Орындаған: Жанзакова Ж. Н қабылдаған: Бескемпірова Г. К шымкент қаласы



Дата21.02.2022
өлшемі27,97 Kb.
#132765
Байланысты:
Баяндама Диалектология
СЖ№2 МСПЗ, Икт 160 сұрақ.docx1, инкл, vodiannikov vt gevorkov rl praktikum po ekonomike selskogo k, ең керекті дұғалар, «Қазақстан тарихы» ПӘні бойынша дәріс сабақтарының мазмұНЫ-emirsaba.org, 1 ЛЕКЦИЯ

Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министірлігі
M. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті
ФИЛОЛОГИЯ” факультеті
Қазақ тілі мен әдебиеті” кафедрасы

БАЯНДАМА

Тақырыбы: Жергілікті диалекті мен говорлар туралы ұғым.

Орындаған: Жанзакова Ж.Н
Қабылдаған: Бескемпірова Г.К


Шымкент қаласы

Диалектілер мен говорлар


Жоспар:
1 Негізгі диалектілік ерекшеліктер
2.Диалектілік, говорлық ерекшеліктер
3.Жергілікті диалектілер
4.Жергілікті диалектілердің қалыптасуы
5.Әдеби тілдегі немесе жергілікті халық тіліндегі диалектілер
Жергілікті тілдік ерекшеліктер-жалпы халықтық тіліміздің бір аймаққа тән тілдік көрінісі. Ол аймақтың тілдік материалы жалпы халықтық тіл арнасымен жалғасып жатады да, кейбір лексикалық, фонетикалық, грамматикалық ерекшеліктері жағынан одан ажырап тұрады. Өзінің сөздердің таралу шегін картаға түсіру шегарасы бар нақтылы территорияда өмір сүріп жатқан тілдік ерекшеліктер ру-тайпалық тілдің қалдықтарынан сол жердің халқының шаруашылық кәсібіне байланысты қалыптасқан сөздерінен, қонысы, тұрмыс тіршілігі жағынан жақын көрші отырған елдер тілінің әсерінен кейбір грамматикалық формалар арқылы семантикалық өзгеріске түскен жергілікті тілге ғана қатысты сөздер мен формалардан құралады.
Жергілікті ерекшеліктердің қамтитын территориясы, тілдік материалының көлеміне қарай лингвистикада диалект, сөйленіс терминдері қолданылады. Диалект-жалры халықтық сипаты жоқ белгілі бір жерде ғана қолданылатын тілдік ерекшеліктері бар территория. Ал сөйленістің қамтитын аясы-шағын. Бірнеше сөйленіс бір диалектінің құрамына енуі мүмкін.
Диалект, сөйленісті зерттейтін тіл білімінің саласы диалектология деп аталады. 
Тіл білімінің диалектілер мен говарларды зерттейтін саласы – диалектология (диалектос – сөйлеу, говар, логос – ілім деген грек сөздерінен құралған) деп аталады. Диалектологияның міндеті – жергілікті тіл ерекшеліктерін тексеру. Қазақ диалектологиясы қазақ тіліндегі говорлар мен диалектілерді зерттейді.
Диалект - деген термин тілдегі жалпы халықтық сипат алмаған, белгілі бір жерде ғана қолданылатын ерекшеліктердің жиынтығын, өзіне ғана тән тілдік ерекшеліктері бар жекелеген аймақ, территорияны білдіреді. Бұл мағынада диалект халық не ұлт тілінің құрамды бөлігі болып табылады.
Говор – жергілікті диалектілердің шағын аймақты қамтитын бөлігі. Мәселен, Қазақстан жағдайында диалект екі-үш облыс көлеміндей жерді қамтыса, говор бір облыс немесе екі-үш аудан көлеміндей жерді ғана қамтуы мүмкін.Оның қанша аймаққа таралуы говорлардың қалыптасу тарихына, ондағы нақты жағдайларға байланысты. Негізгі тілдік белгілері бірыңғай говорлар ғана диалект ұғымын тудырады. Бір диалектінің ішіне оның басқа диалектілерден айырмасын көрсететін негізгі ерекшеліктерін және өздеріне ғана тән неғұрлым ұсақ ерекшеліктерін сақтай отырып , бірнеше говор енуі мүмкін.
Шынында, диалект, говор деген терминдер бірінен-бірі сонша алыс кеткен ұғымдар емес.Бәріне де жергілікті тіл ерекшеліктері негіз болады.
Жергілікті диалектілердің зерттеле бастауы 19 ғ.2- жартысында Германия, Франция, Италия сияқты елдерде кеңінен дамыған. Диалектологияның жеке сала ретінде қалыптасуына орыс ғалымдарыда көп еңбек сіңірген. Зерттеу нысанының саралануына және сипатына қарай диалектология –сипаттама диалектология және тарихи диалектология болып екі салаға бөлінеді. Сипаттама диалектологияның міндеті- тілдегі диалектілер мен сөйленістердің дыбыстық, грамматикалықжәне лексикалық құрылысын сипаттау, сол жайында жүйелі түсінік беру. Тарихи диалек. Міндеті- тілдегі диалектілер мен сөйленістердің диалектілік ерекшеліктердің пайда болу сырын, тарихын зерттеу.
Қай тілде болмасын құрамында дәстүрлі норма болып қалыптасқан, жалпыхалықтық деңгейде қолданылатын, баршаға ұғынықты әдеби сөздермен қатар, түрлі өңірде түрліше айтылып, өзгешеленіп тұратын сөздер мен сөз тіркестері көптеп ұшырасады. Жалпылама қолданыла бермейтін, тек білгілі бір аймақ шеңберінде ғана жұмсалатын сөздерге мысал ретінде: Шымкент, Арыс маңында шайнекті – чәугім, жұмыртқаны – тұқым, Орал өңірінде таразыны – шеккі, бәкіні – шаппа, қауғаны – бөрлек, Тараз, Меркеде жәрдемші, көмекшіні – жәкенші деп атайтынын айтуға болады. Мұндай жергілікті халық тіліне ғана тән сөз қолданыс диалектизмдер болып табылады. Оны тіл білімінің арнаулы саласы – диалектология дыбыстық, мағыналық тұрғыдан жан-жақты зерттейді.
Диалект сөздер әдеби тілдің қатысына қарай бірнеше түрге бөлінеді:
1) лексикалық диалектизмдер;
2) лексика-фонетикалық диалектизмдер;
3) лексика-семантикалық диалектизмдер;
4) туынды диалектизмдер.
Лексикалық диалектизмдер деп аңғаратын ұғым жалпы халық тілінде басқа
сөздермен аталатын, әдеби тілде кездеспейтін түбір сөздерді айтады. Мысалы: сәйпіл (Алматы, Кеген) – қорған, қамал; сой (Орал обл., Түркім.) – нәсіл, ұрпақ, тұқым; сіле (Маңғыстау) – дәке, марля сияқты мата; ұтыр (Шымкент, Қызылорда) – қисын, рет, жөн т.б.
Лексика-фонетикалық диалектизмдерге әдеби тілдегі сөздердің жергілікті жерлерде фонетикалық өзгеріске ұшыраған варианттары жатады. Мысалы: о/ұ сәйкестігінен сұрақты – сорақы, сұнар – сонар, дұмалау – домалау; а/ы сәйкестігінен шырлау – шарлау, қымықпай – қаймықпай; а/ә сәйкестігінен дәнә – дана, кәте – қате, кәйтейін – қайтейін, зәлім – залым, уәйім – уайым т.б.
Лексика-семантикалық диалектизмдер – жалпыхалықтық тілге тән бола тұрып, әдеби тілге жат мағынаға ие сөздер. Мысалы: бел – шабылған шөптің ізі, жолы; баспа – ілгек; баспахана – қастық, дұшпандық; баю – бату (күн туралы);
үгіту – салу, тығу; шалысу – тырысу; сона – сырғаның түрі; сес – әдейі; сәл-құм, қуат; дерек – керек; деректі – жауапты т.б.
Туынды диалектизмдер – әдеби тілдегі сөздерге диалектизмге тән жұрнақтар жалғану арқылы жасалған диалектизмдер. Мысалы: жүрдемел– жүрдек; шәйгөн – шайнек; сұрамжал – сұраншақ; мейманқос – меймандос; тұзды – тұздық; белегір – белес; жұқана – жұғын; немелтай – немере т.б.
Диалектизм әдеби тілден тыс құбылыс, дегенмен оның әдеби тілді толықтыруға, байытуға үлесі мол. Халық тұрмысында ғылым мен техниканың дамуына байланысты көптеген жаңа ұғымдарға атау табу қажеттігі туғанда, халық қазынасы ретінде пайдаланылатын сөздер – диалектизмдер. Мысалы, марля сөзінің баламасы ретінде – дәке, носилка сөзінің баламасы ретінде – зембіл, подряд сөзінің баламасына – мердігер, минералды су мағынасында – арасан сөздері әдеби тілге диалект қатарынан ауысты. Әрине, диалектизмнен әдеби тіл қатарына өткен сөздер мағынасын кейде өзгертіп, кеңейтуі мүмкін. Мысалы, мердігер сөзі Оңтүстік Қазақстан халқы арасында «жалданып жұмыс істеуші» деген мағынада қолданылатын. Ал, әдеби тілге енгенде жеке бас қамын күйттеуші емес, қоғамдық еңбекке қатысты шарт негізінде атқарылатын ұжымдық еңбекке айтылатын болды.
Әдеби тілді зерттеуде алда тұрған алынбаған талай бел-белестер, асулар бар. Әлі ашылмай, табылмай жатқан қыруар нұсқаларды іздестіру жұмысын былай қойғанда, қолда бар мұралардың тілі толық зерттелмей келе жатыр. Мысалы, шығыс түріктерінің, яғни Қарахан әулеті билеген жерлердегі түркі тайпаларының тілінде жазылған ескерткіштер; оғыз, әсіресе, қыпшақ тайпаларының тілінде жазылған, шағатай, орта азиялық түркі жазба әдеби тілінде жазылған шығармалар тілі және т.б. Орта ғасыр ескерткіштерінің тілін зерттеу тек әдеби тіл тарихы үшін ғана немесе жалпы қазақ тілі тарихы үшін ғана емес, тарихи лексикология, тарихи фонетика мен диалектология, тарихи грамматикамен байланысты проблемалық мәселелерді шешу үшін де қажет. Одан кейінгі дәуірде ауыз әдебиеті, жазба ескерткіштерінің тілін газет, журнал мақалалары деңгейінде ғана зерттемей, жоспарлы түрде монографиялық дәрежеде зерттеу жұмысын үдете түсу керек.
Ауызекі сөйлеу тіліне де, әдеби тілге де, диалектілік аймақтық лексикаға да тән аралық құбылыстың бірі – дублеттер болып табылады. Бұлар – тілде құрамы мен мағынасы жағынан жарыса (параллель) қолданылатын сөздер. Ондай құрамы мен мағынасы жағынан жақын сөздердің қатарына сөздің фонетикалық варианттары (жарыспалы сөздер), сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалған варианттар морфологиялық, синтаксистік және стильдік параллелизмдер, орфографиялық, орфоэпиялық варианттар жатады. Мысалы, қазақша маңдай – маңлай, диірмен – тиірмен, риза – ырза, кәрия – қария, айқай – айғай, пенде – бенде фонетикалық дублеттер; сондай-ақ, орыс тілінде ина́че – иначе́, тво́рог – творо́г, одновре́менно – одновреме́нно тәрізді екпінге байланысты акцентті дублеттер де бар.
Қазақша тіл білімі – тіл туралы ғылым, білім-ілім, өкімет-үкімет; орысша языкознание – языковедение, волчиха – волчица, безвкусие – безвкусица, петуший – петушинный лексикалық дублеттер.
Сондай-ақ, орыс тіліндегі порой – порою, чашка чаю – чашка чая варианттары – морфологиялық дублеттер; понятный каждому – понятный для каждого, приверженность к науке – приверженность науке – синтаксистік дублеттер; горажанин – гражданин, голова – глав, сторона – страна– морфологиялық дублеттер; взяться за ум – схватиться за ум, быть на короткой ноге – быть на дружеской ноге, набить карман – набить мошну – фразеологиялық дублеттер.
Дублеттер мен диалектизмдер, кейде синонимдер бір-бірімен араласып- құраласып, ұштасып жатады; қант, шекер – секер – құмшекер, қораз – әтеш, қала – шаһар, қалбыр – елек – елгезер, леген – шылапшын – кірлен т.б
Сонымен қатар, таза говорлық дублеттер де болады. Бұл топқа әр говорда әртүрлі вариантта қолданылатын дублеттер жатады: ілмек – шөтке – ырғақ (ілгек), ұрпақ – буызы – күрпі (кебек), ақа – аша (айыр), әсілі – асылы, ләжі – лажы, есек – ешек – естек, домалау – думалау – жұмалау, серне – деңгене – жара, атауыз – кемпірауыз – тістеуік, тәте – апа – әпке – әпше, шама – сәме – шәме – шамба – шәмбе, елек – елеме – елеуіш – елгезер – ұнқаққыш, кәуірт – кеуірт – оттық – сіріңке – шырпы, күнбағыс – күнбағар – айбағар – күләйлән – пісте – шемішке – шекілдеуік т.б.
Жалпы әдеби тілді білетін адамдар қай аймақтың тұрғыны екендігіне қарамастан, мұндай ерекшеліктерді тұлғасына, жуан немесе жіңішке айтылуына қарай, дыбыстардың сәйкес келуіне қарай болмаса, контекстегі мағынасына қарап, қиындықсыз ажыратып, өзара түсінісе алады. Басқаша айтқанда, бұл сөздер сөйлесу кезінде немесе жазбаша қарым-қатынас барысында ақпарат алмасуға айтарлықтай нұқсан келтіре алмайды. Бұл секілді фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктерді, әсіресе контексте түсіну, мағынасын ұғу аса қиынға соқпайды. Бірақ, бұдан дыбыстық және грамматикалық ерекшеліктер мағынаны ажыратуға ешқандай әсер етпейді деген түсінік тумауға тиіс. Тіпті сәл ғана айырмашылығы бар жуан немесе жіңішке нұсқада кездесетін сөздердің өзі контекстен тыс тұрғанда, бірден ұғынылмауы мүмкін. Ал, контексте олай емес. Сөйлемнің мағынасына қарай ажыратуға, жергілікті сөздің мағынасын тез түсінуге мүмкіндік мол. Мысалы, «Біздің жақта көп сөздерді басқаша құлданады» деген сөйлемдегі баяндауыштың әдеби тілдегі «қолданады» деген етістіктің жергілікті жердегі қолданысы екендігін оңай аңғаруға болады. Ал, осы сөз «құлдан», «құлдану», «құлданады» деген тұлғаларының бірінде контекстен тыс тұрса, онда оның мағынасын түсіну қиындық туғызған болар еді. Бұл жерде грамматикалық ерекшеліктерге қарағанда бенде, бейіл, дұзақ, дізгін, дұз, фана, фән, данышман, керпіш, мәшіт, теңке тәрізді атау сөздерді жергілікті халық контекстен тыс та, контексте де еш қиындықсыз түсінуі мүмкін екендігін айту керек. Ал, диалект сөздердің мағынасын сол жергілікті атау қолданылатын жерден тыс тұратын өзге аймақтың тұрғындары қашанда сөйлем құрамында, контексте келгенде жақсырақ түсінері, олардың мағынасындағы ақпаратты алу мүмкіндігіне ие болары дәлелдеуді қажет етпейді.
Жергілікті тіл ерекшеліктерін зерттеген ғалымдар қазақ тіліндегі говорларды – Шығыс говорлар тобы, Батыс говорлар тобы, Оңтүстік говорлар тобы, Орталық-солтүстік говорлар тобы деп төртке бөліп қарастырып жүр. Диалект сөздердің аумақтық шектеулілігі туралы айтқанда, говорлар топтарының өзі іштей бірнеше говорларға бөлінетінін айту керек. Мәселен, оңтүстік говорлар тобын зерттеген ғалым О.Нақысбеков, бұл топқа жататын говорлар тобының Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңіріндегі Талдықорған, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда (шығыс жағындағы бірнеше аудандар), Өзбекстанның оңтүстік жағындағы Ташкент, Бұхара облыстарындағы және Тәжікстандағы қазақтар тұратын аудандар территориясын қамтитынын айта келіп, оларды іштей алты топқа бөледі: 1) Жетісу говоры. Қамтитын территориясы – Алматы, Талдықорған облыстарының аудандары (қазіргі Алматы облысы); 2) Шу говоры. Бұған Жамбыл облысының территориясы кіреді; 3) Шымкент говоры. Бұл осы аталған облыс көлемін қамтиды; 4) Қызылорда говоры. Бұл Қызылорданың күншығысынан бастап, Түркістанға дейінгі Сыр бойын қамтиды; 5) Ташкент говоры. Бұған Өзбекстанның оңтүстігіндегі Ташкент, Бұхара облыстарындағы қазақ аудандары кіреді; 6) Тәжік говоры. Бұған Тәжікстандағы қазақтар мекендеген аудандар кіреді.
Диалект сөздердің мағынасындағы ақпараттың таралу шектеулілігі осы сынды аумақтық ерекшеліктерге байланысты болады. Егер, қандай да бір диалект сөздің мағынасындағы ақпараттың таралу шегін анықтау керек болса, оның говорлар тобының қайсысына жататынын, олардың ішінде қай говорға кіретінін білу арқылы көз жеткізуге болады. Мысалы, кепеш (тақия), жоян (зор), шылауыш (кимешек және оның сыртынан орайтын орамал), мұқым (бүкіл), тарпа (қол шалғы), тошала (қарақат тәрізді жеміс ағашы) деген сөздер шығыс говорлар тобына жатса, зәліс (қу, алаяқ), пансат (зор, дәу), қолапат (орашолақ, ебедейсіз), жөргентай (кішкене пысық бала), қырбасы (арық, жүдеу), моты (кескін, пішін, қалпы), жұпын (нашар) т.б. орталық-солтүстік тұрғындар тілінде қолданылады (Нақысбеков 1982: 5).
Диалект сөздер белгілі бір аумақ шеңберімен ғана шектеліп қалмай, жалпы әдеби тілге, терминологиялық лексика құрамына да еніп, оның қолданыс аясы кеңеюі де мүмкін. Бұл орайда белгілі тілші ғалымдар Ш.Сарыбаев пен Ә.Нұрмағамбетовтың мына пікілері орынды айтылған: «Қай тіл болмасын оның диалектілік лексикасын жинап, зерттеудің маңызы зор. «Кен асылы жерде, сөз асылы елде» дегендей, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі бір аудан, не бір облыс көлемінде ғана айтылатын, көпшілікке бимәлім, бірақ әдеби тіл терминологиясын байытуға қажетті сөздерді жарыққа шығарып, әдеби тілге енгізу арқылы көпшілік қауымының игілігіне айналдыруда да бұл сөздердің пайдасы мол»
Бұл тұрғыдан келгенде диалектолог ғалымдар Ш.Сарыбаев пен О.Нақысбековтың жергілікті сөздерді прогрессивті диалектілік сипаттағы және регрессивті диалектілік кәсіби лексика деп екіге жіктеуі назар аудартады. Ғалымдардың әдеби тілде баламасы жоқ, сондықтан әдеби тілге еніп, оны байыту мүмкіндігі мол диалектизмдерді прогрессивтік, ал әдеби тілде баламасы бар, әдеби тілді шұбарлайтын диалектизмдерді регрессивтік деуінің өзі орынды екенін айтуға тиіспіз.
Ғалымдар атап көрсеткендей, диалект сөздер жалпы әдеби тілге де, терминологиялық лексика құрамына да еніп, қолданыс аясын кеңіте алады. Жалпы тілдің сөздік құрамын құрайтын лексикалық қабаттар арасында алынбайтын асу жоқ, керісінше, олардың арасында үздіксіз жүріп жататын байланыс бар. Тілде оған мысалдар жеткілікті. Мысалы, құжат, ұжым, мөр сияқты сөздер терминдену арқылы түрлі ғылым салалаларының атаулары қатарына өткен. Бұл тұрғыда диалектілік лексиканы терминқор қалыптастырудың тұрақты көздерінің бірі ретінде тану қажеттігін атап көрсетіп жүрген терминолог ғалымдар пікірі соған дәлел.
Әдеби тіл құрамына еніп немесе терминденіп белгілі бір ғылым саласының терминіне айналған диалект сөздер жаңа сапаға, мәртебеге ие болады. Олар бұрынғысынша жергілікті тіл ерекшеліктері ретінде аймақтық лексика құрамында қалып қоймайды. Қолданылу аумағы да кеңейеді, мағынасы да жұртшылыққа түсінікті бола бастайды. Сол себепті, олар жалпы тілдік немесе кәсіби ақпарат тарату құралына айналады. Ал, мұндай сапаға көшпеген көптеген жергілікті сөздердің мағыналары арқылы берілетін ақпаратқа аумақтық шектеулік тән болып қала береді. Бұл сипат аймақтық лексиканың басым, негізгі бөлігіне тән екендігін айтқан жөн
Жалпы, диалектизмдер жергілікті жерде ауызша қолданылатындықтан, жазба әдебиетте оны пайдаланудың қажеті жоқ. Әсіресе, ғылыми, ісқағаздар, публицистикалық стильдерде қолданылған диалектизм тілді шұбарлайды, тексті түсініксіз етеді. Ал, көркем әдебиетте диалектизмді қолдануға болады, бірақ өз орнын, мақсатын түсініп алу керек. Автор өз кейіпкерінің қай аймақта тұратынын, жас шамасын, білімін көрсету үшін аузына диалектизмді салып, сол арқылы оның өзіндік ерекшелігін сомдауға әрекет жасайды. Мұндай жағдайда диалектизмнің қолданылуы орынды болады. Бірақ, автор сөзінде диалектизмнің кездесуі орынды бола бермейді.
Әлеуметтік тұрмыспен байланысты диалектілік ерекшеліктер жергілікті диалектизмдермен бір емес. Олардың негізгі айырмашылықтары “Жергілікті диалектілер мен ұлттық тіл” деген тақырыпта айтылған болатын. Оған қоса тек мынаны ескеру керек. Әлеуметтік диалектілердің қалыптасу, пайда болу жағдайы, себептері жергілікті диалектілерден басқаша. Қай тілде болсын, жергілікті диалектілердің негізі көне замандарда салынып, қалыптасуы феодалдық заманмен ұштасып жатыр. Мұнда ең басты себеп халықтың жергілікті аудандарының экономикалық бытыраңқылығымен байланысты.
Бұлар жергілікті жерде әр алуан кәсіптің, өндірістің туып дамуымен қалыптасады, соларға байланысты заттардың, өндіріс, еңбек құралдарының, еңбек өнімінің, процесінің атауларын білдіреді. Мұндай сөздер белгілі кәсіппен шұғылданған адамдардың арасында қолданылады да, көбінесе солардың өздеріне ғана түсінікті болады. Мәселен, Арал,
Каспий балықшылары тіліндегі шола ( балықтың азаюы ), ұйық(балықтың бір жерге шоғырлануы ), әттік ( қармақтың тілі ),бал беркі
( қалтқы ) т. б. Сөздерді балықпен кәсіп етпейтін басқа жердің адамдары білмейді де түсінбейді. Диқаншылыққа байланысты көптеген сөздерді жұрттың бәрі білгенмен, егін – жай кәсібі жақсы дамыған оңтүстік аудандардағы бәдірен ( қияр ), әбінауат ( үлкен сары қауын ), оман арық
( үлкен арық ), қитақ ( атыздың іші ), жадау ( үлкен арық ) т.б. сөздерді әркім біле бермейді. Әрине, белгілі кәсіп, шаруашылықпен байланысты сөздердің бәрін де халыққа түсініксіз деп қарамау керек. Олардың ішінде ежелден жалпы халықтық болып, тіпті негізгі сөздік қорға еніп кеткендері де аз емес. Мысалы, шортан, қармақ, алабұға, жайын сөздері ешкімге де жат емес.
Әлеуметтік диалектілердің анықтамасы, түрлері жайында әр түрлі пікір бар. А. С. Чикобава әлеуметтік диалектілерге белгілі мамандықтағы жұмысшылардың ( тоқымашы, етікші, балташы, қалаушы т.б.), ой еңбегі адамдарының ( дәрігер, агроном, математик, филолог ) арнаулы сөздерін және буржуазия мен дворяндық аристократияның “таптық” диалектілерін ( жаргондарын ) жатқызады. Л. А. Булаховский әлеуметтік диалектілер деп “таптық” диалектілерді, жаргондар мен салондық тілдерді ғана есептейді.
Біз әлеуметтік диалектінің түрлері ретінде қазақ тіліндегі жергілікті кәсіби сөздер мен кейбір жаргондық сипати бар сөздерге ғана тоқтаймыз.

Пайдаланған әдебиеттер:
1.Ғ. Қалиев, Ш. Сарыбаев. “Қазақ диалектологиясы” А. 1967. 5-9 беттер.
2.Н. Жүнісов. “Халық тілінің жергілікті ерекшеліктері” А. 1981ж.
3. А. Байтұрсынов. Тіл тағылымы. А. 1993 ж
4.Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. А. 1969ж
5.Ә. Нұрмахамбетов. Қазақ говорларының грамматикасы. А. 1986
6.https://all.aikyn.kz/qazaq_tili/%d0%b6%d0%b5%d1%80%d0%b3%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%ba%d1%82%d1%96-%d0%b4%d0%b8%d0%b0%d0%bb%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96%d0%bb%d0%b5%d1%80-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d3%99%d0%b4%d0%b5%d0%b1%d0%b8-%d1%82%d1%96%d0%bb.html
7.http://www.avrasyad.com/Makaleler/782698795_6.%20son.pdf

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет