Кең мағынада, поэзиялық



Дата04.11.2016
өлшемі184,25 Kb.
#284
Мазмұны:
Кіріспе .............................................................................................................................2

Негізгі бөлім...................................................................................................................7

а)Жыраудың өмірбаяны................................................................................................8

ә)Шығармалары мен оның мән-мағынасы..................................................................9

б)Жыраудың ақтық сөзі...............................................................................................11

Әдебиетке шолу...........................................................................................................13

Зерттеу жұмыстары.....................................................................................................15

Қорытынды ............................................................................................................... 17

Ұсыныстар.................................................................................................................18

Пайдаланылған әдебиеттер .....................................................................................19



Кіріспе

«Тіл бас жарады, бас жармаса тас жарады» деп сөз өнерін, тіл тағылымын ардақ тұтқан қазақ халқы сонау XV ғасырда да жырларды қадірлеген. Поэзиямен жаны егіз көшпенділер бесіктен туғаннан бастап жыр әуеніне елітіп өскен. Соның әсері болуы керек жыр тарих сахнасында да талай хандарға, сұлтандарға, әмірлерге,өз ықпалын тигізіп, халықтың игілігіне айналған.



Жыр — кең мағынада, поэзиялық шығармалардың жалпы атауы. Көне түркі тіліндегі "иыр" сөзі де қазіргі "поэзия" терминінің мағынасында қолданылған. Бұл атау дәл осы мағынада қазірғі қарақалпақ, қырғыз, ноғай, қарашай, балқар, башқұрт, татар, тағы басқа түркі тілдерінде әлі күнге дейін қолданылады. Жыраулар өз шығармаларын ақыл-нақыл, өсиет түрінде айтқан.

Жырау - қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі. Әдебиетте де тарихта да маңызды орын алар тұлға. «Жырау - өз жанынан шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі жырау атауы-«жыр» сөзінен туындайды» деген түсінік жырауға «Қазақ әдебиетінің энциклопедиясында» берілген. Өз жанынан суырып шығарып жырлайтын жыраулар XV ғасырда ғана туа салған жоқ. Жырау тұлғасының тарихы тереңде. «Сәугейлік, батагөйшілдік, түс көру, ырым айту, табиғат құбылыстарына т.б. жайларға қарай болжам жасау, абыздың бір міндеттерін атқару – көне дәуір жырауларына тән қасиет». Иә, жыраулық мектептің түп негізі абыздардан басталады. Ел ертеңі жайлы болжам жасап, данышпандығымен дараланып жүрген жыраулар хан сарайында отырып, алдағы болар қауіп-қатерді болжап отырды. Хандардың түсін жорып, халық арасындағы қарым-қатынастардың қалай бағыт алатынын болжап, оны жыр жолдарымен жеткізіп, абыздық дәстүрді әдебиетпен байланыстыра дамытты.

Жыраулар өз заманындағы нағыз халық жанашырлары бола алды. Олар жыр шығарып, толғау айтып, тек өнер иесі ғана болып қойған жоқ, жаугершілік заман болып, ел басына күн туған кезеңдерде атқа қонып, жауға аттанған батыр, қолбасы болды. Сол қызметтерді атқара жүріп, ел қорғау, халықты азат ету мақсатын паш ететін сарбаздарын жігерлендіретін, патриотизмді насихаттап немесе хан, уәзірлерге пікір қосып, кемшіліктерін бетіне басып, қаймықпай ашық жеткізетін міне осы жыраулар болды. Бұл пікірге мысал келтіретін болсақ, Доспамбеттің

Арғымаққа от тиді,

Қыл мықынның түбінен.

Аймедетке оқ тиді,

Отыз екі омыртқаның буынынан,

Зырлап аққан қара қан

Тыйылмады жонның уақ тамырынан.

Сақ етер тиді саныма

Сақсырым толды қаныма

деген жолдарынан жыраулардың қолбасы, батыр болып, әрқашан алғы шепте жүріп, жоу оғынан жараланып, елі үшін жан аямағанын байқаймыз. Қазақ әдебиетінде есімі ел аузында сақталып, аңызға айналып жүрген жыраулар өте көп. Дегенмен оларды зерттеудегі бір қиындық жыраулар шығармаларының ауызша таралып, бүгінгі кезге ауыздан-ауызға таралу арқылы жеткендігінде болып отыр. Уақыт өткен сайын ұмытылып немесе біреулердің өз жанынан қосып өзгертулері нәтижесінде жеткендігінде.



Жыраудың ең сүйікті жанры — толғау. Толғау, осы сөздің өзінен де көрінетіндей, «толғану, толғаныс» деген ұғымды білдіреді. Бұл сөздің ойға да, сезімге де қатысы бар. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдерінің бірі деп Сыпыра жырау Сұрғылтайұлы, Асан қайғы (Хасан), Доспамбет жырау, Жиембет жырау, Марғасқа жыраулар болды. Олар жаңа әдеби салаларды қалыптастырушылар ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар болып табылады. Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетінің маңызды бір саласы ақын-жыраулардың жарыққа шығарған өлең–жырлары болып саналады. Бұлар қазақ мәдениеті мен әдебиетінің аса маңызды мұралары.

Олардың өлең-жырларынан халықтың өмір-тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, өндірісі мен тұрмысы, мінез–құлық өлшемі мен дүниеге көзқарасы, сол дәуірдің рухы бейнеленді.

Бұл ақын-жырауларды қазақ халқы ақылгөй атадай ардақтап, олардың ақыл–нақыл тұжырымдарын ынталы ықыласпен тыңдап қадір тұтады, бұл өлең-жырларда Отанды, халықты сүю, елдің береке–бірлігін сақтау, әділетті жақтау, жамандық–пасықтыққа қарсы тұру сияқты адамгершілік дәріптеліп отырды. Бұл ақын–жыраулар халықтың мұңын мұңдап, жырын жырлады.Ақын–жыраулар халық басына келген қайғыға да, ел басына ауыр күн туғанда шапқыншы жауларға қарсы жан аямай күресіп, елін қорғаған ерлерді дастан етіп жырлап отырды.

15–18 ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі ақын–жыраулары: Асанқайғы (15ғасыр), Қазтуған жырау (15ғасыр), Доспамбет жырау (1490-1523), Шалкиіз жырау (1465-1560), Тәтіқара ақын (18 — ғасыр), Үмбетей жырау (1706-1778), Бұқар жырау (1693-1778), Көтеш ақын (1745-1818), Шал ақын (1748-1819).



Асанқайғы Сәбитұлы (XIV-XV) Еділ бойында дүниеге келген. Берке хан дүниеден қайтқан соң (1359) Алтын Орданың тағына жанасқан хандар баянды билік құра алмаған. Сондай баянсыз хандардың бірі Ұлығ-Мұхамед болса, Асанқайғы сол Ұлығ-Мұхамед ханға сөзін өткізетін билердің бірі болған. XV ғасырдың 20-жылдарында Ұлығ-Мұхамед сарайдан қуылып Қазанды паналағанда, Асанқайғы жасының егде тартқанына қарамастан өз әміршісінің жанында болған. Алайда, бос сауғалау болмысына жат Асанқайғы кешікпей қайтып оралып, Әбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі. Керей, Жәнібек сұлтандар бастаған рулардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдаушылардың бірі Асанқайғы болады. Ел ауызындағы қария сөздің айтуында, Асанқайғы Сарыарқада дүние салып, Ұлытаудың топырағы бұйырған.
Қазтуған жырау Сүйінұлы шамамен 15 ғасырдың 20–30 жылдарында Еділ бойында, қазіргі Астрахань облысының Красный Яр қаласының маңында туады. Қазтуған – ірі эпик, ерлік жырларын шығарушы жорық жырауы, әрі нәзік лирик ақын болған. Қазтуған өз артына өмір туралы, ата мекен, туған ел жайлы және әскери тақырыптағы сан алуан мазмұнды туындылардан құралған мол мұра қалдырды. Бұлардың дені сақталған. Қазтуғанның біздің дәурімізге жеткен жырлары табиғат арасындағы көшпендінің болмыс, тіршілік, өзін қоршаған орта туралы түсінігін бейнелейді. Жырау қиялының байлығы, суреттеу тәсілдерінің кемелдігі мен әсемдігі көне дәуірдегі қазақ поэзиясының биік өресін,өзіндік сипатын танытады. Қазтуғанның ұлттық баяуы қанық, афоризмдерге, көркем тіркестерге бай, өр рухты толғаулары туған әдебиетіміздің таңдаулы үлгілері қатарына жатады. Қазтуған Сүйінішұлының тек қана ақындығын ғана біз айтпай–ақ, ол өз заманының әрі батыры, әрі күйші, әрі биі, әрі шешені болған. Сегіз қырлы, бір сырлы. Мұның бәрі өзі туралы бір толғам жырдан айқын көрініп тұр:

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандай жүрісті,

Адырнасы шайы оққа кірісті,

Айдаса қойдың көсемі,

Сөйлесе қызыл тілдің шешені,

Ұстаса қашағанның ұзын құйрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Билер отты би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәуірдің

Арасын бұзып өтіп дінді ашқан –

Сүйінішұлы Қазтуған !!!”.


Шалкиіз жырау. Қазақ жыраулық поэзиясының атасы – Шалкиіз Тіленұлы 1465 жыл шамасында Жайықтың шығыс бетінде дүниеге келеді. Болашақ жырау үш айлығында анасынан айырылады да, нағашы әжесінің қолына беріледі. Мұсылманша жақсы білім, сахара салтымен тамаша тәрбие алған Шалкиіз қай атырапта өсіп, ер жетті – бұл жағы белгісіз.Тек айдынды аламан ғана емес, арқалы жырау ретінде де даңқы шыққан Шалкиізді 1490–жылдарда Ноғайлы әміршісі Темір бидің төңірегінен көреміз. Шалкиіз – жырау, жырау болғанда өлеңмен не қарасөзбен сөйлеу бір қисап, аузын ашса болды көмекейінен күмбірлеген жыр төгіле берген жыраудың классикалық үлгісі. Шығармаларына қарағанда, осы кезде жырау бірде әскери жорықтар санында, бірде әміршісінің нөкері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шығады. Шалкиіз бір ғасырға жуық жасап, 1560 жылдарда қайтыс болды деп шамаланады.

Доспамбет жырау XVI ғасырдың 90-жылдарының орта шенінде Азау қаласында туады. Доспамбеттің бүкіл Дәшті-Қыпшақты жақсы білгені, Стамбұл мен Бақшасарайда да болғаны, сахара тұрмысымен қатар мұсылман кенттерінің жайына да қаныққаны аңғарылады. Өз заманындағы талай әскери жорыққа қатысқан жауынгер жырау туыстас түркі тайпаларының арасындағы көп қырқыстың бірінде, 1523 жылдың бас кезінде Астрахань түбінде қаза табады. Өмірмен қоштасқан сәтінде Доспамбеттің жасы әлі отызға да толмаған еді.

Негізгі бөлім


Бұқар жырау суырып салма ақын Абылай ханның ақылшысы. Шыққан тегі Арғын оның ішінде Төртуыл Қаржас руынан. Қазақта жасы үлкен адамнан бата алу салты болған. Сөзге епті, еті тірі Жолымбет немересі Бұқар дүниеге келгенде,жаңа туған нәрестеге Әнет бабадан бата сұрайды. Сонда Әнет баба Бұқарға:

«Есімің Бұқар болсын,

Мінгенің тұлпар болсын.

Дауысың сұңқар болсын,

Ісіңе халқың іңкәр болсын» – деп бата берген екен Азан шақырып қойған аты, бүгінде беймәлім болып кеткен жырау,тарихқа Бұқар деген атпен солай енген. Бұқар бабаның 12 жасқа дейін тілі шықпай жүреді. Жұрт оны «мылқау» бала деп атаған. Өзі аңқау,томаға тұйық, сөзге сараң, сылбыр да, жуас болыпты. Он екі жасқа келгенде көп жылдар үндемей келгеннің есесін алайын дегендей өлеңдетіп, жырлап сөйлеп кетіпті. Тіпті үйлесімді ұйқасқан өлең жырымен жұртты таң-тамаша қалдырады. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен. Қазақ поэзиясының тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі.Ол шамамен 1668 жылдары туылған. Жыраудың әкесі Қалқаман батыр ел билеуші шонжар емес, жеке басының ерлігімен ғана аты шыққан адам болса керек. Жыраудың қайда оқығаны, қандай өмір мектебінен өткені туралы нақты деректер жоқ. Біз тек оның тым ерте көтеріліп, Тәуке тұсында-ақ хан төңірегіндегі ықпалды билердің бірі болғанын білеміз. Алайда, Бұқардың Тәукеден соңғы әміршілермен тіл табыса алмағаны аңғарылады. Жырау кедейшілікке ұрынады. Мәшһүр Жүсіптің айтуына қарағанда және өз шығармаларынан да көрінетіндей, Бұқардың, тіпті сауып ішер малы, мініп-түсер аты да болмайды. Жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде күн кешеді. Алайда, өмірінің соңғы кезеңінде Бұқар жай ғана арқалы жырау, ақылшы аға емес, мемлекет істеріне елеулі ықпал етіп отырған қабырғалы биге, өз заманының ұраншысына айналады. Жырау бір ғасырдан астам жасап, 1781 жыл шамасында қайтыс болады. Сүйегі Баянауылда, Далба тауының етегінде.

Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты басқыншы жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салды. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналды. Осы мақсатта ол Абылай ханды бірден-бір қажетті басшы санап, оған халық бірлігін сақтап қалатын көсем тұрғысында үлкен сенім артты. Абылай хан да сол биік талаптан табылып, елдің бірлігі мен жарқын болашағы үшін жан аямай қызмет етті. Жырау сол азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасады. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін асқақ жырлады:

“Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай, Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай. Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам, Сонда қалар ма екен қайран жаның-ай!”.

Осы бір шумақ жырда халық пен ханның байланыс-бірлігін қиыннан қиыстыра білген. Жыраудың “Абылай ханның қасында”, “Ал, тілімді алмасаң”, “Ай, Абылай, Абылай”, “Қазақтың ханы Абылай”, “Ханға жауап айтпасам”, “Басыңа біткен күніңіз”, “Ай, Абылай, сен он бір жасыңда”, “Ал, айтамын, айтамын” атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталады. Ал, “Садыр, қайда барасың?”, “Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға” деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз етеді.


Шығармалары мен оның мән-мағынасы

Бұқар Жырау шығармаларының тақырыптық аясы, шеңбері — жақсылық пен жамандық, елдік пен ерлік, ізгілік пен зұлымдық, әділдік пен әдептілік, жастық пен кәрілік, татулық пен араздық, достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, тектілік пен азғындық, тұтастық пен бірлік.

Жырау жас мөлшерін сипаттағанда, бұрыннан келе жатқан дәстүрді ұстанып, оның күш-қайратқа байланысты екенін, әсіресе, жастықтың шыңы жиырма бесті шалқыта жырлайтыны бар. Алайда ол адамның жас кезеңдерін үнемі сол қалыпта сипаттай бермей, оның ақыл-парасат, толысу, кемелдену тұрғысынан да алып суреттеген:

Отыз жасқа келгенде,

Дүниедей кең едің.

Отыз бес жасқа келгенде,

Қара судың бетінде,

Сығылып аққан сең едің.

Қырық жасқа келгенде,

Алтынды тонның жеңі едің…

Елу бес жасқа келіпсің,

Елу бес жасқа келгенде,

Жақсы болсаң толарсың,

Жаман болсаң, маужырап барып соларсың…


Отарлаудың небір қанқұйлы амал-айлаларын қапысыз ойластырған Ресей империясы сахарада қара шекпенділер мен келімсектерді түпкілікті қоныстандыру үшін, алдымен, тұс-тұстан қалалар мен бекіністер салды. Нулы, сулы, шүйгінді, орман-тоғайлы жерлерден қазақтарды қырға ығыстырды. Атамекенінен, ата кәсібінен ажырап, абдырай бастаған тағдыр тәлкегіне ұшыраған халқының күйін Бұқар Жырау былайша жоқтап зарлайды:
Өзің қонған Көкшетау,
Кәпір қала салды, ойла!
Жарқайың деген жерлерге,
Шашылып шеті барды, ойла!
Атбасар мен Қалқұтан,
Балығы тәтті су еді.
Өзен бойын шаңдып ап,
Сүзекісін салды, ойла!
Нұрада бар Ақмола,
Есілде бар Қараөткел,
Екі өткелдің аузынан,
Қараөткелді салды, ойла!
Баянауыл, Қызылтау,
Оны да кәпір алды, ойла! ….
Кетпейін десе жері тар,
Кетейін десе алды-артын,
Қарқаралы деген тауларға,
Қарқарасын шанышты, ойла!
Ұлытау, шеті Созақтан,
Берекелі жерлерден,
Көкорай шалғын көре алмай,
Шұбырып қазақ кетті, ойла!
Қоршап алған кәпір бар.
Ұйлыққан қойдай қамалып,
Бүйірден шаншу, қадалып,
Сорлы қазақ қалды, ойла!
Бұқар Жырау дәуір, өмір, тұрмыс-тіршілік құбылыстарын және олардың себеп-салдарын түп-тамырынан қозғап қана қоймаған, білгір дана қиял қанатында самғап, келешек заманның кереметін де көре білген, көрегендікпен болжай таныған:

Әлемді түгел көрсе де,


Алтын үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,

— Қызыққа тоймас адамзат!

Жырау тек қана жыр толғап қоймай сол күнгі ел билеу ісіне де қабілетті түрде араласып, халық пікірін, өз пікірін өткір айтып, егесе егеудей ойып тастап, келтесінен кесім шығарып тастап отырған әрі би жалынды жырау.

Бұқар жыраудың өлең-жырларында  халықтың өмір-тіршілігі, көңіл-күйі, салт-санасы, тұрмысы, мінез-құлық өлшемі мен дүниеге көзқарасы, сол дәуірдің рухы бейнеленеді.

Бұқар жыры салмақты сөз, саналы пікір, сабырлы кең арналы ойдың кіндігі. Сондықтан да бүгінде бізге өшпес қазына, өлмес мұра болып біздің заманымызға жетіп отыр. Жырау ғасырлар бойы халықтың өзі жасап сары алтындай сақтап келген ауыз әдебиетінің мол қазынасын бойына сіңіріп, өз заманына сай жыр-толғау жасай білген жеке классик, әдебиеттің атасы дерлік тұлға.

«Ел бастау қиын емес-

Қонатын жерден көл табылады;

Қол бастау қиын емес-

Шабатын жерден ел табылады.

Шаршы топта сөз бастаудан

Қиынды көргенім жоқ».
Жыраудың ақтық сөзі

Жер мен ел – егіз. Біраз демін алып:

Ата-ананың қадірін, балалы болсаң білерсің,

Ақ тәніңнің қадірін, жаралы болсаң білерсің.

Бостандықтың қадірін, жазалы болсаң білерсің,

Дәулетіңнің қадірін, мал кеткенде білерсің.

Ажарыңның қадірін, сән кеткенде білерсің,

Тіршіліктің қадірін, жан кеткенде білерсің.

Аңдып жүрген дұшпанды дәл жеткенде білерсің, - деп Бұқар жырау халқымен ақтық рет қоштасыпты.

Кәрілік жеңіп, ауырып жатып қалған Бұқар жыраудың көңілін сұрауға қазақтың кең даласынан би-сұлтандар, ақын-жыраулар келіп тұрған. Жыраудың зиялы қоштасу сөздерін, өсиеттерін тыңдаған. Жыраудың өзінен кіндік қаны тамған жері Баянауыл өңірін соңғы тұрағым болсын деп қалапты деседі. Бұл жөнінде әйгілі ақын, жазушы Дихан Әбілев «Бұқар баба» деген арнама өлеңінде былай дейді:

Сен болсаң, Бұқар бабам, дана бабам:

«Қай жерде тусам баста мен анадан,

Сол жердің топырағы торқа болсын,

Бұйырған әуел бастан – депсің маған»

Жайлы жат, жыр атасы Бұқар бабам,

Риза тарихымен халқың, далаң

Заулаған заманалар керуені,

Бас иіп, тағзым етпей кетпес саған,

Әділет билігінен соған нанам.

Әдебиетке шолу
Жыраулық поэзия 15-18 ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы. Сахарадағы рухани өмірдің өзіндік ерекшеліктері көп еді. «Өнер алды – қызыл тіл, ал тіл шұрайы - өлең сөз» деп танылады. Халықтың рухани өмірінде жетекші орынға шыққан поэзия әлденеше ғасыр бойы қазақ әдебиетінің жай ғана көшбасшысы емес, ең басты жанры қызметін атқарды. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. 15 ғасырдың орта шенінен бастап қазақ халқының төл мәдениеті өркен жая бастады. Көне, ортақ арнадан бөлініп, қазақ халқының дербес әдебиеті қалыптасты. Жыраулық поэзия қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан қор алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді.Қазақ әдебиетінің ортақ арнадан оңаша жоқ тартқан алғашқы қадамдарының өзінен-ақ кемелдікті, көркем келісімді аңғару қиын емес.

Жыраулық поэзия сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Содан да болар,жыраулық поэзия да мейлінше терең танымдық ойлар буырқанып, ұдайы философиямен шендесіп жатады. Онда өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғанады. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз пен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, о дүние мен бұ дүние жайлы сан – салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады. Жыраулық поэзияның алғашқы өкілдері, кезінде бүкіл Дешті Қыпшаққа даңқы кеткен Сыпыра жырау, Асан Қайгы, Қазтуған жыраулар жаңа әдебиеттің ізашарлары ғана емес, көне мұраны жалғастырушылар деп те саналады.


Бұқар жырау өзінің таңдаулы шығармаларында қазақ қауымы үшін мәні зор әлеуметтік мәселелерді көтереді. Бұлардың ең бастысы — ел бірлігін ту ету, ішкі, сыртқы жаулардың қандайымен болса да бітіспес күреске үндеу. Бұқар жырау шығармаларынан жыраудың өзі өмір сүрген қилы заман келбеті айқын танылады. Бұқар жырау қазақ қауымы ежелгі тұйықтықтан арылуға бет алғанын, көне дәстүрлі әлеуметтік қатынастар бұзыла бастағанын көреді, осының бәрі болашақта жүзеге асар ұлы өзгерістердің басы ғана екенін түсінеді.

Алайда, жырау мұндай құбылыстардың көбін ұнатпайды, оған сенімсіздікпен қарайды. Тіпті, туған халқының болашағына күмәнданады. Енді бір топ өлеңдерінде Бұқар жырау өмір мен болмыс, заман және адам туралы толғалады. Табиғат бір қалыпта тұрмайды дейді жырау. Жырау адамның, оның мінез-құлқының, салт-санасының өзгеруіне орай адам қоғамы да дамып отырмақ дегенге меңзейді.

Бұқар жырау шығармалары толғаныстар, нақыл, афоризмдер түрінде келеді. Образға бай, ұлттық бояуы қанық көркемдігі кемел. Дәстүрлі жыраулық поэзияның бейнелеу тәсілдерін жете меңгерген Бұқар жырау туындыларының өлең өлшемі өте күрделі. Бұқар жырау шығармалары ең алғаш "Таң" журналында (1925) жарияланғанымен ғылыми түрде жүйеленіп зерттелуі 20 ғасырдың 60-жылдарының үлесіне тиеді.


Зерттеу жұмыстары

Былтырғы жылы жазғы каникулда біраз зерттеулержүргіздім. Өзімнің біліп-көріп, естіген дүниелерімді қағаз бетіне түсіріп отырдым.


30.06.2014 ж. Ең алдымен өзім сияқты оқушылардан Бұхар жырау туралы не білетіндерін сұрап білмек болып, тест жүргіздім. Тесттің нәтижесі жаман емес. Көңілімнен шықты.
15.07.2014 ж. Бұхар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайының негізі 1990 жылдың 1 ақпанында қаланып, 1992 жылы 22 наурызда салтанатты түрде ашылған. Қазіргі кезде мұражайда 47 мыңнан астам экспонат бар. Оның ішінде 13071-ге жуығы түпнұсқа болып есептеледі.Мұражайдың орналасқан үйі ескі сәулет бойынша 1897 жылы салынған, айшықты оюлармен көмкерілген, көрікті ағаш үй. Оның іші шамамен 500 шаршы метрдей.
22.07.2014 ж. Бұхар жырау есімі берілген көшелер бар.

1. Алматы қаласы

2. Қарағанды қаласы

3. Екібастұз қаласы


08.08.2014 ж. Дарынды балаларға арналаған Бұқар жырау атындағы қазақ-түрік ерлер лицей-интернаты. Қарағанды қаласы, Актюбинская көшесі, 1а-үй.
16.08.2014 ж. Бұқар жырау атындағы Орталық қалалық кітапхана Қарағанды облысы, Шахтинск қаласында орналасқан. Бұқар жырау атындағы Орталық қалалық кітапхана Шахтинск қаласының басты өкілдік кітап қоймасы, тұрғындарға қызмет көрсететін анықтамалық-библиографиялық және әдістемелік орталық болып табылады.
22.08.2014 ж. 1993 жылы Баянауыл ауылының орталығында қазақтың ақыны, мемлекеттік қайраткері және ойшылы Бұқар жыраудың 325 жылдығына арналған ескерткіш орнатылды. Ескерткіш Сәтбаев көшесінің бойында мәдениет үйінің алдында орналасқан.
25.08.2014 ж. Бұқар жырау жерленген Далба тауының етегінде халқымыз әулие деп танитын ұлы абыздың кесенесі салынып, ол 1993 жылы 21 тамыз күні салтанатты түрде ашылды. Табаны үш таған болып келетін, биіктігі 12 метрге жететін бұл ғимарат қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсас келеді де, кезінде ұл бабамыз аңсап кеткен үш жүздің, бүкіл елдің бірлігін бейнелейді. Кесененің ашылу салтанаты көне Далба тауы етегіндегі шалқар тойға ұласты.
29.08.2014 ж. Бұқар жырау ескерткішінің ашылу рәсіміне өтті. Бұқар жырау ескерткішінің авторы Қазақстан суретшілер одағының Қарағанды облыстық ұйымының көркем өндірістік комбинатында жасалған. Ол қоладан құйылған. Оның биіктігі – 4,2 метр, салмағы – 3,4, тонна.

Қорытынды
“Жыраудың сөзі мақсатсыз айтылмайды. Не айтса да, көптің мұңы,көптің жайы туралы айтылады”, - деген М. Әуезов. 
Қашанда ел өміріндегі күрделі оқиғаларға үн қосып,өз заманының көкейкесті мәселелерін көтеріп отырды.Өткен күн, озған дәурен, көне тіршілік шежіресі болды.Үнемі халық жағынан табылып, елдің бүгіні ғана емес, болашағы үшін де аса мәнді идеялардың ұраншысы қызметін атқарды.Еркіндік, егемендік кезеңдеріндегі қазақ әдебиетінің үлгілі дәрісі, үлкен тағылымы да осында. 
Жыраулар поэзиясында нақылдың сөз оралымдары мол. Философиялық 
терең ойға толы, ол біздің жастар үшін өсиетнама түрінде берілген. Жыраулар поэзиясы халықтың басынан өткерген тарихи оқиғаларды, оның арман – мұратын, кешірген ауыртпалықтарын жырлаумен ғана бағалы емес, елдің саяси - әлеуметтік тіршілігін, ой – санасын, дүниетанымын көркем, бейнелі тілмен бере білуімен де бағалы. 
Көптеген жылдар бойы сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына 
сіңіріп, өзіндік үн, өзгеше бояу, нақышы айқын ұлттық сипатта қалыптасқан жыраулық поэзияға бас иейік! 

Елдің ел болуына елеулі үлес қосқан Бұқар жырау жөнінде шамалы да болсын жүргізген зерттеу жұмысын сіздерге ұсынып отырмын. Менің жалпы мақсатым Бұқар жырау жайындағы ел аузында сақталған әңгімелерді, аңыздарды, естіп-білген жайларды, сол сияқты баспа бетінде жарияланған материалдарды зерттеп, салыстыра отырып, солардың бәрін бір жүйеге келтіру еді.


Ұсыныстар



  1. Қазіргі таңда жалынды жырауларымыздың жырларын насихаттайтын жұмыстар көптеп жүргізілсе. Мектептерден үйірме клубтары ашылса екен тілегім бар. Әрі домбыраны үйрете отырып, әрі жырларымызды кеңінен жастарымызға жеткізілсе екен.




  1. Теледидардан жырларымызды насихаттайтын бағдарламалар көрсетілсе екен.



  1. Жастар арасында жыр айтудан жарыстар ұйымдастырылса. Жақсылыққа, ізігілікке, татулыққа, әділдікке, адалдыққа үйретер бастаушы қадам болып табылар еді.




  1. Жыр,толғаулардың толық нұсқасы жазылған жазылған кітаптар ел арасына көптеп таратылса. Баспалардан данасы көптеп шығарылса екен.




  1. Бұқар жыраудың шығармалары өмірбаянымен қоса кітап болып шықса.



Пайдаланылған әдебиеттер



  1. Бес ғасыр жырлайды-3томдық, Алматы. Жазушы, 1989Т.2-81-106-б

  2. Қазақстан энциклопедиясы. – Т.1. -196-б

  3. Бұқар жырау және оның заманы,Алматы; Мұрагер, 1992.

  4. Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы І том. Т.Кәкішұлы. «Қазақ университеті», Алматы, 2001

  5. Тарихи жырлар І том Алматы «Білім» 1995 ж;

  6. Ә.Қоңыратбаев Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы Алматы, «Санат»,1994ж

  7. Х.Сүйіншәлиев VIII-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті Алматы, «Мектеп» 1989ж

  8. «Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет» Хрестоматия. Құрастырған: М.Мағауин Алматы, «Ана тілі» 1993 ж

  9. М.Мағауин «Ғасырлар бедері» Алматы, «Жазушы» 1991 ж

  10. Жеті ғасыр жырлайды; Алматы,Жазушы 2004ж

  11. Қазақ мәдениетінің ұлы қайраткерлері ІХ-ХІХ ғасырлар;

  12. А.М.Сарбаева-Көкшетау 2011ж




Каталог: uploads -> doc -> 0fe8
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
0fe8 -> Сабақ: Сапарғали Бегалин «Бала Шоқан»
0fe8 -> Сабақтың тақырыбы: Аңыз әңгімелер, Асан Қайғы Сабақтың мақсаты
0fe8 -> Сабақтың тақырыбы: Қарахан мемлекеті Сабақтың мақсаты
0fe8 -> Сабақтың тақырыбы: Өсімдіктердің көбеюі Құзіреттілікке жеткізетін сабақтың мақсат-міндеттері


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет