Нұрсұлтан назарбаев, Қазақстан Президені



бет1/2
Дата02.07.2018
өлшемі362 Kb.
#45579
  1   2

2011. 27 қазан

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Президені.
Бізді саяси күнтізбеде символды түрде көршілес тұрған екі атаулы оқиғадан небәрі бірнеше апта ғана бөліп тұр.

Біріншіден, ол – ТМД-ның Алматы Декларациясына қол қойылуының 20 жылдық мерейтойы. Ол КСРО қирандысында Еуразия және бүкіл әлем тарихындағы өте ерекше мемлекетаралық бірлестік – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының пайда болғанын жариялады.

Екіншіден, ол 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа жоба – Біртұтас экономикалық кеңістікті жүзеге асырудың басы.

Оларда жаңа тәуелсіз мемлекеттердегі ұлттық мүдделердің түзілуінің көп жылғы тәжірибесі, еуразиялық интеграцияның оңтайлы моделін іздеу және миллиондаған қарапайым адамдардың жаңа үміттері біте жымдасқан.


ЫДЫРАУ АЛАСАПЫРАНЫН ТОҚТАТУ
1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыда менің табанды бастамам бойынша шақырылған посткеңестік мемлекеттер басшыларының саммитінде жойылып бара жатқан супердержаваның аласапыранды ыдырауының қауіпті үдерісі тоқтатылды.

Сол оқиғаларға тікелей қатысушы ретінде мен оның сөзбен айтып жеткізгісіз шиырласқан шиеленісін әлі күнге дейін жадымда сақтап келемін.

Сол бір тарихи күндермен қабаттасқан проблемалар мен қарама-қайшылықтардың ауырлығынан уақыттың өзі де бүгіле түскендей болды.

Қазақстанның және бұрынғы Одақтың өзге республикаларының көптен күткен тәуелсіздікке ие болуының қуанышты сезімі біздің халықтарымыздың еншісіне тиген тарихи жауапкершіліктің аса күрделілігін сезінумен тығыз астасып жатты.

Ол кезеңде саяси дағдарыс экономиканы одан бетер тұқырта түсті. Бұрын болған біртұтас шаруашылық механизмі көз алдыңда күйреп жатты. Жекелеген кәсіпорындар ғана емес, бүтіндей салалар бір жамбастай құлады. Көптеген адамдар жұмыссыз және күнкөріске қажетті қаржысыз қалды. Электрсіз қалған қалалардағы пәтерлердің терезелері үңірейген қара қуыстарға айналды, қарапайым жылу да болған жоқ. Мұндай көрініс іс жүзінде бұрынғы Одақтың барлық өңірлеріне де тән болды.

КСРО өмірінің соңғы жылдарында басталған ұлтаралық жанжалдар кеңінен етек жайды.

Бүгінде бүкіл посткеңестік елдер үшін этностық және діни негізде бөліну қатерінің қаншалықты зор және ақиқат болғанын ашық айтқан жөн. Бұл тұрғыда ыдырауы қаз-қатар жүрген Югославия федерациясының шынайы мысалы нақты дәлел.

Мен, өзімнің көптеген әріптестерім – жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көшбасшылары сияқты біздің елдерімізге ағайынаралық қантөгісті жанжалдар, кедейшіліктің түпсіз шыңырауы мен әлемдік экономикада тек шикізаттық тіркеме ретінде ғана орын алып, тарихтың шетқақпай жиегінде қалу қаупін тудыратын мұн­дай жол­дың қатерлі екенін түсіндім.

ТМД-ны құру супердержаваның ыдырауының қысқа да күрделі тарихи кезеңін тиянақтап, сонымен бірге, посткеңестік кеңістіктегі жаңа интеграциялық үдерістің басталу нүктесі болды.

Мен осыдан 20 жыл бұрын ТМД құру туралы, әлі де сол пішінмен өмір сүріп жатқан, сол кездегі бірден-бір дұрыс шешімнің Қазақстанның құ­нарлы жерінде қабылданғанын мақтан тұтамын.



Ол қазақстандық бастама бойынша, менің барынша белсенді қатысуыммен және Алматыдағы сол бір есте қаларлық тарихи кездесуге қатысушылардың бәрінің саяси кемеңгерлік көрсетуі арқасында қабылданды.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет