Сабақтас құрмалас сөйлем Аралас құрмалас сөйлем. Салалас құрмалас сөйлем


Құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары және түрлері



бет4/4
Дата06.02.2022
өлшемі32,83 Kb.
#67128
түріСабақ
1   2   3   4
Байланысты:
құрмалас

2 Құрмалас сөйлемнің жасалу жолдары және түрлері
Жай сөйлем құрамына енген сөздердің бір-бірімен грамматикалық тығыз байланыста тұратыны сияқты құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер де өзара байланыста болады. Тек осындай байланыстың арқасында ғана жай сөйлемдердің бастары бірігіп, күрделі ойды білдіретін бір бүтін сөйлем бола алады. Жай сөйлемдер арасындағы байланыс та сөйлем мүшелері арасындағы байланыстра сияқты бірдей теңдік қатынасқа негізделген салаласа байланыс болса, бірде грамматикалық жақтан біріне-бірі меңгерілу, бағыну негізінде сабақтаса байланыс болады. Жай сөйлемдер байланысының бұлай әр түрлі болуы оларды байланыстырушы дәнекерлердің, амал-тәсілдердің әр алуандылығында. Мысалы: Жығылған ағаш жолымызды бөгеп, оларды айналып өтіп әлек болатынбыз. Баукең бөлімге қайта келіп кіргенше, ол өлеңді шумақ-шумағымен есіме түсіріп өттім (Ә. Нұршайықов). Надан Малқар ескі әдетімен елді қорқытып ұстамақ болса, залым Шәкендер алдап ұстамақ (Ғ. Мұстафин). Дүниеде түрме барын, оған жазықты адамдарды қамайтынын Хакім білетін, бірақ ешбір қылмысы жоқ жанды түрмеге отырғызатынын, оны айыптап басына пәле жабатынын ол білмейтін (Х. Есенженов). Сенің жөнің бөлек дегенім сол, сен сонау жиналған жас буынның қайнаған ортасындасың (М. Әуезов).
Бұл мысалдардың алдыңғы үшеуінде компоненттер бір-бірімен алдыңғысының баяндауыш формасы арқылы құрмаласқан. Бұл – құрмалас сөйлем компоненттері байланысының синтетикалық жолы деп аталады. Мысалдың төртінші сөйлемінде компоненттер бір-бірімен жалғаулық арқылы байланысқан да, мысалдардың соңғы сөйлеміндегі компоненттер бірлігі интонация арқылы көрінген. Соңғы екеуі құрмалас сөйлемнің аналитикалық жолмен жасалуы деп аталады. Бұл екі тәсіл құрмалас сөйлемнің салалас түрінде де, сабақтас түрінде де бар. Салалас түрінде компоненттер байланысы, негізінде, аналитикалық тәсілдер арқылы (не бірыңғай интонация немесе жалғаулықтар арқылы) көрінеді де, сабақтас түрінде аталған екі тәсілдің екеуі бірдей дәрежеде қолданылады. Мысалы: Игіліктің үйіне кіріп келе жатқан жаңалықтардың бәрі де Ушаков пен осы Бушуев арқылы өтіп жүргендіктен, бұл екеуі Омардың көптен бері істес болып келе жатқан адамдары еді (Ғ. Мүсірепов). Барон алдыңғы бөлмеде тыпырши күтіп сағатына соңғы рет қараған кезде, атаман мен генералдың Сұлтан жөніндегі сөздері осы сияқты еді (Есенженов). Мұндағы алдыңғы сөйлем компоненттері синтетикалық, соңғы сөйлем компоненттері аналитикалық жолмен байланысқан, екеуі де сабақтас құрмаласқа жатады.
Сөйтіп, құрмалас сөйлем болу үшін оның құрамына енген компоненттер бір-бірімен синтаксистік байланыста тұруы шарт. Оларды синтаксистік қатынасқа келтіріп, бір бүтін етіп тұратын грамматикалық амал-тәсілдер түр-түрлі. Олардың қатарына төмендегілерді жатқызуға болады:
1. Құрмалас сөйлем құрамындағы компоненттердің алдыңғысының баяндауышы етістіктің тиянақсыз түрінде айтылуы арқылы кейінгі компонентпен байланысады. Бұл тәсіл арқылы сабақтас құрмалас сөйлем жасалады. Мысалы: Қараңғы көрдей үңгірге көзім енді үйреніңкіреп, жылтыраған шамның әлсіз жарығы күңгірттендірген төңірегіме қарасам, қасқырдың апаны сияқты шұрық-шұрық тесік екен (С. Мұқанов). Бірінің кеудесін сағыныш билесе, бірінің кеудесін кек кернеп күрсінеді (Ғ. Мүсірепов). Үй толы халық тұйыққа тірелгендей аңтарылып қалғанда, жігіттердің арасында үркердей болып отырған он шақты қыздың ішінен біреуі шырқай жөнелді (Ә. Нүрпейісов).
2. Компонеттер септеулік шылаулардың немесе солар мәндес сөздердің дәнекерлігі арқылы құрмаласады. Мұндай қызмет атқару үшін айтылған дәнекерлер атау, барыс, шығыс септікті есімшелерге көмекші болып тұруы шарт. Бұл тәсіл арқылы да сабақтас құрамалас сөйлем де жасалады. Мысалы: Учительдің аулы арғы бетке, жайлауға, көшіп кеткеннен бері, екі күн ұдайымен арқалары бос жүрген Әлібек пен Әділбек түбекті мейлінше аралаған болатын (Х. Есенжеанов). Шақырған кісілер төрге жайғасып болған соң, Құдайменде урядникке көзінің қиығын тастап қойды (Ә. Нүрпейісов). Құтжан үйіне жеткен кезде, бұлар аз көмірді шығар ауызға тастап та үлгерген еді (Ғ.Мұстафин).
3. Компоненттер бір-бірімен жалғаулық шылаулар, немесе солар мәндес сөздер арқылы құрмаласады. Бұл тәсіл арқылы салалас сөйлем жасалады. Мысалы: Баршагүл қасына шопан ертіп еді, бірақ ол ілесе алмай кейін қала берді. Қараңғыда адамның бір минуты жылдай көрінетіні бар ғой, сондықтан Баршагүл қанша жортқанмен болжай алмады (Ғ.Сыланов).
4. Компоненттер мағына жалғастығы, интонация бірлігі арқылы бір-бірімен іргелесе айтылып құрмаласады. Бұл тәсіл арқылы жаалатындар-жалғаулықсыз салалас сөйлемдер. Мысалы: Мына екеуі жай келістірушілер деп еді, шал мен жігіт анау екеуіне сүзеген бұқаша қарады (Ғ.Мұстафин). Өлім мен өмір сияқты қараңғы мен жарық та кезек жеңіседі, тірлік үшін бұлар да тартысып жатады (Ә.Нұрпейісов).
5. Тіліміздің синтаксистік құрылысы дамуының кейінгі сатысында дербес жай сөйлемдер баяндауыштары қызметінде де, салалас құрмалас сөйлем компонентінің баяндауышы қызметінде де есім сөздер жиі қолданылады. Мысалы: Сіз іздеген Төлеуқанның ауылда екені рас, бірақ ол бұл іске араласпайды. Сіздің іздеген затыңыз біздің қоймада бар, бірақ бастықтың рұқсатынсыз бере алмаймын. Олардың бәрі де қырман басында. Сіздер де сонда барыңыздар. Оның жасы биыл он жетіде, соған қарамастан көргені көп. Ол мұнда жоқ, сондықтан жолыға алмаймыз.
Бұл мысалдағы сөйлемдердің барлығы да салалас құрмалас сөйлемдер және олардың бәрінде де алдыңғы компоненттерінің баяндауыштары есім сөздерден болған.
Мағыналық жақтан өзара іліктес, интонациялық жақтан біртұтас болып келу құрмалас, сөйлем атаулының барлығында да болатын қасиет, бірақ бұл қасиет құрмалас сөйлем жасаудың алдыңғы үш тәсілінде басқа дәнекерлермен қабаттаса жүрсе, соңғысында, яғни жалғаулықсыз салалас сөйлем жасауда, ол ең негізгі тәсіл болып есептеледі.
Бұл айтылған тәсілдердің дәнекерлік қызметтері құрмалас сөйлемнің әр түріне жеке тоқталған жерлерге толығырақ сөз болмақ.
Құрмалас сөйлем жасауда оның компоненттерінің орналас тәртібінің де атқаратын өзіндік рөлі бар. Енді соған келейік.
Сөйлем мүшесі қызметін атқаратын әрбір сөздің сөйлемде қалай болса солай тұра салмай, белгілі тәртіппен орналасатыны сияқты, құрмалас сөйлем компоненттерінің орналасуында да белгілі қалыптасқан тұрақты заңдылықтары болады. егер компоненттердің тілімізде қалыптасқан орын тәртібі бұзылса, жай сөйлемдердің бір-бірімен байланысы, сөйлемнің құрмаластық қасиеті жойылып қана қоймайды, сонымен бірге, сөйлемнің ұғымы ауырлап, кейде сөйлем болудан да қалады. Сондықтан сөйлем мүшелерінің орын тәртібі сөздердің синтаксистік қатынастарының басты бір көрсеткіші болатыны сияқты, құрмалас сөйлем компоненттерінің орын тәртібі де жай сөйлемдерді құрмаластырудың елеулі бір жолы болып есептеледі.
Құрмалас сөйлем компоненттерінің орналасуында мынадай заңдылықтар бар:
а) Салалас құрмаластың болсын, сабақтас құрмаластың болсын тиянақсыз компоненттері әрдайым бұрын айтылады да,тиянақты компоненттері кейін айтылып, сөйлемді аяқтап тұрады.Мысалы , Сәуле түсінгендей түр көрсетіп, көз қиығын тастап еді, ол кеудесін көтере түсті. Бірақ бұрынғыдай емес, кеудесін қанша көтерсе де, еңсесі көтерілген жоқ. Бұрынғы ойлы жүзін ауыр мұң басып, бұрын үнемі шаттық ойнап тұратын көзінен қазір ыза оты жалтылдайды (Ә.Әбішев).
ә) Поэзияда құрмаластың тиянақты компоненттері мен тиянақсыз компоненттерінің орын тәртібі өзгеріп, үйлесіміне қарай түрленіп айтыла береді. Мысалы:
Жауыз ойлап, жалған күлме,
Жаның таза болса егер!
Жәдігөй боп өмір сүрге,
Арың таза болса егер (Ж.Сайн).
Ақынның аты ақын ба,
Жылжымай сөзі жорғаша,
Телегей-теңіз тәтті жыр
Көкіректе толмаса (Н.Байғанин).
Қара сөзбен айтылған құрмалас сөйлемдерде тиянақсыз компоненттің бұрын тұруы қазақ тілінің стилистикалық ерекшелігінің бір көрінісі болатыны сияқты поэзияда ол компоненттердің орналасу жағынан әр түрлі болып келуі де тілімізде қалыптасқан заңдылық деп саналады.
б) Сабақтас құрмалас сөйлемнің тиянақсыз компоненті кейде тиянақты компоненттің ішінде келетін де бар. Бірақ бұл – тілімізде кең тараған құбылыс емес өте сирек кездеседі және мұндай құрылыста айтылудан сөйлемнің тек интонациялық жағына азды-көпті өзгеріс енгені болмаса, оның компоненттерінің байланысына, мағынасына ешқандай өзгеріс енбейді. Сондықтан бағыныңқы компонентті бірінші орында айтылған сабақтастардың көпшілігін ол компонентті тиянақты жай сөйлемнің ішінде келтіріп, өзгертіп айтуға немес керісінше қойып айтуға болады. Мысалы: Әкем етегімнен ұстағанша, мен арызымды Таласқан беріп те үлгірдім (Ә.Сәрсенбаев) деген құрмаласты мен, әкем етегімнен ұстағанша, арызымды таласқа беріп те үлгірдім. Айырмашылығы тиянақты компоненттің сөйлем басында келтірілген бөлшегіне біраз екпін түсіріле айтылады.
Құрмалас сөйлем компоненттерінің орналасуында, жоғарыда көрсетілгендей орын тепкен тұрақты тәртіптің болуы түрлі жағдайларға байланысты. Ондай жағдайлар қатарына құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыш формасы мен интонациясы және мағыналық қарым-қатынастары жағынан өзара тең болмауларын жатқызуға болады. Сонымен бірге, компоненттердің орын тәртібіне жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыратын кейбір шылаулардың да тигізетін әсері күшті. Олай дейтін себебіміз: сөйлем болсын, құрмалас сөйлем болсын, бәрібір, аяқталған ойды білдіру үшін формалық жағынан да, интонациялық жағынан да тиянақты болуы шарт. Ондай тиянақтылығы болмаса, олардың сөйлемдік сәні болмайды. Міне, сондықтан да Үш жылға дейін бір арба кен келмесе де, завод тоқтамайды (Ғ.Мүсрепов) деген құрмалас сөйлемді компоненттерінің орнын ауыстырып, завод тоқтамайды, үш жылға дейін бір арба кен келмесе де деп айту қазақ тілінің сөйлеу нормасына сай келмейді. Өйткені соңғы вариантта тиянақсыз компонент сөйлем сонында айтылған. Ал енді: Кешке мейрамға арналған жиналыс болатын еді, жігіттердің қырынып алуға көңілдері кетті (Ғ.Мүсрепов). Абайдың қиналғанын Ділда сезді, бірақ ол түк өкінген жоқ (М.Әуезов) деген құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыштары тиянақты формада айтылған. Бірақ соған қарамастан олардың орын тәртібін өзгертіп айтуға болмайды. Егер өзгертіп айтатын болсақ, олардың арасындағы мағыналық қатынас бұзылады, соңғысы тіпті құрмаластық сипаттан біржола айрылады. Бұл жағдайлар құрмалас сөйлем компоненттерінің орын тәртібінің тұрақтылығын және оның жай сөйлемдерді құрмаластыруда шешуші рөл атқаратындығын аңғартады.
Қандай ғылым болса да зерттеуді, түсінуді жеңілдету үшін өз объектісін түрлі топқа жіктеп қарау тәсілін қолданады. Мұндай тәсіл латын тілінен ауысқан классификация деген терминмен аталады. Классификация атаулының қандайы болса да, жіктеуге, түрлі класқа бөлуге негіз етіп әрбір топқа, класқа енетін заттарға, құбылыстарға, категорияларға ортақ, барлығында бірдей кездесетін белгілерді алады. Ондай ортақ белгісіз ешқандай да классификация болмайды. Белгілі бір класификациялық топтық құрамындағы заттардың, құбылыстардың, категориялардың екінші бір топтап өзгешелік дәрежесі классификацияға негіз етіп алынған белгілердің, қасиеттердің сипатына, өзгешелік дәрежесіне байланысты. Классификациялық белгі неғұрлым ашық, айқын болса, бір топтағыны екінші топтағыдан ажырату да соншалық жеңіл болады.
Классификациялық белгі де бірден тап басып таныла қоймайды. Ғылымның даму дәрежесінде байланысты ол да бірте-бірте айқындалып жетіледі. Ғылымның әлі жетіле қоймаған, өз объектісін жан-жақты танып үлгірмеген кезеңдерінде классификациялық жіктеуге негіз етіп алынатын белгілер де әр түрлі болуы, зерттеуші бір түрлі белгілі басшылыққа алса, екіншілері басқа бір белгілерге сүйенуі мүмкін. Осыдан келеді де, классификациялық ала-құлалық туады. Бұл – ғылым атаулының басым көпшілігінде кездесіп отыратын құбылыс. Мұндай құбылыс құрмалас сөйлемді жіктеуде де көпкездеседі.
Қазан революциясынан бұрын орыс тілінде жазылған грамматикалық әдебиеттердің бір-екеуінде ғана «сложносочиненное, сложноподчиненное» деген атаулардың кездесетіні болмаса, олардың ешқайсысы да өз ішінен ұсақсалаларға жіктелмеген. Жіктеудің ондай түрлері жоғарыда айтылған, «Тіл құралына» басталады. Онда қазақ тіліндегі сөйлемдердің бір-бірімен құрмаласуын «қиысқан құрмалас, сыйысқан құрмалас» деп, екі салаға бөледі де, қиысқан құрмаласты өз ішінен салалас, сабақтас дейтін түрлерге жіктейді. Салалас құрмаласқа тән белгі – оның құрамды бөлшектерінің өзара тең болуы болса, сабақтас құрмаласқа тән белгі – оның бөлшектерінің тең болмай, бірі екіншісінен кем болуы дегенді айтады.
Құрмалас сөйлемнің үшінші түрі етіп аралас құрмаласты қосу Н.Сауранбаевтың 1938 жылы «Ауыл мұғалімі» журналында «Құрмалас сөйлем туралы» деген атпен жарияланған мақаласынан басталады. Бірақ қазіргі тұрғыдан алғанда, автордың салалас сөйлем деп берген «Әміржан кітап оқып, мен хат жазып отырдым», аралас құрмалас деп береген «Оқушылар жиналып, оқытушы келіп, мектеп гүлденіп қалды» мысалдары оларға жатпайды.
Н.Сауранбаев «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем жүйесі» деп аталатын кітапшасында құрмалас сөйлемді іргелес, салалас, сабақтас деп үш түрге бөледі. Бұлай бөлуге автор мыналарды негіз етеді: Іргелес құрмаластың негізгі белгілі – бірнеше жай сөйлемдердің дәнекерсіз, дауыс ырғағымен тұтасып айтылатын іргелес тобы, ал салаластың негізгі белгілі мұндағы жай сөйлемдер әрқашан белгілі жалғаулық арқылы я жалғаулық мағынада қолданылатын көмекші сөз арқылы құрмаласады. Сабақтас құрмаласты бөлуге негіз болатын ондағы «жай сөйлемдердің бірі тиянақты, бірі тиянақсыз болуы» дейді.
Бұл кітапшасындағы классификациясын да, классификациялау принципін де Н.Сауранбаев «Қазіргі қазақ тілі» атты зерттеулер жинағына енген «Құрмалас сөйлем синтаксисі» атты еңбегінде біраз өзгерткен. Мұнда құрмалас сөйлемді жіктеуге оның компоненттерінің бір-бірімен құрмаласу тәсілдерін негіз еткен. Осы тәсілдеріне қарай құрмалас сөйлем салалас құрмалас, сабақтас құрмалас, аралас құрмалас, үйірлі мүшелі құрмалас деп төрт түрге бөлінген.
Бұлар тәріздес ала-құлалықтың түпкі төркіні, біріншіден, құрмалас сөйлемді жіктеуге негізгі критерий болатын неменелер екенін жете ашып алмау болса, екіншіден, классификациялық негізгі принципті, шешуші мәні жоқ, екінші қатардағы көмекші белгілермен шатастырудан болған.
Қазіргі заман лингвистикасында талассыз шешілген, ғылымда әбден орныққан бір ғана көзқарас бар. Ол: сөз бен сөздің, сөйлем мен сөйлемнің болсын бір-бірімен синтаксистік байланысының екі түрлі тәсілі, оның бірі – салаласа байланысу, екіншісі сабақтаса байланысу тәсілі дейтін көзқарас. Құрмалас сөйлемді түрге бөлуде негізгі критерий, классификациялық принцип болатын да синтаксистік байланыстың осы екі түрі. Бұл екеуінен басқа түрі жоқ. Бұлардың біріншісіне компоненттері бір-бірімен салаласа байланысатын құрмаластар жатады да, соңғысына компоненттері өзара сабақтаса байланысатын құрмалас сөйлемдер жатады. Ал енді, біздің аралас құрмалас деп жүргендеріміз жай сөйлемдер құрмаласуының үшінші түрі емес, алдыңғы екі түрлі байланыстың ең кем болғанда үш компоненттен құралатын бір құрмалас сөйлем ішіне топтасуы ғана.
Ғалымдар арасында синтаксистік байланыстың жоғарыда аталған екі түрі ғана болатындығына қарсы пікір айтушылар болмағанымен салаласа байланысу мен сабақтас байланысудың өзіндік сипаттарын айқындауда бір ізділік жоқ. Біреулер сабақтас байланысу дегенді бағыныңқы компоненті басыңқы компонентке, немесе оның белгілі бір мүшесіне байланыстыра қойылатын бір сұрауға жауап беріп, қалыпты тұрлаусыз мүшелер сияқты на анықтап, не толықтап, болмаса пысықтап, соған меңгеріліп тұруы керек деп түсінеді. Мұндай көз-қарастағы ғалымдар үшін «қой маңырап, түйе боздап, ауыл у-шу» деген салалас сөйлем, өйткені мұндағы тиянақсыз компоненттер бір сұрауға жауап бермейді. Бұл пікірді қазақ тілі білімінде Қ.Жұбанов пен С.Жиенбаев, кейбір еңбектерінде Н.Сауранбаев та қолдады. С. Жиенбаевтың пікірінше, «Бағыныңқы сөйлем басынқыдағы жай сөйлемнің бір мүшесінің қызметін атқарады да, жай мүшенің бірінің сұрауына жауап береді… Омар кітап оқып, мен жазу жаздым дегенде де, жұмыстың көбі бітіп, азы қалды дегенде де… алдыңғы сөйлемдер тұрлаусыз мүшелердің сұрауына жауап бермейді, сондықтан оларды ешбірбағыныңқының қатарына қосу мүмкін емес». Өйткені мұндағы компоненттер бір-бірімен салаласа байланысы тұр.
Екінші бір топтағы ғалымдар сабақтас байланысу дегенді бағыныңқы компонент баяндауышының етістіктің тиянақсыз формасында айтылуы деп түсіндіреді. Олардың айтуынша бағыныңқы компонент тұрлаусыз мүше сұрауына жауап бола ма, болмай ма ол шарт емес, негізгі шарт – бағыныңқы компонент есімше, көсемше, шартты райға жататын етістіктердің тиянақсыз формасында аяқталып, басыңқысыз айтуға болмайтын тиянақсыз дәрежеде тұруы керек.
Бұл екі түрлі көзқарастың екеуі де дәлелсіз емес, әрқайсысының өзінше бар. жалпы лингвистикалық тұрғыдан қарасақ, салаласа байланысуда болсын, сабақтас байланысуда болсын компоненттер бір-бірімен грамматикалық байланыста, бірлікте тұрады. Сондықтан кейбір әдебиеттерде айтылатынындай, сабақтаста бағыныңқы компоненттің грамматикалық жағынан басыңқыға байланысты болып, салаласта ондай байланыстың болмауында емес. Грамматикалық байланыс екеуінде де болады, мәселенің түйіні сол грамматикалық байланыстың салаласта теңдік қатынаста болып, сабақтаста теңдік қатынаста болмауында, мұндағы бағыныңқы компоненттің басыңқыға меңгеріліп, соның бір мүшесі тәрізденіп, соған байланыстыра қойылған бір сұрауға жауап беретіндігінде. Бұл жағынан алғанда меңгеріле байланысатын жеке сөздер мен бағыныңқы компонент бір типтес. Қ.Жұбанов осы принципті басшылыққа алған.
Бұл принциптің қазақ тілі үшін ыңғайсыз жағы бар. Ол ыңғайсыздық мынада: қазақ тілінде көсемше мен шарты рай формалы етістіктерге аяқталатын бағыныңқы компоненттер басыңқы компонентпен мағыналық жағынан теңдік қатынаста тұрып та, тұрмай да байланысады. Мысалы: Ояң жерлер тіпті төмендеп, қыраң жерлер тіпті биіктеп кеткендей. Көп бастар шұлғысып, көп сақалдар шашаңдасып қалды (Ғ.Мүсрепов). Үйренбеген кісі олардың арасынан әрең жүрсе, тұрғын елдің балалары жалаңаш-жалпы қалыптарымен тығылымбақ ойнайды (С.Мұқанов). Әбдірахман мен Шұғаның арасындағы сүйіспеншілік бірден-бірге жайылып, бүкіл ел хабарланды (Б.Майлин), Ербол есік алдына шықса, үлкен ауыл жақтан екі-үш атты кісі келе жатыр екен (М.Әуезов).
Келтірген мысалдың бірінші тобындағы сөйлемдерде бағыныңқы компоненттер өз басыңқыларына тек тұлғалық жағынан ғана тәуелді болып тұрғаны болмаса, мағыналық жағынан өз дербестіктерін сақтап, басыңқының ешбір мүшесіне меңгерілмей, оған байланыстыра сұрау қоюға келмей, онымен жарыса, салаласа айтылып тұр. Ал енді, екінші топтағы сөйлемдердің бағыныңқы компоненттері өз басыңқыларына тек формалық жағынан ғана емес, сонымен бірге, мағыналық жағынан да меңгеріліп, бір сұрауға жауап беріп (Бүкіл елге қалай тарады? Екі-үш атты кісі қашан келе жатыр екен?), басыңқы компоненттегі әрекеттерді сындық, мезгілдік жақтарынан сипаттап тұр. Егер сабақтас байланысу дегенді жоғарыда келтірген екі түрлі көзқарастың бастапқысы тұрғысында түсінетін болсақ, талданған мысалдың бірінші тобындағыларды салаласа құрмаласуға, соңғысын сабақтаса құрмаласуға жатқызу керек болады. Бірақ бұлай ету салалас пен сабақтасты бір-бірінен ажырата оқытуды тым қиындатады. Осы жағын ескергенде алдыңғы компоненті мен компоненттері етістіктің есімше, көсемше, шартты рай формалы түрлеріне аяқталатын құрмаластардың барлығы да бағыныңқы компоненттердің мағыналық жағынан басыңқыға тәуелді болу-болмауына қарамастан сабақтасқа жатады, яғни жоғарыда екі топқа бөлініп сөз болған сөйлемдердің барлығы да сабақтас сөйлемдер. Ал салаласқа құрмаласу дейтіндеріміздің барлық компоненттері де етістіктің тиянақты формасына аяқталады, оларды баяндауыштары бастауыштарымен жақтаса қиысады. Бұл – қазақ тілі үшін құрмалас сөйлемді жіктеудің бірден-бір тиімді түрі.
Классификациялық ала-құлалық қазақ тілі білімінде салалас сөйлемдер мен сабақтас сөйлемдерді түрлерге бөлуде де бар. Оларға өз кезегінде тоқталамыз.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет