Жоспар: Қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орны



Дата18.02.2023
өлшемі16,79 Kb.
#169220
Байланысты:
3Абенбаева А


Қазақ тілі тарихын зерттеудің әдістері
Жоспар:
1. Қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орны
2. Түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи тәсілмен зерттеу
3. Салыстырмалы-тарихи зерттеулерге қойылатын негізгі талаптар
Мақсаты: Тіл тарихын зерттеуде қолданылатын басты әдістерді қарастыру.
Мазмұны: Тілдің тарихи дамуын зерттеуде қолданылатын басты әдіс — тарихи-салыстырмалы әдіс. Түркі тілдерінің тарихын жасау сонау Менинский, Шотт, кейінгі Радлов заманынан-ақ осы тарихи салыстырма әдіс арқылы жүріп келе жатыр. Бұл әдістің басты шарты – жай салыстыру, қалай болса солай салыстыру емес, тілдердің, тілдік фактілердің тарихи байланысы мен жүйесін сақтай отырып салыстыру. Тарихи-салыстырма әдістің қолданылатын мынадай негізгі орындары бар: 1) бір тілдің әр кезеңге қатысты, бірақ бір жүйеге жататын, қызметі мен семантикалық жағынан бір-біріне эквивалент болатын фактілерін салыстыру; 2) бір уақытта өмір сүрген, өмір сүретін, бір-біріне тілдік, тарихи жақындығы бар тілдер материалдарын салыстыру. Алайда, бір топқа жататын тілдердің өзара байланысы, бір-біріне қатыс дәрежесі бірыңғай болып келмейтіні еске алынады. Бір тілдің екінші бір тілмен ұқсастығы, жақындығы мол да, үшінші бір тілмен байланысы одан гөрі алыс, ал төртінші бір тілмен байланысы одан да алыс. Оның үстіне, олардың тарихи жағынан бір-бірімен ұштасуы да әр түрлі. Кейде бір-бірімен өте ұқсас, өзара жақын тілдер тарихи жағынан бір-бірімен өте алыс кезеңде ғана ұштасады. Мысалы: қазақ тілі мен қарақалпақ, ноғай тілдері, қазақ тілі, ноғай тілі арқылы татар, башқұрт тілдерімен немесе бүкіл қыпшақ тілдерімен ұштасады, қазақ тілі қыпшақ тілдері арқылы оғыз тілдерімен ұштасады, содан кейін ғана якут немесе чуваш тілдерімен салыстыруға мүмкіндік туады. Ал екінші ерекшелікке қазақ тілі мен қырғыз тілдерін жатқызуға болады.
Тарихи-салыстырма әдісті қолданудың мақсаты – қазіргі тілдегі дыбыстар мен морфемалар жүйесінің алғашқы сипатының жобасын (реконструкция) жасау.
Қазіргі түркі тілдерінің арасындағы фонетикалық, морфологиялық, лексикалық айырмашылықтарды анықтап, оларды сол тілдер құрамындағы диалектілік айырмашылықтармен салыстыра отырып, сол тілдердің көне дәуір ескерткіштеріне қатысын айқындауға мүмкіндік туады. Бұл ретроспективтік тәсіл деп аталады. Тарихи-салыстырма әдісті ретроспективтік тәсілмен іске асыру – зерттеудің негізгі бағыттарының бірі. Екінші сөзбен, зерттеу бүгінгі тілдің сипатын айқындаудан басталып көне дәуірге қарай жүреді. Мысалы: айақ~адақ, шор: азақ, якут: атах, көне түркі: адақ. Сон-да й~з<д/т дыбыс ауысуы келіп шығады. Қазіргі тілдердің ішінде якут тілі ғана көне түркілік сипатқа жақын қолданысты сақтаған. Олай болса, қазақ тіліндегі ел адақтау тіркесі де көненің «қалдығы», айақ сөзімен түбірлес, бірі ескі күйді, бірі жаңа дәуірді танытады. Ретроспективтік тәсіл, сонымен, туыс тілдер фактілерін көне мұралар тілі фактілерімен салыстыруды мақсат тұтады. Салыстырылатын фактілер семантика, функция, грамматикалық жақтарымен қатар, диахрондық езгерістер тұрғысынан да қарастырылады. Бұл тәсілдің бір тіл фактілерін синхрондық тұрғыдан салыстыруға негізделген түрін іштей реконструкция тәсілі деп атайды. Іштей реконструкция тәсілі синхрондық фактілерді салыстыру арқылы диахрондық қорытынды жасауды көздейді. Бұл тәсіл бойынша тіл құрамындағы элементтер өзара салыстырылады да, өзгерістің бағыты мен түрі айқындалады. Мысаяы, Ііе-л, ке-т және бе-рі, ә-рі, алдыңғыларда ортақ түбір ке-, екінші топ сөздерде қосымшалар ортақ, түбірлердің ортақтығын түсіндіру үшін жазба ескерткіштер мен туыс тілдер фактілеріне жүгіну керек: бұ жақ, о жақ, со жақ, ана жақ ортақ түбір екі түрлі: о~а және бұ~ со. Алдыңғы ортақ түбір соңғымен (бұ)~(со) салыстырғанда ерекше көрінетіндер б, с элементтері. Бұ және со сөздерінің екі түрлі мәнде ұғынылуы да (бұ — осы жерде — менің айналамда, со — сол жерде, сенің айналаңда) б және с элементтеріне байланысты. Осылардың бәрін еске алсақ, бұ және со сөздерін екі түрлі элементтерден құралған: б, с — локативтік мән бергендер, ұ және а — сілтеулік мән бергендер деп қарауға әбден болады. Дегенмен, тілдің бір саласына ғана қатысты синхрондық фактілерді салыстыру ретроспективтік тәсілге жатады. Өйткені, әдеби тіл мен диалектідегі бір-біріне эквивалент фактілер әр түрлі кезең мен өзгерістердің (тіпті таза лингвистика емес, экстралингвистикалық, әлеуметтік жағдайлардың нәтижесі) нәтижелері болуы мүмкін.
Зерттелетін мәселенің ерекшелігіне қарай типологиялық салыстыру әдісі қолданылады (бұл жердегі салыстыру сопоставление: хронологиялық жүйе сақталынбайды). Типологиялық салыстыру әдісі жеке морфемаларды, жеке тілдік элементтерді қарастырмайды, материалдық элементтердің ұқсас, ұқсас еместігіне қарамай, жүйелік қатынастар (системные отношения) арқылы керінетін тілдік ярустарды салыстыруда қолданылады. Қазіргі түркологияда қыпшақтық вокализм, оғыздық вокализм, алтайлық (қырғыз) вокализм, қарағас вокализмі тәрізді дауысты дыбыстар жүйелерін анықтау кебіне-көп типологиялық салыстыра қарастырудың нәтижесі. Түркі вокализмінің аталған түрлерін анықтау сол тілдердің фонологиялық жүйелерін синхрондық түрғыдан салыстыруға негізделеді.
Тілдің грамматикалық құрылысы тарихын зерттеуде қолданылатын әдістің бірі – ареалдық әдіс. Ареалдық әдіс арқылы тілдердің, диалектілердің өзара ықпалдасу процесінің сыпаты мен дәрежесін, ондай процестің орны мен таралу аймағын айқындап, ол нәтижелерді тілдің тарихи өзгерістерінің бір түрі (немесе өзгерістердің бір тобы) ретінде тілдің тарихи грамматикасына енгізуге болады. Ареалдық әдіс кейде изоглостарды тарихи түсіндіру әдісі деп те аталады. Олай деп атауға себеп – ареалдық әдіс туыс, бір-біріне жақын тілдердің белгілі бір регионда шектесуінің нәтижелерін ғана зерттеп қоймайды, географиялық орналасуы жағынан өзара шектесетін туыс емес тілдердің де өзара ықпалдасуының нәтижелерін іздестіреді. Тілдер мен диалектілердің ықпалдасу процесінің бағыты мен орнын айқындауға ареалдық әдіс археология мен этнографиялық мәліметтерді де пайдалана алады. Мысалы, қазақ тілінің батыс говорлар тобына түрікмен, ноғай, татар тілдерінің ықпалы болғандығын айқындау ареалдық әдісті қолдану арқылы жүреді. Батыс говорлар тобы дегенде бірыңғай, бірөңкей қарастырылмай, оңтүстік-батыс, батыс, солтүстік-батыс тәрізді региондарға жіктеп, олардың әрқайсысына тән тарихи-әлеуметтік, этникалық ерекшеліктер болғандығы еске алынады. Оңтүстік-батысқа орналасқан қазақ тайпалары оғыз тектес рулармен шектессе, батыстағы олардың ағайындары ноғайлармен, башқұрттармен араласты. Солардың барлығы да қазақ тіліне ықпал етті, із қалдырды. Ал ондай өзгешеліктер бізге белгілі ескерткіштерде өз көрінісін таба берген жоқ. Сонымен қатар, батысты мекендеген қазақ тайпалары жайында айтқанда, қыпшақ (қуман)-славян байланыстарын, кейінгі ғасырлардағы қазақ-орыс байланысын назардан тыс қалдыруға болмайтындығы айқын. Ал оңтүстікке орналасқан қазақтардың тілі туралы зерттеулер қазақ-өзбек байланысымен қоса, араб-парсы тілдерін де назардаи тыс қалдыра алмайды.
Тілдің динамикалық жүйелі тарихын жасау үшін оны әр түрлі өлшем түрғысынан жан-жақты қарастыру керек болады. Зерттеуші сондай мақсат қойғанда қолданбай кетпейтін әдіс – синхрондық сипаттау әдісі. Синхрондық сипаттау әдісі белгілі бір дәуірдегі тілді жан-жақты сипаттауға құрылады. Екінші сөзбен, белгілі бір мұралар тілін сипаттау жолымен ол тілдің актив заңдылықтарымен қатар өнімсіз құбылыстарын, тілдік жүйесіне түгелдей не ішінара әсер ететін езгерістермен қатар, ондай ықпалсыз бейтарап өзгерістерін, қысқасы бүкіл механизмін түгелдей дәлелдеп шығу синхрондық сипаттау әдісінің үлесіне тиеді. Бұл әдіс диахроникалық зерттеуде синхрондық әдісті қолдану болып табылады. Бұл арқылы тілдік фактілер бір-біріне бағынышсыз, оқшау алып қаралмайды, белгілі жүйені құрайтын тәсілдер ретінде қарастырылады. Бұндай зерттеулердің нәтижесінде тілдің динамикалық тарихы, яғни, тілдік функциялар мен қатынастардың даму, өзгеру тарихы, тіл семантикасының даму, өзгеру, жаңару тарихы жасалуға тиіс болады.
Тіл тарихын зерттеуде әр кез қолданыс табатын немесе ойда болатын әдістердің бірі – типологиялық модификация немесе тілдік универсалий әдісі. Қазіргі заманғы лингвистика ғылымы тіл-тілдер бір-бірінен өзіндік ерекше заңдылықтар арқылы ерекшеленіп, оқшауланумен бірге, олардың көпшілігіне тән ортақ заңдылықтардың да бар екендігін дәлелдеп отыр. Ортақ заңдылықтар ортақ ерекшеліктер түрінде екі түрлі семьяға жататын тілдерде кездесуі мүмкін немесе белгілі бір семья тілдерінің ерекше белгісі деп қаралатын құбылыс (не құбылыстар) басқа да семьялар тілдерінде ұшырасуы мүмкін. Ғылымның бүгінгі қорытындылары ретінде белгілі болған сондай заңдылықтар қай тілдің тарихын зерттеуде де есте болады, зерттеу үстінде белгілі болған қүбылысты түсіндіруде қолданыс табады. Айталық, сөздің қатаң дауыссыздардан басталуы баскы буынның екпінді болуымен ұштасып жатуы тек түркі тілдерінің ерекшелігі емес, герман тілдерінде де бар заңдылық. Сондай-ақ сөздің анлауты мен инлаутында й — ж (дж) дыбыс сәйкестігі, немесе дыбыс ауысуының болуы түркі тілдерімен қатар Индия мен Иран тілдерінде де бар. ХХ ғасырдың 20-жылдарында-ақ Е. Д. Поливанов айтқан, дамудың барлық немесе кепшілік тілдерге ортақ себептері мен принциптері болатындығын бүгінгі лингвистика жоққа шығармайды, қайта дәлелдей түседі. Әрине, Е. Д. Поливанов 1928 жылы бұл пікірді өзбек тілінің ирандық ықпалға ұшыраған говорларына байланысты айтқан еді.
Біздің заманымызда бұл көзқарас тек фонетика ғана емес, грамматика құрылысында да барлығы дәлелденіп отыр.
Қазақ тілінің грамматикалық қүрылысының даму тарихын зерттеп, түсіндіруде осы аталған зерттеу әдістерінің қайсысы да қолданылып келеді.
Өзін-өзі бақылау сұрақтары:
1. Тарихи-салыстырмалы әдіс
2. Ретроспективтік тәсіл
3. Іштей реконструкция тәсілі
4. Типологиялық салыстыру әдісі
5. Ареалдық әдіс
6. Синхрондық сипаттау әдісі
7. Типологиялық модификация немесе тілдік универсалий әдісі
Әдебиеттер:
1. Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. А,1988.
2. Томанов М., Қордабаев Т. Тарихи грамматика мәселелері. А,1975.
3. Томанов М. Тіл тарихы туралы зерттеулер. А., 2002
4. Қашқари М. Түбі бір түркі тілі. А,1993.
5. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А,1966.
6. Қордабаев Т. Тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. А,1982.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет