Шахмардан есенов



бет67/123
Дата31.12.2021
өлшемі0,85 Mb.
#107253
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   123
Байланысты:
Шахмардан есенов
@ 5 B - 07, Нурканик сііідддііккк, @ 5 B - 07, @ 5 B - 07, Тау - кен кәсіпорын экономикасы пробное тест (2), Конгитивные обучение, Конгитивные обучение, Конгитивные обучение, англ
Менің қайығымның атауы дұрыс болғандай, өйткені жүзу үдерісі ұзақ, жарқын, жемісті аяқталды.

Академияның Президиумына мен өзімнің ұстазым Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Дарханбаевтың ұсынысы бойынша Шахмардан Есенұлының президенттікке сайланғанына тура үш ай толғанда келдім.

Аппараттың кәнігі қызметкерлерінің аузынан қатал, бірақ әділетті Ш.Шөкин туралы, ұлы Сәтбаев туралы және жаңа президенттің академиялық ортадан емес, жоғарыдан келгені туралы естідім. Ш.Есеновті Д.А.Қонаевтың өзі ұсынғанын білуші едім. Ол әлі күнге ғылым кандидаты бола тұра сайлауда мүше –корреспонденттіктен аттап өтіп академиктікке, одан Президенттікке сайланғаны туралы әңгіме гулеп тұрды. Бұл академияда бұрын-соңды болмаған құбылыс еді.

Көргендердің айтуынша Есеновті академиктікке өткізу үшін үш рет дауыс беріліпті. Белгілі бір дәрежеде өңдеу мен ұқсатудан өткізілген ашық оппозиция оны президенттікке ұсынуға мәжбүр болыпты.

Мен биолоиялық ғалымдар бөлімінің ғылыми хатшысы қызметін атқара жүріп ғимараттың салтанатына, осыншама «тірідей» академиктерді көргеніме таң-тамаша болудан жалықпадым. Шахмардан Есенұлы, Аймақ Жанғалиұлы, Д.В.Персидский, Борукаев – мұндай алыптарды көру мені шаттыққа да бөледі, қорқыныш сезімін де ұялатты. Тәжірибем аз, көптің бірімін, қолымнан келер ме екен осы қызмет дегендей. Екі жылдан кейін Ж.С.Ержанов мені өзіне орынбасар етіп алды міне, осы кезден бастап менің Шахмардан Есенұлымен кездесулерім жиіледі де оның академиядағы қызметінің соңғы күндеріне дейін жалғасты. Ш.Есенов – ірі денелі, кең адымды, езуіндегі ізгі жымиысымен осынау салтанатты ғимаратқа кіріп келе жатқанында бізді біртүрлі сенімділік пен сабырлылық жайлаушы еді. Мен оның дауысын көтеріп, біздің аппараттағылардың біріне ауыр сөз айтқанын естіген жоқпын. Қазір айнала түгел қаталдық пен менмендік ғылымды да жайлаған шақта бұрынғылар еске түсіп үрейленесің, ыза боласың. Ол кездегі аппаратқа деген құрмет пен ізетті академиядағы соңғы 25 жылда ұмытып та үлгердік. Ш.Есенұлы, әсіресе жоспарлау-қаржы бөлімінің бастығы И.Г.Мульгинмен достық қатынаста болды. «Тлектестердің» сыбырлап, бұлай жасамаңыз дегеніне ол бұл бөлім мені ұятқа қалдырған емес, егер оны-мұны болып қалса түгел қирайды деп жауап беретін.

Ешқандай қақпайлау, артық бақылау, қыжыл-мұның бірі де бізге қатысты орын алған жоқ. Біз де оның кез келген тапсырмасын уақытылы және сапалы атқаруға тырысып бақтық. Бұл жерде де оның табиғи ақылмандығы, кеңінен болжап, бағдарлау қасиеті мен мұндалап тұратын.. Кейінірек КСРО Ғ.А. Президумы жанындағы үйлестіру бойынша кеңестегі біздің кураторлар кейбір басшыларымызға, сіздер ұмытыңыздар, «аппарат – бұл әлеуметтік күш, ол сіздерді аспандатады және өте төмен құлдыратып жіберуі де мүмкін» дегендерін де естідік.

Шахмардан Есенұлын аппараттағылар шын ниеттерімен құрмет тұтты. Біздің кешкі ойын-сауықтарымызға ол жиі келетін, бірде өлең оқып, өзінің қарапайымдылығымен біздерді, әсіресе, әйелдер жағын тәнті еткені бар.

Қоғамдық ұйымдармен жиі ақылдасып, біздің ұсыныстарымыз бен пікірлерімізді сұрап, біліп отыратын.Тұрғын үйге мұқтаждардың барлығына дерлік Төлебаев, Абай, Фурманов – Калинин көшелері қиылысында бой көтерген үйлерден пәтер алып берді. Оның пікірінше қызметкерлеріңнен жұмысқа толық берілуді талап ету үшін, оларға тиісті жағдай жасау керек. Ал, сол кезде жүздеген ғалымдар – докторлар мен академиктер тұрғын үйге мұқтаждар қатарында еді.

Ол жауапкершілікті өз мойнына алып: мен бұл адамдармен жұмыс істеймін, сондықтан оларға қамқор болуым керек деп мәлімдеді. Содан кейін-ақ әңгімелер тоқтатылды, өйткені пәтерді шын мәніндегі мұқтаждар мен еңбегі сіңгендер алған болатын. Оның үстіне Ш.Есенов босатылған пәтерлерді академияның өзінде қалдыру туралы үкіметтің шешімін шығартып алған еді. Сөйтіп, 1970-1973 ж.ж. көптеген адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз етті. Шиеленістерді ол жедел, әділетті шешетін. Мұндай басшы үшін қалайша жанқиярлыққа бармайсың? Біз оны шеф, босс деп емес игі ниеттен «Шах» деп атаушы едік.

Оның шешім қабылдаудағы батылдығы, қуаттылығы көбімізді таң қалдыратын. Ол бүкіл академиялық институттарды аралап, олардың істерімен және материалдық базасымен танысып отыратын. Содан кейін-ақ жас академик-президент бар-жоғы 40 жасында бірқатар институттардың тіс қаққан, өзінен 1,5 есе үлкен басшыларын орнынан алып, директорлыққа жас, перспективалы ғалымдарды ұсынып жүрді. Өмірдің өзі көрсеткеніндей Президенттің шешімдері қателіктер мен кездейсоқтықтардан ада болатын. Бірақ өкпелеушілер мен ұнатпаушылар қатары да жиілей түсті. Ол министрлікте ұстанған басшылық рухты бойкүйез – бірқалыпты, дәстүрлі-консервативті академияға алып келген еді.

Ол жігерлі, күшті адам еді. Сонымен бірге қызу қанды, сенгіш те болатын. Есімде Сәтбаевтың үлкен қабылдау бөлмесін екіге бөлу ісі қолға алынды. Мұнда академияның бас архитекторы, академик Щусевтің «кең холлдар мен үлкен қабылдау бөлмелері туралы» идеясы бұзылды. Жалпыакадемиялық істермен шұғылданып, академияның мәселелерін үкіметте, Мәскеуде алға жетелеп жүрген Шахмардан Есенұлы қаржылық мәселелерді шешу істерін бірінші вице-президент Д.В.Сокольскийге тапсырған. Барлығы да мұны дұрыс деп есептеген.

Дегенмен сөзтасығыштар анау олай емес, мынау былай емес дегенді құтыртып, ақыры принципшіл шамшыл Д.В. Сокольский екеуінің арасы суып, жанжалға дейін барысып жүрді. Қабылдау бөлмесіне екі кірер есік болғанымен Қ.Сәтбаев президент кезінде өзінің қабылдау бөлмесін Президиумның отырыс залына айналдырып кіретін есікті жаптырып тастаған болатын. Сондықтан Ш.Есенов кабинетіне бүкіл қабылдау бөлмесін кесіп өтіп, Сокольскийді де бізді де күнде көріп өтетін.

Күндердің күнінде Шах іс жүргізушіні шақырып алып қабылдау бөлмесін екіге бөліп қарсыдағы есікті ашуға нұсқау береді. Бізге ыңғайсыз болды, енді оның кабинетіне бару үшін біз айналып жүретін болдық. Бірақ бұл Шахтың талабы еді, ал, оның талабы қалтқысыз орындалатын. Біздің Шахмардан Есенұлы қаншалықты қиын болса да Димитрий Владимировичпен соңғы күндерге дейін ештеңе болмағандай бірге қызмет атқарды.

Ғылым академиясына Шахмардан Есенұлы басшылық жасаған кезінде өзінің масштабы бойынша бірегей, қоғамдық маңыздылығы өте зор шаралар жиі өткізілетін. 1971 жылдың маусым айында құрылғанына 25 жыл толуына арналған ҚазССР ҒА. жалпы жиналысының мерейтойлық сесеиясы өтті. Сессмияға Политбюро мүшесі, Қазақстан К.П. О.К. бірінші хатшысы Д.А.Қонаев, КСРО ғылым Академиясының президенті М.В.Келдыш, одақтық академиялардың баршасынан делегаттар қатысты. Айта кету керек, сол уақыттарда академия сессияларына Д.А.Қонаевтың өзі немесе Орталық комитеттің 2-ші хатшысы, идеология бойынша хатшысы міндетті түрде қатысатын.

СОКП ОК мен КСРО министрлер кеңесінің 24 қыркүйек 1968 жылғы Қаулысына және «Ғылыми ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру және ғылым мен техника жетістіктерін халық шаруашылығында пайдалануды жеделдету бойынша шаралар туралы» қазақстандық қаулыға сәйкес 1972 жылы саны мен қатысушылардың деңгейі бойынша теңдесі жоқ сессия өз жұмысын бастады.

Мұндай аса үлкен сессияны ұйымдастыру, Шахмардан Есенұлының қолынан ғана келер еді. Сессияд КСРО және Қазақ ССР геология және түсті металдар министрлерінің басқа да министрліктердің, Қазақ ССР-ы Жоспарлау комитеті төрағасының баяндамалары ғылымның салалары бойынша өзекті міндеттерді анықталды. Ал, президенттің баяндамасында өнеркәсіп үшін құнды зерттеулер нәтижесі көрсетілді. Баспадан шыққан конференция материалдары мүдделі құрылымдар үшін нақты бағдарлама рөлін атқарды және сол материалдар өзінің маңыздылығын күні бүгінге дейін жойған жоқ.

Жастарды қолдауда, ғылым Академиясының жас ғалымдар кеңесін ұйымдастыруда Шахмардан Есенұлы баға жетпес рөл атқарды. Он жас ғалымдардың бірінші съезін өткізіп, жастардың дербес ғылыми жұмыстарының нәтижелерін жариялауға жәрдемін аяған жоқ. Кездесулер мен конференциялар жоспарланып, үнемі өткізіліп тұрды. Бұл проблема тек М.А.Айтқожиннің тұсында ғана қайта жанданды. М.А.Айтқожин да, Ш.Есенов тәрізді жастарға сенім білдірді, оларды қолдады, тиісті жағдайлар жасады.

1973 жылы әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойына арналған Азия және Африка елдері жазушыларының халықаралық конференциясын даярлау және өткізу бойынша академияда ғұламаның мұрасын кеңінен зерттеу қолға алынды. Кітаптар сериясы шығарылып, «Фарабитану» бөлімі ашылды. Мұның өзі сенімділік пен азаматтықтың, ғалымдық пен қайраткерліктің сыналар тұсы еді. Шахмардан Есенұлы барлығын да түбегейлі, кеңінен және сенімді түрде атқарып шықты. Жоспарланған шаралардың қалтқысыз жүзеге асуы оның жаулары мен оппоненттерінің, қызғаншақтар мен көреалмаушылардың үнін өшірді. Бұл кезде батыл, өзіне сенімді, жасампаз-революционер Ш.Есеновтің басына қара бұлттар үйіріле бастаған болатын. Ол қолға алған ісін, егер оның пайдалылығына көзін жеткізіп қарсыластарының рекациясын елеместен батыл бастап кететін. Менің ойымша, осы жылы (1973 ж) Шахмардан Есенұлы өзіне сеніп тапсырылған жұмыстан, академиядан басқа оған тартымды болар ешнәрсе жоқ екендігін дәлелдегісі келгендей орасан еңбек етті. Есеп беру сессиясы, бірқатар аса ірі конференциялар, соның ішінде керемет табыспен өткен әл-Фараби конференциясының үш қалада – Мәскеуде, Алматыда, Бағдатта жұмыс істегеннің өзі неге тұрады.

1973 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі алғаш рет «Табиғатты қорғау туралы» Заң қабылдады. Осыған орай Мәскеуде ВАСХНИЛ-дің қатысуымен КСРО ғылым Академиясының кеңейтілген сессиясы шақырылды. Осы тектес шара ұйымдастыру ойластырылып тәжірибе жинақтау мақсатымен Қазақ ССР-ы Ғ.А. академигі И.Г.Галузоны Мәскеуге аттандырды. Ш.Есеновтің өзі бара алмайтын еді, өйткені ол күнбе-күн Орталық Комитетке, «кілем үстіне» шақыртылып жатқан кез еді бұл. Оған жан шыдатпастай қысым көрсетіле бастады. ЦК-дан Академияға қайтып келгендегі көңіл күйіне қарап біз кездесу қалай аяқталғанын болжайтынбыз. Ол үшін біздің жанымыз ауырды, жанкүйерлері болдық, бірақ дәлме-дәл не болып жатқанын білмедік. Ш.Есенов президенттікке келесі 5 жылдыққа осыдан 2 жыл бұрын сайланғанын медет тұтсақ та, қайдаға бір жағымсыз мәселелердің қордалана түскенін сезіп жүрдік. Тағы да ұлы Сәтбаевпен ұқсастық, ол да екінші мерзімге қайта сайланғанына екі ай өтпестен Қазақстан КП Орталық Комитеті бюросының шешімімен орнынан алынған болатын. КСРО-да алғаш рет қабылданған «Табиғатты қорғау туралы» заңды жүзеге асыру бойынша кезекті сессияға дайындықты Шахмардан Есенұлы жүйкесі тоза жүріп жүргізді. Оның вице-президенттермен (Д.В.Сокольский, А.М.Қонаев, А.Н.Нүсіпбеков) қарым-қатынастарына жік түскен, одан да сорақысы болмасын деп біз жүрміз үрейде. Олар, әсіресе, бірінші екеуі сыртқа сөз тасыса, соңғысы, айта кетейін Шахмардан Есенұлының ұсынысымен Президиумының бас ғылыми хатшысы қызметіне тағайындалған, өзінің тікелей бастығының сөзін елеуді де, айтқанын істеуді де қойған. Президент тек қана бізге сенді. Бас ғылыми-хатшының үш орынбасары біздерді шақырып алып өзінің идеялары мен жоспарларымен бөлісіп, ұсыныстар жасауымызды сұрайтын. Осындай достық, теңқұқық жағдайда біз кезекті шараларды белгілеп, соларды жүзеге асыруға белсенді кірісіп кететінбіз. Қиыны сол, біз орынбасарлары болып есептелетін кісі мұндай басқосуларға келмейтін, не болып жатқанын білмейтін. Біздің жағдай балға мен темір төстің арасында қалғандай еді. Егер, Олег Иванович Алексеев пен Арысбай Қуанышұлы Қуанышевқа жастарына, ер-азаматтығына қарай тоқпақ азырақ тисе, маған ішіндегі ең жасына әрі әйел баласына үш адам үшін таяқ жеуге тура келді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   123




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет