ОҚУ-Әдістемелік кешен



бет6/12
Дата13.11.2016
өлшемі1,88 Mb.
#1679
түріСеминар
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Қайталау сұрақтары


1. Будда адамдарға қандай сенімдерді ашты?

2. Будда дінін оқутудың кілті не?

3. Будда дінінің ең танымал бейнесі?

4. Будда ілімдерін не себепті этикалық деп атауға болады?

5. Будда дінінде әлем қалай жаратылған?

6. Будда фәлсапасы мен христиан фәлсапасы айырмашылығы қандай?

7. Будда діні қандай тармақтарға және қашан бөлінді?

8. Ресейдің қай халықтары будда дініне сенушілер?

Әдебиеттер:

Анагарика Говинда. Психология раннего буддизма. Основы тибетского мистицизма. СПб., 1993.

Бакаева Э.П. Буддизм в Калмыкии. Элиста, 1994.

Буддизм: Словарь /Под общ. ред. Н.Л. Жуковской. М.,1992.



Жуковская Н.Л. Ламаизм и ранние формы религии. М.,1977.

Игнатович А.Н. Буддизм в Японии. Очерк ранней истории. М.,1987.

Корнев В.И. Буддизм и его роль в общественной жизни стран Азии. М.,1983.

Кочетов А.Н. Буддизм.М.,1965

Тақырып 9. Иудаизм. Тақырыпты оқыту әдістемесі

Мақсаты: келесі сұрақтарға жауап беру: Иудаизм. Тақырыпты оқыту әдістемесі

1.Иудаизм: Яхве сенімінің пайда болуы.

2.Библия. Талмуд. Тарихтың иудейлік концепциясы.

3.Ветхозаветтық аңыздар: мысырлық құлдық, Моисей, Давид, Соломон.

Иудаизм – монотеистік дін. Құдай жалғыз, ол мәңгі жасайды, ол барлық жерде, бәрін көреді, бәрін біледі, заттық сипаты, айқын кескіні жоқ. Сондықтан христиан дініндегідей оның суретін салу мүмкін емес. Тіптен оның есімін тура атауға болмайды. Құдайдан өзгеге (періштелерге, әулиелерге, жұлдыздарға т.б.) құлшылық жасау - күнә.

Құдай заттық әлемді жеті күн ішінде өзінің сөзімен жаратты. Бұл жағынан иудаизм исламмен үндес келеді. Құдайдың ең сүйіп жаратқан мақлұғы – адам. Ол адамды дене мен рухтан жаратты. Екеуі де құдай әмірімен жаратылуынан және тән рухтың мекені болуы себепті, адам тәні әуелгі баста күнәдан пәк. Адамға ерік берілген. Сондықтан ол тәнін күнә жолына да, сауап жолына да пайдалана алады.

Еврей халқы құдайдың әмірімен Авраамнан (Ибраһим пайғамбар) тарайды. Құдай әуелі Авраамға, соңынан оның халқына өсиет етеді. Осының куәлігі ретінде сүндеттеу рәсімі енгізіледі. Кейінірек құдай Моисей арқылы өзінің қалауы түскен халқына діни және азаматтық тұрмыс заңдарын жібереді. Сонымен бірге, Моисейге аян арқылы Моисейлік бес кітап деген қасиетті жазулар жіберілді. Еврейлер оны Тора (заң немесе ілім деген мағына да) деп атайды.

Еврейлер өздерін құдайдың сүйікті ұлдарымыз деп санайды. Бірақ, бұл еврей халқы басқа халықтардан артық деген сөз емес. Олардың ерекшеліктерінің мәні – еврейлерге артылған жауапкершіліктің жоғарлылығында, бейнелеп айтқанда, олардың “аспан жүгін ұстап тұрғандығында”. Жалпы адамзаттан құдай жеті нәрсені – пұтқа табынбауды, құдайға тіл тигізбеуді, қан төкпеуді, ұрлық жасамауды, зина қылмауды, хайуандарға қаталдық жасамауды, жер бетінде адамдарды тең көріп, әділ болуды талап етеді. Ал еврейлер Моисейге табысталған 613 өсиетті орындауға міндетті.

Адамзат, соның ішінде еврейлер, құдай берген ерікті орынсыз пайдаланып, күнәға белшесіненбатты. Құдай осы үшін қатаң жазаға бұйырды: еврей халқы бытырап кетті, жалғыз ғибадатханасынан айырылды. Олар тайғақ жолдардан өтіп, ақиқат жолына қайтып оралды. Әлемдік тарихтың барлық мәні осы құдайдың ақиқат жолына оралу. Оған дейін әлемнің жаратылуынан заманақырға дейінгі уақыт адамзат баласының өз күнәсімен күресуімен өтеді. Адамның әр ісіне құдай басшы. Бірақ, ол кейде адамзатты сынамақ үшін оны назарынан тыс қалдырып отырады. Иудаизм осылай деп үйретеді.

Иудаизмнің негізінде еврей халқының шын тарихы жатыр. Осыдан оның тағы бір ерекшелігі шығады: иудаизм түгелдей дерлік жер бетіндегі шындық болмысын сөз етеді, керісінше о дүние туралы солғын баяндалады. Еврейлер жанның мәңгілігіне сенеді. Бұл туралы Торада айқын айтылған. Бірақ, мәңгілік ғұмыр мәселесі әртүрлі түсіндіріледі.

Болашақта жер бетіне еврейден шыққан пайғамбар келеді. Ол Давид (Дәуіт пайғамбар) ұрпағынан болады. Бірақ оның қашан келері беймәлім. Ол мерзім еврей халқының өз күнәсінен арылуына. Ақиқат құдай жолына оралуына байланысты. Христос алдамшы еді, өйткені оның келуімен дүниеде еш нәрсе өзгерген жоқ.

Егер еврей әлдеқалай өзге дінге өтер болса, ол құдай алдында күнәлі. Еврейлер өз дінін еврей еместер арасында таратуға ешқашан ұмтылмайды, миссионерлікпен шұғылданбайды.

Демек, иудаизмді ұлттық дін деуге әбден болады.

Иерусалим ғибадатханасы қиратылған соң, ол бүкіл еврейлер Өсиеттер жерұйығына қайтып жиналғанда ғана қалпына келтіріледі деген лақап таратылды. Оған дейін иудейлер синагогаларда (грек тілінде – жиын, бас қосу) жиналатын болды. Синагога - толық мәніндегі храм емес. Онда құрбандық шалуға, садақа үлестіруге рұқсат етілмейді. Яғни, қасиетті орын ретінде құрметтелмейді. Негізінен ол қауым болып бас қосып, ғибадат жасайтын, қоғам мәселелерін шешетін үй қызметін атқарады. Оның өз қазынасы, мүлкі бар. Мұнда иудаизмде ерекше маңызды саналатын “Шма, Израэль” (Тыңда, Израиль) дұғасы оқылады. Еврейлер қауымдарын раввиндер (ұстаздар) басқарады. Раввинді беделді, білімді адамдар ішінен қауымның өзі сайлайды. Олар кейде тұрмыстық мәселелерде де төрелік айтып, қазы міндетін қоса атқарады. Раввин сондықтан заңға жетік болуы тиіс.

Біздің дәуіріміздің ІІІ ғасыры шамасында Талмуд аталған жаңа қасиетті кітаптар пайда болды. Ол жүздеген жылдар бойы орныққан діни, заң, тұрмыстық, тағы басқа ережелерден тұрады. Бұл кітаптың иудаизм үшін маңыздылығы сондайлық, ол пайда болған уақытты Талмуд тарихы кезеңі деп бөліп айтады. Талмуд пен Тора пайда болған кақыты жағынан да, мазмұны мен құрлымы жағынан да бір-біріне ұқсамайды. Талмудтың тұңғыш үлгісі Палестинада, екіншісі Вавилонда жасалды. Осыдан, олар иерусалимдік және вавилондық деп бөлінеді.

Еврейлер құлшылықты өз үйлерінде де, синагогаға жиналып та жасай береді. Құлшылық жасайтын үйдің Иерусалимге қараған қабырғасына Көне Өсиеттерде айтылатын кеме бейнесі орнатылып, оған иленген былғарыға қауырсынмен жазылған Тора мәтіндері қойылады. Ескі ғұрыпта әйелдер ерлерден бөлек жиналады, бірақ бұл тәртіп қазір қатаң сақтала бермейді. Кейбір дұғалар жай оқылса, кейбірі кантора аталатын әуенмен әндетіп айтылады.

XIX ғасырдың аяғындағы Европалыққоғамдық санада синоизм елеулі ықпалға ие бола батады. Иерусалимның ортасындағы қасиетті саналатын Сион тауының атымен аталған бұл қозғалыстың басты идеясы жер жүзіне шашырап кеткен еврейлердің Өсиетті жерұйыққа жиналып, бір мемлекет болу еді. Сойтіп, діни идея ұлттық, кейінде саяси сипатқа ие болды. Екінші жиһан соғысы жылдары еврейлердің басына ауыр сын түсті. Оны израиль ұлдары “холокост” немесе ”жаппай өртеу” деп атайды. Неміс фашизмі өзінің алдында еврей халқының тұқымын құрту міндетін қойғаны мәлім.

Соғыс фашизмге қарсы күштердің жеңісімен аяқталған соң, 1947 жылы Азия, Африка және Балкан түбегінен шыққан ашкеназдар қауымдарының негізінде Қасиетті жерде Израиль мемекеті жарияланады. Саясаткерлер жаңа мемлекетті құра отырып, еврей халқының соғыс жылдарында тартқан азаптарын сәл болсын жеңілдету тәрізді игі мақсатты басшылыққа алды.

Иудаизм Израильде мемлекеттік дін мәртебесін алған жоқ. Бірақ, шын мәніне келгенде ол мемлекеттік дін болып табылады деуге толық негіз бар. Діни істерді үйлестіруші және басқарушы орган - Жоғарғы раввинат діни мекемелермен қатар бірқатар азаматтық мекемелерді де, соның ішінде білім беру саласын басқарады. Израиль мектептеріндегі сабақтардың төрттен бірі дін оқуына бөлінген. Шын мәнінде дін мелекет бюджетінен қаржыландырылады. Иудаизм тілі – иврит мемлекеттік тіл болып есептеледі.

Қазақстандағы иудаизм. Иудаизм Қазақстан территориясына Хазар қағанаты арқылы енді. Оны хазар ақсүйектері қабылдады. Қағанаттың ресми іс қағаздары көне еврей жазуларымен жазылды. XIV ғасырда еврейлердің бір тобы Ираннан Түркістанға қоныс аударды. Патша үкіметінің көші-қон саясатына орай XIX ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында республика жеріне қолөнерші еврейлердің көп отбасы келді. Кеңестер дәуірінде олар қоныстанушылардың жаңа толқынымен толықты. Қазір республикада бүгінгі заманғы иудаизмнің барлық бағыттары бар. Төрт синагога – екеуі Алматыда, бірі – Шымкентте, бірі Қызылордада жұмыс істейді. 1998 жылы Алматыда еврей мәдени орталығы салтанатпен ашылды. Ондағы синагогаға 1939 жылы Қазақстанға жер аударылған ребе Леви Ицхактың есімі берілген.

Көнедегі үнділіктердің рухани және діни ойының тұңғыш ескерткіші – “Ведалар”. Ол санскриттен сөзбе-сөз аударғанда “білім”, білу деген ұғымдарды береді. “Ведалар” б.д. дейінгі ІІ-І мыңжылдықтар аралығында пайда болды. Бұл жазбалардан көнедегі үнділердің діни дүниетанымын көреміз, олардың әлем туралы, адамзат туралы философиялық түсініктерімен танысамыз.

Ведалар төрт бөлімнен тұрады. Олардың ішіндегі ең көнесі – “Ригведа”, “Яджурведа”, “Самаведа” және “Ахтарваведа” деген төрт кітапты құрайды. “Ведалардың” екінші бөлімі – “Брахмандар”. Ол буддизм пайда болғанға дейін басым дін болған брахманизмнің негізі болып табылатын ғұрыптар мәтінінің жинағы. Үшінші бөлімі – “Араньяки”. Ол “орман кітабы” аталып, тақуалардың өмір сүру ережелеріне арналған. Төртінші бөлім – “Упанишадтар” – философиялық толғаулар.

Бірінші бөлімнің “Ригведа” және “Самаведа” жинақтарында діни гимндер мен өлеңдер, “Яджурведада” – дұғалар, “Атхарваведада” арбау мәтіндері мен өлеңдері жинастырылған. Діни заңдар мен ғұрыптар “Ведаларға” қосымша “сутраларда” жинақталған. “Ведаларды” білу және оларды күн сайын оқу, сол сияқты жан-жануарларға, адамдарға, аруақтар мен құдайларға сыйлық тартып, құрбандық үлестіріп отыру қасиетті парыз саналды. Мәселен, құстарға жем беру керек болса, адамдарға қайыр-садақа үлестіріп, қонақжайлылық көрсету, аруақтар мен құдайларға арнап құрбандық шалу рәсімдері орнықты.

“Ведаларда” әлемдік құбылыстар мен әлемнің жаратылуы туралы егжей-тегжейлі сөз болады. Мәселен, “Ригведадағы” Пурушаға арналған гимнде әлемнің пайда болуы туралы былай делінеді: “Пурушаның мың басы, мың көзі, мың аяғы болды... Пуруша барлық пайда болғанның және барлық жаратылатынның бастауы... Оның жамбасы, аяғы, ауызы не болды? Оның ауызы брахман болды, қолдары кшатрий, жамбасы вайшья болды, аяғынан шудра пайда болды. Ақыл-ойынан ай, көзінен күн пайда болды... Демі желге айналды, кіндігінен ауа шықты, басынан аспан, аяғынан жер, есту қабілетімен құрлықтар пайда болды. Әлем осылай орнықты”. Яғни, ең алдымен ғажайып тұңғыш адам - Пуруша жартылып, одан барша космос элементтері тарайды, әлемдік жан пайда болды. Барлық әлем Пурушамен “толтырылады”. Ол бір уақытта барлық жерде, сан-алуан сипатта көрінеді, өмір сүреді. Сонымен қатар, ол космостық ақыл – “Ведаларды” білуші. Ол бертініректе (Упанишадалада) әлемдік жан – Атаман бейнесінде көрініс береді.

“Ригведа” әлемнің пайда болуының тағы бір үлгісі туралы былай дейді: “Ол кезде болмыс та, болмыс емес те болған жоқ. Ауа да, оны қоршаған аспан қабы да болған жоқ. Ол кезде өлім де, мәңгілік ғұмыр да болған жоқ. Күн мен түн ажыратылмады. Олардың бәрі еш ажыратылмай өтіп жатты. Осылар қоюлана келіп, одан жер пайда болды. “Янджур-ведада” Праджапати құдайы (жаратылудың әміршісі) сол ағып жатқандардың ішінен алып қабылан түріне еніп атып шыққанда, өзімен ала шыққан батпақтардан жер пайда болды” деп жазылады. Бірақ, бұл әлем баянды болған жоқ. Жерге жауын, күннің жарығын, ылғал беретін қасиетті сиырларды дүлей күштер ұрлап әкетіп, әлем бүлініске ұшырайды. Осы дүлей күштермен Индра сайысқа шығып, жеңеді. Әлем жаңадан пайда болады: таулар көтеріліп, өзендер мен теңіздер жасалады, аспан мен жер орнайды. Көне үнді мифологиясында Индра басқа құдірет иелерінің – перілердің де әміршісі, найзағай патшасы, адамға мәңгілік ғұмыр, жастық пен даналық қуаттарын беретін шырынды сақтаушы кейпінде де бейнеленеді.

“Ведалар” бойынша жер асты әлеміне ең бірінші өлген адам – Яма билік етеді. Ол өлілер патшалығына кейінгі келетіндерге жол ашады. Өлген адамдардың күнәлі-күнәсізі ажыратылады. Күнә жасағандарды Яма тамұққа, құдай жолында болғандарды Варуна мен Адити аспанға алып ұшады. Көне үнділіктерде мүрденің басын оңтүстікке қаратып қою салты болды. Ол Яма әлемі осы бағытта деген түсінікке негізделеді. Өлікке арнап сиыр құрбандыққа шалынды. Ол өлікті осы дүние мен о дүниені бөліп тұрған Вайтарани өзенінен алып өтеді деп саналды.

Арийлер мифологиясында кейіннен көне үнді діни дәстүрлерінен орын алған, соның ішінде будда діні қабылдаған отыз үш негізгі құдірет иесі болды. Оларды бастапқыда “перілер” деп атап, орындарына қарай үш топқа жіктеді. Олар васу – жекр құдайлары, рудра – ауа құдайлары және адитья – аспан құдайлары болып ажыратылды. Олардың бәрі бірігіп аспанның тылсым күштері – асурлармен күресті. Құрбандық ғұрыптары атқарылғанда, бұл құдайлардың бәрі бір бейнеге топтастырлып, Вишвеведа, яғни “Барлық құдайлар” деп аталып, ортақ дұға оқылды.

Көне үнділерде де барлық діндерге тән құдайлар пантеоны болды. Олар аспан құдайы Деус-Питар мен жер құдайы – Притхивиді ерекше құрметтеді. Өзге құдайлардың көбі осылардан тарады деп санады. Сол сияқты шексіздікті сипаттаушы Адити әйел құдайынан Митра, Варуна, Арьямана, Аншу, Бхагу, Дхатар, Индра және Вивсват туды деген сенім болды.

Митра (дос, одақ, беріктік) адамдардың достығы мен бірлігінің кепілі, олардың ауру-сырқаудан сақтаушы, күннің шығуы мен батуын қадағалаушы, аспан мен жерді ұстап тұрушы, сондықтан ең жоғарғы құдай саналды. Веда мифологиясында Варуна мен Митра бейнелері бір. Өйткені ол екеуі де әлемдегі адамшылық әдеп-тәртібінің бұлжымыстағы (дхарман) үшін жауапты.

Мың көзді Варуна құдайы жер мен аспанды ажыратып, әлемді жасаушы, ол барлық құдайларға, перілер мен адамдарға әмір жүргізеді, жаңбыр құдайы болуы себепті бүкіл су иесі. Ол аспанды мекен етеді. Сол биіктен жер бетіндегі болып жатқан барлық істерді бақылап, әлемдегі заңдылықты сақтаушысы және бірден-бір төрешісі ретінде адал жолдан ауытқығандарды жазалап отырады.

“Ведаларда” кейде “құдайлар патшасы” аталатын Индра жауынгер-құдай, перілермен соғысып, оларды жеңуші бейнесінде суреттеледі. Бірде зұлым Вритра аспан суларын, яғни жауынды ұрлап алды, Индра онымен соғысып, суларды қайтадан жерге қайтарды. Индра аспанда бұлттарды сиыр кейпінде айдап жүреді, содан жерге жауын жауады, ол ұрысқа енгенде, жанында әрдайым маруттар – ағайынды жауын мен жел құдайлары еріп жүреді, делінеді мифологияда.

Рудра – маруттарды тудырушы, ашу мен ыза құдайы, солтүстікті мекендеген, адамзатқа түрлі аурулар жіберіп отырған, сонымен бірге қандай науқастан болмасын айықтырушы керемет емші де. Оның бейнесі түрлі-түсті бояулармен беріледі. Әдетте қарны қара, арқасы қызыл, мойны көк түспен боялады.

Агни – веда гимндерінде құдіретті оттың символы, дін уағыздаушы құдай, адамдар мен құдайлар арасындағы байланыстырушы. Агни әрқашан адамдардың құлшылық тілектерімен бірге құдайларға жететін қасиетті құрбандық оты тұтатылған жерден табылады. Ол алтын шырайлы, жарқын сәулелі, жылу беруші данышпан және аса инабатты құдай кейпінде беріледі. Агнидің ерекшелігі – оның үштік табиғаты: оның үш басы, үш тілі және үш нұры бар, үш жерді мекен етеді.

Сома - өзі де құдай дағуасында бола отырып, мәңгілік ғұмыр, қуат, бақыт пен қуаныш беретін «сома» құдіретті шырынның символы. «Сома» адамдар ғана емес, сонымен бірге құдайларға да қуат береді, әйтпегенде олар қаһармандық жасай алмаған болар еді деп саналады. Ай мен Күннің шапақ атып тұруы да соның еркінде.

«Ведаларда» Күн құдайларының үш бейнесі бар. Олар: Күннің өзі - Сурья құдайы (құс немесе көк төсінде ұшып жүрген кірпі бейнесінде); Савитар – Сурьяның әкесі, Күнді қозғалысқа келтіруші; Пушан – Сурьяның елшісі, күн жылуын таратушы.

Веда мифологиясында құдайлар бейнелері үстемелеп, бір-бірін қайталап келіп отырады. Мәселен, Варуна, Индра, Савитар үшеуі де құдайлар патшасы деп жарияланады. Бұл діннің түрлі тайпалардың нанымдары негізінде жасалғандығын көрсетеді. Сырттан қабылдаған діни сенімдермен қатар тайпалардың байырғы діни түсініктері үнемі араласып, қабысып отырған. Бұлар тек брахманизм кезеңінде және бертінгі индуизм тұсында ғана белгілі жүйеге келген.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет