Исаев оқулары (ғылыми мақалалар жинағы) Алматы, 2014 ббк пікір жазғандар



бет4/8
Дата15.04.2018
өлшемі2,57 Mb.
#40184
1   2   3   4   5   6   7   8

Әдебиеттер тізімі

1.Ш. СарыбаевҚазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші. І-V том. Алматы. 1965.

2.Қазақ тілі энциклопедиясы. Алматы: “IDK-TIPO” Редакциялық - баспа орталығы. 1998.

3.Ш.Ш.Сарыбаев, Ш.М.Сарыбай. Қазақ тіл білімі бойынша қорғалған диссертация авторефераттарының библиографиялық көрсеткіші. Алматы. 2003.

4.Сарыбаев Ш.Ш.Библиографический указатель литературы по тюркологии, Астана. 2009.

Резюме

В статье рассматриваются словарь М.Кашкари «Диуани лугат-ит-турк» и его исследования по казахскому языкознанию.



ҚАЗАҚ ТІЛІ БІЛІМІНДЕГІ АТАУЛЫ СӨЙЛЕМ МӘСЕЛЕСІ
Абиева Фариза. Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ 4-курс студенті

Ғылыми жетекші: Ж.А. Жақыпов, ф.ғ.д., профессор



Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры,

Астана қаласы, Қазақстан.
Біз қарастырмақ боп отырған атаулы сөйлемге мынадай анықтама беріледі: «Атаулы сөйлем-тұрлаулы мүшелерге ажыратылмайтын, бірақ предикаттық негізі (атаулы сөйлемді құрайтын сөздер) белгілі бір затты атап, оның кейінгі тексте ашылуын талап ететін бір тұрлаулы мүшелі жай сөйлем . Жаз. август айы. Жеке сөз не сөз тіркесі А.с. болуы үшін олардың оқиғаға қатысу болуы керек те, өзінен кейін тұрған сөйлеммен сабақтаса байланысып, оқиғаның нақты өзін баяндап, мақсатын көрсетеді. А.с-нің жасалу жолдарын сипаттағанда оның предикаттық негізі қай сөз табына жататындығын анықтау шарт. Бұл жағынан атаулы сөйлем толымсыз сөйлемге ұқсас болып келеді. Бірақ толымсыз сөйлемнің айтылмаған не жазылмаған тұрлаулы мүшесінің орнын толтыру оңай, ол өзінен-өзі түсіндіріледі, ал атаулы сөйлем құрамындағы ұйытқы сөз болған оқиғаны атап қана көрсетеді де, сол оқиғағ кіріспе ретінде қолданылады. Атаулы сөйлемнің арқау болатын сөздері, яғни предикаттық негіздері: 1) әрдайым атау септіктегі (кейде өздігінен А.с. бола алмайтын, басқа сөзбен тіркесіп келіп, А.с. жасай алатын) зат есімдер: Бұйрат.Май айы; 2) басқа сөздермен матаса байланысып, тәуелдік формада тұратын көмекші есімдер: Таң алды Мамыр айының басы; 3) өзін анықтайтын сөзден не сөздерден кейін тұрып, тәуелдік формада қолданылатын бір белгісі есімдігі: Соғыстан кейінгі жылдардың бірі; 4) мезгіл мәнді үстеу, шылаулы сөз тіркесі: Қыстыгүні. Мағынасына қарай атаулы сөйлемдер мекен, мезгіл және зат атаулы сөйлемдер болып бөлінеді. Атаулы сөйлемдердің семантикалық(мағыналық) құрылысы белгілі бір жанды не жансыз заттың ба екендігін, күйін білдіреді. Предикаттық белгі мен субьект мағынасы атаулы сөйлемге ұйытқы болатын сөз арқылы беріледі, бұл ерекшелік те атаулы сөйлемдерді толымсыз сөйлемнен ажыратудың бір белгісі [1.34]

Демек, атаулы сөйлем тіліміздегі басқа сөйлем түрлерімен теңдес бірлік болып саналады. Олай болса, атаулы сөйлемнің зерттелу жолын айқын көру үшін сөйлемнің жалпы зерттелу жолын, оның ішінде топтастырып жіктеу жайын ескеріп қарастыру қажет болады.

Сөйлем синтаксисін зерттеу – тіл-тілдегі өзекті мәселелердің бірі. Ғалымдардың осы күнге дейінгі әр түрлі көзқарастары бұл саланың қаншалықты күрделі екендігін танытады. Аталмыш саланың шешілмеген түйіндері де көп. Қазақ тіл білімінде жай сөйлем синтаксисі бойынша бұл саланың іргесін қалаған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолв, С.Жиенбаевтар мен М.Балақаев, О.Төлегенов, Ғ.Мадина, Р.Әмір, Ж.Садуақасұлы, С.Исаев, А.Әбілқаев, М.Серғалиев, О.Күлкенова т.б. ғалымдардың еңбектерін атай аламыз. Осы ғалымдардың сөйлем бөлінісіне байланысты пікірлері төмендегіше:

А.Байтұрсынов сөйлем түрлерін: болымды, болымсыз, толымды, толымсыз ,жалаң, жайылма сөйлемдер [2.263] деп берсе, Қ.Жұбанов сөйлемдерді хабарлы сазды, сұрау сазды, леп сазды деп бөледі.

С.Аманжолов сөйлемдерді айтылуына қарай хабарлы, лепті деп, құрылысына қарай жалаң, жайылма деп берген. Жалаң және жайылманың өзін толымды, толымсыз деп әуелі екіге бөледі де, жақты, жақсыз деп тағы екіге бөледі. Ғалым бұл бөліністі таза формалды бөлу дейді. Жалаң, жайылма сөйлемдерді мағына жағынан: хабарлы, сұраулы, лепті, атаулы деп бөліп көрсетеді. [3.162-163]

Қазақ грамматикасында жай сөйлемдерді топтастырудағы негізгі қағидалар ретінде мыналар көрсетілген: 1) толымды және толымсыз жай сөйлем; 2) номинативті және етістікті жай сөйлем; 3) жалаң және жайылма жай сөйлем; 4) айтылу мақсатына қарай бөлінетін жай сөйлем; 5) екі негізді және бір негізді жай сөйлем; 6) күрделенген жай сөйлем. Біз қарастырғалы отырған атаулы сөйлем бір негізді жай сөйлем аясында қарастырылады.[4.664] Н.Сауранбаев сөйлемдерді мақсатына қарай хабарлы, лепті, сұраулы, жалаң, жайылма түрлерімен бірге тұрлаулы мүшелерінің айтылу-айтылмауына, болу-болмауына қарай сөйлемдерді: толымды, толымсыз, жақсыз, атаулы деп бөлген. [5.219]

С.Исаев жай сөйлемдерді сөйлемде тұрлаулы тұрлаусыз мүшелердің болу болмауына байланысты жалаң, жайылма деп, бастауыштың қатысына қарай жақты, жақсыз деп, және өз алдына жеке қолданылатын болғандықтан атаулы сөйлемді де шартты түрде осы жай сөйлемнің бір түрі деп көрсетеді. 1993 жылы шыққан «Қазақ тілі» атты оқу құралында атаулы сөйлем жеке қолданылатын болғандықтан шартты түрде сөйлем деп танылады дейді. Ғалым атаулы сөйлемнің мәні өзінен кейінгі сөйлемдерге тәуелді екенін атап өткен. [6]

Жай сөйлемдерді классификациялауда М.Балақаев оларды жақты, жақсыз, толымды, толымсыз және атаулы сөйлем деп бөледі. [7.237]

Сәрсен Аманжолов 1940 жылы жарыққа шыққан «Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» деп аталатын еңбегінде генетика жағынан атаулы сөйлемдерді бірінші шыққан деп қарастыруға болады дейді. Ғалым атаулы сөйлемнің баяндауышының жасалуына тоқталып, оны мағына мен құрылысына қарай келесі үш топқа бөледі:

1. Жай зат атау. Касса. Қазақстан. Алматы.

2. Меншікті атау (көбінесе газет,журнал, кітаптардың аттары). С.Мұқанов «Теміртас», «Алатау» кинотеатры.

3. Әліптемелі атау (суреттеу,зат атауы). Ұлы дүрмек .Ыстық күн. Қайнаған дала.(Ғ.Мұстафин «Миллионер»)

А.Әбілқаевтың «Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері» деп аталатын еңбегінде жай сөйлемнің төрт түрі көрсетілген: жақты, жақсыз, толымсыз және атаулы. Жақты сөйлем өзі іштей : арнаулы, ауыспалы және бастауышы белгісіз жақты деп жіктелген. Мұнда автордың сөйлемді жіктеудің басты белгісі етіп бастауышпен тең қараған жақты алғанын көреміз. [8. 18-28]

1967 жылғы «Қазақ тілі грамматикасында» атаулы сөйлемді жай сөйлемнің бір түрі болғанмен оның басқа бірде бір түріне ұқсамайтыны, тірек мүшенің не бастауыш, не баяндауыш екенін тап басып айту мүмкін емес екендігі айтылған. Негізінде зат есімнен болып, атау септікте тұруы жағынан ғана оны бастауыш ыңғайындағы тұрлаулы мүше деп жалпы жорамал жасалынып жүр, бірақ оны сыртқы ұқсастығына қарап айтқанымыз болмаса, бастауышпен тепе-тең дәрежедегі мүше деп есептеуге келмейді. Сонымен қатар атаулы сөйлемде баяндау қасиетінің болмай, сөйлемде тек интонация, оқиғаның , құбылыстың шындық өмірге , шаққа қатысы сияқты сөйлемге тән айрықша белгілері болады деп берілген. Еңбекте атаулы сөйлем құрамы мен құрылысына қарай жалаң және жайылма болып бөлінген, атаулы сөйлемнің құрылысы, жасалу жолдары талданып, мекен атаулы , мезгіл атаулы және зат атаулы деген үш мағыналық түрі көрсетілген.

Ғалым Мәулен Балақаев өзінің 1971 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілі» еңбегінде атаулы сөйлемдерді тек бастауыш ыңғайындағы сөзден не сөз тіркесінен құралып, сөйлемдік интонация арқылы жасалады деген. [9. 132]

Ал кітаптың, мақаланың, өлеңнің, әңгіме, романның тақырыптарын, мекеменің, колхоз-совхоздың, завод фабрикалардың аттарын ғалым атаулы сөйлемге жатқызбай, олар көбінесе жалқы есім, сөз тіркесі болады дейді.

«Жай сөйлем синтаксисі» еңбегінде Рақыш Әміров атаулы сөйлемдер коммуникативтік мақсатта қалыптасқан дей келе, жұмсалуына қарай олардың үш түрін атап көрсетеді:

1) бейнелеу мағыналы атаулы сөйлемдер. Түн. Шалқыған ай.

2) эмоциялы атаулы сөйлемдер. Күлуін.

3) сөгіс, тілек мәнді атаулы сөйлемдер. Қаңғыған неме! Өркенің өскір!

Атаулы сөйлемдер мен екі бас мүшелі сөйлемдерді функция жағынан да, құрылым жағынан да тығыз байланыстырады. Р.Әмір атаулы сөйлемді негізгі мүшенің грамматикалық түр-тұрпатына қарай төмендегідей топтастырады:

- негізгі мүшесі атау тұлғалы зат есімнен болған атаулы сөйлем;



- негізгі мүшесі тұйық етістіктен болған атаулы сөйлем;

- негізгі мүшесі –ған, -ген, -тын ,-тін тұлғалы есімшеден болған атаулы сөйлем;

- негізгі мүшесі тұйық етістіктен болған атаулы сөйлем;

- негізгі мүшесі табыс септіктен болған сөзден(зат есім, сын есім, есімше, тұйық етістік) болған атаулы сөйлем. [10. 101-104]

К.Аханов жалпы тіл білімінде сөйлемді «бір бас мүшелі», «екі бас мүшелі» деп жіктеу бар деп, оның қазақ тіліне де тән екенін айтады [11. 312]

О.Төлегенов «Жалпы модальді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері» атты кітабында сөйлемдердің мағыналық, құрылымдық формаларын түгел қамтитын, әрі саралап танытатын топтау принципін көрсетіп, құрылымына қарай екі бас мүшелі, бір бас мүшелі (баяндауышты), мүшеленбейтін сөйлемдер деп үш топқа бөледі. Бір бас мүшелі сөйлемдер ретінде құрылысы жағынан бастауышты қажет етпейтін, тек баяндауышты негіз етіп құрылған конструкциялар аталған. Мүшеленбейтін сөйлемдер деп автор «Қалыпты құрылымды емес», яғни сөйлем мүшесіне талдауға келмейтін конструкцияларды атаған. [12. 44]

Профессор Ж.А. Жақыпов 1998 жылы жарыққа шыққан «Сөйлеу синтаксисінің сипаттары» оқулық-монографиясының «Атаулы сөйлем мәселесіне» деген тармағында «атаулы сөйлем» деп аталып жүрген синтаксистік единицаның басты шарты контекст екенін факт дей келе, атаулы сөйлемге контекстің ықпалын талдауға саятын бірнеше тұжырымдарды көрсетеді. [13.145]

«Қазақ тіл білімінің антологиясы» синтаксистік зерттеулер жинағы еңбегінде «Бір тұрлаулы мүшелі сөйлемдер» деген мақаласында М.Серғалиев бір тұрлаулы мүшелі сөйлемдердің ішінде сәл оқшаулау тұратын атаулы сөйлемдердің шарты бастауыш болады дейді. Сонымен қатар атаулы сөйлемнің контекске тәуелділігін, оның екі бас мүшелі сөйлеммен ұқсастығын атап көрсетеді. [14.321]

Құсекен Шәукенов «Синтаксис» еңбегінде «Жай сөйлемдерді жалаң және жайылма ретінде танушылық, осының алғашқысын өзге бір тұрлаусыз мүшелерді қосқанда онай кеңейіп кете беретінін негізге алғаннан болар.Бірақ тіліміздегі сөйлем тұрлерін құрамына қарай бөлуде бұл жеткіліксіз» дей келе, ғалым атаулы сөйлемдерді жалаң құрамды сөйлемдерге жатқызады. [15.208]

М.Серғалиев, Айтбай Айғабылов, Орал Күлкенова «Қазіргі қазақ әдеби тілінде» заттың құбылыстың, болмыстың ақиқаттығын білдіретін бір бас мүшелі сөйлемді атаулы сөйлем деп, ол осы шаққа қатысты модальдылықты білдіреді дейді. Оның хабарлы, лепті, сұраулы деген түрлері болуы мүмкін деп көрсетеді. [16. 216]

Ж.Ибраимова «Қазіргі қазақ тіліндегі мүшеленбейтін сөйлемдер» еңбегінде атаулы сөйлемдерді мынадай топтарға саралайды:

1) бұрыннан сөйлем ретінде танылып жүрген қалыпты атаулы сөйлемдер;

2) сөйлем ретінде танылмай жүрген атауыштық мағынадағы сөздер мен сөз тіркестерінен жасалған сөйлемдер. Соңғысын ғалым «түсінік атаулы» және «тақырып атаулы» деп екіге жіктейді. Сонымен қатар зерттеуші айрықша құрылымды сөйлем деп генетив сөйлемдерді де осы мүшеленбейтін атаулы сөйлемдер қатарына жатқызады.

Сонымен, сөйлемді топтастырып жіктеуде атаулы сөйлемді ерекше бір түрге жатқызуда айқын дәлелденген толық уәждемелер байқалмайды екен. Айтылатын себептер – оның тұрлаулы-тұрлаулы мүшелерге талдану-талданбауына қатысты жайттар, оның өзінде мұны бастауыштық сөйлемге жатқызу сыңайы бар. Ғалымдар қалай болса да атаулы сөйлем деп аталып жүрген бірлікті бірқұрамды сөйлемдерге апарып телуге талпынатыны байқалады. Келесі бір орындалған іс – оны мағына жағынан жіктеу. Ал оның сөйлемнің санаттық негізін жасайтын предикативтілік, модальділік, интонация сияқты белгіліерге, коммуникативтік қызметіне, мәтінде, контексте алар орнына қатысты бір ауыз пікір де кездеспейді. Бұл – атаулы сөйлемнің айқын зерттелмегенін, жол-жөнекей қарастырылғанын көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:


  • Қазақ тілі.Энциоклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 ж., 509 бет, 34-бет

  • А.Байтұрсынұлы. Тіл тағылымы, 263-бет

  • С.Аманожолов.«Қазақ әдеби тілі синтаксисінің қысқаша курсы» 162-163 бб.

  • Қазақ тілі грамматикасы, 2002,664-бет

  • Н.Сауранбаев.Қазақ тілі.219-бет

  • Исаев С.М. Қазақ тілі. Оқу құралы. – Алматы , 1993-170 бет

  • Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі және жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1971.

  • Әбілқаев А. Қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері. Алматы, 1963.-60 б.

  • Балақаев М. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі және жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1992.-240-246 б.

  • Қазақ тіл білімінің антологиясы. Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. – Павлодар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. – 192 б.

  • Аханов К. Тіл білімінің негіздері. 3-басылуы. Алматы, 1993.-402б.

  • Төлегенов О. Жалпы модальді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері. Алматы,1968. – 178б.

  • Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары. Оқулық. Қарағанды: КарМУ баспасы, 1998ж 159 бет

  • Қазақ тіл білімінің антологиясы М.Серғалиев.Синтаксистік зерттеулер.-Павлодар:С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлкеттік университеті,2010.-560 бет

  • Құсекен Шәукенов Синтаксис-Алматы:Ана тілі.1996.-208 бет.

  • М.Серғалиев,Айтбай Айғабылов,Орал Күлкенова Қазіргі қазақ әдеби тілі.-Алматы: «Ана тілі», 1991.-216 бет.

АННОТАЦИЯ

Одним из актуальных вопросов синтаксиса казахского языка, да и синтаксической теории вообще, является вопрос о лингвистической природе назывного предложения. При определении его места казахские языковеды опираются на структурные и семантические признаки, а не на коммуникативную способность назывного предложения, тогда как утверждено, что коммуникативнай функция языка начинается с предложения. Поэтому авторы считают, что перерассмотрение назывного предложения имеет результативную перспективу.



ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ СӨЗЖАСАМЫНЫҢ ДАУЛЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Ділдәбекова Фариза Болатқызы. ҚазҰПУ студенті

Ғылыми жетекші: Ильясова Н.А. – ф.ғ.д., доцент
Қазіргі қазақ тілі сөзжасамының өзіндік даму, зерттелу тарихы бар. Сөзжасам тіл білімінің жеке саласы болып қалыптасқалы бері ғалымдар арасында түрлі даулы, екіжақты мәселелер туындап отырғаны белгілі. Осы мәселелер жайына тоқталып өтсек.

Сөзжасамның негізгі зерттеу нысаны - туынды сөз. Әр сөз табының сөзжасамы, сөз тудырушы жұрнақтары, сөз тудыру тәсілі бар. Соның ішінде қазіргі күнде әлі де болса зерттеуді қажет ететін мәселе – сөзжасамдағы етіс жұрнақтары. Етістіктің етіс категориясының жұрнақтары сөз тудырушы жұрнақ па әлде форма тудырушы жұрнақ па?

Негізінен, негізгі түбірге сөз тудырушы жұрнақ жалғану арқылы туған туынды сөздің лексикалық мағынасы бастапқы, негізгі мағынадан айырмашылығы болуы шарт. Мысалы, егін мен осы сөзден туған егінші сөзінің арасында мағыналық айырмашылық бар. Ал бүгінде сөзжасамдық тізбекке мысал болып жүрген мына сөздердің мағыналарына талдау жасап көрсек: жаз-жаздыр-жаздырт-жаздыртқыз. Осы сөзжасамдық тізбекте сөздер бірінен бірі туып тұр, бірақ аса бір мәнді мағыналық айырмашылық байқалмайды. « Жаз» етістіктің бастапқы таза түбір қалпы, одан туған кейінгі сөз «жаздыр», «жаздырт», «жаздыртқыз» да өзгелік етіс формасында тұр, жаңа мағыналы сөз туып тұрған жоқ секілді, тек іс-әрекеттің субьектіге қатынасы көрсетіледі. Ойымызды етіс жұрнақтарын зерттеген ғалымдардың пікірімен дәлелдесек. Етіс қосымшалары түркологияда үш түрлі бағытта (сөз тудырушы, форма тудырушы, екі функциялы) зерттелгендігі мәлім. Өз зерттеуінде Н.А.Баскаков етіс жұрнақтарын сөз тудырушы деп анықтаса, қазақ тіл білімінде етіс категориясын арнайы қарастырған А.Қалыбаева сөз тудырушы қосымша деп қарастырады. Бірақ та, түркологияда етіс қосымшаларын форма тудырушы деп анықтаушылар саны біршама жетерлік. Олардың қатарына А.Щербак, Б.А.Орузбаева, Ф.А.Ганиев т.б. қосуға болады. Қазақ тіл білімінде етісті Ы.Маманов грамматикалық категория ретінде қарап, етіс формаларын форма тудырушы қосымшалар қатарына қосады. Етіс қосымшаларының функциялық ерекшеліктерін зерттеген

А.Жаңабекова «етіс қосымшалары барлық кезде сөз тудыру қатарын құрай бермейді, тек объектілік-субъектілік қатынасты білдіріп, грамматикалық категория құрай алады» дейді.[1] Бірақ бұл қосымшалар туралы даулы пікір әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ғалымдар зерттеулерін қортындылай келе сөзімізді тұжырымдайтын болсақ, етіс жұрнақтары сөз тудырушы жұрнақтар қатарынан орын алмай, форма тудырушы жұрнақ саналуы тиіс деп ойлаймыз.

Осы секілді форма тудырушы жұрнақтар жалғану арқылы жасалған кей сөздер де туынды сөздер қатарында жүр. Мысалы, үй-үйшік, көл-көлшік т.б. Зер салып қарасақ, үй мен үйшік, көл мен көлшік арасында да айтарлықтай туынды мағына берілмей , кішірейту мағынасы беріліп тұр, граматикалық форма ғана туып тұр десек те болады. Н.Оралбаева «Қазақ тілінің сөзжасамы» еңбегінде былай дейді: «Сөзжасамда туынды мағына негіз сөздің мағынасын өзгертпей, оның мағынасына үстеліп қосылуы мағынаның түрленуіне жатады. Мысалы, көл-көлшік, әке-әкетай т.б. Бұларда негіз сөздің лексикалық мағынасы туынды сөзде толық сақталған, бірақ оның үстіне, туынды сөздерге түрлі мағына қосылған. Бұл орыс тіл білімінде «модификационное значение» деп аталады. Қазақ тілінің сөзжасамында ол зат есім, сан есім сөзжасамдарында орын алады» дейді де осы аталған еңбекте автор тағы да былай жазады: «Сөзжасам жүйесіндегі жұрнақтардың ішінде сөзге үстеме мағына беріп, сөзді мағына жағынан түрлендіретін жұрнақтар да бар. Мысалы, үйшік, кітапша, т.б. Мұндай жұрнақтар ғылымда талас та туғызып жүргені рас, өйткені мұнда сөз мағынасы мүлдем өзгеріп кетпейді. Бірақ осындағы үй мен үйшік, кітап пен кітапша, сары мен сарғыш деген сөздердің әрқайсысы тілде өзінше лексикалық бірлік ретінде қолданылады, сондай қызмет атқарады, солай танылады да». [2, 23-39 ] Бұдан түйіндейтініміз ғалым Н. Оралбаеваның өзі де мысалға алынған туынды сөздердің мағынасының толық өзгермегенімен келісіп, туынды сөзде негіз сөз мағынасының толық сақталғанын көрсетіп отыр. Осы жерде сөзжасам саласын зерттеуші Ж.Отарбекованың «егер негіз сөздің лексикалық мағынасы туынды сөзде толық сақталса, онда ол туынды сөзге жатады ма?»деген сұрағын біз де қойғымыз келеді.[3, 261] Бұл да сөзжасам саласында шешімін таппаған даулы мәселелердің бірі.

Сөзжасам саласында шатыстырылып жүрген форма тудырушы жұрнақтар жайлы К.Ахановтың «Грамматика теориясының негіздерінде»: «Акад. В.В.Виноградов форма тудыруды (формообразование) кең түрде қарайды да, сөз тудырушы жұрнақтардан басқа форма тудырушы жұрнақтар бар деп есептейді. Ол зат есімнің форма тудырушы жұрнақтарына «күллі субьективті мәнді жұрнақтарды» (кішірейткіш, ұлғайтқыш, еркелету, кемсіту мәнді жұрнақтар және т.б.), сын есімнің форма тудырушыларына салыстырудың әдеттегі түрлері (мысалы: добрый-добрее-добрейший), сапаның субьективті мәні бар формаларын да (мысалы: желтоватый, жельтенкий) жатқызады. Ал етістіктің форма тудырушыларына шақ пен рай формаларынан басқа инфинитиф, көсемше, есімше және етіс формалары жатқызылған. ...Олай болса, бұлар арқылы жасалған формаларды сөздің формалары ретінде қарауға тиіспіз». [4, 125-126]

Жоғарыда қарастырылған мәселелер сөзжасамды зерттеуші ғалымдар арасындағы дауды құраса, ал жалпы орта білім беретін мектеп мұғалімдерінің арасында туынды сөзді әрқилы талдап, морфологиялық талдау мен сөзжасамдық талдауды шатастырып жүрген жайттар да кездеседі. Бұл тіл білімінің өзекті саласы - сөзжасамды әлі де болса нақты да жүйелі зерттеу қажет екенін көрсетеді.

Әдебиеттер:



  1. А.Ә.Жаңабекова «Сөз формаларын жасаудағы қосымшалардың функциялық ерекшеліктері» кан. диссертация -Алматы, 2001.

  2. Н. Оралбай «Қазақ тілінің сөзжасамы» - Алматы, 2002.

  3. Ж.Отарбекова «Туынды сөздің лексикалық және сөзжасамдық мағынасының ара қатынасы жайында» мақаласы.

  4. К.Аханов «Грамматика теориясының негіздері» - Алматы, 2010.



Түйіндеме

Мақалада қазіргі қазақ тілі сөзжасамының кейбір даулы мәселелері қарастырылып сөз болады.



Резюме

В статье рассматриваются некоторые спорные проблемы словообразования современного казахского языка.



ЖАҢЫЛТПАШТАРДЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
Ерханқызы Мейіржан. ҚазҰПУ 3-курс студенті

Жетекші: Тамаев Алпысбай


Қазақ халқының ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті жанрларыныңбірі — жаңылтпаштар. Жаңылтпаш адамды өнерге, ойын дамытуға, тілін жаттықтыруға үйрететін этнопедогогикалық туынды болып есептеледі. Жаңылтпаш - баланың ойлау қабілетін дамытуда, тілін ширатуда, дүниетанымын дамытуда маңызы зор. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ойы қиялы дамиды, тәлім-тәрбие алады.

Қай халықта болсын жаңылтпаш сөйлеу аппаратына күрделендіріліп берілетін синтаксистік жағынан дұрыс құрылған фраза болып есептеледі. Мағыналық жағынан әр түрлі болғаныман дыбысталуы жағынан жақын сөздерден, фонемалардан түзіле отырып, жаңылтпаш белгілі бір ырғақ пен әуезге негізделеді. Жаңылтпашта ырғақтың, аллетерациялық, тәсілдің болуы заңды құбылыс. Қазақ тіліндегі жаңылтпаш жанры туралы аз-кем айтылып қалатыны болмаса, осы уақытқа дейін аталған жанрдың құрылысы мен жасалу жолдары, тәсілдері туралы әлі зерттелмей келеді. Фольклордың әрбір жанрының көркемдік-поэтикалық ерекшелігін жеке-жеке зерттеу зәру мәселе болып табылады. Жаңылтпаштың өзіндік белгілері бар ма, басқа түрлерден айырым жерлері неде деген сұрауларға жауап іздеу ділгірлік. Әрбір жанрды оқшаулайтын қыры алдымен поэтикалық амал, тәсілдерді екшеп, талдап қолданудан байқалады. Бұл пікір әр жанр басқа жанрда кездеспейтін тәсілдерді ғана қолданады дегенді аңғартпайды. Мәселен, қайталау ырғақ, айқындау, әсерлеу фольклордың көпшілік жанрына еншілі, бірақ олардың әрқайсысы осы компоненттерді мақсаты мен мүддесіне орайластырып, әр түрлі дәрежеде кәдеге жаратады.

Жаңылтпаштарда белгілі бір өлеңдік қалып сақталмайды. Оның ырғақтық-ұйқастық құрылымы сан түрлі өрнектеледі. Олардың ішінде төрт аяғын тең басқан өлең түрінде келетіні де, қара сөзбен келетіні де бар. Жаңылтпаш жанрына тән басты ерекшелік – көлемі шағын, құрылымы жағынан жұп-жұмыр, аз сөзбен көп нәрсені айта білуінде жатыр.Жаңылтпаштың синтаксисі де осымен байланысты, бөлек-салақ ештеңе байқалмайды. Ол көбінесе қысқа, жақты сөйлемдерден етек-жеңі жинақы көрінеді.Жаңылтпаш – үнемшіл, басы артық, орынсыз тұрған сөзді көтермейді.

Жаңылтпаштардың шумағы құрылысына қарай қос тармақты, үш тармақты, төрт тармақты және көп тармақты болып келетіндігі белгілі.

Жаңылтпақтың шумағының ең кішісі – екі тармақтан тұрады. Тармақтың толымдысы, толымсызы болады.

Іске іскер,

Істі

Іскер істер.



Толымсыз шумақтар жаңылтпашта және ауыз әдебиетінің кейбір ұсақ жанрларында ғана кездеседі. Қос тармақты жаңылтпаш шумақтарының кәсібі толымды болып келеді:

Ықылас пен Ыбырай

Ыдыстарын тасымай,

Ырыскүлден үлгі алмай,

Ынтасыз жүр тілді алмай.

Немесе:


Қызыл сиялы қалам сенде,

Көк сиялы қалам менде.

Қызыл сиялы ол алты теңге,

Көк сиялысы ол жарты теңге.

Жаңылтпаш шумақтарында тармақтардың үнемі ұйқасып келуі шарт емес, теңдес мағыналы дербес жаңылтпаштар бірыңғай буын-бунақта тұрып-ақ үш тармақты шумақ құрай алады.

Бір қыз кесте тікті,

Кестесін түсте тікті,

Кеште тікті.

Жаңылтпаштың тармақ саны мен тармақтағы буын саны неғұрлым шағын болса, шумақ соғұрлым жинақы да ширақ естіледі.

Жаңылтпаш құрылысында қайталаулар ерекше орын алады. Олар үш түрлі болып келеді. Дыбыс қайталау, буын қайталау және сөз қайталау. Дыбыс қайталау мен буын қайталау, әдетте жаңылтпаштардың үндестігін арттырып, көркейту қызметін атқарады және көбінесе қайталаудың бұл екі түрі жарыса қатар жүреді. Мысалы:

Класта ақ бор бар,

Көк бор бар,

Көп бор бар.

Немесе:


Тайлақ базардан

Қармақ алмақ,

Көлге бармақ,

Қармақ салмақ.

Жаңылтпаштар құрылысында сөз қайталаудың да мәні зор. Сөздер көбіне тармақтардың аяғында қайталайды және ойды жалғастыру, бір шумақта тұрған тармақтарды бір-бірімен байланыстыру қызметтерін атқарады.

Тау басында тарымды жедім,

Жар басында жармамды жедім.

Сайға түскен соң

Сонан қалғанды жедім.

Немесе:


Құлынтай шығады,

Тай-құнан шығады.

Кейде тай

Құнанға сай шығады!

Қайталау бірде ой мен тармақтар арасын байланыстыру үшін қолданылса, бірде толымсыз буындарды толықтырып, ұйқасты күшейту қызметін атқарады.

Киген тоны –

Оңды тон,

Өңді тон.

Сөйтіп дыбыс, буын және сөз қайталау жаңылтпаш жасаудың және оның мағынасын, байланысын тіпті ұйқасын күшейтудің бір тәсілі болып табылады.

Ал, екі тармақты жаңылтпаш шумақтары үнемі ұйқасқа құрылмайды, бірыңғай буын-бунақта, бір ырғақта тұрып-ақ ұйқассыз құрай алады.

Малға қорек керек,

Оған жарма, кебек те керек.

Өлең сөзді жаңылтпаштардың көпшілігі осындай екі тармақты шумақтан жасалады. Бұған қарағанды үш тармақты шумақтар әлдеқайда сирек кездеседі.

Көпке бекер өкпелеме,

Өкпе етпе,

Тектен-текке өкпелеме.

Төрт тармақты жаңылтпаш шумақтарында шұбыртпалы және аралас ұйқастар да ұшырасады, бірақ ондай ұйқастар төрт тармақтардан көрі үш тармақты, әсіресе көп тармақты шумақтарға тән.

Көп тармақты жаңылтпаш шумағының ұйқасы, әдетте, айнымалы келеді. Бірінде шұбыртпалы ұйқастың, екіншісінде шалыс ұйқастың өлшемі басым болады.

Шуақтаған ботамды,

Шуға апарып шудаладым.

Шудалаған шудасын

Суға салдым,

Судан алдым,

Суға малдым.

Жаңылтпаштың бала тілін жаттықтыруға байланысты қызметі – оның басты міндеті. Бұл орайда, жаңылтпаштың тілге ауыр оралатын дыбыстардан құралатынын ерекше ескерген жөн. Әсіресе:

Ара, ара аралар,

Орманның бойын аралар.

Гүлдерден сорып бал алар,

Алысқа ұшып бара алар,

Бал тәтті ғой балалар!-деп келетін

«Р, С, Ш» дыбысына жаттығуға арналған жаңылтпаштар өте көп.

Райхан, раушан реңділес

Реңдестерім ренжіспес.

Раушанның райханы,

Райханның раушаны,

Рахатта реңсізденбе.

Немесе:

Сылдырмақ сылдырлады,



Сәби былдырлады.

Сылдырмақ сылдырласа,

Сәби былдырлай ма?

Сылдырмақты сындырмай ма?

Немесе:
Шешендер шебер,

Шынайы шенер.

Шенелген шіркін,

Шөмиіп шөгер.

Жаңылтпаш сөздер мен дыбыстарды қиындата қайталау, айтқанда тіл мүдіретін сөйлемнің бөлігін шапшаң, жиі қайталау арқылы тіл ширатуға лайықтап құрылады.

Мысалы:


Ай, Тайқарбай, Тайқарбай

Қойыңды мақараға жай Тайқарбай,

Тайқарбай Майқарбайлар толып жатыр,

Ай, Тайқарбай дегенің қай Тайқарбай.

Өлең жаңылтпаштардың ырғақтамасы әрқилы, төрт буындысы да бес буындысы да, аралас буындылары да кездеседі. Неғұрлым қысқа буынды болса, соғұрлым жаңылтпаш балалардың жаттап айтуына ыңғайлы, оңтайлы.

Қайталау – фольклор жанрының барлығына дерлік өтімді тәсіл. Тек осы тәсілді әр жанр өз мұрат-мүддесіне лайықты пайдаланады. Қайталау түрлері ертегіде, тұрмыс-салт жырларында бар. Ал жаңылтпаштар мәтініндегі қайталаудың түрлері:буын, сөз қайталау т.б.

Тоқсан ауыз сөздің түйіні: қайталау композициялық, әрі стильдік құрал, жаңылтпаш ырғағын жасауға, тармақтардың шумақ болып тұтасуына, тыңдаушы назарын нысананың нақты белгісіне аударуға жәрдемдеседі.

Қазақ жаңылтпаштарының шабыттана, кең қамтып кестелеген тақырыбы – табиғат, тұрмыстық заттар, еңбек тақырыбы. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының халық ауызынан жазып алған жаңылтпаштары

1.Қырда қылау.

Қызыл ала бұзау.

Жатыр жалмаң құлағы,

Қиқу қыздардың қызыл ала тырнағы.

Қызыл тырнағы қылтылдақ,

Сүйір тырнағы жылтылдақ.

2.Тауда татақ тарғылша,

Матақ суда сотақ,

Солқылдайды қу бұтақ.

З.Отырар таудың басынан

Отау тікпек ойнайық.

Ор киіктің (ор қоянның ) терісін

Сыпыра (отыра) сілікпек ойнайық:

Олай сілікпе, бұлай сілік,

Жан-жағыңа қарай сілік,

Отарбайдың үйін сілік,

Үйі толған қызын сілік,

Семіз қызын серпей сілік,

Арық қызын аяй сілік.

4.Мынау кімнің қотаны,

Қайын атамның қотаны.

Қотаныңда қос терек,

Жайылып шыққан (айналасы) жас терек.

Қайын атамның қотаны,

Маған тік тұрды,

Мен қайын атамның

Қотанына тік тұрдым.

5.Жүк үстінде төрт бөрік,

Төртеуі де көк бөрік,

Кел, қыздар, сол бөрікті тігіселік, сөгіселік!

Кел, қыздар, тігіселік, сөгіселік,

Кел, қыздар, тігіселік, сөгіселік!

6.Дарияның ортасында сең келеді,

Сеңменен сексен серке тең келеді.

Сексен серке біреуін ұстап алып,

Сақалын суға салып-малып,

Сілкіп, сығып, сақалын суға малып-малып,

Сілкіп, сығып, сақалын суға малып-малып,

Сілкіп, сығып!

7.Жаңбыр жауып келеді, қар аралас,

Насыбайдың ішінде күл аралас.

Бір топ қатын келеді қыз аралас,

Ойпаң жерге шөп шығар көде аралас.

Жаңылтпаш (аз қолданылатын атаулары – тез айтқыш, таза айтқыш, тіл сындырғыш) – халық фольклорының әзіл жанры, шағын өзіндік өлең. Жаңылтпаштар өлеңдерден сөздердегі ұқсас және айтылуы қиын дыбыстар мен әріптердің тіркесі мен орын алмастыруына негізделетіндігімен ерекшеленеді.

Жаңылтпаштардың авторы – халық. Бұрын жаңылтпаштар балаларды күлдіру және ойнату үшін ойлап табылатын. Заманауи Қазақстанда қазақша жаңылтпаштарды оқытушылар мен логопедтер мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың сөйлеу қабілетін жақсарту үшін жиі пайдаланады.

Мысалы:


Егер балаңызда ызың дыбыстармен қиындықтар болса, онда мына жаңылтпашты пайдалану керек:

Екеуінін жасы шамалас,

Бірінің шашы - қарашаш,

Бірінің шашы - ақ шаш аралас.

егер балаңызда «Р» әрпімен қиындықтар болса, онда мына жаңылтпашты пайдалану керек:

Тұрыс бұрышқа тұр,

Бұрышта дұрыс ұрыспай тұр

Сондай-ақ, жаңылтпаштар белгілі бір мамандық иелеріне де пайдасы тию мүмкін.

Мысалы: дикторлар, шешендер, әншілер, актерлер мен тележүргізушілерге.

Жаңылтпаш – қазақ әдебиетінің маңызды бір саласы. Бүгінде жас ұрпақ тәрбиесінде өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, бала күннен өз тілінің дыбыс жүйесі мен сөйлеу дағдысын қалыптастыра білу мәселесі тәуелсіз еліміз үшін аса қажетті әрі маңызды.

Әрбір жаңылтпаш жай ғана айтылып қоймай, бала өміріне қатысты нәрселерге балай беріледі. Бұл жаңылтпаштар, біріншіден баланы еңбек етуге тәрбиелесе, екіншіден шәкірттің зейінін, зердесін, сондай-ақ тілін де жаттықтырады. Кейін мұның өзі баланы кез келген материалды бар ынта-ықыласпен көңіл қойып тыңдауға дағдыландырады. Осындай жаңылтпаштар, әрине, баланы ойландырады, зейінін жаттықтырады.

Бір ақ шымшық,

Үш ақ шымшық,

Төрт ақ шымшық.

Бала осы жаңылтпашты қайталау барысында сандармен танысып, оларды есте сақтайды. Келтірілген жаңылтпаш бала зейінін, логикасын, тілін жаттықтырып, ең бастысы – санауға, есептеуге үйретеді.

Балалардың тілін жаттықтырып, танымын кеңейтуде жаңылтпаштың орны ерекше. Бұл жанр өз бастауын ауыз әдебиетінен алған.

Жаңылтпаштар тақырып жағынан алуан түрлі. Тұрмысқа қажетті күнделікті қолданылатын заттар, табиғат және табиғи құбылыстар, шаруашылық түрлері, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемі, т.б. тақырыптарды қамтиды.

Шығарма астарында жатқан ойды аңғарып, ой қорытындысын жасау алғашқы кезде балаларға қиынырақ түсуі мүмкін. Бірақ үлкендердің көмегімен бала астарлы мағынаны табуға дағдылана бастайды. Соның нәтижесінде кейін бала өлеңнің, әрбір жұмбақтың, әрбір жаңылтпаш пен өзге де шығармалардың байыбына барып, мазмұнына терең үңіліп, қорытынды шығара білуге үйренеді. Бұл бір жағынан баланың ақыл-ойын, санасын, тілін, логикасын дамытса, екінші жағынан оған рухани, этикалық және эстетикалық тәрбие береді.


Каталог: wp-content -> uploads -> 2018
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Комутова Айгуль Сериковна, кмм
2018 -> Сабақтың мақсаты: а/ Оқушылардың сөздік қорын молайту. Білім, білік дағдыларын қалыптастыру
2018 -> Сабақтың тақырыбы: Физика-табиғат туралы ғылым
2018 -> Сабақ мақсаты Тұздар гидролизін түсіну және тұздардың суда ерігенде қандай процестер жүретінін анықтау
2018 -> Сабақтың мақсаты: Білімділік: Көміртек және оның қосылыстары туралымәлімет алады
2018 -> 5В011700- Қазақ тілі мен әдебиет мамандығы бойынша 3-курс студенттердің элективті пәндер каталогы 2017-2018 оқу жылы
2018 -> Сабақтың тақырыбы Салынған циклдер. Мақсаты Қайталау операторлары туралы білімнің кеңеюі
2018 -> Сабақ тақырыбы: Теңдеулер жүйесін қолданып есептер шығару Мерзімі
2018 -> Даулетиярова Зауре Ермаханқызы А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тараз қаласы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет