Мағжанның табиғат лирикасы


Мамырбай, Бозінген, Алтынай, Өрік, Ұрқия бейнелері



бет16/26
Дата06.02.2022
өлшемі1,24 Mb.
#35193
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26
Мамырбай, Бозінген, Алтынай, Өрік, Ұрқия бейнелері
Ақбілектің әкесі Мамырбай бұрын да тұйық адам болады. Ақбілекке бұрын шешесінен артық бәйек боп жүретін. Орыстардан келгелі Ақбілекке қарамайды, сөйлеспейді. Ақбілектің өзінен болса бір сәрі, кінәсыздығын біле тұра қатыгездік көрсетеді. Онсыз да қарабет боп жүрген қызының қайғысын ауырлата түседі.
Мамырбайдың салқындауының себебі: «Бұрынғы нәрестедей бала, ақ қағаздай таза көріп жүретін Ақбілегі енді күйе жаққан қағаз, бала емес қатын боп қалды. Ақсақал баласын құдай қосқан күйеуінен де қызғанатын іші тар кісі еді, баласы кірсіз, таза болғанын қалаушы еді. Енді Ақбілек баласы емес, бөтен әйел іспетті. Кімнен қалған әйел десейші! Қазақ, қазақ болса бір сәрі ғой. Ол о ма? Келген-кеткен кісінің көзі Ақбілекте болатынын алдымен әкесі сезеді. Бәрі де: «Мамырбайдың орыс талқылаған қызын қара!» деп, ақсақалды көзге шұқыған тәрізденеді. Енді Ақбілегі әкесіне масыл болды. Бала ұстаған емес, жұртқа тамашалауға маймыл ұстап отырған кісі тәрізденді. Ақбілектің қырсығынан ақсақал масқара боп абыройынан, адамдығынан айрылғандай болды» [9, 246 б.].
Шешесі болса, бұлай теріс қарамас еді, «әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген сөзді Мамырбай расқа шығарды. Қызын емес, өз қара басының намысын ойлап жүр. Өгей шешенің қатыгездігінен де балаларын арашалай алмайды.
Өзі екінші әйел алу үшін Бекболатты қызынан айыруға көнеді. Ақбілектің аяғы ауыр екенін естігендегі Мамырбай күйініші: «Бүйтіп масқара болғанша, неге баласын түсіріп тастамады екен? Бұл – орыстың баласы ғой. Орыс түгілі, өз күйеуінің баласын оң жақта тапқан қызды кім естіген? Одан масқара нәрсе бар ма? – деп азуын шайнады. Ақбілекті тауып әкелген кездегі жиренгені, қынжылғаны – мынаған астар болмай қалды. Япыр-ай, бұ қызды енді қайтсе екен? Көзін қайтіп жойса екен? Буындырып өлтірер ме еді… Таспен атып өлтірсе қайтер еді? Қол-аяғын байлап, суға тастап жіберсе, нетер ед?» [9, 281 б.]. Мүмкін, Мамырбайдың осындай күйде болғандығы шынайылық, солай болуы тиіс нәрсе шығар. Бұрын естіп-біліп көрмеген масқаралықпен бетпе-бет келу кімге болсын оңай тимесі анық.
Осындай қатыгез ойларда болған Мамырбай кейін қызын басқа түрде көрем деп ойлаған жоқ еді. Ақбілек оқу оқып, жар тауып, бес жыл дегенде еліне келгенде ақсақал өз қызын өзі танымай қалады.
«Ақбілек баяғы емес, өзгерген: өнер тапқан, жетілген, ысылған, әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған, мұңайған Ақбілектің ізі де жоқ. Ақбілектің қызығын, ісін көргенде ақсақал таңданады: «Бұл қалай боп кеткен? Қаланың не қасиеті бар? Жұп-жуас, ұялшақ бала емес пе еді!» деп ойлайды. Қалайда Ақбілек жат. Енді ақсақал одан именеді. Баяғы өзінің қаталдығын ойлағанда, өзінен-өзі ұялады. Кешірім сұрасам қайтер еді деп бір ауық ойланады. Бірақ әке басымен балаға кішіреюді лайық көрмейді» [9, 323 б.].
Ақбілек басына іс түскенде әкесі демеу бола алмады. Сонда да қызы әкесіне кектенбейді, табысқанына қуанады.
Романда жазушы әр түрлі әйелдер бейнесін шеберлікпен жасаған. «Ж.Аймауытов сомдаған әйелдер бейнесінің нанымдылық күші жоғары. Жазушы түсінігінде әйелдер жақсылықтың да, жамандықтың да бастау-бұлағы. Жазушы негізінен қазақ жағдайындағы жаулық жамылған жандардың тіршілік-дағдысын сыйына дәріптеу орнына сыни көзбен мысқылдай, әшкерелей, сықақ ете суреттеуге бейім» [10, 39 б.].
Бұл жағынан Жүсіпбек Бейімбеттен қалыспайды.
Мысалы
«Саулы Бозінген» деген әйел оқиға желісінде Ақбілек ақтардан қашып келе жатып бір ауылға тоқтағанда көрінеді. «Бозінген» бүкіл ауылды құлақтандырып барып, Ақбілекті көруге келеді. Өзінің екіқабат боп ұзатылған Айтжанымен салыстырады. «Бозінген отбасының әйелі емес, бір болыс елдегі әңгімені үйде отырып біліп отыратын, еркектердің партиясына да, дау-шарына да кірісіп кететін, сақ құлақ, еті тірі көшелі кісі ғой. Және біздің «Бозінген» еркектермен дойбы, карта, асық ойнайтын, насыбай ататын, қонаққа өлең айтқызбай жібермейтін, бозбала келсе, екі езуі жиылмайтын сері кісі ғой. … таза көрпелері салтақ-салтақ боп, төсек-орны жуырда жиналмай, қоқып, ыбырсып жатар еді» [9, 190 б.].
Жазушы Бозінгенді мақтап отырған жоқ, кекетіп отыр. Жақсы әйел «Бозінген» атанбайды ғой. Бозінген - әйелдер арасында кездесе беретін шаруаға қыры жоқ, өсек-аяң, қыдыруды жақсы көретін, еркекке жеңілтек әйелдердің бір үлгісі.
Ал Өрік – нағыз тасбауыр өгей шешелердің жиынтығы. Оның портретінің өзі сөйлеп тұрғандай: «Ақбілек жаңа шешесіне көз қырын салды. Көзі тікшиген, жұқа қабақ, қаймақ ерін, таңқы мұрын, тымырайған, қайқаңдау, қара сұр адам екен. Үйге жылан кіріп келгендей Ақбілектің жүрегі су ете түсті» [9, 273 б.].
Өріктің қандай адам екенін түрі айтып тұр. Ауыл әйелдері де оның шеше боп жарытпайтынын, көк долы екенін аңғарады. Өрік келе шаруаны қолға алады, бір сабақ жіп бермейтін сараңдығын көрсетеді. Балаларға мейірімсіз болады. Ара түскен Ақбілек:
– Ойбай-ау! Ұят қой! Пәленшенің қатыны дейді ғой, – деп тағы бірдеңе айтпақ болып еді, Өрік одан жаман дәуірлеп:
– Қатыны болсам, не ғыппын? Ойнас қылыппын ба? Өтірік айтыппын ба? Құдайға шүкір, оң қолым таза, аузым оймақтай? Құдай сендей абиыры кеткеннен, орыс салдақылағаннан сақтасын! – деп бастырмалатып, аузынан көбігі бұрқырап жатқанда, Ақбілек шыдай алмай, еңіреп шыға жөнеледі» [9, 277 б.].
Өрік Ақбілек пен әкесін араздастыра түседі. Ақбілектің аяғы ауыр екенін білу үшін түймеңді салып шық деп өтірік қамқорсыған болады. Өзіне камзол пішпек боп, Ақбілекке «түймеңді салшы, қиғанын көрейін» деп аярлық істейді. Тіпті болмаған соң Ақбілек ұйықтап жатқанда ішін ұстап көреді. «Ақбілекпен өштігі әуелде өткен күнін көксеуден туса да, жүре-жүре ол себеп ұмытылып, енді тек өштіктің қызығына түскендіктен өшігуші еді. Жығылғанды жұдырықтау оған өнер, мақтан есепті көрінуші еді. Үйткені адам – айуанның айуаны ғой. Кімнің басына күн туса, соны табалауға, мұқатуға, одан әрі батпаққа батыруға құмартып тұрады: табаласа, аяғымен таптаса, сонда айызы қанады. Әсіресе, ел мақтаған, кірсіз адамды кірлеуге жаны өш болады. Үйткені кір көңіл адам кірсізді көре алмайды, күндейді; өзіндей қылуға тырысады» [9, 280 б.]. Жүсіпбектің «Адам – айуанның айуаны» дегені де Достоевскийдің адамның қатыгездігі туралы айтатын тұжырымымен үндес келеді.
Әйелдердің кешірімсіз болатыны туралы да Достоевский мен Жүсіпбек пікірлері бір жерден шығады: «Дүниеде әйел бір-бірімен өштеспесін. Әйел өштессе, аяу дегенді білмейді. Қайдағы жараның аузын жұлып алатын нәзік, жанды жерді аңдиды. Әйел шақса, шаяннан бетер шағады. Әйел өмірі кешірмейді» [9, 279 б.]. Достоевский «Ағайынды Карамазовтар» романында кейіпкеріне былай айтқызады: «Әйелге кінә менде, кешіре гөр деп кінәңды мойындап көрші:кекетіп-мұқату міне сонда басталады! Бұл сылтыңсыз жай кешіре салмайды, әбден жер-жебіріңе жетіп, болмағанды болды деп, жоқты бар деп мысыңды құртады, ештеңені де ұмытпайды, бірдеңені ойлап шығарудан да тайынбайды, сонсоң кешірсе, осыдан кейін ғана кешіреді» [11, 711 б.].
Өрік келте ойлайтындығын, ақылы шолақтығын көрсетті. Кейін Ақбілек оқыған боп өзгеріп қайтқанда Өріктің қарауға беті болмайды. Қалай қарасын? Ақбілек жаны қысылып толғатып жатқанда Мамырбай екеуі үйлерінен қуып шықпады ма? Сонда Өрік: «Сені жайратып отыра алмаймыз, сенің қағанағыңды жуатын адам жоқ» деген болатын.
Ақбілектің жеңгесі Ұрқия – адамгершілігі мол, жүрегі таза, адал, кеңпейіл әйел. Ақбілектің шешесі қызын Ұрқияға ғана сеніп, ойынға жіберетін. Ақбілектің қиын күндегі серігі, сырласы Ұрқия ғана болады. Ақбілек үшін Ұрқия өтірік екіқабат боп, жазықсыз сәбидің көзге түрткі болмай өсуіне себеп болады. Бірақ сондай жақсы адам бір балаға зар болады. Зар болса да Мағжанның Шолпаны секілді күнә жасамайды, күйеуінің көзіне шөп салып, бала табуға ұмтылмайды. Ұрқия – баяғы замандағы жақсы, адал жеңгелердің үлгісі.
Мұқаштың әйелі Алтынай – жоқтан бар жасайтын, үнемшіл, шаруақор әйел. «Алтынай малын сауады, өргізеді, көздейді, байлайды, отынын тереді, отын жағады, суын әкеледі, күлін шығарады, тамағын істейді, киімін өзі тігеді, үйін жаяды, сыпырады, қорасын тазалайды. Жұмыстан қалт етіп қолы босаса, есік алдына шықса, ауыл-үйді қыдырса, болмаса абысын-ажындарымен әңгімелессе, қолынан ұршығы түспейді. Не дегенмен Алтынайдың қолы берекелі қатын. Жылына тістей қатып, тырнақтап жүріп, үш сиырдан үш-төрт қарын май алады» [9, 165 б.].
Тұрмысы оңды болса, Алтынайға одан басқа ешнәрсе керек емес.

Каталог: fulltext -> transactions
transactions -> Казахстан республикасының Ғылым және білім министрлігі
transactions -> Азамат Тілеуберді
transactions -> Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың
transactions -> Екінші кітап
transactions -> МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку
transactions -> МӘШҺҮр тағылымы жинақ 2 Том
transactions -> Е. Жұматаева жоғары мектепте оқытудың біртұтас дидактикалық ЖҮйесінің теориясы монография Павлодар 2012 Кереку


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   26




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет