Н. Ж. Женсикбаева география пәнінің МҰҒалімдеріне арналған күнтізбелік жоспарлар үлгілері



бет4/6
Дата23.08.2017
өлшемі5,17 Mb.
#25642
1   2   3   4   5   6

Он үшінші сабақ

Оқушылардың баяндамасы бойынша өтетін проблемалық сабақ

Тақырыбы: Көлдер және бөгендер

Сабақтың оқу тәрбиелік мақсаты:

1.Қазақстандағы көлдердің республика территориясында орналасу және пайда болуы жөнінде оқушылардың білімін кеңейту.

2.Көлдері шаруашылыққа пайдалану туралы түсінік беру.

3.Көл суларын қорғау алдымыздағы мақсат,оның келешек үшін маңызы бар екенін оқушыларға кеңінен түсіндіру.



Көрнекі құралдар: физикалық және геологиялық карталар, көлдердің суреттері.

Сабақтың барысы: Сабақ географиялық диктанттан басталады. Мұғалім карталарын ашып, оны жазып қоюды тапсырады. Одан кейін екі варианттың мазмұны оқылады, оқушылар атайтын өзендердің сандарын үстіне жазып қояды.

1 ВАРИАНТ 2 ВАРИАНТ

1.Ертіс 1.Сырдария

2.Жайық 2.Есіл

3.Сырдария 3.Іле

4.Бұқтырма 4.Үлбі

5.Ембі 5.Шу

6. Сарысу 6.Ырғыз

7.Нұра 7.Қызыл су

8.Шар 8.Торғай

9.Тобыл 9.Жайық

Мұғалім жазда суы мол өзенге /+/ қосу таңбасы, көктемде суы мол өзенге /0/ нөл, тартылып қалатын өзенге /-/ минус белгілерін қоюды тапсырады.

Кезекшілер карталарын жинап алады. Ал, қазір мына әңгімені тыңдап, айтылған географиялық обьект және қай жерде орналасқанын табыңдар.

Жұмбақ әңгіме. Бұл теңіз өте керемет аспан тәріздес. Оны дүние жүзіндегі ең көгілдір теңіз десе де болғандай. Мен өз елімізге сапар шеккен кезімде осы теңіздің суына түсіп, салқын, таза, жұмсақ жағалауында шаттана қыздырынған едім, суының түсіндегі түкті кілемге ұқсас балдырлары ашық қызыл барқытқа ұқсайтын еді. Одан алған әсерімді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын.

Егерде осы көлді толыстырып тұрған өзендер құрып кетсе, не болмаса оны егістік, бау-бақша, мақта өсіру плантациясын суару үшін бұрып алып кетсе бұл көлдің тағдыры не болар еді? Қазіргі кезде бастапқы аумағы 450³км-ге қысқарды, оның деңгейі 14 м-ге төмен түсті, күннен күнге суы ашылып жалаңаштанған түбінің көлемі ұлғайып келеді, ол қазірдің өзінде 2,6 млн гектарға жетті.Тұздылығы 27 пайызға өсті,ол қалыпты жағдайда 10-11 процент болуы керек. Теңізде құрып кету процестері жүріп жатыр. Бұл адам баласы үшін өкінішті ме?

СҰРАҚТАР


- Әңгіме қай теңіз туралы болды?

- Сендер соңғы сұраққа қалай жауап берер едіңдер?

- Осы теңізді сақтап қалу үшін қандай шара қолданар едіңдер, өз болжауларыңды айтыңдар?

- Біз бүгін қандай тақырып оқимыз?

- Қазақстан территориясында тағы қандай көлдер сендерге белгілі?

- Картаны мұқият қарап шығып, Қазақстан территориясындағы көлдердің жалпы орналасуының ерекшелігін түсіндіріңдер.

- Қазақстанның көлдері қалай пайда болғанын ойланыңдар?

Әртүрлі жолмен пайда болған көлдерді мысалға келтіріңдер. Көлге сипаттама беру үшін жоспар құрындар.Сол сапар бойынша Балхаш көліне сипаттама беріңдер. (Оқушылар жұмыс істейді). Мұғалім тақтаға үй тапсырмасын жазады, кескін картаға сандар арқылы барлық көлді белгілеңдер.

ЖҰМЫСТЫҢ ЖОБАСЫ:

1.Тексті оқып шығып, Қазақстанның кескін картасының келесі бетіне көлдерді нөмірімен реттеп жазыңдар.

2.Осы сандарды картаға орналастырыңдар.

3.Шартты белгілермен көлдерді пайда болу ерекшелігі бойынша көрсетіңдер. Белгілерді өздерің ойлап табыңдар.

Мұғалім үй тапсырмасын жазып алуды тапсырады.

Енді Қазақстанның кейбір көлдері туралы біздің тілшілердің хабарламасын тыңдайық.



Каспий теңізі туралы тілшілерге қосымша деректер. Каспий жер шарындағы ең үлкен көл. Оның суы ежелгі геологиялық уақыттағы Еуропаның оңтүстігін алып жатқан кермек тұзды теңіз болып саналады. Жүздеген жылдар бұрын Каспий деңгейі қазіргі кездегіден көп төмен болды. Оны Баку қаласы маңындағы теңіздің таяз суына байланысты көрініп қалған ескі қамал, үйлер, Ленкоран маңындағы теңізден шығып қалған бақшалардың, шіріп қалған жеміс ағаштарының түбірлері дәлелдей алады. Яғни, Каспийдің батыс жағалауы бұрын едәуір шығысқа жақын болған деген сөз. Каспий теңізі жер шарындағы ең үлкен балық питомнигі және балықтары да ерекше. Олар: көксерке, бекіре, шоқыр, пілмай т.б сияқты өте құнды балықтар. Осындай балық байлығын қалай түсіндіруге болады? Ол неге байланысты? Оның себебі балықтардың тіршілігі үшін өте жақсы қолайлы жағдай бар. Теңіз онша терең емес, жылы солтүстік жағында балыққа қажетті керекті заттар жеткілікті.

Алакөл көлі: Алакөл Қазақстанның көз жауын алатын көлдерінің бірі. Жоңғар Алатауының солтүстік шығысында жатқан тұзды көл миниралды тұздар мен күкіртті батпаққа бай. Алакөл туралы деректер сонау ерте ғасырдың тарихи жылнамаларында кездеседі. Х ғасырға дейінгі жылнамалар мен тарихи деректерде көл Итішпес деп аталған екен. Алакөл көлі Алакөл ойыстарының ең терең бөлігінен орын алады. XIII-XIX ғасырлар аралығында көл Гурге-Нор (көпірлер көлі), Алақтүгүл, Алатеңіз, Алақта, оңтүстік (шығыс) Алакөл атауларымен танымал болды.

Алакөл ресейлік, қытайлық тарихшыларға, ғалымдарға ежелден таныс. Алакөл деген атаудың өзі айтып тұрғандай, көл суы кейде мөп-мөлдір, кейде қарақошқылданып жатады, судың жартысы тұщы, жартысы теңіз суындай ащы. Емдік қасиеті бар тұсы Ұржар ауданының Жарбұлақ өңірі маңайында ғана екен. ХІ ғасырда атақты итальян саяхатшысы – Марко Поло Ұлы Жібек жолымен келіп, Алакөл жанынан бірнеше рет өткен. Хан ордасы – Қарақорымға бара жатқан жолда Іле Алатауы мен Тарбағатай жоталарында арқар, тау ешкісін аулаған қансонарларға да қатысқан. Итішпес көлі туралы қалдырған пікірлері де бар. Алакөл серіктері Жалаңашкөл, Сасықкөлмен жалғасып жатса, Балқашпен кезінде біртұтас болған деп пікір білдірген де Марко Поло.

Ұйғыр, найман жасақтарымен қақтығысқан қанды шайқастардан кейін Шыңғыс хан да осы Жалаңашкөл мен Тоқта-Барлық арасындағы тау алқабындағы Алакөл жазығында бір-екі ай дамылдап, жараларын балшықпен емдеп сауығып кеткен дейді. Содан болар, Шыңғыс хан әлемдік жорығы аяқталғаннан кейін “Жер кіндігі осы, демек туымды осында тігемін!” деген екен.

Алакөл көлінің физико-географиялық орналасуы: Алакөл Іле Алатауының Тарбағатай тауымен сілемдесетін тұсында Жер-Ананың жанарындай төңкеріліп жатыр. Алакөл теңіз деңгейінен 247,3 м абс. биіктікте орналасқан. Көл аумағы (аралдарымен қоса есептегенде) 2696 шаршы км. Ұзындығы 104 км, ең кең ені 52 км. Жағалауының ұзындығы 384 км, орташа тереңдігі 22,1 м. Ең терең жері 54 м. Көлдің су көлемі – 58,56 текше км. Су жиналатын алабы 47859 шаршы км. Суы өте кермек. Алакөлге 15-тен астам үлкенді кішілі өзендер құяды. Олардың бастылары: Ұрыжар, Қатынсу, Емелқұйса, Жаманөткел, Ырғайты және Жаманты және де Алатау сілемдерінен ұсақ онға тарта өзен құйылады екен. Ал, көлден сыртқа шығатын өзен жоқ. Сондықтан да болар, көктемде қар еріген уақытта Алакөлге екі таудың, бүкіл Үржар өңірінің қар суы келіп тоғысады. Соның салдарынан Алакөл көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл, әсіресе, көлдің Жарбұлақ тұсы жағынан анық байқалады. Көл соңғы 10 жылда көлемі жағынан екі есеге дейін артқан.

Алакөл жағалауы негізінен төрттік дәуірдің түрлі тау жыныстарынан (саз балшық, құмды топырақ, қиыршық тас, ұсақ құм) тұрады. Көл суының қатуы да әрқалай. Тайыз бөлігі қараша айының аяғында, орта тұсы ақпанның басында тегіс қатады. Мұзқұрсай 2 айға дейін созылады. Алакөл көлі Қазақстанның ішкі бөгендері арасындағы көлемі жағынан екінші және республиканың ағынсыз өзендерінің арасындағы жалғыз терең көл болып табылады. Алакөлдің су көлемі Балқаштың су көлемінің жартысына тең және Бұқтырма мен Волга бөгендерінің су көлемдерінен артық. Алакөл өзінің серіктері Жалаңашкөл және Сасықкөлмен жер асты сулары арқылы сабақтасып, аралары ну қамыспен тұта­сып кеткен. Енді бір 10-15 жылда бұл үш көл тұтаса келіп, Алакөл көлемі жағынан Балқашпен иық тіресіп кетуі де мүмкін. Кеңес Одағы тұсында көл жаға­сының құрағы мен қамысын отау салда­рынан көл зардап шегіп, суы жаз айларында қатты буланып, тартыла бастайтын. Қазір көлдің жан-жағын жарты шақырымға дейін ну қамыс қоршаған. Ол өз кезегінде судың көп булануына жол бермейді. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан Алакөл көлінің атымен аталған Алакөл қорығы бар. Қорық 1998 жылы құрылған. Ауданы 20,7 мың га. Қорық Алматы облысындағы Алакөл ауданында орналасқан.Батыстан шығысқа қарай созылып жатыр. Қорықтың негізгі мақсаты - Алакөл жүйесіне енетін көлдерді мекендейтін су құстарын (аққу, реликт шағала, қаз және т.б.) қорғау.

Алакөлдің флорасы мен фаунасы өте бай болып келеді. Алакөлдегі барлық флора мен фауна Балқашта да кездеседі. Кездеспейтіні қаратұмсық шағала мен қызыл күрең түсті қоқиқаз (пеликан). Бұлар еліміздің қызыл кітабына енгізілген. Алакөлде және оған құятын өзендерде - ақбалық, жайын, шортан, шабақ, алабұға, т.б. балықтар көптеп кездеседі. Бірақ, кейінгі кезде Балқаштан мұнда әкелген ақбалық (судак) басқа балықтарды азайтып жіберген. Алакөл маңында құстардың 283 түрі (олардың 12-сі “Қызыл кітапқа” енген), өсімдіктердің 323 түрі, сүтқоректілердің 40 түрі, қосмекенділердің 2 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 14 түрі бар. Су өсімдіктерінен қамыс, қияқ, қоға, шалаң, су қарақұмығы, жебежапырақ, мүйізжапырақ, т.б. өседі. Зоопланктондардың 80 түрі кездеседі. Көлдерден сазан, көксерке, алабұға және шармай ауланады. Көл маңы құсқа (жылқышы, аққу, шағала, көкқұтан, т.б.) бай. Көлемі ұлғайған сайын көлде құс саны көбейе түсуде. Көл бойында 35 км созылып жатқан «Құстар Аралынан» фламинго құстары мен басқа да әртүрлі құстарды көруге болады. Олардың 38 түрі Қызыл кітапқа енген. Ал, қызылтым қоқиқаз (пеликан), қара тұмсық шағала (реликтовая) тек дүние жүзінде осы Алакөл мен Үнді мұхитындағы бір аралда ғана кездеседі екен. Кезінде бұл мәселені терең зерттеп, ғылымға жаңалық қосқан Мұхтар Әуезовтің ұлы Ернар болатын. Ал, осы Алакөлдегі Аралтөбе деген аралды құс базары десе де болады. Мұнда қалай келгені белгісіз, улы жыландардың үш түрі, ұялы қасқырлар мекендейді.

Алакөл көліне демалуға келуші туристер санының жылдан жылға артуына байланысты көл жағасындағы санитарлық жағдай алаңдатады. Жардың суы шайып, қопарыла құлаған тұстарынан, сынған құмыра, қоқыс­тардан аяқ алып жүре алмайсың. Көл жағасында демалып жатқандар да босаған ыдыстар мен қоқыстарды демалған жерлеріне тастай салады. Ал, киіз үйлер маңына орнатылған қалқаға (дәретханаларға) үймелеген көк шыбынды айтсаңызшы. Жыл санап жақындаған су ондай қалқаларды көлге алып кетіп жатыр. Сондай-ақ бей-берекет салынып жатқан сансыз құрылыстарда есеп жоқ. Демалушылар тазалықты сақтамаудың нәтижесінде көлдің маңы жлдан жылға ластануда. Сондықтан көлдің демалыс аймағын Туризм және спорт министрлігінің құзырына тезірек көшіріп, барлық түйінді мәселелердің шешілуін осы министрлікке беру қажет сияқты.

Балқаш көлі. Балқаш Қазақстанның шығысында көлемі жағынан Каспий мен Аралдан кейінгі үшінші орын алатын су қоймасы. Құрғақ орталық Қазақстанның құмды шөлдері мен ежелгі қираған таулардың түйіскен жерінде орналасқан. Балқаш жағалауына жататын жерлер Тянь-Шаньмен, Жоңғар Алатауыннан ағып шығатын бірнеше өзендермен тілімденіп жатыр. Балқаш көлінің суының 80 м³ тек Іле өзені ғана береді. Бұл өзен көлге өте көп мөлшерде құм, тұз алып келеді. Көлге құятын өзеннің сулары тұщы, бірақ та Балқашқа 4 млн. тоннадай тұз жинап береді. Өзендермен келетін тұздардың көбін тірі организмдер сіңіреді. Бірақ та құмдар мен шалшықтар көл түбіне шөгіп қалады. Балқаш көлінің көлемі ерте заманда мүлде басқаша болғанына геологиялық деректер дәлел болады.

Қорғалжын көлі. Қазақтың құдыретті әсем-сәнді көлдердің әсерлеп сипаттау қиынырақ. Бұл өзен қазақтың әсерлі теңеуі бойынша даланың көгілдір көзі іспетті, ол Ақмола даласында шашырап жатыр. Ұзындығы 33, көлденеңі 18 км, жалпы көлемі 400 текше км. Қорғалжын Арқадағы ең тамаша көл. Бұл Солтүстік Қазақстандағы тұщы көлдердің ең үлкені.

Көлдің бір ерекшелігі, жағалауында әдеттегідей құмды ашық дала емес, бас аяғына көз жетпейтін, қамысты, қоғалы алқап алдыңыздан шығады. Қамыстардың арасында көптеген көл тармақтары мен көлшіктердің шытырмандары жасырын жатады. Мұндай қамыстың арасында жасырын жатқан көл тармақтарын тек ұшақтан ғана байқауға болады. Бір қызығы осы қамыс тоғайы құстармен балықтардың сенімді қорғаны екенің көп адам біле бермейді. Тұзды көлге мысал ретінде Теңіз көлін алуға болады. Қазақтар бұл көлді Теңіз деп бекер атамаған. Оны көлемінен көреміз. Көлдің ұзындығы 85, көлденеңі 30 км, жалпы көлемі 1,5000 текше км. Көлемі жағынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достасытығы елінде 12 орын алады. Батыс жағы жайпаң, түбі таяз болып келеді, кешіп бірнеше жүз метр жүргеннің өзінде тізеден аспайды. Солтүстігінде жиегінің өзінің тереңдігі 6-7 метрге жетеді. Көлдің түбі балшықты кей жерлері балдырмен жабылған. Бір таң қалдыратын жай ол жағалауда және көлдің суында тіршілік белгісінің жоқтығы. Жағада таспаға ұқсап созылып жатқан тұз қабыршығы, құстар мен балықтарды жібермейтін тиім салынған шекара сияқты.

Бұл жерде тірі организмдер қалай өмір сүре алсын? Суы ащы тұзды, жағалауын, түбін тұз қабыршықтары басқан, ойпатты жерлері де тұзды балшыққа толы. Айналаның бәрі тұзды. Жаз айның кейбір күндері су үстіне жасыл бұлтқа ұқсас түтін пайда болады. Бұл уақытта жағадан алыс тұрсаң да мұрныңа хлор иісі келіп тұрады. Мұндай тұзды жерден тірі жан біткен алыс жүреді, жоламайды. Ал осындай жерге қоқиқаз құсты келіп ұя салады.

Теңіз көлінде бірнеше ашық аралдар бар. Бірақ, оған жетуге мүмкіншілік жоқ, қайықпен баруға таяз, жаяу барғанға ұйысқан су балдырлары кедергі жасайды. Адам, не төрт аяқты жыртқыш бара алмағанда бұл араға қоқиқаз қауымымен орналасып алыпты. Нәзік қызылтым қауырсыны бар сәулетті ірі құс, көргеннің көзін қуантып, тіршіліксіз теңіз көліне жан бітіргендей.

Қазақстандағы ірі көлдердің біріне Зайсан көлі жатады. Көлдің аты «Ізгі», «Асыл» деген ұғым береді. Бұл атты жоңғардың ашыққан тайпасы, көлге келіп тірелгенде, оның көп балықтарына қарық болып, өздерін өлімнен құтқарғаннан кейін, осылай деп атапты. Бұл көлдің тағы бір аты Хут-хуту-Нор, ол қазақшаға аударғанда «Сылдырлаған қоңырау көлі» деген мағына береді. Желді күндері көл толқыны сыңғырлап, тұратындықтан осылай атаса керек. Теңіз деңгейінен 1485 м биіктікте.

Оңтүстік Алтай тауындағы тектоникалық ойпатта сәнді Марқакөл орналасқан. Көлдің көлемі 544 текше км, тереңдігі 27 м. Марқа – қазақша күзгі қозы. Бұлай аталуының сыры бар. Баяғыда бір өте мықты бай адам болыпты. Табын-табын жылқысы, мыңдаған отар қойы болса керек. Оның бір сұлу қызы болыпты. Оны күйеуге беруге әкесі келіспейді екен. Құдаласып келгендерді есіктен жаратпай қайтарып жібереді екен. Бір уақытта ол жігіттер жан-жағына ақ киіз үй тігіп байды ортаға алды. Бай енді жігіттерге мынадай шарт қояды. Қызымды кім марқа еті піскенше атпен көлді айналып келсе соған беремін дейді. Марқа еті піседі, көлдің көлемі үлкен, алыс, бітпейтін іс болды ғой деп, күйеу жігіт қиналғанмен, басқа амалдары болмай атқа отырады. Осы уақытта байға жалшы болып жүрген қойшы жігіт келеді де – «Рұқсат етіңіз, мен көлді жағалай шауып шығайын» - дейді. Байды ыза кернеп, «мына жігіттерге сен қалай тең келесің, сенің жұмысың қой бағу» - деп ақырады. Бірақ жігіттер өздерімен бірге шабуға келіседі. Бай да рұқсат беруге мәжбүр болады. Қойшының үш жастағы жүйрік тайы бар еді. Ол соған сенген. Жағалаудың ұзындығы 95,5 км, ет пісірім уақытта шауып өту керек. Ол белден асып, көзден көрінбей кеткен кезде қозыны сойып қазанға салады. Қонақтар жиылып, қымыз ішіп, шәй үстінде әңгіме құрып отырады. Күн ұясына кіруге айналды, ет бүлкілдеп қайнап жатыр, кеткендерден ешкімнің қарасы көрінбейді.

Бай аспазшылардан «марқаның еті пісті ме?» деп сұрап қояды. «Әлі шикірек» деп жауап береді ас пісірушылер. Өз достары болған соң олар жандары ашып уақытты кешкі бесінге дейін созды. Күнді енді-енді батуға жақын. Тағы да бай «Сендердің естерің дұрыс па! Марқа еті пісті ме?» - деп мазаланады. «Әлі піскен жоқ, бірақ жақын қалды» деп өздері айналаға қарап тынышсыздана бастайды. Осы кезде алыстан бір қара көрінеді. Ол келе жатқан қойшы жігіт болып шығады. Өзінің үш жасар жүйрік тайымен шауып келеді. Сөйтіп басқа жігіттердің барлығынан бұрын келеді. Осы уақытта аспазшылар «ет пісті» деп айқайлайды. Сөйтіп кедей бақташы барлық бай күйеулерді жеңіп шығады. Ол кезде айтылған сөздің бағаланатын кезі. Бай сөзінен қайта алмай қызын беруге келіседі. Қойшы байдың қызын жақсы көруші еді. Махаббат жеңіске жетті. Үлкен той жасап, бай қойшы жігітке қызын беріп және малының жартысын енші етіп бөліп береді. Бірақ үш жасар тай шабысты көтере алмай зорығып өліп, таза махаббатттың құрбаны болды.

Ал, енді аңыз мынадай.

Көлдің орнында кең жазық дала болыпты деседі. Бұл жерде жасыл алуан түрлі әсем шөптер өсетін. Осы даланың дәл ортасында бір бастау болыпты. Бір күндері жергілікті малшы қойын осы бастау маңайында жайып жүреді. Бір кезде отарындағы бір кішкентай марқа қозы су ішуге бастауға барғанда сүрініп кетіп, бастауға түсіп кетеді. Қойшының ұлы оны бастаудан шығарамын деп әлекке түсіп, шығара алмайды, керісінше су түбіне тарта береді. Әкесіне жүгіріп барып: «Әке, марқа суға батып барады», - дейді. Енді екеуі бастауға барып, әйтеуір әрең дегенде марқаны шығарып алады. Осы уақытта бастаудан су атылып даланы басып кетеді. Атқылаған су шөптерді, ағаштарды басып жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін барады. Осылай көл пайда болған деген ел аузында аңыз бар. Осылай қозының құрметіне көл Марқа деп аталған.

Сұрақтар мен тапсырмалар:



  1. Қазақстан көлдерінің қандай ерекшеліктері бар?

  2. Көлдердің таралуында қандай заңдылықтар бар?

  3. Өздерің тұратын аймақтарда көлдер мен бөгендерге сипаттама жазып беріңдер.

  4. 2 көлге сипаттама жазып келу.



Он төртінші сабақ

Тақырыбы: Қазақстанның өсімдіктері мен жануарлар дүниесі

Сабақтың оқу-тәрбиелік мақсаты:

  1. Қазақстанның өсімдіктері мен жануарлары жайлы білім беру.

  2. Балаларды өз ойын ашық жеткізе алуға, картамен жұмыс жасауға, өткен материалдарды қайталау арқылы есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту.

  3. Оқушыларға елдің қайталанбас тіршілік дүниесін қорғау және сақтау бағытында тәрбие беру.

Оқу іс-әрекеті. Оқулық, сурет, карталарды пайдалана отырып түсіндіру. Слайдттар, бейнефильмдер көрсету.

Құрал-жабдықтар. Қазақстанның физикалық картасы, атлас, Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлары мен өсімдіктері жайлы сурет көрмесін ұйымдастыру.

Сабақтың барысы. Балалар! Қазақстанның өсімдіктер дүниесі су басып жатқан кезден, бор дәуірінің аяғы мен палеоген дәуірінің бас кезінен басталған екен. Қазақстанның өсімдіктері мен жануарлары туралы алдын-ала дайындалған оқушылардың баяндамасын тыңдайық.

  Бірінші баяндама: Қазақстанда өсiмдiктердiң 15 мыңдай түрi бар. Оның 2 мыңнан астамы балдырлар, 5 мыңдайы - саңырауқұлақтар, 600-ге жуығы - қыналар, 500-ге жуығы мүк тәрiздiлер және 6 мыңнан астамы - жоғары сатыдағы түтiктi өсiмдiктер. Қазақстан микрофлорасының (саңырауқұлақтар) құрамындағы түрлердiң 4,8%-ы эндемик болып табылады. Жоғары сатыдағы өсiмдiктердiң түр байлығы, интродукцияланған, мәдени дақылдар мен кездейсоқ әкелiнген 500-ден аса түрлердi қоспағанда, 161 тұқымдасқа, 1120 туысқа жататын 6100-ге жуық түрден тұрады. Оның iшiндегi 730 түр тек Қазақстанда өсетiн - эндемиктер. Бұлардың iшiндегi ең ерекше 12 монотиптi туыс бар: физандра, рафидофитон, жалған шөлмасақ, жалған шандра, боченцевия, канкриниелла, тобылғыгүл, птеригостемон, пастернаковник және тағы басқа түрлері кездеседі. Қазақстан флорасындағы түрлердiң басым бөлiгi 15 тұқымдасқа топтасқан. Алғашқы құрлықтық өсiмдiктердiң қалдықтары Оңт. Балқаш өңiрi мен Бұрынтауда жоғ. ордовиктiк қатпарлардан табылған. Олар плаун тәрiздiлерге жататын Akdalophyton caradocki пен қырықбуынға жататын - Sarituma tatjanae. Бұлар шамамен 450 млн. жыл бұрын тiршiлiк еткен.



Екінші баяндама: Республикамыздың қазiргi флорасы эоцендiк субтропиктiк (36 - 58 млн. жыл бұрын), олигоцендiк орманды-мезофильдiк (26 - 35 млн. жыл), неогендiк ежелгi жерортатеңiздiк таулы-ксерофиттiк, субтропиктiк-ксерофиттi бұталық және миоцен-плиоцендiк алғашқы далалық (13 - 25 млн. жыл), плейстоцендiк (2 млн. жыл) флоралардың негiзiнде қалыптасқан. Өсiмдiктердiң Қазақстан жерiнде таралуы, түрлер мен эндемиктердiң топтасуы, табиғи аймақтар мен таулық белдеулерде әр түрлi.

Қазақстанның жазық бөлiгi орманды далалық, дала, шөлейт және шөл белдемдерiне (аймақтарға) ажыратылады. Орманды далалық аймақ республика жер аумағының 2,04%-ын алып жатыр, 54˚с.е-тен жоғары Көкшетау мен Петропавл қ-ларының маңында орналасқан. Орман түзушi түрлер: жылауық қайың, талдың бiрнеше түрлерi, бұталардан: итмұрын, тобылғы, далалық шие, т.б. бар. Бұл белдемнiң шалғындық және далалық телiмдерiнде алуан түрлi шөптесiн өсiмдiктер мен астық тұқымдас шөптер басымдылық ететiн қауымдастықтар таралған. Бұл аймақ 2 белдемге бөлiнедi: 1) оңтүстiк ылғалы аз қоңыржай жылы орманды дала белдемi - сұр ормандық топырақта қайыңды-теректi, теректi ормандар, ал қара топырақта шалғынды-далалық экожүйелер орналасқан; 2) қоңыржай құрғақ шоқталған орманды дала белдемi - қайыңды-теректi шоқ ормандар мен қара топырақтағы алуан-түрлi және астық тұқымдасты шөптесiн өсiмдiктi далалық экожүйелер таралған.



Далалық аймақ елiмiздiң жер аумағының 28%-ын алып жатыр, аум. 110,2 млн. га, батыстан (Едiл-Жайық өзендерi аралығынан) шығысқа қарай (Алтай-Тарбағатай тау бөктерi) 2500 км-ге созылып жатыр. Далалық флораның құрамында 2000-нан астам түр бар деп шамаланады. Оның 175-i-эндемиктер. Негiзгi басым түрлер: қау (боз), сонымен қатар бетеге, тобылғы, қарағай, аласа бадам. Далалық аймақ 3 белдемге бөлiнедi: 1) қоңыржай-құрғақ және құрғақ дала; кәдiмгi және оңт. қара топырақтағы алуан түрлi шөптесiн - бозды белдем; 2) қоңыржай-құрғақ және жылы-құрғақ белдем-күңгiрт қара-қоңыр және қара-қоңыр топырақтардағы бетегелi-бозды дала; 3) шөлейт құрғақ, қоңыржай ыстық белдем — ашық қара қоңыр топырақтағы жусанды-бозды дала. Шөлдi аймақ — жалпы аум. 124,6 млн. га. Өзiне тән өсiмдiк жамылғысы алуан түрлi, 2500 — 2800 түр бар, олардың iшiнде 200 - 215 түрi - эндемиктер. Шөлдi аймақ 5 белдемге ажыратылады: 1) солтүстiк далалы жердегi құрғақ, қоңыржай-ыстық шөлдер — аум. 40 млн. га немесе елiмiздiң жер аумағының 14,7%-ы. Өсiмдiк жамылғысы астық-тұқымдасты - жартылай бұталы (боз, еркекшөптi-жусанды) шөлдер мен құмдақ-бұталы (жүзгiн-раң-шағыржусан-еркекшөптi) шөлдер тарайды; 2) орталық (солтүстiк тұрандық) өте құрғақ, ыстық шөлдер — аум. 51,2 млн. га, немесе республика жерiнiң 18,9%-ын алып жатыр. Бұл жерлерде жартылай бұталы (жусанды, бұйырғынды, изендi), сексеуiлдi, бұталы (қоянжын-жүзгiндi) өсiмдiк жамылғысы дамыған; 3) оңтүстiктегi өте құрғақ, ыстық шөлдер - аум. 30,3 млн. га, немесе Қазақстанның 11,1%-ын алып жатыр. Бұл жерлерге эфемероидты - жартылай бұталы (сұр-жусанды, эфемерлi), ал дөң және тiзбектелген аллювийлi - эолды құмдарда бұталы-сексеуiлдi-эфемероидты (сексеуiл-қоянжын-жүзгiндi) өсiмдiк жамылғылары тән; 4) тау етегiндегi құрғақ, өте ыстық шөлдер - аум. 3,2 млн. га немесе Қазақстанның 1,2%-ы. Негiзiнен эфемероидты iрi шөптесiн-жартылай бұталы өсiмдiктер өседi; 5) тау етегiндегi өте құрғақ шөлдер - аум. 11,6 млн. га, немесе республиканың 4,3%-ын алып жатыр. Эфермероидты-псаммофиттiк бұталы өсiмдiк жамылғысы тән.

Үшінші баяндама: Қазақстанның таулы экожүйелерiнiң аум. 18,6 млн. га, яғни республика жерiнiң 7%-ы. Бұл ретте есепке алынып отырғаны 4 - 5 биiктiк белдеулi биiк таулар ғана. Таулы экожүйелердiң флорасын 3400 — 3600 түр құрайды деп шамаланады. Оның iшiнде 540 - 570 түр эндемик болып табылады. Тек Қаратаудың флорасында 165 - 170 эндемик түрлер бар. Олардың iшiнде, шыршалы (шренктiк шырша, сiбiрлiк шырша); май қарағайлы, самырсынды (сiбiрлiк самырсын, сiбiрлiк майқарағай); қылқан жапырақты ормандарды; алмалы (Сиверс алмасы, қырғыз алмасы), өрiктi (кәдiмгi өрiк), қайыңды-теректi (түктi қайың, көк терек) - жапырақты ағаш ормандарды атап өтуге болады. Таулы экожүйелерде итмұрын мен бөрiқарақаттың (зеректiң), аршаның, қылшаның, бетегенiң, сарыкүйiк қауымдастықтары да кең тараған. Қазақстанның табиғи флорасы- пайдалы өсiмдiктердiң қайнар көзi. Мұнда жем-шөптiк өсiмдiктердiң 700-ден астам түрi, дәрiлiк өсiмдiктердiң 400-ге жуық, әсемдiк-безендiрушiлiк 700 - 800, ширнелiк (300-ден астам), эфир-майлық (450-ге жуық), улы-зиянды (250-ден астам) өсiмдiктер түрлерi бар.





Қазақстанның пайдалы өсімдік түрлері



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет