КӨкейкесті әдебиеттану



бет5/24
Дата04.11.2016
өлшемі7,72 Mb.
#281
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Шкловский В. Избранное в двух томах. Т. 2. – М., 1983.

  2. Нұрғали Р. Сырлы сөз. – Алматы, 2000.

  3. Нұрғали Р. Айдын. – Алматы, 1985.

  4. Борев Ю. Эстетика. – М., 2005.



Есембеков Т.

Қазақстан: Алматы

СЫНШЫНЫҢ СҮБЕЛІ СӨЗІ

Қай халықтың әдебиеті болсын оның биіктігі мен тереңдігі, осы рухани байлықты жасауға ат салысып жүрген ақындары мен жазушыларының еңбегімен өлшеніп қана қоймай, әдебиет әлемі жөнінде өрелі ой, орнықты пікір айта алатын сыншысымен де бағаланса керек. Дәуір талабына құлақ асқыш, сезімтал сыншысы бар әдебиеттің адымы кең, жүрісі ширақ болатыны сөзсіз. Осы орайда қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет сыны саласында белсенді қызмет етіп жүрген қаламгеріміз Рымғали Нұрғалиевтің «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» атты еңбектері көп жағдайды аңғартса керек.

Сыншылар көшіне қарап тұрсақ әрқайсысы өз шамасына қарай жүк көтерісіп келеді. Олардың ішінде үлкен әдебиетке үлкен сөз айта алатындары да, шама-шарқы құрғақ тамсану мен сыпыра жамандауға ғана жететіндері де бар. Әдебиеттегі қиыр-шиыр іздерінен өздері де адасып, «аттың жемін жеп, тайдың жүгін сүйрегендер» де аз емес.

Осы орайда әдебиетіміздің келбетіне қадағалай қарасақ, өз алдына қолтаңбасы бардың бірі – ғалым, сыншы Рымғалы Нұрғалиев.

Қаражаяу емес адамға жолығар кездейсоқ сәттілік , уақытша қонған бақ бар да, шын қабілеттен, тамшылаған терден келген жеміс бар. М.О.Әуезов: «Ойдың бәрі саған дейін айтылған ой болуы мүмкін, бірақ өзіңше айта білу де қасиет» деп жайдан-жай түймесе керек. Мұның мәнісі не нәрсені де болсын өзінше айта білуге саятын тәрізді. Диалектикаға жүгінсек те, өмірге жүгінсек те, өнерді куәлікке тартсақ та шындық солай. Жалпы өнерге, зерттеушілік еңбекке сан тұрғысынан емес, сапа тұрғысынан қарау керек екенін кейде есте шығарамыз. Кезінде содыр сыннан жапа шеккен, араша түсуге талай азулылардың жүрегі дауаламаған «Қилы заманға» қанатымен су сепкен қарлығаштай болған Р.Нұрғалиевтің ойын жеріне жеткізе білетін қаламгер екенін көзі қарақты оқырман жазбай таныды, үлкен үміт артты.

Ғылыми жұртшылық ілтипатпен қабылдаған алғашқы «Трагедия табиғаты» атты еңбегінде Р.Нұрғалиев зерттеуші ретінде өзіндік бет-бағытымен көрініп үлгерсе, ғалым ретінде мол мүмкіндігін де танытып, келешекте өзі қарастыратын түбірлі мәселелерді айқындап алған болатын. Оның бірі – қазақ драматургиясының заңдылықтарын ашу, даму тенденцияларының бағдарын айқындау болса, екіншісі – көркемдік ойлауды, ұлттық ерекшеліктері негізінде қалыптасқан қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдықтың даму барысы. Сондай-ақ әдеби шығармалардың тақырыптық жүйесін, образдар әлемін сипаттауға, тұтас кезеңдер әдебиетін бағалауда, бір қаламгердің өнерпаздығы хақында қопара пікір айтуда Р.Нұрғалиев тындырған істер ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Осы бағытта туған көркемдік дамудағы жаңа құбылыс – ұлттық дария мен әлемдік телегей теңіз телағыстың тоғысу сырын тереңнен толғау ниетінен туған «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» атты басылымдар жай дәрежедегі болсын ғылым мен сын тұрғысынан сөз етуге тұрарлық.

Көркем әдебиет өз ішінде сан саладан тұратыны белгілі. Жалпы мен жалқының бітім-болмысының арасында шартты шекаралар бар екені де көпке аян. Дегенмен де жеке жанрларды дәл басып тануда, олардың ара жігін, қанаттастығын саралауда жауабын күткен сұрақтар аз емес. Осы орайда Р.Нұрғалиевтің «Айдыны» - қазақ драматургиясының жанды табиғатын сарапқа салған сарабдал еңбек. Аталмыш кітаптағы баса көрсететін нәрсе автордың ойлау, талдау машығындағы еркіндігі, ал ол бар жерде тақ-тұқ пікір, ой тапшылығы, қасаң стандарт жоқ, тың ойға, нұсқалы пікірге, өрелі білімге жол ашық.

Р.Нұрғалиев драматургия жанрларын үйреншікті қағида, қатаң тұжырым күйінде алмай, олардың қоғамдық мәдени дамуы мен сабақтастығына жете ден қойып, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан баға берудің үлгісін көрсетті. Мәселен, трагедияны танудағы үш бірліктің – тартыстың, трагедиялық қаһарман мен оның трагедиялық адасуының – жанр түзудегі қызметі, өзара байланысы әлем әдебиетінде талай соқталы пікір айтылған. Ал, Р.Нұрғалиевтің осы орайдағы өзіндік ой-өрнегі де көпті елең еткізді. Ол өзі көтеріп отырған күрделі теориялық мәселенің сыртқы белгілерін жіпке тізбей, неғұрлым қалтарыстарын, иірімдерін жіті байқауға ұмтылады.

Ауыз әдебиетінің мұхитынан еркін сусындаған шоғырлы дарындардың «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» пьесаларын талдағанда, сөз бен ойды жарыстыра сыни сурет жасауы, айтар ойы мен түйген тұжырымын дір еткізіп, орнына қоятын ұрымтал мысалды таба білуі – Рымғали ғалымның тағы бір қыры.

Кей сыншының сексеуіл сірескен сөйлемдерін оқып, майдалап, жаймалағанды да жиі көреміз. Ал Р.Нұрғалиев өз оқырманын айтысуға, талғам таластыруға бағыттап отырады. Оның сөз ажары, сөйлем машығы әсем де әсерлі.

Р.Нұрғалиевтің жоғарыда сөз етілген кітабында байқалған өзіндік ерекшіліктері «Телағыс» атты күрделі еңбегінде кең құлаш, мол диапазон келіп қосылады. Мұнда бір кездегі ыстық қанды, творчестволық айтысқа бел шеше кірісуге қалап тұратын, орақ тілді, ғалым-сыншы енді ерекше білімімен алдымызды орап алғандай. «Телағыстың» бес тарауы бірімен-бірі сабақтасқан бірліктен тұрады. Әдеби дәстүрге, байланысқа, шығармаға, тұлғаға, қозғалысқа анықтама берген тұстарда үлкен теориялық тереңдік пен білімділік танытады. Ол бұл жолы да ұтымды логикасымен баурап отырады.

Сыншының «Қазақ революциялық поэзиясы» атты еңбегі оның жаңа бір қырын айқындап отыр. Ол белгілі бір кезең әдебиеті, жеке жазушы-ақын жөнінде де өзгеге ұқсамайтын ой толғай алатындығын тағы да дәлелдеді. Автор енді бірыңғай ғалым емес, творчестволық психологияға бейім ақын-сыншыға айналады. Осыған байланысты оның С.Сейфуллин, І.Жансүгіров сияқты алыптар жөнінде ой айтуында өзіндік машық бар. Бұл оның сегіз қырлы бір сырлы ғылыми еңбегі.

Жалпы Р.Нұрғалиев әдеби шығарманы белгілі бір сыни ой-пікірге тізеге сап иіп әкеліп, күшпен теліп, қырық жамау етуге қарсы. Оның үстіне ол өзі сөз еткен тамырлы тақырыбына, күрделі құбылысқа енжар, селсоқ қарай алмайды, екі ұдай шешімге жаны қас.

Өнер киесін, құдіретін, әсемдігін терең түсінетін, туған әдебиетінің жетістігі мен кемшін тұстарын ой көзінен өткізетін Р.Нұрғалиев творчествосы арнайы ғылыми зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Талант мен талғам иесі, білімі мен білігі мол азамат одақ дәрежесіндегі басылымдардан жиі көрінсе, туысқан халықтар да ұлттық әдебиетіміз жайында кеңірек білсе деген арман-тілек те орынсыз емес. Р.Нұрғалиевтің еңбектері жайында көп оқырманның бірі ретінде ойымызды ортаға салдық. Әділ бағасы мен орнықты билігін зиялы қауым тағы да айта жатар.



Ысқақұлы Д.

Қазақстан: Алматы

АЛАШШЫЛ АЗАМАТ

Біз ол кезде қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің бітіретін 5-ші курсында оқитынбыз. Соңғы курстарда көбіне мамандану пәндері жүретін. Бір күні дәрісханамызға толқынды қалың қара шашын артқа қарай қайыра тараған ашаңдау келген өрімдей бір жас жігіт кіріп келді де алға қарай оза берді. Алғашында біз оны жай жүрген біреу шығар деп ойладық. Олай болмай шықты. Ол оқытушы отыратын столдың жанына барып тұрды да не істерін, не дерін білмегендей, сәл аңтарылып тұрып қалды. Бір кезде «Менің аты-жөні – Рымғали Нұрғалиев. Қазақ әдебиеті кафедрасының аспирантурасын бітіріп жатырмын. Бүгіннен бастап сіздерге қазақ драматургиясы бойынша арнаулы пән өтемін»-деді. Ылғи да профессор, доцент ағай, апайларымыздан дәріс тыңдап келе жатқан біздер мына бір жас жігіттің айтып тұрғанына сенерімізді де, сенбесімізді де білмей, абдырып қалдық. Ішімізде бұл жігіттен де ересектеріміз бар біздерді «өзі жап-жас болып бізге дәрісті қалай өтеді» деген сияқты бір күмәнді ойлар да кимелеп кетті. Көп ұзамай-ақ бұл күдігіміз сейіле бастады. Алдында именіңкіреп, жаймен бастаған сөзін Рымғали орнымен сабақтап, бірте-бірте даусы ашылып, бауыры жазыла түсті. Сыпайы көрінген мөлдірдей жас жігіттің әдемі қоңыр дауыспен төгіліп шыққан ойлы сөздері бірте-бірте бүкіл аудиторияны баурап, әдебиет деген сырлы әлемінің драматургия атты бір ауылына қарай алып бара жатты… Бұл Р.Нұрғалиевтің қазақ университетінің аспирантурасын бітіріп, оснда ұстаздық жолын алғаш бастаған 1968-жылдың қоңыр күзі болатын. Міне, сол бір есте қалған сәтті күннен бері де қырық жылдан астам уақыт өтіпті. Осы қырық жыл ішінде ол аспиранттықтан академиктікке дейін өсіп, қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті өкілдерінің қатарына қосылды. Бұл айтқанымызға оның қаламынан шыққан ондаған зерттеулер, жүздеген мақалалар, атқарған қызметтері көзіңізді жеткізеді.

* * *

Белгілі ғалым, сыншы, публицист, жазушы Рымғали Нұрғалидың есімі әдебиет сүйер қауымға кеңінен танымал. Оның қаламынан шыққан әдебиет пен өнердің түрлі мәселелеріне арналып жазылған бес жүзден астам мақала, қырық шақты кітап оны қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдерінің қатарына қосты. Ол бұл биікке ғылымның не бір қиын да ауыр жолдарынан өтіп барып, көтеріліпті.



Р.Нұрғали қазақ халқына Абай мен Шәкәрімді, Мұхтарды берген Семей өңірінде өмірге келген. Рымғали туып-өскен Абыралы ауданы кейіннен КСРО-ның ядролық қаруларды сынау орталығына, радиациялық аймаққа айналып, халқы ай-күн аманда үй-жайын, туған жерін тастап, басқа жаққа босып, тарап кетті. Қазір Абыралы ауданы қалпына келгенімен де жергілікті халқы ядролық жарылыстардан тараған рациялық аурулардың зардабын күні бүгінге дейін тартып келеді. Міне, осы өңірде балалықтың бал дәуренін өткізіп, орта мектепті алтын медальмен бітірген жас жігіт арман қуып, бақытын іздеп, әсем Алматыға тартады.

Мектеп қабырғасында жүрген кездің өзінде-ақ мақала, өлең жаза бастаған Рымғали алғашында Ауылшаруашылығы институтында оқығанымен де бір жылдан соң жүрек қалауымен Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсті.

Ол кезде қолынан жазу келетін талапкердің дені журналистика факультетінде оқитын. Рымғали да екінші курста осы факультетке ауысып, бұрқыратып жаза бастайды. Мысалы, ол 1961-жылы университеттің үшінші курсында оқып жүргенде 21 мақала жариялапты. Сол сияқты 1962-жылы 21, 1963-жылы 15 мақаласы республикалық баслымдар бетінде жарық көреді. Студент кездің өзінде-ақ (1962) ол «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істей бастайды. Осы кезде оның публицистік қарымы барынша жарқырай көрінді. Бір ғана 1964-жылдың өзінде ол 43 мақала жариялап, журналист ретінде кеңінен танылды. «Лениншіл жастағы» жалынды жылдар болашақ ғалымның жазу-сызу өнерінің қыр-сырларын меңгере түсінуде үлкен мектеп болды.

Р.Нұрғали ғылыми жұмыстармен университет қабырғасында жүргенде-ақ айналыса бастайды. Зерек шәкірттің шығармашылық жұмыстарға ыңғайын байқаған профессор Б.Кенжебаев оны өзіне тартып, ғылыми жұмыстарға баулиды. Екніші курстан бастап студенттердің ғылыми үйірмесіне қатысып, түрлі жиындарда баяндамалар жасап, өзінің тыңғылықты ізденістерімен көзге түскен ол 1960 жылы Алматыда өткен Орта Азия мен Қазақстан студенттерінің ғылыми конференциясында «Иран тақырыбы қазақ әдебиетінде. Сабыр Шарипов», 1962 жылы Қазан қаласында өткен студенттердің бүкілодақтық конференциясында «Қазақ-татар әдеби байланыстары тарихынан, Ғ.Ибрагимовтың «Қазақ қызы» роман» тақырыптарында баяндамалар жасап, ғылым әлеміндегі алғашқы қадамдарын сәтті бастады. Университет қабырғасында жүріп, ұстазы профессор Б.Кенжебаевпен бірігіп «Cабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» (А., 1961) атты тұңғыш еңбегін жазды.

Оқуды үздік бітірген ол Қазақ мемлекеттік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының аспиранттығына қалдырылып (1963-1966), біржола ғылыми жолға түсті. Бір жағы «Лениншіл жас» газетінде де қызмет атқара жүріп ол Мұхтар Әуезовтің драматургиясы жайлы ғылыми ізденістерін сәтті жалғастырды. Сол кездегі қазақ басылымдары бетінде осы тақырып бойынша ондаған мақалалар жариялап, енді өзін ғалым ретінде республика жұртшылығына таныстырды.

Аспиратнураны ойдағыдай бітірген ол 1967-жылы «Мұхтар Әуезовтің трагедиялары» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазылған диссертациясын ойдағыдай қорғады. 27 жасында ғылым кандидаты болған Р.Нұрғали ғылыми ізденістерін тереңдете түсіп, алты жылда докторлық диссертациясын аяқтап, қорғауға ұсынады. «Қазақ драматургиясының поэтикасы» тақырыбында қорғалған (1973) докторлық жұмысын «диссертацияда ұтлшылдық, алашорда жазушыларын мадақтау, саяси қателер бар» деген сияқтылармен кінәлап, Мәскеудегі Жоғары аттестациялық комиссия бес жыл бойы қарап, соңында бекітпей тастады.

Алашорда әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі болған М.Әуезовтің шығармашылығына қатысты шындықты айтамын деп, орынсыз айыптауларға ұшырап, еңбегінің өзіне лайықты ресми бағасын ала алмай қалуы жас ғалымға психологиялық тұрғыдан ауыр тигенімен де оның сағын сындыра алмады. Керісінше, оның жігері жанып, өзін танытуға қайраттандыра түскендей болды. Енді он жыл өткен соң он шақты кітап шығарып барып, докторлық диссертация қорғауға қайта соқты. Сөйтіп, 1983-жылы Р.Нұрғали «Қазақ совет драматургиясының жанрлық проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертацияын сәтті қорғап шықты.

Алғашқы кітабын студент кезінде-ақ шығарған Р.Нұрғали қаламынан «Сабыр Шарипов» (1961), «Трагедия табиғаты» (1973), «Өнер алды – қызыл тіл» (1974), «Дән» (1977), «Поэтика драмы» (1979), «Өнердің эстетикалық нысаны» (1979), «Зерно» (1981), «Айдын» (1985), «Телағыс» (1986), «Қазақ ревалюциялық поэзиясы» (1987), «Ай қанатты арғымақ» (1989), «Древо обновления» (1989), «Арқау» (Екі томдық шығармалары, 1991), «Әуезов және алаш» (1997), «Вершины возвращенной казахской литературы» (1998), «Айғақ» (2000), «Сырлы сөз» (200), «Драма өнері» (2001), «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002), «Сөз өнерінің эстетикасы» (2003), «Алашордынцы» (2005), «Эпическая драматургия» (2005) сияқты кітаптар туындап, ғылыми жұртшылыққа жол тартты; қазақ әдебиеттану ғылымын биіктете түсті.

Р.Нұрғалидың негізгі зерттеулері қазақ драматургиясының тарихи, теориялық проблемаларын саралауға арналған. Ол кандидаттық, докторлық диссертацияларын қазақ драматургиясынан қорғады. «Трагедия табиғатында» М.Әуезовтің трагедияларын, «талант тағдырында» қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шаниннің өмірі мен шығармашылығын, «Күретамырда» қазақ драмасының поэтикасын, «Өнердің эстетикалық нысанында» қазақ драмасының әсемдік әлемі, «Айдында» қазақ драматургиясының жанрлық жүйесін жан-жақты зерттеді. Ал, қазақ поэзиясы мен прозасының жай-күйіне арналған «Өнер алды – қызыл тіл», «Телағыс», «Әуезов және алаш» қазақ әдебиеттану ғылымын тың пікірлермен байытты.

Ғалым 1988-жылы «Айдын», «Телағыс», «Қазан ревалюциялық поэзиясы» атты іргелі монографиялық зерттеу еңбектері үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды. Жалпы Р.Нұрғали зерттеулерінің сыр-сипатына, мән-маңызына көз жеткізу үшін осы кітаптарға назар аударыңқыраған жөн. Үш монографиясының да зерттеу обьектісі жиырмасыншы ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму проблемалары. Жаңа тұрпатты қазақ әдебиеті төңкерістен кейін дүркірей дамып, барлық жанрларда жетігіп, жайқала көркеюі ұзақ та күрделі процестерді басынан кешірді. Зерттеуші осы даму диалектикасының ішкі қырсырларына үңіле түскен. Бұл ретте әдебиеттегі сабақтастыққа, дәстүр мен жаңашылдыққа ерекше назар аударған. Шындығында да даму дегеніміздің өзі дәстүрдің жаңаша жаңғыруы емес пе? Дәстүрсіз әдебиеттің болмайтындығы секілді жаңа заман талабына жаңаша жауап бере алмаған әдебиеттің де өмір сүруі екіталай.

Кітаптарды оқып отырғанда байқалатын тағы бір нәрсе – зерттеу диапазонының кеңдігі. Әңгіме өзегі негізінен қазақ әдебиеті болғанымен де нақтылы бір проблеманы қарастыру барысында автор осыған қатысты туыстас, әлемдік әдебиеттердегі шығармашылық іс-тәжірибелерге, тұжырымдарға арқа тіреп отырады. Қазақ әдебиетінің толымды табыстарымен кемшіліктерін сралағанда салыстыру әдісін жемісті қолданған.

«Айдында» қазақ драматургиясының, «Телағыс» прозаның, «Қазақ ревалюциялық поэзиясында» поэзияның проблемалары арнайы зерттелінеді. Байқалып тұрғандай, әр кітаптың проблемалары нақтылы.

«Айдын» - жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ драматургиясының жай-күйін, дәлірек айтсақ, жанрлық жүйесін жан-жақты саралауға арналған зерттеу. Автор қазақ драматургиясының толқынды айдынында еркін жүзіп, оның асау ағыстары мен тұңғиық тереңдерін, тылсым иірімдерін анықтауды мақсат тұтқан. Бұл ретте қазақ драматургиясын ұзақ уақыттар бойы сарсыла зерттеген Р.Нұрғали мақсат биігінен көріне білген. «Айдын» монографиясы сыншы ғалымның осы салада жүргізген игі ізденістерінің жемісі, ғылыми топшылауларының қорытындысы іспеттес.

Монографияда қазақ пьесалары жанрлық тұрғыдан жіктелініп, белгілі бір ретпен қарастырылады. Зерттеу еңбегінің ғылыми жағынан құндылығы сол, мұнда қазақ драматургиясы тұтас күйінде жанрлық жағынан жүйеленіп, дәйектеледі. Қазақ қаламгерлерінің алпыстан астам пьесалары ғылыми тұрғыдан талданылып, ғылыми айналымға түседі; олардың идеялық-көркемдік қасиеттері, жанрлық-стильдік сипаттары ашыла түседі. Автор драмалық шығармаларды бұрыннан белгілі трагедия, комедия, драмаға бөліп, әр жанрдағы шығармаларды ішкі сипаттарына қарай тағы да бірнеше түрлерге жіктейді. Мәселен, трагедия эпикалық, адамгершілік-тұрмыстық, тарихи деп үшке, комедия сатиралық, лирикалық болып екіге, драма қаһармандық, саяси-әлеуметтік, ғұмырнамалық делініп үшке бөлінген. Осылайша жүйелеудің өзі драмалық шығармаларды жан-жақты терең зерттеудің, жанрдың ішкі жақтарына көп үңілудің барысында туғандығы көрінеді. Осы жерде монографияның жаңалығы, сонылық сипаты айқын байқалады. Кітапта ұлттық мәдениетіміздің дамуына өзіндік орны бар, солай бола тұра түрлі себептермен әлі күнге дейін зерттеу нысаны бола қоймаған бірсыпыра туындылар хақында тың деректер бар. Мәселен, бұрындары зерттеушілер назарына ілікпей келген І.Жансүгіровтің «Райхан» атты драмасы алғаш рет ғылыми таңдалып, өз кезіндегі жақсы шығармалардың қатарында бағаланады. Сондай-ақ, Ғ.Мүсіреповтің ауыз әдебиетіне негізделіп жазылған атақты «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясына дейін осы тақырыпқа ұлттық өнеріміздің тарихында үлкен орны бар тұңғыш қазақ режиссері Жұмат Шаниннің де пьеса жазғандығы туралы мәліметтер кімді де болса елең еткізері анық.

«Телағыс», «Әдеби дәстүр», «Әдеби тұлға», «Әдеби қозғалыс» атты тараулардан тұрады. Тақырыптарынан көрініп тұрғандай-ақ, көтерер жүгі, қозғар проблемасы анық. Алғашқы тарауда көркем әдебиет пен оның ғылымының даму сатылары, түрлі әдеби мектептер, әдістер Платон, Аристотель, Әл-Фарабилерден бастап, күні бүгінге дейін шолынды. Қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен жетістігі ретінде көп томды қазақ әдебиетінің тарихы, М.Әуезовтің шығармалар жинағы хақында өз ойларын ортаға салды. Қазақ әдебиеті сыны мен ғылымының көрнекті қайраткерлерінің еңбектері де зор ілтипатпен сөз болған.

Әдебиеттердің бір-біріне әсер ете, ауыс-түйіс жасап, байланыса отырып дамуы – дәлелді қажет етпейтін ақиқат. Қазақ әдебиеті де көрші елдердің, әлемдік мәдениеттердің үздік үрдістерінен үйрене отырып, кемелдік кезеңге жетсе, кейіннен М.Әуезов сынды саңлақ суреткеріміздің шығармашылық үлгісі туысқан халықтар қаламгерлеріне ықпал жасағандығы да көп айтылып жүр. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас болып қоңсы қонған көршілес башқұрт, татар халықтармен әдеби байланыстарда да әңгіме боларлық тұстар баршылық. Кітапта татар әдебиетінің классигі Ғ.Ибрагимов пен осы үш халықтың төл ұлы С.Шариповтың шығармаларын сөз ете отырып, әдеби дамудағы мәдени әсерлердің жемісті жол екендігін дәлелдей түседі. Әдеби ықпалда озық орыс, Еуропа әдебиеттерінен аудармалар жасаудың қаншалықты роль атқарғандығын Шекспир, Тургенов шығармаларының қазақшалану тәжірибелерін талдай отырып сөз етеді.

Көркем шығармадағы форма мен мазмұнның бірлігі, сюжет пен композиция, фабула, жанр, стиль сырлары, әдеби әдістер мен ағымдар жеке тарауда қарастырылады. Э.Сетон-Томпсон мен Джек Лондонның хайуанаттар өмірі жайлы жазған шығармалары мен М.Әуезотің «Көксерегі» арасындағы үндестіктерді де жіті аңғарған. Роман жанры жайлы айтылып жүрген әрқилы пікірлерге тоқтала отырып, қазақ романистикасының даму тенденцияларын айқындауға ұмтылады. М.Әуезовтің «Өскен өркен», Қ.Исабаевтың «Айғыз», Ж.Жұмахановтың «Соқпақ соңы», Б.Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді», Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» сияқты туындылары жан-жақты талданылған.

«Әдеби тұлға» атты тарауда сегіз эссе топтастырылып беріліпті. Жалпы эссе жанры қазақ әдеби сынында сирек жазылып жүргенін ескерсек, автордың осы салада қалам тербеуі қуантады. Эссе – көркемдік тәсілдерді қолдана отырып, еркін формада жазылатын болғандықтан да оқырманы көп жанр. Р.Нұрғалидың да эсселері қызыға оқылады. М.Әуезов, С.Қирабаев, Қ.Ыдырсов, С.Бегалин, Ғ.Мүсірепов, Ш.Әбенов сынды әдебиет қайраткерлерінің шығармаларын оқығанда, түрлі кездесулерде көкейге түйген жүрекжарды пікірлерін әдемі тілмен жайып салады. Олардың өнерпаздық, адамгершілік, азаматтық үлгілері кімді де болса бейтарап қалдыра алмайды.

Әдебиет ылғи да қозғалыс, даму үстінде болады. Қазақ әдебиеті де өсу, ізденіс үстінде. Туған әдебиетіміз шыққан биік белестер мен бірге алынар асулар да алда. Монография авторы қазақ әдебиетінің соңғы кездегі талпыныстарын прозаның роман жанрындағы, сын саласындағы, драматургиядағы тың туындыларды әңгімелеп отырып айқындайды. Ғ.Мүсіреповтің, І.Есенберлиннің, Ш.Мұртазаның, Ә.Әлімжановтың, М.Мағауиннің, С.Сматаевтың, Ә.Кекілбаевтың, Қ.Жұмаділовтің романдарын таңдаулы туындылар ретінде жоғары бағалайды.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, қазақ әдеби сынының көсегесін көгертпей, кежегесін кейін тартып жүрген кеселдер деп, «күні бұрын тон пішу», «методологиялық кенжелік», «өнердің эстетикалық мәнін ұмыту», «Бір шығарма жайлы қарама-қарсы пікірлер» сияқты сырқауларды атап көрсетеді.

«Октябрь және әдебиет» тақырыбы бізде көп зерттелініп, біраз жазылды да. «Қазақ ревалюциялық поэзиясы» кітабында Р.Нұрғали осы мәселеге қорықпай, тағы да барған. Ол бұрыннан айтылып келе жатқан мәселелерді қайталамауға тырысып, «Ревалюция және әдебиет» аталатын алғашқы тарауда қазақ кеңес әдебиетінің төңкерістен кейінгі жай-күйі кеңінен әңгімеленумен бірге М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин сияқты ірі өкілдерінің шығармашылық қыр-сырлары ашылыңқырай түскен. Ал, қазақ кеңес поэзиясының негізін қалаған С.Сейфуллин мен І.Жансүгіровтің шығармашылықтарына жеке-жеке тараулар арналған. «Ревалюция дауылпазы» Сәкен мен қазақ қара өлеңінің «Құлагері» Ілиястың тек өлеңдері ғана емес, прозалық, драмалық туындылары да назардан тыс қалмайды. Осы жерде «әттең, Б.Маилин туралы зерттеу очеркінің жетпей тұрғандығы-ай» деген ой да қылаң беріп қалады.

Зерттеуші қазақ кеңес әдебиетінің мәселелерін неғұрлым толық сараптау үшін түрлі зерттеу әдістерін қажетті жерінде шебер қолдана біледі. Зерттеушілерінің өн бойында тарихи типологиялық методты негізгі әдіс ретінде пайдаланған ол ұлттық әдебиетті тарихи даму үстінде қарастырады. Мысалы, трагедиялық шығармаларды тексергенде «Еңлік-Кебектен» бастап, С.Мұқановтың «Қашқар қызына» дейін, комедиялық туындыларды Б.Майлиннің 8 актілі пьесасын талдаудан Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайынына» шейін, ал драманы С.Сейфуллинің «Қызыл сұңқарларынан» Ш.Хұсайыновтың «Біздің Ғаниға» дейін алып, біртұтас процесс күйінде қарастырады. Біршама зерттелінеді деп жүрген М.Әуезовтің «Қаракөз» трагедиясының алғашқы нұсқасы мен өңдеп жазылған кейінгісі мәтіндік тұрғыдан салыстырылып, автордың көркем образдар жасау жолындағы ұзақ ізденістері, идеясы жоғары, көркемдігі кемел классикалық шығарманың қалайша өмірге келгендігі жөнінен хабардар етеді. Бұл үш кітапта төл әдебиетіміздің тарихына қатысты айғақты деректер орынды пайдаланылып отырған. Қазақ әдебиетіндегі үздік үлгілерді сөз еткенде, оның сыр-сипатын неғұрлым толық ашып көрсету ниетінде оның шығармашылық туу тарихына да көңіл бөлінген.

Түйіп айтқанда, Р.Нұрғалидың біз арнайы сөз еткен «Айдын», «Телағыс», «Қазақ революциялық поэзиясы» монографиялары өзіне дейін жүргізілген зерттеулерге сүйене, оны тың фактілермен, пікірлермен толықтыра, жалғастыра отырып, қазақ әдебиетінің драма, проза, поэзия түрлеріндегі жанрлардың туып, қалыптасып, даму жолдарын зерттеушілік зердеден өткеріп, ғылыми көрінісін жасаған, оның жетістіктері мен олқы соққан тұстарын әдеибеттану тұрғысынан сараптап, соны байқаулар, теориялық тұжырымдар түйген соқталы еңбектер.

Р.Нұрғалидың бұл үшін монографиясы ғалымның 1991-жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдық «Арқау» (1991) атты шығармалар жинағының негізін құрады. Автор бұрынғы зерттеулерін қайта бір қарап, толықтыра түскендігі көрінеді. Мысалы, негізін «Айдын» монографиясы құраған «Арқаудың» бірінші томының «Драма» бөлімі «Қазіргі драма», «Сахнадағы драма» деген жалпы көлемі елу беттік екі тараумен толықтырылған.

«Әуезов және алаш» - Р.Нұрғалидың сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басындағы ғылыми ізденістерінің жемісі. А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбергенов сынды біртуар жазушыларымыздың кезінде қудаланып, жазықсыз жазалауларға ұшырап, шығармалары қалың көпшілкке беймәлім болып келгендігі белгілі. Уақытпен бірге тоталитарлық заман да өзгерді. Жаңа заманмен бірге алыптарымыз да туған халқына қайта оралды. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алып бәйтеректерін халқына қайта табыстыруда Р.Нұрғали айтарлықтай еңбек сіңірді. Алыптарды ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссияның мүшесі болған ол қауіпсіздік комитетінің архивтеріне шаң басып түкпірде жылтырап жатқан ұлы шығармаларды жарыққа шығаруда, оларды оқырмандар мен таныстыруда қыруар жұмыстар жасады; алыптар туралы алғаш мақалалар жазып, халқымен қауыштырды. «Әуезов және алаш» осылайша өмірге келген еді.

«Әуезов және алаш» негізі екі үлкен бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Алаш ұранды мәдениетте» жиырмасыншы ғасырдағы қазақтың ұлы қаламгерлері Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, қоғам қайраткері, әрі әдебиетші Әлихан, қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат шығармашылықтары кеңінен әңгімеленеді. Әрқайсысына жеке тараулар арналған. Автордың әр тарауға тақырып қоюы да назар аударарлық: тарау аттарын олардың өз сөздерімен берген. Мысалы, А.Байтұрсынов «Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған», Ә.Бөкейханов «Қазақты ақ жолға саламыз десек», М.Дулатов «Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш», Мағжан «Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да», Ж.Аймауытов «Ой, кер заман, кер заман» дейді, яғни тақырып атына берілген өз сөздерінен олардың кім екендігі, шығармашылық сипаты біршама айқындалып та тұр. Қазақтың біртуар асыл азаматтарына арналған шығармашылық портреттерде олардың қилы тағдыры, шығармашылық жолдары жайлы мол мағлұматтар берілген. Тағдыры ортақ тағдырлас тұлғалар жайлы тараулар қызғылықты оқылады.

Кітаптың екінші бөлімі түгелдей М.Әуезовтің шығармашылығына арналған. Көлемі 250 беттей «Әуезов әлемін» жеке монография десе де болғандай. Мұнда автор барынша көсіліп, өзінің белді әуезовтанушылардың бірі екендігін дәлелдеген. Әсіресе Мұхтардың драматургиясын талдағанда терең білімдарлық, шын шеберлігін танытады. Ғылыми стиль мен көркем публицистикалық серпін ұштаса келіп, өзінше өрнек тапқан. «Мұхтар Әуезов өлген жоқ; ұлы қаламгердің есімі кеме болып теңіздерде жүзіп, көше болып соғылып, қала болып құлпырып тұр. Мұхтар Әуезов әрқайсымыздың жүрегімізде. Мұхтар Әуезов – сарқылмайтын, бітпейтін, жасарып, жаңғыратын, өмірдің өзіндей, жапырағы мәңгі жап-жасыл, жалғаса беретін құбылыс» (Әуезов және алаш». А., 1997, 420-бет) – деген сияқты жолдардың кімнің болса да жүрегін баурап алары анық.

Жалпы Р.Нұрғалидың тілі-жатық, өрнекті. Автордың кейде талдап отырған көркем шығарманың кілтін тауып, ішіне кіріп, шешен тілмен шабыттана желпініп-желпініп кететін кездері де бар. Мысалы, «Ашуды намыспен жанып, оған кектің уын құйып, таптап шауып, салып ат. Тағдырын тілер бар тілегі солдағы. Кеңгірбайдың қабырғасына Кебектің өлімі, я бір сынбаса дейді өз сағы» («Айдын», 17-бет) – деген жолдарды оқығанда, ұлы Мұхтар жеткізбек болған «Еңлік-Кебекті» бар рухты сезгендей боласыз. Бұл жерде зерттеуші көркем әдебиеттің өз әдісін, көркемдік құралдарын шығарманың сыр-сымбатын барынша аша түсу мақсатымен сәтті қолдана білген.

Қазақтың тұңғыш режиссері, әрі актер, әрі музыкант, әрі өнер ұстазы, әрі театр сыншысы, әрі драматург Жұмат Шанинге «Әуезов және алашта» едәуір орын берілген. Ұлттық мәдениетіміздің тарихында өзіндік ерекеше орны бар сегіз қырлы бір сырлы дарын иесі Ж.Шаниннің өнерпаздық жолының бірден бір зерттеушісі болған Р.Нұрғалидың ол туралы көп мағлұматтар жинағандығы байқалады. Сол материалдарының біразын Жұматқа арнаған портреттік очеркінде ғылыми айналымға түсірсе, денін «Ай қанатты арғымақ» атты роман жазуға пайдаланды. Бұл жерде Р.Нұрғалидың негізгі зерттеушілік жолының көркем шығармашылық жолға ұласып жатқандығы көрінеді. Ол өмірінің соңғы жылдарында өнімді еңбек етіп, кітап үстіне кітап шығарды. Рымғали ұлттық әдебиетіміздің тарихы, қазіргі жай-күйі жайлы зерттеулерін жалғастырумен бірге бұрындары жазылған еңбектерін де дәуір биігінен сын елегінен қайта өткізді. 2000 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Сырлы сөз» атты бір томдық жинағына автордың кезінде газет-журнал беттерінде басылғанмен де жеке кітапқа енбеген дүниелер топтастылырып берілген. Тараулардың орнына жеті желіге бөлінген. Желілер «Туынды», «Тұлға», «Шартарап», «Сұхбат» аталынса, алтыншысында «Абай» энциклопедиясына жазылған мақалалар, жетіншісінде «Екі сөздік» берілген. Бірінші желіде жеке шығармалар туралы жазылған рецензия, мақала, ой-толғаулар бар. Мұнда «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Қилы заман» романы, «Хан Кене» трагедиясы сияқты туындылармен бірге, «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» романдары мен «Кездеспей кеткен бір бейне» жан-жақты талданылады. Ал А.Құнанбаев, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Бегалин, Т.Исмаилов сынды қаламгерлердің шығармашылық өмірлері «Тұлғада» талданылады.

«Төрттаған» аталған үшінші желіде қазақ поэзиясы мен прозасының, драматургиясы мен сынының көкейкесті проблемалары кеңінен әңгімеленеді. «Шартарапта» С.Шариповтің, Ғ.Ибрагимовтің шығармашылықтары жайлы және де «Мажарстандағы Абай күндері» мен «Америкада талқыланған Азия әдебиеттерінің тағдыры» жолсапар очерктері орын алған. «Сұхбатта» ғалымның әр кезде басылымдарда айтқан әдебиет, мәдениет жайлы толғақты ойлары бар. Сондай-ақ, кітаптағы Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Б.Кенжебаев, Х.Оралтай хақындағы және де Абайдың бірнеше өлеңдері жайлы жазылған энциклопедиялық мақалалар да жеке желіні құраған. «Екі сөздікте» Абай поэзиясында кездесетін басқа тілдерден енген сөздер түзіліп, олар мысалмен бірге түсіндіріліп отырған.

Драматургия – Р.Нұрғалидың еншілес тақырыбы. «Драма өнерінде» (2001) қазақ драматургиясының жай-күйі, жанрлық жүйесі кеңінен сараланады. Онда қазақ топырағында дүниеге келген пьесалар түгенделіп, түсі түстеліп қана қоймайды, әрбір туынды өзі өмірге келген уақытпен, тарихи жағдаймен бірлікте қарастырылып, мәдени-әлеуметтік контексте зерттелінеді. Автордың талданылып отырған пьесаның өмірде болған барлық нұсқаларын бір-бірімен салыстыра отырып зерттеуі де шығарманың көркемдік сапасының арта түсуін, жазушының шығармашылық лабораториясының құпияларын бағдарлап, бақылап отыруға мүмкіндіктер туғызған. Монографияда, ең бастысы, қазақтың драмалық шығармалары ғылыми түрде жүйеленіп, хронологиялық тәртіпте жанрларға жіктеледі. Пьесалардың жанрларын анықтағанда қазақ әдебиетінің өзіндік ұлттық ерекшеліктері, тарихи даму жолы диалектикалық тұрғыда ескеріліп отырған.

Қысқасы, «Драма өнері» монографиясы тек драматану саласында ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеттану ғылымы саласында өзіндік орны бар салмақты дүние дейміз. Өйткені, мұнда жалпы бүгінгі қазақ әдеби ой-пікіріндегі жаңа ізденістерді байқататын табыстары мол.

«Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» (2002) – бүгінгі қазақ әдебиеттану ғылымының елеулі жетістігі санатына қосыларлық еңбек. Монографияда ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті оның ұлы өкілдерінің өмір жолы мен шығармашылықтары арқылы зерттелінеді. Қоғамдық-әлеуметтік өмірде болып жатқан өзгерістер мен көркемдік процесс біртұтас диалектикалық бірлікте қарастырылған. Қоғамда жүріп жатқан әлеуметтік-мәдени жағдайлардың қаламгердің шығармашылық тағдырына әсері сияқты соқталы проблемалар сыни пікірлермен түйінделеді.

Р.Нұрғали бұрын да бұл тақырыпқа қалам тартып, «Әуезов және Алаш» атты кітап шығарған болатын. Онда тек алаш ұранды әдебиетті қарастырған болса, енді «Қазақ әдебиетінің алтын ғасырында» осы бағыттағы зерттеулерін тереңдете, толықтыра түскен.

Қазақ кеңес әдебиетінің көрнекті өкілдері С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, І.Есенберлин жайлы шығармашылық портреттердің берілуі ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ғылыми көрінісін жасауға мүмкіндіктер берген.

Алаш ұранды әдебиет концепциясының негізгі принциптері, эстетикалық ұстанымдары Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар шығармалары арқылы көрсетіліп, әдебиеттегі жалғастығы нақтылы әдеби материалдармен дәлелденіледі. Ал, қазақ әдебиетінің әлемдік әдеби айдынға шығуы М.Әуезовтің туындыларын талдау арқылы көрсетілген. Кітаптың соңында ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы зерттеулер тізімінің берілуі де еңбектің құндылығын арттырып тұр.



2005 жылы Р.Нұрғалидың жеті томдық шығармалар жинағы (қосымша томды қосқанда 8) жарық көрді. Бұл томдарда ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымында қырық жылдай жасаған еңбектері белгілі бір жүйемен толықтырылып берілді. Р.Нұрғалиды әдебиетке алып келген Семей облысының Шұбартау аудандық газетінде 1956 жылы басылған тұңғыш өлеңі болса, оны әдебиетші ғалым ретінде танытқан – қазақ драматургиясы саласындағы зерттеулері. Оның драматургия бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғағаны белгілі. Көптомдықтың бірінші томына драматургия жайлы еңбектері енген. «Трагедия», «Комедия», «Драма» аталған бөлімдерде қазақ драматургиясы алғаш сахна төріне қойылғаннан бастап, бүгінгі профессиональды биікке шыққанға дейінгі аралықтағы жай-күйі кеңінен қамтылып, ғылыми тұрғыдан сараланған. «Драма өнері» аталған бұл томды қазақ драматургиясының энциклопедиясы десе де болғандай. «Сөз өнерінің эстетикасы» аталған екінші том «Әдеби дәстүр», «Әдеби байланыс», «Әдеби шығарма», «Әдеби тұлға», «Әдеби қозғалыс» тарауларынан тұрады. Мұнда ғалымның қазақ кеңес әдебиетінің түрлі мәселелеріне арналған зерттеулері, сын мақалалары топтастырылған. Үшінші том – «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры». Рымғалидың А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов жайлы көлемді зерттеулері мен әр жылдарда жазған театр рецензиялары, Т.Нұртазин, С.Бегалин, Ш.Әбенов, Е.Ысмайылов, Б.Бодаубаев, Қ.Жұмәділов, Қ.Ыдырысов, С.Оразалинов, Ә.Марғұлан, М.Серғалиев, А.Еспенбетов, Б.Көшербаев, М.Базарбаев, Х.Тілемісов, Қ.Толыбаев, т.б. жайлы жазған портреттік эсселері, интервью, сұхбаттары осы томда орын алған. Бірінші том бөлімдерге, екінші том тарауларға бөлінсе, үшінші том желілерге жіктелген. Жеті желіден тұратын кітаптың бірінші желісі «Алаш ұранды әдебиет», екіншісі «Теңдік ұранды әдебиет» аталған. Осы томның негізгі салмағын осы екі желі көтеріп тұр деуге болады. Әдебиет әлемінің есігін өлеңмен ашқан Р.Нұрғали прозада да қаламын сынап, «Ай қанатты арғымақ» романын жазған. Қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин жайлы туындысы төртінші томның негізін құрап тұр. Сондай-ақ, бұл томға «Дән» атты ортақ тақырыппен берілген новелла-хикаяттары да кірген. «Аяқталмаған трагедия» тарауында полигонға қатысты жазылған алты әңгімесі енген. Л.Н.Толстойдың «Әзәзіл» повесінің аудармасымен оқушы осы кітаптан таныса алады. Р.Нұрғали ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы қазақ және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы бойынша лекциялар оқыды. Бесінші томдағы «Әдебиет теориясы» студенттерге арналған оқу құралы қажеттілігін өтеу мақсатымен өмірге келген. Мұнда әдебиет теориясының түрлі проблемаларына арналған шетелдік ғалымдардың еңбектері аударылып берілумен қатар, осы сала бойынша қазақ тіліндегі зерттеулер де тақырыптық жүйемен топтастырылып берілген. Сондай-ақ оның түрлі энциклопедияларға арнап жазған мақалалары да осында Алтыншы том да оқу құралы қажеттілігінен туындаған. Кітапта қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалдан» бастап, тәуелсіздіктің он жылдығына арналған республикалық бәйгеде бас жүлде алған Тұрсынхан Зәкенұлының «Көк түріктердің көз жасына» дейінгі «Қазақтың 100 романы» жинақталған. Оқу құралын жазысуға академик М.Қаратаевтан жас әдебиеттанушы Е.Тілешовке дейінгі белгілі әдебиеттанушы ғалымдар қатысқан. Соңғы жетінші том «Қазақтың 10 000 мақал-мәтелі» аталынған. Бұл томды ғалымның ұзақ жылдар бойына халық арасынан жинаған сөз маржандары құрайды. Кітапқа алғы сөз ретінде берілген «Телегей-теңіз асыл сөзде» қазақ мақал-мәтелдерінің мәніне, жиналу, зерттелу тарихына қысқаша тоқтала келіп, өзі ұсынып отырған мақал-мәтелдер жинағының өзіндік ерекшеліктерін аңғарта кетеді. Адам өмірінің түрлі жақтарын қамтитын 77 тарауға бөлініп берілген бұындары көп қолданылмай келген мақал-мәтелдердің оқырманға берер ғибраты мол. Р.Нұрғалидың ғылыми зерттеулері кезінде ғалымдар, замандастары тарапынан жоғары бағаланған. Ғалымның елу, алпыс жылдығы, ҚР Мемлекеттік силығын алған тұстарында жазылған көптеген мақалаларда оның ғалымдық, азаматтық бейнесі жарқырай көрінді. Қосымша том ретінде ұсынылған сегізінші кітапқа Р.Нұрғалидың шығармашылығы жайлы жазылған 52 автордың шығармашылық портрет, рецензия, зерттеу мақалалары мен арнау өлеңдері топтастырылған. Р.Нұрғалидың жеті томдық шығармалар жинағының әр кітабына автор тарапынан алғысөз, кіріспе, аңдату ұсынылып, соңынан ғалымның шәкірті филология ғылымдарының докторы, профессор Құныпия Алпысбаевтың түсініктері беріліп отырған. Сондай-ақ ғалым өмірінің әр кезеңдерін, сәттерін бейнелейтін фотосуреттердің беріліп отыруы да академиктің азаматтық, ғалымдық бейнесін аша түскен. Р.Нұрғалидың «Дән» (1977), «Зерно» (1981) атты очерк, новелла жинақтары жарық көрген. «Поэтика драма» (1979), «Древо обновления» (1989), «Вершины возвращенной казахской литературы» (1998), «Алашордынцы» (2005), «Эпическая драматургия» (2005) атты кітаптары орыс тілінде жарық көріп, қазақ әдебиетінің татымды табыстарын басқа ұлт өкілдеріне кеңінен таныстырды.

Р.Нұрғалидың бүкіл саналы ғұмыры жас ұрпақты тәрбиелеумен тікелей байланысты. Ол қырық жылға жуық болашақ әдебиетшілерге қазақ әдебиетінен дәріс оқып келеді. Университеттерде ұзақ жылдар ұстаздық еткен ол талай ақын-жазушыларды, сыншы-ғалымдарды тәрбиелеп шығарды. Оның жетекшілігімен, ресми сараптауымен көптеген адам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады. Ол 1985-86 жылдары әл-Фараби атындағы ұлттық университет филология факультетінің деканы, 2000 жылдан өмірінің соңына дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Осы саладағы жемісті еңбегі үшін оған «Жоғары мектептің үздік қызметкері» (1984) атағы берілген. Р.Нұрғали (Х.Әдібаев, М.Базарбаев, З.Қабдоловтармен бірге) – төрт рет қайта басылым көрген 11-класқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының да авторы.

Ғалымның құрастыруымен, алғы сөз, соңғы сөз, түсініктемелер жазып, редакциялаумен Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Аймауытовтың, Ж.Шанинның, І.Есенберлиннің (он томдық), Б.Кенжебаевтың, Ш.Әбеновтің, Қ.Бадыровтың, Т.Ысмайыловтың, Ф.Оңғарсынованың кітаптары басылып шықты. Ол Л.Толстойдың «Әзәзіл» повесін, Н.Погодиннің «Салтанат жыры» пеьсасын, Ә.Кекілбаевтің «Соңғы шақырым» пеьсасын, эстон әңгімелерін, «Әшкерелеу», «Бағзы күндер істері» фильмдерін қазақшаға аударды. «Жұмат Шанин» деректі фильмінің сценариін жазды.

Ол 1986-1987 жылдары Қазақ энциклопедиясының бас редакторы қызметін атқарды. Оның тікелей басшылығымен «Қазақ ССР. Қысқаша энциклопедиясын» (төрт томдық), «Ол кім, бұл не?» (үш томдық), «Шаңырақ», «Қарағанды. Қарағанды облысы», «Ақмола», «Алматы» энциклопедиялары жарық көрді. Сондай-ақ, «Свод памятников истории и культуры Казахстана», «Ислам», «Философиялық сөздік», «Айқап», «Ә.Бөкейханов. Таңдамалы», «Әлемде талай қызық бар», «М.Әуезов. Таңдамалы», «Боздақтар» кітаптары да осы кездерде энциклопедия баспасынан шықты. Р.Нұрғалидың ұсынысымен «Абай» энцоклопедиясы жасалды. Р.Нұрғалидың құрастыруымен, редакциясын басқаруымен «Көкейкесті әдебиеттану» (1 кітап 2001, 2 кітап 2002, 3 кітап 2003, 4 кітап 2004, 5 кітап 2005), «Әдебиет теориясы» (Хрестоматия, 2004), «Қазақтың жүз романы» (2004), «Орыс классикалық драматургиясы» (2004), Шекспир шығармаларының жинағы (2004), Б.Кенжебаев туралы «Алаш туы астында» (2004), Библиографиялық көрсеткіш (2004) жарық көрген.

Р.Нұрғали Қазан, Рига, Душанбе, Бішкек, Тбилиси, Ереван, Баку, Мәскеу, Кишинев сияқты қалаларда өткен түрлі халықаралық ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Америка, Франция, Германия, Индия, Венгрия, Иран, Түркия, Моңғолия, Қытай, Корея, Чехия, Словакия елдерінде болып, қазақ әдебиеті, мәдениеті, тарихы жайлы сөз сөйледі. Р.Нұрғали қоғамдық-мәдени жұмыстарға да белсене араласты. Ол КСРО Жазушылар одағы басқармасы сын секциясының, «Большая советская энциклопедия» баспасы ғылыми-редакциялық кеңесінің, Қазақ ССР Министрлер советі жанындағы Терминология және ономастика комиссияларының, Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті мен қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында филология бойынша мамандандырылған кеңестерінің, Қазақстан Респубилкасы мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комитетінің, «ана тілі» газеті редколлегиясының, Қазақстан ПЕН клубының, «Абай», «Қазақстан Республикасы Ғылым Министрлігі – Ғылым академиясының хабарлары. Тіл-әдебиет сериясы» журналдары редакция алқасының, ҚР Жоғары аттестациялау комиссиясы президиуымының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мелкеттік аттестациялау комиссиясы филология және өнертану сараптау комиссиясының, Қазақстан Жазушылар Одағының халықаралық Алаш сыйлығы комиссиясының төрағасы ретінде қыруар жұмыстар атқарды.

Оған «Айдын», «Телағыс», «Қазақ ревалюциялық поэзиясы» атты әдеби-сын-зерттеу трилогиясы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы (1988), Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлық (2003), Қазақстан мен Түркия бірігіп жариялаған М.Әуезовтің көркемдік әлемі», «Алаш ұранды әдебиетте Әуезов көтерген азаттық идеясы», «Дала тағдырын толғаған ұлы шығарма» еңбектері үшін бірінші дәрежелі сыйлық (1997) берілген.

Ол – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі (1989), академигі (2003), халықаралық ақ Айтматов атындағы халықаралық академиясының академигі (2003). Рымғали 1998-жылы Меккеге қажылыққа барып қайтты.

Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, Мемлекеттік және Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтардың иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалидың қазақ әдебиеттану ғылымындағы орны қомақты. Оның қаламынан шыққан құнарлы еңбектер ұлттық рухани қазынамызға үлес болып қосылып, халқымызға қызмет ете беретін болады.



Хамзин М.Х.

Қазақстан: Қарағанды



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   24




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет