Пәнінің оқу-әдістемелік кешені Мамандығы 050801 – Агрономия Қостанай, 2010 Құрастырушы


Тақырып 3 Ауылшаруашылық малдарының жеке дамуы



бет3/6
Дата25.03.2017
өлшемі1,25 Mb.
#12275
1   2   3   4   5   6

Тақырып 3 Ауылшаруашылық малдарының жеке дамуы


Мақсаты: Ауылшаруашылық малдарыныфң жеке дамуына түсiнiктеме беру

Жоспар: 1 Ауылшаруашылық малдарының өсуi және дамуы.

2 Малдардың ағзасының дамымай қалуы.

3 Малдардың өсуi мен дамуына әсер ететiн факторлар.

4 Малдардың өмiр сүру және шаруашылыққа пайдалану ұзақтығы.



Ауылшаруашылық малдарының өсуi және дамуы

Тірі ағзаның жеке дамуы, немесе онтогенез, сперматозоидтың аналық жұмыртқа клеткасын ұрықтандыруынан басталып, тіршілік кезеңінде бірқатар күрделі өзгерістерге түседі де малдың өлімімен аяқталады.

Малдардың дамуын қадағалау үшін оларды өлшеп отырады. Тірі салмағын анықтау және есебін жүргізу малдың туғанынан бастап жүргізіледі. Малдарды өлшеуді таңертең ерте, оларды жемдеу және суаруға дейін арнайы таразыларда жүргізеді. Егер шаруашылықтарда таразы болмаса, малдың салмағын өлшемдердің көмегімен анықтайды.

Өсу және даму –бұл өзара байланысты екі құбылыс. Өсу дегеніміз – малдың салмағының, көлемінің ұлғаюы, ағзада белсенді заттардың жинақталуы. Дегенмен, салмақ ұлғаюының бәрін бірдей өсу деп есептеуге болмайды. Мысалы, бордақылаудағы мегежін өзінің тірі салмағын май жинау арқылы ұлғайтады, бірақ ол өсу болып табылмайды. Өсіп келе жатқан жас мал ағзасында белсенді түрде зат алмасу жүріп, ақ заттар (белок) жинақталады.

Мал ағзасының дамуы деп оның сапалық өзгерістерін, ағза құрылымының күрделіленуін, ағза құрылу құбылысын, органдары мен талшықтарының дифференциалануын және сезінуін атайды.

Өсу және даму тұқым қуалаушылық пен сыртқы ортаның ықпалымен жүреді. Әрбір ағза жеке қабілеттерін қалыптастыра отырып, белгілі түрде даму және сыртқы әсерлерге қарсыласу қабілеттерін өз ата тегінен қабылдайды.

Ауыл шаруашылығы түліктерінің көпшілігі сүт жоғары қоректілерге жатады, олардың онтогенезі бір-бірінен өзгеше екі кезеңге бөлінеді: эмбрионалдық немесе жатыр ішілік және эмбрионалдық кезеңнен кейінгі және жатырдан тысқары.

Малдардың ағзасының дамымай қалуы

Н.П. Чирвинский мен А.А. Малигоновтың заңы “... мал жеткіліксіз жемделсе сол кезеңде шапшаң жетілуге тиіс ағзалар мен талшықтар баяу жетілуге тиістерден көбірек зардап шегеді (жеткіліксіз дамиды)”. Малды ұзақ уақыт жағдайсыз ұстау, әсіресе жеткіліксіз жемдеу жалпы ағзаның жеткіліксіз дамуына: эмбрионализмге, инфантилизмге және неотенияға соқтырады.



Эмбрионализм – аналықтың құрсақ көтеру кезінде дұрыс қоректенбеуіне байланысты ағзаның жатыр ішінде жеткілікті дамымауы. Жатыр кезеңінде дұрыс дамымауы төлдің салмағының төмен болуына (бұзаудың салмағы 15-17 кг), басы үлкен, терісі жұқа, аяқтары қысқа және ауруларға төтеп бере алмайтын болып тууына әкеліп соқтырады.

Инфантилизм – жедел дамуға тиіс кезеңде ұзақ уақыт жеткіліксіз қоректенбеуге байланысты дамымау. Мұндай малдардың аяқтары ұзын, тұлғасы қысқа, төсі шығыңқы және есейген шақта жас төл ағзасына ұқсастықтары болады.

Неотения – малдың жыныстық ағзалары ерте жаста шапшаң дамиды, бірақ сонымен қатар тірі салмағы төмен, ұзын аяқты, бөксесі биік, басы үлкен, аяқ буындары қылыштанған және жақын болады.

Малдардың өсуi мен дамуына әсер ететiн факторлар

Өсіп келе жатқан ағзаға жарық зор әсер етеді. Ол жеткіліксіз болған жағдайда зат алмасу бұзылады. Малдардың әрбір түріне белгілі бір жарық тәртібі белгіленген. Жарық жеткіліксіз болған жағдайда малдарға қосымша ультракүлгін жарық береді, оның нәтижесінде олардың ағзасында иммунитетті жақсартатын Д витамині қалыптасады. Жарық конституцияның мықты болып қалыптасуына, сүйектерінің берік болып дамуына ықпал жасайды. Қыста молынан қоректендіру және жазда жайлауда бағу малдардың өнімділігі мен ағзаның резистенттігін арттырады.

Малдардың әр түрі температуралық режимді әртүрлі елейді. Ірі қара малдың төлдері шошқа мен құс төлдеріне қарағанда суыққа төзімді келеді. Ірі қара малдар, жылқылар және қойлардың төлдерін қыста ашық ауада бағу оларды шынықтырады және өнімділігін арттыруға ықпал ететін қалың түкті қалыптастырады.

Температура 25-30 градустан асқанда тірі салмағы өсуінің баяулауы байқалады, төлдеу қабілеті бұзылады. Малдардың ағзасы үшін мал қораларында жоғары ылғалдылық пен төмен температура қатар болуы ерекше жағдайсыз.

Сол сияқты ауа желдету мен санитарлық жағдайлардың болмауынан зиянды газдардың (көмірқышқыл, аммиак, күкіртсутегі) жинақталуына да жол беруге болмайды. Жас төлдердің өсуі мен дамуы мұндай жағдайларда тежеледі.

Ағзаның дамуына төлді жаттықтыру мен кейбір мүшелерін уқалау үлкен ықпал етеді. Граф А.Г. Орлов пен оның көмекшісі В.И. Шишкинмен құлындарды алғырлыққа, төзімділікке, күштілікке жаттықтырудың күрделі жүйесі жасалды. Граф А.Г. Орлов: “Табиғат бізге құлын береді, ал адам одан жүйрік жасайды”, - деген. Бірінші бұзаулаған қашарлар мен қысырлардың үрпін сауу кезінде уқалап отыру сүт өнімділігін елеулі арттырады.

Жас төлдердің өсуі мен дамуын қадағалау салмағын өлшеу және өлшемдер жасаудан тұрады. Малдарды туған бетінде өлшейді, содан кейін ірі қара мен жылқыны – 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 9, 12, 18, 24 айлығында, шошқаны – 1, 2, 4, 6, 9, 12, 18, 24 айлығында, қойды – 1, 4, 12, 24 айлығында өлшейді. Салмақ өлшеу тірі салмағының белгілі бір мерзім ішінде өсуін анықтауға мүмкіндік береді. 2 жастан асқан малдарды жылына екі рет (көктемде – жазғы жайлауға шығарар кезде және қыста қораға байланар кезде) өлшейді.

Малдардың өмiр сүру және шаруашылыққа пайдалану ұзақтығы

Малдардың өмiр сүру мерзімінің ұзақтығындағы ерекшелік, ең бірінші олардың түрлік, жеке, тұқымдық ерекшеліктері және басқа да факторларға тәуелді. Ауыл шаруашылығы малдары биологиялық ұзақ жасаумен (туғаннан бастап табиғи өлімге дейін) ерекшеленеді.

Мал шаруашылығы тәжірибесінде шаруашылыққа пайдалану мерзімі тіршілік ұзақтығымен сәйкес келмейді, себебі қартайған сайын малдардың өнімділігі мен төлдеу қабілеттері ежептәуір төмендейді. Дегенмен, тұқым асылдандыруда құнды малдарды ұзақ жылдар бойы пайдалау жағдайлары белгілі.

Қоректендірудің және бағудың қолайлы жағдайларында өндiрушi-бұқаларды 12-16 жыл пайдаланылады.

Тіршілік ұзақтығы әр түр бойынша мейлінше әр түрлі. Мысалы, жәндіктердің бір түрлері барлығы бірнеше күн ғана тіршілік жасаса, ал құмырысқалар 10-15 жыл өмір сүреді. Гидралар көктемнен күзге дейін ғана, ал сол сияқты шек-қарындыға жататын актиниялар 50-70 жыл тіршілік етеді. Бозторғай, бұлбұл, кептерлер 15-50-ге дейін, ал тотықұстар мен қырандар 100-170 жасқа дейін тіршілік етеді. Үй қаздары 100 жасқа дейін өмір сүре алады.

Әдетте, тіршілік ұзақтығы көп жағдайда қоршаған ортаға ыңғайлана білуіне тәуелді және түр ішінде тұқым қуалаушылық болып табылатыны белгілі.

Тез көбейетін түрлердің көбінің тіршілік мерзімі қысқа, ал аз тұқым тарататындар өз түрін сақтап қалу үшін ұзақ өмір сүреді.

Тез жетілетін, ерте пісетін малдар тез қартаяды.


Бақылау сұрақтары:

1. Онтогенез дегенiмiз не? 2. Өсу дамудан немен ерекшеленедi? 3. Дамымай қалудың қандай түрлерi болады? 4. Малдардың өсуi мен дамуына не әсер етедi?Ауылшаруашылық малдарының өсу, шаруашылыққа пайдалану, өмiрлерiнiң ұзақтығы?


Тақырып 4 Ауылшаруашылық малдарының өнiмдiлiктерi

Мақсаты: Ауылшаруашылық малдарының өнiмдiлiктерiне түсiнiктеме беру

Жоспар: 1 Сүт өнiмдiлiгi.

2 Ет өнiмдiлiгi.

3 Жүн өнiмдiлiгi.

4 Жұмыс өнiмдiлiгi.

5 Жұмыртқа өнiмдiлiгi.

Өнімділік – бұл ауыл шаруашылығы түліктерінің негізгі қасиеті, сол үшін де біз оларды өсіреміз. Малдың әр түріне әр түрлі өнім тән: сүтті, етті, жұмыртқалы, жұмыс, жүнді, тон-түкті және т.б.

Сүт өнiмдiлiгi Сүт - құрсақ көтеру және туу нәтижесінде сүт железаларынан шығатын секрет. Сүт шығара алатын кезең лактация деп аталады. Лактацияның ұзақтығы әр түрлі түлікте әр басқа. Мысалы, сиырда –10 ай, биеде – 5-7 ай, қойда – 4-5 және шошқада 2 ай.

Сүт құрылудың қарқынды құбылысы лактацияның алғашқы 2-3 айында жүреді. Лактация кезінде сүт шығудың өзгерісін кесте арқылы беру қабылданған және лактациялық қисықтың сипаты арқылы жақсы деген малдарды іріктеп алуға болады. Малдарды сүттілігмен бірге ондағы май мен белоктың құрамы арқылы да бағалайды. Бағалау бүтіндей лактация уақытына, лактацияның 305 күніне сол сияқты қысқа лактация мерзіміне жасалады.

Сүттіліктің есебін алу бақылау сауулары арқылы жүргізіледі. Оның сыртында сиырдың сүттілігін тәулік ішіндегі жоғары көрсеткіші және өмірлік көрсеткіші арқылы да бағалайды.

Сүттілікке көптеген факторлар әсер етеді: тұқымдық және жеке ерекшеліктер, тұқым қуалаушылық, қоректендіру және бағу деңгейі, жасы, лактациялық қисықтың сипаты, сервис және құрғақ бағу ұзақтығы, сауу жиілігі, сарқып сауу, сауу жылдамдығы, төлдеу кезеңі тағы басқалар.

Сүтті ешкілер лактация кезеңінде 300-400 кг., ең жақсылары 1000 кг.-ға дейін сүт береді. Әлемдік рекорд 3498 кг. сүтті құрайды. Қойдың көп тұқымының өнімділігі 120-150 кг. арасында болады. Қаракөл тұқымды қойлардан олардың қозыларын қаракөл елтірісін алу үшін сойысқа жібергеннен кейін 80-100 кг. тауарлы сүт алынады.

Қазақстанда және басқа елдерде сүтті биелерді қымыз өндіру үшін пайдаланады. Биелердің өнімділігі 1300 ден 3000 кг. аралығында болады. Тәуліктік сауу кейде 25 кг. құрайды.



Ет өнімділігі. Ауыл шаруашылығы түліктерінің әр түрінің еттері жоғары дәмдік және сіңімділік қасиеттерімен бағалы. Сапа жөнінен жақсы етті ірі қара малдың, қойдың, шошқаның және т.б. малдардың мамандандырылған тұқымынан алады. Бұл малдар тез жетілуімен, ет шығымдылығының жоғары коэффициентімен және жем шығынының жақсы қайтарымымен ерекшеленеді. Малдың еттілігі сырттай және ұстап қараумен бағаланады. Еттілігі туралы союдан кейінгі сойыс салмағымен, сойыс шығымдылығымен және басқа да көрсеткіштерімен бағаланады.

Сойыс салмағы – бұл қаннан тазартылған , басы, терісі, ішкі құрылымы және аяқтары жоғарғы буынға дейін жоқ ет салмағы.

Сойыс шығымдылығы – сойыс салмағының сою алдындағы салмағына пайызбен есептелген қатынасы. Ең жоғары сойыс шығымдылығы шошқаларда – 75-82 пайыз. Ірі қара малдың сойыс шығымдылығы семіздігіне байланысты 50-65 пайыз болады.

Етті тұқымдарда майдың құрылуы терінің ішкі қабаты, дененің белгілі бір мүшелері мен ішкі органдарында ғана емес, сонымен бірге бұлшық ет талшықтарының арасында да түзіліп, “мраморлы ет” деп аталады.



Жүн өнімділігі. Жүн - деп малдың түк қабатын атайды, одан түрлі мата талшықтарын, трикотаж, басылған және кілем мүліктерін және т.б. жасайды.

Жүннің негізгі бөлігін қойдан алады. Қой жүнін биязы, жартылай биязы, жартылай тұрпайы, тұрпайы жүн деп бөледі. Мұндай бөлудің негізінде жабағыны құрайтын жүн талшықтарының типі жатады.

Жүн өнімділігін қырқылған және жуылған жүннің шығымдылығымен бағалайды. Сонымен бірге, қойдан тондық, мех және тері алады. Қой терісінен жеңілдігімен, мықтылығымен ерекшеленетін жартылай тондар мен тұлыптар тігеді.

Жұмыс өнімділігі. Жұмыс малы есебінде жылқыларды, есектерді, қашырларды, өгіздерді, түйелерді, буйволдарды және т.б. пайдаланады.

Көліктік малдардың жұмыс сапасы тарту күшімен, жұмыс көлемімен, жүріс жылдамдығымен, мықтылығы және төзімділігімен сипатталады. Жылқының жұмыс қабілетін жүк көтергіштігін, жүкті жеткізу шапшаңдығын және алғырлығын сынау арқылы анықтайды. Жүк тиелген шананың салмағы жоғары жүк көтеру көрсеткіші болып есептеледі.



Жұмыртқа өнімділігін жыл ішінде тапқан жұмыртқа санымен анықталады. Онымен қатар жұмыртқалардың салмағы да есепке алынады. Тауықтан жыл ішінде орта есеппен 230-250, ал будандастырылған тұқымнан 280-ге дейін және одан жоғары, күркетауықтан - 80-120, үйректен – 120-160, қаздан – 40-60 жұмыртқа алынады. Тауық жұмыртқалары 55-62 г., күркетауықтікі – 80-90 г., үйрек – 100 г-ға дейін, қаз – 180 г. болады.

Құс жұмыртқалары негізгі тағамдық заттарға, витаминдерге, микро-макроэлементтерге бай диеталық тағам болып табылады.



Ұсынылған әдебиеттердiң тiзiмi:

Негiзгi:

1. Вахитова Р.З., Найманов Д.К., Тулеубаев Т.Т. Животноводство. Учебное

пособие для начинающих курс «Животноводство». Костанай, 2005г. стр.4-10

2 Красота В.Ф. и др. Разведение сельскохозяйственных животных. М.: Агропромиздат, 1990.

3 Найманов Д.К., Попов В.П. Методы повышения продуктивности крупного

рогатого скота Северного Казахстана. Костанай 1998 г.



Қосымша:

23 Куликов В.М. и др. Общая зоотехния. – М.: Колос, 1976.

36 Нечаев И.Н. Мясное коневодство. Алма-Ата, Кайнар, 1975.
Бақылау сұрақтары:

1. Сүт өнiмдiлiгiне қандай факторлар әсер етедi? 2. Сойыс салмағы, сойыс шығымы дегенiмiз не? 3. Жүн өнiмдiлiгiн қалай есептейдi? 4. Қандай малдарды жұмыс малы ретiнде пайдаланады? 5. Жұмыртқа өнiмдiлiгi қалай анықталады?




Тақырып 5 Мал шаруашылығындағы iрiктеу және жұптау

Мақсаты: Малдарды iрiктеуге және жұптауға түсiнiктеме беру

Жоспар: 1Iрiктеу және малдарды iрiктеу әдiстерi

2 Бонитировка

3 Жұптау және оның түрлерi

Iрiктеу және малдарды iрiктеу әдiстерi

Iрiктеу дегенiмiз тiршiлiк пен өндiрiс технологияяларына жақсы бейiмделген құнды малдарды ұрпақтан-ұрпаққа iрiктеп отыру. Өсiрудiң талаптарына жауап бермейтiн малдарды өндiрiстiк мақсатта пайдаланады.

Малдарды сұрыптаудың әр түрлi әдiстерi бар: жеке қасиеттерi (өнiмдiлiгi, сырт пiшiнi және дене бiтiмi), шығу тегi және ұрпағының сапасы бойынша.

Сұрыптаудың ғылыми негiзiн қалаушы Ч.Дарвин сұрыптауға мынадай анықтама берген: “Сұрыптау” дегенiмiз ағзаның тiршiлiк ортасына бейiмделу ерекшелiктерiнiң кейбiр жеке артықшылықтарының арқасында тiршiлiк үшiн күресте тiрi қалып, ұрпақ қалдыруы”. Табиғи сұрыптаудан бөлек, адам баласы жүргiзген сұрыптау жасанды сұрыптау деп аталады. Талантты да талапты селекционер жүргiзген жасанды сұрыптау үй жануарларына қатты әсерiн тигiзетiн зор күш болып табылады.

Уақыт өте келе сұрыптаудың техникасы күрделене түскендiктен, әдiстемелiк сұрыптаудың негiзiнде жаңа тұқымдар шығару iсi жүргiзiлдi.

Сұрыптаудың тиiмдiлiгi сұрыптау жүргiзiлетiн орта жағдайларының шарттарына, ескерiлген белгiлердiң санына, сонымен қатар iрiктелген малдардың селекцияланатын белгiлерiнiң табынның орташа көрсеткiштерiнен қаншалықты артық екендiгiне байланысты.

Сұрыптау кезiнде малдың басқа белгiлерi ескерiлмей, өте маңызды белгiсi бойынша ғана бiржақты сұрыптау жүргiзiлсе, күтпеген жағдайлардың тууы әбден мүмкiн.

Сұрыптау өткiзiлген белгiлердiң санын бiлу өте маңызды. Селекцияланатын белгiлердiң саны артса, әрбiр бөлек белгiлердi жақсартудың тиiмдiлiгi төмендейдi.

Зоотехния тәжiрибесiнде сұрыптаудың фенотиптiк және генотиптiк түрлерi қолданылады.



Фенотиптiк сұрыптау кезiнде малдың жеке қасиеттерiне - өнiмдiлiгiне, сырт пiшiнi мен дене бiтiмiне, жалпы дамуына назар аударады. Бұл көрсеткiштердi бағалаған кезде малдың тұқымқуалауғыштығы қасиеттерi ескерiлмейдi.

Генотиптік сұрыптау кезінде малдарды шығу-тегінің шежіресі (ата-тектері мен туыстарының фенотипі) және ұрпағының сапасы бойынша бағалайды. Шежіреде малдың ата-тегі туралы мәліметтер көрсетіледі. Малдарды шығу-тегі бойынша бағалау оларды шаруашылықта пайдаланудың мақсатын (асылдандыру, етке, сүтке өсіру т.б) айқындайтын алғашқы қадам болып табылады. Шежірені талдағанда малдың ең жақын туыстарына көп көңіл бөлінеді.

Сұрыптаудың екінші кезеңімалдарды жеке қасиеттері бойынша бағалау. Мысалы, сүтті малдың сүт өнімділігі, сүтінің майлылығы, тірілей салмағы, сырт пішіні мен дене бітімі, желін бөліктерінің бір уақытта сауылуы және сүт беру жылдамдығы бағаланады.

Сұрыптаудың үшінші кезеңімалды ұрпағының сапасы бойынша бағалау. Бұл әдіс малдың тұқымқуалағыштық қорын анықтауға мүмкіндік туғызатын дәйекті тәсілдердің бірі болып табылады. Өндіруші-бұқалардан бірнеше мың ұрпақ алуға болатын малдарды қолдан ұрықтандыру кезінде бұл әдіс өте маңызды мағынаға ие болды.

Өндіруші-аталықты ұрпағының сапасы бойынша бағалағанда барлық қыздарының бағасын орташа сүт сауымы, сүтінің майлылығы мен белоктығы, сырт пішіні, тірілей салмағы және сүт беру құрамы бойынша өткізеді.

Малдарды ұрпақтарының сапасы бойынша бағалау ең жақсы өндіруші-аталықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Әр шаруашылық мал табындарын бонитировкадан өткізеді.

Бонитировкабұл малдарды жиынтық бағалау арқылы асыл тұқымдылық құндылықтарын анықтау негізінде нақты кластарға бөлу.

Бонитировка оны өткізу тәртібі мен малдың тұқымдық ерекшеліктері ескерілген нұсқау бойынша жүргізіледі. Бонитировканың деректері негізінде қашыру жоспары, жас малдарды өсіру және басқа да жұмыстар жоспарланады. Сонымен қатар бонитировканың деректері малдарды асыл тұқымдық кітапқа енгізуге себепші болады.



Жұп таңдау – іріктеліп алынған малдардан болашақта сапалары жоғары ұрпақ алу мақсатымен ата-енелер жұбын құру. Іріктеу мен жұп таңдау өзара тығыз байланысты және бірін-бірі толықтырып отыратын үрдіс.

Академик М.Ф.Иванов жұп таңдаудан алынған ұрпақтың сапалары ата-енелерінен артық болуын көздейтін болғаны жөн деп атап көрсеткен.

Мал шаруашылығында жұп таңдаудың біртекті немесе гомогенді және әртекті немесе гетерогенді түрлері қолданылады.

Біртекті жұп таңдау кезінде негізгі селекцияланатын белгілері ұқсас аналықтар мен өндірушілер шағылыстырылады. Жұп таңдаудың бұл түрі ұрпақтарындағы пайдалы қасиеттерді бекіте түсуге және одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Біртекті жұп таңдаудың бір түріне туыстас шағылыстыру немесе инбридинг жатады. Бұл кезде аналықтар мен аталықтардың селекцияланатын белгілері ұқсас болып қана қоймай, олар бір ата-енеден тарайды.

Туыстас шағылыстырудың түрі әйгілі малдардың бағалы белгілерін ұрпақтарында бекіту, жаңа тұқымдар шығару және жаңа линияларды құру мақсатында асыл тұқымды шаруашылықтарда қолданады.

Егер малдардың ата-тектері шежіренің бесінші қатарынан асып түссе, олар туыстас малдарға жатқызылмайды.

Бірнеше ұрпақ бойы жүргізілген туыстас шағылыстырудың әсерінен малдардың дене бітімі мен денсаулығы әлсірейтіні, қоршаған орта жағдайларына бейімделуі, төлдегіштігі, өнімділігі төмендейтіні көптеген зерттеулердің нәтижесінде дәлелденген. Сонымен қатар, кемтарлықты тудыратын мутациялардың да көрінуі әбден мүмкін. Бұл құбылыс инбредтік депрессия деп аталады. Сондықтан инбридинг белгілі бір мақсатты көздеген асыл тұқымды шаруашылықтарда ғана қолданылуы тиіс.

Әртекті немесе гетерогенді жұп таңдау кезінде бір-бірімен шағылыстырылатын малдардың дене бітімі, сырт пішіні, өнімділігі т.б белгілері әр түрлі болуы мүмкін. Мұндай ата-енелерден алынған төлдер олардан өзгеше келеді. Бұл гетерогенді жұп таңдаудың құндылығы да, кемшілігі де болып табылады. Құндылығына - алынған ұрпақтың ата-енелерінен өзгешелігі немесе келесі ұрпақта ата-енелеріне тән кемшіліктердің жөнделуі жатады. Әртекті жұп таңдау гетерозиготалықтың күшеюіне (тұқымқуалағыштықтың қозғалуына) әкеп соғады.

Жаңа асыл тұқымды мал тобын шығаруда әртекті жұп таңдаудың атқаратын ролі зор. Сөйтіп, көздеген мақсатқа жету үшін жұп таңдаудың екі әдісі де қолданылады. Әртекті жұп таңдау әдiсi біртекті жұп таңдау мен инбредтік депрессияның кемшіліктерін түзей алады.



Бақылау сұрақтары:

1. Малдарды iрiктеу әдiстерiн атаңдар? 2. Бонитировка дегенiмiз не? 3. Жұптау дегенiмiз не? 4. Мал шаруашылығында жұптаудың қандай түрлерiн қолданады?



Тақырып 6 Мал өсiру әдiстерi

Мақсаты: Ауылшаруашылық малдарын өсiрудiң негiзгi әдiстерiне түсiнiк беру

Жоспар: 1 Таза қанды мал өсiру.

2 Будандастыру және гибридтеу.

3 Асылдандыру жұмысы.

Өсiру әдiстерi - бұл шағылыстыру үшiн қолданылатын малдардың түрi, тұқымдылығы және линиясы ескерiлген, яғни белгiлi бiр зоотехникалық талап-мiндеттердi шешуге бағытталған жұптарды таңдау жүйесi.

Малдарды өсiрудiң негiзгi 3 түрiн атап көрсетуге болады: таза қанды өсiру, шағылыстыру және будандастыру.



Таза қанды өсiру бiр тұқымның малдарын шағылыстыруды көздейдi. Бұл әдiстiң негiзгi мiндетi – қолда бар тұқымның бағалы қасиетiн сақтап қалу және одан әрi жақсарту.

Таза қанды өсiру кезiнде өнiмдiлiгi рекордтық көрсеткiштерге дейiн жететiн малдарды алуға болады.

Таза қанды өсiру кезiнде азықтандыру мен күтiп-бағу жағдайларын жақсартудың және малдарды линия бойынша өсiрудiң негiзiнде iрiктеу мен жұптау тәсiлдерi қолданылады. 1909 ж. Шапоруж Германияда кең тараған «линиялар бойынша өсiру» терминiн енгiздi. Линиялар кәрi де, жас та болуы мүмкiн. Тұқым iшiндегi линиялардың саны сол тұқымдардың таралу дәрежесiне байланысты. Асыл тұқымды шаруашылықтар, әдетте, 2-3 линиялармен жұмыс жүргiзедi.

Шағылыстыру және будандастыру

Шағылыстыру дегенiмiз әр тұқым түрлерiне жататын малдарды бiр-бiрiмен шағылыстырудың негiзiнде будан ұрпақ алу. Мал шаруашылығында тұқым аралық өсiрудi әр түрлi мақсатта қолданады, соған байланысты оны бiрнеше түрлерге бөледi.

Сiңiре шағылыстыруды бiр тұқымды басқа тұқымның көмегiмен толықтай жақсарту мақсатында пайдаланады. Келесi ұрпақтарда да жақсартылатын тұқымның аналықтарын жақсартушы тұқымның өндiрушi-бұқаларымен шағылыстырады. Егер алынған будан малдардың сырт пiшiнi, дене бiтiмi, өнiмдiлiк көрсеткiштерi жақсартушы тұқымның малдарынан ерекшеленбесе, мақсатқа қол жеткiзiлдi деп санауға болады. Сiңiре шағылыстыру Қазақстанның өнiмдiлiгi төмен жергiлiктi малдарын өзгертуде маңызды роль атқарды.

Шағылыстырудың табысты өтуi жақсартушы тұқымның өндiрушi-бұқасының сапасына, сонымен қатар будан малдар мен өндiрушiлердi азықтандыру мен бағып-күту шарттарына тiкелей байланысты.

Өнiмдiлiгi төмен малдардың табынын жақсарту үшiн, сол жақсартылатын тұқымның 4-5 ұрпағын алу керек, оған кем дегенде 22 жыл жұмсалынады. Шошқаларда бұл үрдiс 6-7 жылға, қойларда – 4 жылға созылады. Малдардың қандылығын арттыру - ең жақсы малдарды мақсатты түрде iрiктеуге және олар үшiн азықтандыру мен күтудiң жақсы шарттарын ұйымдастыруға бағытталуы тиiс.

Бiр тұқымның тұқымқуалағыштық қасиеттерiн екiншi бiр тұқым толықтай жұта алмайды, әрi шағылыстыру барысында мұндай мақсат қойылмайды. Аборигендi жергiлiктi тұқымның бағалы сапалықтары (төзiмдiлiгi, ауруларға төтеп беруi, өсiру шарттарына жақсы бейiмделуi) сақталып қалуы тиiс.

Кiрiспе шағылыстыру немесе “қан жаңарту” қолда бар тұқымның негiзгi қасиеттерiн сақтай отырып, оның кемшiлiктерiн түзеу мақсатында басқа тұқымды пайдалану. Басқа тұқымның бұқалары бiр рет қана қолданылып, алынған бiрiншi будан малдар, ары қарай, аналық iрi қараның тұқымына жататын бұқалармен шағылыстырылады. Мұндағы шешушi фактор – жақсартылатын тұқымды таңдау, әрi оның жақсартушы тұқыммен үйлесiмдiлiгi болып табылады.

“Қан жаңартудың” тиiмдiлiгi оны сүттiң майлылығын арттыруда, ет сапалықтарын арттыруда және басқа да мақсаттарда пайдаланған кезде көрiнедi.

Өнеркәсiптiк немесе зауыттық шағылыстыру жаңа мал тұқымдарын шығару кезiнде пайдаланылады. Ол қарапайым және күрделi деп бөлiнедi. Екi тұқым шағылыстырылса – қарапайым, ал үш, төрт немесе одан да көп тұқымдар шағылыстырылса – күрделi деп аталады.

Шағылыстырудың бұл түрi басқа өсiру әдiстерiне қарағанда анағұрлым күрделi. Сондықтан да оны тұқымды қалыптастырушы әдiс деп бекер атамайды.

Iрi қарамалдың көптеген тұқымдары жергiлiктi малды немесе қандай да бiр зауыттық тұқымның малын пайдалану арқылы қарапайым өнеркәсiптiк шағылыстырудың нәтижесiнде шығарылған.

Будандастыру – бұл әр түрге жататын малдарды бiр-бiрiмен шағылыстыру. Мұндай шағылыстыру нәтижесiнде алынған ұрпақты будандар деп атайды. Будандастыру әдiсiн тұтынушы малдарды шығару үшiн, әрi жаңа тұқым шығару үшiн қолданады.

Будандастырудың мақсаты – мәдени тұқымдар мен жабайы мал түрлерiнiң бойындағы бағалы қасиеттердi ұрпақтарының бойында бiрiктiру. Бiрiншi ұрпаққа жататын будан малдардың ауруларға төзiмдiлiгi, иммунитетi және өмiрдiң қатал шарттарына деген төзiмдiлiгi арта түседi.

Сонымен қатар будандастыру кезiнде алынған буданның бедеу болуы байқалады. Ертеден берi қашырларды алу үшiн бие мен есектi будандастырып келедi. Қашыр жылқы мен есектiң ең жақсы сапалықтарын бойына жинақтаған жануар, бiрақ ол ұрпақ бере алмайды.

Як пен iрi қарамал да бiр-бiрiмен шағылысады, бiрақ бедеу еркек ұрпақ бередi. Iрi қарамалда зебумен шағылыстырған уақытта төлдегiштiгi мен сүт өнiмдiлiгi жоғары, әрi қан-паразит ауруларына төзiмдi ұрпақ алынады. АҚШ-та зебу мен шортгорн тұқымын будандастыру арқылы бағалы еттi тұқымға жататын санта-гертруда тұқымы алынды.

Қазақстанда Тянь-Шань тауының аудандарында прекос биязы жүндi тұқымын жабайы тау қошқары саналатын архармен будандастыру арқылы өнiмдiлiгi жоғары архар-меринос тұқымы шығарылды. Бұл әдiспен республикамыздың ғалымдары шошқаның да жетiсу тұқымын шығарды.

Асылдандыру iсiбұл iрiктеу мен жұп таңдауға, сырт пiшiнi мен дене бiтiмiн, өнiмдiлiгiн бағалауға, жас малды белгiлi бiр бағыт бойынша өсiруге және т.б жұмыстарды атқаруға бағытталған шаралардың жиынтығы.

Мал шаруашылығы асыл тұқымды және өнеркәсiптiк деп екiге бөлiнедi.

Өнеркәсiптiк мал шаруашылығы меншiк формасы әр түрлi шаруашылықтарға мал шаруашылық өнiмдерiн (өнiмнiң өзiндiк құны төмен) өндiруге мүмкiндiк бередi. Оған әр басты iрiктеу, жыл сайын бонитировкадан өткiзу, зоотехникалық есеп жүргiзу жұмыстары енедi. Мұндай шаруашылықтарда шағылыстыру және қолдан ұрықтандыру әдiстерi кеңiнен қолданылады. Аналық табын өсiп келе жатқан жас ремонттық төлдермен ауыстырылады, ал өндiрушi-бұқаларды асыл тұқымды шаруашылықтардан сатып алынады немесе олардың шәуеттерi пайдаланылады.

Асыл тұқымды зауыттар – бұл нақты бiр тұқымды өсiрумен айналысатын жетекшi асыл тұқымдық шаруашылықтар. Бұл шаруашылықтарда таза тұқымды өсiру, қалыпты инбридингтi пайдалана отырып, линиялар мен тұқымдастар бойынша өсiру, жаңа тұқым шығару iсi жүргiзiледi.

Асыл тұқымды зауаттардың табындары шежiресi әйгiлi элитаға жататын малдардан тұруы қажет. Асыл тұқымды зауаттар қолдан ұрықтандыру бекеттерiнiң әйгiлi өндiрушiлермен үнемi жабдықталып отырады.

Зауыттардағы асыл тұқымды малдардың саны өте көп болмағаны жөн. Сүт бағытындағы шаруашылықта 800-1200 сиыр, биязы және биязылау қой шаруашылығында 20-25 мың аналықтардың басы, шошқа шаруашылығында 300-600 негiзгi мегежiндердiң басы, жылқы шаруашылығында 100-400 аралығындағы биелердiң басы рационалды мал басы деп саналады.

Асыл тұқымды ремонттық жас төлдер мен табыннан тыс шығарылған малдар асыл тұқымды зауыттың маңынан құрылған асыл тұқымды шаруашылықтарға ауыстырылады. Мұндағы жүргiзiлетiн жұмыстар асыл тұқымды зауыттардың мақсатын көздейдi, бiрақ асыл тұқымды малдарының сапалықтары зауыттың малдарымен салыстырғанда төменiрек келедi.

Асылдандыру iсiнде мемлекеттiк асыл тұқымды кiтаптардың алатын орны бөлек. Малдардың әр түрiне кiтаптар арналып, онда сол тұқымның ең жақсы малдарының тiзiмi келтiрiледi. АТК-та малдардың шығу тегi, өнiмдiлiгi, дене бiтiмi туралы мәлiметтер, бонитировка қорытындысының нәтижелерi жазылып, асыл тұқымды малға АТК-тың көмiрi мен маркасы тағайындалады.

АТК-тiң мәлiметтерi белгiлi бiр аймаққа арналған асылдандыру жоспарын құру кезiнде пайдаланылады.

Ауыл шаруашылық малдарының көрмесiн ұйымдастыру ең жақсы шаруашылықтардың жетiстiктерiн көрсетiп, шаруашылық туралы қорытынды жасауға, сонымен қатар ауыспалы тәжiрибенi өндiрiске енгiзуге септiгiн тигiзедi. Көрмелер тұрақты және уақытша деп бөлiнедi.

Аудандарда жүргiзiлетiн бiр күндiк шаралар асыл тұқымды жас төлдердi анықтауға бағытталады. Оның негiзiнде асыл тұқымды жас төлдердiң арасынан жақсыларын анықтап, мал шаруашылығы саласында қолданылатын әдiс-тәсiлдердi ұрпақтан-ұрпаққа таратуға жол ашылады.

Жылқы шаруашылығында жылқының жұмыстық сапалықтарын бағалау үшiн ипподромдарда шапшаңдық пен жүк көтеруге сынақ өткiзедi.





Каталог: files -> book
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы
book -> Макс Лукадо сенің Қолыңнан келеді
book -> Игілігіміз үшін болатын азаптар Құдай неге қиындыққа жол береді?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет