Нәстілек Сәменбетов Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім (тарихи-шежірелік жинақ) Алматы – 2017 ж «Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім»


Шақантай батыр туралы айтылатын аңыздар



бет2/49
Дата13.12.2019
өлшемі11,85 Mb.
#53545
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49
Байланысты:
history1b


Шақантай батыр туралы айтылатын аңыздар

  1. Шақаң Жаңыл бәйбішесіне үйленгеннен кейін жайлауға ауылы көшіп, өзі қару-жарағымен, нөкерлерін ертіп көшті қорғап, ал Жаңыл бәйбіше жорғаға мінген сән – салтанатымен көштің алдында келе жатады. Бұл кезде күңі қалмақ қызы Еңке жаяу түйені жетектеп көшке ілесіп, қорлыққа шыдамай Шақантай батыр қасынан өтіп бара жатқанда әлденені айтып, назаланып сөйлеп қояды.

  • Мен өтіп бара жатқанда неге сөйлейсің? – деп, Шақаң садағын жұлып алып Еңкені атып жібереді де, өзі алға жүріп кетеді. Бөксесінен садақтың оғы тиген Еңке екбетінен түсіп, қанға бөгіп жатады. Көш тоқтап, у-шу болып, көш алдында кетіп бара жатқан Жаңыл бәйбішеге хабар жетеді. Оқиға болған жерге келсе, екпетінен жатқан Еңке садақтың жебесін ешкімге алғызбай «мені кім атса, сол келіп жебені өзі суырсын, әйтпесе осы жерде өлемін» -

деп жатқан күңді көреді де, Жаңыл алдыңғы жаққа озып кеткен Шақаңа кісі шаптырып шақыртады. Шақаң да бәйбішенің шақыруымен қайта келгенде Жаңыл оған: «Жебені өзің суырып ал», - деп айтады. Атынан қарғып түскен батыр Еңкенің етегін көтеріп, бір аяғымен бөксесінен басып тұрып, қолымен жебені суырып алып лақтырып жібереді де, кетпекші болып ыңғайлана бастағанда Жаңыл өзіне шақырып алып: - Батырым, сен өз ағаттығыңды өзің жуып, өз қолыңмен садақ жебесін суырдың. Сен Еңкенің етегін көтеріп, оның тәніне қолыңды тигіздің, енді сол айыбың үшін осы Еңкені тоқалдыққа аласың, – деп, көшті тоқтатып, үй тіккізіп той жасайды. Сол Еңкенің зираты бүгінде Семей облысы, Шұбартау ауданы, «Алғабас» совхозының жерінде Малгелдіден төмен тұрған күмбез зират. Еңкеден Құлбарақ деген жалғыз ұл туған. Шақантай ұрпақтарының ішіндегі ең көп өскен аталардың бірі.

  1. Шақантай батырдың бәйбішесі Жаңыл өте ақылды, ел қамын, ұрпақ өсуін ойлаған данышпан ана болса керек. Осы Жаңыл Шақаңа өзінен басқа он екі әйел әперіп, өз қолынан отау шығарып отырған. Шақантайға «Батырым, сен жорықта жүресің, ел аралап, аң қағып кететін, ауылыңда болмайтын көп күндерің болады, сол сапарларыңнан қайтқанда қай ауылыңа келсең де жетектеген түйеңді бақыртып, ауыл иттерін абалатып, өзің дауыстап дыбыс беріп, елді дабырлатып кел», - дейді екен. Мұнысы «қаншама сенімді дегенмен әйелдерің сенің көзіңе нәпсісін тия алмай шөп салуы мүмкін. Ал, сен үн-түнсіз келіп үстінен түссең біреуі жазым болады, ел бүлінеді, шырқымыз бұзылады, сондықтан сен жолаушылап қайтқанда дабырлатып келсең, кінәлі адам өзі де кетіп қалады. Ал, әйелдерің екіқабат болса, оның бәрі сенің балаң, ұрпағың болып өседі», - деп айтып отырады екен. Осы бәйбішенің айтқаны келіп, Шақаң ұрпағы рулы елге айналып көбейсе, өзі осы елдің ұранына айналды, жарықтық.

  2. Шақантай ұрпақтары өзінің көзі тірісінде өсіп, бірнеше ауыл болып жағалай отырғанда, керей еліне басқа елден екі жолаушы жігіттер келеді. Ел шетіне ілінген соң әр ауылға тоқтап: «Мынау кімнің ауылы, анау кімнің ауылы» - деп сұрайтын әдет бойынша жағалап келе жатады. Қай ауылға соқса да, «мынау кімнің ауылы» деп сұраса да: - «Шақантай ауылы», «Шақаңның пәленше деген баласының ауылы», - деп қайталана береді. Тек «Шақантай ауылы, Шақаң ауылы» деген сөзден басқа ештеңе естімеген екі жігіт назаланып, келесі бір ауылға келгенде аттан түсіріп жатқан Шақаңның өз ауылының жігіттеріне де:

  • Кімнің ауылы? - деген сауалдарын қояды. Бұл ауылды «Шақантай ауылы» - дейді, сонда дегбірсіз екі жігіт:

«Қызыңды ұрайын, Ел шетіне кіргеннен ана ауылға барсаң да, «Шақантай ауылы», мына ауылға барсаң да «Шақантай ауылы» - неткен көп ауыл?» Өсіп кеткен ел, қызыңды пәлен етейін» - деп боғауыз сөз айтып, балағаттап аттарынан түсіп, қонақ үйге кіріп, орналасып жатады. Ауылға келген жолаушының кімдер екенін ел ағасына хабарлайтын салт бойынша Шақаңа да екі жолаушы жігіттердің басқа елден келгенін, ал олардың дегбірсізденіп «қызыңды ұрайын, неткен көп ауыл» - деп балағаттағандарын да жеткізіп қояды. Шақаң қонақ кәде бойынша мал сойғызып күткізеді де, «бұл жігіттерді бір сынайық, боқтап қызыңды ұрайын», - десе нағыз еркек азаматтар ма, жоқ, әлде аузынан боқтық кетпейтін былапыт, қолдарынан түк келмейтін қыдырмашылар ма» – деп, жігіттеріне тапсырма береді. Қонақтар тамағын ішіп, ел жатарда екі жігіттің жатқан үйіне өзінің ауылының екі қызын қоса төсек салдырып, бір үйге түнеп шығуға жеңгелері арқылы тапсырма береді де: егер екі жігіт нағыз ер-азаматтар болып, қыздардың қойнына барса соларға үйлендіріп, екеуін күйеу жігіт етіп, қыздарын ұзатып, той жасайтынын, ал аузымен айтқандарын ісімен істемесе басқадай шара қолданып, елге масқара жасап, абыройларын төгетінін ауыл адамдарына ескертеді. Ертеңінде қонақтар тұрған соң қыздарын шақыртып, жолаушы екі жігітпен қыздар арасында ештеңе болмағанын, жігіттердің жүрексініп қыздардың қойнына бара алмағандарына көздері жеткен соң екі жігітті шақыртып алады да, кеше ел шетіне ілінгеннен бастап істеген қылықтарын, боқтағандарын мойындатып, ауыздарымен айтқандарын қыздарды қойындарына салып жатқызғанда да істерімен істемегендерін, ал олардың тек боқтампаз, ел бүлдіргіш, қолдарынан ештеңе келмейтінін, еркек болуға ылайық адамдар емес екенін ескертіп, айыптарына әтек болатындарын айтады. Ауылдағы қожаны шақыртып, екеуінің де еркектік бездерін сылытып алып тастатқызады да әтек (еркекшора) жасап, жазылғанша ұстап, еліне қайтарып жібереді. Міне, бұл әңгіме де ел арасында аңыз болып тарап, Шақантай туралы айтылатын көп аңыздардың біріне айналды. Бұл бір естіген кісіге қатыгездік болып көрінуі де мүмкін, ал шындығында бұл қатыгездік емес, «аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі» - деген осы. Шақаң ұзақ жасап 1793 жылы, яғни, 87 жасында Бақанас бойындағы Қарауыл төбе басында қайтыс болған. Бұрын тек тастан үйілген қорым зират қана болса, кейін үлкен күмбезге айналған. Шақантай қабірінің сол жағында үш – төрт қадам биіктеу жерде тағы бір қабір – қорым тас бар. Ол Матақтың зираты, Жастабан Керей Бегімбеттің Бекназар – Қосай, Бекназардан Құдайберді, одан Майбасар мен Жауғашар (Алшаң) туады. Майбасардан Матақ, Жауғашардан Шақантай туады, яғни Матақ пен Шақантай немере - туыс. Матақ Шақаңның немере ағасы, батыр адам. Екеуі тірі күндерінде жауға бірге аттанса да, ауыл ішінде, ағайын арасында әлде бір кикілжіңмен тату болмаса керек. Осы араздық Матақ қайтыс болғаннан кейін Шақаңның: «Мен өлгенде Матақтан төменірек жерге қойыңдар тіршілігімізде араздасып, керісіп жүр едік, өлгенде о дүниеде қатар жатайық, менің жасым кіші, сондықтан Матақ қабірінен төменірек жатайын» - деген ұлағатты сөзі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық. Шақантай батырға үлкен күмбез – кешен 1993 жылы, яғни, қайтыс болғаннан кейін 200 жылдан кейін ақ кірпіштен өріліп соғылады. Бұл күмбезді тұғызуға барынша күш салып, қаражат тапқан сол кездері Қазақстан Республикасының мәдениет министрі, атақты сазгер, азамат – ағамыз Еркеғали Рахмадиев.

Сол жазда күмбез салынып біткен соң бабаларымызға үлкен ас беріліп, құран бағышталады. Шақантайдың Жаңыл бәйбішесінің де қорым зираты Қарауыл төбеде, Шақаң күмбезінің қасында. Қарауыл төбенің айналасындағы күмбез зираттар және бейіттер Шақантай балалары мен ұрпақтарының жерленген жері. Қарауыл төбе киелі, қасиетті жер саналады. Өтіп бара жатқан көш, жолаушы немесе сапардағы адамдар баяулатып, көлігінен түсіп, бата оқып сыйынып өтеді.

Шақантайдай батырым,

Істің тосып ақырын,

Жауына ойран салыпты.

Он үш әйел алыпты,

Аналардың бәрі де,

Батыр ұлдар тауыпты.

Халқы күмбез тұрғызып,

Қарауыл төбе басында.

Ұрпақтары бұл күнде,

Асын беріп, дұға оқып,

Тарихта аты қалыпты.

Нәсіпбек

Байғотан би

(1770-1865)
Руы – Жастабан, Керей, Бегімбет-Қосай, Рысбетек – Майемер аталығынан тарайды. Майемерден: Аманбай, Жаманбай, Жайықбай; Аманбайдан: Болат, Байғотан (Бабаң) туады. Ұрпақтары Семей, Шұбартау өңірінде тұрады. Бабаң, Кәріпбаев Шәйкен ақсақалдың анықтауы бойынша (Шәйкен Майемер ішінде Жайықбайдан тараған ұрпақ) 1739 жылы туған, 1834 жылы, немесе 95 жасында қайтыс болған. Бабаңның жасын қалай анықтағанын Шәйкен ақсақал былай әңгімелейтін: «Майемерден шыққан Бименбет деген би болған. Ол кісіні 5-6 жасында 95 жастағы Бабаңа анасы апарып, батасын алған екен. Бименбет өзі 1928 жылы 100 жасында қайтыс болған. Бұл ауызша айтылған қате дерек. Орыс мұрағатында (1770-1865) жылдарда өмір сүрген деп жазылады. Қосай Байғотан би (Бабаң) жас күнінде батаны Бекназардан шыққан Қожагелді Томан биден алған екен. Томан бидің қартайған шағында Аманбай 16-17 жасар ұлы Байғотанды Томан биге жіберіп, бата сұратқан екен:Сонда Томан:

«Сен біздің үйге түңілік ашылғанда кел, жабылғанда қайт» - депті. «Мен ел биледім, жауға аттандым, дауға түстім, руымның, елімнің намысын қорғап ант-су іштім, айтыстым, тартыстым, «өспеймін» дедім өспей қалдым, «көрмейін» дедім көрмей жатырмын, сен әділ бол, шындыққа жүгін, өтірік намыс үшін ант-су ішпе», - деп бата беріпті. Қадірменді журналист ағамыз Айтқали өзінің әкесі Мағауия сияқты шежіреші, ел тарихын зерттей жүріп жазған көлемді мақаласында Бабаң туралы былай деп жазады:



  • Қасиетті Байғотан биден Мыңжасар деген жалғыз ұл туады. Бірақ осы Мыңжасар Бабаң сияқты ақылды, білгір де болмаса керек. Бабаң баласына көңілі толмай:

«Жақсы да болса қарағым,

Жаман да болса қарағым.

Солтабай маған бере ме,

Артық туған Барағын» - депті



Солтабай – Барақ сұлтанның әкесі. Сол Солтабай төре Байғотанға: «Бізге, төреге бағыныңдар, еліңе төре етіп бір баламды сайламадың», - деп өкпелеп жүреді екен. Бірақ данышпан Бабаң: Қарадан шыққан би болсам да, ақылым төреден кем емес» – деп, Шұбартау керейіне төре алмапты. Мыңжасардан: Қуандық, Нұрбай, Сыбанбай атты үш бала туады. Бабаңның ұрпақтарынан тараған балалары Қазақстанның әр қаласында тұрады. Байғотан би сөзге алғыр, жүйелі ойға жүйрік, шежірелі тілді, шешен адам болған. «Бабаң айтты» деген өсиетті сөздер халық арасында ауыздан-ауызға тарап, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Бабаңның осындай қасиетті қабілетінен елес беретін әңгімені 1985 жылы «Жұлдыз» журналының №3 санында Сағымбай Нұрлыбаев ағамыз (Бекназар аталығынан шыққан) «Байғотанның тапқырлығы» - деген атпен жариялаған еді. Сондай – ақ Бабаң туралы аңыз – әңгімелерді Кәріпбаев Шәйкен ақсақалдың айтқандарын баласы Мақсұтбектің жазып алғандарын түгел келтіруді, өзім естіген, жинаған шежіре – таратпаны жазуды жөн көрдім.

  1. Бекназар – Қосай руларына билік айтатын ел ағасы Байғотан деген кісі болыпты. Әділ билігімен халқына ықпалын жүргізген көрінеді. «Төбесіз жер, төресіз ел болмайды» - дегенге қарсы шыққан Байғотан би: - Төресіз де ел боламыз, білгіш көбейсе білмейтіндер не істемек, – деп, ауылына жолаушылап келген губернаторға: - «Жерімді бөліп, қағазға сызып, мөріңді салып, бекітіп бер!» - деген өтініш етеді. Губернатор тілмашы арқылы ел ағасына түрлі сұрақтар қойыпты:

  • Өтірік пен шынның арасы қанша?

  • Төрт елі, - Байғотан би құлақ пен көздің арасына төрт саусағын қояды, көзбен көрген рас, құлақпен естіген өтірік.

  • Адамға пәле қай жақтан келеді?

  • Қызыл тілден.

  • Жер ортасы қай жер?

  • Сіз отырған жер, өлшеп көріңіз.

  • Арман деп нені айтамыз, қорған деп нені айтамыз?

  • Арманым сүйіп алғаным, алғаныма ақ көңілім – қорғаным. Ердің қорғаны елі, мекені, өскен жері.

  • Бақытты адамды қайдан табуға болады?

  • Өз жерінен, өз елінен.

  • Неше үйің бар?

  • Жүрген жерімде, баратын жерімде, білетін жерімде. Губернатор үлкендігі жұмыртқадай ағаштың «қай жағы асты, қай жағы үсті» - деп сұрайды. Байғотан би орта шелек су құяды да, әлгі ағашты тастап жіберіп, «үсті» деп батпаған жағын, «асты» деп батқан жағын көрсетеді.

  • Өрісің бар ма?

  • Малымның өрісі жаз жайлауы, қыс қыстауы. Өз өрісім ұзатқан қызым.

  • Неге шыдайсың, неге жылайсың, неге күлесің, неге өлесің?

  • Халқым міндет артып сынаса сынына шыдаймын, халқым мұңайса мұңына жылаймын, халқым қуанса қуанышына күлемін, халқым қорланса намысы үшін өлемін.

  • Неден сақтанар едің?

  • Абайсыз шыққан өрттен, халыққа келген дерттен.

  • Адамның жақсы – жаман болуы неге байланысты?

  • Өз ортасына, тәрбиесіне байланысты. Қожа – молдаға дін керек, маған оязбен сөйлесуге тіл керек.

  • Кім өнім береді, кім өмір береді, бұларға не керегі?

  • Жер өнім береді, ана өмір себеді, бұл екеуіне күннің сәулесі керегі.

  • Өмірді неге теңер едің, адамды неге теңер едің?

  • Өмір шексіз дария, адам кеме.

  • Сізді өкпелеткен адам бар ма?

  • Өзімді білген адам өкпелеткен емес. Өзімді білмеген адамға өкпем жеткен емес.

  • Менімен сөйлесуге жарайсың ба?

  • Жараймын. Өз елінде ер, өз жерінде қараған да дүрілдейді.

  • Мені кім деп түсінесің?

  • Осы елдің мәртебелі қонағысыз.

  • Мен қолдағы хұқымды пайдаланып, өзіңді тентек деп аяғыңды байласам, жер аударсам не істер едің, не айтар едің?

  • Аяғымды байласаң жүре алмаймын. Тілімді байламаған соң айтпай және тұра алмаймын. Қолым бос болған соң халқым қолыма дәм – тұз салар. Сол дәм-тұз сізді табар. «Жер аударамын» дегеніңізге сенбеймін. Жердің аударылып-төңкерілгеніне көнбеймін, – деп жауап беріпті. Губернатор өте риза болып: «Мына бас алтын» - депті.

  • Алтын болса бассыз қаламын ғой, - деп би күліпті.

  • Сізге мың жылқы біткен екен. Жылқыңызды жау айдап кетіпті. Сонда қандай жағдайда болдыңыз?

  • Малым бар деп барында асқам жоқ, жау келгенде жоқпын деп сасқаным жоқ. Қайырсыз мыңнан қайырлы бір артық.

  • Адам немен көрікті?

  • Адам мінезімен көрікті. Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек. Танымаған елге тон сыйлы.

-Барлық байлық кімде болғаны артық?

- Байлық пен барлықты халықпен, көппен кешкен артық, көппен жүріп адасқан да артық.

- Сіз осы тапқырлықты қайдан аласыз?

- Тіл – халық үшін. Білгенімді халыққа үйретемін, білмегенімді халықтан үйренемін. Сіз сұрап отырсыз, мен құрап отырмын.



  • Сөзде не оңай?

  • Өзің сыналмай, біреуді сынаған.

  • Қатты жанған өртті қалай оңай сөндіруге болады?

  • Алғашқы басталғанда сөндірген оңай.

  • Халқыңа не жасағың келеді?

  • Халқыма қамқорлық жасағым келеді.

  • Шығыс пен батыстың арасы қанша жер?

  • Бір күншілік жер. Таңертең күн шығыстан атып, кешке күн батысқа қонады.

Байғотан би меймандарына қонақасы береді. Алты қанат ақ үйдің ішіне дастархан қазақша жерге жайылады. Үлкен сырлы астауға салынып, губернатор алдына бірнеше жылғы жасамалы серкенің басы тартылады. Байғотан: «Бұл губернатордың сыбағасы» - дейді. Қазақ салтын естіп, көріп жүрген губернатор: "Қойдың басы ма, ешкінің басы ма? Әлде қой жоқ па? Қой соятын ой жоқ па?" - деп сұрайды. Байғотан би губернаторға «Бір қора қойды серке бастайды, таң атпай ерте бастайды. Мың қойды бастаған серкем еді, жаныма балаған еркем еді. Сондықтан қымбатты қонағыма ақылды малдың басын тартып отырмын. Ешкі 700-дей түрлі шөп жейді, шөптен дәрі шығады, еті жеңіл, әрі жұғымды деп ниетімді артып отырмын» - дейді. Риза болған губернатор тілмашты жіберіп чемоданнан бір шөлмек арақ алдырып, кеселерге құйдырады да: «Ел ағасы, мына ішкілікті денсаулық үшін көтеріп қояйық» - дейді. Байғотан өз сыбағасын қолына алады да, үңіліп қарайды. Басқа кесеге сарқып құйып, кесені қасына қояды. Содан екінші кесеге ащы айран құяды. Ащы айранның ашығаны білініп тұрады. Би губернаторға қарап күліп: «Мына шіркінді мен ішпеймін, екі рет өкпелетті» - депті.

  • Мен айранды басқа ыдысқа құйып едім, бос ыдыста жұғыны қалды, ал, мына ішкілікті басқа ыдысқа қотарып едім, жұғыны да қалған жоқ. Ыдысқа жұқпаған маған жұға ма? Оның үстіне тып- тыныш, мөп-мөлдір болып сырын білдірмей тұр. Ал,айран болса ашып, ұйығанын сездіріп, беті көпіршіп тұр. Сондықтан, білгенімді айтқаныма, таңдағанымды ішкенімді сөкпессіз.

  • Сіз бір айтқанымды неге орындамадыңыз?

  • Тақсыр, орындадым.

  • Қалай?

Бабаң: - Сіз көтеріп қояйық дедіңіз, мен сонда: «Ә, мұнда бір сыр бар екен ғой» - деп ойладым. Көтеріп қояйық» деген соң көтеріп қойдым, ыдыстарға құйып сырын жайдым.

Бабаң сөзіне риза болған губернатор жерінің көлемін, шекарасын бидің тілегі бойынша жасатқызып беріп, ертеңіне Омбы қаласына аттанып кетіпті. Бабаңның өз елінің жерін өшпейтін бояумен, жыртылмайтын қағазға (Аңызда «көк серкенің терісіне» деп айтады) сызғызып, жазғызып, мөр бастырып алған картасы ғалым – тарихшы Шойынбаев Тілеуқажы ағамыздың айтуынша Омбы архивінде күні бүгінге дейін сақтаулы болса керек. Ал, көшірмесі кейінде жер дауы болғанда Тобықты Құнанбай, Абай заманында Бабаң ұрпағы Саршолақтың үйінен табылып, дау Керей елінің пайдасына шешіліпті. Бабаңның зираты саз кірпіштен өріліп, соғылған күмбез Семей облысының Шұбартау ауданының «Алғабас» совхозының жерінде «Бабаң өзені» - деп аталатын қар суымен ағатын кішкене өзеннің оң жағалауында, Қайнар-Баршатас тас жолынан үш шақырым жерде тұр. Бұл зират Байғотанның тірі күнінде ағасы Болатқа соғылса керек, ішінде екі-үш қабір бар:Болат, Байғотан және балаларын да өз өсиеті бойынша екі ағасының қасына әкеліп, жерленген.



Бабаң зиратындағы жазу:

Байғотан Аманбайұлы

(1739-1834).

Руы Абақ Керей – Жастабан.

Халықтар достығының жаршысы.

Атақты Жобалай, Шақантай батырлардың серігі.

Осы өңірге Шұбартаулықтарды орналастырушы.

1987жылы.

Орнатқан Жайық Мүсірұлы.

Бұл тастан басқа цементтен құйылған тас бар. Оны жоғарыда көрсетілген Кәріпбаев Шәйкен ақсақал орнатқан. Ал, қазір Бабаң басына барған адамдар және кейін баратын ұрпақтар бірінші тастың төменгі жағындағы ойып жазылған: «Орнатқан Жайық Мүсірұлы» - деген жазуды оқи алмайды. Ол жазуды Бабаңа өтірік ұрпақ болып телініп жүрген қара ниет бір адам тас орнатылғаннан кейін шапқылап, қызғаныштан өшірген. Байғотан би туралы Кәріпбаев Шәйкен ақсақалдың айтқандары.



  1. Бабаң өз елінде он екі жасында басқа билердің айтқан билігіне разы болмай, өз ойын айтпақшы болғанда билер сөзбен қақпайлап: «Тоқта балам, тоқта! Билік айтатын болсаң атадан бала нешеу туады? – деп сынамаққа шұғылдан сұрақ қойыпты. Сонда Бабаң іркілмей: - Атадан бала үшеу туады: біреуі өте туады, біреуі жете туады, біреуі кете туады, – деп жауап беріпті.

-Уа, балам! Сөзді тіл сөйлей ме, жақ сөйлей ме? - дегенде: - Сөзді тіл мен жақ сөйлейтін болса, тіл мінекей – деп тілін салақтатып жібергенде тілінің ортасында бармақтай қара қалы бар екенін ел көріпті. Сол жерде Бабаң бір даулы мәселенің билігін айтып, елге танылыпты. Осыдан былай Бабаңның аяғаны оңалып, қарғағаны қарғысқа ұшырап, қате кетпейтін болыпты.

2. Бабаң қараша – желтоқсан айларының ішінде атпен келе жатып, бір ауылға қонбақшы болып атынан түсіп, ауыл жанындағы қияқ шөпке арқандамақшы болып жатқанда сол жердің жаңа байып келе жатқан адамы болса керек, айғайлап келіп: - О, Баба! Мынау қыста жейтін жеріміз еді, атыңызды рұқсатсыз неге арқандайсыз? – деген екен. Сонда Бабаң: қолыңды жайшы, бата берейін, - дегенде анау қолын жайғанда:

«Қонақ кетсе үйіңнен құт қашады,

Байлап қойсам атымның қарыны ашады.

Осы қорып отырған жеріңді,

Ертең қар мен мұз басады» - деп, шапанының етегін сілкіп, атына мініп жүріп кетіпті. Содан кейін аз уақыт өткенде сол қыста жаңағы ауыл иесінің қорып отырған аз ғана жеріндегі қияқ шөбіне қар мен жаңбыр жауып, мұз қатып, малы жұтап, ал басқа маңайындағы ел дін аман қалыпты.

3.Бабаң 95 жасқа келіп, қартайып жатқанда қаңтар мен ақпан айларының бірінде Шұбартауда Жорға тауының етегіне үй тіккізіп, «Сиез ашамын» деп Жетісу жақтан бір төре (аты Құдайменде) келіп, Керей, Төлеңгітті ұлардай шулатып, адамдарға дүре соқтырып, зорлық жасапты. Ел адамдарды осы жағдайға шағым айтып, Бабаңа келе беріпті. Бабаң өзінің немере келіні Айымжанға: «Мені ақ түйеге мінгізіп сол төреге апар» - депті. Келіні атасын ақ түйеге мінгізіп, басын өзі жетектеп, төре жиын өткізіп жатқан жерге апарыпты. Бабаң келініне айтып қоржынның екі басын толтырып жылқының қазысын салғызып алыпты. Барса Жорға тауының етегіне үш кигіз үйді бір-біріне қоспақтап тіккен төре ең түпкі үйде шалқасынан жатыр екен дейді. Бабаң есіктен кіре беріп, екі қоржын бас қазыны екі жақ босағаға іле беріпті. Төрде мұны байқап жатып, келген Бабаң екенін шабармандарынан біліп алған: «О, Баба! Төрлет» - депті. Сонда Бабаң: - Төрені төрде тапқан, мені анам босағада тапқан, маған осы жер де жарайды, – деп босағаға отыра кетіпті.

Бабаң тізерлеп отырып: - О, төрем! Жақсы келдің, қаңтар мен ақпан айларына қарсы келдің. Азғантай Керей мен Төлеңгітті құрт, төрем! – деп кәрленіп, оттың басын қамшысымен тартып-тартып жіберіп, теріс айналып жүре беріпті. Түйесіне мініп, «ауылға қайттық» – депті келініне. Келіні аң-таң болып, түйені жетектеп қайтып келе жатқанда, жарты шақырымдай шыққан соң: - Балам, артыңа қарашы, жаңағы ауыл не болып жатыр екен? - депті. Келіні артына қараса адамдар үйлерді жығып, абыр-сабыр болып жатқанын көреді де: «Ата, үйлерді жығып жатыр», - депті.

-Ә, солай болса керек еді, - депті Бабаң. Бабаң кеткен соң төре шабармандарын шақырып, үйлерді тез жығуға жарлық беріпті. Адамдар жиналғанда төре дөңбекшіп, тыпырлап мазасызданып жатыпты. Жиналғандарға: - Жаңа Бабаң келіп, назаланып сөз айтып, оттың басын қамшымен тартып-тартып жібергенде найзағай ойнағандай болып, от денеме түсіп, ішім жарылғандай болды. Мен енді адам болмаймын, тездетіп елге жеткізіңдер, - деп, үдере көшіп кетіп қалған екен дейді.

«Ел аузынан»-деген кітаптан екі сөз.

1.Жетек деген төреге жолыққан Шұбартаулық ақылгөй Байғотан:

-Қияннан асқан бар ма, арқардың ізін басқан бар ма, Ұлытауға шыққан бар ма, ұлардың үнін ұққан бар ма? Соны іздеп келемін,-депті.

Сонда Жетек:

-Е, сенің іздегенің менің іздегенімнен де қиын екен. Мен адам-адам болса екен, ардан безбесе екен, намыстан қашпаса екен, ерлікке бастаса екен, елдің шырқын бұзбаса екен, ел басшысыз болмаса екен, соны іздеп барам, Бұрынғылар айтады екен, дүниеде орыны толмас үш жетім бар: «ел басшысыз болса, жер жаңбырсыз болса, сөз тыңдаусыз болса жетім»-деп.

Менің бара жатқаным сол депті.

2.Байғотан бидің Қазыбек биге айтқаны.

«Азғынды қуып тозғынға жолықпа, туыс іздеп достан кетпе, тауға шығып айғайлама, ойда тұрып бақырма, жүнің қызыл түгің аз, қызығарлық дұшпан көп, бас-аяғың бір тұтам, басқара біл тұтамдап».

Айбар шекпе алыстан, күшің қайтар қарысқан, түртіп қалып оятпа, үңгірде жатқан арыстан, қол үзіп сіңір шығарар, байқамай қалып алыссаң! Мұз төсеніп, қар жастан, қалыспаған алыстан, айға мініп, сабырды ту ет-дегенім еді депті.

3.Жолаушылап келе жатқан бір адам Бабаң елінің шетіне таяғанда үш ұры атын алмақшы болып тұра қуыпты. Сонда жолаушы: Я, Байғотан, я Баба! Сиындым құтқара гөр!-деп айғайлағанда қолма-қол қалың тұман жерді басып, ұрылар қайда-қайдалап айғайлап, шулап адасып қалыпты. Жолаушы аты құстай ұшып, құтылып кетіпті. Қарақшылардан құтылып, Бабаң ауылына келіп қонғанда, ертеңіне Бабаң шақыртып алыпты.

-Жолаушым, кеше сен маған сыйынғанда атыңды шылбырынан жетектеп, қатты қиналып, ұрылардан әзер құтылдым. Міне, иығым,-деп иығын жалаңаштағанда қыл шылбырдың батқан жері білеудей болып ісіп, көгеріп тұрғанын ел көреді.

Сонда Бабаң: -Тегінде тезге сыйынсаң Шақантайдың аруағына, ұзағынан сыйынсаң Жобалайға, маған сыйыныңдар,-деген екен.

Бұл аңыз-әңгімелерді Шәйкен ұлы Мақсұтбектен жазып алдым.

1998 жылы қыркүйек айында Бабаңа бұрынғы күмбезінің сыртынан ақ кірпіштен мазар тұрғызылып, ас берілді. Бұл сәулетті мазарды салғызған Жәкен Төлеуұлы да, ал архитектурасын сызып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп, басқарған Қайырбек Атығайұлы. Осындай азаматтарға алғыс пен Бабаң аруағы қолдасын деген тілекпен менің жазған мақалам «Аягөз жаңалықтары» газетінде жарияланып (19 қыркүйек 1998 ж.), мақала өлең жолдарымен аяқталыпты.

Жерінің қорғап әр тасын,

Сілтеген жауға балтасын.

Әріден ойлап әр істі,

Қиынға тосқан арқасын.

Өшпестей етіп теріге,

Сыздырған жердің картасын.

Оязға мөрін бастырған,

Боларын сезіп алда сын.

«Теріскейім-Шыңғыстау,

Күнгейім-Көкше теңізі.

Шығысымда-Ақшатау,

Батысымда-Көкшетау»-деп өсиет айтатын.

Бабаң туралы Берікбол Жұмаханов ақсақал жазған шежіреде мынандай сөздер бар екен:

-Ел дауында өте қиындықпен қайтқан Бабаң Жетісудан Балқашқа келгенде:

«Ұрыншағын-жүйрік,

Ұрысын-би қойып,

Ат жайлаған ел екен, енді тәңірім теңіздің арғы бетіне өткізе көрме»-деп жалыныпты.

Бабаңның нағашысы Ұлы жүз Есенгелді-Ескелді (Төле би) Жолбелді – Тікір. Әйелі Оңажыт Шалбаршы қызы Айбөпе.

Ғайныкей Бабаң қызы, Жақсылық келіні.

Берікбол ақсақалдардың бұл жазғандарынан Бабаң өмірі мен істерінің бірыңғай, бір келкі табысты болмағанын сезсек, нағашысы мен қайын жұрттарының қай ел, кімдер екенін көреміз.

Бабаңның өз тегі Жастабан Керей, нағашысы Ұлы жүз-Төле би елі, ал қайын жұрты-Төлеңгіт руы. Оңажыт табы, көрші елден екенін аңғартады.

Байғотан бидің ағасы Болат, кеміс туған, белі құныс. Ерінінде нысаналы тыртығы бар момын адам екен. Бабаң ауылының барлық шаруашылығы сол Болаттың мойынында болса керек. Ауылдан ұзап шықпайтын, ел араламайтын Болат: «Белім құныс болып жауға аттанбадым, ерінім жырық болып дауға түсе алмадым»-деп армандапты. Болаттың ұрпағы өсіп-өнген, көпшілігі Шұбартауда тұрады.

Бабаңның туған, қайтыс болған жылдарын орыс архивінен анықтаған Қайырбек Атығаевтың жазуы бойынша Бабаң 1770-1865 жылдар аралығында өмір сүрген.

Томан би

(1724-1814)
Томан би Сүйіндікұлы –Жастабан Керей, Бегімбеттен тарайтын Бекназар-Қожагелді-Алыбай табынан, Алыбайдың бәйбішесінен Баймырза, одан Сүйіндік туады да, одан Монданақ, Томан, Төлебай атты үш ұл туады.

Томанның туған, қайтыс болған жылдары белгісіз, ХVІІІ-ғасырда өмір сүргені анық.

Томанның немере-туысы Қожагелді Алыбай-Қойсарыдан туатын Ешкен-Майлан екеуі момын, шаруақор, малды, жанды адамдар болса керек.

Осы Ешкен-Майлан туралы біздің ауылдың үлкендері былай деп айтып отыратын: Томан би өте кедей адам екен, өзі бәйбішенің баласы болса да ештеңе дүние, мал жинамаған адам болыпты. Бекназар – Қосай осы Бақанас өңіріне қоныстанушылардың бірі, ел бастаған көсем, өткір тілді шешен адам, ауылынан кісі үзілмейтін, қонағы көп болады екен. Сол келімді-кетімді адамдардың бар шығынын екі ағасы Ешкен-Майлан көтеріп отыратын болған. Осы екі ағасының шаруақорлығына, татулығына, өзіне көмектескеніне риза болып, Томан би қайтыс боларында өзін осы кісілердің зиратының қасына жерлеуді өсиет етіп қалдырыпты, ол өсиетін кейінгі ұрпақтары орындаған. Томанның күмбез зиратының қасында Ешкен-Майланның да төрт құлақты зираты бар. Семей облысы Шұбартау ауданының Байқошқар ауылынан шығысқа, Ақирекке қарай жүргенде «Томан» деген қар суымен ағатын, Балқыбектің бір саласы кішкене өзеннің жағасында тұр. Бұл жер Керей, Найман және Тобықты руларының шекарасы іспеттес, қазірде күмбез құлаған, малдың таптаурыны болып, иесіз қалған.

«Баласы Қойсарының Ешкен-Майлан,

Ауылың көрінбейді жайған қойдан»-деген сөз сол Томан биден қалса керек.

Қосай Байғотан би (Бабаң) жас күнінде батаны Томан биден алған екен, Бекназар-Қосайды билеген, билік жүргізіп, елін басқарған үш би болған. Біріншісі Жобалай би, екіншісі Томан би, ал үшіншісі Байғотан би.

Осы Томан би Әнуар Әлімжановтың «Жаушы» деп аталатын тарихи романында қол бастаған адам ретінде суреттеледі. Қол басқарған Малайсары жоңғарларға аттанатын бір жорық алдында Шыңғыстаудағы «Қоңыр әулие» деген жердегі Тобықты Кеңгірбай биге сол кездегі жас жігіт Томанды жұмсап, жаушы жіберіп, хабар айтқызады. «Көкше теңізден (Балқаш көлі – Н.С) Шыңғыстың күнгейіне дейін Керей-Томан сенің жерің емес пе, Кеңгірбай қолына хабарды сен жеткізесің, жорыққа аттанамыз»-деп Томан бастаған жігіттерді аттандыратыны айтылады.

Заманымыздың ұлы классик жазушысы Мұхтар Мағауин «Ғасырлар бедері» - деген кітабында Шәкәрімнің ескілік тақырыбына арналған үшінші поэмасы «Нартайлақ пен Айсұлу» - шығармасын талдай келіп былай дейді:

«...Томан поэмадағыдай күң кемпір емес, керей руын билеген атақты би, Тобықты Кеңгірбайдың жасы кіші замандасы. Өз тұсында ру арасындағы дау, егеске көп түскен, шешендігімен, ұтқырлығымен озған адам, дәулет қумайтындығын дәлелдеу үшін ғұмыр бойы қара күркеде тұрған. Өлген соң өз өсиеті бойынша егесті жердің шегіне, тобықты, найман, керей үшеуі бірдей тоқайласатын шекараға қойылыпты, саз кесектен өрілген күмбезі күні бүгінге дейін бар, Шәкерім айтқандай «Балқыбектің басында» қазір Томан аталатын жерде тұр, ешкім де күңнің зираты демейді, бидің зираты дейді, діндар ұрпақтары қасиетті санап, ақтық байласады»- деп жазады.

Мұхтар ағамыздың айтқанындай біз де бала күнімізде сол жерге ауыл қонғанда үлкендердің Томан биге мал сойып, құран бағыштағандарын да көзіміз көрдік.

1953 жылы Семей өңірінде атом бомбасын сынап, жарылыс болғанда біздің ауыл сол бидің зиратының түбінде екі ай колхоз малын бағып отырды, мен ол кезде он екі жаста болатынмын.

Томан би туралы тарихи деректер осылай ауызша және өте аз сақталған.
Енді Томан би туралы нақтылап жазып кеткен Мағауия Кененбайдың баласы Айтқалидың «Жұлдыз» журналына жолдаған хаты мен мақаласын назарларыңызға ұсынайық.

Менің әкем Мағауия Кененбайдың (1899-1971) өмірден көргені көп, бастан кешкен машақаты да аз емес. Тағдырдың тәлкегімен қуғын-сүргінге ұшырап, 1929-1931 жылдары Қарқаралы түрмесінде отырды. Сол бір адам басына бермейтін, түн түнек түрмеде отырып, өзіне тиым мен шектеу қойса да қажырлы қайратпен өзін-өзі қайрап, тарихи тағылымды шежіре, күнделік, естелік, деректер, ғұмырнама жазумен шұғылданды. Сондай-ақ, тарихи тұлғалар Жондағы Жобалай би, Томан би, Байғотан-бабаң, Шақантай, Нұралы батырлар, күй бабасы Байжігіт (Бәжең), Үйсінбай (35 жыл болыс болған), Әлдеке (29 жыл болыс болған), Мұқатай (6 жыл болыс болған, керейдің ең соңғы болысы), Шолтанай қажы (14 жыл болыс болған), Бейсенбай (10 жыл болыс болған) батыр Мырзаш, тағы басқа да ерекше тұлғалар туралы қысқаша мәліметтері бар.

Жас шағында ауыл молдасынан арапша оқып, сауатты, салауатты болады. Онан кейін зерделеніп, зеректікпен Қарқаралы, Омбы қаласында орысша мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқып, небәрі 5-ші сыныптық қана білім алады. Одан жоғарылап оқуға, бай баласы деп Кеңес өкіметі тосқауыл қойып шектеді... 1971 жылы 12 ақпанда 72 жасында дүниеден өтті. Содан бері 31 жыл өтті. Сол қадірлі әкемнің тірісіндегі өз көзімен көргендерін және ұлағатты үлкендерден естігендерін үлгере жазып аяқтаған және аяқталмаған жазбаларының сәті енді келді. Марқұмның «Томан би», «Байқотан би-Бабаң», «Тарих тасасындағы батыр Мырзаш» атты шығармаларын толықтырып, дәлел деректерін ұзақ жылдар ізденіп қайтадан жазумен шұғылдандым. Бұрын ешқайда жарияланбаған ақсақалдың жазбаларын «Жұлдыз» журналына тұңғыш жіберіп отырмын. Журналға жариялауларыңызды өтінемін. Сондай-ақ, басқа да жазбаларын алдағы уақытта құзырларыңызға жіберетінімді мәлімдеймін. Марқұм Мағауия ақсақалдың суретін де қоса жолдап отырмын.

Айтқали Мағауияұлы Кененбай,

Шығыс Қазақстан облысы,

Баршатас ауылы

Қазақтың ХVІІІ-ғасырдағы айтулы дана, дара билерінің бірі, толымды топ жарған Томан би. Ол алты алашқа аты машһұр тұлға. Жастабан-Бегімбет елінің Жобалайдан кейінгі екінші ұлағатты ұлы биі. Оның тегі туралы азырақ мәлімет бере кеткен жөн болар. Он екі абақтың бірі-Жастабан. Жастабан ішінде Бегімбеттен Бекназар, Қосай туады. Бекназардан: Қожагелді, Құдайберлі, Қойлыбай, Жәдігер туады. Олардың ең үлкені Қожагелді. Одан: Алыбай, Жанбай, Көлібай, Нұрбай деген төрт ұл туады. Алыбайдың екі әйелі болған. Бәйбішесінен-Баймырза, Ес, кіші бәйбішесі Дәмеден-Сарытай, Қанай, Қонай, Бөрі (шын аты Мәуелі) және Қойсары атты бес ұлы болады. Бұлар «бес дәме» аталады. Ал Баймырзадан: Сүйіндік, одан Монданақ, Томан, Төлебайлар туады. Біздің шежіре-деректерімізде Томан би сөзге бай, малға кедей адам екен. Би өзінің дәулетті туыстары Қойсарының балалары Ешкен, Майландарды жанашыр жақын әрі қамқоршы деп біледі. Олар бидің кедейлігін білдірмей, үнемі қол ұшын беріп көмектесіп отырады. Барлық шығынды өздері көтеріп алады. «Жат жарылқамайды, өз өлтірмейді» демекші, биді сыйлап құрметтейді. «Жоқшылық жомарт ердің қолын байлайды» деген соры қалың кедейліктен құтқарып, ырғын тоқ тұрмыста сағанағы сарқ, қағанағы қарқ болып өмірін өксітпей өткізе береді. Бүгінде ел аузында осы қой аузына шөп алмайтын момақан байлар Ешкен, Майлан жөнінде мынадай қысқа, әрі нұсқа өлең жолдары сақталған.

«Туыпты Қойсарыдан

Ешкен, Майлан,

Ауылың көрінбейді

Жайған қойдан...»

Шыңғыстаудың Күнгейі, қазіргі Байқошқар ауылына қарасты Ақирек деген жерде ескі үлгіде салынған, жартылай құлаған шошақ күмбез тұр. Бұл жерді тұрғындар «Томан басы», «Томан өзегі» деп атайды. Осы жерде қайнар бұлақ бастау да бар, көктемгі қар еріген кезде бұлақтың суы молайып, Балқыбек өзеніне құяды.

Томан көріпкел, әулие кісі екен. Күні бүгінде халық Томан бабамыздың басына барып мал түнетіп, дерт тиген малын сауықтырып алып отырады. Сондай-ақ, бала көтермеген әйелдер де келіп, басына түнеп, дұға бағыштап, мінәжат айтып тілек тілейді...

Әулие бабамыз Томанның зәулім биік күмбезді мазарының жанында кәдімгі қазақи төрт құлақты зират тұр. Міне, бұл атақты байлар Ешкен, Майланның зираты еді. Олар көзі тірісінде Томан бимен бір төбеде жүрсе, өлгенде де бір төбеде жатыр. Топырақтарың торқа, жандарың жаннатта болсын.

Томан заманында ел билеген, сөз ұстаған шешен, қара қылды қақ жарған әділ би екен. Ел ішіндегі жер, жесір, құн, мал, барымта, тіпті, ердің құнын екі ауыз сөзбен, нардың пұлын бір ауыз сөзбен бітіріпті. Осы халқына қадірлі, еліне елеулі абыройлы ата бидің шешендігін, әділдігін дәріптеген ақын Қарымбай Ханкелдіұлы «Томан би» атты өлеңінде былай деп тереңінен термеліп тебіренеді.

«Тентекті тезде түзеген

Тарпаңды қыл бұраумен күзеген.

Кеуделі байдың әп-сәтте,

Мүйізін қағар сүзеген.

Көкірегінде көзі бар,

Өнегелі сөзі бар.

Жоғын жоқтар халықтың,

Көзін ашар кезі бар...

Қара қылды қақ жарған,

Әділдікпен топ жарған.

Ел билеген үш жылда

Орындалды көп арман.

Арқалы би-асқар бел,

Арқада үлгі шашқан ел,

Мазарыңа бас идік

Құрметтеп бүгін жатқан ел»-деп, алты алашқа әйгілі шарапатты, салауатты биді халқы, ұрпақтары бағалаған.

Кезінде оған жондағы Жобалай бидің назары ауып:

«Елім деп туған ел баласы,

Томандай болар ел ағасы.

Көзі ашық, көкірегі ояу,

Сөзі-алтын, ер данасы»-деген екен. Ол атағы алты алашқа жайылған даңқты Жобалайды ұлағатты ұстаз тұтады. Өзі де «қара қазан, сары баланың қамын жеп» береке-бірлікті үнемі сақтап отырады. «Тұлпар дүлдүлділігімен танылады, адам бірлігімен танылады»-деп Томан би айтқан аталы сөздер өте көп. Оның көпшілігі мақал-мәтелдерге, нақылдарға айналып, ел ішіне кеңінен таралып кеткен. Соның кейбір қысқа әрі нұсқасын үлгі ретінде айталық: «Көсеу ұзын болса қол күймейді, ағайын көп болса жан тимейді», «Болдым, толдым дегеннің түбіне көр жетеді», «Жарлы байып, жас толқын ер жетеді», «Құлақ естігенді көз көреді», «Атқан оқ ажалдыға кез келеді», «Жалған достан сақтан, қалған астан сақтан», «Досы өткірді жау алмас, сөзі өткірді дау алмас», «Әділеттік-кісілікте, әдептілік-кішілікте», «Жақсымды айтты деп дос деме, жаманды айтты деп қас деме», «Жолдас болсаң сұмға – отырғызар құмға», «Жасық, жаман туған көп езден, асыл туған бір ер артық».

«Өтірікке өлмейсің,

Қиянатқа көнбейсің.

Шындықты айт шырқырап,

Отқа салса күймейсің.

Суға салса батпайсың

«Сот дегеніміз-шот,

Бүкірді шауып тастайды

Халықты әділдікке бастайды».

Міне, Томан бабамыз шешілген шешен, есілген ер екендігі мәлім. Нұралы-Шолтанай қажы Шағыманұлы керейге 14 жыл болыс болып, ел басқарғанда «Томан би атамыз айтқан екен» деген мынадай өлмейтін, өшпейтін өсиет қалдырыпты:

«Ит құтырса иесін қабады, батыр құтырса ауылына шабады», «Қорлық түбі-зорлық», «Бір мінген атыңды шабан деме, бір көрген адамды жаман деме», «Сөзінде тұрмаған адамды адам деме. Сұрағаныңды бермесе сараң деме, Ықпалы жоқ әкені жаман деме». «Тәрбие бар елде-тәртіп бар», «Ақылды болсаң ақымақпен таласпа, сөзіңді ұқпайды, өзіңді боқтайды», «Өткен күн оралмайды, жарық күн жоғалмайды», «Шайпаудың тілі ұзын, ақылсыздың бойы ұзын», «Жақсылық қусаң мерейің асар, жамандық қусаң кеудеңді басар», «Жақсылық жасасаң жасыр, жамандық жасасаң басыл», «Өнер байлығы елде, кен байлығы жерде», «Атақсыз өзеннің тасуы тас жарады, ақылсыз адамның ашуы бас жарады», «Халық сынай да біледі, сыйлай да біледі».

«Айтылмай қалса сөз жетім,

Көрмей қалса көз жетім.

Құс қонбаса құз жетім

Көргенсіз болса қыз жетім

Панасыз қалса шал жетім

Жарықсыз болса тал жетім

Бағылмай қалса мал жетім...»

«Сыйламаған келінді келін деме, сыйыспаған баланы балам деме».

«Жау келсе оздырма,

Дау келсе қоздырма.

Бітім болса создырма,

...Елді тоздырма»,-депті Томан би.

Оның осындай есіліп, көсіліп отыратын кесімді нақылдары ел есінде, ұмытылмақ емес. Өйткені, ол үнемі халық қамын жеген мейірімді дана.

Мен, 1929 жылы Қарқаралы түрмесінде бай деп кәмпескелеген әкем Сағым, інілерім Қарымбай ақын, Уызбай, ал, ағалары Смағұл қажы Ханкелді ұлдары және Смағұл қажының баласы, керейдің соңғы болысы Мұқатай және әкемнің немере ағасы Шолтанай қажының баласы Мәтіш (бұл да болыс болған), інісі Нұрахым аз уақыт бірге жаттық. Сол көпті көрген көнекөз қариялардан Томан би туралы айтқан даналықтарының кейбір ойға оралған, есте қалған естеліктердің бәрі болмаса да біразына тоқтала кетейін.

Қарабек бидің елінің ұрылары Томан бидің ағайын туысы, Ешкен байдың ақжал бәйге атын аңдып тұрып ұрлап кетеді. «Ел құлағы-елу» деп ұрылар мәлім болады. Томан би қартайып қалған шағында екі беделді кісімен найман Қарабек бидің ауылына барыпты. Қарабек-бай, төрт түлігі сай, ауыздыға сөз бермейтін, аттылыға жол бермейтін ұрт, ұрыншақ кісі екен. Томанды «кедей деп, тобынан бөлінген керей» деп қомсынып, адамсынбай отырады да былай дейді:

«Ауылыңда жас жоқ па?

Сенен басқа бас жоқ па.

Қартайғанда шақшаңдап

Дауға келдің қақшаңдап»,-

депті. Сонда Томан би:

«Басыңнан дәурен өтеді,

Қалжыратып кәрілік те жетеді.

Құдайдың құрығы ұзын, бір күні

Ажал, түбіңе сенің жетеді»,-депті.

Сөзден ұтылған Қарабек би тай сойып, төбесіне төредей көтеріп, жайылып төсек, иіліп жастық болып күтеді. Таңертең бәйге атын жетектетіп, бір жорға ат мінгізіп қайтарыпты.

***

Байсейіттегі Құл бидің әкесі Құлеке де жақсыны жанай жүретін, зерек, ұғымтал кісі екен. Ол Көкөзекте отырған Томан ауылын әдейі іздеп келіп биге сәлем береді. Би сәлемін ықыласпен алады. Жарасымды әңгімелеседі.



-Халің қалай, Құлеке?

-Хал қайыр, жарлы байыр-дейді.

-Аузыңа май, астыңа тай, қарағым. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демей ме атамыз қазақ.

Содан соң көргенділікпен былай депті:

Ұрпағың бай болады,

Төрт түлігі сай болады,

Қойың құрттап жүреді,

Айранын ұрттап жүреді.

Ұлың Құл би болады,

Көргені сый болады.

Жаныңа балаулы ұл болады.

Халқына қалаулы ер болады...

Ел жасыл жайлауға шығып, сары қымыз сапырылып, сары аяқ марқа жетілген кезде Томан биді Құлеке қонаққа шақырады. Би құп алып, қасына Ешкен, Майланды ертіп, Қарғалыда отырған Құлекенің қараша үйіне келіп түседі. Өзі кедей, пейілі жомарт Құлеке үлкен бидің келгеніне мәз болып, ағайыны Өткелбайдан сұрап әкелген, құйрығы тегенедей ат қойды көлденең ұстап бата сұрайды.

-Аумин десең міне бата,

Қолдасын Қыдыр ата.

Кетпес дәулет берсін,

Салтанатты сәулет берсін.

Ұрпағың өсіп үй болсын,

Құлың ержетіп би болсын.

Халқыңның ұлы болсын

Даналығы ірі болсын,-деп ағынан ақтарылып, «Аллаһуәкпар» дейді. Дұғалы, дуалы ауыз Томан бидің айтқаны айдай келіп, Құл ержете келе малды, басты жанды-жақты болып өсіп, айтулы би, әрі бай болады.

Томан би толықсып тоқсан жасқа келгенде Құл сәлем бере барып: «Асқар белім. Шалқар көлім» деп қолын алыпты. Қайран қажырлы қарт би шөгіп жатса да, әлі тың екен. Құлды танып, «жасыңда кедейдің Құлы едің, енді еліңнің ұлы болдың» деп оған риза болады. «Ата, жаңбырмен жер көгереді, батамен ер көгереді», «Баталы жігіт арымас, батасыз жігіт жарымас» демекші, мен сіздің ақ түйенің қарны жарылған ақ еділ батаңызбен көсегем көгеріп, би болып, ел құрметіне бөлендім. Төреде сый болдым, төбеде би болдым. Мен осы абырой, атақты сіздің ықыласыңыздан таптым. Өзіңіздей ұлағаттының ұлына жарасам бұл жалғанда арманым жоқ. Мен сізге екі өркеші баладай қара атанды қалы кілем жауып әкелдім, жағасы жанат, іші құндыз қамқа тонды киіңіз деп әкелдім» - деп, иығына жабады. Сонда би «Қартайғанда бір бала» демекші, Құлдың құрметіне жас баладай мәз-мәйрам боп масаттанып:

-Балам, баянды бақытты бол, мені сыйласаң сені елің сыйласын.

Шешілмей жатқан дауды шешіп айт,

Қиянат жолын кесіп айт

Қызыл желдей есіп айт

Ақиқаттың ақ жолына түсіп айт.

Ақиық қырандай, нұрлы аспанды құшып айт.

Сөзің болсын сап алтындай ұстаған

Әділ билік арың болсын нұсқаған

Ырық берме месқарын зорға

Ел қамын жеген сөзің болсын жорға

Қыздырманың қызыл тіліне ерме

...Жауға сыртыңды берме,

Ер болсаң өсекке ерме.

Досыңды дұшпандай көрме

Лағынет айтпасын халқың

Сен өліп көрге кіргенде

Жүрмесін табалап бұл пенде!

Томан бидің тағы бір сөзі:

Бақастық пен күндестік...

Жоям деп талай белдестік.

Жағадан алса жармасып,

Онымен қалай елдестік?!

Томан би Байқотан бабаның балалық шағында оның от ауызды, орақ тілді шешен, әділ, дуалы әулие, киелі, көріпкел кісі болатындығын аңғарып, ақ батасын беріпті:

Балам, бала қыран,

Ұшарын біледі,

Қонарын білмейді.

Ұшарыңды біл,

Қонарыңды да біл.

Әділдіктен тайма,

Жағынба байға.

Басыңды ұрма төрге,

Ұқса үйсін Төлеге.

Қазыбектей қадірлі бол,

Әйтекедей қайырлы бол,

Жобалайдай жолды бол,

Кеңгірбайдай жонды бол.

Қарамендедей кең бол,

Ұлылармен тең бол.

Шөлдегенге суат бол,

Қажығанға қуат бол.

Құлағанға қуат бол

Сүрінгенге жол бер

Жетім көрсең жебей жүр,

Жесір көрсең елей жүр.

Жалғызды,

Жаяуды,


Кәріні ая.

Ел баласы бол,

Ер данасы бол.

Сөздің анасы бол,

Көздің қарасы бол.

Кедейдің панасы бол

Азаматтың ағасы бол

Бүлінгенді бүтінде

Жетіледі жетім де.

Халқыңды қорғай жүр

Қасиетіңмен қолдай жүр.

Міне, тоқсан ауыз сөздің түйінін айтқанда, есімі еліне елеулі, топ жарған Томан бидің де тарихымызда ойып алар орны үлкен. Әлі-ақ таң шолпанындай жарқырап тұрары сөзсіз...

Нұралының бір баласы Жанұзақ ауылында Нартайлақ, Байтайлақ деген ағайынды жігіттер бар екен. Екеуі де елдің шетінде, желдің өтінде, таудың бетінде, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен жүретін батырлар болса керек. Онымен қоса, олар қыран бүркіт, жүйрік тазы, тұлпар ат ұстаған сал сері де. Олар ел аралаған сыншы да, жауырыны жерге тимеген балуан; әркімге әлімжеттілік те жасап отырған. Бір жылы жаз ортасы ауып, сүмбіле көтерілгенде, өзенге өңкірейіп төніп тұрған дәу жанама жартастағы өздері иемденіп, аңдып жүрген дүз бүркіттің ұядағы жалғыз жалқы балапанын біреулер ұрлап алып кетеді. Ағайынды екеуінің іші күйіп, ел ішінен тың тыңдап, шарқ ұрып іздейді. Сарылып ізіне түсіп, сабылып жүріп ақыры із кеседі. Бақтыбай Сарымен туысатын Шөженбайдың Шөмшекбай деген мырзасы алып кеткендігін анықтайды. Олар Шөмшекбайды жылқы ішінде кездестіріп, астындағы атын тартып алып, текедей тентіретіп жібереді және Шөмшекбайдың ауылына келіп балапанды тартып алып, екі жеп биге шығады. Шөмшекбай көрген қорлығына қорынып, Томан биге жүгінеді. Оның алдына Нартайлық та, Байтайлақ та келеді. Шөмшекбай:

-Биеке, мен ұры емеспін, мен балапанды бұлардың үйінен ұрлап алғам жоқ. Мен елсіз иен таудағы ұядан алдым...

Нартайлақ пен Байтайлақ:

-Биеке, осы өңірде иесіз жер, бисіз ел жоқ. Сондықтан бүркіттің ұя салған жері, біздің тау асып, тас басып жүрген мекеніміздің ішінде, әне, анау жанама жартас, зәулім құздың бетінде ақ саңылау көрінеді. Міне, сол қыранның ұясы, жылда осы қыран жалқы жұмыртқалап, балапанды басып шығарып отырады. Тамызда осы ұяда басы шоқпардай шұңғыл көз қара шегір, езуі сүйем, барбаң аяқ, ақ түбіт, апай төс, сары ауыз балапан отырады. Мінезі сондай қыңыр, шәлкес те шапыраш, бетіңе шақшия қарайды. Бұл менің меншік балапаным. Әлі-ақ қыран болып қасқыр алады. Құсымның тұқымы, жаратылысы бөлек, тұлғасы ірі болады. «Алдыртқан анасының қойнын ашады» демекші, біз ақылымызды ашуға жеңдіріп, Шөмшекбайдың астындағы атын аударып алумен бірге, үйіндегі балапанымызды да тартып алып кеткеніміз рас,-деп дау айтады. Томан би Нартайлақ пен Байтайлаққа:-«Жер сендердікі екені рас, балапан да сендердікі – дейді - Бірақ, айыпқа өз беттеріңмен ат алып, Шөмшекбайды жаяу далаға тастап кеткендерің азаматты қорлау»-деп атын өзіне қайтарып береді. Екі жағы да осы әділ билікке тоқтап, бәтуаласады.

***

Мағау деген кісі Оразтайдан жазда майын мінуге бір тай сұрап алады. Ол Оразтайдың қысыр еміп жүрген жалғыз тайы екен. «Малды байдан-жомарт кедей артық» деп рақымшылық жасайды. Тайды баласы Айткен қуанып мініп жүреді. Содан, қоңыр күзде, қоңыр тайды иесіне табыс етем деп жүргенде бір күні қасқыр жеп қояды. Орнына берер тайы болмай ұялып жүреді. Бұл да сіңірі шыққан кедей. Ақыры Мағау Томан биге барып жағдайын айтады.



«Жағдайың белгілі ғой, жүре бер, шығарым. Оразтаймен өзім сөйлесемін»-деп оған аяушылық білдіреді. Осыдан кейін бидің шақыруымен Оразтай келеді. Би:

«Өзі емессің, Оразтай, сараң байдың,

Майын бердің Мағауға бір адал тайдың.

Мал екен, қасқыр жепті, бұйырмаған,

Алдыма Мағау келді мойындаған.

Тайыңа тайы жоқ, тай төлейтін,

Болмаса туысы жоқ бай төлейтін!...» - депті.

Оразтай:


-Жұғымды қарағайдың шайыры бар,

Ағайынға ағайынның қайыры бар.

Тұрғанда елдің бірлік, берекесі,

Өседі жылдан-жылға байырғы мал.

Жоқшылық жомарт елге сын болмасын,

Мағау да ұиыспаған бір жолдасым

Бір таймен ел алдына түсемін бе

Басына кінә тағар мін болмасын,-деп кешірім жасапты. Міне, Томан би ағайынды алтыбақан алауыздықтан сақтап, елдің тірлігі мен бірлігін нығайтуға көмек көрсетеді. Қол ұшын беріп отырады.


***

Қазақ еліндегі ұлы билердің бірі-Томан, ол ұмытылмайтын ірі тұлға. Арқадағы әйгілі би. Біз ел ішінен осы тарихи тұлғаның әділ билік, шешендік нақыл сөздерінің біразын тердік. Алдағы уақытта бүкіл ел болып, зиялы, зерделі ұрпақтар болып Томан бидің асыл мұрасын жинауды қолға алуымыз керек. Оны жұртшылыққа кеңінен таныстырып, тарихымыздан алатын орнын айқындау үлкен міндет. Сондай-ақ, алдағы уақытта бидің мазарын жаңартып, ескерткіш орнату да абыройлы міндет, үлкен құрмет. Әлі де зерттеліп, зерделенбеген ұлы бидің тарихын, өнегесін, үлгісін айдай әлемге таныстыру-оны білетіндердің абыройлы ісі болуға тиіс. Қашанда тарихты халық жасайды. Тарих білмегенді, халық біледі. Сондықтан тарих тасасында ештеңе ұмыт қалмауы тиіс. Өйткені, Томан би ХVIII-ғасырда халқымыздың азаттығы мен тәуелсіздігін қорғаған, қазақ хандығының жүргізген саясаты мен бағдарламасына күшті ықпал жасаған, ұлттық сана-сезімнің оянуына үлкен үлесін қосушы тарихи дара тұлғалардың бірі. Білікті де, білімді, асқан ақылды дана,-деп жазады Мағауия Кененбай.

Томан бабамыз кештеу үйленіпті. «Жасың жетті, неге үйленбейсің»-деген ағайын-туыстарына бір күні: «Ал, мен үйленетін болып, көрші Тобықты-Көкше елінен қыз айттырдым. Қалың малына жүз бас боз тайлақ, жүз бас қара көк байтал, мың бас қара бас тұсақ қой сұрады, соны тауып алдыма салып беріңдер»,- депті. Жүз бас боз тайлақты Қосай атаның ұрпақтары, жүз қара көк байталды Шақантай, Матақ ұрпақтары, ал мың тұсақ қойды Қожагелді Ешкен-Майлан байлары бес жүз басын, қалған бес жүзін Қожагелді Ноқат бай алдына салыпты (Ноқат Бегеш шешеннің үлкен әкесі). Кешегі қазақ заманында рудың намысын жоғары ұстаудың, ер жігіттің сағын сындырмаудың бір көрінісі осындай.
Томан биден қалған сөз:

«Қатыныма қадырым жоқ-етімді көреді,

Ауылыма қадырым жоқ-бетімді көреді.

Жұртыма қадырым бар-сөзімнің төркінін көреді»-депті, ғажап философия!




Ноғасбай балуан
І – Ерлік
Ноғасбай – Абақ – Жастабан Керей ішінде Қожагелді-Алыбай табынан шыққан батыр, балуан болған адам. Өте денелі, бойы сырықтай, алып тұлғалы адам болса керек. Қорасы «Үш аша» деген жер, сол қорасынан үш шақырымдай төменірек, тастан қаланған төрт бұрышты зират, Қарақора мен Үш ашаның арасында, бұрынғы Семей облысы, Шұбартау ауданы, «Горный» совхозының жерінде. Дағанды болысындағы Бекназар-Қосайға аты шыққан алып күш иесі, өзі кедей Ноғасбайды сол кездегі атақты би Бабаң (Байғотан) қасынан тастамайды екен. Талай ас пен тойларға, жиындарға бірге алып барады екен, оның үстіне Ноғасбайдың ішер асы мен киер киімі және қыстық соғымы да Бабаңнан болса керек.

Қасына ерткен игі жақсылармен, ішінде Ноғасбай балуан да бар, Бабаң көрші жайлаудағы Өскенбай бидің ауылына келеді.

Амандық-саулықтан кейін тай сойылып, қымыз ішіліп Тобықты мен Керейдің адамдары ауыл сыртындағы төбеге шығып, Бабаң мен Өскенбайдың әңгімесін тыңдап, ауыл балаларының ойынын қызықтап отырады. Бір уақытта Өскенбай Бабаңа қарап: «Осы Ноғасбайды батыр, жауырыны жерге тимеген балуан, алып күш иесі деп мақтайсыз, ол мықты болса анау көз ұшында жатқан бір келе түйе ішінде қара бура бар, малыма не қасқыр, не адам жолатпайды, қасқырды қуады, атпен барған бөтен адамдарды ат-матымен таптайды. Осы Ноғасбай сол қара бураны байлап алып келсе, сыйлығы дайын, ал өзі жазым болса менен құн сұрамайсыз»-деген екен.

-Қара бура жазым болса, Тобықты сен де Керейден құнын талап етпейсің,-деп, Бабаң да Ноғасбайға қарай бұрылған екен. Сол кезде Ноғасбай балуан да сырт киімдерін шешіп, жауға шабатын батырдай ширығып дайындала бастапты.

Тобықты ауылының жігіттері Ноғасбайға мінуге тек Өскенбай ғана мініп жүретін әлді, жал-құйрығы төгілген Шалқұйрық атты көлденең тарта берсе керек. Шалқұйрыққа қарғып мінген Ноғасбай қолында тек сары ала қамшы ғана, төбеден түсіп, түйелерге қарай беттепті. Қолында не сойыл, не басқа қару-жарағы жоқ кетіп бара жатқан Ноғасбай батырға сүйсінген қасындағы адамдар демдерін ішіне тартып, бір сәт тына қалады.

Ауылдан шығып, табынға қарай желіп келе жатқан кісіні көрген қара бура да шабынып келесін айнала қайырады, жан-жағына бір қарап, мойнын жерге салып, атты кісіге қарай буырқанып қарсы шабады.

Бураның өзіне қарай шапқанын көрген Ноғасбай да атына сегіз өрім бұзау тіс сарыала қамшыны басып, басып жіберіп, қарсы шабады.

«Ойпырмай, не болар екен, кісі жазым болар ма екен» - деп ішінен тынған көп халықтың бар ынтасы адам мен хайуанның шайқасына қарай ауады.

Бір-біріне жақындаған екі алып та, қайсысы жеңерін білмесе де, алған беттерінен қайтпай, ашына түседі. Сол кезде қара бура басын көтеріп, мойнын соза ат үстіндегі кісіге аузын сала ұмтылады, осы сәтті аңдып келе жатқан Ноғасбай да бураның басын оң жағына, ыңғайына қарай қиғаштай өте бере жұдырықпен қойып жібереді. Қара бураның басы мойынымен қайрыла сол жақ қабырғасына соғыла жерге құлап түседі. Атынан қарғып түскен Ноғасбай қыл шылбырмен бураның төрт аяғын буып, ауылға қарай сүйрете жүргенде, Қара бураның екі баладай өркеші мен салақтаған мойны жерге соғылып отырған екен.

Халық жиналған жерге дейін сүйретіп келіп, қара бураны жерге тастай бергенде Өскенбай теріс айналып бұрылып кетіп, Бабаң Ноғасбайды аймалап, құшып тұрып, ризалық білдірген. Қара бураны тексеріп көргенде Ноғасбай жұдырықпен ұрғанда түйенің жағы сынып, басы мойнымен қайрылып барып, соққының қаттылығынан сол жақ қабырға сүйектері сынып кеткендігі анықталады.

Өскенбай Ноғасбайдың батылдығы мен қара күшіне разы болып, шапан жауып, ат мінгізіп, Бабаңдарға сый-сияпат көрсетіп еліне қайтарыпы.

Бұл әңгімені Оңдасынов Кәкімнен бала кезімде естіп едім, содан ойымда қалғандарын қағазға түсірдім.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет