Мағжан Жұмабаев поэзиясындағы азаттық аңсар


Ақынның «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы» поэмаларындағы өз өмірінің символдық бейнесі



бет3/4
Дата26.09.2023
өлшемі29,36 Kb.
#182502
түріПоэма
1   2   3   4
Байланысты:
Түзетілді жоба

1.2. Ақынның «Қорқыт», «Қойлыбайдың қобызы» поэмаларындағы өз өмірінің символдық бейнесі
Мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт туралы аңыздар ел арасына кең тарап, көптеген ғылыми-зерттеу еңбектері жазылды. Ә.Марғұлан: «Қорқыттың өліммен күресуі әсіресе қазақ пен Алтай елінің аңыздарында өте жоғары сарынмен айтылады» [4,153], - дейді. Қорқыт туралы аңыз көптеген ақын-жазушылардың шығармашылығына шабыт берді. Олардың қатарын толтырып Мағжан Жұмабаев та 1922 жылы «Қорқыт» атты дастан жазды. Қазақ аңыздарының ішінде терең философиялық маңызы көп сюжет – Қорқыттың өліммен күресуі, оған дауа іздеуі. Мағжан Жұмабаев жасаған Қорқыт образы ақынның дүниетанымына жақын болып келеді. Қорқыт мәңгі өмір орнаған жер жаннатын іздесе, ақын елін тәуелсіздікке жеткізер жол іздейді. Қорқыт бейнесін поэмадан оқып отырып, ақынның өзі сол образбен қандай жақын екенін көруге болады:
Сол күнде бір ер бопты алты алашта,
Қаны бір қалың елмен, жаны – басқа.
Елікпей ес білгелі еш нәрсеге,
Өзіндей үйірілмеген албырт жасқа [2,180].
Сол сияқты Мағжан да алашпен қаны бір, бірақ өзгелерден жан дүниесі бөлек. Оның да ойлағаны, уайымдағаны ойын-күлкі емес, халықтың мұң-зары. Елімді қайтіп құлдықтан босатып, тәуелсіздікке қолын жеткіземін деп жүріп, жаны құрбан болған жоқ па? Сол ойы үшін сан рет тұтқындалып, елінен, достарынан айырылған жоқ па? «Ұлтшыл», «түрікшіл» деген айып тағылғаны тағы бар. Сондықтан ақын:
Қорқыт та ерте атанды «пері соққан»,
Қорқыттың жан болмады жайын ұққан.
Ой екен қандай ғана Қорқытты улап,
Айырған дос, туыстан, елден, жұрттан [2,181].-
деп жырлайды.
«Қорқыт» поэмасын оқып отырып, ақынның шеберлігіне тәнті боласың. Өйткені осындай қарапайым ел аузындағы аңызды ақын өз арман-мүддесін халыққа жеткізу үшін ұтымды пайдаланған. Және сол арқылы терең мазмұнды, философиялық мәнді шығарма жазып қалдырды. Поэмада ақынның идеясы мен тарихи шыңдық сәйкес келген. Бұл жайында ғалым Б. Қанарбаева: «Мағжан қиялымен қазақ халқын бостандығынан айырмай, тарихын, мәдениетін, тілін, дінін ұмыттырмай, жақсылыққа кенелтетін, «өлтірмейтін» қоғам іздейді»[5,84], - дейді.
Қорқыт образы мен Мағжан арасында рухани байланыс орнаған деп жоғарыда айттық. Мағжан ақиқат пен әділдікті бұл жалғанда қанша іздесе де таба алмай, енді оны арғы бір бейтаныс дүниеден іздеу керек деген жаңа ағым ұранына алаңдағандай. «Қорқыт» поэмасында өмір мен өлім егіз ұғымның сырын ұға алмаған, аңызға айналған данышпан Қорқыттың бойынан мағжан өз бейнесін көре беретіні сезілмей қалмайды:
Ес білдім – аласұрдым сағым қуып,
Жете алмай, бетті талай жаспен жуып.
Артымда – ор, алдымда – көр, өтеді өмір...
Дариға, бесігімнен көрім жуық [2,189].
Өзі өлгенмен сөзі өлмес ақындық мұратын осы поэмада ақын аңғартып өтеді. Қорқыт мұң-зарын қобыз әуенімен жеткізсе, менің жанымдағы жарамды, жүрегімдегі дертімді жеткізетін өлең дегендей:
Құшақтап қарағайын сарнаса ақын,
Толғанып, жасы төгіп, зарланса ақын,
Шеткерек тұрып біраз тыңдағайсың,
Баспалап, төніп, жаншып келме жақын [2,188].
Поэманың жаңалығы – ақын бірінші болып Қорқыт арқылы түркілік танымды осы поэма арқылы қазақ жазба әдебиетіне жеткізген. Поэма оқыған адамды ойландырмай қоймайды:
Жел жүрсе, терең теңіз тебіренбей ме?!
Көрсе көр, ақын жаны күңіренбей ме?!
Көргенін кеңес қылып күңіренсе ақын,
Тыңдаған тірі жанға шер бермей ме?! [2,188]
Қазақтың кең-байтақ даласында данышпан Қорқыт атамыздың күйін, қобызының сарынын жеткізген жыраулар аз емес. Солардың бірі – Қойлыбай жырау. Оның есімі де ел арасында аңызға айналған. Сондықтан ел арасында Қойлыбайдың қобызды бәйгеге қосуы туралы көп аңыз тараған. «Мағжанның «Қойлыбайдың қобызы» поэмасына Шоқан Уалиханов нұсқасы арқау болған»[5,187]. Түркі халқы қашан да бақсы, балгерлерге сеніп, оларды дәріптегені белгілі. Оны ақын поэманың басында ашып көрсетеді:
Алтайда ел нары екен қалың Найман,
Қытайға қалың Найман қанат жайған.
Қалың Найман ішінде Бағаналы,
Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан [2,189].

Аңыздарда қобызды өзгелер сексеуілге байлап қойса, Мағжан поэмасында Қойлыбай оны өзі байлауға тапсырады. Қобыздың бәйгеден озып келуі – мифтік элемент. Оны ақын шығармасында пайдалануы ескі заманды аңсауы, немесе заман ағымынан қалып қойғандығы емес. Поэманың идеясы Қойлыбайдың құдыретті бақсы екенін көрсету емес, батырға деген халық құрметін көрсету.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет