Мақаншыда екі күн бойы Әсеттің әндері әуеледі



Дата02.07.2018
өлшемі116,65 Kb.
#45600

Мақаншыда екі күн бойы Әсеттің әндері әуеледі



Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі тойы қарсаңында киелі мұраны кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырған дәстүрлі орындаушылардың Әсет Найманбайұлы атындағы ІІІ республикалық байқауы Мақаншы ауылында өтті.



Бір қызығы, бұған дейін өткен аталмыш байқауға атағы аспандаған, елге танымал әншілер қатысса, бұл жолы ұйымдастырушылар өз бақтарын сынауды кіл жастарға тапсырғанды жөн көрген. Ал қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйші, музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім болса, оның мүшелері халықаралық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали, Қазақстан дәстүрлі әншілер Берік Омаровпен Әділ Тұрғанбаев, бірнеше республикалық байқаулардың жеңімпазы, әнші Гүлмира Темірбекова. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған қонақтар Әсет мұражайын аралап, онда жасалып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдірді. Екі күн бойы Мақаншы аспанында тек Әсет Найманбайұлының ғана емес, халық әндерімен қоса Жаяу Мұсаның, Ақан серінің, Біржан салдың, Жарылғапбердінің, Тұрсынғазы Рахымның да әндері қалықтады. Әсеттің «Інжу-маржан», «Қоңырқаз», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Қысмет», «Мақпал», «Қаракөз», «Жай толқын», басқа да әндерін конкурсанттар нақышына келтіріп орындады.

Мақаншыда екі күн бойы Әсеттің әндері әуеледі

Алайда, байқаудың аты байқау. Бірі суырылып алға шықса, енді бірінің жарқырай жанар сәті алдағы уақыт еншісінде. Мұны облыс әкімнің орынбасары Жақсылық Омар қорытынды гала-концертте сөйлеген сөзінде айтты:

-Жалпы, осындай үлкен шараның өтуінің өзі ел Тәуелсіздігінің баяндылығының, ел ішіндегі берекелі тыныштықтың арқасы деп білу керек. Мемлекетіміздің қамқорлығының арқасында өтіп отырған бүгінгі шара құтты болсын! Әсет Найманбайұлы иісі алашқа ортақ тұлға. Сондықтан да сіздерге облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ арнайы сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Қазақ халқының асыл мұрасын болашаққа жеткізуші сіздерсіздер. Бүгін соған тағы бір куә болып отырғанымыз рас,- деді, - Биылғы «Інжу Маржан» дәстүрлі ән байқауына еліміздің тоғыз өңірінен 20 әнші келіп, өз бақтарын сынады. Қазақстанның әр түкпірінен мынандай шіліңгір ыстыққа қарамай өз өнерлерін көрсетіп жатқан әншілерге, Жарқын Шәкәрім бастаған қазылар алқасына алғысымызды айтамыз, - дей келіп, ол Әсет Найманбайұлын ұзақ жылдардан бері зерттеуші, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық мұражайының Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлы атындағы әдеби-мемориалдық бөлімінің басшысы Әбен Разуевке Үржар ауданы әкімі Серік Зайнулдинның шешімімен берілген «Үржар ауданының құрметті азаматы» атағын табыстады. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары С.Сәдуақасов аудан әкімінің «Алғыс хатымен» Әсет Найманбайұлының Мақаншыдағы немересі, аталмыш мұражай қызметкері Ләззат Қожекеқызын марапаттады.



Мақаншыда екі күн бойы Әсеттің әндері әуеледі

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Ақмола облысынан келген әнші Мұқият Асқар иеленсе, 1-орынды Дархан Қамаш (Үржар ауданы), 2-орынды Еламан Құжыманов (Тарбағатай ауданы) пен Алпыс Жақиянов (Өскемен) жеңіп алды. Үшінші орынға Мұратхан Дияс (Үржар ауданы), Жасұлан Мұсағалиев (Алматы облысы), Ғазиза Әбдірова шықты. Ал Әбдіманап Жайнагүл, Жайылған Талғат, Бақыт Абылайхан, Жанболат Байсолтан байқаудың дипломанттары атанды. Сол сияқты, Дәнеш Рақышев атындағы арнайы жүлдеге үржарлық Әліби Қаниев ие болса, аудан әкімінің арнайы сыйлықтары Төлеген Шәкәрімов пен Біржан Бәзілжановқа табысталды. Байқауға қатысқан барлық әншілер сый-сияпаттан кенде қалмады. Барша өнерпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды. Бұдан соң Мақаншы мәдениет үйіне жиылған жұрт республикадан келген өнер шеберлері мен Үржар, Мақаншы өнерпаздарының концертін тамашалады.

Әсеттің айтып кеткен бір арманы

-Келер жылы Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Тарих таразысына салсақ, соншалықты көп уақыт емес те. Алайда, бүгінгі таңда Әсеттей ірі тұлғаның ел алдында жарқырай көрінетін келбеті көмескіленіп, атақ-абыройы мен биік тұлғасы аласарып, қадам басқан іздерінің сілемі өшкін тартып бара жатқандай,-дейді Әбен Разуев ағамыз бізбен әңгімесінде,- Солай бола тұрғанымен, соңғы жылдарда Әсеттің ән өнерін қайта жаңғырту қолға алынғандай. Кезінде өз шығармашылығының көмескіленіп, кейін жаңадан тың қарқын алып түлеп шыға келетінін қайран Әсет білмеген шығар. Егер білсе:

Менен сорлы ақын да өтті ме екен,

Бір сөзі баспа орнына берілмеген.

Осымен өмір бітті, дәм таусылды,

Ішімде көп сөз кетті-ау терілмеген, – деп заманына зар-мұңын шақпас еді. Менің түсінігімше, Әсеттің ғажап туындыларының көптеп ел ішінде тарамауына негізгі екі себеп бар ма деп ойлаймын.

Бірінші себебі, Әсет өмірінің кемелденген шағының шет елде өтіп, өзінің жат жерде дүние салуы. Шет ел десе шегіне үркетін қазақы мінездің кешегі Одақтық саясатпен астаса жатуы болар. Екінші себебі, ақынның мол мұрасын ел ішінен бұрын, Қытайдағы Шығыс Түркістанды мекен еткен қазақ жұрты көп естіп, көп білгендігі. Ақынның асыл қазыналарының бұл жақтан гөрі ол жақта басым болуы. Міне, соның салдары болар, оның өмірлік туындылары әлі толық жинақталып, терең зерттелмей қалыс қалып келе жатқандығы. Қалай десек те Алтай - Сауырдың асқар белдері, Жетісудың жерұйығы, Тарбағатай тауының көз тартар көрікті Ойжайлауы, жапырақты Көкмойнағы, Шағантоғайдың Төрежайлауы мен Сарыбөктері, Дөрбілжіңнің Сарыжүрегі, Майлы Жайырдың Көкжайдағы мен Қоңыроба сазы, Іле, Көкқамыр, Көлденеңсу, Қайшы, самалды Сайран көлінің жағалауы, Барлық пенен айдынды Алакөлдің атырабы ақынға құлашын кең ашып, төрінен орын берді. Ақынның бүкіл ғұмыры Мақаншы өңірінде өтіп, тамаша өлеңдері мен неше түрлі сырлы дастандары, әсем сазды әндері мен тапқыр ойлы айтыстары Алакөл жағасында, Еміл баурайында, Барлық тауының бөктерінде ойға оралып, осындай сұлу табиғат аясында дүниеге келіп, шалқып төгілді. Сондықтан Әсет әндерінің Үржар ауданында, Мақаншыда өтуі заңды құбылыс дер едім. Шара өз деңгейінде өтті деуге болады. Мақаншы ауылдық округінің әкімі Советхан Қалиев пен Үржар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, ауылдағы мұражай бөлімінің тікелей мұрындық болуымен қонақтарды күтіп алу, шығарып салу секілді шаралар мүлтіксіз, өз деңгейінде өтті.

«Евгений Онегинді» қисса етіп жырлаған

Жалпы, Әсет әншілігімен қоса арқалы айтыс ақыны. Ол Сарыарқаның ұлы перзенттері Біржан мен Ақанның ақындық өнер дәстүрін жалғастырып, әрі қарай дамытқан адам. Сондай-ақ, өз әндерінің Жетісуда, Тарбағатайда және Алтайда кеңінен тарауына мұрындық болды. Ол Ырысжаннан басқа Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмет ақындармен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің "Салиха-Сәмен", "Ағаш ат", "Перизат", "Үш жетім қыз", "Нұрғыман-Нағым", "Мәлік-Дарай", "Жұмсап", "Кешубай" атты қисса дастандары айтыс жанрында елеулі орын алады. Әсет "Евгений Онегин" романын еркін аударып, оны өзі қисса етіп жырлаған. Жалпы, Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып, дамытқан өнерпаз.

- Әсет өз шығармаларында өмірге деген құштарлығын, туған елі мен жеріне деген айнымас махаббатын жырлады. Ақын өлеңдері мен әндеріне көшпелі тұрмыс пен қазақ жұртының тарихы және этнографиясының қайталанбас бояулары тән. Әсеттің ақындық қуатында ойдың образдылығы, шұрайлы теңеулер, жарқын шендестірулер айқын танылады, -дейді музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім.

Оның сан қилы тағдыры шиеленісті, күрделі. 1916 жылы кезінде жазалаушы отрядттардан дүрліге қашқан елмен бірге Әсет Қытайға өтіп кетеді. Елде болып жатқан зор өзгерістерден ол үміт күтеді, жат жерде жүріп Отанын аңсайды. Қайран ақын 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болады.

Алайда, өнер өлмейді. Әсет Найманбайұлының саф алтындай таза әндері бүгінгі күнге жетіп, болашаққа қадам басты. Ұрпақ сонымен тыныстайды, содан қуат алады. Мақаншыда өткен дәстүрлі ән орындаушылардың Әсет Найманбайұлы атындағы ІІІ республикалық байқауы соған дәлел.

Берікхан Тайжігіт



Үржар ауданы.
Каталог: images -> kronika
images -> БАҒдарламасы қазақ филологиясы кафедрасы Орал-2014
images -> АҚПараттық хат қҰрметті әріптестер!
images -> Абай Құнанбайұлы (1845—1904)
images -> Автобиография кандидата в депутаты районного маслихата по избирательному округу №5
images -> «Қазақстан тарихы» пәнінен «6М020300-тарих» мамандығына арналған жазбаша емтихан сұрақтары 1 блок
images -> Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым және МӘдениет
images -> Үлгілік оқу жоспары
images -> Сембі Жансая Хасанқызы Қазақ тілі мен әдебиеті
kronika -> Ер жәнібектің 300 жылдығы Жармада ерекше тойланды
kronika -> Шығыс Қазақстанға жаңа әкім тағайындалды


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет