Нұрсұлтан назарбаев: Қазақстан алға баса береді



бет2/3
Дата27.12.2016
өлшемі474,75 Kb.
#6053
1   2   3

Егер сіздердің естеріңізде болса, деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы, таяуда мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде сөз сөйлеген кезімде алды­мызға интеллектуалды қоғам құру, Қазақ­станның интеллектуалды элитасын дайындау міндетін қойып отырғанымызды айттым. Білімді, интеллектуалды адам­дарсыз, дамыған ғылымсыз Қазақстанда перспектива болмайды. Адамдар бәсеке­лестігі, білім бәсекелестігі, ғылым бәсеке­лестігі жүріп жатыр. Оған дайындалу керек. Сондықтан да менің тапсырмам бойынша 20 интеллектуалды мектеп құ­рылуда, оларға олимпиадалар мен өзге де жарыстарда жеңіп шыққан талантты балалар тартылады. Онда нағыз қабілет­тілер ғана өте алатын конкурс болады. Балалардың бәрінің бірдей талантты емес екендігі, бәрінің бірдей өте алмайтыны түсінікті, олар ренжімеуге тиіс. Ондай мектептердің үшеуі – Астанада, Семей мен Көкшетауда құрылды, жақын уақыт­тарда қалғандары да салынатын болады.

Иә, біз Астанада айрықша үлгідегі Жаңа халықаралық университет салып жатырмыз. Оны шетелдік профессор­лардан тұратын арнайы кеңес басқарады. Әр факультет батыстық ірі оқу орындары­ның басқаруына беріледі. Оқу схемасы да сонда жасалады. Бұл университетте білім алғандардың екі дипломдары: қазақ­стандық және батыстық жоо-лардың дипломдары болады.

Бұл университетті құру жеңіл мәселе емес. Мен бірінші рет, осылай деп айтуға болады, университет Назарбаев есімімен аталсын деген үгіттеулерге көндім... Оған деген көзқарас та ерекше болмақ. Онда нанотехнологиялар, ақпараттық техноло­гиялар, биотехнологиялар, математика мен физика бойынша қазіргі заманғы лабораториялар болуы керек. Сол үшін де мен Ғылым қорын құру жөнінде мәлім­дедім. Меценаттарға тағы да айтамын: игілікті іске атсалысу қажет. Білім дең­гейін шындап көтеру үшін біз қор қар­жысына үздік оқытушыларды шақыратын боламыз.

Бұл университет бай ата-аналар үшін емес, талантты балалар үшін құрылуда. Оны құру ісінің ата-аналардың қалта­ларына ешқандай қатысы болмайды. Кім кон­курстан өтсе, сол оқиды. Ұлттық бірыңғай тестілеуді енгізу арқылы біз жаман жасадық па? ҰБТ адамның ұлтына, тіліне немесе діни сеніміне назар аудармайды. Кімнің білімі болса, сол өтеді. Сондықтан егер өз балаларыңызды осы университетке түсуге қабілетті болатындай дайындай алсаңыздар, сіздер жақсы таңдау жасайсыздар. Сонда біздің жастарымызды қыруар ақшаға шетелдерге жіберудің де қажеті болмайды.

Солтүстік Қазақстан байланысқа шықты. Президентке қазіргі заманғы тәрбиелі, компьютерді жетік меңгерген он бірінші сынып оқушысы Шыңғысхан Шайкенов Нұрсұлтан Әбішұлының компьютермен достығы жөнінде сауал қойды.

Шыңғысхан, саған өзімнің Интернет­пен достық қарым-қатынаста екенімді айт­қым келеді, деп жымия жауап қайтарды Нұрсұлтан Әбішұлы. Әрине, мен сен сияқты немесе өзімнің немерелерім тәрізді бүкіл түнді виртуальды әлемде өткізбеймін, өйткені әр таң сайын менің көмекшілерім бүкіл әлем бойынша және бүкіл Қазақстан бойынша алынған ақпараттарды менің үстеліме қояды. Бірақ кейде әлденендей бір деректі тексеру, әлденендей бір жаңаны қарау қажеттілігі туындайды, дегенмен бүгінде теледидар мен баспасөз де көп жәттерді хабарлап жатады. Әсіресе шетелде жүрген кездерде біздің елімізде және әлемде не болып жатқанын білу үшін Интернет қараймын. Сондықтан мен Интернетті ұнатамын және сендердің бәрің де барған сайын жаңаны көбірек танып-біліп, өздеріңнің дамуларың үшін, ғылым үшін оны пайдалануларың керек деп есептеймін. Өйткені бүгінде оқушылар кей-кейде кейбір нәрселер туралы оқытушылардан да гөрі көбірек біледі. Біздің тамаша ұстаздарымыз оған ренжімеуге тиіс. Өз балаларының сұрақтарына жауап бере отырып кей-кейде өздері де тұйыққа тіреліп қалатын ата-аналардың бүгінгі міндеті олардың дамуына жағдай жасау.

Келесі сауалдың кезегі кішкентай інілеріміз бен қарындастарымызға тиді.

– Менің атым Алена. Мен 8 жас­та­мын. Мен 2-сыныпта оқимын. Нұрсұлтан аға, Сізде арман бар ма? – деді бүлдіршін қыз. Бұл Солтүстік Қазақстан облысы, Қы­зылжар ауданындағы Бескөл ауы­лының №3 мектебінің оқушысы Алена Сиразетдинова болатын.

– Алена, қазақша қандай керемет сөй­леп тұрсың. Рахмет саған, – деді Ел­ба­сы толқыныс үстінде. – Армансыз адам болмайды. Армансыз адамның болашағы да болмайды. Сондықтан адамның жас кезінде де,  есейген кезінде де арманы болады. Яғни, адам арман жетегінде өмір сүреді. Сендер секілді мен де бала кезімде көп армандадым. Ауылда өскендіктен жүйрік ат міну арманымыз болды. Есейгеннен кейін дүниенің бәрін аралап, көрсек екен деген арман болды. Отбасын құрап, балаларым болғаннан кейін олар аман-есен өсіп, аяғынан тік тұрып, елдің азаматы болсын деп армандадым. Ал енді халық болып мені Президент етіп сайлағаннан кейін үлкен арман мен үміт жетегінде жүрдім. Қазақстанның мемлекетін құру оңайға түскен жоқ. Елімізді алдыңғы қатарға қалай шығарамын деп армандадым. Сол елдің астанасын жаңадан құрдым. Бұл да оңайға түскен жоқ. Мұның барлығын өздерің көріп отырсыңдар. Менің ендігі барлық арманым мына сендер – келе жатқан жас ұрпақ, болашақта ата-аналарының үмітін ақтап, елінің, халқының ойынан шығып, денсаулықтарың мықты болып, білімді, білгір болып өссеңдер екен, Қазақста­нымызды алға қарай алып жүріп, біздің көк байрағымызды әрдайым биікте ұста­саңдар екен деп армандаймын және сол үшін қызмет етемін.

Жалпы, мен өз өмірімде көп нәрсені көріп, көп нәрсені істеген адаммын. Осы уақытқа дейінгі арманым орындалды деп айтуыма болады. Ал енді Мемлекет басшысы ретінде айтарым, өзіміз қабылдаған Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясында көзделген мақсаттарға жетсек екен деген үлкен мақсатым, сендер бақытты болса екен деген тілегім бар.

Шенеуніктердің салғырттығы туралы сауал берілді, солардың бірі, кейбіреу­лердің пайымдауынша, Олимпиада чемпионы Ильинге қатысты оқиғада көрініс берген. Президент жағдайдан толық хабардар екенін, мәселемен Туризм және спорт министрлігі айналысып жатқанын атап көрсетті. Сонымен бірге, Президент Ильяның Лондондағы келесі Олимпиадада бізге алтын медаль әкелеті­нінен үміттенетінін де ескертіп өтті.

Мемлекеттік басқару жүйесін жетіл­діру туралы айта келіп, Мемлекет бас­шысы шенеунік халыққа қызмет етуге тиіс деп атап көрсетті. Өкінішке қарай, қазіргі кезде басқарушылардың бәрі бір­дей өз міндеттерін тиісінше түсіне бер­мей­ді, сол арқылы аса маңызды мем­лекеттік бағдарламаларға нұқсан келтіреді. Мәселен, Павлодар облысы Май ауда­нының әкімі ауданға еңбекке орналасуға келген жоо түлегін қабылдаудан бас тартқан. Мұндайға жол беруге болмайды, деп есептейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ондай адамдар өз қызметтерінде қалуға тиіс емес, олардың қызметтерінің үдерісіне жоғары тұрған басшылар бақылау жасау­лары керек. Басқаша жағдайда ол мемлекеттік саясатқа қайшы келеді.

Осы ретте Мемлекет басшысы кеден­дік бақылаудан өтетін тауарлардың қым­баттау проблемасына да тоқталды. Кім оларға талдау жасап жатыр? Біздегі моно­полияға қарсы комитет қайда? Үкімет неге бұл істен тысқары тұр? Мастанған саудагерлерді тәртіпке шақыруға шыны­мен болмағаны ма?

Осыларды айта келіп Нұрсұлтан На­зарбаев қалыптасқан ахуал ішінен жанар-жағармай материалдары мен нан-тоқаш бұйымдары бағаларын жеке алып қарау жөнінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке дербес тап­сырма берді. Іс жүзінде оғаш оқиға қа­лып­тасып отыр: әлемдік рынокта шикізат бағасы құлдырауда, ал олардан өндірілетін өнім бақылаусыз қымбаттауда.

Үкімет қол сілтеумен шектелмей, бұл мәселелермен нақты айналысуы керек. Бұл осы істегі тәртіпті қадағалауға тиіс әрбір әкімнің, әрбір министрдің жұмысы. Халық үшін істелетін нағыз жұмыс та міне, осы. Мәселені анықтап, қолданыл­ған шаралар туралы маған хабарлануы керек. Және баспасөзде осыған орай ақпарат беру керек, деді Президент.

Зардап шеккен үлескерлер туралы да сауалдар көп болды. Веб-портал арқылы сұрақ жолдағандар ішіндегі ең көбі “Қуат” компаниясына өз ақшаларын сеніп тапсырғандар болып шықты.

Мәселен, осы ұйыммен келісім-шарт­қа отырған Алматы тұрғыны Владимир Буллерді құрылыстың қашан басталып, қашан аяқталатыны, құрылысты аяқтау үшін неліктен қосымша ақы төлеу керек­тігі және нысанды аяқтау үшін бөлінген қаржылардың жұмсалуына қандай ведом­ствоның бақылау жасайтыны қызық­тырды.

Мемлекет өзіне осындай міндетте­мелер алған, үлескерлер проблемасын шешудің қазақстандық тәжірибесі – еш жерде кездеспейтін жағдай, деп атап өтті Мемлекет басшысы сұраққа жауап бере отырып. Сондықтан халық бөлінген ақша үшін өз мемлекетіне алғыс айтуға тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы ахуалды бүтіндей алғанда білетінін, мәселенің шешілуін қадағалап отырғанын жеткізді. Биыл бұл мақсатқа 400 миллиард теңге бөлінген және 33 мың үлескер тұрғын үйлер алған. Жыл соңына дейін тағы да 15 мың адам пәтерлі болады. Ал қалған нысандар құрылысы келесі жылы аяқталмақшы.

Осы тұста тікелей желіге қосылған Премьер-Министрдің бірінші орын­басары Өмірзақ Шөкеев кейбір жәйттерді нақтылап өтті. Атап айтқанда, “Қуат” компаниясының бір нысаны жаңа кесте бойынша 2010 жылдың 1 қыркүйегіне дейін, ал қалған үшеуі 2011 жылдың қаң­тарында аяқталады. Жалпы, Үкімет Пре­зидент тапсырмасы бойынша проблемалы нысандар құрылысын аяқтау үшін әртүрлі тоғыз қаржы тетіктерін әзірлеген.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы халықты банктерден алған несиелерін қайтаруға шақырды. Оны құқық қорғау органдары бақылап отыратын болады.

Мемлекет басшысына мемлекеттік басқару, Парламентпен, министрліктер­мен және әкімдермен өзара іс-қимыл туралы сұрақ қойылды. Нұрсұлтан Назар­баев ол жұмыстың әркез көз алдында екенін атап өтті. Елде болып жатқан барлық жағдайлар үшін Президент жауап береді – оның міндеті сондай – мемле­кеттік бағдарламалардың, атап айтқанда, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасының, сондай-ақ, респуб­ликаны жеделдете индустрияландыру бағдарлама­сының да әзірленуіне бастамашы болады. Содан кейін бұл міндеттер Үкімет пен әкімдіктердің алдына қойылады. Ел көшбасшысы бұл жағдайда бақылау жасау құқығын өзінде қалдырады.

Соның барысында кімнің қолынан не келетіні анықталады. Егер мемлекеттік шенеунік, лауазым иесі тұрақты учаскеде міндетті орындап, табыс әкеліп жатса, ондайды ұстау керек. Егер олай болмаса, онымен қоштасуға тура келеді. Мен мұны дұрыс көзқарас деп есептеймін, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы.

Президент Министрлер кабинетінің әлемдік қаржы дағдарысы салдарларына қарсы күрестегі тиімді жұмысын мысал ретінде келтірді. Елбасының айтуынша, онда табыс әкелетін адамдар еңбек етуде. Оны біз көріп те жүрміз.

Биылғы жылды рецессиясыз, ең бол­мағанда өткен жылғы деңгейде аяқтаймыз деп үміттенемін. Біз қаржы жүйесінің күйреуіне жол берген жоқпыз, шағын және орта бизнес жұмыс істеп тұр, үлес­керлер мәселесі шешілуде... Осының бәрі Үкіметтің күрделі жағдайдағы ырғақты жұмысын көрсетеді.

...Телефон арқылы Алматы облысынан сұрақ: – “Сәлеметсіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлы. Менің атым Сергей Викторович Крещенко. Ұлтым орыс, ауылымызда қазақтар, орыстар, украиндар, немістер, чешендер және өзге де этнос өкілдері тұрады. Және де бізге бөлісетін ештеңе жоқ, жеріміз де, Отанымыз да ортақ екендігін толық түсініп тіршілік кешудеміз. Сұрақ мынадай: Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы форумында біз ұлттық бірліктің жаңа бағдарламасы туралы әңгіме қозғадық, оның ерекшелігі неде болмақ? Осы туралы толығырақ айтып бермес пе екенсіз?”

– Сергей Викторович, өте жақсы сұрақ, – деді Президент. – Бізде түрлі ұлт, түрлі дін өкілдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып достықта, келісім мен сүйіспеншілікте өмір сүруде. Бұл, осы­лай деуден жалыққан емеспін, біздің қоғамның алтын қазынасы. Айналамыз­дың бәрінде қан төгіліп, дінаралық, ұлт­аралық, мемлекетаралық қақтығыстар болып жатқан кезде Қазақстанда біздің тәуелсіздігіміздің бүкіл 18 жылында ты­ныштықта ғұмыр кешіп келеміз. Сондық­тан Қазақстан – әлемдегі құрметті ел, мұнда әлемдік діндер съездері өткізіліп жүр, осы себепті, тұтастай алғанда, біз даму үстіндеміз, осы себепті адамдардың өмірі жақсара түсуде. Бұл – біздің өміріміздің негізі, мұнда ешқандай саясат жоқ. Және достық пен өзара түсіністік бізге мәңгілікке беріле салған дүниелер емес: әрқайсымыз осыны түсініп, осы негізді сақтай білуіміз керек. Және ұлттардың барлық мәселелері, оның ішінде қазақ ұлтының болашағы, оның тарихы, тілі қандай да бір басқа тұрғыда емес, осы негізде шешілетін болады. Ал басқаша болатын болса, түрлі бей-берекеттіктер орын алып жатқан өзге мемлекеттердегідей болады да шығады.

Иә, мен ел бірлігі доктринасын жа­рияладым. Бұл үш сұраққа жауап беретін болады: біз “ұлттық бірлік” деген сөз тіркесінің астарын қалай түсінеміз? Яғни, ұлттық бірліктің негізі неде және біз оны қалай нығайта аламыз? Әрине, бұл док­тринаны қазақстандықтардың барынша көп бөлігі талқылағанын, көп адамдар білгенін және осы негізде бірлесіп өмір сүрудің алыс болашақты көздейтін жал­пы­қазақстандық моделі жасалғанын қалаймыз. Біздің жеріміз үлкен, еліміз бай, бізде бәрі бар. Бірлік үш ұстын арқылы ұсталып тұрады. Біріншісі біздің ортақ тарихымызға қатысты. Барлық халық­тар, ұлттар кем дегенде соңғы жүз жылда біртұтас қоғамдастықта өмір сүріп келеді – бұл біздің тарихымыз, тәжіри­беміз. Екіншісі – бұл өзге халықтарда жоқ, барлық қазақстандықтар үшін ортақ құндылықтар. Біз Құрбан айтты бірге атап өтеміз, Рождество мен Пасханы, өзге де мейрамдарды, оның ішінде халқымыздың Бірлігі күнін бірге мерекелейміз. Бізде үлкендерді сыйлау, тату көршілік, өзара құрмет, сүйіспеншілік, әйелдер мен бала­ларға қамқор көзқарас дәстүрлері берік орныққан... Мұндай дәстүрлер Америкада да, Еуропада да жоқ. Және үшінші ұстын – біз құрып жатқан ортақ болашағымыз. Қазақстанның тәуелсіздік алуымен халқы­мыздың бірлігі үлкен құндылыққа айналды, сондықтан мен барлығыңыздан ел бірлігі доктринасына өте салмақпен қарауды өтінемін. Үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, қозғалыстар, елі­міздегі барлық мәдени орталықтар, кіші ассамблеялар өздерінің сөздерін айтулары тиіс. Біз доктринаны Ұлттық кеңесте, тіпті мүмкін Парламент пен Үкі­мет­те де егжей-тегжейлі талқылап, бір-бірімізді бүгінгіден де жақсы түсіну үшін үйлесімді саясат қабылдауымыз қажет. Бұл болашақ үшін керек...

Тікелей желінің порталы арқылы Қара­ғандыдан 12 жасар Саша Романов біздің елордамыз 10 жылдан кейін қандай болады деп сұрақ қойды.

Жас буынның елімізге бей-жай қарамайтынына көңілі толған Нұрсұлтан Назарбаев былай деді: біз бүгінде біздің өзімізді де, меймандарымызды да таң-тамаша қалдыратын елорданы бар-жоғы 10 жыл ішінде тақыр жерден тұрғыздық. Астана барлық қазақстандықтарды бірік­тіретін орталыққа, ортақ мақтанышы­мызға айналды. Қазіргі кезде мұнда бар­лық орталық мемлекеттік органдар орна­ласқан, осы жерде заманалық әлеуметтік инфрақұрылымдар – оқу, медициналық мекемелер, ойын-сауық және сауда орта­лықтары құрылған. Қала белсенді өмір сүріп жатыр, және, әрине, таяу болашақта ол ірі мегаполиске айналады.

– 10 жылдан кейін, Саша, Астана үлкен, миллионды қала болады. Және сен әлемдегі үздік университеттердің бірінде оқитын боласың. Содан кейін сен бизнеске, банкке жұмысқа орналасасың немесе мемлекеттік қызметші атанасың. Сен өзіңнің қалыңдығыңмен біз жасаған тамаша саябақтарда немесе 50 мың гектар ағаш отырғызылған Астананың айнала­сындағы орманда қыдырыстайсың... Сен өзіңнің елордаңмен мақтанатын боласың, ол сол кезде үлкен қалаға айналады және сен өзіңнің ұлыңа шаһар 20 жылдан кейін қандай болатыны туралы әңгімелейсің. Мен саған осыны тілеймін және осылай болғанын қалаймын! – деді Президент.

...Келесі тікелей қосылу – Атырау облысымен. Атырау мұнай өңдеу зауы­тының жұмысшылары, соның ішінде иженер-технолог Әділет Тұрысханұлы Прези­дентке тол­ғандырар, оның ішінде Қазақстанға тіке­лей қатысы бар мәсе­лемен қайырылды...

– Қазақстанда бүгін шетелдіктермен бірлескен 5 мыңнан астам кәсіпорын бар. Оларда 380 мың адам жұмыс істейді. Соның 35 мыңы, яғни 9 пайызы ғана шетелдіктер болып табылады. Басқа 91 пайызы – қазақстандық жұмыскерлер. Кейбір кәсіпорындарда шетелдіктер саны одан да көбірек болуы мүмкін. Себебі, елімізге жеткізілген үздік технология­ларды үйренгенше шетелдік мамандарды тартуға мәжбүрміз.

Ал енді қазақстандық үлесті арттыру жөнінде біз көп жұмыс істедік. Биылдың өзінде шетелдік компаниялар 1 трлн. тең­геден артық қаражатқа біздің қазақ­стандық кәсіпорындарға тапсырыстарын беріп, өздеріне қажетті заттарын жасатып жатыр. Осы арқылы қаншама адам жұмыс алып, жалақы табуда. Біздің шетелдік компанияларға қоятын талабымыздың бірі – қазақстандық мамандарды дайын­дау болып табылады. Бұл талап жылдан жылға арта түседі. Шетелден келетін мамандардың квотасын біздің министрлік қарап, жылдан жылға азайтып отырады. Бұл – дұрыс қойылып отырған мәселе. Сон­дықтан әр уақытта мемлекеттің на­зарында болады.

Шетелдік кәсіпорындар мен маман­дарды біз неге әкелдік? Қазақстанға осы жылдардың ішінде 100 млрд. долларға тарта тікелей инвестиция келді. Шетел­діктерді тартпасақ, мұны кім берер еді бізге.

Екіншіден, мұнай өңдеуші орындар­дың жұмыс істеу жағдайы өте үздік тех­нология тартуды талап етеді. 700-800 атмосфералық қысыммен шығатын мұнай мен газды ұстайтын технология Кеңес Одағы кезінде де болған жоқ. Біз, міне, осындай технологияларды әкелдік. Үшіншіден, біздің мамандар олармен иық теңестіре жұмыс істей жүріп, өздеріне болашақта қажет нәрселерді үйренуде.

Елімізді индустрияландыру тақыры­бын жалғастырған Атырау мұнай және газ институтының профессоры Аманжан Сағынаев мұнай химиясының жаңа бағдарламасына қандай орын берілетініне қызығушылық танытты.

Президент елімізді индустрияландыру­дың 10 жылдық бағдарламасының маңыз­ды құрамдасы біздің шикізат ресурстары­мызды, оның ішінде мұнай-газ ресурста­рын тереңдетіп өңдеу болып табыла­ты­нын назарға салды. Оның аясында Атырау облысында жаңа мұнай-химия кешенін тұрғызу қарастырылады. Ол өнімнің кең ауқымын – мұнай мен газды қайта өңдеу өнімдерін ғана емес, про­пилен, этилен, т.б. шығаратын болады. Қазір бұл мәселені Үкімет инвестор­лармен бірлесіп қарастырып жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстан үшін қажетті мұнай өнімдерінің кең ауқымы мен жанар-жағар май материалдарын және майлар алу үшін АтМӨЗ-дің қуатын арттыру және қайта жаңғырту көзделуде. Мұнай өнімдерінің сапасын жақсарту үшін оны Еуро-3, Еуро-4 стандарттарына дейін жеткізу қажет және халықаралық, сондай-ақ ішкі рыноктарда сұранысқа ие бензол, паракисилол өндіру керек. Маң­ғыстау облысында 500 мың тонна жол битумын өндіретін зауыт салу қарас­тырылып отыр. Бұл дәл бізге автомобиль жолдары құрылысы үшін жетпей жатқан нәрсе.

Италияға сапарымның қорытындысы бойынша “Enі” компаниясы Батыс Қазақстанда 3,5 млрд. текше метр газды тереңдетіп өңдейтін газ өңдеу зауыты құрылысын, Каспий теңізінде газ турбалы станса құрылысын бастайтыны туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Ресми мәселелерге жеке үндеу “ара­лас­ты”. Мысалы, Рая Аханова Нұр­сұлтан Назарбаевтың жас кезіндегі достарымен араласатыны-араласпайты­нына қызығу­шы­лық білдірді. Оған мынадай жауап берілді:

– Жас кез – қай жасқа дейінгі? Мен бұл мәселеде ерекше адам сияқтымын. Сондықтан мектептегі достарыммен қаты­насымды жалғастырып келемін.  Біздердің кездесулерімізде ешқандай ресмилік жоқ. Сирек кездессек те олар қандайда бір ыңғайсыздықты сезінетін секілді, бірақ мен өзімді олай сезінбеймін. Бала кезде кім-кімге болсын қашанда қандай да бір ат қойылады. Менде ондай болған жоқ, мені бәрі Сұлтан дейтін, біздің көшеде де, мектепте де. Олар мені қазір де солай атайды.

Әңгімеміз де әрқалай өрбиді, өткен-кеткенді еске түсіреміз. Менің достарым­ның ең құнды қасиеттері – мектептегі ғана емес, мен әлі күнге институттағы дос­тарыммен және металлургиялық жыл­дарымдағы достарыммен тұрақты кез­десемін – олар кезінде уағдаласқа­нымыздай маған шындарын айтады. Бұл маған көмектеседі және мен достарыма олары үшін ризамын.

Осыған байланысты өзім өте құрмет тұтатын әлемдік деңгейдегі саясаткер – Франция екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгеннен кейін оны қирандылардан көтеріп, ұлы держава жасаған Президент Шарль де Голль есіме түсіп отыр. Ол бірде былай деген екен: сен мемлекеттік биліктің ұшар басына шық­қан кезде есіл-дертің тек мемлекеттік мүд­­деге ауады, ескі достарың сенен алыс­тап кеткен, ал жаңа, адал және ашық­тарын табу қиын, осы себепті айналаңды қа­шанда жалғыздық тұмшалайды. Бұл сөз­дердің бірімен келіссем, бірімен келіс­пеймін. Адамда қашанда достар болуы тиіс, әйтпесе қалай өмір сүресің? Ескі достар, жаңа достар, өте жақсы серік­тестер – бәрі де өмір бойғы досыңа ай­налады. Мен өзіммен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан адамдарды, олар мені дос деп атай алмаса да, мен оларды дос­тарым деп есептеймін және олардың қа­шанда жанымнан табылғанын қалаймын. Ұлы философ Сократ айтқандай, қартайғанда жертөледегі ескі шарап секілді ескі достардың жаныңда болғаны жақсы. Мен осылай болғанын қалаймын.

...Тағы да таза экономикалық сұрақтар алға тартылды. Ол Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы Кедендік одақтың пайдасы туралы болды. Бұл сұрақты Ресейдің Омбы қаласынан кәсіпкер Қабылда Шубаев қойды.

Мемлекет басшысы 27 қарашада Минс­кіде үш елдің президенті тиісті келі­сімге қол қоятынын мәлімдеді. Бірін­шіден, өзара инвестициялар, бірлескен кәсіпорындар құру және бизнесті дамыту үшін жағдай жасалатын болады. Екін­ші­ден, кедендік ресімдер қарапайым­дан­дырылады: кәсіпкер бұдан былай қарай көптеген кедендік ресімдеулерге уақыт жоғалтпайды. Үшіншіден, жанама са­лықтар алудың тәртібі жеңілдейді. Бұл Кедендік одақтағы достас елдердің тауар­лары бізге келеді дегенді білдіреді. Егер олар жақсырақ, сапалырақ, арзанырақ болса, онда, әрине, сатып алынады. Мем­лекет басшысы бұл бәсекелестік бізге көмектеседі деп есептейді. Бүкіл әлем бойынша тең дәрежеде жарысқа түсу үшін бәсекелестікті әуелі ТМД-да дамыту керек. Қандай да бір мемлекетке өз ішінде тұйықталып қалуға болмайды. ТМД, ЕурАзЭҚ, Кедендік одақ құруда нақ Нұр­сұлтан Назарбаев бастамашылық таныт­қан-тын.

“Болашақ” бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда білім алып жатқан қазақ­стандық студент­тер, соның ішінде Айша Ерғалиева мынадай сұрақ қойды: “Мұнда, Бри­танияда Кембридж, Оксфорд, Эдинбург сияқты жетекші универ­ситеттер арқауында жұмыс істейтін ғылыми-техникалық парктер бар, яғни ғылым да, бизнес те бір жерге шоғыр­ланған. Оларда көптеген жастар жұмыс істейді. Біздің осындай ғылыми парктерді қазақстандық универ­ситеттер арқауында құруға Сіздің қалай қарайтыныңызды білгіміз келеді”.

– ҚазҰУ-де лекция оқыған кезімде, – деп атап өтті Президент, – мен интеллектуалды ұлт қалыптастыру туралы айттым. Қазақстандықтар жетекші ғылымдарды меңгеру арқылы белсенділік танытып, біздің болашағымызды құруда алға ұмтылудың локомотиві болады ғой деп ойлаймын. Бұл жолда біз не істеуіміз керек? Менің нұсқауым бойынша еліміздегі барлық облыс орталықтарында 15 зертхана құрылды. Университеттер бұл өздерінің зертханалары деп есептемеулері тиіс, олар барлық зерттеушілер үшін ашық. Әр өнертапқыш, жаңалық ашқыш өзінің ғылыми жұмысын аяғына дейін жеткізе алатын бес ұлттық зертхана құрылды. Мен бұған дейін айтқанымдай, ғылыми орталығы бар Жаңа университет құрылуда. Бұрын Ғылым академиясына қараған институттар Лондондағы және басқа да әлем астаналарындағы сияқты солардың қабырғаларында ғылым жасалсын деп университеттерге берілді. Елге оралыңдар, мұндай тәжірибені бірлесіп жүзеге асырайық. Дәл осындай болашақ үшін мен сендерді “Болашақ” бағдарламасы бойынша беделді универ­ситеттерге оқуға жібердім.

Тікелей желінің порталына Алматыдан студент Ника Максимовадан шетелдік сапар­лардағы қызықты оқиғалар туралы сұрақ келіп түсті.

Президент сапарларға күлкі үшін шықпайтынын – мұндай сапарларда маңызды мәселелер шешілетінін, бірақ та күлкілі жәйттерді еске түсіруге болатынын атап өтті. Сөйтті де 2006 жылы Америкада ресми сапарда болғанын айтып берді. АҚШ-тың 43-ші президентімен, кіші Буш­пен кездесудің алдында Атлант мұ­хиты­ның жағалауындағы оның әкесінің ранчосына барады. Вашингтонға ұшардың алдында үлкен Буш біздің Президенті­мізден өзіне қандай бір сұрақтары жоқ па екен деп сұрайды. Нұрсұлтан Әбішұлы жоқ деп жауап береді. “Кейбіреулер балам ретінде Америка президентін мен таяқ алып, Ақ үйде қуып жүреді деп ойлайтын болар – қайдан... – деп жалғастырды Буш. – Қазір мен Американың жай азамат­ымын, басқа ештеңе емес. Сонда да болса 43-шімен кездескенде оған 41-ші таяудағы сенбіде оның майқұйрығынан ұрады деп айтшы”.

Ыңғайсыз ғой деген табиғи қарсы­лық­қа үлкен Буш: “Нақ солай деп айт” деп тұрып алады. Сопақ кабинетте Амери­ка­ның қызметтегі Президентімен кездескен Нұрсұлтан Назарбаев оған оның әкесінен сәлем айтып, алдағы сенбіде таяқ жейтіні туралы ескертеді. Залдың іші күлкінің ас­тында қалады. Бұдан кейін әңгіме достық ахуалда жалғасады.

Бірақ та негізінен мұндай кездесулерде қиын келіссөздер жүреді, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы, ал олар оң нәтижеге қол жеткізілуі үшін алдын ала, кесте бойынша әзірленеді.


Каталог: wp-content -> uploads
uploads -> Сәлім меңдібаев армысың, алтын таң! Журналист жазбалары Қостанай – 2013 ж
uploads -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы. Ғарышкер, техника ғылымдарының докторы
uploads -> Қазақ тілі мен латын тілі кафедрасы Қазақ Әдебиеті пәні бойынша әдістемелік өҢдеу мамандығы: Фельдшер Мейірбике ісі Стамотология Курс: І семестрі: ІІ
uploads -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
uploads -> 2011 жылдың 14 мамырында «Жалпы гигиена және экология», «Эпидемиология» кафедрасының ұйымдастыруымен және «Студенттік басқару ұйымының» ұйымдастыруымен Д. Е
uploads -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
uploads -> Дәріс №1 Тақырыбы: Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде
uploads -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Жердегі сұлулықтың мекені
uploads -> Реферат kz Қазақша рефераттар сайты Жердегі сұлулықтың мекені
uploads -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет