Ііі дәрістер №1 дәріс. Морфологиялық талдаудың әдістемесі



бет1/10
Дата22.08.2017
өлшемі1,9 Mb.
#24417
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
ІІІ Дәрістер

1 дәріс. Морфологиялық талдаудың әдістемесі

Дәріс жоспары:


  1. Кіріспе

  2. Морфологиялық талдау әдістемесі:

1) Морфологиялық талдау барысында атқарылатын жұмыс түрлері

2) Морфологиялық талдау нысанын айқындау

3) Морфемдік талдау жасату

4) Морфологиялық (оның ішінде морфемдік) талдау кезінде есте ұстайтын кейбір грамматикалық заңдылықтар

5) Түрленуші мен түрлендіруші бөліктерді айқындау

6) Талдау сатыларының тапсырмалары

7) Сөз түрлендіруші морфологиялық тұлғалар туралы

Кіріспе. Дидактикалық материалдарға талдау жасатуда екі түрлі мақсат көзделетіні белгілі. Олар, біріншіден, белгілі бір тақырып бойынша өтілген, дәріс оқылған теориялық білімді бекіту, екіншіден, алынған білім бойынша оқушының іскерлік, дағдыларын тексеру. Тілдік материалға талдау жасатуда қандай мақсат көзделсе де, тілдік деңгейлердің (фонетикалық, лексикалық немесе грамматикалық деңгейлердің) қайсысы алынса да, талдау жұмысы кешенді түрде жүргізілгені орынды. Кешенді түрде жүргізілген талдаудан, алдымен, оқушының немесе студенттің қай тақырыптарды білмейтіні, дұрыс меңгермегені бірден анықталады, сондай-ақ кешенді талдауды тұрақты және жүйелі жасату шәкірт біліміндегі олқылықтарды толықтыруға септігін тигізеді.

Төменде ұсынылып отырған талдау әдістемесі мен талдау үлгілері – автордың ұзақ жылғы ұстаздық іс-тәжірибесінің нәтижесі.Талдау үлгілері сатылай талдау әдісімен жүзеге асырылады. Әр саты оқушының нақты бір мәселе бойынша белгілі бір көлемде теориялық білімін анықтау немесе меңгерту мақсатын көздейді. Әр саты дербес мәселеге арналғанмен, сатылардың жиынтығы білімнің кешенділігін қамтамасыз етеді.

Әдістемелік құралда тілдің грамматикалық құрылысы деңгейіне, морфология мен синтаксис мәселелеріне қатысты талдаулар қамтылып отыр. Морфология саласы бойынша алынған білім мен іскерлік-дағдылар синтаксис бойынша алынатын теориялық білімге негіз болады, қызмет етеді. Морфология саласы бойынша білімінде ақауы бар шәкірт синтаксистік талдау үлгілеріне толық талдау жасай алмайды. Сондықтан синтаксистік талдаулар жасатпас бұрын морфология бойынша білімді қажетті деңгейге жеткізіп тиянақтап алған дұрыс.

Морфологиялық талдау мен синтаксистік талдау жасатудың өзіндік айырмашылықтары бар. Морфологиялық талдауда сөйлем құрамындағы сөздер сөйлемдегі орны, қызметі, басқа сөздермен байланысы ескерілмей, түбір қалпында немесе синтетикалық, аналитикалық тұлғалардың бірінде келген тілдік бірлік ретінде қарастырылады. Синтаксистік талдауларда, керісінше, сөз (синтаксистік компоненттер) сөйлемдегі басқа сөздермен (компоненттермен) байланыста ғана қарастырылады.

Морфологиялық талдауда да, синтаксистік талдауда да әрбір саты оқушының, студенттің белгілі көлемде теориялық білімі болуын қажет етеді. Сатылардың, үлгілердің жиынтығы кешенді білімді қамтамасыз етеді. Талдау үлгілеріндегі сатылардың толық жүзеге асырылуы бір күннің ісі емес. Бұған оқу бағдарламасына сәйкес бірте-бірте, әр сатыға қатысты теориялық тақырыптар өтілгеннен кейін сол сатыны талдауға қосып отыру арқылы қол жеткізуге болады.

Талдау үлгілеріндегі әр сатыдағы жұмыстарды орындаудың өз тәртібі, әдістемесі бар. Әр сатының тапсырмаларын дұрыс орындау білімнің тиянақтылығын қамтамасыз етеді.

Талдау үлгілеріндегі бірнеше сатының болуы, оларға толық жауап қайтарылуын талап ету біршама уақытты қажет ететіні рас. Есесіне бұл үлгілердің тиімділігі бары есте болғаны абзал. Талдау үлгілерінің мәліметтерін жинақтап отыру білімнің жүйелі, кешенді болуын қамтамасыз етеді. Шәкірттің ауызша, жазбаша ойланып жауап беруі оның ғылыми стильде сөйлеу тілін жетілдіреді.

Морфологиялық талдау әдістемесі.

Морфология – тілдегі сөздердің тұлғасы, құрамы мен құрылысы, сөз таптары мен олардың түрлену жүйесі туралы ғылым. Ендеше морфологиялық талдаудың сатыларындағы тапсырмалар да осы мәселелерді қамтуы тиіс.



  1. Морфологиялық талдау барысында атқарылатын жұмыс түрлері. Морфологиялық талдау жасауда жүзеге асырылатын жұмыстарды мазмұнына қарай төрт кезеңге бөлуге болады:

1-кезең: морфологиялық талдаудың нысанын (объектілерін) айқындап алу;

2-кезең: айқындалған талдау нысандарына морфемдік талдау жүргізу;

3-кезең: әрбір морфологиялық тұлғаның ерекшеліктеріне сатылай талдау жүргізу;

4-кезең: сатылардағы талдау нәтижелерін жинақтау.

Морфологиялық талдау берілген сөйлемдегі талдауға түсетін cөздерді, сөз тұлғаларын дұрыс айқындап алудан басталады. Талдаудың нысанына кез келген морфологиялық тұлға, кез келген морфема алынғанмен, ол тұлғалардың қай сатыда сөз болатынының маңызы зор. Морфемдік талдау барысында (талдаудың екінші кезеңінде) әр морфеманың аты аталып, түсі түгенделгенмен, олардың жеке қасиеттері үшінші кезеңде, сатылай талдау барысында әр сатыда айқындалады.


  1. Морфологиялық талдау нысанын айқындау. Сөйлемде неше талдау нысаны бар екені сол сөйлемдегі әр сөзге жеке сұрақ қою арқылы реттеледі. Мысалы, Бала мектепке қарай келе жатыр деген сөйлемде бала, мектеп, кел сөздері ретіне қарай кім? не? не істе? деген сұрақтарға жауап бере алады. Ал қарай, жатыр сөздеріне жеке сұрақ қоя алмаймыз. Ендеше толық лексикалық мағынасы бар болғандықтан сұрақ қойылатын бала, мектеп, кел сөздері морфологиялық талдаудың үш бөлек нысанына айналады да, қарай, жатыр сөздері өздері жетектелген толық мағыналы сөзге грамматикалық мағына үстеп, оларды түрлендіруші болғандықтан, қай сөзге жетектелсе, сол сөзбен бірге талдауға түседі. Яғни, берілген сөйлемде үш талдау нысаны бар:

  1. Бала;

  2. мектепке қарай;

  3. келе жатыр.

Морфологиялық талдаудың жеке объектісі бола алатындар:

  1. Сөйлемдегі толық лексикалық мағынасы бар кез-келген сөз;

2) Мақал-мәтелдер арқылы ой-тұжырым берілетіндіктен, оның құрамындағы сөздер ойды құрайтын ұғым атаулары болғандықтан, дербес грамматикалық бірлік ретінде танылып, морфологиялық талдаудың объектісіне кіреді;

3) Тұрақты сөз тіркестері құрамындағы сөздердің санына қарамастан жеке ұғымды білдіретін лексика-грамматикалық біртұтас тұлға ретінде, яғни, бір сөз ретінде талдауға түседі. Мысалы, Біраздан соң жас жігіттің тілі күрмеле бастады деген сөйлемдегі тілі күрмелу негізгі түбір зат есім мен негізгі түбір етістіктің тіркесінен тұратын күрделі етістік;

4) Көмекші сөздер (көмекші есім, көмекші етістік, шылау және сын есімнің асырмалы шырайының көрсеткіші болатын тіпті, аса, өте, т.б. көмекші сөздер де) өзі жетектеліп келген сөздің аналитикалық тұлғасын жасайтын грамматикалық бірлік ретінде қарастырылады (жаңа сөз тудыру қызметінде келгендерден басқалары). Мысалы, Жұмыс аяқталып келеді деген сөйлемдегі кел көмекші етістігі сөздің (етістіктің) аналитикалық тұлғасын жасап тұрғандықтан сөз түрлендіруші форма ретінде талдаудың бесінші сатысында қаралады, Түтін бұрқ етті деген мысалдағы ет көмекші етістігі еліктеуішке тіркесіп құранды күрделі етістік жасап тұрғандықтан сөз тудырушы форма ретінде талдаудың бірінші, екінші сатысында сөз болады;

5) Қосымша және көмекші морфемалар сөз тудыру немесе сөз түрлендіру қызметінде келгендігіне қарай талдаудың әр сатысында бөлек сөз болады.



3. Морфемдік талдау жасату. Талдауға түсетін сөз, сөз тұлғасы анықталғаннан кейін оның морфемдік құрамы (сөз құрамындағы мағыналы бөлшектер) талданады. Морфологиялық талдаудың сатыларына бармас бұрын сөз құрамындағы морфемаларды, олардың қызметтерін қысқаша, жалпылама анықтап алу керек. Онсыз сатылардағы жауаптар дұрыс болмай шығады. Әсіресе сөз тудырушы формалар мен сөз түрлендіруші формаларды дұрыс ажырата білу керек.

Сөз құрамына морфемдік талдау жасау бір қарағанда жеңіл іс көрінгенмен, шын мәнінде оңай нәрсе емес. Бірінші кезекте сөз құрамындағы мағыналы бөлшектерді дұрыс анықтап алу керек. Ол сөздегі түбірді (түбір морфеманы) табудан басталады. Түбір – қазақ тілінде сөздің бастапқы жағында орналасатын, көбіне сөзге сәйкес келетін (үйрен, үйрет немесе оян, оят,ояу сияқты сөздер құрамындағы түбір морфемаларды есепке алмағанда) қандай да бір ұғымды білдіретін, яғни, лексикалық мағынасы бар сөз бөлшегі. Түбірде лексикалық мағынамен қатар грамматикалық мағына да болады, сол мағынасы арқылы ол белгілі бір сөз табының қатарына кіріп, сол сөз табының сұрағына жауап береді. Ендеше түбірді айқындауда оған сұрақ қойып тексеріп отырған орынды. Түбір айқындалған соң оны шартты таңбасымен (доға) сызып, бірден қай сөз табына жататынын үстіне жазып көрсетіп отырамыз. Қай сөз табына жататынын айқындап отыру оған жалғанған қосымшаларды дұрыс талдауға мүмкіндік береді. Түбір зат есім болса, етіс немесе есімше, көсемше сияқты етістікке тән қосымшалар қосылмайды, немесе түбір етістік болса, оның құрамынан шырай жұрнақтарын іздемеу керек. Дыбыстық құрамы сәйкес болғандықтан, шәкірттер арасында қосымшаның мағынасы мен қызметіне үңілмей, құрғақ жаттандылыққа салынып (мысалы, сана деген мысалда зат есімге көсемше жұрнағы қосылып тұр деп) шатастырулар жиі кездеседі.

Сөздің негізгі түбірі табылған соң басқа мофемаларды айындауға көшеміз. Түбір мен көмекші морфемаларды ажыратуда, бастапқы кезде, оларды бірден табуға жаттыққанға дейін, төмендегі тәсілді қолдануға болады. Ол үшін түбірге қосылып тұрған дыбыстар мен дыбыстық кешендерді санамалап бір-бірден жіктеп қосып, алынған тұлғаның мағынасына назар аударамыз. Түбірге дыбыс (дыбыстық кешен) қосылғаннан кейін пайда болған грамматикалық тұлға түбірдің мағынасынан өзге лексикалық мағынаға ие болса, пайда болған тұлғаны сөйлемде, тілімізде сол күйінде немесе басқа қосымшалар қосып қолдану мүмкіндігі бар болса, түбірге қосылған дыбыс жеке морфема деп танылады, ал дыбыс қосылғаннан кейін пайда болған тұлға сол күйінде немесе басқа қосымшалар қосып тілімізде қолданылмайтын болса, мағынасыз болса, дыбыс жеке морфема емес, бұл жағдайда келесі дыбыстарды санамалап қосып, қашан жеке морфема анықталғанша іздей береміз.

Морфемдік талдауда назарда болатын келесі мәселе – түбір мен оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлға арасындағы мағыналық байланыстың үзілмей сақталуы. Басқаша айтсақ, түбірге сөз тудырушы қосымша қосылса да, сөз түрлендіруші қосымша қосылса да, пайда болған грамматикалық тұлғаның мағынасы түбірдің мағынасынан алыстап кетпейді.



Жаңа әдістерді өндіріске жылдам енгізу керек деген сөйлемдегі сөздерге сатылауға дейінгі талдауларды жүзеге асырып көрейік.

1-кезең. Морфологиялық талдау нысандарын айқындау



Жаңа - қандай деген сұраққа жауап береді, толық мағыналы сөз;

Әдістердінелерді?, толық мағыналы сөз;

Өндіріскенеге?, толық мағыналы сөз;

Жылдамқалай?, толық мағыналы сөз;

Енгізуне істеу?, толық мағыналы сөз;

Керек – сұрақ қойылмайды, көмекші сөз. Бұл сөз өзі жетектеліп келген негізгі сөздің (енгізу) құрамында қаралады. Ендеше сөйлемде бес талдау нысаны бар:

  1. Жаңа

  2. әдістерді

  3. өндіріске

  4. жылдам

  5. енгізу керек

2-кезең. Морфемдік талдау

Жаңа сөзіндегі ж- , жа- , жаң- дыбысы мен дыбыстық кешендері ешқандай ұғым атауы емес, лексикалық та, грамматикалық та мағыналары жоқ, сондықтан түбір морфемажаңа, сапаға қатысты ұғым, қандай деген сұраққа жауап береді сын есім.

Келесі сөздегі түбір – әдіс, сұрағы – не?, зат есім. Сөздің құрамындағы өзге морфемаларды анықтауды алғашқы кезеңдерде мына тәртіппен жүзеге асыруға болады: түбірге, мағыналы бөлшек табылғанша, түбірден кейін тұрған дыбыстарды қосып, пайда болған тұлғаның мағынасына үңілеміз, тілде сол күйінде қолданылатын-қолданылмайтынына назар аударамыз. Әдіст- мағынасыз, сөйлемде осы күйінде қолданылмайды, әдісте- жатыс септігіндегі сөзге дыбыстық құрамы сәйкес келгенмен, сөйлемдегі мазмұнына назар аударсақ неде ? (қайда?) деген сұраққа жауап беріп тұрған жоқ, нелерді? деген табыс септігінің сұрағына жауап береді, қазақ тілінде бір сөзге екі рет септік жалғауы жалғанбайды, ендеше сөздің құрамындағы -те- жатыс септігінің қосымшасы емес. Сұрақтар арқылы айқындайтын болсақ, сұрақтар не ?, нелер ?, нелерді ? тәртібімен жіктеледі, ендеше, түбірге қосылған бірінші морфема –тер – көптік жалғауы. Әдістерд- - мағынасыз, сөйлемде осы тұлғада қолданылмайды, ендеше –д- морфема емес. Әдістерді нелерді?, -ді – табыс септігінің жалғауы.

Өндіріске : Түбірі - өн, не істе ?, етістік; түбірден кейін тұрған дыбыстарды өндір, өндіріс, өндіріске түрінде қосқанда ғана мағыналы, тілде, сөйлем ішінде, қолданылатын тұлғалар алынады. Ендеше, -дір, -іс, -ке дыбыстық кешендері жеке морфемалар; -дір өзгелік етіс жұрнағы, -іс етістіктен зат есім тудырушы жұрнақ деп танылып жүр, -ке барыс септік жалғауы.

Жылдам. Оқушылар арасында мұндай сөздерді жыл-, жылда-, жылдам түрінде жіктеп, -да, -м дыбыстарын, дыбыстар тіркесін сыртқы ұқсастығына қарап жеке морфема (жатыс септігі, тәуелдік жалғауы) ретінде тану жиі кездеседі. Бұл – түбір мен оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлға арасында мағыналық байланыс бар-жоқтығына көңіл бөлмеуден туған дүние. Жыл, жылда арасында мағыналық байланыс болғанмен, бұл екеуі мен жылдам арасында еш мағыналық байланыс жоқ. Қимыл-қозғалыстың қарқынына қатысты жылдам ұғымының 365 тәуліктен немесе 12 айдан тұратын мерзімді білдіретін жыл ұғымына еш қатысы жоқ. Ендеше жылдам сөзі жыл-да-м түрінде жіктелмейді, сол қалпында түбір деп танылуы керек.

Жалпы, түбірге қосылған қосымша морфемаларды айқындауда сөз болып отырған әдіс қажетті жағдайларда белгілі шамада оң нәтиже берері күмәнсыз. Бірақ бұл әдістің айқындалған қосымшалардың қай қатарға жататынын, қандай қызметте тұрғанын білу үшін септігі жоқ. Қосымша морфеманың қандай қосымша екенін айқындау үшін, бірінші кезекте, сөз таптарының түрлену жүйесін, сөз таптарына сөз түрлендіруші қосымшалардың жалғану тәртібін, сол қосымшалардың дыбыстық құрамын жатқа білу керек. Екінші кезекте, қосымшаның қызметін білу үшін түбірге және оған қосымша қосылғаннан кейін пайда болған тұлғаға жеке-жеке сұрақ қойып, олардың мағыналарын салыстыру жұмыстарын жүргіземіз.

Егер түбірге қойылған сұрақ пен қосымшалы сөзге қойылған сұрақ екі басқа сөз табының сұрақтары болса, морфема сөз тудырушы қосымша болғаны. Ал ол қосымшаның қызметі сұрақтарды негізге алу арқылы анықталады. Мысалы, толық: түбірі – тол , сұрағы - не істе ?, етістік; толық, сұрағы – қандай ?, сын есім; ендеше –ық (тол деген) етістіктен (толық деген) сын есім тудырушы жұрнақ.


Ескерту: жұрнақ арқылы зат есімнен зат есім жасалғанда түбір мен туынды сөзге бір сөз табының сұрағы қойылады. Мысалы, қой – қойшы, балабалалық, т.б. Алайда сұрақтардың мазмұны әр басқа: біріне адамзат есімінің, екіншісіне ғаламзат есімінің сұрақтары қойылады, немесе керісінше. Бұл – олардың екі басқа лексикалық бірліктер екенінің дәлелі.

Негізінен, талдау барысында сөз тудырушы қосымшалар кездескенде түбір мен туынды сөздің лексикалық мағыналарына үңіліп, талдау жасатып, оларды салыстырып отыру орынды.

Егер түбір мен қосымшалы сөзге қойылатын сұрақтар екі басқа сөз табының сұрақтары болмай, бірінен-бірі өрбіген сұрақтар болса, морфема сөз түрлендіруші қосымша болғаны. Мысалы, үйлердің: үй – үйлер – үйлердің . Жіктелген тұлғаларға қойылатын сұрақтар – не? – нелер? – нелердің. Қозғалтпайды: 1) Қозға – 2) қозғал – 3) қозғалт – 4) қозғалтпа – 5) қозғалтпай – 6) қозғалтпайды. Сұрақтардың қойылуы: 1) не істе? – 2) не істе? – 3) не істе? – 4) не істеме – 5) не істемей? (қалай?) – 6) не істемейді.

Бірінші мысалдағы -лер, -дің, екінші мысалдағы -л, -т, -па, -й, -ды сөз түрлендіруші қосымшалар.



Ескерту: зат есім көлемдік (барыс, жатыс, шығыс, көмектес) септіктерінде тұрғанда, етістік есімше, көсемше, тұйық етістік тұлғаларында тұрғанда, олардың сөйлемдегі синтаксистік қызметіне байланысты сұрақ түбірге қойылатын сұрақтан өрбімей қайда?, қайдан?, қалай?, қандай немесе қай?, не? түрінде, басқа сөз таптарына тән сұрақтар қойылады. Бірақ бұл ол сөздердің басқа сөз табына ауысқанының белгісі емес, сөздің түрлену ерекшелігі және синтаксистік қызметімен байланысты құбылыс.

4. Морфологиялық (оның ішінде морфемдік) талдау кезінде есте ұстайтын кейбір грамматикалық заңдылықтар. Жоғарыдағы әдіс қосымшалардың қай қатарға жататынын (сөз тудырушы немесе сөз түрлендіруші екенін) анықтауға мүмкіндік бергенмен, дәл қай қосымша екенін білуге көмегі жоқ. Сөзге жалғанып тұрған сөз түрлендіруші қосымшаның қай қосымша екенін білу үшін мына заңдылықтарды есте ұстау керек:

1) Сөйлемде қосымша қабылдап, түрленіп қолданылатын, арнайы түрлену жүйесі бар сөз таптары бар, олар – зат есім, сын есім, етістік. Сөйлемде сөз түрлендіруші қосымша қабылдамайтын, түрленбейтін сөз таптары да бар, олар – үстеу (кейбір сапалық үстеулердің шырай тұлғаларын қабылдауын ескермегенде. Мысалы, жоғарырақ, төмендеу, өте ақырын, т.б.), еліктеу сөздер. Ал сын есім, сан есім, есімдіктер жеке өздеріне тән арнайы түрлену жүйесі болмағанмен, зат есімше түрлене алады: көптеледі, тәуелденеді, септеледі. Бұлардың қатарына дәл осылай түрлене алатын етістіктің есімше, қимыл есімі (тұйық етістік) түрлерін де қосуға болады.

2) Түрленетін сөз таптарының әрқайсысының өзіне тән сөз түрлендіретін қосымшалары бар. Бұл сөз түрлендіруші морфемалар, көбіне, өзі жалғанатын сөз таптарының әралуан грамматикалық категорияларын қалыптастыратын грамматикалық формалар болып табылады.

3) Бір сөзге бірнеше сөз түрлендіруші қосымша қосылғанда, олардың сөзге жалғану реті, тәртібі бар.

Зат есім – түрленетін сөз табы. Зат есімді түрлендіретін қосымшаларға 1) зат есімнің рең мәнін тудыратын жұрнақтар; 2) жалғаулар: көптік, тәуелдік, септік жалғаулары жатады. Жалғаулар зат есімнің сан-мөлшер (көптеу), тәуелдеу, септеу категорияларын қалыптастыруға қатысады. Оқушының аталған қосымшалардың дыбыстық тұлғасын жатқа білгені, көптеу, тәуелдеу, септеу үлгілерімен жақсы таныс болғаны абзал; 3) Зат есім баяндауыш қызметінде келгенде жіктік жалғауын да қабылдай алады. Бұл жерде оқушының жіктік жалғау тұлғаларымен, сөздің жіктелу үлгілерімен таныстығы міндетті.

Зат есімге аталған жалғаулар мына ретпен жалғанады: бірінші кезекте – көптік жалғау, екінші кезекте – тәуелдік жалғау, үшінші кезекте септік жалғау жалғанады. Жіктік жалғау баяндауыш қызметіндегі сөздің құрамында ең соңғы орында тұрады.

Сөйлемдегі зат есімнің құрамында аталған қосымшалар жоқ болса, ол сол жалғаулардың бірінің нөлдік тұлғасында жұмсалуы мүмкін, бұл мәселе талдау барысында сөздің грамматикалық мағынасы арқылы, немесе сөздің синтаксистік қызметі арқылы анықталады. Сөзде нөлдік тұлға да жоқ болса, ол түрленбей, түбір қалпында жұмсалған болып саналады. Өйткені зат есім –сөйлемде түрленбей де қолданыла алатын сөз табы

Сын есім (сапалық сын есімдер ғана) шырай тұлғаларымен түрлене алады.

Сөз таптарының ішінде грамматикалық категорияларға ең байы, соның негізінде сөз түрлендіруші қосымшалары да көп, түрлену жүйесі аса күрделісі – етістік. Дегенмен етістікті түрлендіретін қосымшаларды түбірге жалғану реті, тәртібіне қарай төрт қатарға жіктеп алуға болады:

Бірінші қатарды етістік түбірге алдымен жалғанатын етіс жұрнақтары құрайды. Етіс жұрнақтары бірінің үстіне бірі жалғана алады.

Екінші қатарда етістікке етіс жұрнақтарынан кейінгі кезекте (-ңқыра, -іңкіре күшейтпелі етістік жұрнағы деп танылатын қосымшаны және қимылдың өту кезеңдері мен амалдарын білдіретін аналитикалық форманттарды есепке алмағанда) болымсыз етістік жұрнағы тұрады.

Үшінші қатарды кейде етістікке тікелей қосылатын, кейде етістікке етіс немесе болымсыз етістік жұрнағының бірінен кейін қосылатын есімше, көсемше, тұйық етістік (қимыл есімі), шақ, рай қосымшалары құрайды. Етістік сөйлемде қолданылғанда осы қатардағы қосымшалардың тек біреуін ғана қабылдайды және бұл қатардағы қосымшалардың бірінсіз сөйлемде қолданылмайды.

Төртінші қатарда етістік тиянақты баяндауыш мүше қызметінде жұмсалғанда, үшінші қатардағы қосымшалардың бірінен кейін қосылатын жіктік жалғау тұрады. Жіктік жалғау бұйрық рай мағынасын бергенде етістіктің негізіне тікелей қосылады, сондай-ақ қалып етістіктері де ашық рай (осы шақ) мағыналары бар болғандықтан, жіктік жалғауын тікелей қабылдай алады.

Морфемдік талдау жасау үшін қажетті жоғарыда айтылған білім көлемін меңгерген, тілдің грамматикалық құрылымындағы заңдылықтарды жақсы білетін оқушыға морфологиялық талдаудың сатыларындағы, сондай-ақ синтаксистік талдаулардың сатыларындағы тапсырмаларды орындау көп қиындық туғызбайды.


  1. Түрленуші мен түрлендіруші бөліктерді айқындау. Морфологиялық талдаудың сатылары сөздің грамматикалық сипатының әр қырына арналған тапсырмаларды орындауға бағытталады. Әр саты әртүрлі мәселені анықтауға арналғанмен, сатылардың жиынтығы сөздің морфологиялық қасиеттері туралы түсініктерді бір жерге шоғырландырып, тілдің грамматикалық сипаты туралы тұтас түсініктің қалыптасуына мүмкіндік береді.

Сондай-ақ келесі сатыға өтпес бұрын сөздің түрленуші бөлігін оны түрлендіруші(лер)ден таяқша (/) таңбасымен бөліп алғанымыз орынды. Бұл әрекет таңбаның қай жағындағы бөлік талдаудың қай сатысында сөз болуымен байланысты. Түрленуші бөлік дегеніміз – сөйлемге дербес лексикалық мағынасымен қатысып тұрған тұлғасына қарай негізгі түбір (мысалы, ән/нің,), туынды (мысалы, әнші/нің, жаздағы/, ойла/ған, т.б. ) , біріккен сөз (мысалы, Айнұр/дың), тіркесті сөз (жирен қасқа/, он екі/ге, мұрты бұзыл/май, т.б.) немесе қос сөздер (ата-ана/ны) болып жіктелетін грамматикалық тұлғалар. Мысалдардағы таяқша (/) таңбаның сол жағындағы бөлігі (ән/, әнші/, т.б.) – сөйлемге лексикалық мағынасымен қатысқан сөздің атауыштық негізі, олардаң морфологиялық қырлары сатылай талдаудың І, ІІ, ІІІ, ІҮ, Ү сатыларында қарастырылады, ал таяқшаның оң жағындағы бөлігісөзді түрлендірушілер, яғни жоғарыдағы сатылар арқылы анықталған белгілі бір сөз табына жататын сөзге әрқилы грамматикалық мағына үстейтін тұлғалар, санының нешеу екендігіне қарамастан, сөзге үстейтін мағынасына орай топтастырылып, жіктеліп, талдаудың 5.1, 5.2, 5.3, 5.4, 5.5.1, 5.5.2 сатыларында жеке-жеке сөз болады.

  1. Талдау сатыларының тапсырмалары. Морфологиялық талдаудың алғашқы сатысы сөздің тұлғасын анықтауға арналады. Сөз тұлғасы дегеніміз не? Бұл туралы № 2 дәрісті қараңыз.

Морфологиялық талдаудың екінші сатысы сөздің құрылысын (кейбір оқулықтарда құрылымын деп те беріліп жүр) анықтауға бағытталады.

Сөз құрылысына қарай дара (жалаң) және күрделі болып екі топқа бөлінеді.



Дара сөздердің қатарына жалаң бір түбірден тұратын (қол, бес, кел, т.б.) және түбір мен сөз тудырушы жұрнақтан тұратын (қыстық, егін, жақсылық, т.б.) туынды сөздер жатады. Бұл қатардағы сөздердің басты белгісі – лексикалық мағынаның берілуіне бір ғана түбір морфема қатысады.

Каталог: ebook -> umm
umm -> ПОӘК 042-18-29 8/03-2013 №1 басылым 05. 09. 2013
umm -> Жалпы және заң психологиясы терминдерінің қысқаша сөздігі. І бөлім. Жалпы психология пәнінің терминдері
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> ПОӘК 042-14-5-05. 02. 20. 22/2013 № басылым
umm -> 6М 011700- «Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы» Магистранттарға арналған
umm -> «Ежелгі дәуір әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5В012100- Қазақ тілінде
umm -> Оқытушы үшін «Қазақстан тарихы»
umm -> Әбікенова Гүлнафис Төкенқызы Қазақ тіліндегі эпистолярлық стильдің лингвистикалық сипаты
umm -> Педагогика кафедрасы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет