Реферат тақырыбы: «Ірі қара малының генекологиялық патологиялары»



бет1/2
Дата12.10.2022
өлшемі40,09 Kb.
#152786
түріРеферат
  1   2
Байланысты:
Аманжолұлы Сержан репродуксия 1-срс


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ
«ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ АГРАРЛЫҚ ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІ»
КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫ
«ВЕТЕРИНАРИЯ» ФАКУЛЬТЕТІ


РЕФЕРАТ
Тақырыбы:«Ірі қара малының генекологиялық патологиялары»
Орындаған: Аманжолұлы Сержан
ВМ-401
Тексерген: Хизат С.
Мазмұны:

I . Кіріспе.


II. Негізгі бөлім.
2.1. Сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары.
2.2. Қынап және жатыр мойны патологиясы.
2.3. Жатырдың кілегейлі қабатының созылмалы қабынуы.
2.4. Аналық ұрық безінің аурулары.
III. Қорытынды
IV. Пайдаланылған әдебиеттер

I . Кіріспе.


Мал шаруашылығын қарқындатудың бірден бір дұрыс жолы- малды өз төлінен бағып өсіру болып табылады. Бірақ оған жыл сайынғы жүздеген мың аналық бас малдың қалуы үлкен зиянды әсерін тигізіп отыр. Малдың қысыр қалуы шаруашылыққа орасан зор экономикалық зиян келтіреді, ол негізінең алынуға тиісті төл басының кемуі мен сүттің 30-35 пайыз төмендеп кетуінен құралады, одан басқа бедеу малды емдеуге, бағып күтуге кеткен шығындар қосылады. Асыл тұқымды, сүтті сиырларды емдеуге келмейтін генекологиялық аурулардың кесірінең мезгілінен бұрын жарамсыздыққа шығарып, етке өткізуге мәжбүр боламыз. Осының бәрін есептесек, генекологиялық аурулардың, бедеулік пен малдың қысыр қалуының тигізетін экономикалық зияны барлық жұқпалы, жұқпайтын аурулардан келетін шығынды қосып есептегеннең асып түседі. Ұрғашы малдың бедеулігін, қысыр қалуын зерттейтін, онымен күресу жолын қарастыратын ғылым саласын мал дәрігерлік генекология деп атаймыз.Ғылыми әдебиеттегі мәліметтерге сүйенетін болсақ мал бедеулігінің алдын алуда ең алдымен бедеулікке әкелетін факторларды және бедеулік түрлерін анықтап алған дұрыс деп есептейміз. Бүгінгі таңда теориялық және тәжрибелік тұрғыдан алғанда профессор А.П.Студенцовтың мал бедеулігі туралы ілімі негізге алынады. Профессор А.П. Студенцов бедеулікке байланысты төмендегі ұғымдарды ұсынады және ол туралы жақсы мәлімет бере білген:
1.Төлшендік-малдың үнемі тұқым беру қаблеті.
2.Бедеулік-өсіп-өну қызметінің бұзылуы.
3.Аналық малдың төлшендігі-бір буаздық кезіндегі аналық жатырындағы дамып,туған төл саны.
Бедеулік - дегеніміз малдың уақытша ұрықтанбай,төл береалмай қалуы, бағып –күтудің нашарлығынан, жыныс мүшелерінің ауру салдарынан туындайтын күрделі биологиялық құбылыс.Қысыр қалу - дегеніміз экономикалық тұрғыдан алғанда келесі есеп беру жыл басындағы аналық мал басына шаққандағы алынған төл басының саны. Мысалы есептегі 100 бас сиырдың 80 басы тірі өміршең төл берсе, 20 пайызы қысыр қалды деп есептеледі. А.Ю. Тарасевич бедеуліктің төменгі себептерін анықтаған:
1.Экстрогениталдық - малдың жасының ұлғайуы, эндокриндік безінің қызметінің бұзылуы, жүйке және сүт безі қызметінің бұзылуы,инвазиялық және індетті аурулар.
2.Интрогениталды-аналық безінің күлдіреуігі,персистенттік сары дене,эндометриттер,анофродезия,нимфомания,ұрықтану және зиготаның теліну кезіндегі жатыр қызметінің бұзылуы.
3.Экзогендік-алиментарлық факторлар- моционның болмауы,күн сәулесінің жетіспеуінен туындайды. Н.Ф.Мышкиннің айтуынша бедеуліктің негізгі себебі аналық және аталық малдың жыныс мүшелерінің аурулары. Ал П.А. Волосков малшарушылығындағы қолдан ұрықтандыру кезіндегі кемшіліктер деп есептейді. А.П. Студенцовтың айтуынша бедеулік себептері өткінші,брақ мал организмінде морфологиялық,қызметтік өзгерістерге әкеліп соқтырады.
II. Негізгі бөлім.
Малдың жыныстық органдарының ауруы салдарынан қысыр қалуын симптомдық бедеулікке жатқызады. Тек қана жыныстық органдар емес басқа да, айталық жүрек тамыр жүйесі, ас қорыту органдарының, желін ауруларынан да, тіпті, жұқпалы аурулардан да (аусыл ауруынан кейін) мал қысыр қалуы мүмкін.Жыныстық органдардың ауруын қабыну үрдісі ретінде (вульвит, вестибулит, вагинит, цервицит, эндометрит, сальпингит, оофарит) немесе сол органдардың қызметінің бұзылуы ретінде кездестіреміз (аналық ұрық безінің гипофункциясы, атрофиясы мен склерозы, күлдіреуігі, тұрып қалған сары денесі).Жыныстық органдардағы патологиялық үрдістер спермийлердің еркін қозғалуына, аналық ұрық торшасымен кездесіп ұрықтану үрдісінің өтуіне, зиготаның пайда болуына кедергі келтіреді. Жыныстық органдарда жиналған патологиялық эксудаттар спермийлер үшін өте жағымсыз орта болғандықтан, спермийлер эксудатпен араласқанда тез арада қырылып, өліп қалады. Кейбір жағдайда зигота пайда болғанымен, ол жатыр ішіне түскен соң әрі қарай өсіп дами алмайды. Ал ұрық безінің аурулары кезінде, эстрогендік гормондар түзілмегендіктен мал күйлемейді, күйлеген малда овуляция болмауы мүмкін. Сөйтіп мал бедеулікке ұшырайды да, қысыр қалады. Симптомдық бедеулік барлық бедеу сиырлардың 30-50 пайызын құрайды.
2.1. Сыртқы жыныс мүшелерінің аурулары.
Сарпайдың жарақаттануы (Cantusio vulvis). Көбінесе, сиырда кездеседі, жыныс ернеулерін сиыр мүйізімен сүзіп жібергенде, ол қатты соғылып езілгендіктен ісінеді, қан ұйып гематома пайда болып, абсцесске айналуы мүмкін,кейде жалбырап жыртылып кетеді, тіпті, сарпай мен анус қосылып кетуі де мүмкін (ондай жағдайды клоака деп атайды). Сарпайдың жыртылуы бірінші тумаларда және туа алмай жатқан малға көмек көрсеткенде болуы мүмкін. Емі: жыныс ернеуінің жыртылған жерін дезинфекциялық ерітіндімен жуып тазартып, жараның шеттерін жаңартып 2-3 түйінді тігіс салып бекітеді. Жазды күндері жараға шыбын қонбау үшін креолин, йодофарм жағып қояды. Гематома, абсцесс болса, оны тіліп ішіндегі жиналған іріңді экссудатты, ұйыған қанды шығарып тастап, орнына стрептоцид пен йодоформ ұнтағын араластырып сеуіп қояды.
Сарпайдың, қынаптың қабынуы (Vulvitis vestio litus-vaginitis). Себептері: қабыну үрдістері негізінен бұл органдардың туу кезіндегі езіліп, жыртылып зақымдануынан және шағылысу кезінде немесе қолдан ұрықтандыру кезінде, қынап арқылы зерттеу жұмыстары кезінде инфекция түсуінен болады. Клиниалық белгілері: қабынған органдар ісініп, қызарып, кілегей қабығында жолақтанып, нүктеленіп, қанталаған жерлері байқалады. Ұстап қарағанда, қолға ыстық болып білінеді, мал ауырсынады, сырттай қарағанда, құйрығын сәл көтеріп, белін бүкшитіп күшеніп тұрғанын көреміз. Жиі-жиі зәр шығарады, жыныс органдарынан шырышты экссудат, кейде ірің ағып тұрады. Құйрығына, сауырына ағып шыққан жалқыаяқ қатып, қабыршақтанып тұрады. Малдың жалпы жағдайы көп өзгермеген. Егер де қабыну үрдісі некрозды түрде өтетін болса, қынап кіреберісі мен қынаптың кілегей қабығы іріп-шіриді де, өлі жараға айналып, одан иісі сасық қара- қошқыл түсті сұйық ағып шығады, оның құрамында бөлшектеніп, шіріп түскен ұлпаны көреміз. Малдың жалпы жағдайы нашар, тамыр соғуы әрең білінеді, тыныс алуы жиілеген. Емдеу шаралары. Қынап ішін, сарпайын марганец қышқылды калий ерітіндісімен (1:2000) тазалап жуады. Басқа дезинфекциялы ерітінділермен фурациллин (1:5000), риванол (1:1000), қос көмірқышқылды соданың 2 %-дық ерітіндісімен, ихтиолдың 2-3 -дық ерітіндісін қолдануға болады. Содан кейін қабынған органдардың кілегейлі қабығына май дәрілерді жағады немесе май дәріге малынған анжа салып, оның ұшын сыртқа шығарып қояды. Бұл мақсатқа көбінесе, қолданылатыны 5-10 %-дық ихтиол майы, 5-10 %-дық стрептоцид, 2 %-дық ксероформ, 2-3 %-дық йодоформ, синтомицин майы немесе Вишневский бальзамы. Бұл дәрілерді қолданар алдында дене температурасына дейін қыздырады. Некрозды үрдіс кезінде бұған қосымша бұлшық етке антибиотиктер, венаға 2%-дық стрептоцид, 5-10 %-дық норсульфазол, уротропин салады.
2.2. Қынап және жатыр мойны патологиясы.
Бартолини бездерінің қабынуы(Bartolinitis). Көбінесе, сиырда кездеседі. Қынап кіреберісінде көлемі әртүрлі ұсақ-ірілі, кейде қаздың жұмыртқасындай күлтілдеген ісіктер пайда болады. Олар кейіннен абсцесске айналады.Бартолини күлдіреуіктерін тіліп немесе жуан қан алатын инемен, трокармен тесіп, ішіндегі экссудатты сорып алып тастап, орнына йодтың 1-5 %-дық ерітіндісін жібереді. Кейбір жағдайда ісік орналасқан жердің кілегейлі қабығын тіліп, астындағы күлдіреуікті түгелдей ойып алып (экстирпация) тастайды.Алдымен, жергілікті немесе эпидуральді анестезия жасау керек, содан кейін хирургияның асептика, антисептика ережелерін сақтай отырып, операцияға кіріседі. Күлдіреуіктер көп болса олардың бәрін жарып, йод немесе карбол ерітіндісімен күйдіреді де, кілегейлі қабықты түгелдей синтомицин, левомицетин, стрептоцид майымен майлап қояды.
Гартнер түтікшесінің қабынуы (Gartneritis). Жатыр мойнына жақын тізбектеліп жатқан бірнеше күлдіреуіктерді және кілегей қабықтың жолақтанып қанталаған жерлерін көреміз. Гартнер түтікшесі саусақтың жуандығындай болып, кілегей қабықтың астында иректеліп жатады. Қалыпты жағдайда ол көрінбейді, қолға білінбейді.Күлдіреуік- ісіктер әдетте тығыз келеді. Ұстағанда мал ауырсынады, нәжіс- зәр бөліп шығарғанда да белін бүкшитіп, қиналады. Гартнер түтігінің ісіктерін жарып, ішін экссудаттан тазартқан соң, оны Люголь ерітіндісімен күйдіріп, майлы дәрілер жағады.
Жатыр мойнының қабыну (Cervicitis). Аурудың себебі негізінен жатыр мойнының туу кезінде жарақаттануы, патологиялық процестің қынаптан, жатырдан ауысуы немесе шағылысу және қолдан ұрықтандыру кезінде инфекцияның түсуі болып табылады.Клинкалық белгілері. Жатыр мойны ашық, одан шырышты немесе іріңді экссудат ағып шығып тұрады. Кілегей қабығы қызарып, қанталап, қатпарланып ісінген. Тік ішек арқылы қол салып тексергенде жатыр мойны үлкейген, қатты болып білінеді. Патологиялық үрдіс жіті түрде өтетін болса, оның қызуы көтеріліп және малдың қатты ауырсынғанын байқаймыз. Ауру ұзаққа созылғанда, дәнекер тканьнің өсуіне байланысты жатыр мойнының арнасы бітеліп қалуы мүмкін. Емдеу шаралары. Жатыр мойнын фурациллин (1:5000), риванол (1:1000), маргенец қышқылды калий (1:2000) немесе 1-2 % қос көмірқышқылды сода ерітіндісімен тазалап жуады. Қолданар алдында ерітіндіні дене температурасына дейін қыздырады. Содан кейін жатыр мойны арнасына май дәрілерге малынған анжа салып қояды немесе экзутер, метромакс, фуразолидон таяқшаларын қолданады.Осылай етіп 5-6 күн бойы емдейді. Мал қатты ауырсынатын болса, алдын ала эпидуральді анестезия жасаған дұрыс. Цервициттің бұрыннан келе жатқан созылмалы түрі болса, қосымша физиотерапиялық емдеу тәсілдерін де қолданған жөн, атап айтқанда, қынап ішіне ыстық балшық, озокерит салып емдесе, оның нәтижесі біршама жоғары болады.
Жатыр мойны индурациясы (Induratio cervicis). Кілегейлі қабаты мен етті қабатының торшалары өліп, орнына дәнекер ұлпаның өсуін айтады. Бұл патология ұзаққа созылған цервициттің нәтижесі болып табылады, кейде жарақаттанудан да болуы мүмкін. Жатыр мойны серпіліп-жиырылу қабілетінен айырылған, айналасындағы ұлпаға жабысып қалғандықтан, сол орнынан жылжымайды, тастай қатты, ауырмайды. Жатыр мойны арнасы өте тар, кейде мүлде бітеліп қалады. Жатыр мойны индурацияға ұшыраған мал, өсіп-өндіруге жарамсыз деп есептелініп етке өткізіледі.
2.3. Жатырдың кілегейлі қабатының созылмалы қабынуы.
Жатырдың кілегейлі қабатының созылмалы қабынуы (Endometritis chronica).Патологиялық үрдістің және жиналған экссудаттың сипатына қарай бұл ауру:
1. Созылмалы катаральді эндометрит;
2. Созылмалы іріңді- катаральді эндометрит;
3. Созылмалы жасырын (субклиникалық) эндометрит болып бөлінеді. Ауру бірнеше айға созылуы мүмкін. Себептері: Ауру көбінесе жіті эндометриттің жалғасы болып келеді, атап айтқанда, шу түспей қалғанда, аборт болғанда, субинволюциядан кейінгі жатырдың қабынуы, созылмалы эндометритке айналуы мүмкін. Сондай-ақ шағылысу кезінде, немесе қолдан ұрықтандыру кезінде жатыр ішіне шәуетпен бірге инфекция түсіп кеткенде, жіті эндометритті дұрыс емдемегенде, туберкулез, бруцеллез, трихомоноз (мүйізгек), кампилобактериоз сияқты жұқпалы ауру кезінде де, созылмалы эндометритті байқаймыз.Клиникалық белгілері. Ауру малдың жыныс органдарынан сыртқа қою ақ немесе сарғылт тартқан іріңді, шырышты экссудат (жалқаяқ) ағып жүреді. Малдың жалпы көңіл-күйінде көп өзгеріс жоқ, жыныс циклі ретімен келіп отырса да, бірнеше рет ұрықтандырып ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмайды. Қынап арқылы зерттегенде жатыр мойны көбінесе, ашық, кейде жабық болуы да мүмкін, қызарып, қанталап, ісініп тұрады. Тік ішек арқылы зерттегенде жатырдың көлемі үлкейіп, ішіне жалқыаяқ жиналғандықтан былқылдап тұрады. Жатыр қабырғасы қалыңдаған,тығыз. Жатырдың екі тармағы да үлкейіп, құрсақ қуысына салбырап түсіп тұрады. Ұстап сипалап қарағанда, жатыр ауырмайды, жиырылуы әлсіз ғана білінеді. Кейде ауру малдың жыныс органдарынан ешқандай экссудат ақпайды, жатырдың көлемі әдеттегідей жамбас қуысында, тек мал күйлеген кезде, оның жыныс органдарынан әдеттегіден тыс көп мөлшерде қою бұлыңғыр түсті шырыш ағып тұрады, құрамында ақ түйіршіктер болуы мүмкін. Мұндай жағдай созылмалы жасырын эндометритке тән белгілер.Диагнозды дұрыс қою үшін мұндай жағдайда эндометрияға биопсия жасап гистологиялық зерттеулер жүргізеді. Жасырын эндометрит болса, кілегей қабығының эпителийі дистрофиялық өзгерістерге ұшырап көшіп түсіп жатқанын көреміз. Одан басқа биопроба жасап көруге де болады.Ол үшін төсеніш шыныға шәуеттің бір тамшысына жатырдан аққан
шырыштың бір тамшысын араластырып микроскоппен қарағанда, спермиялардың белсенділігі күрт төмендеп, бүрісіп өле бастайды. Бұл жатырда жиналған спермиятоксиндер мен спермиолизиндердің әсері, яғни мал ауру деген сөз. Ауру ұзақ уақытқа созылғандықтан жатыр эндометриясында қайтып қалпына келмейтін, терең морфологиялық өзгерістер болуы мүмкін. Мұндай жағдайда мал ұрықтанбайды, ұрықтанған жағдайда буаздық көпке бармай үзіледі, яғни эмбриональді аборт болады. Патологиялық процесс онша тереңге кетпей тұрғанда емдеуге кіріссе, ауру мал жазылып, төл беру қабілеті қалпына келуі мүмкін. Емдеу әдістері , негізінен:а) Оқтын-оқтын жатыр ішін жиналған экссудаттан тазартып отыру; ә) Ауру қоздырғыш микробтардың зиянды әсерін әлсіретіп, немесе мүлдемтоқтату; б) Жатырдың тонусын күшейту; в) Организмнің жалпы резистенттігін көтеру бағытында жүргізіледі. Жатыр ішін жуып-шаю үшін әртүрлі дезинфекциялық ерітінділерді пайдалануға болады, атап айтқанда, марганец қышқылдыкалий 1:100; фурациллин 1:5000; этакридин лактат 1:1000; қос көмірқышқылды натрий 2 % (сода) ерітіндісін қолданады. Бұған қосымша жатырды уқалап массаж және ыстық қынап ваннасын жасайды. Жуып тазартылған жатыр ішіне микробтарға қарсы препараттар саламыз, бұл мақсатта көбінесе, антибиотиктер мен антимикробты препараттар қосылған май дәрілер қолданылады, атап айтқанда, Вишневский бальзамын, синтомицин, левомицетин, стрептоцид, йодвисмутсульфат эмульсиясын 50-100 мл шамасында 2-3 күнде бір рет салып отырады, сондай-ақ Вагитол, Люголь ерітіндісі де пайдалы. Жатыр тонусын күшейту үшін питуитрин, окситоцин, эстрофан, энзопрост сияқты препараттар салады. Созылмалы эндометрит кезінде жатыр мойны көбінесе, жабық болғандықтан алдын ала синэстрол жіберген дұрыс. Тек қана жатырдың тонусын күшейтіп қою жеткіліксіз, сонымен қатар бүкіл организмнің тонусын, резистенттілігін күшейту керек. Ол үшін рационның сапасын жоғарылату керек, малды күнделікті серуенге шығарып отырады, әсіресе, күні бойы далада жайылымда болғаны өте пайдалы. Бұған қосымша күре тамырға (венаға) глюкоза, хлорлы кальций ерітіндісін, бұлшық етке витаминді препараттарды салады (тривитамин), ихтиолдың 7 % ерітіндісін, Попков сұйығын, өз қанын өзіне құю (аутогемотерапия), тері астына уыз, АСД-нің 5 % ерітіндісін жіберу, сондай-ақ новокаин тосқауылдарын қолдану да жақсы нәтиже береді.

2.4. Аналық ұрық безінің аурулары.


Малдың қысыр қалуының көп себептерінің бірі аналық ұрық безінің аурулары. Бұл аурулар қабыну (оварит) немесе көп жағдайда оның қызметінің бұзылуы (гипофункция, атрофия, склероз, күлдіреуік, персистентті сары дене) түрінде өтеді.Аурудың пайда болуына ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Атап айтқанда, зат алмасу үрдісінің бұзылуы, жүйке жүйесі мен эндокринді бездердің (гипофиз, қалқанша без), бауыр, бүйрек, асқорыту органдарының, жатыр, қынап аурулары, рационның құнарсыздығы, малдың күн көзіне, далаға шықпауы бәрі де ақыры аяғында аналық ұрық безінің қызметінің бұзылуына әкеліп соғады.Яғни, аналық ұрық безінде фолликула өсіп, дамып жетілмейді, эстрогенді гормондар түзелмейді немесе жеткіліксіз және аналық ұрық клеткасы бөлініп шықпайды. Сөйтіп, клиникалық белгілеріне қарап, малда анафродизия, нимфомания, жарамсыз жыныс циклдері сияқты құбылыстарды байқаймыз.
Нимфомания. Бұл құбылыс малдың күйлеу үрдісінің (шылым ағу, қозу,
күйлеу феномендерінің) тоқтамай ұзақ уақытқа созылуымен сипатталады. Мұндай жағдай эндокринді бездің қызметі күшейіп кеткенде, гормональді препараттарды (синэстрол, СЖК, гравогормон) көбірек жіберіп қойғанда, аналық ұрық безінде фолликулярлық күлдіреуік пайда болғанда байқалады. Мал күйлегенімен ұрықтанбайды, себебі жыныстық циклі жарамсыз, овуляция феномені болмайды. Ұзақ уақыт созылған нимфомания біртіндеп анафродизияға ауысады. Сиырдың сырт пішіні бұқаға ұқсас келеді. Жамбас сіңірлері босап, құйымшақ түбі шұңқыр болып түсіп кетеді. Анафродизия-деп малдың ұзақ уақыт күйлемей қалуын айтады. Мұндай жағдай аналық ұрық безінің персистенттік сары денесі кезінде, гипофункция, атрофия, склероз сияқты патологиялық үрдістері кезінде, сондай-ақ жатыр аурулары мен сальпингит кезінде байқалады. Климаттың кенеттен өзгеріп кетуі де анафродизияға соқтырады.
Аналық ұрық безінің қабынуы (Ovaritis oopharitis). Жіті және созылмалы түрде өтеді. Аурудың негізгі себебі сальпингит, эндометрит, перитониттің жалғасы болып табылады. Кейде ауру өз алдына пайда болады, көбінесе тік ішек арқылы қатты уқалап массаж жасағанда, сары денені немесе күлдіреуікті езіп тастағанда зақымданудың салдарынан ұрық безі қабынады. Қабыну үрдісі серозды, іріңді, фибринозды және геморрагиялық сипатта өтуі мүмкін, бірақ оны клиникалық зерттеумен анықтау мүмкін емес.
Тік ішек арқылы аналық ұрық безін ұстап қарағанда, мал қатты ауырсынады, ұрық безінің көлемі үлкейген, қолға ыстық болып білінеді. Малдың дене температурасы да көтеріледі, жемшөпке тәбеті болмайды. Ауру созылмалы түрге ауысқанда ұрық безі қатты, сырты бұжырланған дене болып білінеді. Кейде ұрық безі өзінің айналасындағы ақ шелге, жатырдың шарбы бауына жабысып қалып, бір орнынан жылжымай қалатын да жағдай кездеседі. Екі жағындағы ұрық безі бірден қабынған жағдайда мал күйлемейді. Ауырған малды көп мазаламай бөлектеп ұстайды, оңай қорытылатын құнарлы азықтар береді. Тәулігіне 3-4 реттен 4-5 күн бойы пенициллин мен стрептомицинді 1 кг тірілей салмағына 3-5 мың ЕД бұлшық етке салады, күре тамырға (венаға) норсульфазолдың, стрептоцидтің 5-10 пайызды ерітіндісін 100- 150 мл шамасында жібереді, Мосин блокадасын жасайды, қынапқа ыстық ерітінділер құйып, ванна жасайды. Ауру асқынып кеткенде емдеу шаралары тиісті нәтиже бермейді. Сондықтан малды төл беру қабілеті жоқ деп тауып, етке өткізеді.
Аналық ұрық безінің гипофункциясы (Hypofunctio ovarii) көбінесе,сиырда, бірінші тума қашарларда қыстыгүні және ерте көктемде кездесетін ауру. Ауру ұрық безінің қызметінің әлсіреуімен, немесе мүлдем тоқтауымен сипатталады. Аурудың негізгі себебі малды дұрыс азықтандырмау, рационның құнарсыздығы, жемшөптің жетіспеуі, қараңғы-қапас, лас қорада қыс бойы далаға шығармай ұстау, сауу кезеңінің 300-күннен астам уақытқа созылып кетуі және басқа органдардың аурулары болып табылады.Ауру малдың жыныстық циклі өз ырғағымен, ретімен қайталанып отыруы мүмкін, бірақ ол қалыпты жағдайдағыдан әлдеқайда әлсіз, нашар білінеді. Яғни жарамсыз цикл байқалады, овуляция феномені болмайды, кейде 4-5 айға дейін мал күйлемейді. Тік ішек арқылы зерттегенде ұрық ұрық безінің көлемі кішірейген, жұқарған, тығыз, сырты тегіс-жылтыр екендігін байқаймыз. Жатырдың да көлемі кішірейген, тармақтары жіңішкеріп, былбырап жатады, массаж жасағанда жөнді жиырылмайды. Ұрық безінде кейде морфологиялық өзгерістерді (беріштеніп қатып қалғанын, семіп кеткенін, сары дененің тұрып қалғанын) байқаймыз. Егер де ұрық безінде терең морфологиялық өзгерістер жоқ болса, сыртқы ортаның әсерінен болған гипофункцияны емдеуге болады. Осы мақсатта малды күнделікті далаға шығарады, рациондағы жетіспейтін компоненттердің бәрін (витаминдер, көмірсулар мен белок, макро-микроэлементтер) тауып толықтырады. Басқа қосымша аурулар болса (эндометрит, вагинит, т.б.), оларды емдейді. Ұрық безінің қызметін күшейту үшін гормональді препараттар мен нейротропты препараттарды қолданады. Атап айтқанда, СЖК, КЖК, гравогормон (2-3 мың МЕ) және 0,5 % прозерин, 0,1 % карбохолин, 1 % фурамон (2-3 мл) тері астына екі рет, арасына 24-48 сағат өткізіп қайталайды. Сондай-ақ синэстрол да пайдалы, тек бұл гормональді препараттарды көп мөлшерде, жиі қолдануға болмайды. Бүкіл емдеу барысында арасына 5-10 күн салып екі рет салса жетеді. Соңғы кездері прогестерон гормонын көп қолданып жүр. Әрбір 3 күнде бір иньекциядан 2-3 рет қайталайды. Ұлпалы препараттардан уызды антибиотикпен қосып қолданады (20 мл уыз +3 мл 0,5 % прозерин + 0,5 млн ЕД пенициллин немесе стрептомицин). Осы қоспаны тері астына аптасына 1 реттен 2-3 рет қайталау керек, аутогемотерапия да пайдалы. Гормональді препараттармен қатар, ұрық безінің қызметін күшейту үшін физиотерапияны да қолданамыз, атап айтқанда, жатыр, ұрық безін күнде уқалап массаж жасаймыз, қынапқа ыстық ерітінді құйып ванна жасаймыз. Мысал ретінде мынадай бір нобай берейік: ұрық безіне массаж және қынапқа ыстық ванна, 1 % прогестеронды 10 мл шамасында 2 рет, арақашықтығы 2-3 күн, емдеу барысының 5 күні 2,5 мың МЕ гравогормон, 3 мл 0,5 % прозерин және 2 рет тривитамин (арақашықтығы 5 күн) салғанда 8-10 күннің ішінде емдеген сиырлардың бәрі күйлеп, оның 71,5 % ұрықтанып буаз болған. Арық малға гормональді препарат салудың пайдасы жоқ және жатыр ауруларында, ұрық безінде күлдіреуік пен сары дене болатын болса, гормональді препараттарды қолданбайды.
Аналық ұрық безінің семуі (Atrophia ovarium). Аналық ұрық безінің көлемі өте кішірейіп, оның қызметінің әлсіреуімен сипатталады. Көбінесе, сиырда кездеседі. Аурудың негізгі себебі дұрыс азықтандырмау, созылмалы инфекциялық аурулар (туберкуллез), асқорыту органдарының аурулары (гастроэнтерит), организмнің зорығуы, кәрілік, климаттың жағымсыз әсері, т.с.с. болуы мүмкін. Ауру мал күйлемейді немесе жыныс циклі жарамсыз болып (овуляция болмайды), қашырғанымен тоқтамайды. Тік ішек арқылы қол салып қарағанда, ұрық безі бұршақтың көлемінен де кіші, жұқарған, сырты жылтыр түйін болып білінеді. Жатыр да кішірейген, сипалағанда жиырылмайды. Егер де ұрық безінің ұлпасында күрделі морфологиялық өзгерістер болмаса, гипофункцияны емдеген әдістерді қолданады: ұрық безіне массаж, малды далаға шығару, рационның сапасын жақсарту, ұрық безінің қызметін күшейтетін гормональді препараттар салу, күйіттеуші малды (аталық малды) пайдалану, т.с.с. Ұрық безінің беріштенуі (Sclerosis ovarium). Организм ұзақ уақыт уланғанда немесе оофорит, атрофия үрдістерінің асқынуы ретінде кездесетін ауру, кейде персистентті сары дене мен күлдіреуіктің әсерінен де, кәріліктің салдарынан да болуы мүмкін.
Склероз (беріштену) аналық ұрық безінің паренхимасы дәнекер ұлпамен алмасып, тығыздануымен сипатталады. Тік ішек арқылы ұстап қарағанда, қатты бұжыр түйін болып білінеді, ауырмайды, көлемі кішірейген. Жатыр былбырап жатады, жиырылмайды. Мал күйлемейді, анофродизия құбылысын байқаймыз. Бір жақ ұрық безі ғана беріштенген болса, екінші ұрық безінің қызметін қалпына келтіруге болады. Ол үшін рационға белок, витаминдер мен минеральді заттарға бай жемшөптерді қосып беріп, күнделікті серуенге шығарып, күйіттеуші аталық малға жақындатып отырса, сонымен қатар СЖК, гравогормон немесе прогестерон препараттарын нейротропты препараттармен ұштастыра отырып қолданса, тиісті нәтиже беруі мүмкін. Екі жақ ұрық безі бірден жарамсыз болып қалғанда малды емдеудің пайдасы жоқ, семіртіп етке өткізеді.
Ұрық безінің күлдіреуігі (Cystis ovarii). Күлдіреуік деп ұрық безінің паренхимасында фолликуладан немесе сары денеден өрбіген, іші су тәрізді немесе кілегейлі сұйыққа толған патологиялық қуыстарды айтады. Олардың көлемі әртүрлі болады, кейде тауық жұмыртқасындай, тіпті, одан да үлкен болуы мүмкін. Күлдіреуіктің пайда болуына рационның құрамында витаминдердің жетіспей, керісінше, белоктың көбейіп кетуі әсер етеді, яғни жемді көп жеген малда, сүрлем, жом, барда сияқты азықтарды көп бергенде, гормональді препараттарды шамадан тыс көп қолданғанда (ББҚС, ББҚ, синэстрол) немесе басқа органдардың ауруы салдарынан (эндометрит, салпингит, гастроэнтерит) пайда болады. Алғашқы кезде мал көп уақыт күйлеп жүреді де (нимфомания), кейіннен анафродизия құбылысына ауысады. Күйлеген малды ұрықтандырғанымен ол тоқтамайды. Оның себебі не овуляция болмайды, овуляция болғанымен аналық ұрық клеткасы сапасыз, не жатыр ішінде (эндометрит болғандықтан) спермияларға қолайлы жағдай болмайды. Күлдіреуікті тік ішек арқылы ұстап көруге болады. Аналық ұрық безі күлтілдеген шар тәрізді дене болып білінеді. Сиырдың құйымшақ түбі шұңқыр болып түсіп тұрады. Күлдіреуікті кәдімгі фолликулден ажыратып айту үшін малды 5-10 күннен кейін қайта тексеру керек. Фолликулдер бұл уақытқа дейін овуляцияға ұшырап жоқ болып кетеді де, күлдіреуік сол бұрынғы орнында қала береді. Малдың рационын дұрыстап, күнделікті серуенге шығарып, жатыр, қынап ауруларын емдесе, аналық ұрық безіндегі күлдіреуік өздігінен-ақ сіңіп, жоғалып кетеді. Ал күлдіреуіктің өзін жою үшін тік ішекке қол салып, ұрық безін ұстап тұрып езіп тастайды, не болмаса жамбас арқылы сыртынан ұзын (18 см) ине салып теседі (В.Г.Мартынов әдісі бойынша). Алдын ала сиырға сакральді анестезия салу керек. Күлдіреуіктің ішіндегі сұйықты шығарып тастаған соң, орнына сол ине арқылы 2-3 мл Люголь ерітіндісін жібереді. Келесі жыныстық циклдегі фолликула тағы да күлдіреуікке айналып кетпес үшін 14 күн бойы прогестеронның 1 % ерітіндісін 5-10мл шамасында күнде салады, оның арасында 0,5 % прозеринді немесе 0,1 % карбохолинді 2-3 мл шамасында 3-4 рет (арақашықтығы 3 күн) тері астына салады. Прогестерон мен прозеринді салып біткен соң, 6-8 күн өткізіп СЖК салған дұрыс (Н.И.Полянцев).Одан басқа венаға йодит калийдің 5 % ерітіндісін 5 күн бойы 60,80,100,120,140 мл шамасында салады. Кейде венаға хорионды гонадотропин (5 мың МЕ) жіберген пайдалы. Егер де екі жақ ұрық безі де күлдіреуікке айналған болса, емдеу жұмыстары тиісті нәтиже бермеуі мүмкін, малды жарамсыз деп тауып етке өткізеді.
Персистентті сары дене (Corpus luteum persistens). Қалыпты физиологиялық жағдайда овуляциядан кейін фолликулдің орнына сары дене пайда болады. Бұл жыныс циклінің сары денесі мал ұрықтанбаса 10-15 күннің ішінде ыдырап- сіңіп жоқ болып кетеді, буаздықтың сары денесі мал төлдеген соң 10-15 күннің ішінде ыдырап-сіңіп кетуі керек. Осы мерзімнің ішіне (25-30 күнде) жойылмай тұрып қалған сары денені персистентті сары дене деп атайды. Аурудың себептері көп, атап айтқанда, жемшөптің жетіспеуінен малдың арықтауы, рационның құнарсыздығы, малды күнделікті далаға шығармау, малдың зорығуы, 300 күннен астам уақыт сауу, энтометрит, гастроэнтери (интоксикация) аурулары да сары дененің тұрып қалуына әсер етеді. Тұрып қалған сары дене организмге өзінің прогестерон гормонын ұдайы бөліп шығарып отырады да, жаңадан фолликулдердің өсіп-дамуына кедергі жасайды, сондықтан мал күйлемейді, яғни анафродизия құбылысын байқаймыз. Тік ішекке қол салып қарағанда, ұрық безінің сыртына томпайып шығып тұрған қаттылау денені сеземіз. Оның персистентті сары дене екендігін білу үшін 20-25 күннен кейін қайта тексереміз. Сол алғаш көргендегідей орны да, көлемі де өзгермеген болса, ол персистенттік сары дене болып саналады. Жатыр аздап үлкейген, былбырап құрсақ қуысына түсіп тұрады, сипалағанда жиырылмайды. Кейде жатырдың ешқандай морфологиялық өзгерістерін байқамаймыз. А.Ю.Тарасеевич персистенттік сары дененің бар екенін дәлелдеу үшін питуитрин гормонын қолданып көру керек дейді. Питуитринді тері астына салғаннан кейін алғашқыда ешқандай өзгеріссіз жатқан жатыр сипалағанда жиырылып тіршілік белгісін көрсете бастайды. Питуитринді емшек үрпісінен жібергенде (2 мл шамасында) сары дене жоқ болса, сүт катетрден атқылап шығады да, ал персистенттік сары дене отырған болса, онда сүт тамшылап қана бөлінеді. Персистенттік сары денені емдеудің, күлдіреуікті емдегендегідей, оперативті әдісі (энуклеация) және консервативті әдісі бар. Бұл әдістерді қолданумен қатар аурудың пайда болу себептерін де жою керек, яғни ауру малдың рационын дұрыстап, бағып-күтімін жақсартып, малды күнделікті далаға шығарып, оның жатырындағы немесе басқа органдарындағы ауруларды емдесе, біраз уақыт өткенде персистенттік сары дене өзі-ақ ыдырап-сіңіп кетеді.Емдеудің консервативтік әдістері деп гормональді препараттар (гравогормон, прогестерон, синэстрол) мен нейротропты препараттарды (прозерин, карбохолин) және дәрумендер мен ұлпалы препараттарды әртүрлі вариантта қолдануды айтады. Біз мынандай нобайды ұсынамыз: ұрық безі мен жатырға күнделікті массаж, арасына 5 күн салып екі рет аутогемотерапия әдісін қолдану-бірінші күні 50 мл алтыншы күні 100 мл тері астына, 0,5 % прозеринді екінші, үшінші, төртінші күні ұдайы 2 мл, тері астына, ал сегізінші күні бір рет гравогормон (2500МЕ) салады.Көп жағдайда эстрофан қолданылады немесе прогестеронның 2,5 % ерітіндісін тривитаминмен қосып, 3 күннен кейін гравогормон мен прозеринді жіберсе де жақсы нәтижеге жетуге болады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет