырды біз дәстүрлі жоқтау деуден гөрі арнау өлеңге 
жатқызғанды дұрыс көрдік. 
Ауызша поэзияда көрініс беретін көшпелілердің санасында, ой - сезімінде пайда болатын 
интеллектуалдық және сезімдік синтезді басқа тілде өзгеріссіз жеткізу өте қиын. Өйткені, 
тілдің мағыналылық, әсіресе, бейнелілік ерекшелігінің өзі де ұлттық көркем синтездің бір 
көрінісі, бір тармағы деуге лайық. Аудармада көркемдік синтез басқа тілдің бейнелеу 
ерекшеліктеріне сәйкес қайтадан жасалады да, түпнұсқаның өзгеше бояу - реңкін 
танытатын көптеген сипат - белгілері еріксіз назардан тыс қалады. 
Философиялық логиканың қағидалары тұрғысынан жыраулар поэзиясының, жалпы әдеби 
шығармалардың көркемдік ерекшеліктерін, бейнелілік сипаттарың, эстетикалық сезімге 
әсерін толық қамтып, әлсіретпей жеткізу, әрине, мүмкін емес. Алайда ғылыми зерттеудің 
алдына қойылатын мақсаты ол емес екені әбден түсінікті. Біздің міндетіміз - жыраулар 
поэзиясының мән-мағынасын, көркемдік ерекшелігін бірнеше нақтылы ғылыми-
теориялық проблемалар, ұстындар тұрғысынан пайымдау. 
Жыраулар поэзиясының сөз болып отырған ерекшеліктеріне назар аударарлық тағы бір 
жай - олардың шығармаларында адамның қоғамдағы, өмірдегі алатын орны, арман 
мұраттары, өмірдің мағынасы секілді аса маңызды әлеуметтік, философиялық, 
құлықтылық, өнегелік мәселелерге айрықша ден қойылады. 
Көлде жүрген қоңыр қаз 
Қыр қадірін не білсін. 
Қырда жүрген дуадақ 
Су қадірін не білсін. 
Ауылдағы жамандар 
Ел қадірін не білсін. 
Көшіп-қонып көрмеген 
Жер қадірін не білсін. 
Көшсе, қона білмеген, 
Қонса, көше білмеген, 
Ақылыңа көнбеген 
Жұрт қадірін не білсін. 
Асанқайғының осы жырында, сондай-ақ басқа да ақын - жыраулардың осы сипаттас терме 
толғауларында бейнелеп айту шеберлігімен қатар, қандай ұлттың өкіліне болсын негізгі 
мағынасы қалайда түсінікті интеллектуалдық көркемдік синтез орын алатынын байқауға 
болады. Сонымен қатар, көркемдік ойлау жүйесінде, пікірді бейнелеп жеткізу тәсілінде, 
тілдің бейнелілік құралдарын - әртүрлі теңеу, салыстыруларды қолдануда халықтың өмір 


332 
тұрмысы, салт-сана, әдет-ғүрыптарына, ұлттық психологияға байланысты ерекшеліктер де 
молынан аңғарылады. Ал осындай терме - толғаулардағы жыраудың айналадағы өмір 
құбылыстарын қабылдауына тән сезім сергектігі, еркінділігі, жігерлілігі секілді әртүрлі 
райдағы көңіл күйлерін басқа тілдегі аудармада айнытпай жеткізудің сәті түсе бермейді. 
Бұқар жыраудың бір жырынан алынған үзіндіні сөзбе-сөз аудармамен салыстырып 
көрелік: 
Көк көгершін, көгершін, 
Сизый голубь, голубь, 
Көк кептер ұшар жем үшін. 
Сизый дикий голубь летает ради пищи. 
Көк ала қалқан жамылып, 
Сизо-пестрым щитом прикрывшись, 
Ерлер жортар мал үшін. 
Витязи рыщут ради скота. 
Тең, тең үшін, тең үшін, 
Ради сверстников, сверстников 
Терек кестім сал үшін, 
Я тополь срезал, чтобы сделать плот. 
Тоным кестім мал үшін. 
Я шубу подрезал ради скота. 
Жырдың соңғы тармағы: 
Алладан хүкім келмей өлмек жоқ. 
Смерти нет; пока не будет на то воли Аллаха. 
Келтірілген орысша сөзбе-сөз аударма,
56
әрине, жыр мазмұнының ұзын - қысқасын ғана 
басқа тілдің өзгешелігін ескере отырып жеткізуді мақсат еткен және қазақша ойлау, 
сөйлеу ерекшеліктерін, жырдың көркемдік, бейнелілік қасиетін әсерлі, әсемдеп жеткізуді 
міндет деп санамаған. Сондықтан аудармада ой мен сезім синтезі түпнұсқамен 
салыстырғанда басқадай әсер береді. 
Егер көркем аударма болса, оның шеберлік деңгейі, әрине, жоғары болатыны анық. Бірақ 
қазақ тіліне, ойлау, сөйлеу жүйесіне тән поэзиялық фигуралар орыс тіліне, орысша ойлау, 
сөйлеу ерекшелігіне сәйкес өзгеріп, түрленіп шығады. 
Қазақ жырауларының терме - толғауларында эстетикалық синтез жан-жақты келіп, тек 
әдебиеттегі көркемдік ой - сезім ерекшеліктерін ғана емес, ұлттық дүниетаным, 
адамгершілік ұғым - түсініктерді де сабақтастыра алатынын байқау үшін Асанқайғының 
тағы бір жырынан - Жәнібек ханға айтқан толғауынан екі үзінді келтірелік: 
Қырында киік жайлаған, 
Суында балық ойнаған, 
Оймауыттай тоғай егіннің 
Ойына келген асын жейтұғын 
Жемде кеңес қылмадың, 
Жемнен де елді көшірдің. 
Ойыл деген ойынды, 
56
Кітапта: Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина. Алматы: "Ғылым", 355-357-66. 


333 
Отын тапсаң тойынды, 
Ойыл көздің жасы еді, 
Ойылда кеңес қылмадың, 
Ойылдан елді көшірдің... 
Жырдың соңы: 
Нәлет біздің жүріске, 
Еділ менен Жайықтың 
Бірін жазға жайласаң 
Бірін қысқа қыстасаң, 
Ал қолыңды маларсың 
Алтын менен күміске! 
Бұл шығармада көркем образдардың таза поэзиялық синтезіне қоса, айтушы мен ол өз 
жырын арнаған, кінәлаған сөздерін тікелей тыңдаушы Жәнібек ханмен арақатынасын, 
жақындығын аңғартатын, бетпе-бет тілдескендей әсер қалдыратын желілі ой - сезім ағыны 
да өзінше бір синтез болып шыққан. 
Жыраудың Жәнібекке айтқан сөздерінің астарлы кең мағынасы қазіргі қазақ қауымына 
жалпы алғанда түсінікті десек те, уақыттың мүлде өзгеріп, бұрынғы тарихи жағдайдың 
біздің замандастарымыздың санасында тек елесі қалғандықтан, ол оқиғаларды, жай 
жағдайларды дәл Асанқайғының немесе Жәнібек ханның, сол ортадағы адамдардың 
сезінгеніндей қабылдау мүмкін де емес екені дәлелдеп жатуды қажет етпейді. Бұл 
жырдағы, басқа да осындай терме - толғаулардағы көрсетілген мақсат, ынта - ниет айқын 
аңғарылса да, жырдың терең, астарлы мән-мағынасын танытатын тұлғалар (субъектілер) 
бірнеше ғасырдың көлегейлеуімен көмескі тартып, күңгірттеніп көрінгендей. Ол 
тұлғаларды біз тарихи санамыздың деңгейіне қарай, бізге белгілі әртүрлі деректердегі 
ұғымдарға сәйкес түсініп, соның негізінде елестете аламыз. 
Көркемдік ойлауды, дүние - болмысты эстетикалық тұрғыдан қабылдауды, олардың сипат 
- белгілерін зерттеушілер әдемілік (красота), әсемдік (прекрасное), асқақтық 
(возвышенное), сұрықсыздық (безобразное) секілді категориялар арқылы айқындауға 
ұмтылады. 
Әсемдікті сезіну - қабылдау туралы Н.Г.Чернышевский: "Сүйікті адамыңды 
көргендегідей, көңілге қуаныш, шаттық сезімі ұялайды. Біз әсемдікті риясыз жақсы көріп, 
адал ниетпен қабылдаймыз" деген болатын. Оның бүл сөздері әсемдіктің жинақталған 
сипатын танытады. Ол әйелдің әдемілігі, сұлулығы туралы айтқанда әсемдіктің көпке тән 
сипат - белгілерін жинақтап, тұжырымдап анықтайтыны тегін емес. Ақсүйектер тобына 
жататын, бойын күткен, сәнқой әйел қарапайым шаруаға ұнамайтынын, себебі оның 
әйелдің әдемілігі, сұлулығы туралы түсінігі алдымен іскерлік, жігерлілік секілді 
қасиеттерге байланысты екенін айтып, сондықтан қара шаруа нәзік, бетінде қан-сөлі жоқ 
әйелден гөрі еңбекпен шыныққан, ширақ, қызыл шырайлы әйелді артық көреді дейді. 
Әсемдік деген ұғымға анықтама бергенде, әдетте, оның мәні толық, әр қырынан ашыла 
қоймайды. Шынында да, әсемдік мағынасы өте кең, күрделі ұғым. Әсемдік категориясы 
алуан түрлі, сансыз заттық объектілерді де, адамның өміріне, жан-жануар, жәндіктерге 
қатысты түсініктерді де түгел қамтиды. Сондықтан әсемдік ұғымы нақтылы заттардың, 
нәрселердің сипатына ғана байланысты айтылса, оның жинақтау ауқымы абстракты, 
дерексіз ұғым - категориядағыдай соншалықты кең болмайды. Көркемдік образдарға 
қатысты айтылғанда әсемдік ұғымының логикалық ой жүйесіне тон жалпылама 
сипатынан гөрі нақты түсініктермен көбірек сабақтастығы айқын байқалады. 


334 
Адамның субъективтік қабілеттерінің ерекшеліктерін, сипат - белгілерін анықтағанда И. 
Кант солардың кәмелеттікке жол ашатын негізін категориялық императив ұғымы арқылы 
түсіндіреді. Кант бұл ұғымды адамның таза ақыл-ойының талабынан туындайтын 
жағымды немесе жағымсыз қылыққа оны құлықты ететін ынталылығы, қандай істі, 
қылықты болсын ырықсыз, риясыз жүзеге асыруға ниеттілігі деген мағынада қолданады. 
Сананың субъективтік кұрылымын осылай түсіне отырып, И. Кант дүние - болмысты, 
адамды, жан-жануар, жәндіктердің бәрін жаратушы құдіретті Иенің бар екеніне және 
барлығы да жаратушының құдіретімен, ниетімен, жарлығымен болатынына сену қажет 
деп жазады. Сөйтіп, Кант категориялық императив бүкіл дүние - болмысты, оны 
жаратушыны түгел алып түсінуге керекті ұғым деп қарайды. 
Осы айтылғандарды біз жоғарыда сөз еткен әрекет категориясы тұрғысынан қарап 
пайымдасақ, уақыт пен кеңістікке катысты эстетикалық категорияларды тек сезім 
түрлерімен, тек тәжірибе негізінде қалыптасқан табиғат туралы түсініктермен шектеуге 
болмайтынын аңғарамыз. Әлемнің құрылысы туралы ілімге қатысты аса күрделі 
мәселелерді шешуде адамның ақыл-ойы қайшылықтарға тап болатынын И. Кант та атап 
көрсеткен. Сондықтан біз әсемдікті, әдемілікті ой - сезіммен қабылдау ерекшеліктерін 
айналадағы өмір - болмыс, көркем өнер, қазақтың жыраулық поэзиясы төңірегінде ғана 
сөз етуді жөн көрдік. 
Жыраулардың поэзиясында әрекеттің көріністері - әдемілік және сыртқы пішін (түр), 
сезім және адамның мақсаты, арман - мұраты. 
Ал әрекеттің субъектісі - мазмұн (тұспалдау, насихат, ақыл - өнеге) және асқақтық (ерлік, 
даналық, интуиция - тәжірибеден тыс түсінік) және адамның (қоғамның) жетілу, 
кәмелеттікке жетуі. 
Мәшһүр Жүсіптің айтуынша, Бұқар жырауды, замандастары әулие, ақылгөй дана, киелі 
адам деп санаған. Ол қарасөзбен сөйлемеген, аузын ашса көмейінен жыр төгіледі екен 
дейді. 
Бірінші тілек тілеңіз, 
Бір Аллаға жазбасқа. 
Екінші тілек тілеңіз, 
Ер шұғыл пасық залымның 
Тіліне еріп азбасқа. 
Үшінші тілек тілеңіз, 
Үшкілсіз көйлек кимеске. 
Төртінші тілек тілеңіз, 
Төрде төсек тартып жатпасқа. 
Жырдың енді соңғы жолдарын ғана алсақ: 
Он бірінші тілек тілеңіз, 
Он бармағы қыналы, 
Омырауы жұпарлы, 
Иісі жұпар аңқыған, 
Даусы қудай саңқыған, 
Назыменен күйдірген, 
Құлқыменен сүйдірген, 
Ардақтап жүрген бикешің 


335 
Жылай да жесір қалмасқа. 
Бұқардың басқа жыр - толғауларындағыдай, мұнда да киелілікті, қасиеттілікті дана 
жыраудың қарапайым адамның мүддесін, қуаныш - шаттық сезімдерін, арман - мұратын 
терең түсіне білуінен байқаймыз. 
Қазақтың жыраулық поэзиясының айрықша назар аударарлық тағы бір ірі өкілі - Тілеуке 
Құлекеұлы - Шал ақын. Оның ақындық дарыны он бес жасында - ақ танылған. Өлең-
жырларының көбі қара өлең түрінде он бір буынды өлшеммен шығарылған. 
Кедейлік ер жігітке намыс емес, 
Жоқ болсаң, туысың да таныс емес. 
Суық үй, арық соғым, жаман қатын, 
Үшеуі кедейліктен алыс емес. 
Жоқ болсаң, қызыл бүйі үйің болар, 
Бар болсаң, күндіз-түні жиын болар. 
Алыстан кедейліктің алдынан шық, 
Төбесі көрінген соң қиын болар. 
Шал ақынның бұл өлеңінің де, осыған тақырып - идеясы жағынан жақын басқа 
өлеңдерінің де субъектісі - алдымен нақтылы қылықтары, мінез-құлық ерекшеліктері 
арқылы жинақталып берілген кейіпкерлер, көбінесе күнделікті тұрмыс жағдайында 
көрінетін қарапайым адам. Осыған орай ақын шығармаларындағы мінез-құлқы, кейпі 
айқын көрініс беретін әр адамның өзінің туа біткен мінез-құлқына, ақыл-ойының 
деңгейіне, саналылығына сәйкес іс істеуге ниеттілігі де (И. Кант айтқан категориялық 
императив) анық байқалады деудің қисыны бар. Ал кеңірек мағынада алып қарасақ, Шал 
ақын поэзиясындағы әрекет субъектісі - айналадағы өмір құбылыстарына сын көзімен 
қарап баға беріп отырған ақынның шығармашылық еркі (волевой императив), өнерпаздық 
тұлғасы дей аламыз. 
Біз талдап, шолып өткен қазақ ақын-жырауларының шығармаларының өзі-ақ поэзияны, 
көркем өнерді мәдениеттің, рухтың төменгі түріне жатқызуға ешқандай негіз жоқ екенін 
айғақтайды. Дін де, философия да, көркем өнер де - өз ерекшелігі, өз артықшылығы бар 
адамзаттың, қоғамның рухани құндылығы, олар сол баға жетпес рухани байлықтың дербес 
сипаты бар үш саласы екені талассыз. Философияның өзінде әрекет категориясы бірте-
бірте ғана материя, идея, диалектика, кеңістік, уақыт категориялары деңгейіндегі 
логикалық категория болып қалыптасты. Әрекет категориясы арқылы кеңістіктің 
шексіздігі мен шектілігі субъективтік тұрғыдан қарағанда біздің сезіну қабылдауымыздың 
әртүрлі болуының нәтижесі екенін байқаймыз. 
Ал ақиқатында, кеңістіктің көлем - шегі біздің сезіміміз бен тәжірибеміздің шеңбер 
шегінен әлдеқайда кең екені анық. Ал кеңістіктің ақын-жыраулар поэзиясындағы 
бейнелеп сипатталуы туралы айтсақ, одан көрнектілікпен қатар әсерленгіштікті, көркем 
ойлаудың өзіне ғана тән ақыл зеректігін де байқай аламыз. 
Әрекет категориясын қолдану Шығыс және Еуропа поэзиясының әлі ашылмаған кейбір 
қырларын айқындауға себін тигізуі мүмкін. Мұны әсіресе шығыс поэзиясы мен қазақ 
поэзиясына, соның ішінде XV-XVIII ғасырлардағы қазақтың жыраулық - ақындық 
поэзиясына қатысты айта аламыз, себебі бүл кезде қазақ және шығыс мәдениетінде 
Еуропа елдеріндегідей көркем өнер мен ғылымның арасы бір-бірінен алшақтаған жоқ 
болатын. Қазақтың жыраулық поэзиясы туралы айтсақ, мұнда өмір құбылыстарын 


336 
бейнелеп сипаттаудан эстетикалық сезім байлығымен қатар дүниетанымдық, 
философиялық ойшылдық мол және айқын танылады. 
Әрекет категориясы сырт қарағанда бұрыннан белгілі секілді, алайда ол зерттеушілер 
елеп-ескере қоймайтын мәселелерге айрықша назар аударуға мүмкіндік береді. 
Көшпелілердің XV-XVIII ғасырлардағы поэзияда, көркем өнерде кеңістікті қалай 
қабылдап - сезінгені туралы айтқанда, олар қатаң қағида - категорияға жүгінбей-ақ, сезім 
алғырлығының, сергектігінің - интуицияның қуаты мен әрекет категориясына тән біз 
көрсеткен мүмкіндіктерді өнерпаздық шеберлікпен, тапқырлықпен пайдалана алған деуге 
болады. 
Ақын-жыраулар өздерінің асқан дарыны, ой алғырлығы, сезім сергектігі арқасында 
қоғамдық, ұлттық, халықтық мүдделерді, халықтың асқақ арман - мұраттарын терең 
түсініп, өмір шындығын, ел тағдырын үлкен көрегендікпен және көркемдік шеберлікпен 
бейнелеп бере алған.
Қазақ мәдениетінде, поэзиясында (бұл жалпы шығыс мәдениетіне де қалайда қатысты) 
кеңістікті сезінудің, қабылдаудың ауқымы аса кең екені және қандай да бөліп қаралатын 
құбылыстармен, нәрселермен шектелмейтіні байқалады. XV-XVIII ғасырлардағы 
мәдениеттің, әдебиеттің мифологиялық және діни негіздері кеңістік туралы ұғым 
түсініктің, оны мөлшерлеудің өзгеше түрі қалыптасуына ықпал жасаған деуімізге болады. 
Нақтылап айтсақ, қоғамдық санада, әрбір адамның санасында көптеген кеңістіктер бар 
деген ұғым қалыптасқанын көреміз. Осы ұғым бойынша әр кеңістік өз алдына жеке 
тұрғандай болып саналады. Және мұны жеке адамның өз тұлғасына, өзіндік ерекшелігіне 
ғана емес, қандай да бір басқа нәрселерге, табиғат құбылыстарына да қатысты айтуға 
болады. 
Жыраулар поэзиясында, ауыз әдебиеті нұсқаларында әртүрлі адамдардың тұлғасы, 
бейнесі қоғамдық қатынастары арқылы ғана емес, ішкі жан дүниесіндегі кеңістік арқылы 
да жалғастық тапқандай. 
Аллаға сенген адамның дұға қылуы арқылы оның рухының ішкі кеңістігінде жаратушыға 
деген ниетке орын беріледі. Мұны интуиция, жаратушыға, оның құдіретіне сену, оған өз 
көңілінің жақындығын сезіну кеңістігі десек, осы кеңістік шығармашылық адамының, 
өнерпаздың, ақын-жыраудың шабытын шарықтататыны, күш-қуат беретіні анық. 
Қазақтар интеллектуалдық уақытты ғана емес, тіпті алдымен интеллектуалдық кеңістікті 
айқын сезіне алады. Қазақ халқының дүниетанымында, поэзиясында кеңістік сезімнің түрі 
(формасы) ғана емес, сонымен қатар ол субъективтік мөлшерлеудің, өлшем жасаудың 
тәсілі және осы тәсіл қазақ мәдениетінің, жыраулық, ақындық поэзиясының ұлттық 
сипатына тән өзгешелігін таныта алады. 
 
Қазақ даласының ойшылдары //ХVІ-ХVІІІ ғғ. 
Кеңістіктің шексіздігі мен шегі: 
көшпелілер идеялары мен образдары. 
Алматы: Философия және саясаттану 
институтының компьютерлік - баспа орталығы. 
2001. 147-186-бб. 
 


337 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   104   105   106   107   108   109   110   111   112




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет