Нәстілек Сәменбетов Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім (тарихи-шежірелік жинақ) Алматы – 2017 ж «Алғабас – ауылым Малкелді – мекенім»



бет3/49
Дата26.01.2018
өлшемі13,67 Mb.
#34037
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49

ІІ – Ұрлық
Ноғасбай өзі батыр, өзі кедей, ара тұра мал үшін аттаныс, жортуылға шығатын әдеті бар екен. Бұл кезде қалмақтардың көзі құрыған, сондықтан қазақ ішіне шығады. Бабаңның өзі ғана мінетін, әрі жылқысының құты «Жүндікер» деген ат бар екен. Бірде Ноғасбай осы Жүндікерді аттанысқа мінуге сұрап келіпті: -Мен арам жолға ат бермеймін,-деп Бабаң қатты ренжісе керек.

Арада екі-үш күн өткенде Құр өзенінің бойында Нартайлақта жатқан жылқыдан Бабаңның жылқышылары келіп, Жүндікер аттың жоғалғанын, із-түзі жоқ екенін, жылқыға қасқыр да шаппағанын хабарлайды. Жылқышылар төбенің маңын айнала шолып, із шығара алмай, мына көбік қарда, ұрылар келді дейін десе аттың ізі жоқ екенін, тек аяғына шарық киген бір үлкен жаяудың ізі жатқанын, жаяу адамның жетегінде малдың ізі және жоқ екенін айтады. Ойланып қалған Бабаң тез ат дайындатып, жанына серіктерімен жылқышыларды ертіп табынға келеді де, жаяу адамның ізіне түсіп біраз жер жүргенде бір төбенің басында адамның ізімен қатар төрт тағандалған аттың ізін және адамның зәр сындырған белгісін көреді.

Ары қарай жүргенде адамның ізі көбік қарда аяғын сүйрете басып жаяу жалғыз кетеді де, жылқының ізі тағы да жоғалып кетеді.

Бабаң жылқының ізі жоғалғаннан кейін қасындағы серіктеріне бұл Ноғасбайдың ісі екенін, кешегі әңгімені айтып, ал мынау Жүндікер атты ұстап алып, төрт аяғын байлап, арқалап, жаяу Үшашадағы қорасына кетіп бара жатқан Ноғасбай екенін жазбай таниды да, жүрістерін ширатып, күндіз Ноғасбай ауылына келеді.

Ауыл иттерінің үргенін, атты кісілердің дүбірінен екі білегін сыбанып алған, қолы қан-қан Ноғасбай да далаға атып шықса, серіктерімен келіп тұрған Байғотан биді көріп, сәлем береді. Сәлемін алмаған Бабаң да бірден сөз бастап, Ноғасбайға: «Жүндікерді сен алдың ба?»-дейді.

Ноғасбай да «Алдым»-деп бірден жауап береді.

Бабаң: «Не істедің, ат қайда?»-дейді.

Ноғасбай «Сойып тастадым»-деп жауап береді.

Бабаң «Бауыздағанда Жүндікер қандай белгі берді?» - дейді.

Ноғасбай: «Тамағын орып жібергенде, ат үш рет оқыранып, кісінеп жіберді» деп шынын айтады.

«Малымның құты, астыма мініп жүрген бәйге атым еді, отыр, жәй қолыңды» - деп, атынан қарғып түсіп, жүресімен бір тізерлеп отыра қалып, қолын теріс жайып, Ноғасбайға берген теріс батасы екен.

«Аузың асқа жарымасын,

Ауың атқа жарымасын.

Артыңа қарасаң-керегең көрінсін,

Алдыңа қарасаң-тізең көрінсін.

Шалғының жапырылмасын,

Күлің шашылмасын,

Өшпе, өспе, бірден аспа,

Осы жеті атаңа жетер»,-деген екен.

Иә, осылай теріс бата алған Ноғасбайдан бүгінде ұрпақ қалған жоқ. Біз көргенде төртінші ұрпағы Таңсықов Айтқазы артында еркек кіндікті ұрпақ қалмай жалғыз қалып, 1982 жылы Баршатаста қайтыс болған. Теріс іске орай бата алу-ұрпақ жойылуына әкеліп соқты. Біздің елімізде кеңінен тараған әңгіменің бұл нұсқасын Мағауия ақсақалдың айтуы бойынша қағазға түсірдім. (Мағауия Құрымбайұлы-Мұхтар Мағауиннің үлкен әкесі).

Ноғасбай балуанның туған және қайтыс болған жылдарын ешкім білмейді, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүргені анық.


Бегеш шешен

(1834-1911)
«Даланың қызыл желі еді»

Абайдың тұстасы Бегеш артына өлмейтұғын сөз қалдырған, халық арасында қадірлі, аузы дуалы, орақ тілді шешен адам болған. Оның шешендік сөздері ел арасында көп тарап, кезінде көбірек айтылып жүретін. Бертін келе Бегешті білетіндер азайды, көз көргендер сиреп, көңілдегілер көмескілене бастады. Бегеш сөзін жинап, кәдеге жаратамын деушілер де бола қоймады. Осыдан келіп «Бегеш айтты» деген аталы сөздер ұмыт бола бастады. Осыған орай, жариялылықтың мейірімді шапағатын пайдалана отырып, Бегеш туралы білетіндерімді және көнекөз қарттардан естігендерімді оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдім. Сабанұлы Бегеш 1834 жылы қазіргі Семей облысы, Шұбартау ауданындағы «Горный» совхозының жерінде, Бақанас өзенінің бойында туған. (Бұрынғы Дағанды болысы).

Руы: Жастабан Керей-Бегімбет Бекназар-Қожагелді-Жанбай-Манабай-Ноқат табынан, Ерен-Сабан екі ағайынды, Сабан Бегештің әкесі. Бегештің балалары Сүгір, Еркімбай, Барбосын, Ербосын.

Сүгірден ұрпақ жоқ. Байқошқар ауылында «Сүгір өлген»-деген жер бар.

Еркімбайдан: Молдақаш (Молдахмет), Боқан (Барбосын), Әулен (Әбдеқаш) туады. Молдақаштан Бердеш туады. Барбосыннан ұрпақ жоқ (қызы Жәкен). Әйелі Орынжан Барбосын қайтыс болғаннан кейін, қайнысы Әуленге тұрмысқа шыққан. Екеуінен Талас, Манас туады. Орынжан шешей Қырғызстанда Әулен екеуі тұрып, заман түзелген жылдары екі ұлымен Қазақстанға Аягөз өңіріне келіп, ал Әулен сол жақта қырғыз қызына үйленіп, балалы-шағалы болған, өзі 1980 жылы қайтыс болған. Әуленнің қырғыз әйелі Кенжеханнан: Стал, Құмабек-Бақтыбек (егіз), қыздары Ақжібек, Талжібек, Бота, Алтын туады.

Бегеш өте шешен, тапқыр би болған адам. Өңі қызыл шырайлы, өткір, аласа бойлы адам болса керек. Өз елінде аз уақыт болыс болған. Үлкендер Бегеш қорасының үстінен өткенде «Болыс аулынан өттік» - деп айтып отыратын. Өмірбаяндық мағлұмат есебінде ойға түйгендерім осылар.

Бегеш Сабанұлы 1911 жылы өзінің туған жерінде қайтыс болған, зиратының басында кейінде (1986ж) қойылған тас бар. Ескерткіште «Бегеш Абайдың досы, атақты шешен, «Абай жолы» эпопеясының кейіпкері, Жерлестері» деген сөз бар.

Бегеш ұрпақтарының қазірдің өзінде өз елінде болмауы кешегі 1928 жылғы кәмпескілеу мен 1931-32 жылдардың ашаршылық және 1937 жылғы репрессияның «би, болыстың ұрпақтары» деген қудалаудың әсері болар деп ойлаймын.

Ал, енді осындай әділ би, атақты шешен, тапқыр, өз заманының алдыңғы қатарлы ойлы азаматын осы уақытқа дейін елеп-ескермей, өз жерінде ұмыт бола бастауы, ұрпақтары үшін бұл кешірілмес күнә. Бұған, әрине, ұрпақ қана кінәлі емес, сол ұрпақтың аузын аштырмаған, үнін шығармаған кезеңдер болғанын ұмытпайық.

Бегештің туған ауылы «Горный» совхозындағы зиратын қалпына келтіріп, белгі орнату қолдан келер іс.

Жоғарыда айтылған зират басына қойылған тасты алыста жүрген ағайындарымыз, Талдықорған облысында тұрып қызмет істейтін Жайық Мүсіров Алматыда өз қаражатына жасатып, Өкітай Ахметов екеуі елге жеткізіп әкелген.

Ескерткіш тасты орнатушылар бұл белгіні Қасқай деген кісінің зиратына қате орнатқан. (Қасқай да Қожагелді, Манабай табынан Бегештің аталас туысы). Әрине, Бегеш пен Қасқайдың зираты бір өзектің бойында, шоқ талдың, бір бұлақтың екі жағасында – шығысы мен батысында тұр. Екеуінде де белгі болмаған. Екі бейіттің де архитектурасы бірдей. Тек Бегеш зиратының теріскей жақ бір қабырғасы құлаған.

Қазірде көзі тірі Бегеш ауылынан Түсіпқызы Кәменнің айтуы бойынша Бегеш зиратының бір қабырғасы әдейі құлатылған, іргесіне бертінде 1930-40 жылдары қайтыс болған Бегеш ұрпақтарының бірі жерленгенде ағайындары зират қабырғасын кеңейтіп қайта қаламақшы болған, бірақ ел басына түскен қиыншылық (әлде ашаршылық, әлде соғыс) оған мүмкіндік бермеген де, зират қабырғасы қайта қаланбай қалған. Бұл сөзді кешегі көзі тірісінде Кәменнің күйеуі Елекенов Сапарғали ақсақалдың өз аузынан естіп едік.

Бегештің туған жылы Тлеуберлин Рыздықбай ақсақалдың есептеуі бойынша 1834 жыл деп, ал қайтыс болған жылы 1911 жыл деп шешем Ошыманова Бишанның айтуы бойынша жазылды. Себебі, Рызекеңнің үлкен әкесі Тышқанбай батыр Бегешпен бір заманда өмір сүрген адам. Ал, 1911 жылы атақты «көк доңыз» бүкіл Сарыарқада жұт болған, ел есінде сақталған жыл.

Елімізге қайта құру әкелген демократия мен жариялылықтың арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып жатқан заманда бүгінгі Шұбартау ауданында кешегі екі болыс елден шыққан (Дағанды мен Шұбартау) немесе тел қоңырдай тату өскен екі рулы елден шыққан, ел билеген би-болыстарды, халық жадында ұмытылмай жүрген батыр бабалар мен ақын-жырауларды, әнші-күйшілерді, сал-серілерді, зергерлер мен ұсталарды, хас шеберлерді, халық емшілерін, Меккеге барған қажыларды, ағартушы болған қожаларды естен шығармай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мәдениеттіліктің белгісі болмақ.

Сөз соңында айтарым, Бегеш пен Уәйіс есімдері баспадан шығатын «Абай энциклопедиясына» кірсе нұр үстіне нұр болып, бабалар аруағы риза болмақ. Жоғарыда айтқанымыздай, «Бегеш айтты» деген аталы сөздер ел арасында әлі де бар болуы тиіс. Ол халық зердесінде сақтаулы. Сондықтан да оқырмандарға өз білгенімді ұсына отырып, Бегеш туралы оқып, естігендері болса газетке жазып жібереді деген сенім артқым келеді. Өйткені, атадан қалған асыл сөз барлығымыздың игілігіміз.

P.S. Міне, менің «Шұбартау шұғыласы» газетінде 2-шілде 1991 жылы жарияланған Бегеш туралы мақаланың мазмұны осындай еді. Осы мақалалардан кейін мына төмендегі хатты алдым.
Қадірлі ағайын, Сәменбетов Нәстілек!
Абайдың тұстасы Бегештің артына өлместей із қалдырған, халық арасында беделді, қадірлі, ауызы дуалы, от тілді шешен екендігін қазір білетіндер азайды. Осыған орай жариялылықтың мейірімді шапағатын пайдалана отырып, Бегеш шешеннің зиратын қайта көтеріп, қалпына келтіру, басына күмбез орнатуды Байқошқар ауылының азаматтары өздеріне міндет санайды. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылып, оған ең жақын туыстары, Бегеш шешенді білетін ауыл үлкендері мен азаматтары тартылған. Қазір естелік-журнал ашылып, халық қолынан келгенше көмек көрсетіп, қаржы жинауда. Бұл журнал келешекте ескерткіш ретінде келер ұрпаққа сақталатын болады. Сондай-ақ, шешеннің туған келіні, 86 жастағы Орынжан әже мен оның басқа немере, шөберелерімен байланыс жасалып, Бегеш шешен туралы құнды деректер жиналды.

Осындай халық болып жұмыла көтерген игі іске ел азаматтарының қосар үлесі, ой-пікірлері болар деген үлкен сеніммен хабар жолдауды жөн көрдік. Бегеш шешеннің бейітін қайта көтеруге байланысты құрылған комиссия:

Мекен жайымыз: 491411

Семей облысы,

Шұбартау ауданы

«Горный» совхозы,

Байқошқар селолық кеңесіне.

Шілде, 1991 жыл.

Міне, осыдан тоғыз жыл өткенде барып Бегеш зираты қолға алынды. Бұл кезде бұрынғы Советтік Социалистік Одағы ыдыраған. Семей облысы мен оның Шұбартау ауданы таратылған, совхоздар жойылып, елдің берекесі кеткен кез болатын.

2000 жылдың жазында Меліс Бейсенбаев пен Сәбит Хасеновтың ұйымдастыруымен, Байқошқар ауылының халқының қолдауымен Бегеш зиратын қайта қалау қолға алынды.

Зират жаңа жобамен ақ кірпіштен өріліп, қайта қаланды. Кесене жобасын ауыл мұғалімі суретші-сәулетші Сәрсен Нығыметжанұлы Теңізбаев жасап, бұрын қате орнатылған тасы да Бегештің өз басына әкеліп, қайта орнатылды. Тастағы бұрынғы жазуға қосымша туған және қайтыс болған жылдарын, руын, әкесінің атын да осы Сәрсен қашап, қосымша жазды.

Бегеш зиратын қайта қалағандар осы Байқошқар ауылының жас жігіттері: Алпысов Бақтыбек, Байдомалақов Болат, Түсіпбеков Кәрімтай, Омаров Әшім, Мұхметов Думан, Еңсебаев Елдос, Сыдықов Азат, Жұмағазин Зият болса, аспазшы болып Ахметханова Қайнижамал мен Жиенбаева Шолпан келіндер еңбек етті.

Ауыл ақсақалы Ілгішов Құрманғали қашан зират қаланып біткенше құран оқып, осы кісілердің қасында болды.

Бәріңізді Бегеш аруағы қолдасын!


Малгелді ауылында тұратын Қожагелді атаның ұрпақтары Серікжан, Есжан, Саян және мен осы Бегеш зиратының есік-терезелерін темірден әшекейлеп жасап, апарып орнатып, өз үлестерімізді қостық.

Бегеш зираты қайта қаланып аяқталған күні Байқошқар ауылының халқы жиналып, баба аруағына құран-қатым бағыштап, ас берді. Шұбартау өңірінен көптеген адамдар келді. Ең тебіріністі жері Бегеш шөберелері қазір Аягөзде тұратын Талас пен Манастың келіп, бабаларына тәуіп етіп қатынасуы болды. Талдықорғаннан Жайық ағамыз да келіп, жиналғандар алдында сөз сөйлеп, ел ризашылығына бөленді. Мен Талас пен Манаспен осы жолы таныстым, Бегеш туралы жинаған сөздерімді бердім. Тағы бір жүрек тебіренткен оқиға осы аста Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік Университетінің студенті, Әбіш ақсақалдың жиені, Ереже мен Рысқайшаның қызы, ақын қарындасымыз Әсем Жұмағазинаның «Бегеш атама арнау» деген өлеңін оқығаны болды, осы арнауды толық келтіргенді жөн көрдім.

1.Байғотан би, Бегеш рухтары,

Жалпыны жел сөзден ұтқаны.

Шақантай, Жобалай батырлар,

Жазылмай қатар жұптары.

Уәйіс Шондыбай саңлағы,

Абайдың төріне шыққаны.

Беріде Жылысбай Бекенмен,

Мағауия атаның Мұхтары-

Алладан сый алған ұлдарын.

Аспанның көгінде шырқады.

Киелі Шұбартау-мекені,

Армысың, Керейдің ұрпағы!

***

2.Бақанас, Байқошқарым, Балқыбегім,



Сағасын жайлап отыр халқым, елім.

Туған ел-алтын бесік ардақтылар,

Туған жер-сайын далам, жан-жүрегім.

Суыңа түсіп қайтам жазда келіп,

Сабылтып сағыныштың салкүреңін.
Ауылмен қоштасасың құба күзде,

Мінген көлік түседі бұлаң ізге.

Қала жаққа өтерде бір мола бар,

Жол шетінде, аулақта, құла дүзде.


Сары желді, жоталы, балағы кең,

Даладағы кімдікі, дара мекен?

Көне көзді қарттардың айтуынша,

Желден жүйрік, би-Бегеш бабам екен.


Биге серік болу да бақ ісі еді,

Серігі де аймаққа таныс еді.

Би-Бегештің қасында жүрген бала,

Менің туған нағашым Әбіш еді.


Ұстай білсе үкілеп, баптап толық,

Киелі өнер кейінге жатпақ қонып.

Тарлан Бегеш - би бабам билік айтқан,

Ұлы Абайдың өзімен бастас болып.


Айналса да бабалар нар аңызға,

Даурығумен жыртылды жағамыз да.

Зиратыңыз шөгіпті, заман озды,

Әлде, бізге жасаған налаңыз ба?

Барлық келіп түсе ме қолға бірден,

Тек қана жадау өлең жолдадым мен.

Баба, сіздің заман жоқ, қымыз ішіп,

Көкпар тартқан, қыз қуып, жорға мінген.


Тас қоймаса басыңа бір Алладан,

Перзентті тілеу қып сұрар ма адам.

Құран оқып, басыңа белгі қояр,

Ұрпақтарың бар екен, қуан Баба!


Бабам-ай, бабам-дала, бабам-шырақ!

Кер заманның кеткесің наласын ап.

Ұл-қызың жүр: «Жар болғай аруағы»-деп,

Жиендер жүр басыңда «нағашылап».


Бағзы күннен желкілдеп жетті үніңіз,

Қашан тәркі қылғанбыз тектіні біз.

Бүгінгі той-тағылым, ұрпақтардың,

Тұяғының дүбірі деп біліңіз.


Мен Әсем жиенімізбен сол жолы Бекбай үшеуміз Аягөзге Мұхтар Мағауин ағамыздың 60 жылдық тойына барып 2-3 күн бірге болдық.
Атадан қалған асыл сөз

1.Абай үйінде отырып өзінің замандасы, досы, керей Бегешке: «Дауасыз не, арзан не, қымбат не? – депті. Бегеш оған:

«Дауасыз – кәрілік,

Арзан-өтірік,

Қымбат-шындық» деп жауап беріпті.

Абай «Енді сендей Бекназар-Қосайдан ұл туа ма!»-деп риза болыпты.

(Абай Құнанбаев 1-том толық жинағы, 1961 жыл, 20 бетте).
2.Бегеш пен Абай арасындағы осындай шешендік сөздер, тапқырлық ойлар біздің елде үлкендердің әңгімесінде өте көп айтылады.

Жолдастарымен жайлаудағы Абай ауылына келіп түскен Бегеш тобы кіріп келгенде Абай «Бегеш, замана-заман болады, қарағай басын шортан шалады деген не сөз» депті. Сонда Бегеш «Абайжан, бұл сұрағыңа мына жас ақын жауап берсін» - деп, қасындағы Уәйісті нұсқаған екен. Қолындағы домбырасын қағып-қағып жіберіп, әндетіп Уәйістің айтқаны:

«Замана-заман бола алмас,

Қарағайды шортан шала алмас.

Заман ақыр болса егер,

Құнанбайдың баласы,

Шақпақты жайлап қона алмас!»

«Ой, тіліңе шоқ түссін, Бегеш. Жас ақынның аузына сөз салып тұрған сен екенсің ғой»-деп қонақтарын төрге шығарыпты.

Бұл сөзді Кәкім Оңдасынов ақсақалдан естіп едім, соны қағазға түсірдім.

3.Тобықтының игі жақсыларымен әңгіме-дүкен құрып отырған Абайға қасындағылары «Осы, Абай аға, керейдің бір жұдырықтай шалы Бегеш келсе бізді елеп-ескермей, бар ынтаңыз сол кісінің сөзіне ауып кететіні несі?»-деп өкпелей, қызғана сұрақ қойыпты. Сөйтіп, отырғанда ас алдарына келіп, енді ет турала бергенде Абай табақтас отырған кісілерге «Астың алды не, арты не?» - деп сұрапты. Сонда отырғандардың бірі «Астың алды – бас, арты – жамбас» - деп, екіншісі «алды – туралған ет, арты – сорпа» - деп әртүрлі жауап айтылады.

Осы кезде ауылға «Бегеш келіп түсіп жатыр «деген хабар Абайдың үйіне де жетеді. «Ассалаумағалейкум» - деп кіріп келген Бегешке сәлемін алған соң Абай оң жағынан орын беріп, асқа отырғызады да «Бәке, осы астың алды не, арты не?» деп сұрақ қояды. Ой, Абайжан соны да білмейсің бе, «астың алды – біссіміллә, арты – аллаһуакбар емес пе!?»-деген екен. Риза болған Абай: - Тобықтының өңшең шулағандары, сұрағыма бірің дұрыс жауабын бермедіңдер, сөйте отыра Бегешті менен қызғанасыңдар. Бегеш далада соғып тұрған қызыл жел емес пе, уыстасаңдарда ұстай алмайсыңдар,» - депті.

Бұл сөзді Камал Тәтімбетов ағамыздан естіп едім.

4.Сәлем беріп, киіз үйге кіріп келе жатқан Бегешке Абай: «Аяғың сиырдың боғы ғой, сүртіп кірмейсің бе?»-деп, аттан түскенде абайламай етегін былғап алғандығын бетіне басып, сүріндірмекші болады, сонда Бегеш босағадағы киізге аяғын сүртіп-сүртіп жіберіп: «Абайжан, дүние деген боқ емес пе? –деп сөз тауып кетіпті.

Бұл сөзді Сіләм Аубәкіров ақсақалдан жазып алдым.

5. Бегеш өз елінің, руының намысын үлкен жиындарда, дауларда әділ қорғай білген адам. Бұған мысал ретінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының «Тарауда» деп аталатын бөлімінде Балқыбек бойында өткен сиязда Абайдың төбе би болып, ел, ру арасындағы даулы мәселелерді әділ шешкендігі баяндалады.

...Осы орайда, көлденең ағайынның ендігі бір жұмысы басталды. Бұл-сияздағы аса бір даулы жұмыс, қалың керей мен найман арасындағы биылғы өткен қыстан бергі ұлы дүбір, үлкен тартыс болып келген Салиха қыз дауы. (375 бет, «Абай жолы»)

...Сол күні Абай екі жақтан үш-үштен алты кісі шақыртып алады. Біраз әңгімеде ау-жай түйісті, «Абаймен бұл жолы кездескен найман кісілері Жұмахан, Барақ төре, Тәңірберді болатын. Керейден-Тойсары мен Бегеш, Тышқанбай. Осы аз адамдардың сөзіне Абай Жиренше мен Оразбайды ерте келеді. Керей-Найман адамдарына Абайдың бұл жолғы сөзі бар жайдан өтілу. (377 бет, «Абай жолы»).

Абайдың әділдігімен дұрыс шешім тапқан «Салиха қыз дауы» осы тарауда былай аяқталады.

....Бірақ тобықты атқамінерлері осылай дегенімен Керей-Найман Абайды олай мінеген жоқ. Сөзіне тоқтап, екі ұлық кетер алдында: «Біттім, тындым» депті. Найманнан Жұмахан мен Барақ, Керейден Тойсары мен Бегеш келісім жасап, хат мөрлеген «тындым» қағаздарын беріп аттаныпты.

Абайды олар, «Бұрынғы қара қазақ жолынан жолы басқа, үні басқа, лебінде елге ем болайын деп тұрған жақсы ырым бар. Сөзі дуалы, беті алмасты, бұл өңірдің абыройлы адамының бірі болғалы тұрған жан екен»-деп бағалаған.

Міне, ұлы Абайға сол заманда осындай әділ баға беру Бегеш сияқты шешен, тапқыр, көреген адамдардан шықса керек.

6. Алматыдан «Жазушы» баспасынан 1989 жылы шыққан «Ел аузынан» шешендік сөздер, ақылдық толғамдар, аңыз әңгімелер деген кітапта (Құрастырушылар: Балтабай Адамбаев, Төлеухан Жарқымбаева) Бегеш шешен туралы әңгімелер жазылған.

Бес болыс тобықтының белді, басшы адамдары Абай алдында айтулы бір дауды шешкен тақырыпта Бегеш те бар екен. Абайдың ұйғаруымен дау Бегештің сөзіне тоқтайды. Бегеш кеткен соң біліктілер мен ел жуандары отырып:

-Абай, сенің бізге істемегенің қалмады, бес болыс тобықтыны бір керейге билеттің. Осының жөн бе? - деп нарызылық білдіріпті. Сонда Абай:

-Сендердің сөзің Бегештікіндей негізді, шешімді боп, жүйесін тауып тұрса мен Бегештің сөзін алып неғылайын. Сен бесеуің Бегеш болам десеңдер осы қазір атқа қоныңдар да, анау керей жақтағы жонның үстіне шығып, бесеуің маған бес уыс жел ұстап әкеліп беріңдер, - дейді сынай қарап.

-Абай-ау, жел ұстатушы ма еді? Мұны не қыр, не сырмен айтып отырсың?-деп даурыққандарға Абай: - Ендеше, Бегеш сол есіп тұрған қызыл жел емес пе? Жел ұстата ма? Сендер Бегеш бола алмайсыңдар, - деп сөз түйіпті.

7. «Абайды Оразбайдың озбырлары сабапты» деген хабарды естіп, төрт арыс-арғын, найман, керей, уақтың игі жақсылары жиналып барып, Абайды қорғап, жақтай сөйлей бастағанда бірден суырылып, Бегеш:

-Абай мырза, ерге жара түйін деген. Ит адамды, тентек құдайды танымайды. Сіз жалғыз тобықты үшін ғана ұл емес едіңіз. Орта жүздің арысы едіңіз. Көптің бұйра нарындай, көктемгі жауынындай жақсымыз едіңіз. «Алаөкпелілердің қолы тиді» деп естіп келдік. Көштің байсал тапқаны-көкорайға қойғаны, даудың байсал тапқаны-төрешіге барғаны. Отқа салып қанша өртесеңдер де алтын, сірә, жез болмас, аяққа шылғау қылсаң да асыл жібек, бөз болмас.

Білім – бақтың қазығы,

Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы.

Талай жан бар-ауызбен аспандағы айды алады, қолымен қосаяқ та соға алмайды. Ұстазынан, жақсысынан айырылса ел не таппақ? Сағымдай құбылып, сабындай бұзылып, іріп-шіріп жоғалады да. Абай сияқты есті, ақылды адам надан еліне бола қалпынан айырылса не болмақ? Рұқсатыңды бер, тентегіңді тыюға келдік,-депті.

Сонда Абай:

-Әй, Бегешім-ай! Шешендікпен қиыстырып айтасыз-ау? Қаділет пен қасірет бар емес пе? Қара күйенің дәні болғанша, Бидайдың сабағы бол. Жаман қауымның жақсысы болғанша, жақсы қауымның жаманы бол десе не дер едіңіз? Жамандықты жолым деп кеткен Оразбайға айтқан сөз суға жазғанмен тең. Мені бір ит қапты ғой. Қапқан иттен өш аламын десем, мен де ит болғаным ғой. Айыпшы әпермеңдер, аяғыма жықпаңдар, - деп тоқтайды.

8.Бірде жол түсіп Абайдың үйіне барған Бегеш:

-Абай құрбым, шашың өсіп, өңің жүдеу тартқаны қалай?-депті шынайы ниет білдіре сөйлеп.

-Шаш алушылар «кесіп аламыз ба» деп жүрексініп жүр еді, жақсы келдің ғой, Бегешім,-депті Абай.

-Жүрексініп несі бар, қанеки, - деп Бегеш шаш алуға кіріседі.

Оқыс тиген ұстара бастың құйқасын қатты кесіпті.

Абай: -Мұның не? - дегенде Бегеш:

-Бастың билігі өзіңде, шаштың билігі менде. Өзің Абай болғанмен, шашың Абай емес қой. Шашыңды алмай жүрген елге кінә ма? Алдырмай жүрген өзің кінәлі ме? Өзің шеш,-деген екен.

9.Абай қатты науқастанып, ажал аузында жатқанда Бегеш досы көңілін сұрай келіп:

-Ассалаумағалейкум, Абайжан!

Сөзіңе таңырқаған талай жан.

Булығып сөйлей алмай жатырмысың,

Алла қонағында бұл не хал?

Әй, сабазым, Бегешіңе сөз қатпасаң.

Көңілден өле-өлгенше кетпес арман,-депті.

Абай басын көтеріп:

Азғана ауыл керейден асып туған сен бір ер,

Сен кеткен соң бұл керейге сен сияқты кім келер?

Жүгім ауыр болғаннан соң,

Көтере алмай жатыр ем,

Келдің ғой, Бегеш, көрдің ғой,

Сен кеткенше жеңілдер,-деп бір сәттік көңілі көтеріліп, жаны да жадырағандай күйге түсіпті.


Абай мен Бегеш
(«Жұлдыз» №3.1993 жыл, 195 бетте, Сайлаубек Жақыпов)

Абай мен Бегеш дос-жар ниеттес болып, бір-бірімен сыйласып өтіпті. Абай тобықты ішінде өтетін бір дүбірлі тойға жаратып қоспақшы болып, керейдің басты адамдары Тышқанбай мен Бегешке Қожагелді Жүзбай дегеннің «Керкекіл», «Қара қасқа» дейтін атақты бәйге аттарын сұратып, сәлем жолдап, кісі жіберіпті. Ескі салт бойынша бәйгеге аруақ шақырып, ұрандап шабады. Соны ойлаған Тышқанбай мен Бегеш:

-Біз ат бермейді екенбіз, аруақ береді екенбіз,-деп келген кісіні құр қол қайтарады.

Абай бұған ренжіп, реніші «Абай, Тышқанбай, Бегешке қатты өкпелі екен» деген тақырыпқа айналыпты. Осыдан көп уақыт өткен соң Бегеш Абайдың үйіне барады. Аман-сәлемнен кейін Абай Бегештен: - Еліңде не жаңалық бар?-деп сұрайды.

Бегеш: -Ал, Бер деген екі ағайынды еді. Соның Алы өліп, Бері тірі қалып, біздің елдің қайғыруында мін жоқ,-деп астарлай сөйлеп, жауап қатады.

-Е, е, ол елдің өсегі ғой, - депті Абай, - соған шын өкпелеп жүр дейсің бе?

Бұл әңгіме Ырыздықбай Тлеуберлин ақсақалдан жазылды.

Ырзекең Тышқанбай батырдың немересі, Шақантай батырдың ұрпағы, «Социалистік Еңбек Ері».

11.Ұлы жүзде Қоңыр төре қайтыс болғанда оның жоқтауында Бегеш туралы қосып айтылған екен.

«Городте оязбен егескен,

Жоқ еді ешкім теңескен.

Дастарханнан дәм ішіп,

Әзілдесіп сырласқан,

Арқадағы-Бегешпен».

Қоңыр төре де өз заманындағы белгілі адам болса керек. Оның жоқтауында Бегештің аталуы оның да атағының ұлы жүзге дейін жайылғанын көрсетеді.

Әубәкіров Сіләм ақсақалдан шілде, 1991 жылы жазып алдым.

12.Бегеш жоқтауынан үзінді:

«Дүние толқын болса да,

Өлкелі көл суалмас.

Қожагелді қайта жаралса

Енді Бегеш туа алмас!»

Шілде, 2000 жылы Бегеш зираты қайта тұрғызылып, ас берілгенде 80 жастағы Қапиза Орысбай қызы апамыздан жазып алдым.

Халықтың әдет-ғұрпы, дәстүрін жете білуімен қатар ел ішіндегі сөз таласында шешендігімен, даулы іс қаруда тапқырлығымен, даналығымен көзге түскен кемеңгер билердің бірі-Бегеш шешен.


Ер Самалдық

(1851-1925)
Осы жұрт Самалдықты біле ме екен?
Самалдық-Шұбартау өңірінің төл тумасы, ХІХ-ғасырлардың екінші жартысымен ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүрген, руы Жастабан Керей-Бекназар-Жәдігер-Малдыбай табынан, екі ғасырдың куәсі болған адам. Өмірден көргені көп, білімі кесек, дара тұлға. Өз заманының сыншысы, жыршысы, аумалы-төкпелі қиын уақыттың перзенті. Талай ғасырдың құпиясы мен қулық-сұмдығын жақсы білген адам.

Ғұлама ғалым, әдебиет мен мәдениеттің, өнер мен тарихтың, жаңа өмір жаңалықтарының жыршысы, аңыз бен шешендіктің академигі, жерлесіміз Омар Хаймолдиннің айтуынша:

Самалдық ел қорғаны. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деген азамат. Маңайын ерлікке, күреске үйреткен, билеушілерін қаймықтырған, жасқантқан.

Самалдық-ақын, архитектор, зергер, балуан кісі. «Жүрек жұтқан» дейтіннің нағыз өзі. Қара халықтың құлы, билеуші, үстем таптың жауы, жетім-жесір, жалғабайларға жәрдемдесу ниетімен азулы байлардың, шонжар мықтылардың ауылын торып, малдарын алып, бөліп беріп отырған. Өзінің көзсіз ерлігімен, батырлығымен «халық қамқоршысы» аталған адам. Осысымен «Ер Самалдық, бұзық Самалдық, ұры Самалдық» атанған. Сөйтіп, 17 жыл айдауда, түрмеде болған. Заманының ойшыл азаматтарын көре білген, тани білген. Тәуке, Мәдилермен бірге болған, ниеттес болған. Жұрт Мәдиді, Тәукені білгенімен, олардың ұстазы Самалдық екенін біле бермейді. Ол тарихи шындық. Бірақ,іздеушісі аз, шырақ алып соңына түсіп, шығарайын деушілер жоқ. Болмаса Самалдық өмірі дайын тұрған шежіре.

Самалдық жөнінде, оның ел үшін жасаған ерліктері жөнінде мен ақиық ақын, әнші Керей Уәйіс ақынның шәкірті, халық ақыны Кәкім Оңдасыновтан (1890-1976) естігендерімді кезінде аудандық газет арқылы оқырмандар назарына ұсынғанмын. («Шұбартау шұғыласы» 25-ақпан, 1993 жылы, №8 санында).

Ал енді Жетісу өңірінің газеттері Самалдық, Уәйіс туралы бірнеше рет өз беттерінде үлкен мақалалар жариялапты. Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетіндегі (№70, 1995 жыл 4 тамыз), мақала бойынша «Самалдық Жаңсақұлы 1851-1925 жылдар аралығында өмір сүрген» деп көрсетілген. Мақала авторлары Өктай Ахметов, Ораз Исмайлов.

Талдықорған облысының «Қаратал» газетінде (12-ақпан, 1991 жыл) басылған Самалдық шығарған «Бодау да, Жазық та, Бегеш те өткен» - деген толғау өлеңді 1966 жылы Сарқант қаласының тұрғыны Күмісбек Буаш ұлының айтуы бойынша жазып алған да Ахметов Өктай ағамыз.

Осы өлеңіне айтылатын: Бодау-керейдің атақты ақыны, Жазық-зағип ақын, руы Төлеңгіт, Бегеш атақты шешен, би-Абайдың замандасы, керей руының Қожагелді аталығынан.

Самалдықтың шоқтығы биік екінші бір өлеңі «Елге сәлем»-деген хаты. Самалдық Жаңсақ ұлының бұл хатын Әсербаев Әсербектен 27 тамыз 1997 жылы алдым. Ол Берікбол Жұмахановтың (халық ақыны Төлеу Кәбдіковтың немере інісі) арабша жазған қолжазба дәптерінен оқытып, көшіріп алыпты. Хат Самалдықтың жаладан сотталып, айдауда жүргенде жазғаны. Хатта аттары аталатын адамдар мен жерлер кешегі Семей облысы, Шұбартау ауданы, бұрынғы Дағанды болысына қарайтын керей руының Бекназар-Қосайдан тарайтын белгілі адамдары.

Ал, өлеңнің соңында айтылатын Оспанқұл-Шұбартау болысының атақты адамы, руы Төлеңгіт, 22 жыл болыс болған адам. Ежелден керей елімен көрші, «төскейде малы, төсекте басы» қосылған, Самалдықпен сыйластықта болған елдің басшысы, Самалдықтың үміттеніп шығарғаны сол кісі. Өлеңдегі аттары аталатын Әлеке мен Дәнебай-Керейдің Матақ табынан шыққан сол кездегі байлары, ауқатты адамдар. Самалдықтың екі ұлы болған: Нұрғали, Нұрғазы. Қазір екеуінен де ұрпақ жоқ. Мұсатай, Әбдірейім, Бөдес-Керейдің Шақантай-Құлбарақ табынан шыққан атақты байлары мен қажылары.

Шүршіт – Бөдес қажының үлкен әкесі, бай. Қойгелді-керей, Сарыбай табынан шыққан бай, болыс болған адам.

Самажан-керей, қасқа табынан шыққан бай, Тышқанбай-керей, Шақантай табынан шыққан батыр.

Бегеш-керей, Бекназар-Қожагелді табынан шыққан би, атақты шешен. Бабаң (Байғотан) мен Жобалай-керей руынан Қосай аталығынан шыққан билер. Қолжазбада найманның байы-Сақабай деп жазылған, ал үлкендер Саңқайбай деп атайтын. Өлеңінің осы шумағының соңғы жолында «Тоқсан мың Саңқайбайдың тұрғанымда»-деп түсініксіз жазылған негізінде «Тоқсан мың Саңқайбайдан алғанымда» болуы керек.

Самалдық Жаңсақұлы сияқты біртуар азаматтардың болғанын көпшілік және келер ұрпақ білсін деген ниетпен қолыма түскен жоғарыда айтылған екі толғау өлеңдерін ұсынуды жөн көрдім. Екі өлеңіндеде әні болған сияқты «Ел іші – алтын кен іші» дегендей, іздестіре берсе халық арасынан осындай көмескіленіп бара жатқан тарихи тұлғалар шыға бермек. Тек, әдебиетшілер, тарихшыларымызбен ғалымдарымыздың және музыка мамандарымыздың назарынан осындай адамдар тыс қалмаса нұр үстіне нұр болғандай. Бұл екі өлеңді де шығарған Керей Уәйіс ақын.

Самалдық туралы оқтын-оқтын баспа бетінде жазылғаны болмаса, толық жазылған дерек жоқ. Соның бірі «Жұлдыз» журналының 1995 жылғы №9-10 сандарында «Ән тербеген Аягөз» деген атпен шыққан Илия Жақанның көлемді мақаласында Самалдық деп айтылатын есім-Самалдық.

Жетісу өңірі сияқты Аягөз өңірінде де Самалдық пен Тәуке туралы аңыздар көп айтылады. Себебі: екеуі бірге сотталып, Сергиополь түрмесінен Жетісу түрмесіне бірге айдалған, ХХ-ғасырдың алғашқы ширегінде.

Самалдықтың фамилиясын аталас туысы Жанжігітов Жұмағали ақсақалдың айтуы бойынша Жаңсақов деп жаздым.

І.Бодау да, Жазық та, Бегеш те өткен
Өртендік, суға баттық, дауыл соқты,

Қан жұтып, аш-жалаңаш бастық шоқты.

Шапқыншы кезектесіп кегін алып,

Сұрапыл соғыстарда есеп жоқ-ты.


Аштыққа, соғысқа да шыныққанды,

Тіл тауып, тек жаумен де шығысқанды.

Соғысқа жөргегінен бейімделіп,

Атаққа «батыр» деген тырысқанды.


Бұл жерде Бодау да өткен, Жазық та өткен,

Қол бастап Жауғашармен Айбас та өткен.

Солардың шарапаты азық болып,

Куәсі сан ғасырдың бізге жеткен.


Екі жүз түтін түтеп, өсіп-өнген,

Атасы Алтай жайлап бұрын келген.

Қайырлы ұл-қыздары үзеңгілес,

Бауырлас бір адамдай өмір сүрген.


Жақсы өнер бір халықтың жемісі емес,

Тағылық бір тайпаның үлесі емес.

Жақсы-жаман әлемге түгел ортақ,

Көзі ашық бұл қағида теріс демес.


Бегешті «қызыл жел» деп босқа айтпаған,

Алаштың асыл сөзін көп шайқаған.

Қарадан дара туған сөз дүлдүлі,

Жарқырап атар таңды тез байқаған.


Лақылдатып есуші еді мәтелменен,

Жанға жайсыз арзан сөз әкелмеген.

Ел-жұрты тебіреніп тоқтаушы еді,

Қосылып сырттан келген жат елменен.


Мақал-мәтел өрнексіз сөйлемейтін,

Қызыл сөзге оған жан тең келмейтін.

Абай ғана сөйлейтін, ол отырса,

Басқа жанды бойына теңгермейтін.


«Халықтың құлымын,

Әкенің ұлымын.

Сенен басқа құрбымнан,

Анағұрлы ірімін

Қарапайым қандастың аспандағы күнімін!» - деген екен Бегеш те Ыбырайға (Абайға).
ІІ.Елге сәлем!
Сәлем де атам Керей баласына,

Түбі де, қаны да бір жанашырға.

Тәңір-ау, осы жолдан ақ едім ғой,

Күйем бе шын-ақ жаттың жаласына?


Мекенім Қарабұжыр саласында,

Бақанас, Көксаланың арасында.

Тәңірден тілеп алған екі қарғам,

Төрт болып екі көзің қаласың ба?


Сәлем де Әлеке мен Дәнебайға,

Қайсының кез боп тұрсың мұндай жайға.

«Түбі бір тұтпас»-деген сөз бар еді,

Тапсырдым екі аруақ, бір құдайға.


Мұсатай, Әбдірейім, Бөдеспенен,

Алдыңнан іс тараған кеңеспенен.

Тұсында Арғын, Найман көп тартысып,

Өмірің өтіп еді ау, егеспенен.


Асылды салса қайрап, не кеспеген,

Жан жетіп жас күніңнен теңдеспеген.

Дариға-ай, бір себебін табар еді ау,

Тышқанбай тірі болса Бегешпенен.


Қосайда нелер мықты майталман көп,

Жорғадай төрт аяғы тайпалған көп.

Бабаң мен Жобалайдай уәлі сөз,

Бір адам Бекназардан айта алған жоқ.


Жау шапсын, жұт қырғыны қоса шапсын,

Бірінің сонда құты шайқалған жоқ.

Осындай басқа тепсең кетпес ырыс,

Бекназар еш жеріңнен байқалған жоқ.


Қойгелді, Самажан мен екі Құтпан,

Азуын айға балап жатқан сырттан.

Мал мен бас сан жетпейді санағанда,

Көп қалады ақсақ, тоқсақ көшкен жұртта.


Шүршіт еді Бекназар да жалғыз құтпан,

Дәулеті жерді жауып, күнді тұтқан.

Ырысын оның дағы шайқап барад,

Қырсықты жау таяғы іш пен сырттан.


Ер Қосай, қолыңда тұр құт таяғың,

Теп-тегіс бәрі бірдей бас-аяғың.

Жатты жақын қыласың ішке тартып,

Мен құсап шет жайламас бір саяғың.


Егер ғып ел арасын бүліндірмей,

Қиюын жігі ашылса біліндірмей.

Тоқсан мың Саңқайбайдың алғанымда,

Әкеттің ебін тауып сүріндірмей.


Береке, бірлік кетіп бүлінбейсің,

Жамандық еш атаққа ілінбейсің.

Таспен атса, сен оны аспен атып,

Жаулыққа елдік жасап күлімдейсің.

Нұралы, айналайын аруақты елім,

Дәулетке өрттей қаулап дүрілдейсің!


Қосайдың ат жетпейді аумағына,

Қызырдың мекен еткен аунағына.

«Қасқыр қырды»-атағым арттан қалмай,

Дұшпанның шырмалдым кеп қармағына.


Жауымның кекесінді жаласымен,

Іліндім заңның ауыр тармағына.

Ақтығым, адалдығым өзіңе аян,

Я, Бабам! Сыйынам өз аруағыңа!


Бір ауыз сәлем айтам Оспанқұлға,

Тартар деп білегімнен сіздей ұлға.

Дағанды елі қазағы мен Самалдық,

Қызығып кетпес ақ деп, қазына пұлға.

Жат елдің жаласымен пенде болдым,

Тіл жетіп, сөзім өтпей бір маңғұлға.

Атаңның аруағынан үміт етіп,

Болар деп бір басыңды елге тұлға,

Елім деп еміреніп Сіз тұрғанда

Кетем бе, төлеу болып пұлсыз құлға?

Бұл Самалдықтың атынан айтылатын екі өлеңнің шығарушысы авторы-Керей Уәйіс ақын.

Самалдық туралы әңгімелер


  1. 90 мың алтын ақша

Найманның ең ірі байларының бірі Саңқайбай қызын ұзатпақшы болып, соған жасау дайындайды. Керейден шебер ұста, зергер Самалдықты алдырады. Оған қызының отау үйдің жасауын дайындап берсе ақысын беретіндігін, қыс бойы өз үйінде ағаштан жасалатын төсек, абдыра, киіз үйдің әшекейлі бұйымдарын жасататынын айтады. Самалдық бұған келісіп, бір қыс Саңқайбайдың ауылында болып, қыздың жасауын жасайды. Әбден Саңқайбайдың сеніміне кірген Самалдық оған атқосшы болып бір сапарда Сергиопольге бірге бармақшы болады. Қыстың күні. Қос ат жегілген үш кісілік шананың артқы орындығында Саңқайбай бәйбішесімен жайғасады.

Орындықтың астына кептірілген жылқының бас терісіне салынған ақша да салынады. Алдыңғы ат айдаушының орындығына Самалдық, бай бәйбішесі екеуі үлкен қасқыр ішікке оранып отырады. Ұзақ жол, қар бүркенген сары дала. Ат айдаушыға сенген бай бәйбішесімен екеуі қалғып-шұлғып отырады. Көзінің қиығымен екеуінің ұйықтағанын байқап келе жатқан Самалдық өзіне белгілі бір жерге ақша салынған жылқының бас терісін лақтырып жібереді. Қалаға жеткен соң бай бәйбішесі екеуі ақшаны өздері түскен үйлеріне ала кірмекші болып іздегенде, ақша орнында жоқ болып шығады. Екеуі біріне-бірі ақшаны шанаға салғанын-салмағандарына күмәнданып, сенімсіздік көрсетеді. «Жолда түсіп қалды» дейін десе өздерінің орындығының астына салынған секілді, ал Самалдықтан көрейін десе ол өздерімен бірге түсіп, келіп тұр, қолында ештеңе көрінбейді.

Қалаға келген мақсаттары қыздың жасауының ішкі мүліктері мен киім-кешектерін сатып алу болатын. Сонымен дел-сал болған бай салы суға кетіп, ауылына қайтады. Ондағы ойы «мүмкін шанаға ақшаны салыңдар» деп жалшыларына бұйырғанда олар ұмытып, салмады ма екен» деген үміт қана.

Үйіне келгеннен кейін Саңқайбайдың Самалдыққа деген күдігі ұлғая түседі. Самалдық еліне қайтады. Әбден ашынған бай Самалдықтың үстінен оязға шағым жазады. Келер жылы жазда жайлауда тобықты, найман, керей елдерінің шоғырланған Ақшатау-Балқыбек жайлауында елге ояз келіп, рулы ел, болыстар арасындағы даулы мәселелерді шешетін сияз өткізеді. Осы жолы Абай төбе би болып, әр рудан дауға түсетін билер тағайындалады. Керейден Самалдықты қорғауды Бегеш би өз қолына алады.

Оязбен қатар отырған Абайға жақындап келген Бегеш:

-Тақсыр, сізге қоятын бір сауалым бар. «Айтыңыз,» - дейді Абай аудармасымен.

Бегеш сөзін түсініп отырған ояз.

-Патша ағзамның қандай заңында мемлекеттің тоқсан мың алтын ақшасын үйінде сақтау жөнінде рұқсат етілгені бар? Болса қандай мөлшерде? Жоқ болса найманның байы Саңқайбай Самалдықтан үйінде заңсыз сақталған тоқсан мың ақшасын неге көреді, осының әділдігін ашып, кімнің кінәлі екендігін шешіңіз, - дейді.

Абайға қараған ояз:-Ондай көп ақшаны айналымға түсірмей, үйінде сақтаған байдың қылығы заңсыз, Саңқайбайдың өзі жауапқа тартылуы керек, - деген шешім айтады.

-Ой, тіліңе шоқ түссін, Бегеш, Самалдықты тағы да арашалап алдың ғой, - деп, Абай күліп Бегешке бұрылады. Ояз бен Абай отырған төбеден төмен қарай көп халық отырған жерге түсіп келе жатқан Бегеш:

-Аруақ! Аруақ!-деп шапанының қалтасынан уыстап алған алтын ақшаны шашып келе жатады. Бегештің тапқырлығына риза болған халық оны қошаметтеп, өз орталарына алып кетеді.

Ал, шашу болып шашылған ақша мүмкін Саңқайбайдың тоқсан мыңының бір бөлігі шығар, кім білсін?

Саңқайбайдан қызына жасап берген жасауы үшін ақысын алып, еліне қайтқан Самалдық ақшаны үйінің ағаш есігінің тақтайының арасына қуыс қалдырып, соған толтырады да, екінші жағын да тақтаймен әшекейлеп шегелеп қойған екен дейді.

Сөйтіп, Саңқайбайдың тоқсан мың алтын ақшасын Самалдықтың үйіне кіріп-шығып жүрген бірде-бір адам сезбепті.

Сықырлап ашылатын әшекейлі қос қабатты есік «Менің ішімде Саңқайбайдың тоқсан мың алтын ақшасы жатыр» деп ешкімге айғайламаса керек.




  1. 90 жылқының сан еті

Найман мен Тобықты руларының бай шонжарлары Керейдің атақты шешен биі Бегешке жиналып келіп «Ұрыны, керей, сен ұстап отырсың, қыс бойы жоғалған жылқымыз сенде, Бегеш! Самалдықтан жоғалған малымызды әпер, олай жасамасаң өзің ұстап бер, соттатамыз, айдатамыз»-деп айбар көрсете келеді. Ешқандай ылажы қалмаған Бегеш те қасына керейдің оншақты атқа мінер игі жақсыларын ертіп, Самалдықтың ауылына қарай жүреді. Ақирек бойындағы Самалдықтың қорасы қиын шатқалда, сай-салалы Қарабұжырда қуыста болса керек. Көп аттының тегін емес екенін сезген Самалдық қасындағы серіктері – оншақты ылғи ығай мен сығай жігіттерімен ауылынан жылыстап, Ақирек тау жотасына қарай кете береді.

Қатын-қалаш, бала-шаға ғана қалған ауылдағылар көп кісіден қорқып, ауыл шетіндегі терең сайдың ішіндегі қойманы көрсетіп қояды. Екі сайдың ортасы терең етіп қазылып, төбесі терек пен қайыңның ұзын салдауларымен жабылған, беті топырақ орға тап болады. Оның екі жағында қызыл тобылғы төселіп, ортасынан кісі жүретіндей жол қалдырған, ал орда тобылғы төсеніштерінің үстіне екі жағына бірдей етіп қаланған 90 жылқының сан еті жатады.

Найман мен Тобықтының адамдары «Ұры табылды, мал біздікі»-деп шуылдай бастайды. Бегеш тұрып «Ой, Найман мен Тобықтының игі жақсылары! Ал, осы жатқан 90 жылқының сан еті: «Мен найманның пәленше деген жылқысы едім, ал мен тобықтының түгенше деген байының жылқысының сан еті едім» - деп қайсысы кісінеп жатыр? Керей жылқысында сан ет жоқ дейсің бе?» деген екен. Терісі жоқ, бас-сирақ жоқ, таза сан еттен таңба таба алмаған жоқшылар елдеріне Бегештің бір ауыз сөзіне жығылып, бос қайтқан екен.

Бұл кезде Самалдық қасындағы серіктерімен ылғи ақ боз атқа ақ киім киіп мінген, иықтарында мылтық, Ақиректің биігінен қарауыл қарап тұрып еді дейді.


  1. Сотта

«Аягөзде Сергиополь Ұзынағаш (әлде Шұбарағаш) түрмесінен Самалдық пен Тәукені әкеліпті, екеуінің соты болады» деген хабар елге жетеді. Керейден Берікбол старшын, Уәйіс ақын, Сәбит палуан және Кәкім бар, 5-6 адам Аягөзге келеді.

Олар келген кезде сот мәжілісі басталып қойған, елден келгендерді сыртқы есікті күзетіп тұрған солдат ішке кіргізбей қояды.

Сол кезде Сәбит балуан екі солдатты екі қолымен ұстап- бірін-біріне соғып, екі жаққа лақтырып жібереді де, есікті аяғымен теуіп-теуіп жібергенде жақтауларымен қоса опырылған есік ішке қарай құлап түседі. Залдағы адамдар дүркіреп тұрып арт жақтарына қараса Сәбит балуан бастаған ел адамдары ішке қарай кіріп келе жатады.

Бет-ауыздары қан-қан болған, естерін енді жиған екі солдат жүгіре басып, сот төрағасына болған жағдайды орысшалап айтып, Сәбит балуанды көрсетіп «анау, анау бізді ұрып, есікті сындырған»-деп шағынып жатады. Залдың ортасына жете берген ел адамдарының ішінен Берікбол ақсақал: -Ойпырмай, құрыдық-ау, енді не болар екен?-деп шуылдаса, үрейлене бастайды.

Бұл кезде сот төрағасы орыс жігіті сырықтай бойы бар, жауырыны тақтайдай, екі иығына екі кісі мінгендей, алып денелі, сымбатты түрі сұсты, ештеңеге именбестен басып келе жатқан Сәбитті қолымен ымдап шақырды, Сәбитте адымдай басып соттың столына жетіп барады. Орнынан тұрған сот қолын соза еңкейіп, Сәбитті өзіне қарай жақындатып, әлде риза болғаны, әлде сүйсініп таңданғаны: - Молодец, Молодец!-деп жауырынынан екі-үш рет қағып-қағып жібереді де, отырған халықты, келген адамдарды тыныштыққа шақырып, сот мәжілісін жалғастырып жүргізе береді.

Осы сотта бес болыс тобықтының игі жақсылары параны беріп-беріп, Тәукені ағартып алып кетеді де, ал Самалдық тағы да ұзақ мерзімге кесіліп, айдалып кете барады.

Самалдықтың «Елге сәлем»-деген өлеңінде:

«Асылды салса қайрап, не кеспеген,

Жан кетіп, жас күніңнен теңдеспеген.

Дариға-ай бір себебін табар еді-ау,

Тышқанбай тірі болса Бегешпенен»-деген сөзін осы жолы айтқан екен.

Бұл Тышқанбай батыр мен Бегеш шешеннің дүниеден қайтқаннан кейінгі керейде, оның ішінде Бекназарда бас көтеретін ру басшыларының тоз-тоз болып жүрген 1917-18-жылдар шамасы болса керек.

Еңселері түскен ел адамдары да ауылға қайтады. Осы сапардан келісімен Сәбит палуан ауырып, қайтыс болады, 29 жасында.

«Оның жауырыны қап-қара болып қағынып, адамның бес саусағының ізі білеуленіп, білініп тұрып еді, - дейді көрген адамдар, - мүмкін жауырынынан қаққан орысты «кәпірдің алақаны жауырыныма тиді»-деп, жауырыны қанша күреске түсіп жүргенде жер иіскемеген, атағы орта жүзге жайылған атақты палуан осыдан сескенсе керек, ажалы содан болып еді», - дейді Кәкім. Кәкім мен Сәбит бір жылда 1890 жылы туған, түйдей құрдас екен. Сәбиттің кім екенін оқырман қауым сезіп отырған шығар, ол менің әкем Сәменбеттің бірге туған ағасы.
4.Қатыгездік
Бертінде, тіпті 1970 жылдардың ішінде, Қами шешеміз екі көзі ауырып, соны емдетуге Алматыға барып, ауруханада жатады. Сонда қасына Талдықорған облысынан, яғни, бұрынғы Жетісу өңірінен егде тартқан бір әйел бірге жатады. Бір бөлмеде жатқан екі әйел бір-бірімен танысып, әңгімеден әңгіме туып, ел мен жер, одан шыққан адамдар жайлы айтады.

Қами шешеміз Шұбартау елінде керей руынан шыққан өзі батыр, өзі шешен, шебер Самалдық деген адамның болғанын, оның көп жылдар бойы Жетісу өңірінде патша заманында айдауда жүргенін айтады. Сонда қасындағы әйел: «Астапыралла, сол Самалдықтың өз аузынан бір керемет қорқынышты әңгімені мен де естіп едім, ондай адамның қазір ұрпағы бар ма? Айтқан әңгімесіне қарағанда артында ұрпақ қалуға тиісті еместей болып көрініп еді»-деп бір үрейлі әңгіменің шетін шығарады.

Қами шешеміз де сөзге шешен адам еді. Самалдықтың екі ұлы болғанын, қазір соның бірі Нұрғали тірі-деп, қасындағы әйелден жаңағы әңгімені айтып беруін сұрайды.

«Менің күйеуім де еті тірі, заманында ел қатарлы еңбек етіп, өмір кешкен кісі еді. Жас кезіміз, жаңа отау құрып, тіршілік кешіп жатқан күндердің бірінде Самалдық біздің үйде қонақ болып, басынан кешкен оқиғаларын айтып отырды. Ол әңгімесінің арасында өзінің бір жасаған қатыгездігін айтты.

-Елде барымта, ұрлыққа барып, алыстан жылқы алып келіп, үйде өз жігіттеріммен отырғанда артымыздан екі адам қос-қостан ат мінген, дұрыс киінген, түрлері сұсты қуғыншы-жоқшылар келіп жетті. Бізді дәл басып, дұрыс тауып келіп отыр. Айғақты дәлелдермен, іздермен үстімізден түсіп, жоғалған жылқыларын өндіріп алмақшы. Қыстың мезгілі, ауыл қыстауда жеке отырған кез. Келген адамдардың бет-әлпетін байқағаннан кейін ештеңе байқамағансып, қонақтарды орналастырып, арнап мал сойғызып, күте бастадық. Түннің бір мезгілінде қасымдағы өз жігіттеріме қораның ішінен терең ғып көр қаздырып, екі қуғыншының екеуін де тірідей көмгізіп тастадым да аттарын сойғызып, киім-кешек, ер- тұрмандарын түгел өртетіп, құртқызып жібердім.

Міне, менің осы қатыгездігімді осы уақытқа дейін ешкім білмеді,-деп Самалдық тағы бір әңгімесін аяқтады. Мен күйеуіміз екеуіміз жағамызды ұстадық. Ал, осындай қатыгез адамның артында ұрпақ қалуы мүмкін емес қой»,-деп әйел Қами шешемізге қарайды.

Қами да Самалдықтың екі ұлының біреуі Нұрғазы ертеректе қайтыс болғанын, ал екінші ұлы Нұрғалидан еркек кіндік баланың жоқ екенін, енді оның да артында ұрпақ қалмағанын айтады. Міне, адамдардың теріс бата алуы, қарғыс естіп, зұлымдықпен кісі өлтіріп, адамның қанын арқалауы оның ұрпағына қарғыс болып тиіп, шаңырағының жойылуына апарып соқса керек.

Керей Уәйіс ақын

(1873-1925)
Уәйіс Шондыбайұлы 1873 жылы Семей облысы, Шұбартау ауданының Баршатасқа жақын Жылтыр деген жерінде туған (Бұрынғы Дағанды болысы, он екінші ауыл).

Руы Жастабан Керей, Бегімбет, Бекназар-Қожагелді-Көлібай табынан. Өз әкесі Шондыбай Ыбырайымұлы, шешесі Сыпайы Ималды қызы, Жүзағаш деген жерден, найман руы, Тұманшы.

Уәйістің әйелі Былқыжан Мыңбайқызы, Қожагелді ішінде Манабай табынан. Уәйіс пен Былқыжаннан Молдахан, Мұхаметжан деген екі ұл туған, екеуінен де ұрпақ жоқ, ертерек қайтыс болған.

Шондыбайдың Уәйістен басқа балалары Мұхамедияр (жеңгелері Шұқытай деп атап кеткен), Жүніс, Исатай және Естай. Мұхамедияр-менің шешем Бишанның әкесі. Жүніс –Майданның шешесі Балқұстың әкесі. Исатай мен Естай да әнші болған. Осы бес ағайынды Мұхамедияр, Жүніс, Уәйіс, Исатай, Естай-бір әулеттен. ХХІ-ғасыр басында тек Исатай мен Әріптен туған Нүкеннен тарайтын ұрпақтары ғана бар, басқасы 1931-32 жылдары ашаршылық пен 1941-45 Ұлы Отан соғысында өлген. Уәйіс жасынан әнші, қисаларды жатқа айтатын және дарынды ақын, композитор болған адам, Ұлы Абайдың дарынды ақын шәкірттерінің бірі.

Уәйіс шығармалары менің және Майданның іздеуімен қазақтың атақты ғалымдарының бірі, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайым Мұхаметхановтың жинақтап, зерттеуінің арқасында екі рет жарық көрді. Олар «Уақыт өрнегі» 1988 ж. және «Абайдың ақын шәкірттері» 1994 жылы деген екі кітаптар.

Әрине, бұл кітаптарда Уәйіс шығармалары толық енбеген. Мен осы шығармалар жарық көргеннен кейінде Уәйіс туралы деректерді іздестіріп, ел аузынан және газет-журнал беттерінде шыққандарын жинақтай бердім.

Уәйістің бала күнінде айтқаны:

Айта бар, барсаң сәлем Асығысқа,

Іс түсті қиыншылық басымызға.

Берсең де пұт тары көп бола ма?

Кеп тұрмыз қозы жайып қасыңызға.

Бұл бір шумақ ақынның ең алғашқы бала кезінде шығарған өлеңін Уәйістің ағасы Мұхамедиярдың қызы Бишан – менің шешемнің айтуы бойынша жаздым. Қозы жайып жүріп қарны ашқанда көрші ауылдағы Асығыс деген әйелдің қос уыс қуырылған тарыны алақанына салып бергеніне көңілі толмай айтқаны екен.

Қожагелді Алыбай ішінде Бөрі деген атадан шыққан Әбіш, Кәкім деген екі жігіт бойжеткен қыздары бар үйге бірге қонып жүргенде Уәйістің айтқаны:

Шығыпты Бөрі екеңнен Әбіш, Кәкім,

Момын деп естуші едік арғы затын.

Әбіш қонған үйіне бірге қонып,

Ей, бала, бұрын бар ма еді мұндай салтың?-деп Кәкімді ұялтыпты. Бұл шумақты да шешем Бишаннан жаздым.

«Нұрке айтыпты» дейтін мына сөз де Уәйістікі болуы керек.

«Ассалаумағалейкум, Айдар-Мамық,

Туыспыз ежелден-ақ құдайға анық,

Орыспен қазақ-тағы туысады

Бетіме Берікболды қылма салық».

«Берікбол мал ұрлады» деп Тобықты руынан Айдар-Мамық іздеп келгенде айтылған сөз. Нұрке балуан, сал болған адам. Найман руынан Кәріпжан-Серікбайдан қыз алған, күреске түскенде мертігіп, шаты айрылып кетіп, содан талтаңдап жүретін кісі екен.

Нұрке Уәйістің әкесі Шондыбаймен бірге туысады, Берікбол да ағайын туысы. Берікбол Самалдықпен бірге сотталған, айдалған адам, ақ патша заманында.

«Ән туралы әңгіме» («Жұлдыз» журналы №6 1984 жыл) деген мақаладағы жазушы ғалым Ақселеу Сейдімбеков пен атақты әнші Жәнібек Кәрменовтың сұхбатынан үзінді келтірейік.

Ж.Кәрменов:

-Мен Жүсекеңмен (Жүсіпбек Елебеков) алғашқы рет «Ғазиздің әнін», сонсоң Уәйістің әнін «Үш досты» айтуды үйрендім.

А.Сейдімбеков:

-Иә, «Ғазиздің әні» мен «Үш дос» әндерінде сол әнді шығарушының өз талантына жалтақсыз сенімінің бары таң қалдырады. Уәйіс сияқты, Мұхаметжан, Шашубай сияқты, Дайрабай сияқты бірлі-жарым әнімен немесе күйімен ел есінде қалған саңлақ өнерпаздарымыз бар ғой.

Ал, Уәйіс Абайдың ең жақын досы болған. Әсіресе, Уәйістің әншілік өнерін Абай қатты қадірлеген.

Сөз орайында Абай-Уәйіс арасындағы бір ғана оқиғаны айта кетуге болады. Тарихтан белгілі, Ақшатау-Қоңыркөкшедегі болыс сайлауында Әбен бастаған, Бегеш, Тойсары қостаған жуан сіңір көкжалдар Абайға қол тигізіп, қамшы жұмсаған ғой. Сонда осы Уәйіс Абайдың үстіне құлап, араша түсіп, қырық қамшы дүреге өз арқасын төсеген екен. Әрине, Уәйістің мұнысы Абай үстіне құлап, Абайға ғана араша түскендік емес, исі қазақ өнеріне араша түсу ғой.

Кейіннен тыныштық бермеген соң Абай өзінің Ақылбайын жіберіп, Уәйісті көшіртіп алған. Сөйтіп, Жидебай мен Қарауылдың арасындағы Ақтоғай деген жерден қоныс берген. Уәйістің зираты қазір осы Ақтоғайда жатыр.

Осы сұхбатта Ақселеу «Бегеш, Тойсары бастаған» - деп керей адамдарын қате көрсетеді. Бегеш пен Бейсембай (кітапта Тойсары деп әкесін жазған) Абай зорлық көргенде араша түскен ара ағайын, керейдің басшы адамдары.

Әбіш Жиреншиннің - «Абай және орыстың ұлы демократтары» деген кітабында (Алматы, 1959 ж.) Абайға қатысты бұл оқиға былай көрсетіледі:

...Ақшатауда «Көшбике» деген жерге барып, Көкшенің тіккен үйіне Абай түскен соң, Көкше адамдары көтеріліп, ел соларға аударыла бастайды, ел бетінің Абай жаққа ауғанын көрген соң, Оразбай жақтағы Жөкең, Кішекең басшылары ақылдасып: «Мына Абай тағы келді де. Бізді жеңетін болды. Бұл сайлауды жанжалмен таратпасақ, досқа күлкі, дұшпанға таба боламыз»-деген қорытындыға келді.

... «Не болса да басты бәйгеге тіктік, біз жанжалды бастайық, ал Жөкең адамдары бізден бір елі қалмасын»-дейді. Осылай сөз байласып, баталасып, атқа мініп, уезд начальнигі отырған үйдің қасына бір топ кісі аттан түсіп, қамшыларын сүйрете үйге келе жатса, қасында Көкбай, Уәйіс, тағы төрт-бес кісімен Абай съезге тіккен бір үйдің ортасында қаперсіз әңгімелесіп отыр екен.

...Осы минутта даурыққан шуылмен арттан келген бір топ кісінің ішінен Нұрғазы деген Абайға қамшысын ала ұмтылғанда, Абайдың қасында тұрған Софының інісі Аппас және Уәйіс дегендер Абайдың үстіне шапанын жайып жіберіп, сойыл мен қамшыға өз жауырынын тосып алады.

Міне осы оқиға Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында осылай суреттеледі. Ал, Абай музейінің қызметкері Бейсенбаев Мұздыбай Абай туралы архив құжаттарында осы оқиғаға байланысты тергеу қағаздарында, Абайдың өз қолымен жазған түсінігінде Уәйістің аты аталмайтынын жазады, тек қана «Суфин Аппас деген арашалады» - деп көрсетілгенін келтіреді. Ақылды Абай жас жігіт, көрші керей елінен ақын, әрі әнші Уәйісті осы іске араластырмай, тергеу ісіне қатыстырмауды жөн көріп, өз жазған қағаздарына тек тобықты елінің адамдарын ғана көрсетсе керек.

Бұл жерде мен Керей Уәйіс ақынның даңқын асыру үшін мақтап отырғаным жоқ. Тіпті, Абайға байланысты осы оқиғаға Уәйіс қатысты болсын, ие болмасын, одан әнші-ақын Уәйістің атақ, даңқы төмендеп қалмайды. Бірақ шындық солай. Мұхтар Әуезов пен Әбіш Жиреншин сияқты Уәйісті көрген, әнін тыңдаған, құрметтеген, араласқан адамдар өтірік жазбаса керек.

Оның үстіне сол заманда найман елінде және тобықты елінде де Уәйіс атты өз орталарында еті тірі, пысық, ақынжанды адамдар болған, оларды Уәйіс ақынмен шатастыруға болмайды.

Әлкей Марғұлан «Екі мың жыл жүректі тербеткен жыр» - деген еңбегінде «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырының варианттарын талдай келіп былай деп жазады:

«Жанақ жырлаған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын Абай мен оның балалары аса қадірлеген. Абайға еліктеп бұл вариантты әдемі жырлаған ақындар Бейсенбай, совет дәуірінде Керей Уәйіс ақын. Оның айтуынан Мұхтар 1924 жылы бір көркем вариантын жазып алып, кейін баспадан шығарады. («Жұлдыз», №2 1985ж.).

Қазақ совет энциклопедиясы Қазақ Советтік Социалистік Республикасы - энциклопедиялық анықтамасының (1980ж.) «Ғашықтық жырлары» (526 бетте) туралы анықтамада былай жазылған:

«Қазақтың ғашықтық жырының биік шоқысы – «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры. Бұл жырдың түрлі нұсқасы бар. Соның ішінде Абайға жақын болған семейлік ақын Уәйістен М.Әуезов жазып алып, 1936 жылы бастырып шығарған нұсқасы ерекше. Осы сөз Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр, аңыздар»-деген ғылыми зерттеу мақалалар жинағында да қайталанады. (Құрастырған және арнаулы редактор филиология ғылымының докторы Р.Бердібаев, Алматы, «Жазушы», 1985 жыл).

«Жұлдыз» журналының №11 санында 1986 жылы Қайым Мұхаметханов «Келелі іске кемелдік жарасады-деген мақаласында:

«ҚСЭ-сындағы кейбір мақалаларда берілген тарихи деректер жайында былай деп жазады:

«Өкінішке орай, он екінші томға, тарихта белгілі ақын, әнші, композитор, Абайдың талантты шәкірттерінің бірі-Шондыбаев Уәйіс (1873-1925) кірмей қалған...

.... «Атқарылар жұмыстың ауқымы кең» («Семей таңы» газеті, 23-тамыз 1990 жыл).

Т.Ибрагимовтың мақаласынан:

«Көрме орнының қосымша құрылыстар есебінен ұлғайуы осыған дейін ауызды бағып, байлап, еркін көрсетілмей келген Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатовтардың Абай әлеміне қатысын кеңінен ашуына жағдай тудырады.

Сондай-ақ Абайдың ақындық дәстүрін жалғастырушы шәкірттері Уәйіс Шондыбаев, Тайыр Жомартовтар бірінші рет жұртшылық назарына ұсынылады».

«Жаңа өмір» газеті, 11 август 1987 жылы Ұлы Октябрдің 70 жылдығы қарсаңында» деген рубрикасымен былай деп жазды:

«Шұбартаулық атақты халық ақыны, сөз зергері, Абайдың шәкірттерінің бірі – Уәйістің өлеңдері бүгінде халық арасында өміршең өнегелілігімен көп тарап- айтылуда, осы дүлдүл ақынның өмірі мен өлеңдерін зерттеуші ғалымдар, сыншылар, әдебиетшілер, ақын-жазушылар да аз емес. Аягөз ауданы «Нарын» совхозында тұратын талапкер жас ақын Сайлаубек Жақыпов Ұлы Октябрьдің 70-жылдық торқалы тойы қарсаңында Уәйіс ақынның өмірінен деректі сыр шертетін көлемді поэма жазып, аяқтады.

Осы газетте «Самғау», «Октябрь таңы», «Бозқараған», «Туған жерді аралау», «Абай кеші», «Эпилог» деген өлеңдері басылған.

«Алыста жүрген ағайын сөз алады»-деген айдармен «Шұбартау шұғыласы» газеті 16-наурыз 1991 жылы «Маржан сөздің иелері» - деген мақала жариялады, авторы Талдықорғанда тұратын ағайынымыз Өктай Ахметов ағамыз.

«Уәйіс өлгенде Бейсенбай бастаған топ отыз адаммен он бес шақырым жерден ат қойып, ел-елге хабаршы жіберіп, азан-қазан ғып Шыңғыстау жерін басына көтергенде бір адам: - Ұят болмай ма, мазақ болмаймыз ба? Уәйісті өзіміз сиғызбай, жат жерде жоқтағанымыз? - десе, Бейсенбай: - Керейге керегі мазақ, Уәйіске Меккеде, немесе Ресейде жатса да айқайлап барар едім,-депті.

Уана алмай Бейсенбай бастаған топ еңіреп жылапты. Оларды қарсы алғандардың ішінде Төлеу ақын да болыпты. «Еркектердің еңіреп, дауыс айтқанын көрмеген едік» - деген аңыз тарапты. «Бейсенбайдың Уәйісті жоқтауы» деген ән шыққан екен. Оны Арқаға таратқан Игілік ұлы Ынтық ақын. Бұл әнді Алыбай ішінде Баяжан қарындасы Жаңылмас айтатын (Қойбақтың келіні), (мақалада Жаңылмас Баяжанқызы деп қате кеткен. Н.С.)

Отыз адам ат қойып келіп, аттан түсе қалып, тізерлеп көріскенде, екі әнші кезек-кезек былай депті.


Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   49




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет