Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет56/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
4кл Презентациядағы анимация, 4кл Презентациядағы анимация, 00178533-2638c567, 2-sabak-57867617be58f (1), 2-sabak-57867617be58f (1), Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер, Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер
* * *
Таңертеңгі  шәй  келді.  Әркімнің  өз  тіршілігі  бар.  Сәбден 
де  мына  Тұрарға  бола  сыпайылық  сақтап  отырғаны  болмаса, 
қабын арқалап базарға қарай қос аяқтап жүгірмекші. Сәбденнің 
бәйбішесі Дилярам апай да ұн базарға жөнеледі. Түнімен тандыр 
нан  пісіріп  шықты,  соны  сатып  келеді.  Ал  бұл  үйдің  қыздары 
Сәлима  мен  Әлима  іс  тігеді.
«Тіршілік-  тұрмысы  көп  қазақтан  өзгеше,  –  дейді  Тұрар 
кішкентай  түйекөз  шынаяқпен  сүтсіз  қызыл  шәйді  аузы  күйе 
ұрттап отырып. – Бұларды қай тапқа жатқызуға болады. Кісінің 
еңбегін  қанамайды,  былай  қарасаң.  Өз  беттерінше  қыбырлап, 
күн көріп жатқан жандар. Ал былай бір қарасаң, осы еңбегі адал 
да емес сияқты. Жалпы қазақта бай бар, кедей бар. Қанаушы мен 
қаналушы.  Ал  мына  Сәбден  қайсысына  жатады?»
– Ағатай, шәй алыңыз, – деп Сәлима үні сылқым естілгенде 
ғана  Тұрар  ойы  бөлініп,  өзіне  шынаяқ  ұсынып,  шәй  ұстаған 
қолын  екінші  қолымен  демеп,  тізерлеп  тұрған  қызды  аңғарып, 
оның  сонша  сұлу  мүсінін,  әрбір  қимылының  нәзік,  назға  толы 
екенін  енді  анық  аңғарғандай,  бір  сәт  Сәлимаға  сұқтана  қарап 
қалды.
Жігіттің бұл ықыласын байқап үлгірген сұңғыла қыз жіңішке, 
сүрмелі  қасын  лып  еткізіп  бір  қағып  сүп-сүйір  саусағымен 
сары  самаурынның  бүйірін  сипалай  берді.  Самаурынның 
бүйіріне  Николай  патшаның  суреті  ойылып  салынған  екен, 
сүйрік саусақтың қыналы тырнағы сол сурет сызығын жағалап 


айналдыра берді. Осыдан жарты сағат бұрын бақта тұрғандағыдай 
емес,  қыз  көзі  мұңды  еді.
Қызының  нәзік  қылды  қиялында  әкесінің  шаруасы  шамалы 
сияқты-тын.  Николай  патшаның  самауырындағы  суретін  қызы 
саусағымен  сызғылап  отырғаны  оған  басқаша  ой  салды  да, 
Сәбден  өз  сарынымен  кетті:
– Опасыз дүние деген осы. Бұл дүние бір опалы болса, осы 
патшаға опалы болар еді, а бұл да тағынан тайып кетті. Сонда 
мына  біздікі  не  далбаса!  Бұл  Некелайды  қайда  құрттыңдар, 
Тұрар?  Не  болды  өзі?  Тірі  ме?
–Тірі, – деп күлді Тұрар мына ұсақ саудагердің бұл әңгімесін 
қызық көріп. – Сібірде, Тобыл деген жерде тұтқында отыр.
–  Алда  жарықтық-ай,  ә?  Сонда  қалай?  Кәдімгідей  түрмеде 
отыр  ма?
– О жағын білмеймін, Сәке.
–  Апыр-ай,  ә?  Сенің  де  білмейтін  нәрсең  болады  екен-ау,  – 
деп Сәбден бір жағына қисая кетті. – Жұрт: «Тұрар біледі, Тұрар 
біледі,» – деп гуілдейді әйтеуір.
–  Менің  білетінім,  патшаны  халық  соттайды.  Ол  жазасын 
алады.
– А мүмкін, құтылып кетер, кім біледі, оның да жанашырлары 
бар  шығар?  –  Сәбден  қысқа  шынтағын  тауықтың  қанатындай 
етіп тез жиып ала қойып, түзеліп отырды.
– Оныңыз рас, Сәке, патшаны аңсап, аусал болып жүргендер 
жоқ  емес.  –  Патшаны  шынында  да  әлдекімдер  тұтқыннан  дәл 
қазір құтқарып алып қоятындай Тұрар тынышсыздана бастады.
–  Менің  сандырағымды  құптадың-ау,  Тұрар  шырақ,  –  деп 
Сәбден  мәз  болып  қалды.  Шәушиген  бір  уыс  беті  күлгенде 
бұрынғыдан  бетер  қатпарланып,  баяғы  Мерке  базарындағы 
соқыр дуананың ескі қобызындай қыртыстанып кетті. Өзін Тұрар 
қостағанына  кәдімгідей  қоқиланып,  үнсіз  отырған  бәйбішесін, 
қыздарын  кісімсіп  бір  шолып  алды.  Шыныаяқты  тырбық 
саусақтарымен  түбінен  бүре  шымшып  ұстаған  күйі,  екінші 
қолымен тізесін шірене тіреп, кәдімгідей ой толғап, шынашақтай 
болып,  Тұрарға  шікірейе  қарады.  –  Тұрар  қарағым,  осы  сен 
Керенский  жағындасың  ба,  Ленин  жағындасың  ба?


–  Ленин  жағындамын,  Сәке,  –  деп  күлді  Тұрар  майда 
саудагердің  кенет  саясатқа  аңсары  ауғанын  қызықтап.
–  Ә-ә-ә,  –  деп  Сәбден  көзін  сықситып,  әуелі  тілімен  жалап 
алып,  астыңғы  ернін  қымқырды.
–  Осы  Керенский күшті емес пе? Соның  жағына неге шыға 
салмайсың?  Біздің  Әбден  Керенскийді  мақтайды  әйтеуір.
– Онда, «Шуро-и-Исламия» да Керенский жағында ғой.
Білмеймін, шырағым, әйтеуір бізге тыныштық болса болды.
Шынтақтап жатып Сәбден бір қолымен шыныны аузына апара 
беріп, кенет ойына бір керемет оралғандай оқыс тоқтап, Тұрарға 
шәушиген бетін кілт бұрып:
–  Осы  Тұраржан,  сен  көп  қаланы  көрдің,  ә!  –  деді.  –  Біздің 
Әулие-Атадан  зорлары  да  бар  ма?
– Бар ғой, Сәке, – деп күлді Тұрар. Әкесінің бала құсап, қай-
қайдағыны  әңгіме  етіп,  сыйлы  адамның  басын  қатырғанына 
Сәлима  қыз  қысылып,  ақ  жүзі  алаулап  шыға  келді.
– Әй, біздің Кауфман көшесіндей көшелер жоқ шығар. Кауфман 
көшесіндей қайда-а-а, – деп Сәбден көзін жұмып, астыңғы ернін 
тістеп, басын шайқап-шайқап қойды.
Сәбденнің  таңдай  қағып  таңданатын  Кауфман  көшесі  – 
Әулие-Атадағы тас төселген жалғыз көше еді. Мұнда әкімшілік 
мекемелер,  тәуір-тәуір  дүкендер  болатын.  Бұл  көшемен  әдетте 
қырдан  келген  түйелі,  атты  қазақтарды  жүргізбейді,  есек  арба 
мүлде  жоламайды.  Былқылдақ  фаэтондар,  сұлу  ат  жеккен 
күймелер  ғана  жүреді.
– Айтпақшы, осы Кауфман деген кім өзі? –деп Сәбден шолақ 
шынтағын жастықтан көтере берді.
–  Кауфман  деген  Түркістан  өлкесінің  тұңғыш  генерал-
губернаторы  болған,  Сәке.
–  Е,  бәсе.  Апыр-ай.  Ояздың  үйі  –  үй-ақ  қой  сондағы,  –  деп 
Сәбден тағы да көзін жұмып, басын шайқады. Кенет көзін бағжаң 
еткізіп  ашып  алды.  –  Құдай  бұйыртып,  большевик  жеңсе,  сол 
ояздың  кеңсесінде  отырасың  ғой,  Тұрар-ә?  Сонда  мына  біздің 
құжыраны  менсінбей  кетіп  қаласың  ғой.  Бірақ  жаман  ағаңды 
ұмытпа,  әйтеуір.  Ұмытпайсың  ә,  Тұрар?
– Ұмытпаймын, Сәке, ұмытпаймын, – деп күлді тағы да Тұрар.


Сәбден шынтақтап жатып, Тұрарға бір, Сәлимаға бір қарап-
қарап  қойды.  Бір  сөз  көмейінде  жыбырлап-ақ  тұр.  Бірақ  айта 
алмады.  Тек  кесені  түбінен  мыртық  саусақтарымен  бүрістіріп 
ұстаған күйі, көзін шарт жұмып бөтен бір дүниені шарлап кетті. 
Пендешілігі  ұстап,  қиялында  үлкен  қызы  Сәлиманы  Тұрарға 
қосып  отыр.  «Ертең»  бұйыртса,  бұл  Әулие-Атаны  билейін  деп 
тұрған  жігіт,  –  дейді  өзіне-өзі  құпия  айтып.  –  Ал  сонда  оның 
қайынатасы  Сәбден  қалай  сыйлы  болмайды?  Айбар  сияқты 
алпауыттардың өзі мұның алдында жорғалап жүрер еді. Мешіттің 
бас имамы Ғұмардың өзі жұма намаз сайын «Сәбден эфенди» деп 
құрақ ұшып тұрар еді. Сонда Сәбден мына балшық үйді сатып 
жіберіп,  Кауфман  көшесіндегі  қызыл  кірпіш  үйлердің  біріне 
кірер еді. «Бірақ онда мал ұстатпайды ау» деп тағы қиналады. 
Ал  Сәбден  сияқты  қазақ  қаланың  өзінде  мал  ұстамай  отыра 
алмайды. «Бірақ Тұрар айтса, басқалар қың дей алмайды ғой», 
– деп бұл түйінді де шешіп тастайды. Сәлден соң қастарының 
арасы  қосылып,  түксие  қалады.  «Ал  Керенский  күшейіп  кетсе 
ше? Тіпті патшаның өзі қайтып келсе ше? Ол әлі тірі екен ғой. 
Большевикке қызыңды бердің деп сорпамды сонда қайнатар...».
Осы сенің жасың нешеде, Тұрар? – деп Сәбден көзін ашты.
Жиырма екіде, Сәке.
– Ой, әлі бала екенсің ғой, – деп Сәбден олқысынып қалды. – 
«Бала неме өкімет басында отыра ала ма?» – деп те қойды.
Тұрар оған қарсы дау айтып жатпады. Тек ана жылы Самар 
сапарында  башқұрттың  баласы  Ақмармен  арада  болған  әңгіме 
ойына  оралды.  Самардың  ауылшаруашылық  оқуына  сонда 
Ақмарды  да  алмай  қойып  еді.  Оқуға  қабылданбаған  екеуі 
сонда бір-біріне мұңын шағып, біраз күн жолдас болып, Самар 
қаласының тұз-дәмін бірге татысқан. Ақмар Тұрардан ересектеу 
еді.
–  Эх,  жиырмаға  жақындадым.  Бітірген  биттей  нәрсем  жоқ. 
Ал менің жасымда бабам Салауат қол бастаған, – деп тістенді. – 
Білесің бе, Тұрар, біздің башқұрттарда ол турасында жыр да бар:
– Салауат неше жасында.
Жасыл камшат бөркі басында.
Генерал болған Салауат


Жиырма екі жасында...
– Да, ал мен... Вообщем, айдағыз, Тұрар, кеттік біздің Уфаға. 
Впрочем,  көп  қазақтар  біздің  Уфада  оқыған.  Олар  қазір  оңай 
кісілер  емес.  Белгілі  адамдар.
– Жоқ, мен елге қайтамын, Ақмар. Ташкентте жаңадан институт 
ашылыпты.  Бағымды  тағы  бір  сынап  көремін,  –  деп  еді  сонда 
Тұрар. – Ал Салауат жыры жақсы екен. Оны мен жаттап аламын. 
Уфада оқыған қазақтарды да білемін. Олардың көбі шынында да 
халыққа зор қызмет атқарып жүр. Мысалы, Бейімбет...
Тұрардың қолындағы босаған шыныға қолын созған Сәлима 
оның  ойын  бөліп  жіберді  де...  лезде  жалғастырып  алды.  Осы 
көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқаевпен кездескені есіне түсті. 
– Он алтыншы жылы Әулие-Ата көтерілісінің көсемі болғаныңды 
жақсы  білемін,  –  деп  Мұстафа  Тұрарды  көтермелей  сөйледі. 
–  Сендей  көзі  ашық  азаматтар  біздің  милләтқа  қасқалдақтың 
қанындай  қажет.  Әлиханның  «Алашына»  қалай  қарайсың?
–  Ол  ұлттық  томаға  киіп  алып,  өзге  дүниеден  оқшауланып, 
бөліну  деген  сөз.  Ал  бөлінгенді  бөрі  жейді,  –  деді  Тұрар 
кідірместен.
– Дұрыс айтасың, бала. Өте дұрыс айтасың, – Мұстафа мұны 
иығынан  қаққанда  Тұрардың  іші  жылып  қалған.  Бірақ  ізінше 
Мұстафа  өзінің  бетпердесін  ашып  алды.  –  Біздің  қазақ  –  ұлы 
түріктің  бір  бұтағы  ғана.  Ал  дауыл  шайқалтпас  бәйтерек  болу 
үшін бүкіл түркі тектес халықтар бір мемлекет болуы керек. Ұлы 
Тұран  мемлекетінің  тарихын  білетін  боларсың?
– Білемін, – деп еді Тұрар әңгіменің қайда апарып тірерін тез 
аңдап.  –  Ол  тарих  қайталанбас,  Мұсеке,  қазіргі  кезең  ұлттық 
үлгілерге қарап бірігуді емес, таптық таңбаларға қарап бірігуді 
талап  етеді.
–  Ойлан  бала,  ойлан!  Түркі  тектестің  түбі  бір!  –  деп  еді 
Мұстафа  Шоқаев  басын  шайқап.  Сонда  қызыл  мәуіті  шошақ 
тақиясының қара шашағы селтең-селтең шайқалғаны Тұрардың 
есінде  қалыпты.
– Ал кәне, тірінің тірлігі бар. Асқа бата қылайық, – деп Сәбден 
молақай  мыртық  саусақтарын  жайып  жіберіп,  ішінен  тез-тез 


күбірледі  де,  шәушиген  бір  уыс  бетін  сипай  салып,  орнынан 
ылдым-жылдым  ыршып  тұрды.
Осы белгіні зарыға күтіп отырғандай Дилярам апай да ауыр 
денесіне  қарамай  орнынан  жеп-жеңіл  көтерілді.  Асықпаған 
тек  Сәлима.  Оң  қолының  шынашағын  жеке  дара  шошайтып, 
шынаяқтарды  самауырында  қалған  ақ  сумен  асықпай  шайып, 
шетінен  бір-бірлеп  орамалмен  мұқият  сүртіп,  дестеледі  де 
дастарқанды  жиды.
– Сіз де асығыссыз ғой, әрине, – деп Тұрарға қиыла бір қарады.
Жұмыс бар, Сәлима.
Қыз ішінен бір күрсінді.
Сәлиманың  да  өз  шаруасы  бар.  Абыр-сабыр  басылған  соң 
«зингер» машинасын зарылдатып, шибарқыттан, тас барқыттан 
камзол, көкірекше тігеді. Заман аумалы-төкпелі болса да, елдің 
салт-санасы,  әдет-ғұрпы  бәз-баяғы  қалпында.  Байлар  қыз 
ұзатады, келін түсіреді. Сәлиманың қолынан шыққан киім өтімді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   64




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет