Өмірбаяндық деректеме



Дата05.11.2016
өлшемі247,37 Kb.
#476
Алғысөз
Қазақ әдебиетінің қалаулы қаламгері, Қазақстанның құрметті журналисі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғаббас Қабышұлы 2015 жылдың 9 сәуірінде 80 жасқа толуына орай Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Арыңның сөзін айта біл» атты әдістемелік кұралын ұсынып отыр.

Әдістемелік ұсыныста жазушының өмірі, шығармашылығы, кітап көрмесі, жазушы туралы қаламдастар лебіздері, әдебиеттер тізімі беріледі.

Қазақ әдебиетінің барлық жанрлары сияқты сатира жанрының да өз шырқау биігі, қалам тартқан сарбаздары бар. Осы сатира жанрын ілгері дамытып оны мүмкіндігінше жандандырып, бойына күш-қуат беріп, шоқтығын көтеруге Ғаббас Қабышұлының еткен еңбегі зор. Сатира жанрындағы сықақ әңгімелері республикамыздың түкпір-түкпіріндегі қызу еңбек майданындағы қоғамға елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарының, студент жастардың, жалпы көпшіліктің сүйіп оқыр туындылары. Халыққа рухани азық болатын, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге тәрбиелейтін шығармалар.

Өмірбаяндық деректеме
1935-жылы көкек айының 9-ы күні Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Ұранхай ауылында дүниеге келген. 1956-жылы орта мектепті тәмәмдап, облыстық «Алтай большевигі» газетінің (бүгінгі «Дидар») редакциясына жұмысқа орналасты. Шәкірт кезінде газетке өлең, мақала жазып тұрған. Редакцияның жауапты хатшылығынан 1966-жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына (Алматы) әдеби қызметкер болып ауысты. Сын бөлімінің меңгерушісі болып жүргенінде Жазушылар одағы басқармасының шешімімен КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімінің директоры (1973 – 1983 ж.), ҚКП Орталық комитеті бюросының шешімімен «Ара-Шмель» журналының Бас редакторы (1983 – 1987ж.) болды. Одан кейін: Жазушылар одағы құзырында Көркем аударма алқасының төрағасы; Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы. Соңғы жұмысынан 1996-жылы зейнеткерлікке шықты («Қазақстанға еңбегі сіңген зейнеткер»).

1949 - 1963-жылдары комсомол, 1963 - 1991-жылдары компартия мүшесі болды. 1959-жылдан Журналшылар одағына, 1974-жылдан Жазушылар одағына мүше.

Ең алғашқы әдеби еңбегі – «Ізғұтты Батыр» өлеңі 1953-жылы облыстық «Алтай большевигі» газетінде жарияланып, одан беріде очерк, өлең, әңгіме, хикаят жинақтарының 20-сы жарық көрді, оның ішінде әзіл-сықақ кітаптары: «Мінездеме», «Мысықта сақал неге жоқ?», «Бұл әлгі... кім ғой», «Күлеміз бе, қайтеміз?», «Халыңыз қалай?», «Жетім жиналыс», «Тарихта қалғың келе ме?», «Айғыр кемпір», «Смех и слезы», «Удай уәде», «Көлденең кітап», «Анау-мынауизация», «Үш арна».

Әдеби аудармасы – 5 кітап: украин әдебиетінің классигі Остап Вишняның фельетон-әңгімелер жинағы, «Бал шіркін тәтті ғой»; әлемге танымал түрік қаламгер Әзиз Несиннің әңгімелері («Әңгіме оқи отырыңыз») және «Футбол королі» романы; молдова әзіл-сықақшысы Аурелиу Бусуйоктың хикаялары «Менің париждік нағашым»; серб әдебиетінің классигі Бранислав Нушичтің әзіл-сықақ әңгімелер жинағы, «Министрдің торайы». Соңғы кезде орыстың ұлы жазушысы Антон Павлович Чеховтың әңгімелерін қазақшалауда.

Сатирик Ғ. Қабышұлы көркем хикая жазуымен де танымал. «Гүл аңсаған бір ғұмыр», «Жолаушылар», «Сайыңнан саяқ құрлы сая таппай...», «Төрт хат», «Тарғыл тағдыр» және басқалар.

Қаламгер зейнетке шыққан соң тынымсыз еңбек етуін өрістете түсті. Оның қамқорлығымен бұрында: Ілияс Жансүгіров туралы («Жан қайығын жарға ұрдым»), Сәбит Мұқанов туралы («Менің Сәбитім», авторы -Мұқан келіні Мәриям апай), Сағат Әшімбаев туралы («Күлкіңді жүрмін сағынып») естелік кітаптар шығарылса, енді әрі ұйымдастырып, әрі құрастырып: Әди Шәріпов («Көргенім, көңілге түйгенім»), Сағат Әшімбаев («Күлкіңді жүрмін сағынып»), Әнуар Әлімжанов («Әлем таныған Әнуар. Признанный миром

Ануар». Жазушының туғанына 70 жыл толуына арналған. 2000 жыл) және «Біздің Әнуар. Наш Ануар». Жазушының 80 жылдығына. 2010 жыл), Михаил Есенәлиев («Хакім. Михаил Иванович. Мәке») еңбектерін (4 кітап) және ол жайындағы естеліктер жинағын шығарды, Естай Мырзахметұлының 5, Оспанхан Әубәкіровтің 4 томдығын құрастырды.

Ел, халық өмірінен жазған мақалалары газет-жорналдарда жарияланып жүр.

Ғ. Қабышұлы - Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының иегері. Қазақстанның Құрметті жорналшысы. «Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры» сыйлығының иегері.

Қара сөзден қамшы өрген

(Ғаббас Қабышұлының жасы 80-ге

толуына арналған кітап көрмесінің үлгісі)
І бөлім: «Сөз өнері дертпен тең»

Бұл бөлімде жазушының өмірі мен шығармашылығы әр жылдары жазылған сатиралары мен хиқаяттары қойылады.


Дәйексөз: «Ғаббас қазақ прозасына реквием жанрын енгізді»

Ә.Нұршайықов


П бөлім: «Сатираның саңлағы»

Бұл бөлімде Ғаббас Қабышұлының шығармаларының зерттелуі, әріптестерінің жылы пікірлері қойылады.


Дәйексөз: «Ғаббең қазақы күлкінің бір сардары екені баршамызға аян».

Ү.Уайдин


Арыңның сөзін айта біл

белгілі жазушы Ғаббас Қабышұлының жасы

80 –ге толуына арналған шығармашылығына

саяхат


Безендірілуі: кітап көрмесі, жазушы туралы ой-пікірлер қойылады. Сахнаның ортасында жазушының портреті «80 жас» деген гүлдермен жазылған және экран, слайдтар арқылы шығармалары көрсетіліп тұрады. Музыкалық орталық, дауыс үндеткішпен қамтамасыз етіледі.

Қатысушылар: қонақтар, оқырмандар, кітапханашылар.

Жүргізушілер: кітапханашы, бозбала мен бойжеткен.
Ең негізгісі: мүмкіндігіне орай жазушыны, оның туыстарын, шығармашылығы туралы айтып беретін зерттеушілерді шақыруға болады.
(Кітапхана мүмкіндіктерін ескере отырып, кітап көрмесінің атын, шығармашылығына саяхатты өзгертіп, түрлендіріп алуға болады).
Кітапханашы: Құрметті оқырмандар!

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, қазақ халқының аяулы ұлы Ғаббас Қабышұлының жасы 80 -ге толуына арналған жазушының шығармашылық саяхатына қош келдіңіздер!

Әдебиет – ардың ісі ғана емес. Алланың адам баласына тартқан сыйы. Оның басты мұраты – адам жүрегіне терең бойлау, жанына сұлулық нәрін егу, рухын асқақтату. Ұрпақты отансүйгіштікке, елдікке, ерлікке тәрбиелеу, адамзатқа ортақ игіліктер мен құндылықтарды бағалауға, құрметтеуге үйрету. Сол ғибратты тағылымға адал болу кез келген суреткердің мұраты. Ғаббас Қабышұлының суреткерлік шалымы алуан түрлі. Оның қаламынан туған сатиралық туындылары, хиқаяттары, аудармалары жұртшылықтың рухани игілігіне қызмет етіп жүр. Бұл жанрлардың қай-қайсысыда өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдыруда оқтайлы құралдар. Оның суреткер ретіндегі алуан қырлылығы осынау алуан жанрдың қайсысына білек артсада, әрі шыншыл, әрі замандас болып таныла алатындығында. Біздің бірінші аялдамамыз Ғаббас Қабышұлының өмірі мен шығармашылығына арналады.
Бозбала: Ғаббас Қабышұлы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Ұранхай ауылында 9 сәуір 1935 жылы дүниеге келді. Қазақтың Ұлттық университетін 1968 жылы бітірген. 1956-1966 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетінде корректордың көмекшісі, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы

болып қызмет атқарды. Әдебиетке алғашқы қадамын мектеп қабырғасында жүріп жерлесі, әрі туысы Кеңес Одағының батыры Ізғұтты Айтықовқа арнаған өлеңінен бастаған:

Бекініп алып оқ атқан.

Көзге түсті қас – дұшпан.

Бет алды солай Ізғұтты,

Қасиет тұтып бірлікті.

Таяп барып қасына

Қаһарланып ашына

Бекініс орнын көздеп ап,

Лақтырды байлам гранат.

Фашистер қаны шашылды,

Біздерге жол ашылды.

Бекініс үнін өшірді

Жау күлін көкке ұшырды.

Көрсетті солай Ізғұтты

Қайтпас қайрат, ерлікті.

Бұл тырнақалды «Ізғұтты Батыр» өлеңін 15 жасында облыстық газет бетіне жариялағаннан бері 60 жылдан астам уақыт өтіпті. Қара сөздің қамшысын үйіріп, ой толы очерк, қызықты хиқая, алуан тақырыпты мақала, әзіл-сықақ әңгіме жазумен танылды. Аудармамен айналысып көптеген авторларды, қазақ оқырмандарымен қауыштырды. Осы еңбектерінің жемісі – Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығын алғаны, «Қазақстанның құрметті жорналшысы» атанғаны. «Хиқаяларым – деректі дүниелер, көбін өз аттарымен жаздым» - дейді автор.

Келесі аялдамамыз әдебиеттегі жаңа жанр сатираға арналады.


Бойжеткен: Сатира, юмор жанры әдебиетіміздегі жаңа жанр. Осы атаулар аталғанда бойымызды тегеурінді күш билейді, көңілімізге әр сырлы күлкі нұры құйылады, кеудемізге болашаққа деген оптимистік зор сенім ұялайды, қолда жасампаздыққа жат нәрселерге қарсы сермер семсер тұрғандай болады, көзге сол қаруды әділдік пен теңдік, игілік пен ізгілік жолында бар жарқылымен, ерсілі қарсылы сілтей білген күштілер елестейді. Осы қаһарлы қару жазушылар, оның ішінде сатира жанрында жазатын бір топ адамдар қолында. Қоғам өміріндегі, жеке адамдар басындағы жағымсыз мінез-құлықтарға қарсы күресте сықақ мысқылдың үлесі зор. Сатираны адам туғызады, қаламгер жазады. Сатира сарбаздарының біздің дәуірге берген жан азығы аз болған жоқ. Сатираның сабына салып илеп берген сарбаздар көп. Асқар Тоқмағамбетов, Садықбек Адамбеков, Жүсіпбек Алтайбаев, Қалтай Мұхамеджанов, Оспанхан Әубәкіров, Үмбетбай Уайдин сияқты аға сатириктер халықтың аузында. «Мүлкіңнен айрылсаңда, күлкіңнен айрылма ...ей, екеуінен де айрылмай аман есен жүрші» - деп қалжыңдап қоятын Ғаббас Қабышұлы - әдебиетімізге Қасым Қайсенов, Уаһап Қыдырханов,
Қалихан Ысқақов, Кеңесхан Зекенов, Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаев, Марат Қабанбаев, Тоқтарбек Қызықбаев және басқа ақын-жазушыларды берген Асқар Алтайдың түлегі.
Бозбала: Ғаббас Қабышұлы сықаққа 1960 жылдары қайта оралып, басқа жаққа табан аударған жоқ. Әзіл-сықаққа адалдығын әлі сақтап келеді. Күлкі қуаты қарымды шығармалары исі қазаққа таныс. Ал жазушының тағы бір ұтымды шығармаларының мерейін тасытатын скетчтер мен интермедиялар өз алдына бір төбе. Майын тамызып майда инесін байқатпай сұғып алып емдейтін балгердей жазушы тілі бұл жерде де өз үлесін алған. Ғаббас Қабышұлы сатираның, юмордың қысқалық, шымырлық, сюжеттік желісіне аса назар аударады. Оқиғаны қажетсіз тәптіштеу сатираның мәнінде, сәнін де көтеретінін, күлкінің құнын түсіретінін, әңгіменің әсерін кемітетінін жақсы түсінген.
Бойжеткен: «Удай уәде» кітабындағы әзіл-сықақ әңгімелерін оқи отырып өмірде айналамызда өтіп жатқан жағдайлар көз алдыңа келеді. «Айғыр кемпір» әңгімесі нағыз өмір, ондағы талас-тартыс. Қажы атын жамылып, бөсіп сөйлеп, құр уәде берушілік. «Бақай бата» әңгімесі, ас соңында дәстүр бойынша берілетін батаның маңызының өзгеріп, тәрбиелік мәні бар атаулы сөздері азайып, шапырма сөз көбейіп кеткенін тілге тиек еткен. Осы кітаптағы «Жаса, жеңгелерім!» әзіл әңгімесі қазақы қалжыңға толы. Жеңгесі мен қайнысының арасындағы әзіл-қалжың болған оқиға. Оқи отырып күлесің, есіңе ауылдағы жеңгелерің түседі.
Бозбала: «Ғабеңнің туындыларының оқырман қауымға әрқашан қажет екеніне дау жоқ» - деген Үмбетбай Уайдиұлының сөзінің дұрыстығына көзіміз жетті. Шығарма жанын ұғыну, адам жанын ұғынудың ішкі астары десек те, немесе соның көркін тілімен жеткізу құбылысы десек бұл жазушы жөнінде жаңылыспағанымызды білдірсе керек.

«Гүл аңсаған бір ғұмыр», «Айғыр кемпір» сияқты жаңа мазмұндағы туындыларының басын қосатын шағын әңгімелері жазушының үздіксіз еңбектеніп келе жатқанының айғағы. «Тарихта қалғың келе ме?» атты кітабы «Әркімнің бір ауруы бар» әңгімесімен басталады. Әңгімеде Масал Майөкшенов пен Төкен атты дәрігер жігіт арасында диалогтар арқылы олардың мінез-құлық, іс қаракетін оқырманға суреттеп отыр. Масал Майөкшенов өзінің атқарып жүрген жұмысынан қуланып, дәрігер Төкеннен ылғи «бүллитөн» алып жүреді. Екі рет буллитөн алған Масал үшінші рет тағы келді. Дәрігер Төкен көп сылтау айтып Масалға сұраған бүллитөнін бермей жіберді, сөйтіп әзер құтылды. Осылай жасап дүниеқорлыққа берілген Масалдың бейнесін, кескінін тамаша нанымды суреттеген.

Ендігі аялдама – замандас аға-інілеріне арнаған хиқаяттары.

Бойжеткен: Ғаббас Қабышұлы қандай ұстамды тиянақты болса шығармалары да сондай өнегелі. Оның бар шығармасынан адамгершілік пен адалдық сезімдері көзге ұрып тұрады. Сондай үлгілі кітаптарының бірі «Сағыныш сазы» кітабына 2005 жылы «Алаш» сыйлығының берілгені белгілі. Мұнда автор өмірден өткен отыз жазушының адами, адамзаттық, ақындық келбеттерін көз алдына әкеледі. Олардың әрқайсысы қасыңда тұрғандай әсер етеді. Олардың өз үндерін естіп, түр-тұрпатын көріп тұрғандай боласың. Олардың күлген күлкісі құлағына келіп, солармен қоса күлгендей әсерде қаласың. Жылы жымиған Сағи (Жиенбаев), екі көзі күлімсіреген Жұмекең (Нәжімеденов), қабағы қатулы Мұқағали (Мақатаев) қасыңда тұрғандай көрінеді. Басқа жазушылардың бәрі де өздеріне тән даралықтарымен танылады. Автордың естелік кітабына жеке-жеке тарау боп кірген Балғабек Қыдырбекұлы, Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Оспанхан Әубәкіров, Сабырхан Асанов, Жүсіп Қыдыров, Төлеген Тоқбергенов, Рамазан Сағымбеков, Оралхан Бөкеев, Нұркеш Бәдіғұлов, Марат Қабанбай, Рамазан Тоқтаров, Қуандық Шаңғытбаев, Жарасқан Әбдірашев және басқалар өз бастарынан өткен алуан түрлі тағдырларымен танылады.


Бозбала: Бұл кітапты оқып отырып кейде күлесің, кейде кіжінесің, кейде көзіңе жас келеді. Олардың бәрі кеше ғана қасымызда жүрген замандастар еді. Бойларындағы асыл таланттарының жемісін халықтың алақанына толық салып бере алмай, отыз бен қырықтың, қырық пен елудің арасында өмірден өтіпті. Автор қай жазушының қай жаста қайтыс болғанын көрсете келіп «Шіркін бәлен ағам-ай, түген інім-ай» деп жиі күрсініп отырады. Осы «Сағыныш сазы» жинағын Әзілхан Нұршайықов «Ғаббас қазақ прозасына реквием жанрын енгізді» - деген.

Жиырмаға жуық кітап шығарды, оның он төрті өз туындылары, төртеуі әдеби аудармалар. Ғабеңнің оған қосарлық екінші белгісі ол қайтыс болған замандастарын өлтірмеуге тырысқандығы. Тірі күнінде көп адаммен өзара қарым-қатынаста боламыз, дос, жолдас, сыйлас өмір сүреміз. Бірақ өлгеннен кейін оларды ұмытып кетеміз. Ал Ғаббас аға ұмытқан жоқ.

Келесі аялдамамыз жазушының аудармалары.
Бойжеткен: Жазушының аудармаларына келетін болсақ, ол да жөні бөлек әңгіме. Түрік классик жазушысы Әзиз Несиннің сатиралық романы мен әңгімелерін екі кітап етіп қазақшалап бастырды. «Әңгіме оқи отырыңыз», «Сирек кездесетін сұмырай», «Достарым, кешіре көріңдер!», «Қаламым – алтыншы саусағым» атты қызықты әңгімелері қазақ оқырманымен қауышты. Серб жазушысы Бронислав Нушичтің «Құдіретті күлкі», «Халық санағы», «Ең бірінші сұхбатым», «Калемегдан паркінде» әңгімелерін оқып сылқ-сылқ күлесің, адамдар арасындағы қарым-қатынас көп ойлантады. Молдаван юморисі А.Бусуйоктың «Менің Париждік нағашым» атты повесін жеке кітап етіп шығарды. Украин жазушысы Остап Вишняның «Кандидатурия», «Бал шіркін тәтті ғой» әңгімелері қазақ қауымға жол тартты. Орыс актері Юрий Никулиннің «Әй, ақымақ», Анатолий Трушкиннің «Шыдамның шегі», «Бала есімі» Антон Чеховтың «Математикашы есуастың есебі», Михаил Зощенконың «Бетпақ», Леонид Ленчтің «Классик болу қиын-ақ» әңгімелері әдемі тілмен, жеңіл юмормен қазақ оқырмандарын тәнті етті. Сергей Михалковтың «Жел көбік» (Пена), И.Друцэнің «Ең қасиеттіміз» (Святая святых) пьесаларын аударып сахнаға әзірлеп бергенінің өзі зор еңбек.

Жазушы қандай аударманы қолға алса да өзінің ішкі иірімдері мол, тіл шұрайлылығын өте тамаша қолдана білгендігі ақиқат екені баршамызға аян.

Келесі аялдама автордың құрастырған жинақтарына арналады.
Бозбала: Ғаббас Қабышевтің енді бір аса елеулі шығармасы – маркұм аға-іні әріптестері жайында естелік жинақтар шығарды. Ілияс Жансүгіров туралы «Жан қайығын жарға ұрдым» деген кітаптың шығуына себепші болса, Сәбит Мұқановтың бәйбішесі, асыл анамыз Мәриям апайдың «Менің Сәбитім» атты кітабын шығаруға жәрдемші болды. Әди Шәріпов жайында «Көргенім көңілге түйгенім» деп, Әнуар Әлімжанов жайында «Әлем таныған Әнуар» деп қазақ-орыс тілдерінде, Сағат Әшімбаев жайында «Күлкіңді жүрмін сағынып» деп жинақ құрастырды.

Мемлекет, қоғам қайраткері, философ, саясаткер, көсемсөзші болған Михаил Иванович (Хәкім Тілегенұлы) Есенәлиев туралы «Тарихи тұлға. Хакім.Михаил Иванович. Мәке» деген естелік кітапқа қоса оның мақалалар жинағының төрт томдығын құрастырды.


Бойжеткен: 1915-1950 жылдары фельетонға қалам тартқан ағаларымыздың біраз дүниесін «Май мұрынға – май шелпек» деген атпен шығарып, әзіл-сықақ жанрын зерттеу ісіне үлес қосқаны өз алдына бір төбе. Семей облысының бірінші хатшысы болған Кешірім Бозтаев - Семей полигонын жаптыруға күресін бастаған бірінші тұлға. Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық комитетіне хат жазып, полигонды жабуды батыл талап еткен. Бұл еңбегін біреу білсе, біреу білмейтін еді. Кешірім Бозтаев туралы жақсы жазылған дүниесі көп адамның көзін ашты. «Семей-Невада» қозғалысының ақиқатын ашып берді. Ғаббас ағай: «Мен үш азаматты тірілттім, соған ризамын» - деген еді, олары Әнуар Әлімжанов, Михаил Есенәлиев, Кешірім Бозтаев. Атам қазақтың «Басыңа бақ қонғанда елден асқан данасың, ал басыңнан бақ тайғанда қалыбыңа барасың» - деген сөзі бар... Бірақ бұл кісілерді іздейтін елі, жұрты, жанашыр Ғаббас аға секілді інілері бар.
Бозбала: Ақын-жазушылар арасынан қырағы көзімен, сәулелі санасымен көрген әрбір жөнсіздікті қалт жібермейтін сақшылығы тағы бар. Ғаббас Қабышұлының жазушылықты уақытша кәсіп қылмай жан дүниесіне өмірлік азық етуі заңды құбылыс. Оған әңгіме, фельетондарының барынша ықшамдығы, шынайылығы, аз сөзбен үлкен ойды дәлелдейтіндігі.
Қалың жазушыларымыздың арасынан бүгінгі таңдағы өте күрделі жағдайда тұрған тіл мәселесіне шыбын жаны шырқырай қамқор болып, тілімізге тіл тигізіп жүргендерге өзінің ақсақалдық сөзін айтып жүрген жанның бірі. «Жастардың көп тіл білуі, шетелдің тарихымен танысуы зиян емес. Мәселе сол балалардың қандай құндылықты бойына сіңіруінде, ал әдебиет балғындарды жақсылыққа тәрбиелейді» - деп Ғабекең өзі айтқан еді.
Бойжеткен: Ғаббас Қабышұлы Қазақстан Жазушылар одағы деп аталатын қасиетті қарашаңырақ астында отыз жыл қызмет етті. Көп жазушыларды білді, көбімен сыйлас, сырлас болды. КСРО әдеби қоры қазақ бөлімшесінің директоры болып тұрған кезінде көптеген қаламгерлерге көмек көрсетті. Олардың мінез-құлықтарын, жақсы қылықтарын жадында сақтап қалды. Сол сәттер «Сағыныш сазы», «Адамның кейбір кездері» атты кітаптар болып шықты. Классик жазушымыз Ілияс Есенберлин атындағы қордың қазақи күлкіге назар аударып Ғаббас Қабышұлының өзіндік шығармаларын, аудармаларын жинақ қылып шығарып беруі құптарлық іс. Ізгі ниет құлашын кең жайсын!

Хиқаяларым деректі дүниелер тек қайсыбірінде бірер кейіпкерлерімнің ныспысын өзгерттім – дейді Ғабекең. Осылай өмірде болған хиқаяттары, көңілді көтерер әзіл-сықақтары көп болсын!


Құрметті оқырмандар!
Ғаббас Қабышұлының шығармашылығына саяхат аяқталуына таяу. Жазушының шығармалары туралы, тағы да басқа көптеген мәліметтер білгіңіз келсе кітапханаға келіңіздер. Сіздерге жазушы туралы азды-көпті мәлімет беруге тырыстық.

Ғаббас Қабышұлына 80 –ге толған мерейтойыңыз құтты болсын, жазарыңыз көп болсын дейміз. Өміріңіз ұзақ, деніңіз сау, күйлі-қуатты болыңыз.

Қатысқандарыңызға алғыс айтып, сау саламат болуларыңызға тілектеспіз.

Ізғұтты батыр
Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Ізғұтты Айтықов туралы жыр
Жасыл алқап аймағы

Шығыста Ұлан ауданы

Солдатское селосы

Батыр туған жер осы.

Қарапайым бір үйде

Келді бала дүниеге.

Осы еді тұңғыш баласы

Шаттанды ата-анасы.

Әкесі оның қуанып

Той жасады жұбанып.

Ізғұтты деп ат қойды

Бала өсіп лап қойды.

Жетіге жасы жеткенде

Оқуға түсті мектепке.

Мектеп боп алтын бесігі

Ашылды өнер есігі.

Ынтамен оқып Ізғұтты,

Бар сабақты жақсы ұқты.

Құрыш дене, келбетті

Жалындап жас ержетті.

Басталды соғыс сол кезде

Ізғұтты жас-ты ол кезде.

Қолына алып қаруды

Майданға ойлап баруды.

Өтініш етті барам деп.

Отаным – туған анам деп.

Қорғауға сөйтіп Отанын,

Аттанбақ болды жас жалын.

Жолға шықты Ізғұтты

Батыр бол! – деді ел-жұрты.

Қоштасарда беріп қол:

Орындаймын! – деді ол.

Басталды жорық күндері

Армия басты ілгері.

Алда Двина өзені

Ұрыстың ауыр кезі еді.

Өту керек өзеннен,

Талқандап жауды кезенген.

Команда болды – Сапқа тұр!

Сөз алды қазақ – жас батыр:

«Боламын алда ел үшін!

Топырағы торқа жер үшін!

Жау бекінісін бүзамын!

Тек қана жеңіс - ұраным!

Жігіт берік сертіне

Қимылдады серпіле.

Қасында байлам гранат

Жылжи берді азамат.

Серіктері қолдады

Жаудың беті барланды.

Шабуыл жасап бөгеген

Өтіс бермей өзеннен

Бекініп алып оқ атқан

Көзге түсті қас-дұшпан.

Бет алды солай Ізғұтты

Қасиет тұтып бірлікті.

Таяп барып қасына

Қаһарланып ашына

Бекініс орнын көздеп ап,

Лақтырды байлам гранат.

Фашистер қаны шашылды

Біздерге жол ашылды.

Бекініс үнін өшірді

Жау күлін көкке ұшырды.

Көрсетті солай Ізғұтты

Қайтпас қайрат ерлікті.

Сұрапыл осы майданда

Оқ тиді келіп жас жанға.

Қаза тапты ер бір кезде

Шамасы келіп бір сөзге.

«Отаным» - деді жас батыр,

Есінде сақтар сан ғасыр.

Толқыды Двина бұлқына,

Қайғырып қазақ ұлына,

Бірақ кегі кеткен жоқ,

Жау мақсатқа жеткен жоқ!

Бастап көсем – партия

Алға басты Армия.

Москваға хабар барыпты,

Калинин Указ жазыпты.

«Майдандасқан елі үшін,

Ата-намыс кегі үшін

Ізғұтты сынды Ерімсің,

Батыр атағы берілсін!

Мәңгілік есте сақталсын,

Ерлігі жыр боп жатталсын».

Ер өлгенмен – елі тірі,

Отаны – алып – асқар шыңы!



Тойларыңыз тойға ұлассын!

(Әз – аға мен Халима апайға)


Қатардағы көптің бірі, түзу тірлік пендемін,

Қанағатпен қабыл алған тәңірінің бергенін.

Қашан болсын қарт пен жасқа тілейтінім – тазалық,

Қарапайым адал еңбек етіп жүрсе кімде кім.


«Қарапайым». Осы бір сөз қасиетті мағанда,

Қалайда мен осы сөзден бір тиянақ табам да.

Қарап жүрем жан-жағыма көзіменен жүректің,

Қатарынан озған, қалған алыс-жақын адамға.


Қай мезетте, қайда болсын көретінім қос бейне:

Қатар тұрған қос қайыңдай сыр ұғысып төскейде.

Қатар жүзген қос аққудай айдынында Ертістің,

Қатар ұшқан қос көгершін «күбірлесіп» кей-кейде.


Қатар жүрген қос құлындай, қос бота да тәрізді,

Қай жағыма көз салсам да көргім келмес жалғызды.

Қуанамын: сол қос бейне – Хал-апай мен Әз-аға

Құдай қосқан қос тағдырда тұтас жатыр жан ізгі.


Қиқуы жоқ, қаңқуы жоқ, жұлындырған жыны жоқ,

Қулық саумас, сұмдық саумас, аталмаққа жақсы боп.

Қасиеті: дос іздейді өзіне де басқаға

Қасиетсіз болған емес, екі араға жағып от.


Қос бейненің: Хал-апай мен Әз-ағаның осы бір,

Қазекемде көп кездеспес көркемдігін тұтып пір.

Қуанып шын, қалтарыссыз тілейтінім бұл сәтте:

Қос ғажайып! Енді отыз жыл ғажайып боп жүре тұр!


1992 жыл 28 қараша.
Ұрпаққа қалар дана сөздер...
Күшік күнінде бәрі сүйкімді,

Қабаған ит қайдан шығады.


Қорқаққа күнің түссе де,

Қорқауға күнің түспесін.


Таңғы ұйқыдай тәттім-ау (немерелеріме)
Жапалақта ән болмайды,

Жағымпазда ар болмайды.


Жылпостың ары арзан,

Опасыздың назы арзан.


Қызғаншақтың көңілі тар,

Көре алмастың көзі тар.


Жымысқының ізі көмескі

Жігерсіздің ісі көмескі.


Өсекші сөзін пұлдайды

Ұятсыз өзін пұлдайды.


Жасанды күлкі – кір күлкі

Жәдігой күлкі ол – түрпі.


Мылжыңның билікке жеткені

Құмға күріш еккені.


Ел дізгіні сухитқа бұйырса,

Жаңбыр орнына жалған сөз жауар.


Суайтқа ісің түскені – жүйкеңнің іскені.
Арыңды сатып арғымақ мінгенше,

Еңбегіңді сатып есек мін.


Басы қасқаның бәрі ақылды десең

Сенің де алжасқаның.


Ухит пен сухит су астында да сыбырласады.

Кісіден иттік шыққанда

Иттен кісілік неге шықпасын.
Жағыну – ессіздік, табыну – тексіздік.
Ақымаққа бақ қонса,

Ақылдыны құса қылар.


Алаяқ құмнан бақан жасап,

Желден сүт сауады.

«Өлтіремін» десең де өтірігін қоя алмайтын өмеқаптан без.
Ар-ұятын бесігіне тастап кеткен бетпақтан сақтан.
Мақтанғанда шолақ тілімен ерінін

Жалап отыратын есуасқа жолама.


Аларында алтынды жезге теңейтін,

Берерінде сүйемді кезге теңейтін имансыздан аулақ жүр.


Біреудің үстінен су жүргізбесе,

Ұйқысы қанбайтын зәлімнен без.


Өтірік айтпаса түкірігін жұта алмай жүретінге жуыма.
Жалтыр баста қайызғақ жатпас.
Ақша айқайлап, адам міңгірлейтін де кездер болады.
Өзін «көсеммін» деп санайтындардың көбі көртышқан болып шығады.
Кісіліктен жұрдай немеден,

Кісіней білетін сәурік артық.


Азуын тазалағанға «алғыс айтқан» арыстан жоқ.
Суы тартылған құдыққа қауға салма.
Ақылды ит айтаққа ере бермейді.
Біреуді жамандамаса жағы қарысып қалатындар бар.
Жауыңды күйіндіргеніңе қуанба, жеңгеніңе шүкіршілік ет.

Тастан тарамыс жасаймын деп тыраштанба.


Тағдырмен тәжікелесу тастан ботқа жасаумен бірдей.
Парақордың арманы арам.
Жемқордың құдайы – құлқыны.
Қатын алма, қайын ал,

Ар-ұятқа байын ал.

Атағына жығылсаң

Азабына дайындал.


Көзі ойнақтағанға сенбе,

Жол білмейтінге ерме.



Жылы лебіздер...
Сатирик жазушы осы заманның боямасыз сиқын танытар сорақыларға шүйілгенде айызыңды қандыра сөйлейді. «Айта түссе екен» деп емінесің.

Мұзафар Әлімбаев


Ғабекең өзі қандай ұстамды, тиянақты, тұрақты болса, шығармалары сондай өнегелі. Оның бар шығармасы адамгершіліктің, адамзаттықтың, адалдықтың, жұрт көзіне іліне бермейтін тұрмыстағы қарапайым ерліктердің әнін шырқайды.

Әзілхан Нұршайықов


Алдыңғы аға буынды қайдам, өзінің ізін басып келе жатқан орта буын біздер үшін Ғабекең сондай жеке басының пәк, түзулігі мен дара ерекшеленіп танылатыны бар.

Жанат Ахмади


Адамзаттың құдіретті қабілеті күлкі, күлкі адам баласының ең қымбат мүлкі, күлкің - ар-ұятың, қиналғанда қылар қайрат, миятың деп жүрген Ғаббас.

Темірбек Қожакеев


Ғабеңнің енді бір аса елеулі еңбегі марқұм аға-іні әріптестері жайында естелік жинақтар шығаруы.

Үмбетбай Уайдин


Халқымызға танымал сатирик жазушы Ғаббас Қабышұлының жаңа шығармасының жанры жоқтаунама десе де болады. Кітапта бірдің мұңы емес, мыңдардың мұңы миллиондардың санасында сарғайып арнасы толмастай жоқтайтын тұлғалардың ғасырларға қалдырған ой мұрасы, асыл пікірлері. Тот баспайтын алтынға бергісіз сөздері мен өнері жөнінде айтылады.

Табыл Құлияс
Жазушы әр бір әңгімесінде мағынасы бар ой айтуға мейлінше көңіл қойып және де сол қағиданы іс жүзінде асыруға тырысады. Ғаббастың әңгімелерінде бұл қасиеттердің барлығы сақталып, оқушыны бей-жәй күйінде қалдырмай елітіп отырады.

Сейілғазы Әбдікәрімов


Көбімізге ұстаз Ғаб ағаңның ерекше атап айтуымызға болатын адамгершілік бір қасиеті - өзі туып өскен өңірдің тарихына, тарихи тұлғаларына назар аударып насихаттап жүретіндігі.

Жарылқасын Дәулет


Тіршілігіміздегі оңды істерге қуанғанын да; теріс істерге күйінгенін де ашық, батыл жазыпты. Лауазымы ірілерге реніш болса, оны іркілмей, жасқанбай айтқан. Адалдықтан аулақтап жүретін, әділеттілікке қиянат жасайтын «күштілерді» сынап мінеген – осы Ғаб ағаң.

Бәйкен Сапарғали


Ғаббас Қабышұлы жазушылықты уақытша кәсіп қылмай, жандүниесіне азық етуі бірден – бір заңды құбылыс. Оған әңгімелері болсын, памфлеттері болсын, фельетондары болсын өзінің барынша ықшамдығымен және шынайлылығымен дәлелденіп жатқандығы.

Сейфолла Оспан.




Әдебиеттер тізімі
Қабышев Ғ. Тарихта қалғың келе ме?: Әзіл-сықақ әңгімелері.-Алматы: Жалын, 1978.-160 б.
Қабышев Ғ. Күлеміз бе, қайтеміз: Сықақ әңгімелер.-Алматы: Жазушы, 1983.-200 б.
Қабышев Ғ. Халыңыз қалай?: Әңгімелер.-Алматы: Жазушы, 1986.-

366 б.


Қабышев Ғ. Кадр мәселесін ... мәселе шешеді: Әзіл-сықақ, әжуа-мысқыл.-Алматы: Шабыт, 1995.-112 б.
Қабышев Ғ. Көлденең кітап: Сатирикалық әңгімелер.-Алматы: Нұрлы әлем, 2000.-112 б.
Қабышев Ғ. Жетім жиналыс: Әзіл-сықақ әңгімелер, екі хиқая.-Алматы: Жазушы, 1997.-648 б.
Қабышев Ғ. Екі хиқаят.-Алматы: Нұрлы әлем, 2000.-144 б.
Қабышев Ғ. Арыңның сөзін айта біл= Скажи все по совести: Мақалалар, хаттар = Статьи, письма.-Алматы: Нұрлы әлем, 2001.-160 б.
Қабышев Ғ. Сағыныш сазы (Сырсандық).-Алматы: Нұрлы әлем, 2003.-144 б.
Қабышев Ғ. Удай уәде: Әзіл-сықақ әңгімелер, аудармалар, фельетондар.-Алматы: Жазушы, 2004.-272 б.
Қабышев Ғ. «...изация»: Таңдамалы: әзіл-сықақ.-Алматы: Ана тілі, 2005.-288 б.
Қабышев Ғ. Адамның кейбір кездері: Жинақ.-Алматы: Нұрлы әлем, 2006.-368 б.
Қабышев Ғ. Гүл аңсаған бір ғұмыр. Айғыр кемпір.-Алматы: Қазығұрт, 2005.-360 б.
Қабышев Ғ. Анау-мынауизация: Әзіл-сықақ әңгімелер және аудармалар жинағы.-Алматы: Көшпенділер баспасы, 2008.-328 б.
Қабышев Ғ. Тарғыл тірлік: Хиқаяттар.-Алматы: Атамұра, 2006.-320 б.

Қабышев Ғ. Екі томдық шығармалар жинағы.- Алматы: ҚазАқпарат

Т.1. – 2011.-476 б.

Т.2. – 2013.-475 б.


Қабышев Ғ. Шығармалары. Т.1. Үш арна: Әзіл-сықақ әңгімелер, естеліктер, аудармалар.-Астана: Фолиант, 2011.-440 б.

Х Х Х
Қабышев Ғаббас //Қазақ әдебиеті:Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі, Қазақстан даму институты, 1999.-335 б.


Қабышев Ғаббас //Қазақ әдебиеті: Энциклопедиялық анықтамалық.-Алматы: Аруна, 2005.-284 б.
Қабышев Ғаббас //Қожакеев Т. Сатира күштілер қаруы: Монография.-Алматы: Жазушы, 1985.-198 б.

Қабышев Ғаббас //Қожакеев Т. Қым-қуыт іздер: Оқулық.-Алматы: Санат, 1999.-232 б.


Х Х Х
Ахмади Ж. Піл көтермегенді тіл көтереді: [Қабышев Ғаббас туралы] //Жас қазақ.-2003.-12 шілде.- 7 б.
Әлімбаев М. Көңілден шыққан көрімдік: [Қабышев Ғаббас туралы] //Әдебиет айдыны.-2005.-8 қыркүйек.-10 б.
Әбдікәрімов С. «Юморымен жан жылытқан: [Қабышев Ғаббас туралы] //Әдебиет айдыны.-2005.-23 маусым.-10 б.
Бижанов М. Ғабаңның сағынышы – нағыз сағыныш: [Қабышев Ғаббас туралы] //Бұқпа.-2004.-5 ақпан.-7 б.
Бейісқұлов Т. Күйінесің бе, күлесің бе? : [Қабышев Ғаббас туралы] //Қазақ әдебиеті.-2009.-21 тамыз.-9 б.
Дәулет Ж. Ғаб-аға хақында бірер сөз: [Қабышев Ғаббас туралы] //Ұлан таңы.-2009.-1 мамыр.-8 б.

Дәулетбек М. Оқыған жан өкінбес: [Қабышев Ғаббас туралы] //Орталық Қазақстан.-2003.-29 қараша.-3 б.


Зейнуллина Г. Жастарға ең алдымен білім керек: [Қабышев Ғаббас туралы] //Ұлан.-2009.-10 наурыз.-4 б.
Құлияс Т. Сағыныш сазы: [Қабышев Ғаббас туралы] //Арқа ажары.-2004.-29 тамыз.- 4 б.
Нұршайықов Ә. Әдебиетімізге енген жаңа жанр: [Қабышев Ғаббас туралы] //Қазақ әдебиеті.-2004.-19 наурыз.-9 б.
Сейфолла О. Мысқылдың маңғаз сарбазы: [Қабышев Ғаббас туралы] //Әдебиет айдыны.-2006.-2 ақпан.-9 б.

Мазмұны
Алғысөз 1 б.
Өмірбаяндық деректеме 2
«Қара сөзден қамшы өрген» - Ғ.Қабышұлының жасы

80 -ге толуына арналған кітап көрмесінің үлгісі 3


«Арыңның сөзін айта біл» - Ғ.Қабышұлының

шығармашылығына саяхат 4


Ізғұтты батыр өлеңі 10
Ұрпаққа қалар дана сөздер... 12
Жылы лебіздер... 14
Әдебиеттер тізімі 16

Құрастырушы: Р.Н.Пазылова – кітапхананы дамыту және



әдістемелік жұмыс бөлімінің кеңесшісі
Редакторы: С.Б.Бекмағанбетова – оқу залының кеңесшісі





Каталог: sites -> default -> files
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы
files -> ОҚу курсының каталогы 050117 қазақ тілі мен әдебиеті
files -> Өмірбаяндық деректеме
files -> Жиырма үш жыл бір ғұмыр
files -> Пәнінің мұғалімі Ищанова Эльмира Абайқызы Қазақ әдебиеті ( 6 «б» сынып ) Сабақтың тақырыбы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет