Жаныңда жүр жақсы адам Жақсылық адамның ойынан,іс-әрекетінен,ниетінен байқалады. Абай айтқандай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»



Дата04.06.2020
өлшемі16,93 Kb.
#72341
Байланысты:
ЭССЕ ГУЛДАНА


Алматы қаласы,Бостандық ауданы

№40 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Елубай Гүлдананың жазба жұмысы (эссе)



Жаныңда жүр жақсы адам

Жақсылық адамның ойынан,іс-әрекетінен,ниетінен байқалады.

Абай айтқандай «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» осы үш қасиет адамды жақсылыққа жетелейді.

Өмірде менің қасымда жақсы адамдар көп.Олар сенің отбасың,достарың,ұстаздарың. Әрқайсысының өзіндік орны бар. Күнделікті өмірде көңіл бөлмей,жақсылықтарын байқамай жататын кездеріміз аз емес. Жақсы адам деген кім десе,мейрімі мен жақсылығын сөзбен жеткізе алмайтын,мен үшін қымбат жан ол - Ана! Ананың жан жылуы мен шексіз махаббатын сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ең жақсы қасиеттер де ананың бойынан тарайды. Ана деген есім күн секілді сәулесін шашып,нұрын төгеді. Жақсылық атаулының үлкен бір символындай. Ана деген есімді естігенде әркімнің жүрегі елжірейтіні рас. Оның мейрімділігінде шек жоқ. Барлығы да өз анасын әлемдегі ең жақсы адамға теңейді. Сол сияқты менің анам - әлемдегі ең жақсы адам.Ол кісінің жақсылығының арқасында осындай берекелі де,парасатты,бақытты отбасы болып отырмыз. Ана- отбасының ұйтқысы,берекелі шаңырақтың сүйеніші. Мен үшін жанын құрбан етуге даяр жалғыз адам – ол менің анам! Есімі- Мағрипа. Жүзінен қаталдық көрсем де, жан дүниесі мейрімділікке толы жан. Өзі қолөнер шебері,тұла бойы шығармашылыққа толы жан-жақты талантты,өмірге құштарлығы басым,белсенді адам. Анамның бойындағы өнері мен шығармашылық қабілетін өзімнің бойымнан да көремін. Осы қасиеттер менің өмір сүруіме,болашағыма үлкен бір жол ашатындай. Оны белгілі бір себептер үшін жақсы көрмеймін. Менің өмірімде бар болғаны үшін алғыс айтамын. Мен оны мақтан тұтамын. Одан асқан маған жақын жан жоқ. Әр күн сайын қуантуға тырысамын.



Анам тек өз отбасына ғана емес,басқа да адамдарға көмегін аямайды. Анамның жалғыз басты анаға жұмыс істеуді үйретіп, отбасын, бала-шағасын асырауға өз көмегін тигізгені әлі есімде. Қазіргі таңда сол отбасы жақсы өмір сүріп жатыр. Мен анамның жақсы істерінен үлгі алып келемін. Мені анам үй шаруашылығының қыр-сырын білуге үйретіп жүреді. Тамақты өте дәмді жасайды. Анамның бойындағы асыл қасиеттерді,өзгелерге жасаған жақсылығын көріп таңданамын.Кейде мен үйде бәліш пісіремін. Бастапқыда мен істеген бәліштер күйіп кететін немесе шикі болып қала беретін. Анам маған сол кездері ұрысатын, мен анама менің еңбегімді бағаламайды деп жиі ренжитінмін. Бірақ қазір ренішімнің жөнсіз екенін түсіндім. Тіпті, бізге сәл суық тиіп қалса, жанымыздан шықпай асты-үстімізге түсіп бәйек болады. Жалпы ананыңбаласына деген ыстық мейрімін осыдан түсіндім. «Ана» деген ұғым барша адамзаттың тәрбиешісіндей болып көрінеді.

Анам-қазақ әйеліне тән сабырлы, қиыншылықтарға табандылықпен қарай білетін жан. Әртүрлі байқауларда жанымда болып,мен үшін уайымдап жүретін,көңіл- күйімнің әрбір сәттерін бақылап жүретін ана жүрегін сезіп жүремін. Кейде ренжітіп алғанымызды да байқай бермейміз. Орынсыз талаптар қойып, еркелігімізді асырып та жібереміз. Дауыс көтеріп жататындарымыз да болады. Бірақ, осы қылықтарымызға анамыздың іштей налып, қиналатынын қайсібіріміз ойламаймыз да ғой. Қателігімізді түсініп, бір ауыз жылы сөз айтып, кешірім де сұрамаймыз. Иә, «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» екенін біреуіміз түсінсек, енді біріміз түсінбейміз.
Бала үшін ананың орны бөлек. Алда үлкен арман-мақсаттар бар. Анамның «адам болса екен» деген үлкен үмітін ақтағым келеді. Кішкентай бала кезімнен бір арманым бар. Ол арманым кейде мұнарланған сағымдай болып көрінеді. Мен жақындаған сайын алыстай түседі. Оған қарсы жүгіремін,қолым да жетіп қалғандай болады. Алыстан қол бұлғап тұратындай көрінеді. Алдыға қойған мақсатқа жетпей тынбау- ол менің бойымдағы қасиетімнің бірі. Осы арманыма қолдау көрсетіп,маған дұрыс жолды нұсқап,күрсініп қиналған сәттерімде жұбатып жүрген,өмірімнің тірегі іспеттес тағы да менің ақ жүректі аяулы Анам! Осы арманыммен күн кешіп,бірде күндей батып,бірде қайта арайлап таң болып атамын. Осы армандарым анамның ақ тілегін орындауға алып ұшып,таңшолпанымдай алға қарай жетелеп келеді.Мен жақсылық ұғымын ең кемел,ең игі дүние ретінде білемін.

Адам баласын игі істерге бастайтын,ізгі жүректің қалауы-жақсылық. Жақсылық күллі тіршіліктің тұтқасы сияқты.Жаны жайсаң жақсы адамдар қасыңда болса ,оның бойындағы игі істерін де бойыңа дарыта аласың. «Жақсының жақсылығын айт,нұры тасысын» демекші өзгеге үлгі-өнеге бола алатын, жарқын жүзді, аяулы анамның қадірін біліп, оның бір сәт ішкі жан дүниесіне үңіліп тоқталған кездегі менің ішкі сезімімнің иірімдерінен шыққан анама деген лебізім деп ойлаймын. Адам жаны жақсылыққа құмар ғой,оны үнемі іздеп тұрады.Ана жайлы ойымды,айтып тауыса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айтып,Ыбырай Алтынсариннің «Көңіліңді,бойыңды мөлдір бұлақтай таза ұста» деген сөзін есімде ұстап,анамның бойындағы асыл да игі қасиеттерді бойыма сіңіріп,болашақта анамның үкілеген ақ үмітін ақтауға тырысамын. Жер бетінде жақсы адамдар көп болса,әлемдегі зұлымдық пен қатыгездік атаулы азайып, мейрімділік шуағы төгіліп тұрар еді. Әлемде жақсы адамдар көп болсын!

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет