Қорқыт Ата атындағы


Кәрiбозұлы Бағдаттың ғылыми, педагогтік және қоғамдық қызметі туралы қысқаша очерк



бет2/66
Дата03.01.2022
өлшемі359,83 Kb.
#108431
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66
Байланысты:
Карбозов Б.
kazjurtar, АЛАШТАНУ 9 КЛ, 0001a81e-a3b0565b
Кәрiбозұлы Бағдаттың ғылыми, педагогтік және қоғамдық қызметі туралы қысқаша очерк
Кәрібозұлы Бағдат 1956 жылы 18 мамырда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген, 1963-66 жылдарда №100 Кеңтүп, 1967-73 жылдар аралығында №92 Құмжиек орта мектептерінде оқыған. 1975-1979 жылдарда Қызылорда педагогикалық институтында оқып, оны қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша үздік бітірген. Студент Б.Кәрібозұлы 1978-79 жылдары Лениндік стипендиант атанды.

1979-1985 жылдарда Қызылорда пединститутында оқытушы қызметін атқарғаннан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында 1985-1988 жылдар аралығында аспирантурада, 1994-1997 жылдары докторантурада оқып, академик Зейнолла Қабдоловтың ғылыми жетекшілігімен, кеңесшілігімен 1988 жылы кандидаттық, 1997 жылы докторлық диссертацияларын қорғаған.

Кәрібозұлы Бағдат 1989-1994, 1998-2000 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде филология факультетінің деканы, 2000-2002 жылдары филология, тарих және өнер институтының директоры, 2002-2008 жылдарда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде тәрбие жұмыстары, ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарған. Қазір «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

Ол әдебиеттану ғылымы, қазақ поэзиясының жанрлық, ұлттық сипаты, өлке тарихы, ел өміріндегі тұлғалар туралы жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.



Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджетте қарастырылған қаржы шегіндегі ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды гранттық қаржыландыруға арналған конкурста Б.Кәрібозұлының «Сыр бойы ақын-жыраулары шығармаларының әдеби, мәдени, тілдік, тарихи және танымдық сипаты» тақырыбында ұсынған ғылыми-зерттеу жұмысы конкурс жеңімпазы болып табылды. Аталған жұмыс бойынша зерттеулер Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты базасында жүргізілді. Профессор Б.Кәрібозұлының басшылығымен «Менің Отаным-Қазақстан» сериясы бойынша «Сырдария» («Фолиант», 2011), «Қазалы» («Фолиант», 2013), «Қызылорда» («Фолиант», 2015), «Жаңақорған» («Фолиант», 2015) және «Отан үшін от кешкендер» («Фолиант», 2015) кітаптары жазылды.

Ол – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының, Журналистер Одағының мүшесі. Негізгі еңбектері:

«Қазақ совет лирикалық поэзиясының жанрлық спецификасы» (А, 1989, 3 б.т.), «Қайран сөз» (А, 1997, 8 б.т.),3 «Сырлы сөз сипаты» (А, 1997, 18 б.т.), «Өркениетке өріс» (Қызылорда, 2001, 10 б.т.), «Беталыс» (А, 2005, 14 б.т.), «Ынсап» (А, 2006, 17 б.т.), «Дидар» (А, 2007, 10 б.т.), «Ыждағат» (Астана, 2009ж. 22б.т.), «Ырыс» (Астана, 2009ж. 18 б.т.), «Ераға» (А.2010, 20 б.т.), «Сырдария» (Астана, «Фолиант», 2011, 17 б.т.), «Сыр еліндегі діни-ағартушылық ой-сана» (Алматы: «Інжу-Маржан», 2012. – 404 б.),«Қазалы», (Астана: «Фолиант», 2013, 19 б.т.), «Қызылорда» (Астана: «Фолиант», 2015, 19 б.т.), «Жаңақорған» (Астана: «Фолиант», 2015, 19 б.т.),«Отан үшін от кешкендер» (Астана: «Фолиант», 2015, 14 б.т.).

«Қазақ совет лирикалық поэзиясының жанрлық спецификасында» қазақ өлеңінің жанрлық мәселелері ғылыми тұрғыдан зерттелді. «Қайран сөзде» қазақ өлеңі туралы әр түрлі бағытта жазылған мақалалар жинақталып берілді. «Сырлы сөз сипаты» монографиясында қазақ өлеңінің ұлттық сипаты кең көлемде салыстырмалы-тарихи типологиялық әдіспен зерттелді. «Өркениетке өрісте» Сыр сүлейлерінің әдеби мұрасы, Сыр елінде дүниеге келген тұлғалар туралы мақалалар жинақталып берілген. «Беталыста» Сыр сүлейлері шығармашылығы, әсіресе, Базар жыраудың әдеби мұрасы зерттелген. «Ынсап» 50 жылдық мерейтойға арналып шығарылған. Алғашқы бөлімінде автордың толғаныстары берілсе, екінші бөлім мерейтой иесі туралы естелік-ой-пікірлерге құрылған. «Дидар» Қорқыт Ата атындағы ҚМУ жанынан құрылған «Дидар» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің шетелдік, өз еліміздегі гастрольдері, жалпы өнер туралы жазылған. «Ыждағат» «Сырдария кітапханасы» құрамында берілген автордың эссе, мақалалар, естелік, пікірлерінен тұратын кітап. «Ераға» Қазақстан Республикасының «Еңбек сіңірген гидротехнигі», марқұм Бозғұлов Ержігіт туралы жазылған кітап. «Ырыс» - «Сырлы сөз сипаты» монографиясының қысқартылған, жаңартылған нұсқасы мен ғылыми мақалалар топтамасы. «Сырдария», «Қазалы», «Қызылорда», «Жаңақорған» - «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен шыққан тарихи, ғылыми-танымдық кітаптар. «Отан үшін от кешкендер» Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына арналған, Қазалы ауданының материалдары негізінде жарияланған кітап. «Сыр еліндегі діни ағартушылық ой-сана» - Қалжан ахун Бөлекбайұлының 150 жылдығына орай шығарылған ғылыми-танымдық кітап.

Б.Кәрібозұлы 2 ғылым кандидатын, 30 магистр дайындаған. Ол 2007 жылдың маусымынан бастап 200 томдық «Сырдария кітапханасын» жарыққа шығарумен айналысып, осы кітапхананың жауапты редакторы болды.

«Сырдария кітапханасы» - Сыр елінің кешегі, бүгінгі көркем әдеби шығармаларының антологиясы. «Қорқыт Ата кітабы» «Сырдария кітапханасының» құрамында түпнұсқа, орысша және қазақша берілді, қазақшасы ғұлама ғалым Ә.Қоңыратбаевтың аудармасы.

«Сырдария кітапханасында» бүкіл Шығыс халықтарына ортақ құнды әдеби-мәдени мұралар Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикметі» мен (аударған Әбибулла Мұхамеджанов, Қалтай Мұхамеджановтың ағасы) Нәсіреддин Рабғузидің «Қиссасул-әнбиясы» (арабшадан аударған Сыр бойылық молда Әшім Әріпбайұлы), сондай-ақ «Мың бір түннің» Қалтай Мұхамеджановтың аудармасымен 8 томы берілді.

«Сырдария кітапханасының» құрамында Сыр сүлейлерінен Базар жырау, Шораяқтың Омары, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған Кенжеғұлұлы (2 том), Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (2 том), Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Таубайдың Жүсібі, Тұрымбет Салқынбаев, Мұзарап Жүсіпұлы, Нұрмағамбет Қосжанұлы, Сәрсенбай Бөртебайұлы, Бұдабай Қабылұлы, Шегебай Бектасұлы, Оңғар Дырқайұлы, Жорықбай Табынбайұлы, Молдахмет Дабылұлы, Сейітжан Бекшентайұлы, Қуаныш Баймағамбетов, Әлібек Бәйкенов т.б. шығармалары берілді.

Сыр сүлейлері шығармаларының дәстүрін Кеңес дәуірі кезіндегі жаңа, жазба, кәсіби әдебиет жағдайында жалғастырушылар: Байназар Өтепұлы, Нұрсұлтан Жұбатұлы, Әбзәли Егізбаев, Бейсенбай Қасқырбайұлы, Әлімбай Әлиасқар, Төлеутай Үркімбаев, Қали Шыңғысов, Нартай Бекежанов, Манап Көкенов, Асқар Қожахметов т.б. кітаптары мен бұрын баспа бетін көрмеген шығармалары “Сырдария кітапханасының” құрамына енді.

Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалмахан Әбдіқадіров, Айтбай Хангелдин, Әбдіжәмил Нұрпейісовтер бастаған ақын-жазушылардың бүгінгі өкілдерінің барлығының шығармалары «Сырдария кітапханасында» бар.

«Сырдария кітапханасын» жасау барысында өмірден озған жерлестеріміздің: Әуелбек Қоңыратбаев, Қалжан Қоңыратбаев, Әлібек Қоңыратбаев, Әлішер Тоқмағамбетов, Жүсіп Қыдыров, Сақтапберген Әлжіков, Әли Есмамбетов т.б. шығармалары бар. Бұл қатардағы Ә.Есмамбетов, Ә.Тоқмағамбетов, С.Әлжіков, Ә.Нарымбетов, Е.Кішкенеев, Ә.Ботпановтар т.б. шығармалары жарияланды.

«Сырдария кітапханасының» құрамында «Жанқожа батыр туралы тарихи жырлар» деп аталатын ғылыми-зерттеу еңбек те берілген.

“Сырдария кітапханасының” құрамында Сыр елінің ақын қыздарының, аналарымыз бен апаларымыздың:Сәнімкүл Желдербаева, Рахат Наурызбаева, Рысты Бекбергенова, Қатира Жәленова, Нағима Торманова, Қаршыға Есімсейітова, Несібелі Рахмет, Ділдахан Торғаева, Бибігүл Жаппасбаева, Қазына Өзденбаева, Үміт Тоқмағамбетовалардың т.б. шығармалары бар.

Кәрібозұлы Б. 2009-2011 жылдар аралығында Қызылордадан республикалық ғылыми-танымдық «Базар жырау» журналын шығарды.

Ол докторанттар мен магистранттарға: Б.Оспанов «Сыр сүлейлері шығармаларындағы сопылық дүниетаным», А. Өтегенова «Қазақ баспасөзіндегі әдеби эстетикалық, сыни ой-пікірлер», А.Жолмаханова «Қазақ эмигранттарының естеліктері: поэтикасы және тарихи маңызы», Ж.Жалмағанбетова «Көрұғлы эпосының мифологиялық-поэтикалық сипаты», Н.Нұрғабылова «Қазақ эпостары және Қорқыт ата жыры арасындағы тарихи-генетикалық байланыс», Ж. Серік «Қазіргі жастар поэзиясындағы ұлттық сипат» тақырыптарында ғылыми жетекшілік жасайды.

Ол Облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі.

Оның марапаттаулары:«Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» (1995ж.) , «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2006ж.), Облыс әкімінің Құрмет грамотасы (2006 ж.), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төс белгісі (2007ж.), Облыс әкімінің стипендиаты (2008ж), «Құрмет» ордені (2009 ж.), «Үздік оқытушы» ҚР бойынша (2012ж), «Ел ардақтысы» медалі (2013ж.), «Элита» медалі (2013ж), «Үздік оқытушы» университет бойынша (2013ж.), Қазақстан Республикасының Президентінің «Алғыс хаты» (2015 ж.), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2015ж.).

Жұбайы Касенова Салтанат Қызылорда қаласындағы «Күнікей» балабақшасының меңгерушісі, үлкен қызы Айнұр Лондонда Қазақстан Республикасы Елшілігінде 1 хатшы, кіші қызы Бағнұр Н.Назарбаев атындағы университеттің алғашқы түлегі, қазір Лондон экономика және әлеуметтік ғылымдар университетінің магистранты, Бегімана, Інжу, Аянат есімді 3 немересі бар.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрібозұлы Бағдат 2016 жылдың 18 мамырында 60 жасқа толып отыр.








Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   66




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет