Көркем сөйлеу, ауызша дискурс, әдеби норма, коммуникативтік сапа



Дата29.01.2018
өлшемі196,21 Kb.
#36006
G.N.Smagulova, Е.Sagatbek
smagulova.g@mail.ru; ernursagatbek@gmail.com

al-Farabi Kazakh national university, Almaty city


Key words: culture of speech, literary speech, conversational discourse, literary norm, communicative quality

Abstract: Literary speech is directly related to the culture of speech. Each of the several criteria of culture of speech is considered in the article. The basic term of literary language of speech is literary normalized speech and its compliance with communicative quality. As a rule, the literary speech represents literary-normalized form of speech, that the speech is superior in quality from everyday speech. In any situation, literary speech is a feature of politeness. However, it is impossible to ensure that all the speakers will build his speech in accordance with the norm. With the aim of the communicative intention of the speaker on the situation of communication and realization of its pragmatics, motivated deviation from the norm is considered as one of the features of literary speech. Literary speech represents the vitality of the language and its versatility. Language deprived of literary power, expressiveness and functioning in everyday environment is not related to the number of viable languages. Linguistic individuality is not only the carrier of the language, but also the culture. Therefore, the potential of the speaker`s imaginative and expressive speech is very important for functioning the language at present and in future of its development. The Kazakh language is a rich language with powerful literary potential proved by the example of real linguistic facts.


ӘОЖ 811 512 122’42
КӨРКЕМ СӨЙЛЕУДІҢ КРИТЕРИЙЛЕРІ
Түйін сөздер: сөз мәдениеті, көркем сөйлеу, ауызша дискурс, әдеби норма, коммуникативтік сапа.

Аннотация: Көркем сөйлеу тіл мәдениетіне қатысты. Мақалада сөйлеу мәдениетінің бірнеше критерийлері жеке-жеке қарастырылады. Көркем сөйлеудің басты тілдік алғышарты әдеби нормада сөйлеу және коммуникативтік сапаға сай болу. Көркем сөйлеу қарапайым сөйлеуден жоғары тұратын сөйлеудің әдеби нормаланған түрі болып табылады. Кез келген ситуацияда көркем сөйлеу сыпайылықтың белгісі. Алайда сөйлеушілердің бәрі бірдей норманы сақтап сөйлеуі мүмкін емес. Сөйлеушінің коммуникативтік ықпал ету мақсатында прагматикасын жүзеге асыру үшін нормадан уәжді ауытқуы да көркем сөйлеудің бір қыры болып табылады. Көркем сөйлеу – тілдің өміршеңдігінің бір көрінісі. Көркемдік қуаты кеміп, тек тұрмыстық лексикадан аспаған тілді өміршең тіл қатарына қосуға болмайды.Тілдік тұлға – тілмен бірге мәдениетті де тасымалдаушы. Ендеше көркем сөйлеушінің «бүгінмен» бірге «ертең» үшін де маңызы зор. Қазақ тілі – көркемдік қуаты күшті тіл екендігі нақты тілдік фактілермен дәлелденеді.


Г.Н.Смағұлова, Е.Сағатбек

smagulova.g@mail.ru; ernursagatbek@gmail.com

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы қ.
Сөз мәдениетін, сөйлеу мәдениетін жалпы мәдениеттен бөліп қарастырмайды. Себебі адамның сөйлеуі оның кісілік келбетін де көрсетеді. Сөз саптауы төмен адам туралы «Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен» деп сынаған. Ақпарат алмасушылар - адресант пен адресат – екі жақты қарымқатынас жасаушылардың өзара сөйлеу мәдениеті сақталуы тиіс. Алайда «сөзі түйеден түскендей» дейтін жағдаяттардан аулақ болу үшін кімге болса да, көркем сөйлеуге дағдылану оңай дүние емес.

Ғылыми пән ретінде «Сөз мәдениеті» қалыптасқан тілік нормаларды зерттеумен қатар мен әдеби тілді қорғауды да өз меншігіне алған. «Сөз мәдениеті – көпвекторлы ғылыми пән» деп ғалым Н.Уәли айтпақшы [1,4]. көркем сөйлеу сөз мәдениетінің бір тармағы ретінде қарастырылады.

Сөз мәдениеті туралы қазақ тіл білімінде М.Балақаев, Р.Г.Сыздық, Н.Уәлидің іргелі зерттеулерімен қоса, Г.Н.Смағұлова, Д.Әлкебаева З.К.Аметжанова, Қ.Есенова, және т.б.тілшілер соңғы кезде белең алап бара жатқан тіл экологиясына қатысты ғылыми ой-пікірлерін жарялап жүр. Ғалымдардың еңбектеріне назар аударсақ, ХХI ғасырдың бас кезеңіндегі тілге функционалды үдеме тән келетіні жайлы айтылған. Бұрын әдеби тілдің шеткері аясында орналасатын тілдік бірліктердің кейінгі кезде ресми салаларда қолданыла бастағаны туралы сөз болады. Кодификацияланған әдеби тілдің коммуникацияның түрлі салаларында соңғы кездері маргиналды элементтермен белсенді түрде толығуда деп, тілдік деректемен дәлелдеп келеді.

Біз қарастырып отырған сөйлеудің көркем түрі тек ауызба-ауыз сөйлеу үстіндегі, шаршы сөздегі немесе радио мен теледидардағы дискурсқа негізделеді.

Бұл ретте, ауызша дискурста «субмәдениет» өкілдерінің коммуникациядағы ерекше диалогтар мазмұнындағы тілдік бірліктер туралы айтуға болады. «Субмәдениет» ұғымының анықтамасын айқындау күрделілігі оның негізіне алынған іргелі «мәдениет» ұғымы болуымен және оның көптеген анықтамаларға негізделетін қасиетімен сипатталады. Бұл терминнің алғашқы «суб» бөлшегі жалпы мәдениетке тиісті кішігірім жүйе жайында айтылып отырғанын білдіреді. Субмәдениет жалпы мәдениеттің бір жүйесі ретінде оның мәдени кодына тірек етеді, сонымен қатар онымен үнемі диалогқа түсуге бағытталады. Бұл диалог түрлі формаларда көрініс береді: «мәдениеттің жаңаруы», оның «дамуы», «дәстүрлердің қайта орнатылуы» немесе оған «қарсы тұруы», «жойылуы» т.б.

Бұл мақалада тырнақшаға алынған формалардың қазіргі ауызша дискурстағы берілу ерекшеліктері талданады.

Көркем сөйлеушіге қойылатын талаптар тілдік және тілдік емес деп бөлсек, тілдік емес факторларға адресаттың әлеуметтік мәртебесін, жас ерекшелігін, жынысын, аялық білімін ескеру секілді талаптар қойылады. Кейде бұл талаптар шарттылық деңгейінде қалып қоюы да мүмкін. Өйткені шаршысөз сөйлеушілері ақпартты бір ғана адресатқа емес, бірнеше адамға, белгілі бір топқа бағыттайды.

Ал тілдік талаптарға келер болсақ, ғалым Н. Уәлиев «Сөз мәдениеті» пәнінің негізгі қарастыратын объектілері, біріншіден, тілдік норма болса, екіншіден, сөздің коммуникативтік сапасы: дұрыс/бұрыс, бай/жұтаң, бедерлі/бедерсіз, дәл/дәл емес т.б. екенін көрсетеді [1,33]. Біз қарастырып отырған көркем сөйлеу теориясы сөз мәдениетінің бір арнасы болғандықтан осы межеден алшақтап кетпейді.

Ары қарай көркем сөйлеудің критерийлері қалай болмақ, соған келейік.


  • Көркем сөйлеудің басты тілдік алғышарты әдеби нормада сөйлеу болып табылады.

Тілдік норманың грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық түрлерінің де өзіндік маңызы болғанымен қатар, көркем сөйлеуде басты назарда лексико-фразеологиялық норма болуы тиіс.

Сөйлеушілердің бәрі бірдей норманы сақтап сөйлеуі мүмкін емес. Ал әдеби норманы сақтамай, бірақ сөздің майын тамызып сөйлейтіндерді көркем сөйлейтіндер қатарынан шығарып тастауға болмайды.

Әдетте сөйлеушінің коммуникативтік ықпал ету мақсатында прагматикасын жүзеге асыру үшін нормадан уәжді ауытқуы да көркем сөйлеудің бір қыры болып табылады.

Қазіргі қазақ қоғамында нормадан уәжді ауытқуға да, уәжсіз ауытқуға да жатпайтын сөйлеудің бір көрінісі өзге тілдің, әсіресе орыс тілінің сөздерін орынды-орынсыз бастырмалата қолдану болып отыр. Оларға тіпі «шалақазақ» деген ат берілген. Мысалға мына бір 22-25-30 жас аралығындағы үш адамның қысқаша диалогын алайық:


  • Жұмысың туралы айт, обшем.

  • Осы аптада кореец бір ассистент келді. Новинки, воопще банк деген че такой не знает.

  • Жаңадан жұмысқа кіріп жатыр ма сонда?

  • Тура қасымда отырады ғой. Полюбому менен сұрай береді ғой...


******

  • ...Төбеге басқа нормально телевизор алу керек. Ананың качествосы нашар. Качествосы дегенде мегапикселі. Видеолар дұрыс көрінбейді ғой анадан.

  • Ол негізі бөлменің квадратына саналады ғой.

  • Иә, конечно, ана көзіңе зиянтұғын. Чем больше тем вреднее. От большого подальше садитесь.

Байқасақ, бірнеше сөйлемнен тұратын бірінші диалогта ассистент, банк, мегапиксель деген халықаралық сөздерден басқа қаншама қазақша баламасы бар сөздер орысща қолданылған. Бұндай коммуникациядан көркемдіктің «исі» де шықпайды.




  • Көркем сөйлеудің екінші шарты – коммуникативтік сапаға сай болуы.

Сөйлеушінің тілдік құралдар мен амал-тәсілдерді таңдап-талғап қолдануы да діттеген мақсатына жетуіне өз септігін тигізеді. Тыңдаушының мақұлдаулары мен эмотивті реакциясы - өзара байланыстың оңтайлы жүріп жатқанының көрінісі. Ол үшін қарапайым сөзді мәнерлі сөзбен алмастыру немесе толымды сөзбен тоқ етер түйінді айтқан дұрыс.

Рухани және мәдени құндылықтар тілдің көркемдігіне қызмет ететін құнарлы аялық білім қоры. Оларға мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер секілді өрнекті де орамды тілдік элементтерді жатқызамыз. Бүгінгі күнде тілімізде тыңнан жаңа мақал-мәтел, тұрақты тіркестер жиі туып жатқан жоқ, тудыруға қажеттілік болса да, дәл қазір қазақтың ұлттық тілі мұндай «жаңалыққа» аса зәру екенін мойындауға тиіспіз. Ендігі міндет - тым болмаса, тіліміздің бай сөздік қорындағы осындай құнарлы сөздерді кеңінен игере білужәне кейінгі ұрпаққа насихаттау қажеттігі. Мысалы:
«Ата сақалы аузына шыққан мына кісі, ана кісі, ана кісі, бәрі келе сала «Мен Адаймын, Құдаймын деп шығады... Біз қыз беріп жанымыз қалып отыр екен, ал қыз алсақ, жанымызды алғандай екенсіздер. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дейді. Біреуіңнің аузыңнан бар қазылы, қариялы сөз шыққан жоқ қой. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал иіліп сәлем береді» дейді. Біз жас болсақ та осы үйге құда болып келіп отырмыз. Ал егерде тақымдарыңа толмай тұрған жайымыз болса, онда қазір-ақ тұрып кете берейік....»
Осында ата сақалы аузына шыққан, жаны қалу, жанын алу, қазылы, қариялы сөз, тақымына толмау секілді тұрақты тіркестер мен «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан», «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал иіліп сәлем береді» деген мақал-мәтелдер сөйлеушінің өкпе-ренішін барынша ашып көрсетеді. Нәтижесінде айыптылар өз айыбын мойындап, кешірім сұрайды. Егер осы сөздер жайдақ сөз бен күңкілден аспаса, тыңдаушыларға «шыбын шаққан құрлы» әсері болмас еді.

Сөйлеуде мұндай құнарлы сөздерді қолданудың да белгілі бір шегі болады. Ситуацияға қатыссыз немесе мағыналары жуық мақал-мәтел мен фразеологизмдерді таңдап-талғамай жөнсіз қолданып, үсті-үстіне бастырмалата беру де сөз айшығын «артық емес, тыртық қылады».

«Адам тілдік таңбаларды өзара түсінісу үшін ғана емес, тыңдаушының қызығушылығын оятып, оны әрекетке итеру үшін де қолданылады. Яғни тіл бірліктері хабарды жеткізуші құралдар қызметін атқарып қана қоймай, тыңдаушыға ықпал етіп, әрекетке итеруші құралдар ретінде жұмсалады» [2, 29].

Сол секілді көркем дискурста адресантқа әсер ету мақсатында фразеологизмдер мен мақал мәтелдердің компонент құрамын өзгертіп қолданатын сәттер де кездеседі. Бұл да сөйлеушінің сөзіне өзіндік әр беріп, прагматикасы үшін қызмет етеді. Бұл тіл ғылымында сөзойнатым деген атпен аталып жүргенімен, әлі де болса зерттелу жағы кемшін болып жатқан сөйлеудегі фигураның бір түрі болып табылады.

Мысалы, «Қайтып келген қызыдың күйігі жаман, түсіп қалған қызметтің биігі жаман», «Қасқырды аяғы асырайды, полицияны таяғы асырайды». «Бірлік (единица) болмай, тірлік болмас», «Ит жоқта шошқа үреді, сеть жоқта сотка үреді», «Банк басынан шіриді» секілді жеке сөйлеушілердің тілінде көрініс табатын осындай сөзойнатымдар белгілі бір ситуацияның мәнін ашуда өзіндік қызмет атқарады. Бұндай сөзойнатымдар кейбір ортада тұрақталып қалып та жатады.

Дегенмен осындай құрамы тұрақталған тілдің дайын элементтерінің құрамын мақсатсыз бұзып немесе сөз қалдырып кетіп айтатын кездерде кездесіп жатады. «Маңдайы торсықтай ұл тапсын» деген тұрақты тіркесті «торсықтай ұл тапсын», «аттың жалы, түйенің қомында» дегенді «аттың қомында» деу де сөздің парқына жетпей, мағынасына терең үңілмеуден туындайды.

Кейде адресант ой-пікірді дәледеу, нақтылау мақсатында сөз арасында дәйексөзді де қолданады. Дәйексөз көбінесе тілдік тұлғалар мен атақты, әлеуметтік статусы жоғары тұлғалардың сөзінен алынады. Мысалы:


  • Жұрттың бәрі «заман өзгерді, заман өзгерді» дейді, мен сол сөзді тегі миға қондыра алмаймын.Заман өзгергенде не заман өзгереді? «Адам өзгерді дейді» одан не өзгерді деп ойлаймыз.

  • Абай айтады: «Заманды адам билейді, заманға жаман күйлейді» - дейді. Бұл заман деген уақыт қой, уақыт. Уақытты адам билейді... Адам өзгермей заман өзгермейді.

Сөйлеу көпқырлы құбылыс. Сол секілді сөйлеуші де дәйексөзді бірде қара сөзден, бірде өлең мәтінінен, тіпті кейде әуенді әннен де ала береді. Бұған мысал ретінде жас жігіт пен қарт кісінің көңілді диалогын алайық:




  • Қалай, құдалардың ауылына барғанда былай әңгімелесіп, шер тарқатып...

  • Енді, әрине, құдалармен шер тарқатамыз! Құдағилармен өлең айтып, жымыңдап дегендей! Жақсы көрген құдағилар болса, (әндетіп)

«Құдағи, сен шақырдың, ахоу, келдім асқа,

Не керек арамызда-ай, оу, сыйдан басқа-ай!

Сыйласу, татулыққа-ай, оу, өзім дайын,

Құдағи қолыңды бер-оу, айрылмасқа-ай, оу!» - деп қоям!

  • Өй, деген екен-ай!

Осындағы әннің сөзі ғана емес ойнақы әуені де тыңдаушының эмоциясына әсер еткені аңғарылады.

Дәйексөзге ұқсас қолданыстың бір түрі – прецедентті мәтіндер. Сөйлеуші сөйлеу үстінде белгілі прецедентті мәтінді басқа оқиғаның мәнін ашу үшін қолданады. Тек тыңдаушының прецедентті мәтін жайлы білімі болған жағдайда сөз жақсы өрбиді. Коммуникация үстінде сөйлеуші «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегенде, «маңызы жоқ басқосу», «Қобыланды келеді сайменен» дегенде, «шындыққа жанаса қоймайтын, ұзақ оқиға» туралы екенін тыңдаушы ішкі білім аясымен аңғарып отырады.


  • Көркем сөйлеу - қарапайым сөйлеуден жоғары тұратын сөйлеудің әдеби нормаланған түрі.

Бұнда қарапайым сөйлеу тіліндегідей диалектизмдер, варваризмдер мен жаргондар кездеспеуі керек. Кездескен жағдайда олар сөйлеушінің мақсатына сай уәжді ауытқу үшін қызмет етуге тиіс. Олай болмаған жағдайда қарым-қатынас нәтижелі болмайды.

Соңғы кездері «социалект» болып табылатын жаргон лексикасының белсенді қолданылуы жиі байқалады. Зерттеушілердің басым көпшілігі қазіргі ауызекі сөйлеу тілінде белсенді жүріп жатқан жаргон үдерісін стандартты қалыптасқан жұрт алдында сөйлеу ерекшеліктеріне қарсы бағытталған әсерден туындаған құбылыс ретінде түсіндіреді. Кейде жастар сленгінің өзін «тоталитарлық тілге» қарсы құрал деп таниды.

Жалпы, жаргон дегеніміз – өзіне ғана тән лексикасы және фразеологиясымен, сөз орамдарының экпрессивтілігімен және сөзжасамдық тәсілдердің ерекше қолданысымен жалпы ауызекі тілден ажыратылатын, алайда өзінің фонетикалық және грамматикалық жүйесі болмайтын тілдік құбылыс болып табылады Жаргон (ағылш. jargon; жаргон;) - әлеуметтік диалект; жалпы сөйлеу тілінен ерекше құрамымен ерекшеленіп тұратын әлеуметтік немесе кәсіби топтың сөйлеу тілі. Барлық жаргонды лексиканың 60%-ға жуығы әдеби тіл бірліктерінен шығады. Бүгінде жастар мен орта жастағылардың тілдік қолданысында жаргон сөздерді қолдануға деген үйірсектік айқын аңғарылады.

Қазақ тіліндегі жаргон сөздердің арасында орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы басқа да тілдерден енген сөздер кездеседі. Мысалы, бүгінде жастар мен орта жастағылардың сөздік қолданысынан мына секілді жаргондар көптеп ұшырасады: авторитет, жынды, базар жоқ, мандраж, қалай кетті, шатыры таю (ашылу), басы кету, картопты жару, компот (жасау), қораға кіру, сушняк, ұрмайды, упор көру, отмазка ұстау, сөзінен секіру, құлақтан тебу, құлағына лапшаны ілу, фантамастить ету, галошқа отырғызу т.б.

Жаргон әрқашанда болған тілдік құбылыс, бірақ дәл қазіргідей әдеби тілге кең түрде кіріккен емес. Жаргонизмдер, сленг сөздері қазіргі таңда белгілі бір «модаға» айналып, барлық жерде өз қолданысын тауып, әсіресе, жастар мен жасөспірімдерді сөйлеу ерекшелігіне орай біріктіреді.

Қазіргі таңда жаргон сөздерді қолдануға болмайтын жерлерде де естуге болады. Әсіресе, соңғы кездері олар бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидар бағдарламаларында да кездесіп отырады. Мәселен, белгілі «Алдараспан» әзіл-сықақ бағдарламасының жүргізушісі орындайтын әйгілі «Ойпырмай, сол қыздай!» атты әнінің кіріспесінде былай деп айтылады: «О, қарындас! Фигураңыз ат екен!» (қыздарға сұлу, сымбатты мағынасында айтылады). Яғни, жастар сленгінің кеңінен таралуы, ең алдымен БАҚ арқылы жүзеге асырылады.
Сөздің бедерін кетіріп, айшығын бұзатын қолданыстың тағы бір түрі тілдегі варваризмдер болып табылады. «Подарить ету, обещать ету, требует ету, звондау, кидать ету, брат, сестра(-уха), батя, матя, привет, пока т.б.» секілді варваризмдер көптеп кездеседі.

Сонымен қатар, ок, короче, кстати, вечно, не за что, полюбому, обшым, а так, просто, зато, значить, воопще, вечно, чо там, еще, уже, даже, лучше, и, или, ище, ладно, но деген секілді орыс сөздері жаңағы, осы, йә, жалпы, яғни «ата-анаң білме ме?» — деп сұрар болса, «мамка-батялар курста ма?» сияқты паразит сөздермен қатар қолданылып, бүгінде қазақ тілінде сөйлейтін жастардың сөзінің тұздығына айналғаны байқалады.

Функционалды стиль тармақтары бір бірімен байланыста болады. Сөйлеу стилі мен көркем әдебиет, публицистикалық стильдерге ортақ белгі – экспрессиялылық. Алайда осы белгі бәрінде бірдей дәрежеде емес. Алғашқы екі стиль түріне қарағанда публицистикалық стильде босаңдау болады. Ол бұл стильде жалаң фактіден сақтану үшін маңызды.

Дегенмен соңғы жылдары теледидар мен радионың ақпараттары еркін кеңістікке бет бұрғанның әсерінен шектен тыс босаңдықтың белгілерін де аңғарып жатамыз. Бұның басты себептерінің бірі – теле-радио өнімдерінің жеке бастың мүддесіне арналуы, «жұлдыздардың» аясын айналшақтау, тұрмыстық өреден аспау тағы сол сияқты. Сондай-ақ елімізде тележүргізушілікке кәсіби мамандардың орнын сөз саптауға қабілетсіз танымал актерлар мен әншілердің алынуы да белең алып үлгерді. Мұның соңы жалаң хабар, жалған ақпарат, өсек-аянға әкеп соғады. Көрермен мен оқырманның санасына сіңген мұндай теле-радио бағдарламалары, әсіресе, жас ұрпақтың сөйлеу тілінің көркемдік аядан алшақтауына себеп болады. Жаңа сөздердің жарыққа шығуында маңызды рөлді ақпараттандыру, әсіресе, теледидар атқарады

Мысалы, «Тергеу» деген бағдарламаны алайық.


  • Мейрамбек ағамыздан рұқсат алып, жеке де шапқым келді бәйгеде. Соны Мейрамбек ағамызға ұсыныс тастап алдынан өткен кезде Мейрамбек ағамыз өз батасын беріп, «жеке де шабуға мүмкіндігің бар» деді.

  • Шабатын ат емессіз ғой.

Р.Сыздық: «Ойды қалыпты нормадағы, нормадағы сөз қолданыстарымен ғана емес, яғни жеке тілдік бірліктердің лексикалық (номинативтік) мағынасын дұрыс қолданып қана қоймай, ол сөздердің ауыспалы мағынасын келтіріп, айтпақ ойын бейнелеп, метафоралап, астарлап білдіруге де болады» [3, 217] –дейді. Бұл арада қарапайым әнші Райым Уайыс журналистер секілді тілдік құзыреттілікті меңгермеген болса да, ойын бейнелі сөзбен білдіріп отыр. Ал оған қайтарған журналисттің жауабы ешқандай эфир талабына сай емес, тұрмыстық дәрежеде сөз бағу екені анық аңғарылып тұр.

Бұқаралық ақпарат құралдарының бірі - журналдар мен күнделікті басылым – газетттер. Өкінішке қарай, қазір жастар бұқаралық басылымдарды да аз оқиды. Тіл ұстарудың басты бұлағы көркем әдебиет пен публицистикалық дүниелер екендігін еске алмайды. «Жалпы қазақ газеттерінің тілінде ұлт тілінің ерекшелігі ретінде үстемелік басым. Үстемелік дегеніміз – мәтінде қолданылатын фразеологиялық тіркестер, метафоралы-суретті, ерекше бейнелі сөз орамдары». [4, 370]. Әлеуметтік желілерде мұндай тіл байлығын қолданып жазатындар некен саяқ.

Эфирдегі бағдарламалар ресми, ресми емес деп бөлінеді. Ресми емес бағдарламадағы сөйлеу еркіндігінде де шарттылық бар. Егер бұнда қарапайым сөйлеу тілі элементтері мақсатсыз қосылып отырса, онда бағдарлама өз мәнінен айырылып, үй арасындағы әңгіме деңгейіне түсіп қалады. Соңғы жылдары осындай жүгі жеңіл бағдарламалар көбейіп келеді. Мысалы «Қазақ радиосындағы» «Таңғы шоу» бағдарламасының "Түс жору" тақырыбынан үзінді алайық:




  • «Алмаз Кенжебеков: «Ассалаумағалейкум, Жасұлан бауырым! Жетісайдан сәлем! Алмаздан!» - дейді. Ооо, Алмаз! Алмазға барамыз деп уәде бердік та, әлі бара алмай жүрміз... Мынау бізге сыйлық. Рейн деген жігіт ше. Көліктің нелерін сататын жерде жұмыс істейтін. Аха. Барамыз. Анар саған да сыйлық берем деген. Анар бара алмайды, мен барам. Анардың орнына мен ала салайыншы.

  • Қандайсың сен?!

  • «Түсіңде сүйген қызыңды көрген тема!» Ооо, Бауыржан Заманбек жазып жатыр. Миы істей ма оның?!.. Халайық, халайық, таңғы шоуды жалғастырайық. Ой білмеймін не боп кетті, әйтеуір болды бір нәрсе! Бірге болыңыздар!

Көрсетілген екі жүргізушінің қолданысында қарапайым тілдік элементтер нормалық элементтерден де асып кеткен. Тіпті жеке өмірлері туралы ақпараттарды да қосып жіберген. Сөздерінен ешқандай көркемдік қуат байқалмайды. Соған қарамастан бағдарламаның рейтингі жоғары. Осыған қарап жастардың «жеңіл» нәрселерге үйірсектігін аңғарамыз. Сондай ақ, «...жеткізілейін деп отырған хабар, оқиғаның сол тілде, мәселен ұлт тілінде жеріне жеткізе айтылуы, оның тыңдаушы болмысына, менталдығына қалай әсер етуі керек, міне, мұның бәрі ескерілетін қажетті шарттар [4,372] екенін ескерсек, онсыз да жастардың үнемі асығып жүруіне, асығып сөйлеуіне байланысты тілдік үнемдеу принципін әдеттегі ереже ретінде басшылыққа алады.




  • Көркем сөйлеу - коммуниканттар арасындағы сыпайылық

Этикет сөзі өте астарлы. Қоғамда жүріп тұрудың, сыпайы сөйлеудің қалыптасқан ережесі осы этикет үғымына негізделеді. Әсіресе сыпайылық деген түсінікпен тығыз байланысты. Бұл ретте, коммуниканттар арасындағы сыпайы қарым-қатынастың болуы да сөз этикетінің орындалып, ымыраластық пен келісуде маңызды рөл атқарады. Бұл да көркем сөйлеушіге маңызды. Дегенмен бұл сөйлеудің басқа да түрлерінде талап етілетін этикеттік нормаға жатады.

Радио да халықтың айнасы іспеттес. Ондағы көзі ашық, көкірегі ояу, сөз қадірлейтін тыңдарман жүргізушілерден өрескелдік емес, өрелі ой, өрнекті сөз күтеді. Бүгінде жеңіл жанрларға құштар тілшілердің сөз бастауы – амандасуының өзі көңілден шыға бермейді. А. Байтұрсынов «амансыз ба?», «есенсіз бе?», «сәлемет жүрсіз бе?», «күйлі, қуатты барсыз ба?» [5, 349] деген секілді амандасудың формаларын көрсетеді. Сонымен қатар, «армысыз?», «бармысыз?», «сәлем бердік!» секілді де түрлері бар. Ал эфирге шыққан сөйлеушіге қойылатын этикеттік талаптың бірі – қандай тыңдарман хабарласса да «сәлеметсіз бе?» дей бермей, жасы, жынысы секілді ерекшеліктеріне қарай қолданғаны жөн. Сондай-ақ, сөздің жиі қайталанғаны тыңдарманды жалықтырып жібереді.


  • Сөздің әуезділігін сақтау - көркем сөйлеудің сипаты


Сөз әуезділігін сақтап сөйлеу орфоэпиялық нормаға негізделеді. Қазақ тілі – әуезді тіл. Сөйлем құрамындағы сөздің, сөз тіркестерінің дұрыс айтылуы сөз әуеніне назар аудартады. Бұл, әсіресе, көркем сөйлеудің дұрыс айтылу нормасында анық байқалады. Алайда қазақ тілінің үндестік заңын екінің бірі сөйлеу кезінде сақтамауынан тыңдаушы құлағына түрпідей естілетін мысалдар жетерлік. Бұл ретте айтушы да, тыңдаушы да мән бермейтін сөздің дұрыс айтылуын ескеру керек.

Қазақ тілінің сұлу, әуезді тілінің дискурсы көбінесе: кез-келген емес – кезгелген, бір қатар емес – бір ғатар, қазақ елі емес – қазағ елі, біркелкі емес – біргелкі болып естіліп, мағыналық бөліктердің дұрыс дыбысталып, құлаққа «майдай жағатын» әуезділігі сақталса көркем сөйлеу кезінде ойдың мазмұны да ерекше экпспрессивтілікке ие болады. Өйткені офоэпияны сақтап сөйлеу интонацияны барынша жақсартады.

Бұл ретте жай сөйлеушілермен қатар, әншілердің қазақ дыбыстарының өзара үндесуін қадағалап әндетуі тыңдаушысына ерекше әсер ететіне сөзсіз. Мысалы, «Мен сені құлай сүйгенмін» емес - «мен сені ғұлай сүйгенмін» деп естілуі (орындаушы С.Медеуов дыбыс үндестігін сақтаған) ән мәтініндегі мағыналық бөліктерінің де атқаратын қызметі бар

Көркем сөйлеу – тілдің өміршеңдігінің бір көрінісі. Көркемдік қуаты кеміп, тек тұрмыстық лексикадан аспаған тілді өміршең тіл қатарына қосуға болмайды.

Тілдік тұлға – тілмен бірге мәдениетті де тасымалдаушы. Ендеше көркем сөйлеушінің «бүгінмен» бірге «ертең» үшін де маңызы зор. Қазақ тілі – көркемдік қуаты күшті тіл. Ал осындай бай тілдің қазыналы қорын сөйлеудің көркемдігі үшін барынша пайдалана білген тілдік тұлғада тілге деген жанашырлық пен сүйіспеншілік болары сөзсіз. Өз тілін құрметтеген адам ғасырлар бойы тілімізге кодқа салынған рухани және мәдени құндылықтарды да қадір тұтады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
[1] Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация. – Алматы, 2007. – 336 б.

[2] Ерназарова З. Қазақ сөйлеу тілі синтаксистік бірліктерінің прагматикалық негіздері. Филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертация. – Алматы, 2001. – 244 б.



[3] Сыздық Р. Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі. – Аламаты: Дайк-Пресс, 2014. – 242 бет.

[4] Смағұлова Г. БАҚ тілінің ұлттың менталитетіне әсері // Мемлекеттік тіл: терминология, іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі. Қ.Жұбановтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Астана, 1999. – 459 б.

[5] Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу / Құраст. Р.Нұрғалиев. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.

REFERENCES

[1] Uali N. Qazaq soz madenietinin teorialyk negizderi. Filologia gylymdarynyn doktory gylymi darezhesin alu ushin daiyndagan dissertasia. – Almaty, 2007. – 336 b.

[2]. Ernazarova Z. Qazaq soileu tili sintaksistik birlikterinin pragmatikalyk negizderi. Filologia gylymdarynyn doktorygylymi darezhesin alu ushin daiyndagan dissertasia. – Almaty, 2001. – 244b

[3] Syzdyk R.Auyzsha qazaq adebi tili. – Almaty: Daik-Press, 2014. – 242 b.

[4] Smagulova G. BAQ tilinin ulttyn mentalytetine aseri //Memlekerrik til: termynologya, is kagazdary men bukaralik akparat kuraldarynin tili. A.Jubanovtin 100 jildigina arnalgan respublykalik gilimi-tajiribelik konferesya materyaldari. – Astana, 1999.-459.

.[5] Baitursynov A.Aqzhol: Olender men tarzhimeler, publ. Makalalar zhane adebi zertteu / Kurast. R. Nurgaliev. –Almaty: Zhalyn, 1991. – 464 b.


КРИТЕРИЙ ХУДОЖЕСТВЕННОЙ РЕЧИ

Г.Н.Смагулова, Е.Сагатбек

smagulova.g@mail.ru; ernursagatbek@gmail.com


Ключевые слова: культура речи, художественная речь, разговорный дискурс, литературная норма, коммуникативное качество
Аннотация: Художественная речь имеет непосредственное отношение к культуре речи. В статье рассматривается каждый из нескольких критериев культуры речи. Основным языковым условием художественной речи является литературная нормированная речь и ее соответствие коммуникативному качеству. Как правило, художественная речь представляет собой литературно-нормированный вид речи, превосходящий по своим качествам обыденную речь. В любой ситуации художественная речь является образцом вежливого тона. Однако невозможно добиться того, чтобы все говорящие строили свою речь в соответствии с нормой. В целях коммуникативного намерения говорящего на ситуацию общения и реализации его прагматики мотивированное отклонение от нормы рассматривается как одно из качеств художественной речи. Художественная речь репрезентирует жизнеспособность языка и его многогранность. Язык, лишенный художественной мощи и выразительности и функционирующий в обиходной среде, не относится к числу жизнеспособных языков. Языковая личность является носителем не только языка, но и культуры. Поэтому потенциал говорящего образной и выразительной речью очень важен для функционирования языка как в настоящем, так и в перспективе его развития. Авторы  на примере реальных языковых фактов доказывает, что казахский язык - это богатый язык, обладающий мощным художественным потенциалом. 
Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет