Немат Келімбетов Үміт үзгім келмейді


—  Айтыңызшы, сіз үшін ақындық та кəсіп боп көріне ме? —



Pdf көрінісі
бет5/18
Дата30.11.2023
өлшемі1,09 Mb.
#194265
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18
Байланысты:
Үміт үзгім келмейді
3 деңгейдегі ОФД, 1 деңгейдегі ОФД
— 
Айтыңызшы, сіз үшін ақындық та кəсіп боп көріне ме?
— 
Жоқ, — дедім сауалының астарын ұқпай.
— 
Суретші болу ше? О да бір кəсіп пе?
— 
Жоқ.
— 
Сонда не олар?
Мен жауап таппай, сасқалақтап, күмілжіп қалсам керек. Ол өз
сұрағына өзі жауап берді:
— 
Меніңше, бүкіл жан-дүниесі, күллі жаратылысы шалқыған шабыттан
қаланып, о баста ақын боп туылған жанның ақын болмай қалуға
правосы жоқ. Демек, ақындық ол адамның өзі қалап алған мамандығы
емес, қайта ақынның өзін оқтын-оқтын қыл мойынға тақап, сұмдық жан
азабына түсіріп қинайтын табиғи парызы. Дəрігерлік те солай. О баста
өзінің осы іске деген икемі, ынтасы, тіпті дарыны болмаса, қанша
оқытса да одан нағыз дəрігер шықпайды. Дəрігерлікті кəдімгі
кəсіптердің бірі деп түсінетіндерге жаным ашиды. Өзім дəрігермін.
Əйтсе де, əріптестерім маған қашанда үнемі бір құпия, киелі қасиеті
бар, елден ерекше жандар сияқты боп көрінеді. Мұндай қасиет басқа
тірі пендеде жоқ екеніне жүрегім кəміл сенеді. Мені дəрігер еткен міне
сол сенім.
Иə, сенімнің ұлы күші бар. Меніңше, тек өз бойындағы күш-
қуатқа, ерік-жігерге, дарын-қабілетке қалтқысыз, бар жан-тəнімен
сенген адам ғана биік мұрат-мақсат шыңдарына шыға алады.
«Мама! Сен айтқан ертегіде ұшырасатын Троя шаһарын мен қалайда


іздеп табам!» Генрих Шлихман анасына осындай зор сеніммен ант
ішкенде небəрі сегіз жаста ғана екен. Əрине, сегіз жасар баланың бұл
сөзіне кезінде өзгелер түгілі, өз анасы да иланған жоқ.
Баласының соншалықты батыл, үзілді-кесілді, сеніммен сөйлегеніне
күлді де қойды. Бірақ сол бала өсе келе бүкіл əлемді таңдандырып,
Трояны ақыры тапты гой.
Рас, оның бүкіл ғұмыры сол ертегілер мен Гомердің аңыз-жырларында
ғана аталатын, белгісіз қаланы іздеумен өтті. Бірақ ол ұлы жаңалық ашты
ғой. Бұл хабар кезінде дүниені дүр сілкіндірген. Əйтпегенде ше! Мұндай
қала тек Гомердің ұшқыр қиялынан туған атау ғана болуы ықтимал еді
ғой. Ондай кала ешқашанда салынбаған, тек ертегі айтушылардың
ойынан шығарылып алған нəрсе болса ше? Солай болуы да ғажап емес
қой? Əрине. Онда Шлиманның бүкіл омір бойы істеген еңбегі босқа
кетер ме еді. Əрине. Өмір бойы сағым қуалап, жалған мақсатқа жетем деп
алданып өтуден ауыр өкініш жоқ шығар. Өмірде ондай тағдырлар да аз
болмаса керек.
Сегіз жасар Шлиман ертегіге сенді Есейе келе ол өзін- өзі сендіре
білді. Өзіне-өзі сенімді адамның күш-жігерінде шек бола ма?!


Ал, мен ше, Гауһар! Өзімнің нағыз инженер-қүрылысшы екеніме
жүрегім сене ме? Əлде оған күнелту құралы деп қараймын ба?
Мұндай сауалдар бұрын қалайша ойыма кіріп-шықпай жүрген?
Қоғам алдындағы өз борышын ақыл-парасатпен терең түсініп,
дəрігерлік міндетін ойдағыдай атқарып жүрсе де өз мамандығын іштей
ұнатпайтын досым есіме түсті.
Мүмкін, мен де сондай шығармын деген ой келді. Мұны қалайша
тексеріп, білуге болады?
Менің əкем өле-өлгенше ағаш өсіріп өткен бағбан болғанын білесің
ғой. Сол кісі біреулерге қатты ызасы келіп, яки өз тағдырына күйініп,
қайғы-қасіретке уланған сəттерінде ұдайы өзі еккен бақтың ішін жалғыз
өзі аралап кететін. Сол ағаштарға мұңын айтқысы келгендей-ақ
əрқайсысын алақанымен сипап-сипап өтетінді. Əр түп алмасын өз
колымен отырғызып. өз баласындай мəпелеп жетілдірген, əрбір бұтағын
жатқа білетін таныс бақты əкем неге аралайтын сонда? Мүмкін, ол
ашуын тарқату үшін емес, өз өмірінің дұрыстығына, өзінің ел-жұртқа
қажеттігіне, өз арының тазалығына көзін жеткізіп, өз бойындағы сенімін
арттыра түсу үшін аралаған шығар. Адам қайғы-қасіретке ұшырағанда
бойындағы сенімі күрт азайып кете ме деп қалдым. Өйткені жан
күйінішіне түскен кісілерді əдетте жақын достары: «Уайым жеме, бəрі
орнына келеді», — деп сендіре бастайды ғой. Солай екенін мүмкін
кезінде əкем де сезген шығар. Əлде оның ең сенімді достары сол
жайқалған бақтағы мөлдір жапырақты ағаштар болды ма екен? Онда
əкем өз бойындағы күш-жігеріне де, өз кəсібін дұрыс таңдай білгеніне де
ешбір күмəн келтірмей, иманындай сенген екен ғой.
Ал, менің бойымда өмірге деген, өз ісіме деген сондай үлкен Сенім
бар ма? Егер мен өзіме-өзім сенбесем онда өмірге соншалықты құштар
болар ма едім? Адам өзі нанбайтын нəрсеге өлердей кұмар болуы
мүмкін емес қой. Алдымен өмірдің өзіне ғашық болмай тұрып, сол өмір-
мұхиттың жалғыз ғана тамшысы — бір адамды жан тəнімен сүю мүмкін
емес қой. Мұхит суының бір тамшысы арқылы күллі əлемдік мұхиттың
кұрамын зерттеп біледі емес пе? Сол сияқты мен де бүкіл Сенім мен
Махаббат əлемінің табиғатын жалғыз өзің арқылы танып білем, Гауһар.
Егер өмірге қүштар болмасам, мен өзіңді соншалықты сүйе алар ма
едім, Гауһар?! Онда достарымды осыншама еметайым езіліп сағынар ма
едім?! Айнала төңірегімдеп бейтаныс жандардың бəрі көзіме оттай
басылып, осыншама ыстық көрінер ме?! Туған елдің сұлу табиғаты


жаныма лəззат беріп, мені соншалықты еліктіріп, қызықтырып, тіпті
көркше мас қып қояр ма еді?!
Демек, мен мына өмірге өгей емеспін. Өмірге өгей боп қалудан
қорқынышты нəрсе жоқ шығар. Өгей анаға жақсаң да, өгей өмірге ұнау
мүмкін емес шығар.
Кең далада бұла болып, емін-еркін, арда өссем де, өмір- анаға арда
бала емеспін. Мен өмірді, өмір мені жатырқап көрген жоқ. Соған
ризамын.
Жұмыс бастан асып, күнделікті күйбеңмен күйіп-шсш жүргенде
кейде түңіліп кетіп, өз мамандығымыз жайында артық сөз де айтып
жіберетініміз бар-ау. Əйтсе де, мен өз кəсібімді жанымдай жақсы көреді
екем. Оған да осы ауруханада жатып көзім жетті. Өзіңе сəл көмескілеу
көрініп тұрған нəрсенің бəріне осылайша алыстау жерден қарау керек пе
деп ойлап қалдым.
Иə, төбесі көкпен таласқан ғажайып үйлер тұрғызу, инженер-
құрылысшы болу балауса шақтан-ақ аяулы арманым емес пе еді? Сол
арман мені алдамағанына есейген кезімде көзім жетті. Демек, мен бұл
жолда адаспаған екем.


Кейде мен қала көшелерімен қыдырып келе жатып, өзіміз салған
үйлердің жанынан өте бергенімде бейне бір жас баладай аяқ астынан
мəз-мейрам боламын. Мұндай сəттерде бойымды бір түрлі мақтаныш
сезімі кернеп кететін сияқты. Жер бетіндегі ең əсем үйлердің бəрінің
кірпішін жалғыз өзім қалап шыққандай-ақ мерейім биіктеп, бір жасап
қалам. Өзім жақсы коретін адамның бəрі мұндай сəттерде көзіме үй
тұрғызып жатқан құрылысшы боп елестеп кетеді. Бақыт деген осы емес
пе екен деген ойға келем. Мүмкін, солай да шығар. Бірақ өзім бақыт
жөнінде бұрын-соңды ойлап көрген емеспін. Меніңше, оны сөзбен,
оймен, қиялмен түсіну, сезіну мүмкін емес. Балды жеп көрмегендер тіл
үйіретін тəттінің не екенін қайдан ұқсын.
Меніңше, тек бақытты жандар ғана бақыттың шынайы табиғатын
жақсы сезінсе керек.
Мен бүгін бақыттымын ба? Бүгін... Бүгін мүмкін бақытты да
шығармын. Ал, ертең ше? Ертеңгі күнге, ертеңгі операцияға, ертеңгі
өмірге қалтқысыз сенем бе? Егер көңілімнен күдік қүрты табылмаса,
онда шынында да бақытты болғаным. Адамдар көбіне ертең өз
өмірлерінде қандай оқиға боларын күні бұрын болжап біліп те жатады.
Бірақ қандай көріпкелі бар, əулие адам болса да, ертең өз бойын қандай
сезім билеп əкетерін біле алмайтын шығар. Ал, адамның өзі бақытты
екенін сезіп, лəззаттана алмаған соң ондай бақыттан не пайда! Мен
өзімнің бақытты екенімді бүкіл жан-тəніммен, алпыс екі тамырыммен
толық сезген сəттерде ғана бақыттымын.
Мейлі. Ертеңгіні бүгін уайымдамай-ақ қояйықшы. Əр нəрсені өз
уақытында көрген қызық шығар. Ертеңгі Күннің бүгін емес, ертең
шыққаны жақсы емес пе? Енді тек таң атса-ақ операция...
Таң алдында бес-он минут қана мызғып, көз шырымын алғаным
болмаса, бұл түнді мен үйқысыз өткіздім.
5
Таңсəрі шақтағы алатөбе мезгілде əлденеден шошып ояндым. Елең-
алаңдағы бозғыл сəуле түнгі қараңғылықты біржола жеңіп, палата ішіне
алатеуім жарық түсе бастапты.
«Бүгін операция» деген үрейлі ой есіме сап ете түсті. Оған дейін əлі бір-
екі сағат уақыт бар. Соншама уақыт не істеймін?
Ақылбек пен Қайсар бүгін ертерек оянса керек. Менің ұйқымды


бұзбау үшін олар өзара сыбырлап сөйлесіп жатыр. Бүгін пəлендей еш
нəрсе бола қоймайтындай-ақ жай- барақат, асықпай-аптықпай, күндегі
əдеттерімен əзіл-қалжыңдарын араластыра əңгіме соғуда. Екеуі де
іштерінен бүгін маған операция жасалатынын сезсе де, сезбеген, білсе де
білмеген, тіпті оған мəн бермеген боп жатыр. «Тəйірі, сол да сөз бе екен»
дегендей ыңғай танытқысы келеді.
Ауруханада науқастар бірін-бірі операция алдында тек осылай ғана
демей алады. Ол күні палатада ешкім операция жөнінде тіс жарып, ауыз
ашпайды. Бұл — қағазға түсірілмей қалған қатал заң. Дəстүр. Оны саған
ешкім түсіндіріп жатпайды.Сын сағатта солай істеу керектігін ешкім
айтпай-ақ өз жүрегіңмен үғасың.
Міне, қазір сол заң күшіне еніп тұр. Мен де бүгін оларға назар
аудармауға тырысам Бəрің ұмыту үшін тез-тез киініп алдым да, терезе
алдына барып, тысқа көз тастадым.
Аспан əлемінің бірте-бірте қүлдилай құлап, сонау көз ұшындағы
жермен астасып кеткен көкжиегі жаңа ғана қарағанымда сарғылт түсті
болатын. Енді сол кокжиектегі сарғылт бояу біртіндеп қып-қызыл түске
айналып бара жатты. Шығар күн осылайша түрлі-түсті бояулар арқылы
адамдарға хабар беріп келеді екен-ау деп ойладым
Мəссаған' Қалайша бірден байқамадым екен? Алма ағаштарының
бұтақтарын аппақ ақша қар көмкерін алғандай. Айнала төңіректің бəрі
аппақ. Бір түннің ішінде ауладағы бүкіл алма гүлдеп кетіпті. Гүлдері
бадырақтай- бадырақтай «Күн күркіремесе, алма


ағаштары бүр жарып кете алмай, бусанып қатты қиналады», — деген
əкемнің сөзі есіме түсті.
Түнімен күн күркіреп, найзағай ойнап, соңынан ақ жауын төпеп
шыққан еді. Қазір аспан шайдай ашық. Бір түннің ішінде соншама өзгеріс
болғанына тіпті кеңілім онша сене қоймайтын сияқты.
Кеше мына ағаштар, шынында да, бүр жарып, гүл шығаруға
дəрмені жетпей, булығып, өзін-өзі азапқа салып, аласұрып
жатқандай еді. Бүгін мені көрдіңдер ме дегендей еңселерін
көтеріп, жайқалып, жадырап тұрғандай боп көрінді маған.
Мен де бүгін кешегіден гөрі əлділеу сияқтымын
Ертең де осылайша шығыс жақты алтын нұрға бөлеп, арайлап таң
атады. Мына алма ағаштары ертең де дəл осылай боп гүлдеп тұрады.
Адамдар ертең де осының бəрін тамашалап, рақаттанады. Одан арғы
күні де дəл солай болады.
Мұның бəрі мəңгі-бақи осылайша қайталана береді. Өйткені адам
қанша қараса да өмір қызығына ешқашанда тоймайды. Ашық
аспанды, алтын күнді, өмір гүлін тамашалаудан бұрын-соңды
жалығып көрген емес — адам.
Бүгін менің де кешегідей жігерім жасып, зəразап боп тұрған жоқ.
Кеше сəл үрейге бой алдырып, өзім де жүнжіп кетсем керек. Терезеден
далаға қарап тұрып, осындай ойға келдім.
Əйтеуір бүгін өзіме-өзім кешегіден гөрі батылдау, тіпті еркіндеу боп
көріндім. Бұл қайдан келген өжеттік? Тап қазір құдды жайшылық
кездегідей өзіме-өзім сенімді екеніме шүбəм жоқ.
Əдетте біз өзімізді қорқақ санаймыз ғой. Бірақ алыстан жаналғыш
тажалдай боп үрейлі көрінетін сол қызыл көз пəле — қауіп-қатер
төбемізге төніп, қоян-қолтық жақын кеп қалған сəтте қалайша
қайраттанып, қалайша жігерленіп, көзсіз батыр боп кеткенімізді өзіміз де
сезбей қаламыз.
Қазір мен де сол таяп келген қатерді менсінбей тұрған шығармын.
Гауһар! Көгілдір көктем көрінісі қашанда сені есіме салады. Қазіргі
бар арман-тілегім
— өзіңді тағы бір рет көру. Сенімен сырласу. Кеше саған таңертең кел
деп айтпағаныма енді өкініп тұрмын. Бұрын-соңды өзіңді дəл қазіргідей
аңсамаған шығармын. Саған айтар сырым ішіме сыймай бара жатқан
сияқты.
Бүгін ойлап қарасам, екеуіміз бірге өткізген он жылдың ішінде саған


өзім хақында мардымды еш нəрсе айтпаппын ғой. Қашан да дүние
өртеніп бара жатқандай ала өкпе боп, аптығып асығамыз да жүреміз.
Қайда асығамыз? Неге асығамыз? Ауруханаға қамалмай, сау-саламат
жүргенімде неге мен асықпай, аптықпай отырып, осы ойларымның бəрін
өзіңе ақтармадым екен?
Тіршілікті ең жақын, ең жақсы көретін адамдарымызбен сырласуға
уақыт қимай, оларга сұмдық бір қатыгездік жасайды екенбіз ғой.
Мұндай мейірімсіздікті басқаға емес, неге ең аяулы, ең қымбатты
адамдарымызға жасаймыз? Неге? Себебі олар қашанда кешірімді келеді.
Біз соны іштей сеземіз. Біле тұрып, жақсылыққа жамандықпен жауап
береміз. Ғұмыр бойы əлгіндей кінəмізді ауырламай, бетімізге баспай
жүргеніне алғыс айтудың орнына, оған үсті-үстіне қиянат жасаймыз —
онымен сырласуға уақыт таппаймыз.
Кейде арзымайтын істерге қыруар уақытымызды сарп қыламыз. Ал,
ең жақын досымызға «уақыт жоқ» дей саламыз. Сөйтіп, оның көңіліне
қалайша қаяу салып алғанымызды кейде өзіміз де байқамай қаламыз.
Əрі өзіміз салған жауырды өзіміз жаба


тоқып, түк көрмегендей көлгірсіп жүре береміз-ау. Мұның қиянат
екенін енді ғана сезгендеймін.
Ал, сен бұдан да зорын кешіріп, бетіме қарсы келмей, бəріне де мақүл
деп жүре беріпсің ғой. Маған соншалықты кеңшілік жасағаныңа бүгін
тəнті болдым. Кейбір күндері үйге мас боп оралсам да, түн ортасында
келсем де ауыз ашып, қыңқ еткен жоқсың. Қилы- қилы қылықтарыма да
шыдадың. Рас, мұның бəріне кейінірек өзім де ұялып, кірер жер таппай
жүрдім. Бірақ əлі күнге сол қисынсыз қылықтарым үшін сенен кешірім
сұрамаппын ғой, Гауһар. Сөйтсем бəрі де менің қамым екен ғой. Он
жылдан бері ылғи менің ыңғайыма қарай жығылып келесің. Менің
көңілім жайында болса, бар мақсат- арманыңа жеткендей қуанушы едің
ғой. Мұның бəрін кезінде сезіп жүрсем де, оған жете мəн бермегенім
қалай?
Иə, бəрін де біліп, бəрін түсініп жүрдім. Сен институтта жақсы
оқыдың. Білімге сондай құштар едің. Бірақ менің жағдайыма қарадың да
оқуды тастап, фабрикаға жұмысқа бардың. Саған сəл обалдау болғанын
ішім сезді. Бірақ қолдағы қарт əке-шешеге де күтім керек еді. Сен
солардың қас-қабағына қарадың. «Сен үшін, сенің əке-шешең үшін
оқымай қалдым», — деп ешқашанда маған міндет қылған жоқсың.
Алғашқы айлығыңа маған костюм алғаныңды қалай ұмытам, Гауһар?
Ол кезде өзіңде жөнді көйлек те жоқ еді ғой. Сонда өзіңе емес, маған
алдың. Өзің ішіп-жемесең де менің əке-шешемнің аузына тостың.
Солардың көңілін жықпау үшін жаныңды салдың.
Гауһар! Сен менен гөрі əлдеқайда жассың. Əйтсе де, отбасы жүгінің
ауыр жағын осы күнге дейін сен көтеріп кепсің ғой. Бүгін ойлап
қарасам, мен өз үйімнің ерке баласындай боп жүре беріппін-ау. Жаз
шықса — қыстың қамын, қыс түссе — жаздың қамын жейтін сен.
Жақсы көргеннің жөні осылай екен деп мені тым еркелетіп
жібердің бе? Əлде мен өзім тұяқ қимылдатуға ерінетін бойкүйез
жалқау болдым ба? Айтшы өзің!
Құлқын сəріден тұрып, түн ортасы ауғанша тізе бүкпейсің ғой. Ас-су
əзірлеу де, үй ішін жинау да, баланы бақшаға апару да, əкелу де, жол-
жөнекей азық-түлік дүкендерін аралау да, тағы да толып жатқан
қисапсыз жұмыстардың бəрі де бір өзіңнің мойныңда болды.
Фабрикадағы жұмысың өз алдына бір төбе.
Ал, мен ше? Мен тек өз қызметімді ғана білем. Қалған уақытымның
бəрі зар жылап, зая кетіп жатыр екен ғой. Тым құрыса үй шаруасына да


онша-мұнша қолғабыс тигізбеппін-ау. Əлі күнге дейін азық-түлік
дүкенінің кай жерде екенін, яки еденді қалай жуып тазалау қажеттігін
білмеймін. Тіпті өз үйімде не бар, не жоқ екенінен де бейхабар екенмін.
Меніңше, төзім де табиғи таланттың бір түрі шығар.
Бірақ сенің бір басыңа соншама көп шаруаны артып қойып, қалайша
қабырғам қайыспай жүре бердім? Соны ойласам көңіл-күйім сабындай
бұзылады. Неге мені кезінде жəукемге алмадың? Əйтсе де, сенің күшің
сол үндемегеніңде боп түр ғой. Аядың ба мені? Əлде түбінде бір өзі
түсінер дедің бе? Рас, бүгін өзім-ақ ұқтым бəрін. Бірақ бұл кештеу емес
пе? Егер бүгіннен тірі қалсам, онда бұдан кейінгі тіршілігіміз мүлдем
басқаша болады. Отбасының бар тауқыметін өз мойныма алам.
Ал, егер тірі шықпасам ше? Онда мен сенің көзіңе қайдағы бір
бозкүйік, борбас адам боп көрінген күйімде мəңгі бақи қалып қоям ба?
Қазір мен үшін бұдан үрейлі нəрсе жоқ.
Саған мен не жақсылық көрсеттім? Үйленерде бəрін үйіп-төгіп, тау-
тау уəде беріп едім. Есіңде ме, «Неке тойынан кейін екеуіміз туристік
саяхатқа шығамыз», — деп едім. Шықтык па? Жоқ. Алғашында
қаржымыз аздау дедім.


Ал, қалтамыз қалыңдаған кезде уақыт тапшы дедім.
Есіңде ме, жыл сайын демалысқа бірге шығып, бірге курорттарға,
демалыс үйлеріне барып тұратын боп келісіп едік қой. Қосылғалы бергі
он жыл ішінде тым қүрыса ір мəрте бас қосып, курортқа бардық па?
Жоқ. Неге. Менің жұмыс істейтін мекемем екеуімізге жолдама да алып
берді ғой. Бірақ сен бармадың. Мен зорламадым. Үйдің кəкір- шүкір
шаруалары басыңнан асып жатыр еді.
Некеге тіркелер күнгі уəдем есіңде ме? Алтын сақинаны да,
бриллиант көзі бар сырғаны да, меруерт моншақты да тойдан кейінгі
бірінші айлығымнан əпермек болғам. Əпердім бе? Жок. Рас, саған киім
алдық. Үйге бұйым алдық. Бірақ соның бəрінің не керегі бар? Əлі күнге
дейін саған алтын сақина да, бриллиант көзді сырға да, меруерт моншақ
та сыйламаппын ғой. Бұл не? Сараңдық па, əлде салақтық па?
Салқындық па?
Мөлдір махаббатты куə етіп тұрып, алдында ант ішкендей болып
едім. Сен маған иманыңдай иландың. Сонда менің антты аттап, сертті
бұзғаным ба? Саған айтканымның бəрі бос уəде, тоқылдақтың тəубесі
боп шыққаны ма? Мынау сұмдық қой. Бетім бүлк етпей сонша
уақыттан бері саған қалай ғана сөйлеп жүрдім екен?
Бұлардың бірде-бірін бетіме салық етіп салған емессің сен, Гауһар!
Өйткені кеңсің.
Кешірімдісің. Кінəмшіл емессің. Ең бастысы — менің өзіңе деген
ыстық ықыласыма ешқашанда шүбə келтірмейсің.
Міне, көрдің бе, Гауһар? Менің операция столында жатып өлуге
титтей де правом жоқ екен. Өйткені əлі тындырылмаған істерім басымнан
асып жатыр. Алдымен саған берген сертімді орындап, неке сақинасын,
тағы басқаларын түгел алуымыз керек. Аяқ жететін жердегі курорт-
санаторийдің бəріне барамыз. Біз бармаған, біз көрмеген шаһар да, ауыл
да, тау мен тас та қалмайды. Сосын үй шаруасын, бала күтімін, дүкеннен
азық-түлік тасуды сенің нəзік иығыңнан түсіріп өле-өлгенше өзім арқалап
өтем! Аспан айналып жерге түссе де саған, сірə, күрең қабақ
көрсетпеймін.
Айнала төңірегіміздегі басқа адамдарға да борыштар сияқтымын.
Бүгін ойласам кезінде маған азды-көпті септігі тиіп, жақсылық жасаған
жандар көп екен. Ал, менің кімге пайдам тиді? Қара бастың қамынан аса
алмай калыппын ғой.
Адам қашанда өзінің ерік-жігерінің əміршісі, ал өз ар- ожданының


құлы болуы керек емес пе? Демек, мен өзімді- өзім ширата түсуіме
болады. Ол үшін өз ерік-жігеріме əмірші боп, оны оқтын-оқтын
қамшылап тұруым керек шығар. Сонда ғана мен адамдар алдындағы
қасиетті азаматтық парызымды бір минутқа да жадымнан шығармас
едім.
Мен өз ар-ожданымның құлы бола алдым ба? Жоқ, əрине. Егер мен
ондай биіктікке көтерілсем, онда саған берген антымнан аттап өтіп
кетпес едім ғой. Бəрін кейінге қалдырып келдім. Ертең-бүрсігүні деп
жүргенде зуылдап жылдар өте шыққанын да байқамай қаппыз-ау.
Өмір өтіп баралы
ертенменен, Қайтем
оны?!
Жанбаған, өртенбеген.
Өзімнен-өзім бүгін жеркенемін,
Өмірде еш нəрседен жеркенбеп
ем, —
деп жырлаған ақын Мұқағали Мақатаевтың өлең жолдары есіме түсті.
Осыншама жасқа келгенше мені тірі пенде « арсыз» деп айыптап
көрген емес. Бірақ ар-намыстың шынайы табиғатын енді ғана ұқтым
десем нанасың ба? Жасыратын несі бар? Турасын айтсаң, қазір менің бір
аяғым көрде, бір аяғым жерде ғой. Жан алқымға кеп, өлім бейнесі көзіме
елестеп тұр. Мұндай жан тылсымға тақалғанда жылдар бойы кеудемізде


бұйығып жатқан ар-намыс оянып алып, адам жанын одан бетер қинай
түседі екен. Тегінде, ары таза адамдар титтей де қиналмай-ақ, емін-еркін
жан тапсыра ма деп қалдым. Мүмкін, оларды да қинайтын тағы бір
құбылыстар бар шығар. Бірақ мен онысын білмедім. Өйткені осы бір
жанталас сəтте өзімді-өзім сүттен ақ, судан таза адамдар қатарына қоса
алмадым. Оған ар-ожданым жібермеді. Өйткені сенің алдыңда аз да
болса өзімнің кінəлі екенімді жүрек құрғыр сезіп тұр. Өзімді-өзім қалай
алдамақпын.
Рас, ар-ождан дегеніміз жүрек яки өкпе секілді адамның денесінен
тауып көрсетуге болатын жеке мүше емес. Алайда, ар-ождан солардың
бəрінен де мықтысы ма деп қалдым. Ер жігітті қамшылап, не бір ерлік
істерге жігерлендіріп жіберетін сол ар-намыс сезімі емес пе?! Демек, одан
қүдіретті күш жоқ. Тірі қалсам, онда ғұмыр бойы осы бір күшке бас иіп
өтер едім.
Рас, ел-жұрттың, жора-жолдастардың, туған-туысқандарымның
алдында арым тау суындай таза. Оған ешкім күмəн келтірмейді.
Инженер-құрылысшы ретінде тындырған істерім де аз емес. Біз салған
əрбір үй соның куəсіндей боп қасқиып тұр. Біреудің ала жібін аттаған
емеспін.
Бірақ жанымдай жақсы көретін, ең жақын адамның алдында ұятты
екенімді ойлағанда тындырған істерімнің бəрі көзіме көрінбей, құны көк
тиын боп қалады.
Қолымнан келген жақсылықты ешкімнен аягі қалған жоқпын.
Қолымнан келген...
Бірақ бұл бүгін аз секілді боп көрінді. Қолынан келмейтін жақсылықты
істейтін де жандар бар.
Гауһар! Балалық шағымызда балауса жүрегімді тебіренткен бір оқиға
тап қазір ойға оралып отыр. Сол оқиғаның маған қатты əсер еткені
сондай, əлі күнге дейін көз алдымда елестеп тұр. Бірақ сол оқиға маған
сабақ болмаған екен. Өкінішті-ақ.
Кешегі соғыстан екі аяғынан бірдей айрылып қайтқан Қаратай
дейтін ағам туралы айтып едім ғой. Сол кісі құртақандай жер бауыр
арбаға отырып, əрі өзін-өзі сол мүгедектер арбасына қайыс-жіппен
мықтап таңып тастаушы еді. Сосын екі қолымен жер тіреп əлгі арбасын
əрең жылжытатын. Бес-алты қадам жерге жету оған ақыреттен қиын еді.
Біздер, ойын балалары, көктем келсе-ақ Сұрымсайдан шықпай
қоятынбыз. Өйткені бұл кезде мұнда қызғалдақ та, көбелек те көп. Бұл


сай ауылдан екі-үш километр жерде
Бір күні Сұрымсайда қызғалдақ теріп жүріп зəрем ұшты. Өзімнен
бес-алты адым жерде өсіп тұрған қалын шөптің бастары өзінен-өзі
тербеліп, шайқалып кетті. Шоқ басып алғандай ыршып түстім. Маған
қарай жылан жылжып келе жатқан шығар деп қалдым.
Артынша-ақ əлдекімнің аһлеп, уһлеп, қүдды зорығып ыңыранғандай
үні естілді. Бір сəт өз көзіме өзім сенбей аңырайып қалдым. Əлп қалың
шөптің арасынан қылтиып мүгедек ағамның басы көрінді. Баяғы жер
бауыр тақтай арбасымен жылжып жүр. Борша- боршасы шығып терлеп,
үсті-басы терге малынып тұр. Өзі əбден діңкелеп, шаршаса керек. Түтігіп
кетіпті, бірақ көздерінен қуаныш үшқыны шашырайды. Қос жанары
жарқ-жарқ етіп, бойында жатқан қыруар қайсарлықты сездіргісі
келгендей. Бұл кісі мұнда қалай жеткен деген сауал ойыма өзінен- өзі сап
ете түсті. Екі-үш километр жерге жолсыз, сүдігер арқылы қалай келген?
Мынадай жер бауыр арбамен айнадай тегіс асфальтта қозғалудың өзі
қияметтен қиын ғой. Əлде, біреу атпен яки арбамен жеткізіп тастады ма
екен? Ол өзі маған сəл күлімсіреп, бір түрлі қуақылана қарап қояды.
«Менің мұнда неге келгенімді білесің бе?» деп түрғандай. Үсті-басы адам
көргісіз лай-лай. Жейдесінің жеңдерін шынтағына дейін түріп қойыпты.
Екі білегін де тікен тілгілеп, айғыз-айғыз етіп


тастаған Ағамның сонау көз ұшындағы ауылдан осында сүйретіліп, өз
күшімен жеткеніне енді ешқандай күмəнім жоқ еді.
Шынында да, соншама əбігерге түсіп неге келді екен деп ойладым.
Дозақ отынан өткендей өзін-өзі осыншама азапқа салып неге келді?
Сондай-ақ мына елсіз, жансыз сайда не бар? Бірақ əрі ойлап, бері ойлап
дардай кісіні соншама азап шектіруге арзитындай-ақ мына сайдан еш
нəрсе ойлап таппадым.
Бағанадан бері өз ойыммен өзім əуре-сарсаң боп, түк те байқамаған
екем. Ағам кеудесін астындағы жер бауыр тақтайша-арбаға жалпақ
қайыстармен іпатып-пұтып таңып тастаған деп едім ғой. Кеуде түсынан
айқыш-үйқыш тартылған сол қайыстардың ара- арасына қаз-қатар етіп
қызғалдақ гүлдерін тізіп қыстыра беріпті. Сонда бүл кісі шынымен- ақ
гүл теруге келген бе? Жоқ Гүлді не қылсын ол? Қыз дейсің бе,
қызғалдаққа қызығатын. Ағам айтпай тұр. Əйтпесе бұл келуінде құпия
бір сыр бар деп ойладым. «Сізге қызғалдақтың керегі не?» деп те сұрамақ
боп оқталдым. Бірақ жүрегім дауаламады.
«Немене, даланың гүлін маған қимай тұрсың ба, əлде сенің ойыңша
мүгедектер адам емес пе?!» деп кейін тастаса қайтем.
Ауылға бірге қайттық. Жол-жөнекей ағам өзінің екі аяғы сау кезде осы
Сүрымсайда құрбыларымен асыр салып ойнағанын, ортекедей орғи
шауып, көбелек қуғанын, кейінірек осында колхоз жылқысын баққанын,
құлағына құрық тимеген небір асау аттарды ауыздықтап, арынын
басқанын айтып берді. Ол өзінің соғысқа дейінгі өмірін əңгімілегенде
жүзі бір түрлі нұрланып, көздері ойнақшын, тінп көзнің астындағы
əжімдері де өзінен-өзі ғайып боп кетеді екен.
Ақыры ауылға да жеттік-ау. Мен де ілесіп үйіне бардым. Ешкім
жоқ екен. Жеңгем колхоз жұмысында болса керек.
Үйдің іші тап-тұйнақтай жинаулы. Келген бойда-ақ ағам аласа
стол үстіндегі қыш көзеге су құйып, ішіне өзі əкелген гүлдерді салып
қойды. Сосын дереу жуынып, шайынды. Сақалын қырды. Таза
жейдесін тауып киді. Бетіне əтір жағып алды. Айнаға қарап, шашын
тарады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет