Microsoft Word История.№1,2010



Pdf көрінісі
бет52/68
Дата25.04.2020
өлшемі1,65 Mb.
#64624
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   68
Байланысты:
таңба 222333

 
 
ЖЫРЛАРДЫҢ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ РӨЛІ  
(Ақтамберді жырау шығармалары негізінде) 
 
Д.Алиев – 
 Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих факультетінің 2 курс магистранты 
 
Ұлтымыздың ең ұлық мұраты – тəуелсіздік тұғырына қонғалы бері  халқымыз кешкен  тарихи 
оқиғаларға  жəне сол ел шежіресін жасауға ерен еңбек еткен, жұртын өрге тартқан  тарихи тұлғаларға 
ұлттық  мүдде  тұрғысынан  баға  беріле  бастады.  Соның  табысты  нəтижесі  боларлықтай     
тарихымыздың  тынысын  бағамдарлық  татымды  шаруалар  атқарылуда.  Мұндағы  мақсат – бүгінгінің 
мұратын айқындау үшін, болашақтың баянды бейнесін жасау үшін кешегінің ақиқат баянын байыптау.   
Бұл  күндері  тəуелсіз  ел  болып  шаңырақ  көтердік.  Қоғамдық  өмірде  түбегейлі  өзгеріс  болды. 
Қазақ  халқының  тағдыр-тарихын,  рухани  дүниесін  зерттеуге  мүмкіндік  туды.  Бұл  жөнінде  Елбасы 
Н.Назарбаев: «Ұлттың  рухани  өмірі,  оның  мəдениетіне  байланысты  əлі  де  болса  көпшілік  қауымға 
жетпей  жатқан  тарихи,  əдеби  асыл  мұраларымызды  игеру  жолында  еңбектену,  бұрын  мəн  бермей 
келген  халықтану,  шығыстану,  түркітану  ілімдерін  барынша  дамытуға  көңіл  қою,  ұлттық  мəдени 
ерекшеліктерімізді  сақтау,  жинау,  зерттеу  ісін  жетілдіре  түсу – бүгінгі  маңызды  міндеттеріміздің 
қатарына  кіреді»
  
-  деген  болатын /1/. Отаршылдардың  түрлі  жолдармен  жүргізген  қысым-
қиянаттарына  шыдамаған  халық  əркез  азаттық,  еркіндік  үшін  арпалысқа  түсіп,  атқа  қонып  отырды. 
Олардың  ішінен  ел  бостандығы,  жер  тұтастығы  жолында  күрескен  ерлер  шыға  бастады.  Батырлар 
тұлпар  жаратып,  ту  көтерді.  Елді  бастап,  озбырлықтан  құтылуға  ұмтылды.  Бірақ  басқаның 


 
85
басымдығына  шыдамай  елінің  ертеңін  ойлаған  батырлар  мақсат-мұраттарына  жете  алмады.  Ұлт-
азаттығы жолында мерт болды. 
Халқының  қамын  ойлаған  батырлардың  ерлік  əрекеттері  көп  көңілінде  қалды,  ұрпаққа  өнеге 
болды.  Сондықтан  халық  ішінен  шыққан  ақын-жыршылар  батырлардың  ерліктері  жайында  көптеген 
өлең-жырлар тудырды. Ұлтының азаттығы үшін күрескен ерлерді дəріптейтін мұндай тарихи жырлар 
ауызша тарап, халықтың рухани қажетін өтеп келді. 
XV-XVІІІ  ғасырлардағы  тарихи  жырлар  мен  тұлғалар  туралы  аңыздардың  ұлт  санасы  мен 
рухани  танымындағы  орны  ерекше.  Аталмыш  ғасырларда  қазақ  халқы  жеке  ұлт  болып  қалыптасып, 
тəуелсіз мемлекет ретінде өмір сүрді. Бұл дəуір ел тарихына ерекше із қалдырып, сол кезеңде болған 
оқиғалар  мен  өмір  сүрген  тұлғалар  жайындағы  хабар-деректер,  мағлұматтар  халық  аңыздарының 
негізгі  мазмұнына  арқау  болды.  Жырларда  тəуелсіз  хандықтың  басынан  кешкен  тарихи  шындығы  əр 
түрлі  деңгейде  көрініс  тапты.  Қазақ  хандығының XV-XVІ  ғасырлардағы  алғашқы  даму  кезеңіндегі 
оқиғаларды баяндайтын көне нұсқаларда тарихи шындықтың ізі көмескіленіп, оның есесіне танымдық, 
ғибраттық  мазмұн  басым  болса,  кейінгі XVІІ-XVІІІ  ғасырлардағы  жырларда  айқындылық  пен 
шынайылық басым. 
ХVIIІ ғасыр жəне ХIХ ғасырдың бірінші жартысында туған тарихи жырлар халықтың азаттық, 
бостандық  жолындағы  күрестерінің  халық  үшін  қан  майданға  шығып,  қаһармандық-ерлік  көрсеткен 
батырлар  жайында  туған  тарихи  жырлардағы  ұлт-азаттық  идеясы  сол  тұстағы  саяси-əлеуметтік 
жағдайлармен, тарихи факті-деректермен салыстырылады. Есімдері ел тарихында мəңгілік жатталатын 
батырларымыз  хақындағы  тарихи  жырлардың  тарихқа  қарым-қатынасы  мен  поэтикалық 
ерекшеліктерінің фольклорлық тұрғыдан талдануы ғылым үшін мəні мағыналы. 
Тарихи жырлардың туып, қалыптасуы турасында академик М.О.Əуезовтың: «Жырлардың бəрі 
де, ертеде туғандары да, кейінірек шығарылғандары да – анық тарихи оқиғаларға негізделген, ал басты-
басты  кейіпкерлер – тарихта  болған  адамдар.  Жырлардың  авторлары – көбінесе  сол  оқиғаларды 
көзімен  көрген  тұстастары.  Авторлар  көзімен  көрген,  өздері  бастан  кешірген  оқиғаларды  уақытына 
қарай  сап-сабымен  баяндайды»/2/.  Жырлардың  бірі  «Қабанбай  батыр»  жырының  жиналуы  мен 
зерттелуіне келгенде ғалым С.Қасқабасов: «… Қабанбай туралы шығармалар батырлық эпосқа толық 
айналып үлгермеген, бірақ оның поэтикасын бойына сіңірген тарихи жырлар» деп қарайды. Сондай-ақ, 
Қабанбай  дəуірінде  шағын  өлең,  аңыз-əңгіме  түрінде  айтылып,  жырдың  кейін  пайда  болғанын  да 
дəлелді түрде көрсете білген. «Қабанбай батыр» жыры туралы зерттеу жазған ғалымның бірі Болатжан 
Абылқасымов  болды/3/.   Зерттеуші  «Қабанбай  батыр»  жырының ХХ  ғасырдың  бас  кездерінен  бастап 
С.Сейфуллин,  М.Əуезов,  С.Мұқанов,  С.Аманжолов,  Ə.Марғұлан,  Қ.Жұмалиев,  Е.Ысмаилов, 
Н.Смирнова  сияқты  ғалымдардың  еңбектерінде  сөз  болғандығынан  хабардар  ете  отырып,  Қабанбай 
батыр  жайында  айтылатын  жыр  нұсқаларының  жиналуы  мен  зерттелуі  туралы  мəліметтер  берген. 
Жырдың  қолжазба  күйінде  сақталған  он  үш  нұсқасының  жырлаушылары  мен  жазып  алушылары 
туралы айта келіп, сол он үш нұсқаны қатар алып салыстырады. Тіпті, сюжеттік желідегі ірірек жəне 
мəндірек  деген  эпизодтарды  тарихи  фактымен  қатар  алып  қарастыра  келіп, «Қабанбай  батыр»  ХVІІІ 
ғасырдағы  қазақ  тарихының  бір  сəтін  бейнелейді.  Əскери  қақтығыс  пен  кейіпкерлердің  өмірден 
алынғандығы дау туғызбайды деген  қорытынды жасаған. 
Мəселен,  жырдың  тарихилығын  біріншіден,  ХVІІІ  ғасырда  өткен  қазақ-қалмақ  соғысы; 
екіншіден, батыр жанындағы Абылай, Бөгенбай, Жəнібек, Дəулетбай, Ақтамберді, Қазыбек би, Бұқар 
жырау – бəрі де тарихи өмір кешкен Қабанбайдың тұстастары; үшіншіден, шайқастар өткен жер-су мен 
кісі, ру, ұлт, елді мекеннің аттары дəл өз күйінде сақталғанын жырдың тарихилығы деп таниды. 
Н.Мыңжани  ХVІІІ-ХІХ  ғасырдың  бірінші  жартысына  дейінгі  дəуір  турасында  «Бұл  дəуірді 
халық  дастандары  ең  мол  жырланған  жəне  сақталған  дəуір  деуге  болады.  Алдымен  байырғы  жырлау 
дəстүр-дағдысы жалғастырылды жəне дами түсті. Ежелден жырланып келе жатқан ескі ерлік эпостары, 
тарихи,  ғашықтық   жырлары  мен  қиссалар  жаңғырта  жырланды,  онан  ары  вариантталды»  деген 
тұжырым жасайды /4/. 
Осы  тарихи  жырларды  халық  мұрасына  ұрпақтан  ұрпаққа  жеткізуші  дала,  дана 
жыршыларымыздың  бірі Ақтамберді жырау  Сарыұлы.  Ол 1675 жылы  Оңтүстік  Қазақстанда, Қаратау 
бойында  ауқатты  отбасының  шаңырағында  дүниеге  келген. «Тауарих  хамсаның»  айтуынша, 
Ақтамберді – ойратармен  күрес  дəуірінде  қазақ  қолының  басында  жүрген  ерлердің  бірі.  Ол – атақты 
Қара Керей Қабанбаймен бірге Найманның рубасы көсемі, əскербасы батыры болған. Сонымен қатар 
Ақтамберді жортуыл жыршысы, əлуетті жырау да болған.  
Ақтамберді – атадан жалғыз туады. Əкесі Сары – Найман Сыбан  ішіндегі орташа ғана дəулеті 
бар екен. Сондықтан да ол өз малын өз қызығына жұмсай алмай, ағайын-туғаннан зорлық-зомбылық 


 
86
көп  көреді.  Бұл  күн  сүйеніші,  жанашыры  жоқ  жас  бала  Ақтамбердінің  де  басына  түседі.  Алайда 
жүрегінде оты бар болашақ жырау жасымайды, өзіне, ата-анасына теперіш көрсетушілерден именбей, 
реті келген жерінде көңілдегі сөзін айтып салатын болады. Жырау өзінің алғашқы туындыларын осы 
шамада 10-11 жасында шығара  бастапты. Ақтамбердінің бұл кездегі өлеңдері мұң, зар, жалғыздыққа 
налу түрінде келеді.  
«Жағалбай деген ел болар, 
Жағалтай деген көл болар, 
Жағалтайдың жағасы  
Жасыл байтақ ну болар. 
Атадан алтау туғанның  
Жүрегінің бастары  
Алтынменен бу болар,  
Атадан жалғыз туғанның  
Жүрегінің бастары  
Сары да жалқын су болар,  
Жалғыздық, сені қайтейін!» 
Бала сонымен қатар ертең-ақ «жасы он беске жетіп, кеңеске кірер» күн туатынын, болашақтан 
үміті зор екендігін жырға қосады. Міне, осы өлеңдерді құлағы шалып қалған қара жүрек ағайындардың 
бірі Жангөбек Ботағара деген Ақматбердіні қамшының астына алады, тіпті, найзаның  ұшына ілмек те 
болады.  Алайда  жазықсыз  жас  балаға  аталас  туысы  Бердіке  батыр  ара  түседі.  Сол  күннен  бастап 
бұғанасы қатқанға дейін болашақ жырау осы Бердікені паналайды.  
Ақтамбердінің ақындық даңқымен балуандық, батырлық даңқы қатар шығады. Алайда ол күні 
кеше ғана өзіне теперіш көрсеткен ағайындарына қарсы күш жұмсауды нəмарттық деп біліп, бүкіл ел 
мүддесін ойлай бастайды, ру, ата намысын емес, игі қазақтың намысын қуады.  
Бұл Орта Азия хандықтарымен, қалмақтарымен үздіксіз соғыстар дəуірі еді. Ақтамберді қанды 
ұрыстардың талайына қатысады, өзінің ерлігімен, ұйымдастырғыштық, қолбасылық қабілетімен көзге 
түседі.  Батырдың  басынан  бақ  тайып,  сəтсіздіктерге  ұшыраған  кездері  де  болады.  Мəселен,  бірде  ол 
түрікпендерге  тұтқынға  түсіп,  ажал  пышағы  кеңірдегіне  төніп  тұрған  соғны  сəтте  ғана  ретін  тауып 
қашып құтылады. Жыраудың осы жолы, аяқ-қолына кісен салулы отырғанда өзінің басына төлем əкелу 
үшін  тұтқыннан  босатылған  жолдастарының  бірінен  сəлем  ретінде  айтқан  «Бізді  əкетті  Марыға»  деп 
басталатын ұзақ өлеңінің алғашқы жолдары сақталған.  
Ақтамберді  жер  ортасы  қырықтан  асқанда  ел  тізгінін  ұстап  отырған  Əз-Тəуке  хан  дүниеден 
қайтады.  Тəукенің  көзі  жұмылысымен-ақ  қазақ  сұлтандарының  арасындағы  ежелгі  бақастық  ашық 
жаулыққа айналады, үш жүздің жігі адырайды. Міне, осы сəтте бұдан гөрі құдіреттірек кезінде де ел 
шетіне  ене  алмаған  жоңғарлықтар  қазақтарды  аяусыз  соққының  астына  алады.  Ауыр  күрес  жылдары 
басталады. Ақтамбердінің осы кездегі тарихи оқиғалардың бел ортасында жүргенін көреміз.  
Ол  өзінен  бұрынғы  Доспамбет,  Шалкиіз  дəстүрін  алға  апарушы  еді.  Жырау  туындылары 
негізінен көне қазақ поэззиясы үлгісіндегі:  
«Түйе мойнын тұз кесер,  
Жігіт мойнын қыз кесер,  
Сартылдаған сары аяз  
Жылқының мойынын мұз кесер.  
Бұлан да бұлан, бұлан сан  
Бұланның санын оқ тесер,  
Бұлаңдап жүрген жігіттің  
Жомарт қолын жоқ жесер!» 
деген сияқты нақыл, афористік толғаныстар түрінде келеді.  
Ақтамберді  жырлары  көшпенді  қазақтардың  ой,  арманынан,  мақсат  мүддесінен  елес  береді,  
сақара  тұрғындарының  өмір,  тұрмыс  жайлы  түсінігін  бейнелейді.  Жыраудың  кейбір  толғауларын 
халқымыздың мінез-құлық ерекшеліктері, болмысқа өзіндік көзқарасы айқын аңғарылады.  
Мəселен, жыраудың «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп басталатын, ұзақ толғауын алайық. Қазақтар 
өзінің қонақжайлығымен, меймандостығымен ежелден-ақ мəшһүр. Халқымыздың бұл қасиетіне өткен 
ғасырларда қазақ топырағын басқан еуропалықтардың қай-қайсысы болмасын ерекше назар аударып, 
өздерінің шын көңілден шыққан ризашылықтарын білдіргені мəлім.  
Жомарт болған, шүден болған жақсы-ақ, бірақ  бұл – кез-келген қара сирақ кедейдің қолынан 
келе бермейді. «Ойпаң жерге он отау, қыраң жерге қырық шатыр тігіп» сансыз қонақты атқару үшін, 


 
87
«ауылдан топыр үзілмей», күніне он-ондап мал сойылып, қазан астынан от кетпеуі үшін мыңғыраған 
бай  болу  керек.  Қазақ  үшін  байлық – малда.  Малдың  еті,  сүті – тамақ  та,  жүні,  терісі – киім,  мал 
қазаққа көшсе – көлігі, мінсе – жүйрігі, яғни малсыз тірлік жоқ. Сондықтан да ескі патриархалдық –
феодалдық  қазақ    қоғамында  қай  көшпендінің  болмасын  арманының  асқарларының  бірі  –мал.  Міне, 
бұл жай да толғау кейіпкерінің назарынан тыс қалмайды.  
Мал көшпенділер үшін өмірдің қуанышы, тіршілік көзі болған осы бір тақырыпқа Ақтамберді 
өз толғауларында қайта-қайта оралып соға береді.  
Қазақтар үшін мал асылы – жылқы екені мəлім. Ешбір халықтың əдебиетінде жылқы дəл біздің 
əдебиетіміздегідей  дəріптелмейтін  шығар.  Əйткенмен  де,  мал  атаулының,  оның  ішінде  жылқының 
көшпенділер өміріндегі алатын орны жайлы Ақтамбердідей толғаған қазақ ақыны жоқ.  
«Арудан асқан жар бар ма,  
Жылқыдан асқан мал бар ма,  
Биенің сүті сары бал,  
Қымыздан асқан дəм бар ма!  
Жылқы қолдан тайған соң,  
Қызығы кетер күлкінің.  
Қыздың көркі құлпыда,  
Жігіттің көркі жылқыда!» 
Жыраудың  жылқы  малын  ерекше  көтермелеуінің  тағы  бір  мəні  бар.  Қолбасы  батыр  болған 
Ақтамберді сəйгүлік тұлпарды ер жігіттің жан серігі, ең жақын досы деп есептейді.  
Ақтамберді  қазақ  тарихындағы  ең  қиын  кездердің  бірінде  өмір  сүрді.  Ол  ауыр  жеңілістерді, 
дұшпанға бет қарай алмай дүркірей қашқан босқыншылықты өз көзімен көрді. Бірақ атақты батыр, ел 
тірегі,  Орта  жүздің  көсемдерінің  бірі  қажырлы  жыраудың  еңсесін  қайғы  баспайды.  Ол  ойраттарға 
қарсы  күресті  ұйымдастырушылардың  алдыңғы  сапында  жүреді,  елге  ұйтқы  болады.  Басынан  таяқ 
өтіп,  қаннан  қаймыққан,  бет  –бетімен  бас  сауғалап  кетуге  айналған  жұртқа  жанқияр  ісімен  де, 
жалынды  жырымен  де  дем  береді.  Ақтамберді  шығармашылығында  ең  басты  сарын – ерлікке, 
батырлыққа шақыру, дұшпаннан именбеуге, тайсалмай шабуға жігерлендіру десек, қателеспеспіз.  
«Балпаң, балпаң кім баспас,  
Басарға балтыр шыдамас,  
Батырмен деп кім айтпас,  
Барарға жүрек шыдамас!»  
Қалмақтардан жеңіліс, атамекен – шығыс облыстар мен Жетісудан айрылу, көптеген рулардың 
жау табаны астында қалуы бүкіл қазақ халқының қабырғасына қатты басқан еді. Жұрт дұшпаннан кек 
алар,  жау  қолында  қалған  ескі  қонысты  азат  етер  күн  тууын  аңсады.  Өз  заманының  талабын,  өз 
ортасының тілек, мүддесін білдірген Ақтамберді исі қазақ болып атқа қонуды, дұшпанға соққы беруді 
армандайды.  
«Күлдір – күлдір кісінетіп,  
Күреңді мінер ме екеміз,  
Күдерімен бау тағып,  
Кіреуке тон киер ме екеміз!»  
Жырау  өз  арманына  жетеді:  сақал – шашын  ақ  қырау  басып,  қартайған  шағында  ол  талай 
жеңітердің куəсі болады, туған жердің бір бөлігі  иесін қайта тапқан күнді көзімен көреді. Жау қолынан 
азат  етілген  шығыс  облыстарға  қазақ  рулары  қайтара  қоныс  аударған  кезде  атамекенді  жатырқап 
қалған  жұртты  орнықтыру  жолында  қарт  батырдың  белсенді  қызмет  атқарғандығы  аңғарылады.  Ол, 
тіпті өз қол астындағы елді отырықшылдандырмақ болып, егін де салғызады. Шығыс, Аягөз, Қарақол 
өңірінен  Ақтамберді  қаздырыпты  дейтін  тоғандардың  жер  болып  кеткен  орындарын  əлі  де  көруге 
болады.  
Ақтамберді  тоқсан  үш    жасында  дүние  салыпты.  Туған  жердің  топырағын  мəңгі  жастанар 
алдында  айтқан  толғауында    жырау  өзінің  өмірлік  мақсаты  тегіс  орындалғандығына  ризашылығын 
білдіре келіп, «батырларша оққа ұшпай, төсекте жатып тек өлгендігін» арман етеді.  
Елім  деген  ерді  халық  ардақ  тұтып,  оның  іс-əрекетін  жырға  айналдырған.  Əр  ақын-жыршы 
өзінше толғап, кейінгі ұрпаққа өнеге еткен. 
Аталған жырлардың бəрі де ұлт азаттығын көксеп, елі үшін басын бəйгеге  тіккен асыл ерлер 
жайында.  Бұл  жырлардың  қай-қайсысын  алсақ  та,  жыр  кейіпкерлері  тарихи  өмір  кешкен  ерлігімен 
дараланған  жандар.  Отаршыл  үстем  тап  өкілдері  шонжарларының  талап  еткен  ауыр  алым-салығына, 
озбырлығына қарсы күреседі. Мал үшін, жер үшін  дау-дамайдың өрбіп тұрған дəуірі еді. Қазақтарға 


 
88
жасаған  отарлық-озбырлық  саясаты  шектен  асып  кеткендіктен  халық  көтерілістерге  шығып  отырды. 
Бірақ  көтеріліс  жеңіліс  тапқан  жағдайда  билеушілер  халықты  аямай  қырғындады.  Мұндай  қырғынға 
шыдамаған ел  лажсыз  басқа  жаққа  аууына  тура  келді.  Қанды  қыспаққа  төзбей  ел  мен  жерден  еріксіз 
үдере көшу, босу - өз алдына бір тарихи қасірет. Қазақ баласының басына түскен бірнеше нəубеттер 
болған. Мəселен, Жоңғар қырғынында Қаратауды асып, ақтабанмен шұбырған көш. Яғни, басы 1723-
жылдан басталған шұбыру.  
Тарихи  жырлардың  жанрлық  ерекшеліктеріне,  кейіпкерлеріне  қысқаша  сипаттама  беріліп, 
тұтастанудың  сатыларынан   əлі  толық  өте  қоймауының  себептері  ашылды.  Этнографиялық 
құндылықтардың  тарихи  жырларда  да  көп  көрініс  беретіні   байқалады.  Ұлттық  наным-сенімдер  мен 
дүниетанымы,  əдет-ғұрпы  мен  тұрмыс-тіршілігі  өмірлік  шындық   деңгейінде  көрініс  тапқан.  Жыр 
оқиғасы  тарихи  шындықпен  орайлас  бейнеленген.  Кез-келген  тарихи  жырлар  сол  замандағы  халық 
басына түскен көріністі жырлайды.  


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   68




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет