Кітапханада көпшілік жұмыстарды ұйымдастырудағы жаңа технологиялар



Дата17.11.2023
өлшемі48,5 Kb.
#191694
Байланысты:
Наурызбаева Г.А Мақала ТАҒЫЛЫМ
диф2, Exampledocument, План работы СРС, 2апта, Жаттықтырушы (2), 13.04.2022 - 2 лекция, эссе, 2, Документ Microsoft Word (3), Наурызбаева Г.А. Оцифровка книг, АЙдарханов мадиряWord (3), презентация 8 лекция

КІТАПХАНАДА КӨПШІЛІК ЖҰМЫСТАРДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДАҒЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР
Наурызбаева Гульжанат Акзамовна
Қазақстан Американдық еркін университеті оқытушы
Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы.

Егеменді еліміздің рухани жаңғыруына, кемелденіп шарықтауына мәдени ошақ – кітапханалар өзіндік үлес қосуда. Бүгінгі таңда кітапхана қоғамның көп функционалды, көпдеңгейлі, ақпарат таратушы әлеуметтік институты рөлін атқарып отыр. Ұлттық құндылығымызды сақтап, жазба мұраларымызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында тың жұмыстар атқарылуда. Кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырмандар санын толықтырып, мәдени деңгейінің көтерілуіне тиімді әсер етті. Кітапхана дүние жүзінде де, елімізде болып жатқан іс шаралардан ешуақытта тыс қалмайды.


Қазіргі кітапхана жұмысы – бұған дейінгі қалыптасқан үлгіні сақтай отырып, оны сол қалпында қайталай алмайды.
Бүгінгі елдің кітапханашысы заман талабына сай білімді, технологияны меңгерген, ерекше ынталы болу керек. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда барлық кітапханалардағы кітаптарды сандық жүйеге көшіру – заман талабы. Сонда оқырман кітапханаға келіп, уақыт жоғалтпай, үйінде отырып-ақ кітапхананың қызметін пайдалана алады. Кітапханашылардың қоғамдағы беделі жоғары болуы үшін кітапханашының білімді, өнерге құштар болуымен қатар еңбекақысы да жоғары болуы керек. Еңбекақы төмен болғандықтан жастар бұл мамандыққа жолағысы келмейді. Қазіргі жас оқырмандардың талғамы жоғары. Сондықтан эстетикалық талғамы бай, ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, жан-жақты, білімді кітапханашылардың орны өзінше бір бөлек [1, 12 б.].
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың дамуы, олардың қоғам өміріндегі ролінің артуы, түрлі деңгейдегі салаларының жұмысын автоматтандыратын жүйелердің көптеп пайда бола бастағандығынан байқалып отыр.
Қазіргі кітапханалар жұмысын ұйымдастырудағы заманауи әдіс тәсілдердің бірі – электронды кітапханалар. Бүгінде бүкіл дүниежүзілік мұраны іс жүзінде арнайы орын не жай бөлмей-ақ, үйге не кеңсеге сыйдыруға болады. Электронды кітапханаға Интернетке қосылған кез-келген компьютер не мобильді құрылғы арқылы қол жеткізе аласыз. Қажетті кітапты табу қиындық туғызбайды. Электронды кітапхананың міндетті элементтерінің бірі болып баспалдақты құрылымды электронды каталог саналады, ол кітапты қосу не жою шараларына байланысты автоматты түрде толықтырылады және жаңартылады. Сонымен қатар, электронды кітап қоймасында іздеу жүйесі қарастырылған, мұнда кітапты атауымен, авторымен, шығу мерзімі және басқа деректерге байланысты тауып алуға болады. Кітапхана мәдениет саласы ретінде ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізгі болып табылады. Кітапханаларда оқу феноменін тиімді пайдалану мен дамытудың сан ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі сақталған. Олар кітаптарда жинақталған адамзат жадының, ұлт жадының алтын қоры, ал кітапханашылар – сол теңдесі жоқ қазынаның шырақшылары іспеттес.
Кітапхана ғасырлар бойы келе жатқан шырағы бітік парасатталық пен білімділіктің киелі ордасы. Заманымыздың әр кезеңінде кітапханашы қызметі туралы ұғым жоғары болуы тиіс. Кітапханашы кітапханада тек кітап береді деген тар ұғым орнына, қоғамда кітапханашы мамандығының қажеттілігін мойындайтын оң пікірлер мен көзқарастар қалыптастыру керек. Кітапханашы маманы туралы түсінік терең мәнді, қажеттілігі жоғары болуына көңіл бөлінуі тиіс. Бүгінгі кітапхана ұжымдары өздерінің дәстүрлі болмысына табан тірей тұрып, осы заманғы ақпараттық жаңа технологиялар қоғамның тірек элементтеріне айналуға ұмтылған әлеуетті, әлеуметтік топқа жатады. Кітапхана қызметін автоматтандыру мен компьютерлендіру деңгейі, бұл процестерді электрондық үкімет жүйесінде пайдалану мүмкіндіктері осыған меңзейді. Қазір жекелеген электронды кітапханалар ғана емес, мемлекеттік деңгейде орталықтандырылған электрондық кітапханалар жүйесін құру мәселесі де күн тәртібіне қойылып отыр. Мұндай ірі жобалар мемлекеттік бюджеттің қолдауымен белсенді түрді жүзеге асырыла бастады.
Кітапханашы қызметі – ол танымал кітапхана операциясын кітапханада және осыған ұқсас ақпараттық мекемелерде орындайтын кітапханалық білім бар маман. Әрбір ақпараттық жүйе – бұл құжаттардың жүйелі ұйымдарына және ақпараттық технологиямен электрондық техниканы қолданады, іске асырады. Ақпараттық процесс бұл жинақтау, өңдеу, іздестіру, сақтау және тарату, ақпарат болғанымен кітапхананы осы процестер жүретін әлеуметтік институт деп атайды. Кітапханашының басты мақсаты – елдің ұрпағын білім дариясына бағыттау үшін қызмет ету. Сонымен қатар оқырмандардың кітап оқуына жетекшілік ету жұмыстарының арасынан әдебиеттерді насихаттаудағы көпшілік жұмыстарының алатын орны ерекше. Жас ұрпаққа тәрбие беруде олардың жан-жақты дамуына, еңбекті сүюіне, үлкен өнегеге тәрбиелеуде кітапқа қатысты тәрбие жұмысының әртүрлі әдістерін кеңінен қолданады және сол әдістерді жетілдіруге тырысады. Кітапхана өмірі – сырт көзге біліне, байқала бермейтін ағысы, баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өмір.
ХХІ ғасыр руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры екені белгілі. Қай қоғамның тұрақты дамуында мәдениеттің алар орны зор екенін алға тартсақ, біздің рухани тынысымыздың өзекті мәселелерінің бірі – кітапханалар жағдайы. Кітапхана - дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі.Бүгінгі таңдағы қоғамдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Заманауи қоғам – ақпараттық технологиялар заманы. Қазіргі сұраныс технологияны біліп қана қоймай, сонымен бірге оны сауатты түрде қолдана білуде.
Қазіргі таңда ақпараттану технологиясы саласын меңгеру қажеттіліктері туындап отыр. Сондай-ақ кітапхана жұмысын компьютерлендірумен бірге интернет жүйесіне қосу процесі жұмыстары қолға алынып, сапалы мағлұматтар мен ақпарат көздерін дүниежүзілік деңгейде алу мүмкіндіктері туындап отыр. Келесі тоқталатын маңызды мәселелердің бірі - кітапхана базасында Электрондық кітапхана құру.
Электрондық кітапхана (ЭК) - оқырмандарға қызмет көрсету барысында жан-жақты мүмкіндіктер жиынтығын қолдану аясын кеңейтеді. Электронды кітапхана - сонымен бірге қордың бір бөлігі, әрі ақпараттық технологиялардың жаңа элементі. ЭК-ның мәлімет базалары бағдарламалық техника жиынтығын қолдана отырып құрастырылады, құжаттарды машина оқитын түрге айналдыру жұмысы жүзеге асырылады, құнды топтамаларды сақтау және олардың электрондық көшірмелерін жасау арқылы сирек әдебиеттерге, басқа да мәліметтерге еркін қол жетімділікті қамтамасыз ету, жеке жинақтарды құру сияқты жұмыстарды атқарады.
Оқырмандарға кітапхана қызметін көрсетудің дәстүрлі түріне қарағанда электрондық жүйеге негізделген қызмет түрлеріне деген қажеттілік артып отыр. Ғылым мен техниканың ерекше алға басқан қазіргі кезеңінде кітапханалар қызмет көрсету ауқымы электронды ресурстармен толығуы керек. Заманауи ақпарат тасымалдаушы технология жүйесінде де, кітапхана маңызды буын болып саналады. Кітапхана ісін автоматтандыру жүйесі оқырмандарға қажетті электронды ақпараттар қорын жинақтап, оны компьютерлік желілер мен интернет жүйесі арқылы жеткізудің негізгі құралы екені анық. Кітапхана жұмысын автоматтандырудың негізгі мақсаты кітапхана қызметін жетілдіріп, ашық ақпарат кеңістігінде ақпарат түрлерін еркін пайдаланып, ақпарат және кітапхана - библиография қызметін кеңейту, ақпараттарды оқырманға тез және ыңғайлы түрде жеткізу, сонымен қатар кітапхана жұмысына жаңа ақпараттық технологияны енгізу.
Электрондық кітапхана – оқырмандарға қызмет көрсету барысында жан-жақты мүмкіндіктер жиынтығын қолдану аясын кеңейтеді. Электрондық кітапхана – қордың бір бөлігі, әрі ақпараттық технологиялардың жаңа элементі. Электронды кітапхананың мәлімет базалары бағдарламалық - техника жиынтығын қолдана отырып құрастырылады, құжаттарды машина оқитын түрге айналдыру жұмысы жүзеге асырылады, құнды топтамаларды сақтау және олардың электрондық көшірмелерін жасау арқылы сирек әдебиеттерге, басқа да мәліметтерге еркін қол жетімділікті қамтамасыз ету, жеке жинақтарды құру сияқты жұмыстарды атқарады.
Кітапхана ісін автоматтандыру, қағаз түріндегі дәстүрлі ақпараттық қорларды электронды түрге көшіру, электронды каталогтар, библиографиялық дерек қорлар жасақтау, интернет желісінің көмегімен ақпарат алмасу – кітапханалардың басты міндеті болып табылады. Бүгінгі таңда кез келген білім алушы компьютерлік сауаттылықты меңгерген, бос уақыттарын интернетте өткізу арқылы әр түрлі ақпараттарға қол жеткізе алады. Электронды каталог – ақпарат іздеудегі басты құрал. Электронды каталогты қолдану кітапханадағы оқырмандарға қызмет көрсетудің мүмкіндігін кеңейтеді, электронды каталогты пайдалану арқылы кітаптар, мақалалар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі электронды басылымдарды жылдам таба алады, табылған әдебиеттер тізімін басып шығаруға болады. Қоғамымыздың дамуына қарай ақпаратты жан жақты алу, видео, аудио, интернет жүйесі арқылы мүмкіндік туғанымен кітапхана арқылы әдеби кітаптарды оқи отырып, алатын білім мен сауаттылықтың орны ерекше. Кітапханадағы ақпараттық мәдениет - бұл кітапқа, кітап оқуға деген ынтасы, сүйіспеншілік оята білудің, түрлі ақпараттық дерек көздерді іздестіруге және оларды тиімді пайдалануға машықтандыра отырып, өз бетімен білім алуға үйретудің алғашқы қадамы. Кітапхана саласында қолданылып жатқан жаңа ақпараттық технологиялар, электрондық ресурстар, пайдаланушыларға қызмет көрсетудің жаңа формалары, кітапхана қорларын автоматтандыру – бұл бүгінгі күннің белесі. Заманауи кітапханалардың басты міндеті біртұтас электрондық кітапханалық жүйені қалыптастыру, автоматтандыру жұмыстарын кеңейту. Осыған орай кітапхана оқырмандарын қашықтықтан оқыту бойынша көптеген жұмыстар жүргізуге болады [3, 3 б.].
Қоғамның интеллектуалды бәсекеге қабілеттілігін жетілдіру мен еліміздің мәдени және ақпараттық тұтастығын қамтамасыз етуде кітапхана рөлін нығайту, білім деңгейі, әлеуметтік жағдайы, тұрғылықты жеріне қарамастан Қазақстанның әрбір азаматына әлемдік ақпараттық ресурстар, демократиялық мүмкіндіктеріне қамтамасыз ету маңызды. Уақыт талабына сай болуға ұмтылу біздерді, кітапхананы компьютерлендіру тәрізді маңызды жұмысты атқаруға жетелейді. Ақпараттық технологияларды игеріп, ақпаратты пайдалануға қол жеткізген әр адам өзінің күнделікті ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыра алады. Сондықтан да біз оқу мен ағартуға деген ынтаны, үздіксіз білім алуға қолдаймыз, сонымен бірге, ақпарат пен жаңа білімді пайдалануды өркендетеміз
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Аниева Н.Г. Кітапханалық қызмет көрсетуді әдістемелік қамтамасыз ету // Ш. Уәлиханов Көкшетау мемлекеттік университетінің Хабаршысы, 2019. - №2,. - Б. 281- 286.
2 Ефремова Ю., Гусева А. Современная библиотека: от идеи к реализации // Иркутская областная библиотека им. И. Молчанова. – Иркутск: ИОГУНБ, 2020. – 74 с.
3 Мұхтанова М.А. Электронды ресурстарды пайдалану тиімділігі // Кітапхана әлемі, 2010. - №2. - Б. 43 – 45.

4 2017 - 2021 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы // [Электрондық ресурс] - URL: https: adilet.zan.kz


5 Әбдиева Р. Кітап ісінің мәдениеті мен этикасы. - Алматы: Қазақ университеті, 2015. - 160 б.
6 Наурызбаева Г.А Кітапхана ісі тарихы. - Алматы: ЖШС Лантар Трейд, 2022. – 258 б.
7 Наурызбаева Г.А Кітапханатануға кіріспе. Оқу құралы. - Алматы: АDALKITAP, 2022. – 159 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет