Сабақ жоспарлары 1-сабақ. Сурет. Тақырыбы: Сиқырлы қылқалам



бет1/8
Дата01.04.2017
өлшемі1,51 Mb.
#13189
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6   7   8
Бейнелеу іс-әрекетіне арналған үлгі - сабақ жоспарлары

1-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Сиқырлы қылқалам

Сабақтың мақсаты: Балаларды қарындаш, қылқалам, қағазды маңызымен таныстыру. Сурет салуға ынта-ықыласын, қызығушылығын тудыру. Қылқаламды дұрыс ұстап, палитраны пайдалана білуге, яғни қылқаламды бояуға батыру, қағаз бетіне сүйкей жағу тәсілдерін үйрету. Сызықтар мен сүйкей жағу ұғымдарын түсіндіру.

Қажетті құралдар: бояулар, қылқалам, палитра, қағаздар, су, сүлгі, қылқалам қоятын тұғырлар.



Сабақтың барысы: Тәрбиеші сабақты қылқалам жанында әңгімелеуден бастайды.

- Балалар, ерте кездегі адамдар сурет салуды бастағанда олардың қолында ештеңе жоқ және өздері де икемсіз болыпты. Олар бейнелерді саз балшықтан немесе тастан қашап жасайтын болған. Алғашқыда олардың құралдары саусақтары болса, одан кейін таяқшаны, шөптерді пайдаланған. Адамдарға қылқаламды жасауға ой туғызған құстың қауырсыны болды. Қазір де кейбір халық шеберлері өрнек салуға қаздың қауырсынын пайдаланады. Ертедегі қылқалам пайда болғанда оның сыртқы пішіні онша әдемі болмады, Таяқшаға жылқының қылын байлап алып, сурет салуға пайдаланды. Дегенмен де бұл да қылқалам деп есептелді. Тәрбиеші көркем сөз оқиды. "Қарындаш". Н.Айтов.

Қызыл-жасыл, қарасын,

Қолға кезек аласың.

Қарындашпен әр түрлі,

Алуан сурет саласың.

Қарындаштың көмегі,

Міне, қандай көп еді.

Ұштай біл де, ұстам біл,

Түрлі өрнек төгеді.

Шығарманың мазмұны жайында балалардан сұрау. Әңгімелесу Қарындаш деген сөзді өзі түркі тілінде "қара", "таш" (тас) деген мағынаны білдіреді екен. Бұрынғы кезде сендердің қолдарыңдағыдай қарындаштар болмаған. Оқушылар бормен немесе қорғасынмен жазған, ал суретшілер күміс таяқшалармен сурет салған. Оған теріден түтікшелер жасаған, олар желініп қалғанда таяқшаны ұштап отырған.

Бір нәрсе ала шұбар, қара тұмсық,

Қарсақ басқан ізі қисық-қисық,

Өзі жансыз, жандының күшіменен,

Борайды ат үстінде желдей есіп. (қарындаш)

Түрлі түсті қарындаштарды жасау үшін алуан түрлі түс беретін қоспалар (пигменттер) пайдаланылады екен. Бояулар туралы әңгімелеу.

Ерте, ерте, ертеде - көп мың жылдар бұрын жер бетінде алғашқы адамдар өмір сүрген, олар бірде қолдарына саз балшықты алып, оған салуға болатынын байқап көрген. Бұрынғы кездегі тасқа, жерге салынған суреттерде суретшілер осындай материалдарды пайдаланған. Мұндай саз балшықтардың және есімдіктерді бірнеше түс беретінін білген соң бұрынғы кездегі "әскерлер" өздерінін беттеріне және денесіне осында бояулармен сурет салып алатын болған. Кейін келе әйелдер мұнда бояуларды әдемілікке, косметикалық құрал ретінде пайдаланатын болды.

Акварель бояу - бұл суда жақсы еритін бояу. Ол мөлдір жәй қағазға жақсы жұғады. Акварель бояуларды дайындағанда оларды құрамына бал да қосатын болған. Оларды "балды" бояу деп атаған. Ал гуашь бояулардың негізгі құрамы - бор, оған пигменттер қосылған.

Технологиялық деректер:

1. Қылқаламмен жұмыс істеудің негізгі ережелерін түсіндіру.

а) қылқаламды суда қалдыруға болмайды;

э) сурет салып болған соң қылқаламды жуып, тазалап қою керек;

б) қылқаламды орнына қойғанда қылы бар жағын жоғарыға қаратып орналастыру керек;

2. "жағыс" және "сызықтар" ұғымдары туралы түсінік беру. Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Тапсырма: Балалар өз еріктері бойынша шағын топтарға бөлініп, "Жаз" тақырыбына сурет салады. Бір топ қарындашпен, екінші топ бояуларды пайдаланып, жұмыс жасауларына болады.

Балалар жұмыстарын талдау.



2-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Кемпірқосақ.

Сабақтың мақсаты: Негізгі түстерді араластыру арқылы қосымша түстерді алу дағдыларын қалыптастыру Қызыл + сары = қызғылт сары көк + сары = жасыл, қызыл + көк = сияқөк.

Қажетті құралдар: палитра, бояулар, қылқалам, қағаздар, су, сүлгі әліппе - дәптер.

Сабақтың барысы:

- Бүгін бізге "Бояушылар" елінен қылқалам қонаққа келіпті. Сендерді өзінің әсем де сәнді еліне қонаққа шақырады. Ол жаққа бару үшін бізге үлкен түрлі түсті көпірден өтуге тура келеді. Осындай түрлі түсті көпірдің суретін өздерің салып көріңдер. Ол үшін алдымен дәптерлеріңді ашып қараңдар, кемпірқосақтың жеті түсін естеріне түсіріңдер (дәптермен жұмыс).

Балаларға негізгі түстерді түсіндіру және оларды бір-біріне араластыру арқылы қосымша түстерді алуға болатынын көрсету. Палитрада бояуларды араластырып көреді.

Oйын "Түстерді таңда".

Балалар екі түсті араластырып, үшінші түсті алуды үйренген соң, 4-5 бояуды басқа жаққа алып қойып, өзінің алған түсі қандай бояу түстерінің қосындысы екенін айтып береді.

- Аспанда нағыз кемпірқосақ жаңбыр жауғаңнан кейін пайда болады. Сендердің алдыларың дағы ақ қағаз аспан әлемінің бір бөлшегі деп есептеңдер.

Тәрбиеші қағазды қалай сулау керектігін көрсетеді (жалпақ қылқаламмен қағаз бетін таза сумен жуып алу).

- Қағазға су сіңіп болған соң сурет салуды бастаймыз. Кемпірқосақтың суретін салу үшін қандай түсті бірінші пайдаланамыз, ұмытып кетпеңдер, жоғарыдан және қызыл түстен бастаймыз.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалардың түстерді қалай таңдайтынына және қағазға қалай сызып салатынына назар аударып, бағыт беру. Балалар жұмыстарын талдау. Талдау барысында тәрбиеші өлең оқиды.

Кемпірқосақ.

Жаңбыр жауып басылды, Аспан шайдай ашылды. Көкте қызыл-жасылды, Кемпірқосақ ашылды.

М.Әлімбаев.

3-сабақ.

Мүсіндеу. Тақырыбы: Күз сыйы.

Сабақтың мақсаты: Мүсіндеуге арналған құрал-жабдықтармен таныстыру (саз балшық, ермексаз, иленген тұзды қамыр). Қарапайым заттардың пішінін жасаудың әдіс-тәсілдерін меңгерту. Кесек саз балшықты немесе ермексазды алақан арасына салып айналдыра домалақтау немесе тақтайшаға салып көлденеңінен есіп ырғақты қимыл-қозғалыспен дұрыс мүсіндей білуге үйрету. Жұмыс жасау барысында ұқыпты болуға, тақтайшаны дұрыс пайдалана білуге баулу.

Қажетті құралдар: сәбіз бен қызылша (табиғи сәбіз бен қызылша немесе муляждары), кейбір бөліктерін жасап көрсетуге арналған кесек саз балшық немесе ермексаз, балалардың барлығына жеткілікті саз балшық немесе ермексаз, тақтайшалар, таяқшалар (стеки), сүлгі, цилиндр және шар тәрізді үлгілер, әліппе - дәптер.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларға көкөністерді көрсетеді.

- Балалар, сәбізбен қызылшаны салыстырып көрейікші, олардың ұқсастығы мен айырмашылығын анықтап алайық. Мен сәбіздің ерекше белгілерін айтамын, сендер қызылшаны салыстыра айтасыңдар. Сәбіз ұзынша келген, қызылша ше? (дөңгелек). сәбіздің жапырақтары бар, қызылшада ше? (онда да бар). Сәбіздің сырты жұмыр, тегіс, қызылша ше? (ол да тегіс).

Яғни, сәбіз бен қызылшаның ұқсастықтары коп, ал негізгі айырмашылықтары олардың пішіндерінің ар түрлі болуында екен. Сендер бұрыннан білесіңдер, белгілі бір затты мүсіндеу үшін алдымен оны алғашқы қалыпты жағдайға келтіріл аламыз. (Тәрбиеші алдын-ала дайындаған цилиндр мен шарды көрсетеді). Өздерін айтыңдаршы. Сәбізді мына пішіндердің қайсысынан жасауға болады, ал қызылшаны ше? Мен бұл пішіндерді алақан арасына салып домалақтап жасадым, ал жапырақтарын саусақтардың көмегімен жасаймын. Міне, қараңдар мен оны біртіндеп созамын (есемін). Бастапқыда ол жуан болады да біртіндеп жіңішкереді.

Сәбіздің жапырақтарын қалай жасауға болады? Кәне, кім көрсетіп береді?

Балалар мүсіндеуге кіріспей тұрып тәрбиеші жұмысты неден бастау керектігін, орындалу ретін сұрап еске түсіреді (ермексазды екі бөлікке бөлу бастапқы қалыпқа келтіріп алу, цилиндр және шар).

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар мүсіндеудің әр түрлі әдіс-тәсілдерін естерінде сақтау үшін тәрбиеші сәбіз бен қызылшаны қандай әдіс-тәсілдерді қолданып жасайтындарын естеріне түсіріп қайталайды (алақан арасына салып домалақтау, өсу, созу, ұшын шығару т.б). Сәбіз бен қызылша екеуі де тегіс, сондықтан оларды саусақтардың көмегімен сылап-сипап тегістеу керектігін айтады.

Балалар жұмыстарын талдау.

Сабақ аяқталғанда балалар барлық сәбізді бір ыдысқа, қызылшаны екінші ыдысқа салып орналастырады. Содан кейін барып тәрбиешімен бірге үлгіге ұқсас, ен жақсы жасалғандарын таңдап, еңбек нәтижесі мадақталады.

4-сабақ.

Жапсыру. Тақырыбы: Қуыршаққа қазақтың ұлттық киімін киіндіреміз.

Сабақтың мақсаты: қатырма қағаздан жасалған қуыршақтарға арналған киім үлгілерін симметриялық әдіс-тәсілдермен қиып жасауға жаттықтыру. Қатырма қағаздан жасалған үлгіге салып, киім үлгісін дайындауға үйрету. "Ұлттық киім" деген ұғымды қалыптастыру.

Қажетті құралдар: Қатырма қағаздан жасалған қуыршақтар (ұл, қыз), ақ қағаздар, түрлі түсті қағаздар, қарындаштар, қайшы, қатырма қағаздан жасалған киім үлгілері.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші: —"Ұлттық киім" деген сөздің мағынасын қалай түсінесіңдер? - деп сұрайды. Өзі балалар жауабын толықтырып түсіндіреді. Басқа да халықтар сияқты қазақ халқының өзіне тән ұлттық киімдері бар екенін айтып, балалардан киімдердің аттарын сұрайды. Олар: камзол, сәукеле, желет, тақия, шапан т.б. Ұлттық киімдерді әртүрлі мақсаттарға пайдаланатынына назар аударады. Мысалы: ерекше айтулы той болғанда, үйлену тойларында ұлттық киімдер қолданылады. Ал оның түрлері мен түстерін жыл мезгілдеріне және адамдардың жас ерекшелігіне де байланысты пайдаланады. Тәрбиеші балаларға қуыршақты киіндіру үшін қағаздан киім үлгілерін жасауға болатынын айтып, іс-әрекетке бағыттайды. Үлгіні көрсетеді. Жұмыстың келесі кезеңінде балалар тәрбиешімен бірге тік төртбұрыш қағазды екіге бүктейді (бүл мата болады), оған үлгіні (шаблон немесе трафарет) қояды, оны қарындашпен сызып алып, қайшымен қияды.

Оларды ұлттық ою-өрнектермен әшекейлейді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Әр бала өзіне қажет үлгіні алып, матаны таңдайды да оған үлгіні сызып, қайшымен қиып, қалаған киім үлгісін жасайды. Балалар өздерінің жасаған киім үлгілерін бір-бірімен салыстырып көреді, қуыршақтарын киіндіреді. Қалған заттарын үлгілері мен мата қалдықтарын қораптарға салып жинап қояды, онымен бос уақыттарында тағы да ойнауларына болады.



Балалар жұмыстарын талдау.

"Қуыршақты серуенге киіндіреміз" дидактикалық ойыны.

Ойынның мақсаты: балаларды қажетті түстерге сәйкес реңктерді таңдай білуге жаттықтыру.

Қажетті құралдар: әрбір ойынға қатысушыға күртеше киген ұл баланың, пальто киген қыздың суреті салынған карточкалар. Қуыршақтың бас киімдері мен аяқ киімдердің суреті салынған конверттер таратылады. Олар түстері жағынан ор түрлі болады. Бас киімдер мен аяқ киімдердің түстері қуыршақ киімдерінен қоюлау немесе ашықтау болады (екі бас киім, екі пар аяқ киім).

Ойын барысы: Әрбір бала қуыршақтың суреті салынған карточкалар мен бас киім және аяқ киім салынған конверттерді алады.

Тәрбиеші:

- қуыршақ серуенге шығу үшін әлі толық киініп болған жоқ ол үшін төмендегідей тапсырмаларды орындаңдар, - деп нұсқау береді.

- Қуыршақтың күртешесі немесе қыздың пальтосының түсінен ашық түсті бас киім және аяқ киім киіндіріңдер;

- Қуыршақтарға үстіндегі киімдерінен қоюлау түсті бас киім және аяқ киім киіндіріңдер;

- Бас киім қою түсті, ал аяқ киім ашық түсті болсын;

- Бас киім ашық түсті, ал аяқкиім қою түсті болсын;

Әрбір тапсырманы орындау барысында тәрбиеші балалардан: - Серуенге шығу үшін, қуыршағын қандай түсті киімдер киіп шықты? - деп сұрайды (түс реңктерін айтқызады). Балалар пальтоның түсі және бас киім мен аяқкиім түстерінің реңктерін ажыратып айтып береді.

5-сабақ.

Тақырыбы: Meн қандай көбелек көрдім? (кляксография)

Сабақтың мақсаты: қылқаламмен дұрыс жұмыс істей білу дағдыларын қалыптастыру, қылқаламды бояуға батыру палитраны пайдалану, негізгі түстерді араластыра отырып қосымша түстер алу. Сурет салуда "кляксография" тәсілдерімен таныстыру.

Қажетті құралдар: қағаз, гуашь, палитра, қылқалам, су, сүлгі, көбелектер суреттері немесе слайдтар, фотосуреттер.

Сабақтың барысы:

1. Кіріспе әңгіме. Көбелек туралы өлең оқу. "Көбелек" А.Сәрсеков.

Мен тимеймін, жасқанба,

Дос болайық, көбелек.

Жайнап тұрған бақшамда

Гүлдерімді көре кет.

Тұтқиылдан састыра,

Жаңбыр жауса себелеп,

Тақиямның астына

Тығыла ғой, көбелек.

2. Көбелектердің суретін (гербарийлерді), фото суреттерін слайдтар арқылы көрсету.

Жұмыстың орындалу реті:

1. Қылқаламды таза суға батырып, онымен бояудың үстіне су тамызамыз. Бояудың жарты бөлігі су болады. Енді бояуды сумен араластырамыз.

2. Араластырған бояуға қылқаламды батырамыз. Қылқаламмен көбелектің оң жақ қанатына дақ түсіреміз. Алдымен сары түс, содан кейін қызыл түс, содан кейін көк түсті кезекпен тамызамыз. Әрбір бояуды пайдаланған соң, қылқаламның ұшын суға тазалап жуып отырамыз.

3. Қағазды дәл ортасынан бүктеп, көбелектің сол жақ қанаты мен он жақ қанатын беттестіреміз де оны қолымызбен үстінен сипаймыз. 1,2,3,4,5-ке дейін санаймыз.

4. Көбелектің қанатын ашамыз. Егер көбелектің қанатындағы бояу өте солғын болса, яғни сендердің бояуларыңның өте сұйық болғаны. Егер бояудың суы аз болса, онда бояуларың кеуіп қалады да келесі қанатына дақ түспей қалады. Бояу жақсы, дұрыс араластырылған жақсы дақ түсірілген болса, онда көбелектің сол жақ қанатының өрнегі оң жағымен бірдей болып шығады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары. Балалар жұмыстарын талдау.



6-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Сиқырлы дөңгелектер.

Сабақтың мақсаты: Дөңгелек пішінді заттардың суретін салуды үйрету, шығармашылық қабілеттерін, ой-қиялын дамыту байқағыштығы мен көз мөлшерін, қолдың қимыл-қозғалыс үйлесімділігін қалыптастыру. Шыдамдылыққа, төзімділікке, еңбексүйгіштікке тәрбиелеу.

Қажетті құралдар. Әліппе - дәптер, дөңгелек заттардың суреті бейнеленген көрнекіліктер, ақ қағаз, қарындаштар.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші көрнекіліктер бойынша өздері көрген суреттердің ұқсастықтарын сұрайды (қарбыз, доп, күн т.б). Дөңгелекке ұқсас заттардың ұқсас белгілерін анықтайды (дөңгелектің бұрыштары жоқ, оны дөңгелетуге болады). Балаларға дөңгелек заттарды атауды ұсынады (алма, түйме, т.б). Сондай-ақ, шеңберге ұқсас заттарды атап айтқызады, салыстырады.

Дидактикалық ойын: "Суреттегі затты аяқта"

Тәрбиеші дөңгелек сызады, ал балалар оның қосымша бөліктерін салады. Оны белгілі бір бейнеге ұқсатады (сурет салуға арналған дәптерге қараңыз). Балалар жұмыстарын талдау.



7-сабақ.

Мүсіндеу. Тақырыбы: Жемістер мен көкөністерден натюрморт.

Сабақтың мақсаты: балалардың өздеріне таныс заттарды мүсіндей отырып, оларды біртұтас мазмұнға біріктіру (ұжымдық композиция құру). Заттардың пішінін таяқшалармен, штамптармен бедерлеп мүсіндеу. Композиция құру іскерліктерін дамыту (заттарды ыдысқа түстеріне, көлеміне, пішініне қарай әдемілеп орналастыру). Жемістер мен көкөністерді мүсіндеу дағдыларын бекіту, ыдыстың көлеміне қарай жасаған заттарының ерекшелігі мен сипаттарына сәйкес өздігінен ажыратып, оларды дұрыс таңдап орналастыруға, жалпылама жұмыс жасауда нәтижеге жете білуге тәрбиелеу.

Қажетті құралдар: тәрбиешіде жемістер мен көкөністерден жасалған натюрморт болады (муляждар болуы мүмкін). Екі балаға бір ыдыс беріледі. Түрлі түсті ермексаз, таяқшалар (стека), таяқша немесе клеенка, сүлгі (ыдыстардың көлемі әр гүрлі болады).

Сабақтың барысы: Тәрбиеші натюрморт суретін көрсетеді. Балаларға суретті әңгімелетеді; жемістер мен көкөністердің аттарын айтқызады, суреттен не көріп отырғанын, түстерін және қалай орналасқанын сұрайды. Жетекші сұрақтар арқылы балаларға көріп отырған заттардың бәрі де түр-түсіне, көлеміне қарай үйлесімді белгілі бір ретпен орналасқанын түсіндіреді. Суретшілер үй тұрмысына қажетті немесе табиғат заттарының мұндай орналасуын натюрморт деп атайды.

Натюрморт деген сөзді балалармен бірнеше рет қайталайды. Содан кейін жемістер мен көкөністерден жасалған натюрмортты көрсетеді. Балаларға екі-екіден бірігіп отырып ермексаздан көкөністерді мүсіндеу ұсынылады. Оларды әдемілеп орналастырып, натюрморт жасайды. Мүсіндеу алдында кім қандай көкөністі немесе жемісті жасайтынын бір-бірімен келісіп алыңдар. Олар өте көп қайталанып кетпесін және орналастыруға мән беріңдер деп ескерту жасалады. Әрбір бала екі-үш заттан жасауға болады. Тәрбиеші балаларға көлемі жағынан әр түрлі ыдыстарды көрсетіп, олардың көлеміне қарай жемістерді, көкөністерді орналастыруға болады.

Жұмысты неден бастау керек? (Кім қандай жемісті немесе көкөністі мүсіндейтінін ақылдасуда). Тәрбиеші жемістер мен көкөністердің түстеріне сәйкес ермексаздың түстерін таңдап алуға кеңес береді, ұсақ бөліктерін және оның сыртқы пішінін тегістеу үшін таяқшаларды (стекалар) қолдануды ұсынады. Балалар жұмыстары аяқтала бастаған кезде оларға осы жасағандарын ыдыстарға натюрморт жасап әдемілеп орналастыру қажет екенін ескертеді. Үлкен ыдысқа барлығының жұмыстарын орналастырады.

Балалардың өз бетінше жұмыстары. Сабақ соңында дайын болған жұмыстарды үстел үстіне қойып, балалармен бірге қарайды.

Балалар жұмыстарын талдау

Балалардың еңбек нәтижесінде сәтті шыққан жұмыстарға ерекше тоқталып, оның мазмұны орындалу мәнері, жемістердің көлемі, пішіні, түр-түсіне назар аударып, атап өту керек. Сабақ барысында аталмаған кейбір жемістерді балалар өздігінен жасайтын болса, оны ерекше мадақтау керек. Осы жұмыстарды қалай бірлесіп жасағандары туралы балаларға өздеріне әңгімелетуге болады. Балалардың назарын үлкен ыдыстағы өздері дайындаған заттардың қалай орналасқанына, үйлесімділігіне және мазмұнына аудару. Олар өздігінен жеке жасайтын болса, мұндай әдемі натюрморт болмас еді. Көп болып енбек етудің нәтижелі болатынын ескертіп, еңбек туралы мақал-мәтелдер айта отырып, сабақты қорытындылайды.



8-сабақ.

Жапсыру Тақырыбы: Дастарқанды өрнекте.

Сабақтың мақсаты: Қайшыны дұрыс ұстап, оны еркін пайдалана білуді, жіңішке және жалпақ жолақ қағаздарды кию дағдыларына жаттықтыру, геометриялық пішіндерден жолақ қағазға, дөңгелекке, шаршыға өрнектер құрап ретімен орналастырып жапсыруды үйрету.

Қажетті құралдар: түрлі түсті қағаз, желім, қайшы, дастарқан үлгісі.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші: —"Өрнек" (орнамент) - деген сөз латын тілінен аударғанда әшекейлеу деген ұғымды білдіреді. Ол бірнеше ою-өрнек элементтерінің ретімен орналасуынан құралады. Әрбір өрнектің өзіндік орналасқандықтары ақталады. Олар симметриялық және ырғақпен кезектесіп орналасады. Өрнектер кез келген көркем бұйымдарды әшекейлеу үшін қолданылады. Ою-өрнек заттарға әсемдік береді, оның пішіні мен сапасын да мәнерлі көрсетеді.

Тәрбиеші балалармен әңгімелескен соң оларға геометриялық фигураларды таратып береді де осы дастарқанды өрнектеуді өтінеді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Тәрбиеші балалардың қолдарындағы геометриялық фигуралар, яғни дастарқанды өрнектеуде өзінің орнын тауып, түр-түсі, пішіні, көлеміне сәйкес орналасуына бағыт береді. Мысалы: шаршы тәрізді пішінге төртбұрышты келетін өрнектер, дөңгелек пішінді заттарға дөңгелек өрнектер немесе киімдердің шеттеріне (жағасына, жеңіне) жолақ тәрізді өрнектермен әшекейлесе заттардың әдемі болатынын ескертеді.

Балалар жұмыстарын талдау.

9-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Сиқырлы үшбұрыштар.

Сабақтың мақсаты: үшбұрышты заттардың суретін сала білуге үйрету. Шығармашылық ой-қиялын дамыту. Сурет салу іскерлік дағдыларын қалыптастыру. Бір-бірін тыңдай білуге, келісе отырып еңбек етуге тәрбиелеу.

Қажетті құралдар: Әліппе - дәптер. Үшбұрыштың суреті бейнеленген көрнекіліктер, қағаз, қарындаштар.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші көрнекіліктерді көрсете отырып, олардың ұқсас белгілерін атап айтуды өтінеді. Налалармен бірге заттардың ұқсастықтарын анықтайды. (3-бұрышы бар, 3-төбесі бар, 3-қабырғасы бар т.б). Содан кейін балалар өздері отырған жерде айналасындағы заттардан үшбұрышқа ұқсас заттарды тауып айтады (үйдің төбесі, сәукеле, шырша т.б), кейбір затардың бөліктеріне кіретін үшбұрыштарды да атайды.

Дидактикалық ойын: "Заттардың суретін аяқта."

Тәрбиеші үшбұрышты сызып суретін салады, балалар оның жеке бөліктерін толықтырып аяқтап, белгілі бір заттың бейнесіне ұқсатады (сурет салуға арналған дәптерге қараңыз).

Балалар жұмыстарын талдау

10-сабақ.

Сурет. Тақырыбы: Суық және жылы түстер.

Сабақтың мақсаты: Балаларды "суық" және "жылы" түстермен таныстыру. Түстердің реңктерін сезінуді дамыту. Әрбір түстің өзіндік сипаты, ерекшелігі және көңіл күйге де байланысты пайдаланатынын түсіндіру.

Қажетті құралдар: акварель бояу, қылқалам, палитра, қағаз, су, сүлгі, қылқалам қоятын тұғырлар, әліппе - дәптер.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларға жылы және суық түстерді пайдаланып салынған суреттерді мұқият қарауды ұсынады.

- Балалар, сендер қалай ойлайсыңдар, суретші осы суретте жылы және суық бояу түстерін қалай қолданған? Қысқы кешті табиғат көрінісін сары қызыл, қызыл, сары түспен салғаны, көңілсіз шыққан шығар? Ал, қуанышты сәтті көк түспен салған болар? Жылы түс бізге оттың жылылығын еске түсіреді. Олар сары және қызыл реңктер береді. Көк, қара, көк түстердің реңктері суық түс деп аталады.



Ойын. "Бір түстің көп реңктерін кім көп құрайды?"

Сиқыршы салған суреттерді балалармен бірге қарау, ол туралы әңгімелету, олардың ертегідегі достарына деген жағымды, қайырымдылық сезімдерін ояту. Суреттерді өз еріктерімен бояуды ұсынады, бірақ алдын-ала шарт қойылады: сендердің салған суреттеріңді көрген адамдар олардың ең сүйікті, мейірімді сиқырлы екенін немесе ашулы, мейірімсіз сиқыршы екенін (колдун) бірден білетіндей болсын. Мұндай айырмашылықтарды беру үшін сендерге бояу түстері көмекке келетінін ұмытпаңдар, қандай түспен оны бейнелеуге болатынын ойланыңдар.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балаларға бояу түстерін қалай болса солай қолдануға болмайтынын, түс арқылы салынатын кейіпкердің мінез-құлқы, сипаты ашылатыны түсіндіріліп, түстерді таңдап пайдалануға бағыт беріледі.

Балалар жұмыстарын талдау

11-сабақ.

Тақырыбы: Саңырауқұлақтар алаңы.

Сабақтың мақсаты: Балалардың өздеріне таныс бірнеше бөліктен тұратын заттарды мүсіндей білу дағдыларын бекіту оларды мазмұн бере біріктіріп, ұжымдық жұмыстың нәтижесіне жетуге қызығушылығын арттыру.

Қажетті құралдар: ермексаз, тақтайшалар, таяқшалар, сүлгі, үлгі суреттер.

Сабақтың барысы: Тәрбиеші балаларға күзгі орманға баратындарын айтады.

- Біз бұл саяхатқа қандай көңіл күймен барамыз? Көңілді, қуанышты болсын деп, күннің өзіде күлімдеп сәт сапар тілейді! Мына соқпақ жол бізді орманға апарады (тақтада күзгі орман көрінісінің суреті). Күздің салқын, самал желі есіп түр, аққайыңдардың бұтақтары қозғалып, жапырақтары бір-бірімен сыбырласып тұрғандай. Кәне, бәріміз қайыңдар тәрізді теңселіп көрейікші (қолдарын жоғары көтеріп шайқалады). Ал, енді міне саңырауқұлақтар өсіп тұрған алаңға да келіп жеттік (тақтаға тағамға пайдаланатын және улы саңырауқұлақтардың суреттері ілінеді). Біз қандай саңырауқұлақтар жинасақ екен? Олардың исі бар ма? Саңырауқұлақтар әр түрлі жерлерде өседі, кейде топ-топ болып топталып өсетіндері де кездеседі. Олардың ішінде улы саңырауқұлақтар да бар, біз оларды алаңда қалдырамыз, жинамаймыз. Тәрбиеші саңырауқұлақтарды мүсіндеудің әдіс-тәсілдерін көрсетеді (дәптердегі үлгіге қарап талдау жасайды). Алдымен ермексаздың бір кесек бөлшегін алып оны шұжық тәрізді алақан арасына салып есеміз, ол саңырауқұлақтың сабағы болады. Келесі кесек бөлшекті алып алақан арасына салып немесе тақтайшаға қойып айналдырып домалақтаймыз да оны шеттерін саусақтармен басып жалпақтаймыз. Бұл - саңырауқұлақтың қалпағы. Енді екі бөлікті бір-біріне біріктіріп, олардың сырттарын тегістейміз. Тәрбиеші балалардың суреттен қандай саңырауқұлақты таңдағанына қарай отырып, сондай түсті ермексазды пайдалануларына бағыт береді.

Балалардың өз бетінше жұмыстары.

Балалар жұмыстарын талдау

Жұмыс аяқталғанда алаңдағы өсіп тұрған көп саңырауқұлақтарды тамашалап, ең жақсы жасалғандарын ерекше атап ету Орындалу мәнеріне назар аудару.


Каталог: uploads -> doc -> 12e4
doc -> Сабақ жоспары «Сәулет және дизайн» кафедрасының арнаулы пән оқытушысы, ҚР «Еуразиялық Дизайнерлер Одағының» мүшесі: Досжанова Галия Есенгелдиевна Пәні: Сурет және сұңғат өнері
doc -> Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу
doc -> Тәрбие сағаттың тақырыбы: Желтоқсан жаңғырығы
doc -> Сабақтың тақырыбы : Әбунасыр Әл- фараби Сабақтың мақсаты
doc -> Сабақ жоспары Тақырыбы: Үкілі Ыбырай Мектеп:№21ом мерзімі
12e4 -> «Шолаққарғалы ауылындағы негізгі орта мектеп» кмм «Бекітемін» мдоіж орынбасары
12e4 -> Сабақтың тақырыбы: Менің Қазақстаным Сабақтың мақсаты
12e4 -> Сабақтың тақырыбы: Төрт түлік. Сабақтың мақсаты
12e4 -> Жарықтың шағылуы құбылысын сипаттауда қолданылатын түсінікті білу: жарық сәулесі, шашыратқыш бетке жүргізілген нормаль, түсу бұрышы, шағылу бұрышы
12e4 -> Сабақ тақырыбы: Шеңбердің ұзындығы. Дөңгелектің ауданы. Шар


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет