Партиялық жүйелердің мәні мен типологиясы



бет22/23
Дата02.01.2022
өлшемі489 Kb.
#107822
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23
Байланысты:
Дип.-Саяси-партиялардың-құқықты
Дип.-Саяси-партиялардың-құқықты
Қорытынды
Демократиялық бастауларға негізделген саяси жүйенің тиімді жұмысы, саяси партиялардың қоғамдық және мемлекеттік өмірге араласуынсыз мүмкін емес. Олар әлеуметтік топтардың ұстанымын жүзеге асыратын және азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің арасын тікелей байланыстыратын ең қолайлы өркениетті құрал болып табылады.

Партиялар әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін анықтау, негіздеу және білдіруді жүзеге асырып қана қоймай, сонымен бірге, осы мүдделерді біріктіру арқылы қоғамның жалпыұлттық консолидациясына жол ашады. Кез келген мемлекеттегі демократиялық даму деңгейін нақ осы саяси партиялар анықтайтыны белгілі.



Кез келген ғылыми зерттеу қандай да бір құбылысты, өзі маңызды деп есептейтін қырынан қарастырады. Құбылысты барлық қырынан есептеу, бір ғылыми еңбектің шеңберінде мүмкін емес. Осы бітіру жұмысында саяси партияларды құқықтық қырынан зерттеуге қадам жасалды. Егер шет мемлекеттерде саяси партиялардың институционализациясы XX ғасырдың ортасынан басталса, бізде бұл процесс XX ғасырдың аяғынан бастап қана жүре бастады. Осы сәттен бастап партиялар құқықтық құбылыс белгілеріне ие болды және тиісті зерттеуді қажет ете бастады.

Саяси партиялардың қазіргі күнгі анықтамасы да әртүрлі. Қазақстан Республикасының конституциялық-құқықтық дамуының ерекшеліктерін және шет мемлекеттердің құқықтық тәжірибесін ескере отырып, бітіру жұмысында бұл құқықтық институтқа жеке анықтамамызды бердік. Сонымен саяси партия дегеніміз демократиялық жолмен, мемлекеттік деңгейде саяси билікке жетуге және оны жүзеге асыруға ұмтылатын немесе соған қатынасатын, халықтың белгілі бір бөлігінің саяси еркін білдіретін, қоғамдық мемлекеттік процестерге ықпал етуді көздейтін пікірлестердің идеологиялық негізде құрылған, ерікті, тәуелсіз, қоғамдық бірлестігі.

Саяси партиялардың конституциялық құқықтық мәртебесін зерттеу барысында аталған институттың келесі белгілері анықталды:



1. аталған институттың, яғни саяси партияның құқықтық мәртебесін зерттеу кезінде, қоғам мен мемлекеттегі партияның алатын орнын және рөлін белгілейтін институттар тобын қамтитын кешенді сипатқа ие екендігі анықталды. Партиялардың құқықтық мәртебесінің мазмұнын құқыққабілеттілік, құқықтық қағидалар, құқықтар мен міндеттер, құқықтық кепілдіктер және құқықтық жауапкершілік құрайды;

2. партиялардың құқықтық мәртебесі оны құрайтын арнайы құқықтық нормалардың ішкі бірлігімен және Қазақстан Республикасы конституциялық құқығының өзге институттарымен өзара байланыста болатындығымен сипатталатын, Қазақстан Республикасы конституциялық құқығының жеке бір құбылысын білдіреді. Партиялардың құқықтық мәртебесін жеке бір құбылыс ретінде қалыптастыру, қоғамдық бірлестіктердің ерекше түрі болып табылатын партияның құқықтық жағдайын реттеу проблемасын шешу қажеттігінен туындаған. Аталған проблеманы қоғамдық бірлестіктер шеңберінде шешу мүмкін емес. Сондықтан да саяси партияларды жеке бір институт ретінде бөліп алу бүгінгі күннің қажеттілігі;

3. партиялардың құқықтық мәртебесін біз конституциялық құқықтың ұжымдық субъектілерінің құқықтық мәртебесінің бір түрі ретінде және қоғамдық бірлестіктердің құқықтық мәртебесінің бір түрі ретінде қарастырдық;

4. саяси партиялар институтының іргетасы болып партиялардың жағдайы мен орны, олардың өз құқықтарын жүзеге асыруының қағидалары мен кепілдіктері сияқты элементтерінің мазмұнына ықпал жасайтын қоғамдық бірлестіктер институты табылады.

Сонымен, партиялардың конституциялық құқықтық мәртебесі конституциялық құқықтың жеке бір саласы ретінде қарастырылуы мүмкін және оның құқықтық мәртебесі арнайы заңның көмегімен анықталады.



Осыған орай, бітіру жұмысында республиканың егемендік алу кезеңіндегі саяси партиялардың конституциялық базасының даму динамикасы және қоғамның демократиялану тенденциясын белгілейтін құқықтық реформалардың одан арғы кезеңдері мұқият зерттелінді. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның (25.10.1990), «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының (16.12.1991), Қазақстан Республикасының 1993 және 1995 жылдардағы Конституцияларының ерекше рөлі және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (31.05.1996), «Саяси партиялар туралы» (15.07.2002),«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» (28.09.1995), «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» (16.10.1995) Қазақстан Республикасы Заңдарының маңыздылығы атап өтілді. Саяси партиялардың конституциялық құқықтық институты нақ осы заңдық актілерде көрініс тапты.

Бітіру жұмысында саяси партиялардың Қазақстанда құқықтық институт ретінде қалыптасуының кезеңдері де қысқаша қарастырылып өтті.

Бітіру жұмысының екінші бөлімінде саяси партиялардың ұйымдасуы мен қызметінің әртүрлі аспектілерін реттейтін заңдық база қарастырылды және сыни тұрғыдан бағаланды. Шет мемлекеттердің заңдық тәжірибесі салыстырмалы құқықтық талдау шеңберінде пайдаланылды, сондай-ақ партиялық заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша қазақстандық және шет елдік заңгерлер мен саясаттанушылардың тәжірибелік ұсыныстары ѕәм сыни ескертпелері зерттелді.

Қазақстан саяси партиялардың құрылу еркіндігін құқықтық реттеуді жүзеге асыра отырып, аталған міндетті елдің саяси дамуының нақты жағдайын ескере отырып шешеді. Саяси партияны құрудағы азаматтық мәселесі, партияларға әскери қызметшілер мен органдардың қызметкерлерін, судьялардың кіруіне заңмен тыйым салу мәселесі, сондай-ақ мақсаттары немесе іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты тұтатуға бағытталған саяси партияларды құруға тыйым салу мәселесі және т.б. осы ғылыми еңбекте талқыланды.

Сондай-ақ ғылыми еңбекте саяси партияларды заңдастыру процедурасына да тиісті назар аударылды. Саяси партияларды құрудың әлемде қолданылатын түрлеріне Қазақстан үшін қолайлысы және демократия талаптарына сай келетіні ретінде келісімсіз-ақ құрылушы тәртібі анықталды.

Партия қызметін мәжбүрлеп тоқтатудың бітіру жұмысында қарастырылған негіздері партияның заңсыз қызметіне тыйым салуға және қоғамның саяси жүйесінің тұрақтылығын сақтауға бағытталуы тиіс. Осыған орай біздің пікірімізше, Парламент Мәжілісінің сайлауына қатарынан екі мәрте қатыспау партияны таратуға алып келеді деген негіздің күшін жою керек. Себебі, республикада қолданылатын қазіргі құқыққа сәйкес, саяси партияның кез келген сайлауға қатысуы ерікті болып табылады және ешкім де оларды мәжбүрлей алмайды.

Бітіру жұмысында демократиялық және құқықтық мемлекет қалыптастыру жағдайындағы сайлау институтының дамуына оң баға берілді. Аталған институттың динамикалық дамуы, саяси партиялардың құқықтары мен мүдделерін бекітумен байланыстырады.

Парламент Мәжілісі сайлауына мажоритарлық жүйе бойынша партиялармен қатар саяси емес ұйымдардың да қатысуына мүмкіндік берілуі («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы конституциялық» Заңының 87-бабы) біздің тарапымыздан біраз қарсылық тудырды. Себебі, көптеген елдерде саяси емес ұйымдарға сайлауға қатысуға заңмен тыйым салынған. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің 2003 жылдың 4 сәуірінде жасаған Қазақстан халқына Жолдауында: «Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығын тек қана саяси партияларға беру қажет деп есептеймін», деп әділетті атап көрсеткен.

Саяси партиялар бақылаушыларының құқықтық мәртебесі бүгінгі күні сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын және сайлау нәтижесін қорытындылауды тиімді бақылауға мүмкіндік бермей отыр. Бақылаушылардың сайлау заңдылығының бұзылғандығын анықтаған жағдайдағы әрекеті, сайлау комиссияларының мүшелерімен олардың жұмысына араласу ретінде бағалануы мүмкін. Осыған орай сайлау уческесінде құқық бұзушылық анықталған жағдайда бақылаушылардың қолданатын жедел әрекетін қамтамсыз ететін механизді дайындау қажеттілігі туындайды. Ал ол бақылаушылардың құқықтық мәртебесін кеңейтуді талап етеді.

Саяси партиялардың Парламент Мәжілісі депутаттығына өз кандидаттарын партиялық тізім бойынша ұсыну құқығы қоғам мен мемлекеттің өзара тиімді байланысына жол ашады. Сонымен бірге депутаттық корпустың дәл жартысын пропорционалды қағида бойынша қалыптастыру, партиялардың көпшілігіне Парламентке өз өкілдерін өткізу мүмкіндігін берер еді.

Мәжілістегі партиялық өкілдіктің кеңеюіне қатысты маңызды мәселе болып депутаттық мандатты пропорционалды бөлу үшін белгіленген 7% кедергі табылады («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заң 97-1 бабы 1-бөлігі). Өткен жылғы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы бұл пікірімізді нығайта түсті. Парламенттегі партиялық өкілдіктің көлемін кеңейте түсу үшін кедергінің деңгейін 2-3% төмендеуі қажет деп есептейміз. Бұл көппартиялылықтың одан әрі дамуына және партиялардың сайлауға белсенді араласуына жол ашар еді.

Саяси партиялардың қаржылық қызметі институтына диссертацияда жан-жақты көңіл бөлінді. Бұл мәселе ерекше маңызға ие, себебі, ол партия қызметінің өзге қырларын айқындайды. Диссертацияда шетелдік партиялық заңнамада партия қызметін мемлекеттік қаржыландыру тенденциясының дамуы атап көрсетілді. Қазақстан әзірге партияларды мемлекеттік қаржыландыруға тыйым салған елдердің қатарында.

Қорыта келгенде, республикадағы саяси партиялардың институционализациялану процесі әлі аяқталған жоқ және демократиялық жаңарулар сатысында. Диссертацияда көрсетілген партиялық заңнаманың нормаларын, түзету және оларды дамыған демократиялық мемлекеттердің жетістіктерімен сәйкестендіру қажет.

Саяси партиялар институтын мұқият құқықтық регламенттеу олардың мүддесіне нұқсан келтірмейді, керісінше, олардың бірлесу еркіндігін қамтамасыз ету және партиялардың қалыпты қызметіне мемлекеттік органдардың ѕәм өзге де қоғамдық институттардың заңсыз араласуына жол бермеу мақсатын ұстанады.

Сондықтан да, сіздер мен біздердің міндетіміз Елбасымыз

Н. Ә. Назарбаев атап өткендей: « ... халықтың қолдауына және жоғары беделге ие, күшті және жауапкершіліктері жоғары партиялардың болуына қолайлы жағдай туғызу. Бұл мемлекеттің стратегиялық мүдделеріне сай келеді».





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет