Жинаққа Махамбет ақын туралы әр жылдары жазылған мақалалар, алғы сөздер және баяндамалар енгізілген



бет2/6
Дата06.02.2022
өлшемі0,56 Mb.
#32014
1   2   3   4   5   6
Шашақты найза шалқар күй
Әбіш Кекілбаев, халық жазушысы

Қай халықтың да қадір тұтары - өзінің сөзін сөйлеп, кегін қуар ақыны мен батыры. Екеуі де тек халықтың ғана бойынан табылар сарқылмасжігер мен шабыттың, сана мен сабырдың, тәуекел мен арманның түлегі. Екеуі де жұртын елдікке бастаса, қайсыбір жұмыр басты пенденің болсын өресі жетпес ерен ерлікке, кемел кісілікке бастары хақ. Екеуі де тасқындаған қайраттың ғана емес, ең алдымен, кең толғап, кемсіз пішер кемеңгер ақылдың көрінісі. Ал, осы екі қас қасиет бір адамның басына сыйып, бағына бітсе ше… Онда таңданатын не тұр! Тек батыр бас тігер көзсіз ерлікке алдымен ақынның дәті барып, қарымдас халқына жар салса, тек ақынның асқақ шабытына лайық нар тәуекелге тек батыр ғана бел буар болса, одан жарасымды, одан ғанибет не болушы еді!


Сондықтан да, ол табиғаттан қалаған уақытында табыла бермейтін асылдай аса сирек кездесетін құбылыс.
Махмбет те сол асылыдң, сол сиректің бірі. Ондай құбылыс тек қазақ түгілі барша адамзаттың ғұмырында да көп кездесе бермеген. Махамбет кәдімгі он екі жілік, бір мығым жұмыр басты пенденің ертегідегідей аңызға айналуының, тек ертегіде ғана кездесетін ғажайып ерлердің қайтадан шындыққа айналуының таптырмас бір мысалы.
Бұрын кез-келген қазақ жырын жатқа білетін ақын Махамбет, атының әрбір әрпі атой салып тұрғандай естілетін батыр Махамбет кейінгі жылдары табылған бұлтартпас дәйекті деректер көрсеткендей күйші де екен. Қапелімде, қай құлаққа да таңсық естілер бұл дерекке де таң қалатындай ештеңе жоқ сияқты. Батырдың найза ұстамауы миға қандай қонбаса, ақынның домбыра ұстамауы да сондай ақылға сыймайтын нәрсе. Бірақ, бұл екеуінде ақынды да, батырды да желпіндірер халық басындағы тасқын күш, топан ашу, толағай тағдыр болғанымен, кез-келген көк найзалы батырдың қызыл сөзге суырылып тұрған ділмәр шешеннің семсерін жарқылдатып қан майданға шыға бермесі қандай ақиқат болса, қолына домбыра ұстаған кез-келген ақынның сөзді қысып, сазды сөйлетер аруақты композитор бол бермейтіні де сондай ақиқат. Ал, Махамбеттің адам таң қалатын жері де, сол бола берместің бәрін болдырта білгендігінде ғой. Алдымен Махамбет болу қиын, ал Махамбет болғасын батыр болу да, күйші болу да оп-оңай сияқтанып тұратындығы да осыдан шығар.
Сол бір туар Махамбеттің қайда салсақ та саф алтындай жарқылдап, ақ алмастай қиып түсіп, шыны майдай шыжғырынды шындықпен көкірегіңді өртеп түсер құдіреті неде? Батыр болса кез келген тымақты шоқпар ұстаған сотқар заманда екіленген есер болмай, еңіреген ер болуының, ақын болса – бардың алдында байпақтап, жоқтың алдында шайқақтап шыға келер өзге әріптестеріндей мақтаушы болмай, жоқтаушы болуының сыры неде?
Міне, гәп қайда жатыр? Махамбеттің Махамбет болуының себебі де осында ғой. Оның тұсындағы дүркіреген көп ақынның өзі де, сөзі де халық жадынан шыққанда, оның тұсындағы күркіреген көп батыр сазбауға біткен құба талды сайғақ қып жатып алып, бүгіндері топографтардың ғана қырағы көзіне ілігер белгісіз жер төмпекке айналған кезінде ақын Махамбеттің ащы айғайы әлі күнге дейін құлағыңда саңқылдап, батыр Махамбеттің тап көз алдыңда көлбеңдей шауып бара жатқандай әлі күнге дейін делебеңді қоздыруының себебі де, міне, осында, Махамбеттің кімнің сөзін сөйлеп, кімнің сойылын соға білгенде ғой.
Істе де, сөзде де шынайылық пен шындықтан туады. Махамбет те өзінің батырлығын, ең алдымен, өз дәуірінің шындығына тура қарауға арнады да, өз ақындығын сол көзі көріп, көңіліне түйген шындықты еш қалтқысыз, еш бұлтақсыз айта білуге салды. Сөйтіп, мезгілмен бірге өлетін өтіріктің сөзін сөйлемей, халықпен бірге қимылдап, тарихты жасайтын ақиқаттың сөзін сөйледі. Сондықтан да Махамбет халықпен бірге жасап, бірге жаңғырығып келеді. Махамбеттің Махамбеттігі де сол шындық қуғандағында. Ол сөйлеген сөз бен ол істеген істің тарихи өміршең боп келетіндігі де осыдан.
Махамбет ақын мен Махамбет батырдың осы қасиеттерін біз күйші Махамбеттен, композитор Махамбеттен де анық байқағандаймыз. Егер біз Махамбет тағдырын ел кегін жоқтаған кескекті ердің ереуіл ғұмыры деп танитын болсақ, оның жырларын сол ереуіл өмірдің поэтикалық шежіресі деп білеміз. Мынау жеті күй бізге сол асқақ ақын, асқаралы азаматтың жүрек соғысы мен жүрек тынысының үнмен жазылып қалған кардиограммасындайкөп жайды аңғартып, көп нәрсені түсіндіріп тұр. Мұнда да Махамбеттің сол таныс даусы, таныс шабыты, Махамбет жүрегінің сол таныс дүрсілі.
«Исатайдың Ақтабаны-ай» баяғы ереуіл атқа ер салғандардың дегені болып, тастары өрге домалап тұрған қайран дәурендерін жарқылдатып көз алдыңа тосса, «Шілтерлі терезе» сол өктем көңіл, өр жүректің торға түскен торғайдай бұлқынған, бірақ қиянатшыл тағдырға көнбей тайталасқан арпалыс халынан зар төккендей. Онда да тауы шағылып, таусылған мүскіннің мүсәпір жылап-сықтауы емес, намысына қыл бұрау түсіп, бұлқынған арыстың арпалысып буырқанғаны естіледі. Біз осы хал, осы әуенді Махамбеттің «Өкініш» атты күйінен де жақсы аңғарамыз. Онда қалт жіберіп, қапы соққан кісінің ызасы тепсінгенімен, «мұны неге істедім» деп өкінген өксік жоқ. Күйдің әуен бітімі оның Исатайдан айырылып, көтерілістің дағдарысқа ұшыраған тұсында туғанын аңғартқан. Бірақ сондай жер жарылып, аспан шытынаған кездегі күйші жүрегі неткен сабырлы, күйші зары неткен мәнді, неткен ұстамды!
Махамбет күйінің бір бояудан ғана тұрмайтынын қапысыз таныта алатын шығармалар санатына «Жұмыр, Қылыш» пен «Қайран Нарынды» жатқызуға болады. Орындаушылар «Жұмыр, Қылышты» Исатайдан айрылып, жалғыз жортқан Махамбетті Баймағамбет сұлтанның қанды қақпанынан құтқарып қалған байбақты батырлары Жұмыр мен Қылышқа арналған деседі. Осылай болуы ғажап емес. Күйде шалт қимылды батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар. Ол күмбіррлей төгілген қоңыр сазбен ара жігі білінбей әдемі жымдасқан. Ал, «Қайран Нарын» Махамбеттің ақындық творчествосының басты арнасына айналдырған туған ел, туған елдің мүддесі мен мерейі жолындағы кескесті ұрыс тақырыбына арналған. Күйден «аһ» ұрған зар, қайнаған ыза, езілген мұң, серпілген арман, ашылған күндей шуақты қиял қатар білінеді. Одан Махамбеттей кемеңгер азамат, кемел жанның басында бола берер тоқсан толғақ, сексен серпін, сергелдең сезімдердің кең тынысы табылады. Нарынның шағыл бұйраттарындай жонданып, бұратыла бүктеліп, кейде сүр бесіннің көк сағымына көкірегінен малынып тұрған Қараойдың қатқылындай көсіліп қоя берер шежіре күйлер азаматтық қарым, батырлық қайрат, ақындық шабыттың неден туып отырғанынан хабар бергендей. «Батыр болмақ адам-ды», - деп Махамбет өзі айтқандай, аламанды артыңа ертер ер болу да, қарымдас халқың аузыңа қарар ақын болу да, заманыңның батпан жүгін қара нардай қайыспай көтерер ұлы болу да, ең алдымен, сол ел қамына, оның болашағына теңселе тебіренген терең ойлы азамат болу екен.
Дүниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігіңнің заңды мақтанышын туғызады. Дүниеде Махамбеттей адамдардың жасауы топырақ жалаған жауын құрттай жер бауырлаған жебір пенделік пен сұңқардай саңқылдаған асқар азаматтықтың арасындағы шырқау айырмашылықты айқындай түседі. Ал, енді Махамбеттей асыл азамат қанын қиған халықтан туып, Махамбеттей адам құдіреттер аңсаған армандар мен мұраттарға өзіңнің де мүдделігіңді сезіну - өз алдына ғанибет, өз алдына сүйініш.
Махамбеттер аңсаған адамгершілік мұратын ту етіп көтерген біздің дәуірде Махамбеттің аты өлуші ме еді, сөзі өлуші ме еді, тегі өлуші ме еді. Ендеше, сондай сұңғыла азаматтың сезімнің сергек дірілін өз үні, өз тынысымен жеткізгісі келген жүрекжарды сырларының күміс құймасы – күйлері неге ұмытылсын!
Ұмытылмайды! Кеше ғана Махамбет күйі болған сарын енді, міне, қадірлі оқырман, сенің күйіңе, сенің жүрек сарыныңа айналмақшы!
Алдыңнан ақ күн туа берсін, Махамбет сарыны!



Каталог: uploads -> files -> 2016-02
2016-02 -> Ізтілеуова салтанат далбайқызы
2016-02 -> «алаш» идеясы және халықаралық «Қазақ тілі» ҚОҒамы
2016-02 -> Аумалы-төкпелі кезеңдегі қОҒАМ, ТҰЛҒа және дін
2016-02 -> ШЫҒарма тілін лингвистикалық талдаудың сипаты а. Н. Тұрарова, К. Р. Қазақбаева Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ
2016-02 -> Жүсіпбек аймауытов
2016-02 -> Шерхан мұртаза әҢгімелеріндегі диалогтың кейіпкер мінезін ашу, образ жасаудағы рөЛІ
2016-02 -> Бiлiм берудi ақпараттандыру жағдайында информатика мазмұнын жаңалаудың негiзгi бағыттары Мұхамбетжанова Сәуле Талапеденқызы, п.ғ. к
2016-02 -> ШОҚан (МҰхаммед-ханафия) УӘлиханұлы (1835 -1865)
2016-02 -> Қазіргі замандағы Интернет-технологиялар 4 html негіздері 12


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет