Қазақ тілін оқытудың барысында мұғалім оқытудың формалары мазмұнын, міндеттерін шешуде, әдістемені анықтауда дидактикалық принципті басшылыққа алады. Принцип - латын сөзі основа первоначально-руководящая идея... қазақшасы - оқытуда басшылыққа алатын идея, қағида. Қазақ тілін оқытудың барлық сатысында бағыт беретін негізгі жұмыс бағыты осы.
Дидактикалық принципті алғашқы зерттегендер: чехтың ұлы педагогы Я.А.Коменскийден басталса, орыстың ұлы педагогы К.Д.Ушинский, қазақ халқында Ы.Алтынсарин құнды пікір айтты. Оқытудың бағытын, принциптерін зерттеуде Одақ /кеңес/ кезінде педагог ғалымдарымыз көп еңбек сіңірді. Мысалы, Н.А.Сарокин оқыту принциптерінің 8 түрін тұжырымдап көрсетсе, М.А.Данилов /"Дидактика средней школы"/ 1975 ж. кітабында дидактикалық принциптің 7 түріне түсінік береді. Т.А.Ильина "Педагогика" кітабында оқытудың 7 түрлі принциптеріне анықтама береді. Ю.К.Бабанский /Педагогика, І977 ж./ оқыту принциптерінің 13 түріне тоқталады.
Қазақ балаларын оқытуда Ы.Алтынсарин мұғалімдерге өте жоғары талап қоя білген: «...әрбір затты ықыласпен, қарапайым тілмен түсіндіру, өз оқулығында /"Қырғыз хрестоматиясы"/ тақырыптарға сәйкес суреттеу, сурет арқылы беру сияқты, көркем жазуды, әріптердің формасын дұрыс түсінуге, дағдыландыруды үйрету ...шәкірттердің барлық сезім мүшелерінің - көз, қол, есту қабілетін, тілді, зейінді дағдыландыру, баланың барлық қабілеттерін жаттықтыру арқылы және оған өз бетімен жұмыс істеу керек», - дейді. Ы.Алтынсарин оқыту принциптеріне: түсініктілік принципі, көрнекілік принципі, жаттығу принципі, өз бетінше оқыту, саналылық принципін ұсынған.
Қазақ тілін оқыту әдістемелерінде оқытудың 4 және 7 түрлеріне талдау жасалынған.
Сонымен қазақ тілін оқыту принциптері былайша топтастырылады:
Қазақ тілін оқытудың ғылымилық принципі.
Жүйелілік принципі.
Көрнекілік принципі.
Саналылық пен белсенділік принципі.
Теорияны практикамен байланыстыру принципі.
Түсінуге жеңіл қолайлылық принципі.
Оқушылардың психикалық ерекшелігін ескеру принципі.