Кіріспе ғылыми жұмыстың мақсаты



Дата29.01.2020
өлшемі33.61 Kb.
Аннотация

Абайды қазақ даласында өмір сүріп жатқан халқының тағдыры толғандырған. Ақын туған жерінің табиғатына деген ыстық махаббатын өзінің өлеңдері арқылы білдіреді. Сондықтан да ақынның табиғат туралы өлеңдері қайшылығы мен қиындығы толық халық өмірінің бір көрінісі іспеттес. Жұмыста ақынның табиғат жайындағы өлеңдері сөз етіледі.


В данной научной работе рассмотрена пейзажная лирика Абая Кунанбаева, которая прочно связана с нелегкой судьбой казахского народа.
The article deals with poems of Abai Kunanbaev. It gives a detailed analysis of natural lyriecs Abai Kunanbaev.

ЖОСПАР:


І. Кіріспе...................................................................................................

1. Абай – қазақ ақыл-ойының діңгегі...................................................

ІІ. Негізгі бөлім

2. Абай табиғат жыршысы...................................................................

ІІІ. Қорытынды

3. Абай - дана, Абай дара қазақта........................................................



КІРІСПЕ

Ғылыми жұмыстың мақсаты: Абайдың тау тұлғасына үңіле отырып, оны тереңірек танып білу. Абайдың табиғат тақырыбындағы өлеңдерін насихаттау.

Ғылыми жұмыстың өзектілігі:

Абайдың асыл мұралары қазір де өзекті, жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды құрал болып отыр. Ендеше, бүгінгі ұрпақ, біз үшін Абай – ұлы ұстаз, ал оның мұралары – Мәңгілік Елдің таусылмас асыл қазынасы. «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп ақынның өзі айтып кеткендей, Абай бүгін жарқын бейнесімен, жалынды жырымен, нақыл сөздерімен бізбен бірге жасасып келеді.



Абай табиғат жыршысы

Тарих қана, халық қана туатын

Алыптардың арқа тұтпас кім атын?

Ұлы арманын жырлау үшін қазаққа

Керек болды Абай сынды Ұлы ақын!

Ж. Әбдірашев

Әлемдік деңгейдегі ақындардың бірі, мәдениет, пәлсапа, музыка, ой дүниесінің алыбы, эстет, гуманист, моралист, ағартушы - демократ, шешен, заңгер, әділ би, аудармашы, қоғам қайраткері, тәрбиеші - ұстаз Абай тек бір ұлттың көлемінде ғана емес, адамзат әлеміндегі ірі құбылыс.

Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ та, оның өнерін қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. «Өлді деуге сыя ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - деп кемеңгердін өзі айтқандай, Абай - артына – өлмейтұғын сөз, өнеге, өсиет қалдырған. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ғасырдан-ғасырға асып, туған халқымен бірге жасаса беретін кемеңгep.

Сырт қарағанда Абайды білмейтін қазақ жоқ секілді. Көзімізді ашқаннан Абай есімі жадымызда, бейнесі көз алдымызда. Мектепте Абайды оқып жатырмыз, қала сайын Абай атында көше бар. Абай атында қала, аудан, ғылыми институт, университет, көптеген театрлар, колледж, мектептер бар. М.Әуезовтен бастап Абай жөнінде қалам тартпаған ақын-жазушы жоқ. Абай жөнінде кино және басқа өнер шығармалары да жеткілікті. Ақын әндері күн сайын шырқалып, кітаптары қайта басылып шығып жатыр. Абай - өткен мен өз заманын салыстыра отырып, артына ұлы өсиет қалдырған хакім. "Әрбір ғалым - хакім емес, әрбір хакім - ғалым" дейді Абай. Абайдың -хакімдігі оның әр сөзінен, әр өлеңінен білінеді.

Осыдан бір жарым ғасыр бұрын Абай қазақ намыстан, ар-ұлттан, береке-бірліктен айырылды деп күңіреніп еді. Біз сол Абай айтқан намыс, ар-ождан, береке-бірлікпен қоса, тілімізден, дінімізден, қайырымдылықтан, мейірімділіктен айырылып қала жаздадық. Бүгінде халық қамын ойлайтындардан қарын қамын ойлайтындар көбейді. Елдің елдігін сақтап тұратын - намыс. Намыссыз жұрт елін де, жерін де қорғай алмайды. Көрінгеннің шылауында кетеді. Міне, Абай өле-өлгенше осыны айтып кетті.

Абай ең алдымен ел болуды, қазақтың қатардан қалмауын аңсады. Иә, Абай арманы орындалды. Тәуелсіздік алдық. Ел қатарына қосылдық. Іргелі мемлекет құрудамыз. Әлем қауымдастығына мүше болдық. Дамыған елу елдің қатарына қосыламыз деген мақсатымыз да Абай арманымен ұштасып жатыр. Бірақ, Абай айтқан келеңсіз қылықтардан қазақ арылып болған жоқ. Абай айтқан "баяғы жартас бір жартастың кебін" әлі де киіп отырған сияқтымыз. Жалқаулық, алауыздық, өсекшілдік, билікшілдік күні бүгін де бар. "Заман ақыр жастары, қосылмайды бастары", "Жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып", - деп Абай айтқан сүйекке біткен кесел әлі бойымызда жүр. Абай айтқандардың үстіне, бүгінде тіл азабы, ұлтсыздық азабы, миссионерлер мәселесі қосылды. [1]

Халқын надандық шырмауынан, бодандық бұғауынан азат етуге ниет қылған Абай адаммен де, заманмен да арпалысып бақты. Қараңғы түнді қақ жарып сәуле төкті. Шалғай ауылда, Қарауылда - Шыңғыстауда отырып-ақ бүкіл қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Қазақтың жоғын жоқтай отырып, өз қазағын қатты сынады. Сынағанда жек көргендіктен емес, жаны ашығандықтан, күйінгендіктен сынады. Өз халқын сынай отырып, сүйе білді. Абай "қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мүртың, Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі - май, бірі - қан боп енді екі ұртың" деп күйзелді. "Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі - надандық, екіншісі - еріншектік, үшіншісі - залымдық" деп үйретті 38-ші қара сөзінде. Осының үшеуі де қазақтың басында әлі бар. Сөйтіп, ақын: [2]

Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын?

Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын? - деп андысқан елдің етекбасты әдетінен әбден шаршайды.

Кемелге келмей, ақыл тоқтатпай Абайды ұғыну мүмкін емес. Абайды оқыған сайын, көкейіңе тоқыған сайын қазақтың табиғатын аша түсесің, ой түбіне тереңдей түсесің, ел-жұртыңның тағдыры, келешегі туралы ойлана, толғана түсесің.

Табиғат көркем әдебиеттен үлкен орын алды. Абайдың да айрықша жырлағанының бірі табиғат болды. Ол табиғат аясында өсіп, оны сүйе білді.

Абайдың табиғат лирикасы - кең көлемді мол қазына. Биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Абай бүкіл бір халықтың ұлттық мәдениетінің ғасырлық мерейі, әдебиетінің заңғар биігі. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Күз», «Қыс», «Жаз» деген өлеңдерін оқығанда, табиғаттың әртүрлі құбылысы көзіңе елестейді. Жаратылыстың жайдары жазын, түсі суық тұманды күзін, не болмаса сақылдаған аязы мен қарлы боранын өзің көріп тұрғандай боласың.

Табиғат Абайға оның ақындық шабытына түрткі болған үлкен дүние. Ақын жаны мен табиғаттағы ұқсастық, табиғаттың жаңарып жасаруы, жаралануы ақынның ішкі сезім пернелеріне қозғау салып, сол сезімді ақын қағаз бетіне түсірді. Сылдырап аққан бұлақтан, жаз жайлаудан, тіпті қаҺарлы қыстан да сұлулық іздейді. Табиғатты жырламаған, оны өз әніне қоспаған ақын кемде-кем. Бірақ Абай салып кеткен жол, ақын жырлаған табиғат әрине өзгеше.

Абай мұралары жыл мезгіліне қарай, кісінің көңіл-күйіне, жасына қарай әр кезде әр түрлі әсер етеді, өзгеше ой салады. Сол кезде Абайдың "Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла" деген сөзі еріксіз есіне түседі.Олай дейтін себебіміз Абай табиғаттың көрінісін, жыл мерзімін, адам мінезін суреттегенде де оның тамаша көрінісін өмірмен, тіршілікпен ұштастырып, тілдестіріп, сұлулыққа өң, рух беріп отырды.

Мысалы: "Күз" деген өлеңінде Абай:

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес, бала шулай,

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айырылған ағаш-қурай.

Сидиған, көркінен айырылған ағаш-қурайды, мүсәпір, өмірінің көркі жоқ қайыршы шал- кемпірге ұқсатады. Немесе:

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, тұтқан айналасы,

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы -деп, күз түсіп, табиғаттың, құлпырған әсем нұры кеткен соң, ол жабырқаңқы тартып, қабағы түсіп, сүрт бұлт пен дымқыл тұман қаптап, қара суық малдың да, адамның да табиғаттың да реңін кетіреді. Сонда күз біреуге құт, біреуге жұт боп келеді. Бай жылы үйде отырып, ет жеп, қымызын ішіп, сонау күздің аяғына дейін малын семіртіп, соғымын баптай отырса, кедей күндіз қара суықта мал бағып, кешке жыртық үйде бүрсең қағып, жағуға отын, союға соғымы жоқ, қылышын сүйретіп келе жатқан қыстан шығуы зор уайым болмақ.

Ақын осылайша күзді суреттеу арқылы, адам өмірінің жабырқаңқы тартқан көңілсіз бір кезеңін шебер суреттеген. Тек оны түсініп оқып, Абайша толғана ойлау қажет. Сонда ғана ақынның осы өлең арқылы не айтқысы келетінін түсінесің.

Абайдың табиғатты суреттейтін өлеңдерінің ішінде "Желсіз түнде жарық айдың" орны ерекше. Осынау шағын өлеңде айлы түн мен жайлаудағы елдің түнгі тіршілігінің сұлу да сырлы көріністері табиғи қалпында тамылжыта суреттелген.

Желсіз түнде жарық ай,

Сәуелесі суда дірілдеп.

Ауылдың жаны - терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп.

Сәулесі суда дірілдеген жарық ай, ауылдың жанындағы терең сай, онда күркіреп аққан тау өзені - осының бәрі керемет шеберлікпен жан бітіре суреттелген. Сондықтан, оны оқығанда баяғы қазақ өмірінің ертегідей бір әсем суреті қайта тіріліп, кісінің жаны жадырап, көкірегіне шуақ төгілгендей сезімге бөленеді.

"Қараңғы түнде тау қалғып" өлеңі мен "Жолға шықтым ... " деп басталатын бір шумақ үзіндіде (Лермонтовтан аударылған) түн басқан тау және дала тыныштығы мен күздің жұлдызды аспанын суреттеген.

Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал қып,

Түн басады салбырап.

Шаң шығармас жол-дағы,

Сілкіне алмас жапырақ.

Тыншығарсың сен-дағы,

Сабыр қылсаң азырақ.

Оларды қиялыңмен болжап, жаныңмен сезінуің керек. Басқа тілде туған өлеңді қазақша осынша табиғи да көркем, бастапқы қалпындай әсерлі етіп шығару Абайдың ақындық құдіреті мен аудармашылық талантының қаншалықты күшті екенін көрсетеді. Басқасын былай қойғанда, көктегі жұлдыздардың жылтылдаған жарығын "сөйлесіп ымдасқандай" деудің өзі қандай ғажап! Оларды қиялыңмен болжап, жаныңмен сезінуің керек. Басқа тілде туған өлеңді қазақша осынша табиғи да көркем, бастапқы қалпындай әсерлі етіп шығару Абайдың ақындық, құдіреті мен аудармашылық талантының қаншалық күшті екенін көрсетеді.

Бүгінгі таңда Абай шығармалары әр қилы халықтар мен мәдениеттерді жақындастырып, барлық көзі ашық адамзаттың рухани игілігіне айналып отыр. [4]

Ал енді "Жазғытұрым" өлеңінде жердің жүзі масатыдай құлпырып, күннің көзі өзінің шуағын төгіп, дүниені нұрландырады. Адамзатпен бірге, жан-жануарлар да қуанып, өздерінше мәз- мейрам болады. Оны мынадай өлең жолдарынан көруге болады:

Түйе боздап, қой қоздап, қорада шу,

Көбелек пен құстар да сайда ду-ду,

Гүл мен ағаш майысып қарағанда,

Сыбыр қағып, бұраңдап ағады су. [1]

Жыл мезгілдерін сипаттау үстінде алдымен әр түсті ақындық бояу арқылы оқырманның, көз алдына түрлі-түрлі табиғат көріністері келеді: жайқалған гүл бәйшешекті, «көк орай шалғыны мен «күркіреген өзені» бар, тамылжып тұрған шыбынсыз жаз да сонда; ақ кірпік бораны мен үскірік аязы бар, қылышын сүйреткен қырау қабақ қытымыр қыс та сонда; аспанын бұлт торлап, гүлі солган сарғыш даласын шық басқан сұрғылт күз де сонда ... Әр өлеңінде ақын әуелі табиғат көріністерін суреттейді де, ізінше сол көрініске бөленген қазақ аулының тірлік-кәсібіне, шаруа-жайына көшеді. Міне, осылайша ақын табиғатты жырға қосты. Абайдың бұл өлендерінен адамның мінезі сияқты жыл мезгілдерінің де құбылыстары бар екен көруге болады. Осы табиғат көріністерін, оған бөлінген қазақ даласындағы өмірді, тұрмыс-халді тамаша суреттеген әрі жан-жақты жырлаған. Табиғат қуана да, ренжи де біледі. Тек оны жүрегіңмен түсініп, аялай білу керек. Сонда ғана сен табиғатты сүйе білесің, оны түсіне аласын. Жылдың 4 мезгілі туралы жазылған өлеңдері бейнеті мен азабы мол мал баққан шаруаны баянсыз көшпелі ауылды көрсететін сұлу шығармалар болып табылады.[3]



Жаз

Жаздыгүні шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда;

Шұрқырап жатқан жылқының

Шалғыннан жоны қылтылдап,

Ат, айғырлар, биелер

Бүйірі шығып, ыңқылдап,

Суда тұрып шыбыңдап,

Кұйрығымен шылпылдап,

Арасында құлын-тай

Айнала шауып бұлтылдап.

«Жазда» күркіреп жатқан өзеннің көкорай-шалғын жағасына көшіп барып қонып жатқан ауыл, ақ білегін сыбанып үй тіккен қыз-келіншектер, өзен жағасында шыбындап, бөгелектеп тұрған құлын-тайлы көп жылқы одан әрі сол ауыл шындығы өрістеп кете беретін болса, «Қыста» шидем мен тондарын қабаттап киіп, оранып алса да долы боранға «бет қарауға шыдамай сырт айналып», тағы да мал соңында қаржамылып, мұз жастанған жылқышылар, суық тиіп, титығы құрыған тай-құнандарға ауыз салуға аран ашып, жанталасып айдалада соқақ-қоқақ жортып жүрген аш қасқырлар т. б. көз алдымызға келеді.

Қыс

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап, қеліп қалды.

Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.

Табиғатты оқиғамен байланыстыра суреттеу халық ауыз әдебиетінде де болды. Бірақ қазак әдебиетінде табиғаттың өзін жеке тақырып етіп алып, Батыстың классик ақындарының үлгісімен суреттеу Алтынсарин мен Абайдан басталады. Әсіресе, оны жоғарғы сатыға көтерген - Абай.

Абай «Қыс» деген өленінде қысты адам бейнесінде суреттеп береді. Бұрын қысты бұлай суреттеу болмаған-ды. Абай оны қазақтың ұғымына сай «кәрі құдаң - қыс келіп, әлек салды» деген тәрізді байырғы сөздер арқылы образдар жасайды. Қысты ақ сақалды шал бейнесінде суреттеу бұрынғы қазақ әдебиетінде, Абайдан басқаларда кездеспейді. «Қыс» деген өлеңнің басқа жағын былай қойғанда, бұл шығармадан қыстың қырдағы елге қандай әсері барлығын, мал баққан жылқышыға, жалпы шаруаға жылдың ең бір қолайсыз кезі екендігін айқын көруге болады Өйткені қыс өз тұлғасыңда толық берілген. «Қыс» өлеңін оқығанда, аязды қыстың суық лебі бетке тигеңдей болады.

Абай өлендері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады.

Абай жылдың қай мезгілін суреттесе де, ең алдымен оның шындық бейнесін береді. Жоғарғы үзіндіде келтірген өлеңдердің қайсысын оқысақ та, сол кездің суреті көз алдыңда тұрады. «Қылышын сүйреткен қыс», «Масатыдай құлпырған жаз» өз кескінімен көрінеді. Жылдың төрт мезгіліндегі табиғаттың өз әдемілігінің мына жері кем қалыпты деп ешкім таласа алмастай етіп суреттелінеді. Ақын өлендерінде табиғаттың тек жалаң суретін ғана беріп қойған жоқ, оны адам өмірімен нық байланыстыра білді. Мал бағумен күн көріп, көшіп-қонып жүрген қазақ елінің өмір шындығын дәлме-дәл көрсетіп, жылдың әрбір мезгілінің мал баққан елге қандай әсер ететіндігін баяндады. Табиғат тақырыбында жазылған бұл өлеңдері – ақынның асқан суретші екендігіне толық дәлел.



Абайдың жыл мезгілдеріне арналған осы өлеңдерінде қазақ өмірінің тіршілігі суреттеледі. Табиғат аясында сол табиғаттың ауа райына үндесе тіршілік ететін халықтың ұлттық ерекшелігі, мінез-құлқындағы, әдет-ғұрпындағы уақыттың демімен қанына сіңісті қасиетінің жырлануы тұскиіздің ою-өрнегіндей. Қоңыраулатып келер көктемде табиғатпен бірге түлеп, жаңарып-жасарып, жазғытұрым көтеріңкі көңіл-күймен әсерленіп жүрген дала перзенттерінің тірлік-тынысы нағыз романтика екенін жүрегімізбен сезінеміз де, ләззатқа бөленеміз. Сөзбен өрнектелген табиғат көрінісіндегі өзгеше әлемді жүрегіңізбен ынтыға қабылдап, жетегінде кетесіз. Себебі суреттелетін бұл детальдардың барлығы, ең алдымен, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан санамызға, ұлттық пайымдауымызға жақын. Осы табиғат көріністерін бейнелеуді көрсететін табиғат лирикасы Абай шығармашылығы арқылы келіп, қазақ поэзиясын биік сатыға көтергені сөзсіз.

Пайдаланған әдебиеттер:


  1. Бітібаева Қ. Абай шығармашылығын оқыту.- Алматы: "Мектеп" баспасы, 2003. - 232 бет.

  2. Абайдың қара сөздері. -Алматы: Өнер, 2010. -124 бет.

  3. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Монографиялық зерттеулер мен мақалалар. - Алматы, «Санат», 1995. - 320 бет.

  4. Досжан Д. Абай айнасы. - Алматы: Қазақстан, 1994. - 368 бет.





Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2020
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет