М. Р. Балтымова ілияс есенберлиннің тарихи романдары: шеберлік пен көркемдік монография


§2. Билер мен жыраулар бейнесінің сомдалуы



Pdf көрінісі
бет9/18
Дата24.11.2023
өлшемі1,2 Mb.
#193335
түріМонография
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18
Байланысты:
treatise214183
Презентация 3
§2. Билер мен жыраулар бейнесінің сомдалуы 
Қазақ әдебиетінде қазіргі кезеңде байқалатын ұнамды үрдістердің бірі 
– көне дәуір оқиғалары мен тарихи адамдар өмірінің көркемдік ақиқатын 
айтуға ұмтылу. 
Бұл Ілияс Есенберлиннің осынау ұзақ жылдар мен сандаған 
ғасырлардың тарихын бейнелей отырып, сол уақыт ішіндегі белесті 
кезеңдерді сұрыптап, белгілі ел билеушілердің, алты алашқа аты шыққан 
атақты жыраулардың, ардақты билердің, сандаған өнер адамдарының 
жарқын тұлғаларын тарихи негіздегенінен көрінеді. 
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында билер, ақын-
жыраулар бейнесі жақсы сомдалған. Ел билеген от ауызды, орақ тілді 
билердің, ел билеуші хандарға кеңес беріп отырған сөзі дуалы ақын-
жыраулар бейнесін жасауда жазушы тағы да өзіне тән хас шеберлігін 
көрсетеді. 
Бұл ретте «Билер сотының ертеден келе жатқан халықтық түрі» туралы 
айта келіп, ағартушы ғалым Ш.Уәлиханов былай дейді: «би атағын беру 
қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған 
үкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес; тек сот ғұрыптарына әбден 
жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз 
бетімен ие болып отырған. Мұндай би атағын алу үшін би болам деген қазақ 
өзінің заң ісіне жетістігі және шешендік қабілеті бар екендігін халық 
алдында сан рет көрсетуі тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ 
даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған. 
Сонымен, бұл би деген атақ келіп билік айтуға және төрелік сөз сөйлеуге 
патент сияқты нәрсеге айналған» [119, 77-104 бб.]. Ш.Уәлихановтың бұл 
пікіріне қарағанда, қазақ қауымында би атағын алу үшін екі шарт: бірінші – 
әдет-ғұрып заңын жетік білу, екінші – шешендік қабілеті болуы керек және 
олар би атану үшін қазақтың халық алдында өзінің құқық жөніндегі білімі 
мен шешендік қабілетін неше мәрте дәлелдеуге тура келеді. Би, шешендер 
даулы мәселені түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен тындырып отырған. 
Тындырғанда да хатсыз, хабарсыз, ауызша жүзеге асырып, бітіріп отырған.
Ал ұлы Абай ақын өз заманындағы қазақ билер институтының қызметі 
туралы: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан 
келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі 
жолын», Әз Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болғанда 
«Жеті жарғысын» білмек керек», – дейді [120]. 
Қазақ Совет Энциклопедиясында «би» сөзіне: «Би – әлеуметтік 
категория ретінде қазақ халқының тарихында ерте заманда шыққан үстем 
тап өкілі... Билер соты қазан революциясына дейін қылмыстық және 
азаматтық істердің көпшілігін қарайтын ресми орган болып, құн, барымта, 
қалың мал, әмеңгерлік, көп әйел алу, т.б. патриархтық кертартпа 
қалдықтарды қорғап келді», – деп түсінік беріледі [121, 322-323 бб.]. 


84 
Ал «Халық даналығы» кітабында ғалым Б.Адамбаев билер туралы: «Би 
– қауымның (рудың) басшысы, көсемі. Бірақ оның басшылығы төре тұқымы 
хан-сұлтандар сияқты билеуші тегіне немесе байлық ерекшелігіне емес, жеке 
басының қасиетіне, атап айтқанда, елдің тарихын, салт-санасын, әдет-ғұрпын 
жетік білу мен ойға жүйрік, тілге шешендігіне байланысты болған», – дейді 
[122, 85-б.]. 
Халық өзінің от ауызды, орақ тілді, қара қылды қақ жара әділ билік 
айтатын шешен билерін ханнан бетер қадірлеп, сыйлап, олардың айтқан 
кесімді, бітімді сөздерін жадында сақтап келген. «Түгел сөздің түбі бір, түп 
атасы Майқы би», «Төле би былай депті», «Қаз дауысты Қазыбек би 
айтыпты», «Әйтеке би айтқан сөз екен» деп ауыздарынан тастамайды. 
Ел аузында «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейтін 
қанатты сөз арқылы атадан балаға таралып келе жатқан Майқы би 
бабамыздың сөздері түйінді, даналы сөздің негізі, ал өзі би біткеннің
алғашқысы болса керек. 
Мұндай деректі «Алмас қылыш» романында Майқы би туралы Асан 
Қайғының аузынан естиміз. Әбілқайыр ханның ұлы Шах-Будақ сұлтанның 
асында түйе жарыс, қатын күрес – бәрі аяқталып, астың ең қызығы, талай 
жан өкінер, талай бидің намысқа шауып қабырғасы сөгілер жыраулар 
айтысы басталған-ды. Айтыс төрешісі жүзден асқан ұлы жырау Асан Қайғы. 
Ол бұл жолы желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді. Төреші 
боларында ол Әбілқайыр ханға:
– Атамыз Майқы биден бері бәйгі хан ордасын кім асыра мақтай алса 
соған беріліп келетін-ді. Бұл жолы ата жолын бұзбақпын. Егер соған көнсең 
төреші боламын, – деген. 
Бүкіл ел-жұрты ардақтаған Асан өтінішіне хан да қарсы келе алмаған.
Асан айтыс тәртібін өзінше құрған. Бас бәйге кімде кім жауға қарсы 
елдің ерлігін дұрыс айтып бере алса соған беріледі. Орта бәйгі өз руының 
жер-суын қорғаудағы істерін дұрыс суреттеп берген адамға тапсырылады. 
Ал аяқ бәйгіге Дешті Қыпшақ елінің болашағын кім дұрыс болжай алса сол 
ие... Және жеңіс тәртібі де өзгеше. Бір жырау өз руының ерлігін паш етсе, 
қарсы жырау сол рудың айтылған ерлігінің кемшілігін, қатесін дат етеді. 
Қайсысының жыры жұрт көкейіне қонар болса, сол жеңді деп саналмақ. 
Шыңғыс ұрпақтарын мадақтайтын айтысқа да осы шарт. Бұл шарт үшінші 
айтыста да қолданылмақ: бір жыраудың болжауын екінші жырау сынауы 
керек. Егер сынай алмаса жеңілген болып саналады [33].
Бұдан шығатын қорытынды Майқы – Шыңғысты хан көтерген он екі 
бидің бірі. 
Бас бәйгеге Қыпшақтың ұлы жырауы Қазтуған мен Арғынның ақиығы 
Сыпыра жыраудың ұрпағы Қотан тайшы түспек болды. Қазтуған Қыпшақ 
руының ерлігін мадақтап, байлығын мақтамақ, ал қарт Қотан Арғын руының 
атынан сөйлемекші. 
Демек шығармада суреттеліп отырған жыраулар – тарихта болған 
адамдар. Олар туралы ресми деректерден білетініміз: 


85 
Сәбитұлы Асанқайғы есімді абыз жырау – шамамен 1370 жылы Еділ 
бойында дүниеге келіп, 1470 жылдары жүзге таяу жас жасап, өмірден 
көшкен. Халидұлы Құрбанғали өзінің «Тауарих хамса» атты еңбегінде әйгілі 
Майқы биді Асанқайғының арғы атасы еді дейді. Алтын Орда ханы Ұлығ-
Мұхамедке сөзін өткізетін билердің бірі болған. Асанқайғы Әбілқайыр 
ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі. Керей, Жәнібек 
сұлтандар бастаған рулардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын 
қолдаушылардың бірі Асанқайғы болды. Ел аузындағы қария сөздің 
айтуында, Асанқайғы Ордадан бөлінген қазақ руларын Шу, Сарысу бойына, 
Ұлытау төңірегіне қоныстандыруға атсалысқан. Асанқайғы Сарыарқада 
дүние салып, Ұлытаудың топырағы бұйырған. Ал, Ш.Уәлихановтың 
жазуында Асан-ата өмірінің соңғы жылдарын Жетісуда өткізіп, Ыстықкөлдің 
жағасында дүние салған. Асанқайғы ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен 
бірге дәулескер күйші де болған. Оның «Ел айрылған», «Асанқайғы», 
«Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты күйлері бізге жеткен. 
Қодан тайшы (ХІІІ-ХІҮ ғғ.) – тарихта болған адам. Шәкәрім «Түрік, 
қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабында: «біздің қазақта мақал 
болып жүрген «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным» деген сөз 
Дайыр Қожаның сүйегін айналып жүріп, жылаған әкесі Қодан тайшы деген 
кісінің сөзі, аты Қодан еді, тайшы дегені өлеңші, ақын дегені. Біздің 
қазақтың арғы аталы Қотан ақын дейтұғыны осы», – деп жазса [123, 22-23 
бб.], Қодан тайшының күйшілігі туралы «Қазақ күйлерінің тарихы» 
кітабында: «Ноғайлы-қазақ тұсында дүниеге келген күйлер сол кездегі ру-
тайпалардың салт-санасымен біте қайнасып дамыды. Домбыра күйлері 
адамның мінез-құлық иірімдеріне орай оны нақты суреттейтін дәрежеге 
көтерілді. Мұндай күйлер тобына ақжелең күйлері жатады. Солардың ішінде 
Қоданның «Ақжелең» атты күйін ерекше бөліп айтамыз. Тарихи тұрғыдан 
алып қарағанда бұл күйдің мазмұны да, оны шығарған автордың өмір сүрген 
заманы да тыңдаушыға көп нәрсені аңғартады», – деп Қодан тайшының тағы 
бір өнерін паш етеді [124, 35-б.]. 
Сүйінішұлы Қазтуған (ХҮ ғ.) – өз заманының әрі батыры, әрі ақыны, 
әрі күйші, әрі биі, әрі шешені болған. Қазақ әдебиеті төлбасыларының бірі – 
Қазтуған жырау Сүйінішұлы шамамен ХҮ ғасырдың 20-30 жылдарында Еділ 
бойында қазіргі Астрахань облысының Красный Яр қаласының маңында 
туады. Көшпенді шонжарлар әулетінен шыққан. Қазтуған Еділдің салалары 
Ақтұба, Бозан бойы жайлаған түркі тайпаларының рубасы көсемі, әскербасы 
батыры болған. ХҮ ғасырдың екінші жартысында өз қарауындағы рулармен 
бірге Еділден ауып, Қазақ Ортасының құрамына өткен [125, 27-б.]. Алтын 
Орданың шаңырағы құлап, Евразияның ұлы даласын көктей көшкен 
көшпелілер басынан бақыт құсы ұшқан кезде сұңқылдап тұрып жоқтау 
айтқан әйгілі тұлғаларымыздың бірі Сүйінішұлы Қазтуған жырау болған 
[126, 159-б.]. Орта ғасырлық тұлғалар сияқты Қазтуған да әрі батыр, әрі 
ақын, әрі күйші, әрі би, әрі шешен – сегіз қырлы, бір сырлы болған.


86 
«Алмас қылыш» романында ел билеу ісіне араласқан Ақжол би, Ноғай 
би, Құба би, Темір би, Арғын би, Қасқалдақ би, т.б. суреттеледі. Бұл жерде 
зерттеуші С.Қ.Мұхтарованың пікірінше тарихи роман жазушылар, соның 
ішінде Ілияс Есенберлин де: «...өз туындыларында ұлттық болмыстан бөліп 
алып қарауға болмайтын қазақтың би-шешендерін бейнелеу арқылы Уақыт 
пен Кеңістік сияқты тарихи-философиялық категорияларға жүгінеді. Қазақ 
би-шешенінің көркем туындыда сомдалуының дәстүр мен жаңашылдық 
сияқты философиялық ұғымдар аясында қарастырылуының әр кезеңдегі, әр 
уақыттағы әр түрлі стильдік даралығымен ерекшеленуі төл әдебиетімізге 
қомақты үлес қосты», – деп келтіреді [127, 25-26 бб.]. 
Әбілқайырдың қол астында Арғын, Қыпшақ руларының белді 
адамдарының ішінде Ақжол бидің (бұл ел қойған аты, шын аты Дайырқожа) 
артында тұрған қалың Арғын елі бар. Ал Майсара Қобыланды батырдың 
соңынан ерген Қызылбас елін шауып, қисса жырына айналған арғы бабасы 
Қара Қыпшақ Қобыландыдан қалған жаужүрек бықыған айбарлы Қыпшақ 
жұрты тұр.
Арғын руы Ақжол биді ерекше құрметтейді, қадірлейді. Тіпті, 
Әбілқайырдың өзі де: «Түбірімен жұлынған шөп қана қайта өспейді. Құр 
үстін шабудың қажеті жоқ: Өзбек Ордасы Ақ Ордаға айналмасын десең, 
Жәнібек пен Керейді түп-тамырымен құрту шарт, бірақ Арғындармен ымдас 
руларға сөзін өткізе алатын Дайырқожа – Ақжол би тұрғанда ол мақсатқа 
жету қиын. Ақжол би Жәнібек пен Керей үшін отқа күйіп, суға батуға бар. 
Ия, ең алдымен, Ақжол бидің өзін...» деп Ақжол биден сескеніп, оны 
құртудың амалын іздестіреді. Сондықтан да Әбілқайыр Ақжол мен 
Қобыланды арасын астыртын шоқ тастап шиеленістіре түскен. Ақыры бұл 
оқиға Қобыландының Ақжол биді өлтіруімен аяқталады. 
Әбілқайыр Тарланкөкке мініп, қалың нөкерлері мен «хан қорғаны» 
жауынгерлерін ертіп, қазақтың көне дәстүрін сақтап, Ақжол ауылына көңіл 
айтуға аттанды. Орда-Базарды қоршай қонған қазақ ауылдарын аралай, 
Қаракеңгірдің етек жағына қаза болған Ақжол биге арнап тіккен үйлерге 
беттеп келе жатты. Хан атының басын тежей тартып, әлсін-әлсін өзен, көл 
бойларын жағалай жайлаған қалың елге қарап қояды. Қараған сайын сұрлана 
түседі. Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ ауылдарының 
маңайында өреде ерттеулі ат, белдікте шошайған найза, сойыл. Әбілқайыр 
қазақ руларының түрін көріп сескенейін деді. Қобыландыға Ақжолды өлтір 
деп бекер ақыл бердім де, қалай деп ойлады ол бір мезет. 
Құран оқылып біткеннен кейін, Әбілқайыр талғамды сөзбен көңіл 
айтты. Хан сөзі бітісімен, Қыпшақтың сүбе биінің бірі, топ жарған шешен 
Құба би: 
– Қара бетпін, ағайын – деді. – Ашу үстінде аяулы ұлыңды өлтіріп, 
елге қарар емес, жерге қарар жайым бар. Кессең бас, алсаң жан мінекей, 
құнын беруге дайынмын, - деді. 


87 
Міне осы сөздерден-ақ Ақжол бидің елге сыйлы, от ауызды, орақ тілді,
хандар мен патшаларға, олардың жандайшаптарына қарсы шыққанда 
халықтың сөзін сөйлеп, сойылын қаққан би екенін білеміз.
Батырларды бастап келген Арғын би Қобыландыға: 
– Көрмесең көресің! – деді Арғын би даусын көтермей, – байқа, батыр, 
сен Арғын ұлы Ақжолды өлтірдім деп тым саңғи берме. Ат қазығынан 
кетпейді, саған да өз үйіріңнен кетпе дейміз. Кетеді екенсің, өз обалың өзіңе! 
Біз көппіз, бүкіл қазақ жиналып, Көк Ордаға әлі жетпесе де, 
Қобыландыға әлі жетеді. Мұны да жадыңа ал. Бұларың не, қорқытпақсыңдар 
ма дейсің. Қорқыту жалғыз сенің ғана қолыңнан келеді деп ойлайсың ба? 
Жоқ, батырым, сен туған анадан біз де туғанбыз. Сен басып жүрген жерді біз 
де басып жүрміз. Ақжолға сен сілтеген шоқпарды, Қыпшақтан шыққан 
Қобыланды, саған біз де сілтей аламыз. Бұны да жадыңа тұт. Бұрын Жәнібек 
пен Керей ғана Ақжолдың құнын жоқтаса, енді бүкіл қазақ жоқтап жүрмесін. 
Егер бар қазақ Ақжолдың құнын жоқтаса, өзің түгіл бүкіл Көк Орданың мал-
мүлкі жетпес. Бұны да ұмытпа. Қорытып айтарымыз, – Арғын би сәл 
саябырлады, – айыптысың, бізге ер демейміз. Ал ел бірлігін ойласаң, ертең 
біз көшкен күні, сонау Торғайдағы ата мекен қонысыңа сен де көшесің. 
Басымыз жаңа бірігіп келе жатқанда, сөкет үлгі көрсетпе өзге елге. Алда-
жалда осы айтқанымызды орындамасаң, кінә тақпа. Бар қазақтан бес мың 
сойыл табылар. Онда жауымыз Әбілқайыр емес, өзің боласың», – деді [33]. 
Әбілқайырды екі жағдай ойландырды. Бірі – Қара Қыпшақ Қобыланды 
Ақжол биді өлтірсе де, оның қадірін құрта алмауы еді. Бұл жазықсыз ажал. 
Ақжол бидің атын тірідегісінен де ұлғайта түскендей. Кейде тарих адам 
атымен осылай ойнайды. Тірісінде жоқ даңқты өлгеннен кейін береді. Ақжол 
би де осындай даңққа ие бола бастаған-ды. Қара Қыпшақ Қобыланды бидің 
басын алғанмен, оның ұрпақтарға кететін даңқын жоя алмаған. Әбілқайыр 
хан бұны анық түсінді. Екіншісі – осы Ақжол бидің өлімі өзі ойлағандай 
Жәнібек пен Керейді құртатын жол болмай шықты. Хан өз қатесін өзі 
мойындады, бұл өлімнің аяғы үлкен насырға, ел бүлінер дау-жанжалға 
шабатынына шек келтірмеді. Хан мұны есіне ұстауға тиісті екенін мықтап 
түйді. 
Сонымен қатар «Алмас қылыш» романында Тіленші ұлы Шалкиіз 
жыраудың: 
Алп-алп басқан, алп басқан, 
Арабы торым өзіңсің. 
Жазылы, алтын, қол кескен 
Алдаспаным өзіңсің! 
Сен алтынсың – мен пұлмын, 
Сен сұлтансың – мен құлмын, – деп мадақтаған Темір би де кездеседі. 
Темір би Еділ-Жайықты бауыр басып алған, алшын руларының көбі 
бағынған, Астраханьды билеген Қасым сұлтанның өз қолы Әмір-әл-умра 
яғни әскери басы болған би. Жәнібек секілді адуынды ханға біржолата 
мойын ұсынса, Алшын жерінде өз үстемдігінің төмендеп кететінін ол бірден 


88 
ұққан. Көп қаздың арасында мәз болғанша, көп қарғаның арасында қаз 
болған дұрыс деп тауып, Кіші жүз болып қалыптасып келе жатқан 
Алшынның өркөкірек руларын жеке билегісі келеді. Астраханьды өзіне 
қаратып тұрған Қасым сұлтан Еділ-Жайыққа шын әмірші емес, шын әмірші 
қазақтан шыққан, Едіге батырдың шөбересі, Ноғайлы хандығы кезінен би 
дәрежесінде келе жатқан шынжыр балақ, шұбар төс Темір. 
Би – рудың билеушісі, әкімі ғана емес, сонымен қатар өз ортасының, 
уақытының беделді, белді азаматы, ақылшысы.
Халқымыздың тарихына көз жіберсек, халықпен бірге жасап келе 
жатқан жер дауы, жесір дауынан бастап тіршіліктегі дау-дамай атаулының 
бәрін билер шешкен. Небір қиын мәселелерді байыппен қарап, ақылға салып, 
әділ шешімін, тура үкімін айтқан аузы дуалы қадірменді адамды би атаған.
Қазақтың әдеби және ғылыми жұртшылығының басым көпшілігі Ілияс 
Есенберлин 
мұрасы 
халқымыз 
үшін 
бағасы 
кемімес 
ұлттық 
құндылықтарымыздың бірі болып қала беретініне кәміл сенеді. Өзінің 
тәуелсіз мемлекеттігінің іргесін көтеріп жатқан бүгінгі және келешек 
қауымға еліміздің өткен кезеңдерде бастан кешірген оқиғаларын, ел бастаған 
көсемдерін, қол бастаған батырларын, сөз бастаған дана билерін, ақын-
жырау, шешендерін білу аса қажет. Халықтың намысы мен жігерін 
қайрайтын, елдік мұраттар не екенін ұғындыратын шығармалардың қадіріне 
жетіп, оларды лайықты түрде насихаттау, бастауыш, орта мектеп және 
университет оқулықтарына енгізіп, жүйелі оқыту, үйрету парыз. Осы қатарда 
суреткерлік ерліктің үлгісін көрсеткен халқының қалаулы жазушысы, «кім 
қаһарман» десе ауыз толтырып айтуға жарайтын асыл перзенті Ілияс 
Есенберлиннің есімі тұратыны хақ. Жас қауымды отаншылдыққа, ерлікке, 
намысшылдыққа баулитын жазушы шығармаларына ең үлкен атақты 
халықтың өзі беріп қойғанын түсінуіміз қажет.
Сөздің мағыналы құдірет күші сонда, оның алдында ешбір тегеурінді 
күш төтеп тұра алмаған. Ол «тас жарған, тас жармаса бас жарған». «Кестім, 
пішілді, айттым, бітті» дейтін хандарды да қаһарынан қайтарған. Жыланды 
іннен шығарған жылы сөз қайғыға ұшыраған адамды да, жылаған сәбиді де 
жұбатқан. Ауруға жылы сөз айтсаң, денсаулығы едәуір жақсарған. Сөз 
арқылы төкпе ақындар зордың төріне шыққан, берместің асын ішіп, атын 
мінген. Жүректен шыққан сөз жүректі жібіткен. Сөз арқылы ел бастаған 
көсемдер жұртты соңынан ерткен, билік айтқан шешендер дау-дамайды 
шешкен. Малды құлақтан ұстап тұқыртса, адамды сөзден ұстап, сөзбен 
жүйеге жыққан. Қалың бұқараның үстемге деген ашу-ыза, кегі де сөзге 
айналып сыртқа тепкен. Езілген ел оғы жоқта жауын сөзбен жарақаттаған. 
Халық «оқ жарасы жазылар, сөз жарасы жазылмас» деп білген, теңдікке 
жеткен халықтың шат-шадыман, қуанышы да сол сөз арқылы көрініс 
тапқан. 
Демек, сөз – ой көрінісі. Кез келген ой-пікірді ауыздан шығарып, 
тиісті объектісіне жеткізу үшін сөз керек. Сөзсіз ой – қанатсыз құс. 
Сондықтан да бұрынғы ата-баба, кейінгі көп ұрпақ сөз туралы сан қилы 


89 
ойлар қалдырған. Оның төңірегінде пікір айтып, толғанбаған адам кемде 
кем. Сөз – қашанда құдіретті. Қазақ халқы қашанда бір ауыз киелі сөз 
айтылса, өне бойы шымырлап ұйып қалған. Қазақ би, шешендері аузынан 
жаугершілік заманда әрқашан дуалы сөз шыққан. Сол сөз бүкіл қазақ 
даласын жаудан аман алып қалған. Айбарлы да, қаһарлы хан сұлтандар 
әрқашан сөзге тоқтап отырған. 
Осы жерде академик З.Қабдолдың жазушы шеберлігі жөніндегі: «Шын 
мәніндегі өнер ұсталары қашан да болсын өзі өнер туындысына айналдырып 
отырған өмір шындығын бетінен қарпымайды, тереңнен қамтиды; жалаң 
алмайды, ішкі қыртыстарымен қоса, қопара көрсетеді; қолдан бояп, 
жасандылыққа апармайды, өз түр-түсімен табиғи қалпында кескіндейді», – 
деген пікірі Ілияс Есенберлиннің шығармашылық құдіретіне тән [128, 79-б.]. 
Біздің зерттеу нысанамызға сәйкес романда аузы дуалы, сөзуар, сөздері 
мірдің оғындай өткір қазақтың би-шешендер бейнесі бір шоғыр. Романда 
Бұқар жырау бастаған Абылайлап жауға шапқан асыл ерлердің, үш жүздің 
берекесі, бас қосар ұйытқысы болған Қазыбек, Төле, Әйтеке сияқты ұлы 
билердің тарихи негіздері бар. 
Тарихтан білетініміздей, Түркістанды астана етіп, үлкен Орда ханы 
боп Есімнің немересі Жәңгірден туған Тәуке отырған. Тәуке Россиямен 
қарым-қатынасты жақсартсақ, талай жауға төтеп береміз деп ойлайды. 
Романда да Тәукенің осы ойы анық беріледі. Қаһары қатты Тәуке әрқашан 
би-шешендерді қасынан тастамаған. Тәуке қарым-қатынасымызды жөндейік 
деп, орыс патшасының қарамағындағы Уфа қаласына Тайқымұрын биді бас 
етіп елшілерін аттандырады. Бұл арада Тайқымұрынды бас етіп жіберудегі 
мақсаты – би өзінің сөзуарлығы мен көрегенділігімен, тілінен бал 
тамызатын шеберлігімен қалай да бітімге келтіреді деп ойлаған. 
Тарихи деректерде Тәуке өзінің «Жеті жарғы» деген атақты 
ережесімен белгілі. Әрине ол ережені бір өзі емес, қазақтың алғыр билерінің, 
алаш азаматтарының бас қосқан жиынында дүниеге әкелді. Қазақ 
тарихында, тіпті әдебиетінде, қазақ билері деп ауызға алсақ, алдымен үш 
есімді ардақтайтынымыз ақиқат. Олар – Үйсін Төле би, Қаз дауысты 
Қазыбек, Әйтеке би. Трилогияда осы билер бейнесі көрініс табады. «Сол 
кездегі қазақтың алғыр билері – Қаракесек руынан шыққан, отыздардан жаңа 
асқан қаз дауысты Қазыбек, үйсін Төле билер Әз Тәукенің ордасына жиі 
келіп, ханның ел билеу ісіне арналған атақты ережесі «Жеті жарғысының»
жазылуына көмектесті.
Қанша жыл елдің азаттығы мен бостандығы үшін жоңғармен 
арпалысқан Тәуке 1715 жылы дүние салады. Сонда орнына үлкен талас-
тартыспен ақыры қазақ билерінің қолдауымен Қайып отырады. Бұл арада 
«басты билер» деп отырғанымыз да – үш жүздің берекесі болған үш биіміз. 
Үш жүзге бас болған Абылай да, кезінде Әбілмансұр деген атпен 
белгілі болып Төле бидің түйесін баққандығы трилогияда келтірілген. 
«Қазір шұбат ішіп әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп отырған кездері 
Әбілмансұр Төле бидің түйешісі екенінен бөтен тіс жарып сыр ашпады. 


90 
Бірақ қырағы жырау, туысы бөлек бұл бала жігіттің тіпті де қарапайым 
түйеші емес екенін іштей сезіп отыр». Төленің түйесін баққан Абылайдың 
үлкен дәрежеге көтерілуі бидің ықпалы болса керек. Төле би үлкен 
жиындарға қатыстырып, ел басқару ісіне араластырып жүрді. Демек бидің де 
Абылай өмірінде рөлі ерекше. 
Романда жазушы Ресей қол астына Әбілқайыр хан бастап хан-
сұлтандардың, билердің қолдауымен алдымен Кіші жүз халқы кіргені 
туралы айта келіп: «Россия патшасы Кіші жүзді өз қол астына алғанын естіп, 
Ұлы жүздің атынан Қодар би, Төле би, Сатай батыр, Бұлақ батыр қол қойған, 
«бізді де қол астыңызға алыңыз» деп Анна Иоанновнаға жазылған өтінішті 
Петербургқа Қангелді батыр алып келген. Сөйтіп, қазақ елі мен Россия 
жұртшылығының арасындағы жаңа дәуір басталады». Мына абзацтан көріп 
отырғанымыздай шешуші сәтте де өтініштер алдымен қазақ халқының 
қамын ойлаған би, батырлардың қолы қойылып барып жөнелтілу керек. 
Есіл ерлерінің жау қолында қаза тапқаны қазақ халқының қабырғасына 
қатты батқан. Дейтұрғанмен мұндай жаугершілік заманда небір есіл ерлер 
жер құшағын елінің азаттығы үшін құшпады дейсің. Халық ерінің артында 
ұрпағы қалса соған «Тәубе!» деді. Мұндай күйді қара халық емес, тіпті аты 
алты алашқа аян хандар, сұлтандар, батырлар да басынан кешірді. Олар
өздерінің туған бауырларынан не бауыр еті баласынан айрылса азалы күй 
кешеді. Тіпті басынан небір қиын қыстау замандарды өткізген тас жүрек 
қаһарлы хандар да жақынынан айрылса, оны көтере алмай төсектен басын 
көтермей жатып алады. Ханның төсектен басын көтеріп, мұндай күйден 
арылуына не әсер етер екен. Әрине сөз. Сөз болғанда, келешегіңе сенім 
арттыратын, жүрегіңе шапағат жылуын шашатын, жаныңа мейірім 
сыйлайтын жылы сөз еріксіз бас көтертеді. Мұндай жағдай «Жанталаста» 
жақсы көрініс берген. 
«Ойын-той былай қалды. Абылай «аһ» ұрып, төсектен басын көтермей 
жатып алды. Жанай өліміне Олжабай жазықтыдай, осы сапарда баласымен 
бірге болған батырға сұлтан тіл қатпай қойды. Абылайға көңіл айтып, сонау 
Арқадан қаз дауысты Қазыбек би, Ұлы жүзден, Төле би, Кіші жүзден Бала би 
келді. Бұл үш бидің келуі Абылайдың үш жүздің елі өзіне көсем ете 
бастағанының белгісі еді. 
Сонда қаз дауысты Қазыбек:
– Уа, Абылай, Үш жүзің аққан өзен еді, солардың табысқан жеріндегі 
сен бір бәйтерек едің. Бәйтеректі дауыл ұрмас па, жапырағы оның түспес пе, 
бұтағы оның сынбас па? Құдай ма едің тетігін ұстаған бұл жалғанның, 
бұның не, бір балам өлді деп жатып алғаның? – деді. 
– Жөн айтасың! – деп Абылай басын көтерді» [33, 235-б.]. 
Осы құдіретті бір ауыз сөз ұлы Абылайды орнынан қозғады. Оны 
бәйтерекке теңеп, яғни өмірде бәрі өткінші, дауыл соқса, бәйтеректің 
жапырағы, бұтағы да сынады. Ал қатты бір дүлей дауылда бәйтеректің өзі 
де құлайтынын Қазыбек би ескерткен сыңайлы. Қазаққа сөз керек, сөзді 
айтатын би керек. 


91 
Адам қашанда өзінің халқына, дархан даласына ұқсайды демекші, 
қазақ халқы кең халық, өзінің бойына біткен дархандығымен, дұшпаны 
сұрқиялықпен қол жая көмек сұраса өзінің кеңдігімен ерекше ғой. Осыны 
ескерген жазушы романда Қазыбек би бейнесін аша түседі, халық құрметіне 
ие болған Қарасақал да ең алдымен Кіші жүз арасында, кейін Қарқаралы 
маңындағы Қаз дауысты Қазыбек биді сағалап жүрді. Қарасақал бір жағынан 
орыс патшалығын алдамақ болса, екінші жағынан қазақ елінің жоңғар 
мемлекетіне өштігін пайдаланып, өзін Сыбан Раптан өлгеннен кейін 
қонтайшылыққа таласып, Қалден Цереннің қолынан қаза тапқан Шұна 
Дабомын деп лақап таратты. Алдымен Қазыбек, артыннан Қаракерей 
Қабанбай Қарасақалға сый құрмет көрсетіп, өзіне жеке ұлыс билетіп 
қолдарында ұстады. 
Автор бұл эпизодта қазақ халқының мейрімділігін, дархан даралығын, 
қонақжайлылығын, бір сөзбен айтқанда қазақ жұртының қанына сіңген 
қасиетін ерекшелендірген. 
Романның он бойында ерекше көрінетін бидің бірі қаз дауысты 
Қазыбек бидің баласы Бекболат би. Ол өзінің шешендігімен, ашуды ақылға 
жеңдірер сабырлығымен көзге түседі. Абылай бір жәрмеңкеде Қаракесектің 
бір жігіті Ботақанды «маған тіл тигізді» деп ұстап әкеліп, тірідей зынданға 
қамайды, оған шыдамаған Ботақан өзіне-өзі қол жұмсап өлтіреді. 
Абылайдың басқа да астамшылық, қиянаттарын көріп әзер шыдап жүрген 
Бекболаттың бұл жағдай тіпті ашу-ызасын тудырады. 
– Арғынның бес мейрамының бес мың әскері келе жатыр, – деді жігіт 
ентіге, – Ботақанның құны үшін Абылайдың басын аламыз дейді. 
– Бастап келе жатқан кім? 
– Қаз дауысты Қазыбектің баласы Бекболат би. 
– Ұлы бидің өзі қайда? 
– Көктемнен бері сырқат деген. Арғынның елірген тентектерін баласы 
Бекболат ертіп келеді. 
– Өздері қай тұста? 
– Сәске көтеріле жетіп қалар. Әйтеуір түстері суық, біреудің қанын 
ішпей тоқтар емес [33, 240-б.]. 
Бұл эпизодтан біз Бекболат бидің қатты ашу ызаға булығып келе 
жатқанын аңғарамыз. Бұл кезеңде Қазыбек би сексенді алқымдап қалған 
кезі-ау шамасы, хан оны құрметтейтіні көрініп тұр. «Ұлы би» деп атауының 
өзінде де бір мән бар. Одан әрі Бекболат ордаға жеткеннен немере ағасы 
Қапан Абылайға мылтығын кезеп атпақшы болады. Сонда Бекболат би: 
– Алдыңа келсе әкеңнің құнын кеш деген. Тоқтат! – дейді. Сол шақта 
бір бозбала жігіт оның алдына кеп, үкілі домбырасын қағып-қағып: 
«Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, 
Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің, 
Сұлтаным, қарашыңмен даулы болып, 
Үстіне ақ орданың қол келтірдің. 
Абылай, күйіп кетті салған қалаң 


92 
Мейрамға не еді сенің жапқан жалаң? 
Жанайды бүгінгі күн босатпасаң, 
Болады ертең жесір қатың-балаң!». 
Бұл жігіт – Арғынның ішіндегі Сүйіндік руынан шыққан Көтеш ақын 
еді. Бұдан кейін билер дауы басталып, Абылай өзін кінәлі санап, Бекболат 
бидің шешендігіне, ақылдылығына, өлімге қимаған жақсылығың үшін деп 
құндыз жағалы күзен ішік пен жорға мінгізеді. Бұл арада бір жігіт үшін 
бүкіл қазақ халқына бас болған Абылайды қалайша өлімге қиямыз деген
Бекболат бидің парасаттылығын аңғарамыз. 
Сонымен қатар романда Ноғайлының қазық биі Қойсары би мен 
Хақназар ордасының төбе биі – Ақсопа бидің бейнесі кездеседі. Ақ орданың 
ханы Хақназардың тұсында өмір сүрген екі би де романда ханмен кездесу 
үстінде көрінеді. Хақназар әкесі Қасымның зиратына барып құран оқып,
басына күмбезді мазар салу мақсатымен Ноғайлы еліне келеді. Бұл елдің би 
шешендер, жырау ақсақалдары зор құрметпен қарсы алады. Сонда 
Ноғайлының түп биі болған Қойсары би толғауын бастайды. 
– Ойлай берсең – ой да көп, уайым да көп. Ойнай берсең – ой да жоқ, 
уайым да жоқ! – деп бастады сөзін, – бір жайлауда іргелес, бір керуенде 
тіркелес ел едік, екі сан қол ертіп Ноғайлыға келуіңде, Хақназар хан гәп 
болар. Әйткенмен сөздің басын сұрақтан бастайын. Кәрі құлақ еміс сөзге де 
емексиді, әкең Қасымханның зиратына құран оқып, мазар салғалы келген 
сыңайың бар секілді... Қасым хан саған әке болса, Ноғайлыға хан еді, 
мазарының басындағы алтын айына дақ түсірмей отырғанымызды кеше 
көзің көрді, – деп Қойсары би ханға әскермен келуінің төркіні басқа-ау деген 
тұспалды бір аңғартып өтті де, –иә, Қасым алдияр жігіттің сырттаны еді, 
маңдайымызға сыймады, қара жер оны да алды, – деп аз бөгеліп отырып, ар 
жағын тақпақтап кетті...
Қара жер жалғыз Қасымда алды ма?
Өлмесе қайда кетті бұрынғының кәрісі,
Жердің жүзін жұтса да бір тоймайды, қара жердің талысы,
Өлім деген – ұзақ жолдың алысы. 
Қойсары би тағы да тоқтап, кенет басын көтеріп алды: 
– Иә, өткеннің өкінішін айтып өзегіңді өртегенмен, алғанын құдай 
қайтарып бермес, бар үміт – алдағы заманда.. Алдағы күйді болжап, жол 
шеккендей түрлерің бар, сапарың оң болсын, ағайын! [33, 320-б.]. 
Үзіндіден аңғарғанымыздай Қойсары би Қасымның көзін көріп, ерлігі 
мен ел бастар ақылына тәнті болғанын бір-екі сөзбен аңғартып өтті де, 
Хақназардың ойына алған ісіне ақ жол тіледі. Бұл да болса хан өмірінде 
және оның игі істеріне билердің дуалы сөздері бастама болатынын жазушы 
аңғарта түседі. 
Осы жерде М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Ілияс 
Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында ұқсас айтылған ойлардан екі 
шығармадағы үндестікті аңғаруға болады. «Абай жолы» роман-эпопеясында
Тобықты еліне Біржан салдың Көкшетаудан қонаққа келгенінде Абайдың 


93 
Әйгерімінің отауында қонақ болып, ән шырқап ауылды ән-күйге толтырады. 
Сонда Абайдың анасы Ұлжан ұлының әкесі сапарға кетіп, хабар-ошар 
жоқтығына, Абайдың бәбішесі Ділдәнің анасы ауылға келіп жатқанына 
қарамай тек Біржан салға көңіл аударып, енесіне амандаспағанына 
ренжігенде былай дейді:
– Абайжан, – деп ақырын ғана сөз бастап, Ұлжан баласының бетіне 
жүз бұрды да, – ой да көп, уайым да көп ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да 
жоқ ойнай берсең! – деп еді [129, 335-б.]. Екі жазушының шығармасындағы 
бұл оралымды ойдың қайталануына қарап, шығармадағы сабақтастықты 
аңғаруға болады. 
Сондай-ақ «Жанталас» романында Қоқан әміршілерінің қос биі Ерден
мен Нұрбота сөз болады. Қос бидің негізгі ойы Сырдария бойын басып алу. 
Бұл ойларына бөгет тек Абылай. Ал Абылай осы кезеңдерде қазақ
даласының саяси және әскери билігін өз қолында ұстап отыр. Егер ол өлсе, 
үш жүз тағы бытырап қазақ халқы быт-шыты шығады. Халық деген не? 
Олардың ойынша басқаратын кемеңгері болмаса құр топыр. Сондықтан олар 
Абылайдың көзін жоюға тырысты. Сол мақсатпен хан ордасына сұрқия
Мүлікті жібереді. Дегенмен Мүлік ол ойын іске асыра алмайды. Романда
Ерден мен Нұрбота билер жаман ниетімен, сұрқия саясатымен көрінеді. 
Жазушы қос бидің ойына алған әрекетін әрі қарай өрбіте береді. 
Біздің ойымызша, романдағы түрлі оқиғалардың басында, жиын, 
кеңестерде, екі ел арасында бітімшілік жасау мақсатында немесе астыртын 
саясаттың басында билер бейнесі жақсы көрініс табады. Жазушы басқа да 
билерді келтіреді. Абылайдың қамқорлары болған: Толыбай би, Қарауылдың 
шешені Қожай би, Одаршы би, одан әрі Абдолла қарамағындағы Келдеше 
би, Жандаулет би, Тұрсын би, Бике би, Баба-сұлтан жанындағы Дүстем 
билерді іс-әрекет үстінде бейнелерін аша түседі. 
Сонымен, Ілияс Есенберлин бес жүз жылдық қазақ тарихындағы 
белесті кезеңдерді сұрыптап, еліне еңбек сіңірген белгілі үлкен тұлғалардың 
маңайында Тәуке, Хақназар, Абылай хандардың маңына топтасқан Бұқар 
жырау, Шалкиіз жырау сияқты алты алашқа аты шыққан атақты 
жыраулардың, Үш жүздің биі Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді ел берекесі, 
ардақты билердің, сандаған өнер адамдарының жарқын тұлғалары мен 
тарихи негіздерін көрсетеді. 
1993 жылы 28 мамырда Ордабасында ХҮІІІ ғасырдағы әйгілі мемлекет 
қайраткерлері, қазақ халқының үш ұлы перзенті Төле биді, Қазыбек биді 
және Әйтеке биді еске түсіруге арналып өткізілген той салтанатында 
сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев: «Халықтың үш ұлы перзенттері, 
даңқты үш дананың – Төле би Әлібекұлының, Қазыбек би Келдібекұлының 
және Әйтеке би Бәйбекұлының есімдері біз үшін ерекше киелі... үш ұлы би 
халық санасына тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде бірлігінен айрылған 
елдің ажал құшары туралы ақиқатты сіңіре білді. Үш ұлы би үш жүздің асау 
мінезді батырларын ақылға шақырып, сол арқылы халықтың жұмылған 
жұдырықтай тұтас болуына қол жеткізді», – деп қазақ билерінің қоғамдағы 


94 
саяси 
ролін 
айқын 
көрсетті 
[130]. 
Қазақстан 
Республикасы 
Конституциясының Ата заңымыз деп аталуы да оның ғасырлардан 
ғасырларға ұласып келе жатқан ата-балар сөзі екендігін көрсетеді. 
Төле Әлібекұлы (1663-1756) – қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының 
Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Қазақ шежіресінде: Дулаттан Жаныс, 
одан Жарылқамыс, Жанту би, одан Жайылмас би, одан Құдайберді би 
(«Тоғыз ұлды Құдайберді» деп те аталады). Сол тоғыз ұлдың бірі Әлібектен 
Төле би туады. Төле жастайынан ескіше оқып, сауатын ашады. Арабша, 
парсыша тарихи кітаптарды, аңыз, хисса-хикаяларды көп оқиды. Бір 
жағынан қазақтың аңыз әңгіме, өлең, жырларын, шежіре тарихтарын ел 
арасынан тыңдап, өзінен бұрынғы өткен шешен-билер мен хандар, әсіресе 
өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі, 
нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек те ділмар, 
би болған кісі. Төле бала әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес 
жасынан билікке араласып, өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, 
шешендік өнерімен көзге түседі. 
Қазақ шежіресінің деректері бойынша Келдібекұлы Қазыбек (1667-
1764) – Арғынның Қаракесек (Болатқожа) руынан. Сол Қаракесектің бір
атасынан Бұлбұл, одан Шаншар туады. Бұлар да тоқығаны көп, ақылгөй 
абыз, шешен би болып өткен. Шаншардың екінші әйелі Айбикеден Келдібек, 
Тыныбек, Жәнібек, Есіркеп (оларды ел – «Төрт бегі» деп атаған) тарайды. 
Келдібек кезінде аузына ел қаратқан белгілі шешен би бопты. Келдібектің 
баласы Қазыбек бала жысанына шешендік өнерге бейім өседі. Ол ел 
арасындағы айтылып жүрген дана сөздерді, мақал-мәтел, нақыл өнерді, 
өткендегі ақын-жыраулардың тақпақ, терме, толғауларын, шешен-билердің 
ұтымды айтқан сөздерін есіне сақтап жүреді. Жасынан ел билігіне 
араласады. Ол қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары 
тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, 
әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің 
төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Ол 
ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі-сыртқы саясатына елеулі 
ықпал жасап отырады. Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін 
ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында 
аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп 
қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады. Сондай-ақ ол Ресей, Бұқара, 
Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, 
бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды 
татуластырып, алысты жақындастырып отырған. Ол елшілік қызметті де 
мінсіз атқарған тұңғыш дипломат [131, 78-80 бб.]. 
Әйтеке (шын аты Айтық) Бәйбекұлы 1644-1700 – Кіші жүзден шыққан 
қазақтың атақты шешен биі. Қазақ руларының басын біріктіріп, бір 
орталыққа бағындырған және туысқан қазақ, қарақалпақ, қырғыз 
халықтарын одақтастырып, жоңғар-қалмақ шапқыншылығына қарсы 
бірыңғай халық майданын құрған Тәуке ханның кеңесшісі, көмекшілерінің 


95 
бірі Әйтеке болған. Әйтеке – шешендігімен бірге кезінде ел басқарған, заң 
жасасқан, феодалдық қазақ мемлекетін құрысып, нығайтуға үлес қосқан 
қоғам қайраткері. 
Ақша хан немересі Әйтекені ауыл молдасынан сауат ашқаннан кейін 
Самарқандтағы Ұлықбек медресесіне оқуға береді, бұл жерде арабша, 
парсыша тіл сындырып, дін, әлемтану, математика, құқық ғылымдарын 
оқып, тарихшылардың, астрономдардың еңбектермен танысады, сонымен 
қатар екі атасының – Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүрдің тәрбиесін алады, 
Ақшадан ел басқару, билік сөз мағынасын түсіну, әділетсіздікке қарсы 
күресу, ол үшін өз қарабасы адалдықтың ала жібінен аттамау жөнінде 
тағылым алса, Жалаңтөстен әскери ойын-тәсіл, қолбасшылық, батырлық 
рухын бойына сіңіреді. Ал 1680 жылы Тәуке ханның ордасына кеңесші би 
болып келгенде Әйтеке би өзінің өмірдегі ұстанымы ретінде үш ұсынысын 
ала келеді және өмірінің соңына дейін сөзінен таймайды, бұл: біріншіден, 
Ресеймен қандай да болмасын одақ құруға қарсылық білдіруі, себебі «қытай 
мен жоңғардан қашып барып, Ресейге одақ болу – арыстаннан бас сауғалап 
жүріп, жолбарыстың ініне тығылумен бірдей», екіншіден, әскери әдістерге 
жетілген, соғыс тарихынан хабардар тұрақты қарулы жасақ ұстау, 
үшіншіден, әскер қолбасшысына ерекше құқық беру, яғни оның тек хан мен 
«Билер кеңесіне» ғана бағынуы. Әйтеке бидің бұл ұсыныстары оның саяси 
көрегендігіне дәлел болады. Әйтеке бидің шешендік шеберлігін жыр 
дүлдүлі Қазанғап Байболұлы «Қудан ұшқыр, құланнан» деп сипаттап, 
«Таудай сөзге тарыдай Қию тауып сөйлейтінін», «Қанша ділмәр дегендер 
Ширегіне келмейтінін» жырлаған [132, 170-201 бб.].
Шалкиіз жырау ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрген. Оның поэзиясына 
«қазақ өлең дүниесінің баға жетпес қымбатының бірі», – деп ғалым 
Х.Сүйіншәиев жоғары баға береді. Халық Шәлгезді бірнеше хандар тұсында 
қызмет еткен әрі батыр, әрі жырау деп аңыздайды. Ол ноғайлы-қазақ 
дәуірінде өмір сүріп, Жәнібекті, Орақ-Мамайды, би Темірді көрген [133, 84-
85 бб.]. 
Шығармадағы шоқтықты бейнелердің бірі – көреген әулие Бұқар. 
Қазақ еліне әділдігімен, даналығымен мәлім жырау хандармен тең, иық 
тірестіре сөйлескен. Қалқаманұлы Бұқар жырау (1668-1781) – қазақтың ұлы 
жырауы, ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық 
соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылайханның 
ақылшысы. Шыққан тегі – Арғын тайпасының Қарас руынан. Заманындағы 
сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмейі бүлкілдеп, 
аузынан тек өлең төгіледі екен. Күміс көмей жыраудың өмір жолы, 
шығармашылығы туралы әдебиет зерттеушісі Б.Кенжебаев: «Бұқар жырау – 
шығармаларының тақырыбы мен мазмұны жағынан болсын, жалпы сөзінің 
идеясы, ұстаған саяси жолы жөнінен де, Асан Қайғының үлгілі шәкірті. Ол – 
өз дәуірінің Асан Қайғысы, заманының бел баласы, қамқоршысы, ұраншысы. 
Оған мына жағдайлар дәлел бола алады. Бірінші – Бұқар жырау 
шығармаларының тақырыбы өз тұсындағы қазақ халқының жай-күйі, мұң-


96 
тілегі, болашақ тағдыры, жалпы тұрмыс, заман жайы. Екінші – Бұқар қазақ 
халқының бірлігін, ынтымағын көксейді. Үшінші – Бұқар жырау халық 
тыныштығын, бейбіт етіп, тұрмысын гүлдендіруін көксейді», – деп жазады
[134, 74-75 бб.]. 
Ал жазушы, ғалым М.Мағауин Бұқар жырауды ұлт ұраншысы деп 
атап, ол туралы: «Заман ұраншысы атанған Бұқар жырау Абылай ханның 
ақылман кеңесшісі, қабырғалы биі болды. Қазақ қауымының бар тілегі бір 
арнаға тоғысқан шақта Абылай сияқты кемеңгер тұлғаның тарих сахнасына 
шығуы кездейсоқ емес десек, дәл осы кезеңде алаш жұртының өр рухын 
айғақтаған Бұқар жырау сияқты сөз дарқанының дабыл қағуы да табиғи 
заңды құбылыс» [135, 177-б.]. 
Жырауларды «халықтың көзі, құлағы» деп білген хандар олардың әр 
сөзіне мән беріп, арнайы шақыртып, оң жағына отырғызған. Бұқар жырау 
«Жанталас» романында алғаш Абылай жағынан көрінді. Бұқардың тегін жан 
емес екендігін, оның ой мен ақындықтың алтын кені, ақылгөй, кешегі мен 
бүгінгі еске түсіре отырып, ой түйгізетін ақылман екенін оған байланысты 
кездескен әрбір абзацтан байқауға болады. 
Бұдан шығатын түйін: «Қазақ халқы мұндай күйге қалай жетті? 
Осыдан екі ғасыр бұрынғы айбары қайда?» Бұл сұрақ осынау сұрапылда 
үлкен-кішінің көкірегіне үйелеген запыраннан кем болған жоқ. Кім бұған 
жауап берер? Міне, бүкіл қазақ даласына әйгілі, бұл күнде жасы қырықтарға 
келіп қалған шоқша сақалды, кең маңдайлы Бұқар жырау да осындай 
толғаныс үстінде еді. Ол есікке таяу отырған бала жігітке сезіктене көз 
тастады... Отырған отырысында, қимыл-қозғалысында бір паңдық, 
тәкаппарлық байқалады. Ақынның қырағы көзі алдамаса керек-ті» [33, 319-
б.]. Алыстағыны қиядан шолар, алдыға сәуегейлікпен болжам жасай білер 
Бұқарға мұндай қырағылық жат болмаса керек-ті. Әр нәрсеге 
талғампаздықпен, кірпияздықпен қарар Бұқар Абылайдың тумысы бөлек, 
текті жан екенін байқайды. Қазақ елінің болашағын келер күндегі жауларына 
қаталдығымен қыр көрсете аларын сезген Бұқар Абылайдың өзін құтқарған 
Ораз құлды өлтіруінің өзіне кешіріммен қарайды. 
Романда Бұқар қандай жағдайда да халықтың қасынан табылады, елдің 
сөзін сөйлейді. Жау жан-жақтан андағайлап жатқанда да ол қарша жауған 
жебеден, оқтан қаймықпай, сөзбен жауынгерлерге рухани дем береді. 
Мысалы, романда жоңғарлар қоршаған Сауран қаласында халқының жанына 
табыла білген Бұқардың көпті көріп, көкейге түйгені көп екеніне тағы бір 
мәрте көз жеткіземіз ... Мұсылманша хат таныған Бұқар жырау – қазақ 
тарихы қамтылған көне кітаптарды көп оқыған әйгілі шежіреші. Ұлы 
арманының бірі сол халқының ерлігін үлкен дастан ету еді. Ол қазақ 
халқының басынан өткен күндерін ғана емес, бүгінгі күресін де, ерлігін де 
жырламақ. Үш айдан бері Сауранның жауға берілмей тұрғанын естіп, кеше 
қара түнді жамылып, жау шебінен өткен. Содан бері қаласын жаудан 
қорғаған, аштыққа да, ажалға да көнген қара бұқара жұртын көріп, мұқалған 
көңілі бір жасарып қалған. Жыр шумағы бірінен соң бірі келіп, қиялында 


97 
дастан да туа бастап еді ... Халқы үшін жанын шүберекке түйіп, сөзімен сеп 
берер Бұқар олардың намысын қайрау мақсатында қорған үстінде тұрған 
Науан ұстаның арғы бабалары батырлар Қияқ пен Тұяқтың ерлігі жайында 
жыр толғайды. Біз осы эпизодтан қай жерде не айту керек екенін білетін 
кемеңгердің тағдыры қыл үстінде тұрған қала тұрғындарының қорқынышын 
дөп басып, жыр арқылы берілмейтін қамал, алынбас асу да болмайтынын 
көрсетеді. Кейінгіге жетпеген «Тас қамал» жырынан рухтанған халық 
қаланы 
асқан 
шыдамдылықпен 
қорғайды, 
олардың 
мұншама 
қайсарлықтарына шыдас бермеген жоңғарлар күздің қара суығында кері 
қайтуға мәжбүр болады. Орынды жерде тоқтам салып отыратын Бұқар 
жырларының уытты ғибраты, отты ойы бар. Халық жадында есімі ханмен 
қатар аталар жырау Абылайдың ел билеу ісіне белсене араласып, ақыл-
кеңесін ретті жерінде айта білген, жол сілтей білген: 
– Саған берер ақылым, – деген Абылайға, – замана түлкі жетекке түсіп, 
жауымен кең айқасудан тайсалса, сол бөктердегі өзі түстес бір қызғылт 
тастың қия бертінде құйрығын шаншып тұрып қалады. Қыран ондай түлкіні 
көруі керек. Ел билігі қолыңа тиген екен, көреген бол. Ақылың мен айлаң 
қатар жүрсін, – деген Бұқар тілегін ол еш уақытта аяқ асты етпей, жадында 
тұтты және ол сөздер оның өмір бойы темірқазық – мақсаты болып, жеңіске 
жетуіне, мерейі үстем болуына әркез септігін тигізді. Өзіне ақылшы бола 
білген, орынды жерде өз ойын жеріне жеткізе айта білетін оның сөздерін 
Абылай аса сақтықпен тыңдап, жатқан жыланның құйрығын баспауға 
тырысты. Сөзімен, жырымен бітіспесті біріктірер Бұқардың Абылай түсін 
сәтті жорығанын байқаймыз және сол дуалы ауыздан шыққан сөздің айна-
қатесіз шын шыққанын көреміз. Ол: «Қырыққа келмей табытта жатсаң – 
өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып 
жатса, үш жүзге хан болады екенсің, ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтақтың 
ішінен бірі Құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір 
тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атын майданда 
қалдырды екен», – деген-ді. Ел жағдайын, күйзелісін көзімен көріп жүрген 
Бұқар Абылайға әркез аяғын аңдап басып, сақ болу қажеттігін ескертіп, 
«көппен кеңесіп пішкен тон келте болмайтынын» айтып отырады. 
«Жанталас» романын оқи отырып, әділдігімен, терең даналығымен 
халық жадында мәңгі сақталған Бұқардың бейнесін жасауда автордың 
шындық ауылынан алыс кетпегенін, бір сөзді жыраудың парасатты 
данышпандығын, кемеңгерлігін, бетің бар, жүзің бар демей айтып салар 
шыншылдығын, халық қамын үнемі есінде ұстаған ел қамқоршысы екенін 
тап басып суреттеген дей аламыз. 
Трилогияда суреттелген әйгілі жырау Ақтамберді (1675-1768) 
толғауларының қыры да, сыры да көп. Ақтамберді түйіндеуінде адам 
тірлігінің мұраты – жатқа жақыныңды талатпай, ағайын-туған арасында 
береке-бірлікте ғұмыр кешу. Ақтамберді толғауларының ең негізгі 
сарындарының бірі – бостандықты, бейбіт өмірді аңсау, ұлт-азаттық сарын 
[136, 191-193 бб.]. 


98 
Тарихта болған әйгілі тұлғаларды көркем шығармада бейнелеудің бір 
қиындығы – олардың халқы үшін жасаған ерліктеріне әділ баға беріп, халық 
алдындағы шын бейнесін дұрыс жасау керек. Себебі оқырман қауым тарихи 
тұлғаның көркем шығармада суреттелген бейнесіне қарап, оның характеріне 
қанық болуды қалайды. Тарихи романшы тарихи адамдардың қатысуымен 
болған тарихи оқиғаны суреттеп қана қоймайды, тарихи адамдарды мұндай 
тарихи оқиғаны жасауға итермелеген себептерді, мотивтерді де көрсетеді. 
Тарихта болған жекелеген оқиғаларды халық өміріндегі маңызды күрделі 
басқа құбылыстармен тығыз байланыста, сабақтастықта бейнелейді. Себебі 
халықтың өткен өмірінде айтарлықтай үлкен маңыз-мәні жоқ шағын оқиға 
ірі құбылыстармен байланыста, сабақтастықта бейнеленсе, сол байланыс пен 
сабақтастықтың нәтижесінде өмір құбылыстарына тән ең басты, мәнді 
белгілерді айқындап, толықтырып ажарын аша түсуге қызмет етеді. 
Ілияс Есенберлин трилогиясындағы билер мен жыраулар бейнесі шын 
мәнінде бізге жеткен аңыздар мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде жасалған. 
Жазушының шеберлігі сонда – ол тарихи тұлғаның болмыс-бітімін халқы 
қалай қаласа, солай жасап бере алғанына және нағыз көркем туындының хас 
шебері екендігіне көзіміз жетеді. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет