Шығармалары деректі дүниелер



Pdf көрінісі
бет17/78
Дата07.04.2022
өлшемі3,04 Mb.
#138366
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   78
Байланысты:
34dcdc1e8cf360a39cfc4a693507552d.pdf
Лекция 1 Физические эффекты, используемые для создания датчиков, 614bfa4fc93940.60747302, 130592
Жарықтық Ғафекең 
 
Мен жалғыз қала бердім таяқ ұстап
Ежелгі ескі бақтың күзетшісі! 
(Ғафу Қайырбеков.
Сырбай Мәуленов дүниеден озғанда).
Ескінің бағы...
Есіңе түссе 
Жүрек сыз...
Ғафекең кетіп, 
Қалғандай енді күзетсіз. 
Арынды жырдың 
Ағынды сөздің шешені 
Бүгінде қалай 
Үндемей қалмақ...
Ретсіз...
Құдайсыз қоғам 
Қинаған жанды бояусыз,
Құрығын салып 
Құландай жырға аяусыз,


53
Дәуірмен бірге 
Дәурені көшкен дүлдүлдер 
Дүркіреп өткен 
Дүние қандай баянсыз! 
Мұңайды қырлар 
Құланы кеткен азайып,
Ақынға болмас 
Айта алмай кеткен сөз айып,
Бәрін де көрген 
Елменен бірге Ғафекең 
Ғайыптан келіп 
Ғайып боп кеткен ғажайып! 
Ананың жырын, 
Даланың жырын ардақтар, 
Ағаның сырын 
Ұға алдық па екен аңдап бар,
Ағады дейтін 
Өкпесі күйіп өлгенше, 
Тұлпар боп туған 
Санаулы ғана саңлақтар.
Байырғы дала 
Өлеңмен баурап сүйгені,
Қанына біткен 
Көненің кие күйлері,
Ғафудың рухы 
Ғарышты көздей ұшқанда, 
Кетіпті күйіп 
Электр желі үйдегі! 
Шуағын жанның 
Аямай төгіп жалғанда,
Аттанып кеткен 
Бақилық биік арманға,
Жердегі шам да 
Көрсеткен шығар құрметін, 


54
Жарықтық Ғафу 
Жұлдыз боп көкте жанғанда! 
Тұрсынбек Кәкішевпен алғашқы кездесуіміздің өзі бір драма! 
1971 жылы КазГУ-дің филология факультетіне оқуға түсуге 
Алматыға келдім. Он жетіге толмаған албырт кезім. Жанымда 
кластасым Торғай бар. Туған-туысқан, таныс жоқ. Поезд Алматыға 
түнге қарай келді де, вокзалға қонып шығып, ертеңіне жатақханаға 
орналастық.
Қазақ бөліміне төрт жүз он үш талапкер бар екен. Алатыны 
елу, оның бесеуіне дайындық курсында оқыған балалар түсіп қой-
ыпты. Қалған қырық бес орынға төрт жүз он үш бала үміттеніп 
тұрмыз. Толқимыз, талаптанамыз.
Шығармадан үш алдым. Менімен бірге Степняктағы Абай 
атындағы орта мектепті бітіріп келген Торғай төрт алды. Ол –
менің нағашым, шешемнің немере ағасы Құсайын Есмағамбетов-
тың қызы.
Ауызшадан Торғай бал-бұл жанып шықты, бес саусағын көр-
сетті маған. Енді мен кірдім тәуекел деп. Тұлғалы, келбетті, қасқа 
бас ағай мен әдемі апай емтихан алып отыр.
Келген билет: 1-сұрақ: Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен шығар-
машылығы. 2-сұрақ: Сын есім. 3-сұрақ: Сөйлем талдау.
Бәрі де көкірегімде сайрап тұр, бірақ Сәбит Дөнентаевтың қай 
заманда өмір сүргенін білгеніммен, нақты тіршілігі мен қызметі 
есіме түсер емес! Біткен жерім осы екен деп, жауап беруге келдім 
ақырын.
– Ағай, Сәбит Дөнентаевтың өмірі мен қызметін есіме түсіре 
алмай отырмын, шығармаларын айта берсем бола ма?! – деп, шы-
нымды айттым. Әйел бетіме таңдана қарады-ау деймін, ал қасқа-
бас ағайдың қабағы тыржиып кетті. Басын түсіріп, көзінің астымен 
маған сүзе қарап тұрды бір сәт! Аудитория тым-тырыс, сілтідей 
тынған! «Айналайын, білмеймін деп тұрсың ғой өзің де, келесі 
жылы оқып келерсің, бара бер!» – десе, бітті шаруа! Оған заң жү-
зінде де, адамгершілік тұрғысынан да толық хақысы бар! Осы бір 


55
үнсіздік сәті мен үшін сағаттай болып көрінді. Бір кезде сәл шегін-
гендей болды, қирататын болды-ау деп мен отырмын! 
Тұрсекең жүгірткендей ойды алысқа,
Ұқсап бір шиырылған жолбарысқа. 
Шегініп, сүзе қарап сәл тұрды да,
Гүж етіп, деді-ау сонда «божалыста!» 
Даналық, дарқандығын байқатып ед,
Қайта бер десе қайтсін, қайтатын ед. 
Ағасы айта ғой деп, рай берген соң,
Қайқайып шыға келді қайта түлеп! 
Ал, сөйлеп берейін! «Бөшкенің зарын», әсіресе, «Бозторғай 
зорлық көріп тұрымтайданды» талдап тұрып, арасында өлеңдетіп 
соқтым келіп! 
Боздатып бозторғайдың зарын айтты,
Әлсізге күштілердің зәрін айтты.
Зорлық пен зомбылықты халық көрген 
Сәбиттің жазғанының бәрін айтты...
Ай келбетті ағамыз ықылас қоя тыңдап тұр. Әдемі апай да ма-
ған бар назарын аударған.
– Сәбиттің тұңғыш кітабы қалай аталады? – деп сұрады бір 
кезде ағамыз.
Бозторғай боп көкке ұшып кетсем керек, қапелімде жерге түсе 
алмай бөгеліп қалдым.
– У-а-ақ... – деп, ағамыз әндете соза бергенде:
– Түйек! – деп мен жабыса кеттім! 
– Иә, дұрыс, «Уақ-түйек»! – деп, жылы жымиып қойды екеуі де.
Содан, екінші сұрақ «Сын есімді» сұрады. Айта келіп, мысалға 
Абай атамыздың «Қысынан» өлеңдетіп келтірдім.
– Сын есімге Абайды келтіріп жатыр! Жақсы, ә! – деп, ағай 
апайға бір қарап қойды. Ана кісі де сүйініп-ақ отыр. Одан сайын 
көтеріліп, үшінші сұрақ сөйлем талдауды да ретіне келтіріп, «уһ» 
деп бір-ақ тоқтадым! 
Жылы шыраймен емтихан қағазымды алып, аша берді де, лез-
де өңі өзгеріп сала берді.
– Айналайын-ау, шығармадан қайтіп үш алып жүрсің?! Мұның 
жарамады ғой, енді! Біз саған бес қойғымыз-ақ келіп еді, бірақ, 


56
негізгі пәннен, шығармадан үш алған балаға бес қоюға болмайды! 
Төрт қоямыз, жолың болсын! – деп, шығарып салды.
Былай шыға, емтихан парақшасын ашып қарасам: Кәкішев жә-
не Түркпенова деп қол қойыпты. Бір жағы құлайын деп тұрған же-
рімнен төрт алып аман шыққаныма қуанып, бір жағы ана үштікке 
өкініп, екіұдай сезімде жатақханаға келдім. Өйткені, бір төрт, бір 
бес, яки екі төрт алғандар аз емес, яғни мен жинаған бал бойынша 
олардан артта қалып тұрмын. Алда тарих пен неміс тілі бар, солар-
ға дайындалайын, не болса да аяғына дейін айқасайын деп, өзімді-
өзім қайрап қоямын.
Бізбен бір бөлмеде Қостанай облысы, Наурызым ауданынан 
келген Жүнісбек Сұлтамұратов тұратын. Ол менен бір жас үлкен, 
журфакқа тапсырып жатқан. Мән-жайды естіп, емтихан парақ-
шамды қарап жіберді де:
– Баянғали, сен кімнен төрт алғаныңды білесің бе? Тұрсынбек 
Кәкішев! – деді, даусы жарқын-жарқын шығып.
– Иә, жақсы кісі екен, бірақ, бұрын атын естімеппін! – дедім, 
қысылыңқырап.
– Мәссаған! Тұрсынбек Кәкішев – сыншы, ғалым. Москвадан, 
ЖЗЛ сериясы бойынша Сәкен Сейфуллин туралы кітап шығарған! 
Сондай кісінің өзі саған төрт қойса, бұл басқаның бесіне татиды! – 
деп, Жүнісбек мені аңқылдай құттықтады.
Пендесін патша құдай қолдағанда, 
Осылай кез қылады-ау оңды адамға. 
Бозбала тозаң қуып кетер ме еді 
Сондағы «божалыста» болмағанда! 
Сол «божалыста» маған құтты болып, тарихтан бес, неміс тілі-
нен төрт алып, оқуға түстім де кеттім! Бір өкініштісі, жап-жақсы 
оқыған кластас нағашым Торғай тарихтан өте алмай, елге кете 
барды.
Міне, осы 1971 жылдан бастап, күні кеше, 2015 жылы Тұрсе-
кең өмірден озғанға дейін, қырық төрт жыл бойы аға мен інідей, 
әке мен баладай сыйласып, сырласып жүрдік. Тіпті, тағдырдың 
жазуымен алыстап кеткен, араға жылдар түскен кездерде де, біздің 
рухани байланысымыз, жан сыйластығымыз үзілген емес.
Бір қызығы – мен жас кезімде Тұрсекеңнің біздің елден екенін 
білмеппін, тіпті мән бермеппін. Өйткені, ағамыз алаш баласын 
алаламай, аялы алақанын алыс-жақыннан аямайтын.


57
– Бұл кісі біздің нағыз ағамыз! Даниловкада туып өскен! – деді 
бірде маған, менің немере ағам, бір курс жоғары оқитын Жарылға-
сын Шалабайұлы Әбішев. Ол өзі де Тұрсекеңнің шәкірті, ағамыз 
оны оқуын бітірген соң, курстастары Жанғара Дәдебаев, Құлбек 
Ергөбековтермен бірге ғылым академиясының әдебиет институ-
тына жұмысқа орналастырған. 
Ал, Даниловкаңыз (қазір «Алтынды» деп аталады), ол кезде 
Целиноград облысы, Макин ауданына қарайды деген аты болмаса, 
таза біздің ел. Біздің Еңбекшілдер ауданының Қаратал ауылына 
тиіп тұр, арасы екі-ақ шақырым.
Бірде лекция үстінде Тұрсекең: «Мен геолог болуды армандай-
тынмын! Әлі күнге геологияда мен ашпаған жаңалықтар бар сияқ-
ты!» – деп тебіреніп еді. Ол өз геологиясын әдебиеттану мен ұс-
таздықтан тапты, оның жаңалықтары – ғылым, білімі, оның алтын 
кені – аялап өсірген саналы шәкірттері! 
Мен де ол кісінің аялы алақан табын сезініп өстім. Қамқорлы-
ғын көп көрдім. Тіпті, жас күнімде, қатты қиналып жүрген кезімде, 
дәл тауып айтқан бір ауыз сөзімен-ақ жігер, қуат беріп, қанаттан-
дырып жіберетін! 
Мен елде тұрған кезде, заман аумалы-төкпелі болып, толқып 
тұрған шақта, Кеңащыға келгенінде: «Андай-мындайға араласпа! 
Бір бәлеге ұрынып қалма! Мен жүрмін ғой, сол жетер!» – деді. Бұл 
сөздің терең мағынасын мен арада жылдар өткеннен кейін сезіне 
бастадым. Шындық үшін шырылдап жүрген ұстазымыздың бұл 
сөзінде сол күрестің ыстық-суығын өзім-ақ көріп алайын, шәкірт-
терімді оның пәлесінен аулақ сақтайын деген ақ ниеті ғана емес, 
тікелей маған қатысты, сенің жолың басқа деген үлкен, құпия 
емеуріні жатыр-ау деп ойлаймын қазір! 
1977 жылы университетті бітірерде диплом жұмысымның же-
текшісі болды Тұрсекең. Екінші курста оқып жүрген кезімде «Қа-
зақ әдебиеті» газетіне шешендік сөздер туралы алғашқы мақалам 
жарияланған болатын. Сол тақырыпты біраз айналдырып, ақыры 
диплом қорғайтын болдым. Содан, кәдімгі Мәншүк Мәметованың 
анасы, ғалым Әмина Мәметованың билер сөзі туралы жазған кіта-
бын ал кеп іздейін! Көпшілік кітапханада жоқ болғасын, Ғылым 
академиясының кітапханасынан іздедім. Жоқ! (Қазір ойлаймын
тиым салып, тығып тастаған-ау шамасы). Ал, сонау қырқыншы 
жылдарда билер сөзін тереңдеп зерттеп, билердің авторлығын, та-


58
рихи тұлға екендігін дәйектеп жазған ғалымның еңбегіне соқпай, 
шешендік сөздер туралы қайтіп бірдеме жазасың? 
Бір күні әлгі кітапты іздеп-іздеп, әбден шаршап, Ғылым акаде-
миясының жанындағы бір телефон автоматтан Тұрсекеңе телефон 
соқтым. Ағамыз телефонды алып, мені мұқият тыңдап алды да:
– Ол кітап менде болу керек. Сен телефонды қоймай тұра тұр, 
мен қарай қояйын! – деп, іздеуге кетті.
Содан, не керек, Алматының аптап ыстығында, күн күйдірген 
тап-тар, темір телефон будкасында тікемнен-тіке үш сағаттай тұр-
дым ғой! Алғашқы бір-бір жарым сағатта Тұрсекең бір-екі рет ке-
ліп, трубканы алып: Ә-ә, мен таба алмай жатырмын, тұра тұр! – 
дейді де, қайта кетеді. Бір-екі рет баласы, құрдасым Дәурен мар-
құм трубканы алып, менімен қысқа сөйлесіп қояды. «Папам сізге 
кетпесін, күтсін деді!» – дейді. Бәрінен қиыны, телефон керек бол-
ған жұрт екі тиындарын көтеріп, кезекке тұра бастады. Шыдам-
сыздары «Қашан босатасың?» деп, айқайлап, будканы тарсылда-
тып қояды. Мен олардан ұялып барамын, будканы босатайын де-
сем, ағамыз жіпсіз байлап қойған! Ақырында, бір топ кісіге шы-
нымды айттым: «Диплом жұмысы жөнінде профессордың пікір-
кеңесін тыңдап тұрмын!» – дедім. «А-а, профессор! Тогда ясно, 
это надолго!» деп, басқа телефон іздеп, тарап кетті. Екі сағат өтті, 
Тұрсекең тым-тырыс, үшінші сағатқа кетті, хабар жоқ. Не телефон 
байланысы да үзіліп кетпейді, не мен кете алмаймын. Ақыры, ама-
лым құрып, үйге қайтатын уақыт болғанда, телефонды тарс еткізіп 
қойдым да, бір-ақ тарттым! 
Бақсам, Тұрсекең қалың қағаздың ішіне бір кіріп кеткесін, қы-
зығына батып, бір жоқты бір жоқ табады дегендей, керек дүниеле-
ріне қайта жолығып, шыға алмай қалған ғой! 
– Ә, солай ма? Ондай-ондай болады! – деп күледі ағамыз, кейін 
кездескенде осыны айтсам.
Университетті бітірер жылы, әлі жарты жыл оқу барына қара-
мастан, бір күні мені Сәбит Мұқановтың жаңадан ашылып жатқан 
музейіне алып келіп, Мәриям апаймен таныстырды да, жұмысқа 
орналастырды да қойды. Музей директоры Хакім Бекішев ағамыз 
бен ғылыми қызметкері, досым Құлбек Ергөбековпен бірге Сәбең 
музейінде өткен күндер бір бөлек хикая. Әңгіме Тұрсекеңнің жақ-
сы оқыған, әдебиетке, ғылымға бейімі бар шәкірттерін Алматыда 


59
алып қалуға тырысып, қолынан жетектеп жүріп, қолы жеткен жер-
ге жұмысқа орналастыратын әкелік қамқорлығында.
Қырық жылдан астам уақыт сыйласып, сырласып, араласып 
жүргенде, Тұрсекеңнің бір асып-сасқанын, я масаттанып тасқанын 
көрмеппін. Қандай да бір тосын оқиға, жағдай туып қалса да, не-
месе, жоғары билік тарапынан әлдебір қысастық, қитұрқылық көр-
се де: «Е-е, жарайды!» – дейтін де қоятын. Жылдан-жылға халық-
тың алдындағы абырой-атағы, асқар таудай бойы биіктей түскен 
сайын, Тұрсекең туған жерге тереңдеп бата берген секілді. Салма-
ғы ауыр тұлғаның сабыры да мол, ақылы да сарабдал еді. Ашу-
айбары, батырлығы мен батылдығы, ер мінезі ел мен әдебиет тағ-
дыры жайлы сөз қозғалатын тартысты жерлерде жарқ етіп көріне-
тін. Үлкен елдік мәселелерге келгенде әдеттегі кеңпейіл Тұрсекең 
мүлде өзгеріп сала беретін. Айтарын мейлінше ашық, батыл, кесіп-
кесіп айтатын. Ойы ұшқыр, айқын, нақты, шыншыл болатын. Со-
нысымен қарсыластарын тырп еткізбей, жүйелі сөзге тоқтатып, 
тыңдаушы көпшіліктің алғысына бөленуші еді. Даусы қандай таза, 
әуезді, жағымды, күшті еді жарықтықтың! Жақан Сыздықовтың 
тоқсан жылдығында, бұрынғы Көкшетау облысының бұрынғы 
Щучье (қазіргі Бурабай) ауданының Қарағаш ауылында орыс ті-
лінде ағыла бір сөйлегені бар. Өйткені, облыс, аудан басшылары-
ның дені орыстілділер болды, бұл бір. Екіншіден, сол кезде шови-
нистердің қазақ тәуелсіздігіне көз алартып, түрлі сөздерді гулетіп 
жатқан кезі болатын. Әсіресе, Солженицынның қазақ жерін қай-
шымен екіге бөле салуды көксеген астамшылыққа толы сөздері 
жат пиғылды баспасөзге дем беріп, әңгіменің ширығып тұрған ша-
ғы болатын. Әңгімені Жақан Сыздықовтың ақындығынан, майдан-
герлігінен тарата келіп, қазақ әдебиетіндегі ашаршылық туралы 
алғашқы толымды туындылардың бірі – «Әлі қарттың әңгімесі» 
поэмасына тоқталып, ел мен жер тағдырына ойысқан Тұрсекең 
орыс тіліндегі отты сөзімен Солженицынді де, оның сойылын со-
ғушыларды да сылқитты да салды. Отырған орыстілді қауым аға-
мыздың аталы сөзіне ұйып, бас изеді, қазақтар арқаланып, қиқулап 
кетті. Мен сонда ұстаз ағамыздың ұлттық мәселені барынша ашық, 
батыл және байыпты түрде қалың орыс қауымының алдында ай-
тып бергеніне сүйініп, қол соғып едім. «Жат елдің бір кесек семіз 
колбасасын жегеніне мәз болып, шетелге қашып кетіп, туған жерін 
жамандап, ылаңдатқан адам патриот па, жоқ әлде туған елінің бар-


60
лық ауыртпалығын халықпен бірге көтеріп, өз жерінде адал еңбек 
еткен адам патриот па?! Саяси дау-дамай, айқай-шуға ілесіп, бір 
елдің жерін қайта бөліске саламыз деп, халықтардың арасына іріт-
кі салушы арандатушылар патриот па, жоқ әлде елдің тынышты-
ғын, береке-бірлігін ойлап, тату-тәтті өмір сүріп жатқандар пат-
риот па!?» – деп, орысша ырғақтап соққан сөздері көпшілікке ой 
салып, сексен көлдей толқытып жібергені көз алдымда! Ал, Тұр-
сынбек ағаның осы тектес сөйлеген сөздерінің өзін жинақтап, жа-
риялайтын болсақ, оның өзі әлденеше том болар ма екен?! Ойлы 
да отты, мағыналы, ғибратты сөздері ел өмірінің, тарихымыздың 
сан алуан қырларын қамтитын шежіре, дерек, рухани қазына ғой! 
Міне, қазақтың осындай ұлттық шешені, айбынды азамат – 
трибуны келмеске кетті-ау деген бір ой келеді амалсыз! 
Тұрсекеңнің ғалымдығы кітаптарында қалды, іздеген адам та-
бады. Жазған еңбектері, том-том кітаптары бір төбе! 
Ұстаздығы шәкірттерінде қалды. Ол кісінің тәрбиелеп өсірген 
шәкірттерінің біразы ғалым, ұстаз, алды Алаш ақсақалдары атанып 
отыр. Ал кең далада ана тіліміз бен әдебиетімізді көзінің қарашы-
ғындай сақтап, ауыл, қала мектептерінде қазақ рухани байлығын, 
білім нұрын таратып жүрген мыңдаған шәкірттері айбынды да са-
налы рух күрескерлері емес пе?! 
Бірақ, Тұрсынбек ағамыздың адамдық тұлғасының орны тол-
майды! Қайталанбайды! Өн бойы толы қасиеті, ғажайыбы өзімен 
бірге кетті! Сағындырады! Өмір солай, не дерсің! 
Мен Тұрсынбек ағамды көргенде ерекше шаттанып, арқаланып 
кетуші едім.
– Ал, сөйле, Байеке! Не бітірдің?! – дер еді, мол денесімен маған 
бұрылып, одан да кең жүрегінен ұстаздық, әкелік мейірі төгіліп.
Желдей есемін келіп. Риза болғанын: «Е-е, жарайды!» деп, бір-
ақ сөзбен білдіріп, басын нығыздап бір изеп қоятын.
Жарықтықтың жүрген жері жап-жарық болып кететін сияқты 
еді. Еліміздің бетке шығар қаймақтары жиналған айбынды жиын-
ның ішінде айрықша дараланып, ай маңдайы алыстан нұрланып 
көрінетін. Жан шуағын, ақыл-ой қуатын шашып тұратын жан-
жағына. Егер де ол кісі сонау жастық шағында, Ақмола облыстық 
театрында меңгерген әртістік өнердің жолын мықтап қуғанда, 
Голливудтың терең ойлы, кесек тұлғалы Энтони Хопкинс тәрізді 
жұлдыздарымен бірге жер-жаһанға жарқырап көрінер ме еді, кім 


61
білсін? Расында да, Тұрсекеңнің ірі, кесек, сымбатты тұлғасы, ай-
рықша сұлу келбеті, сәуле шашқан ай қасқасы, тіпті, жасы ұлғай-
ған шақтағы маңдайы мен бетіндегі терең ойдың іздеріндей сезіле-
тін қатпарлы әжімдерінің өзі, әртістердің тілімен айтқанда, факту-
расы мен колориті әлемдік киноэкранды молынан толтырып-ақ 
тастар еді! 
Бірақ, Тұрсекең өз жұлдызын ғылым мен ұстаздықтан тапты! 
Осынша білім, ғылым бір басына қалай сыйған! 
Ал адамшылығын айтсаңшы! Адамдарды жеріне, руына қарап 
алалауды білмейтін, шақырған жерден қалмайтын, үйіне келген 
адамды жадырап қарсы алып, жайнап отыратын жайсаңның нақ өзі 
еді! 
Ізгілік, дарқандық, адамдық асыл қасиеттері бір кітап! 
Азаматтығы, қайраткерлігі мүлде бөлек әңгіме! 
Бәріне қалай үлгерген? 
Бұған қажымайтын, жаңалық құмар саяхатшылығын қосыңыз... 
Сексенге келгенде, Омбы, Уфа, Қазан, Троицк бар, бүкіл солтүстік 
аймақты машинамен аралап шықты! Ақын Әскен Нәбиевтің ұлы, 
меценат, қайраткер бауырымыз Марат жақсы жеңіл машина тауып 
беріп тұрып: «Аға, жол ұзақ, шаршап қалмаңыз!» – деп, шынайы 
інілік қамқорлығын білдірген. Кейіннен сапарлас болған жастар: 
«Біз басында жол соғып тастай ма деп, ағамызды аяп едік, аяғында 
ағамыз бізді аяды ғой!» – деп, сүйсініп, күліп келген. Сонда, пәлен 
мың шақырым жолда сексеннің сеңгіріндегі сұңқар бір қыңқ етіп, 
ешкімнің мазасын алмай, көздеген жеріне барып, іздеген дүниеле-
рін тауып қайтқан! Жан жылуы, білімге, өмірге деген құштарлық 
оты, рух күші жанып тұрды ғой, қартаймаған қайратты жүректе! 
Жүрек демекші, елуден асқан шағында, бір-екі рет инфаркт те 
алған. Советтік тоталитарлық жүйе жүйкені жеп, тауыспай тын-
байтын. Әсіресе, саналыны соғатын. Соны да жеңіп шықты Тұрсе-
кең! Сексеннен асқанда, Алматыда, сырқаттанып, ауруханаға түс-
ті. Көңілін сұрай барғанымда:
– Құдайға да рақмет! Қашанғы сақтай берсін! Осынша жерге 
әкелді! Ендігі бар арманым... әлгі солдатский смерть деген бар 
ғой... бір-ақ кететін... сол болып тұр! – деп, жайбарақат қарап 
отыр! Ертең киноға барамын деген сияқты! 
– Ой, аға, қоя тұрыңыз, асықпай! Әлі бізге, бүкіл Алашыңызға 
керексіз! Асқар тау болып жүре тұрыңыз! – деп жатырмын. Деуін 


62
десем де, тұтас бір дәуірдің аяқталып келе жатқанын сезініп, ұлы 
уақыт ағынына тағы да іштей бойсұнып, мұңайып барып: Сексен 
жылдығыңызды Көкшетауда тойлағанда, біздің үйден аттанып 
едіңіз! Сонда, сексен бес жылдығыңызда да біздің үйден аттануға 
жазсын деп батамды беріп едім ғой! Сондықтан, оған дейін рұқсат 
жоқ! Тағы да келіп, батамды алып кетіңіз! – деп, әзілге сайып 
әкеттім.
Тұрсекеңе де жан керек екен, жадырап күліп жіберді. «Е-е, жа-
райды!» деді, әдетінше. Құдай беріп, содан кейін де бес-алты жыл 
жасады. Сексен бес жылдығын Бұланды ауданында далада ақ 
шаңқан үйлер тігіп, ат шаптырып, балуан күрестіріп, бүкіл ел бо-
лып атап өтіп, Астанаға келген соң, айтқанымыздай, біздің үйде 
түйіндеп, Алматыға аттанып кетіп еді...
Сол сексен бес жылдыққа орай ағамыз туралы деректі фильм 
түсіруді ойладық. Онда біз уақытша Алматыда едік, кино түсіретін 
құрал-сайманның бәрі Көкшетаудағы үйде қалған. Не бөлінген 
қаржы-қаражат жоқ, не кино түсіретін топ жоқ. Амал қанша, әй-
теуір Тұрсекеңнің әңгімесін әбден айтқызып, өз аузынан жазып 
алайын деген ниетпен, бір телеканалдың бір операторын жалда-
дым. Оның камерасы бізге сәйкес екен, соған қызықтым. Айтқан 
уағында келді. Біраз адамдар жиналды.
– Байеке, еш жерге кимеген, ешбір теледидарға түспеген бір 
тамаша көйлегім бар еді, соны сенің киноңа кигелі әдейі сақтап 
отыр едім! – деп, Тұрсекең жарқырап күліп қарсы алды. Шынында 
да, өзіне сондай жарасымды және экранда өңін ашатын, кабинеті-
нің көрінісіне де керемет үйлесетін ашық қоңырлау түсті мол, қа-
лың көйлек екен. Міне, сырбаз ақсақалдың талғамы! 
Әлқисса, жарықты қойып, камераны орналастырып, түсіруге 
дайындалдық. Тұрсекең жазу үстелінде сақадай-сай отыр.
Оператор жігіт камерасын шұқылаңқырап, көбірек бөгеле бер-
ген соң: «Не болды?» – деп сұрадым.
– Дыбыс жазатын петличка істемей тұр! – дейді күмілжіп – Іс-
теп тұрған, не болғанын білмеймін! 
Масқара болды! Дыбыссыз кино бола ма? 
Жұрт сілтідей тынып, күтіп тұр! Тұрсекең отыр алдымызда, 
таудай болып толғанып! Күләш жеңгей әдетінше қонақ күтуге 
қамданып, етті бұрқыратып пісіріп жатыр! 
Ал, бүгін түсірмеймін, кейін түсіремін деп қалай айтасың?! 


63
– Камераның дыбысы істей ме?! – деп сұрадым сыбырлап.
– Істейді! – деді оператор.
– Онда амал жоқ, тікелей камераға жазамыз! – дедім.
Сөйтіп, түннің бір уағына дейін Тұрсекеңнің әңгімесін тікелей 
камераға жазып алдық. Ақтарылып, арғы-бергіні қозғап, балалық 
шағынан бастап майын тамызып әңгімелеп берді. Үні қандай еді, 
ақ сұңқардай саңқылдап тұратын, ешқандай аппаратсыз-ақ тап-
таза, анық жазылыпты.
Келген азаматтардың да Тұрсекең туралы сөздерін жазып ал-
дық.
Қонақ күтіп жүрген Күләш жеңгейге кезек тимей қалды.
Ол кісіні ертеңіне, қосымша түсіру жұмыстары кезінде жаза-
тын болып тарадық.
Ертеңінде ағамыздың қаламынан туған алпыс-жетпіс кітапты 
үстелге жайып қойып, операторды күтіп отырмыз. Айтқан уағында 
келмеген соң, соғамын келіп телефонды. Жауап бермейді. Түнде 
келіскен ақысын түгел беріп, бүгінге уәделескенбіз. Көңілге күдік 
кіре бастады. Бір кезде алды-ау телефонды. «Камерамды қызмет-
тес жолдасым алып еді, кешігіп жатыр!» – деп бір қойды. Бір са-
ғаттан соң: «Камерамды бұзып әкепті, енді түсіруге жарамайды!» 
– деп қысқа жауап берді де, ұстатпай кете барды. Сөйтіп, кітаптар 
киноға түспей қалды. Бәрінен қиыны, Күләш жеңгеміздің әңгіме-
сін жаза алмай қалдық.
– Е-е, жарайды... Түнде түсіп алмай, қазан-ошақтан шықпай 
қойған өзінен көрсін! –деп, бір күлдірді ағай. Киноны сол күйінде 
екі сағаттық етіп жасап шығарып, ағамыздың сексен бес жылды-
ғында тойға тарту ретінде тарттым. Ол кинода болмай қалдым деп 
ғалым Күләш жеңгеміз өкпелеген жоқ, әйтеуір! 
Тамақ істегеннен шығады, Тұрсекеңнің сексен жылдығында, 
Көкшетауда, үлкен жиында сөйлеген ағамыз Әзілхан Нұршайықов 
бір әдемі сөз айтып еді.
– Тұрсынбектің сексен жасында суарылған семсердей жарқыл-
дап тұрғаны – Күләштің бағып-қағуының арқасы! Күләш Тұрсын-
бекке ылғи да бір керемет дәмді тағамдарды дайындап, әбден бап-
тап, күтіп отыр. Және Күләш істеген тамағына адамды жасарта 
түсетін ерекше пайдалы бір витаминді қосады үнемі! Ол М деген 
витамин! – деп бір тоқтады.


64
Жұртшылық, әсіресе, жастар жағы, ынты-шынтымен беріле 
тыңдап, аузының суы құрып отыр. Ғылымда жоқ бұл не қылған М 
деген витамин?! 
Әзекең тыңдаушылар тағы да құмарта түссін дегендей сәл бө-
геліп барып:
– Ол махаббат деген витамин! Күләштің Тұрсынбекке деген 
махаббаты! – дегенде, бүкіл Көкшетау тік тұрып қол соғып еді. 
Әзекеңнің тапқыр сөзіне ғана емес, ғұлама, ұстазды қадірлеп, әл-
пештеп бағып-қаққан, жан серігі бола білген Күләштай аяулы қа-
зақ қызына деген шынайы құрметі еді бұл! Шынында да, тіршілі-
гінде ағамызды ардақтай білген парасатты, зерделі Күләш жеңге-
міз енді ол кісінің рухани қазынасын көздің қарашығындай сақтап, 
келешекке құнды қазына ретінде аманаттап тапсыру жолында, есі-
мін ардақтап, есте қалдыру жолында жанкештілікпен еңбек етіп 
келеді! 
Тұрсекең туған бауыры Жақия ағамызбен екеуі қандай жара-
сып жүруші еді.
– Менің тағдырымда Тұрсынбек шешуші роль атқарды! – дей-
тін ағасын жоғары бағалайтын Жақаң. Ағалық қамқорлығын, аялы 
алақанын көргенін айтады.
Ағайынды қоңыр қаз деп осындай кісілерді айтатын шығар. 
Екеуінің арасы екі-үш-ақ жас, бір-біріне ұқсайды, екеуі де қасқа 
бас. Кездесе қалса болды, дастарқан басында сөзден сөз шығып, 
ал, қызыл шеке болып, дауласа кетеді. Тура бір саяси дебат дерсің! 
Теледидардан, газеттерден таппайтын заман, қоғам, тарих туралы 
небір шыншыл әңгімелерді талқыға салатын.
Әңгімелерінің негізі – әлеуметтік әділеттік пен шындық тура-
лы өрбиді. Бір қызығы, екеуі де шындық іздейді, екеуі де әлеумет-
тік әділеттілікті көздейді. Бірақ, әрқайсы өзінше дәлелдейді. Тұр-
секең түйіп тастайды, Жақаң жайып тастайды! Әй, бір қызық еді, 
бала күндерінде тете өскен, тай-құлындай тебіскен ақсақалдардың 
ақыл-ой таласын, айтысын тамашалау! Екеуі де тоқсан жасқа таяп 
қалған ақсақалдардың сөзінен даналық маржандары шашылып 
жатқандай болатын.
Әбден болмағасын:
– Байеке, мына даукес ағаңа қой деші! – дейтін Тұрсекең, інісі-
не сүйсініп отырғаны арғы тереңінен ғана сезіліп.


65
Мен «даукес ағама» қой дегім келмейді! Қайта, айта түссе екен 
деймін! 
– Әй, қойшы, сен енді! – деп, әбден болмағасын, Тұрсекең қо-
лын бір-ақ сермеп, кесіп тастайды.
– Әне, мұның әдеті! – деп, Жақия ағамыз маған жайдарылана 
қарайды. – Бала күнінен осындай! Жеңіліп бара жатса, төбелесе 
кетуден тайынбайтын! Бұл айтысса, тек жеңу керек! Қазір енді 
атақты ғалым, әрі жасы үлкен аға болғасын, амал жоқ, әйтпесе ме-
ні жеңу қайда! 
– Шындық ащы ғой! Бірақ, керек, амал не! – дейтін Тұрсекең 
ауыр күрсініп. Шындық, әсіресе, тарихи шындық талқыға түскенде 
табаны таймай, қатпар-қатпар, қайшылықты тағдыр, тарихты ащы-
тұщысымен қоса қопара зерттеп, парасат таразысына тарта білген 
Тұрсекең өмірде де, ғылым, білімде де осы шыншылдық жолынан 
айныған емес. Ұлағатты ұстаз, асыл азамат ағаның шәкірттеріне 
ғана емес, бүкіл Алашына аманаты да осы болар-ау! 
– Шыншыл көзқарас болмаса, сыншыл пікір болмаса, адамда 
да, қоғамда да даму болмайды! – дейтін ашынып. – Мақтау да, 
мақтану да оңай! Шындықты, әсіресе, сыншыл ойды айту қиын! 
Сын пікірге құлақ асу, қорытынды шығару одан да қиын! Бірақ, 
керек! Сын болмаса, қисық түзелмейді! – дейтін, кіжініп.
Маған Тұрсекең рухани әлемінің тынымсыз жиһангезі, жоқ-
шысы, түгендеушісі сияқты болып көрінетін. Қамал, қорғандай 
болып ол кісі тұрғанда, қазақтың рухани әлемі түгенделіп, ша-
шауы шықпай бүтінделіп тұратындай болып көрінетін. Бір қызық 
жағдайды қараңыз, қазаққа керек жерде Тұрсекең табыла кететін, 
қазаққа керек шаруаға Тұрсекең кезіге кететін, қазаққа керек дау-
шарға Тұрсекең кірісіп кететін! 
Өткен ғасырдың сонау елуінші жылдары болса керек, Тұрсекең 
Уфаға барып, архив ақтарып жүрмей ме? Бір күні кітапханадан 
шығып бара жатса, төбе-төбе кітаптарды аулаға шығарып, үйіп 
қойыпты. Көзі түсіп кетсе, арабша, латынша харіппен басылған 
ескі, көне кітаптар екен. Үңіле қараса, біразы қазақ кітаптары! 
Содан, шырылдап сұрастырады. Сөйтсе, кітапханаға сыймай, 
орын босату керек болған соң, өртеуге шығарылған дүниелер екен! 
Тұрсекең ара түсіп, бостан-босқа өртегенше, маған беріңдер, мен 
алып кетейін деп, Алматыға, ғылым академиясының президенті, 


66
академик Сақтаған Бәйішевке хабарласып, ақша алдырып, пойызға 
тиеп, елге алып келеді! 
Сол Уфаның кітапханасынан тауып әкелгені – 700-дей қазақ 
кітаптары! Өңкей сирек дүниелер, араб, латын әрпімен шыққан! 
Ішінде алаш арыстарының еңбектері молынан кездеседі. Олардың 
екінші, үшінші артық даналарын ағамыз өзіне алып қалады.
Бір күні Тұрсекеңе Міржақыптың кітабын іздеп жазушы Әбен 
Сатыбалдин келеді. Сөйтсе, ол кісі Міржақыптың қызы Гүлнәрдің 
күйеуі екен! Осылайша, атылып кеткен, атын атауға тиым салын-
ған әкесінің кітабын тауып әкелген Тұрсекеңді Гүлнәр апамыз өле-
өлгенше туған бауырындай жақсы көріп, сыйлап өткен екен! 
Ал, кейбір білгіштер Тұрсекеңді Сәкен мен Сәбитті зерттеуші, 
бар болғаны қызыл компартияның сыншысы ғана деп қыжыртқы-
сы келеді-ау жүзі жанбай! Иә, Тұрсекең компартия мүшесі, адал 
коммунист болды. Партияға, совет өкіметіне сенбеді десек – шын-
дыққа обал. Заман солай еді, бүкіл еліміздің тарихи тағдыры солай 
еді. Бірақ, өзі ішінде жүрген партияның, совет өкіметінің өрескел 
өтірігін де, сұмдық қылмыстарын да бірте-бірте біліп, түсініп, зер-
делей берді. Ең бастысы, әдеби, ұстаздық еңбегіне адал болды, ға-
лымдығына залымдық жуытпай өтті! Айтуға болмайтын кездің 
өзінде, ақиқат шындықты ішіне жинай білген, уақыты келгенде, 
аласапыран заман жайлы іргелі, айтулы еңбектер жазған Тұрсекең 
– асылдардың сынығы, алаш арыстарының жалғасы, қазақ халқы-
ның абызы, ақыл-ойының алыбы, айналымы үлкен, тұңғиығы те-
рең жатқан күрделі құбылыс! 
Тәуелсіздікпен бірге тынысы ашылған тарланбоз тар жол, тай-
ғақтарды табаны таймай шарлады. Күрмеуі қатты тағдыр мен та-
рихты тарқатып, том-том еңбектер жазды. Тың әлем ашты. Өзі де 
бір әлемге айналды. Шетелден келген зиялы, саналы қазақ баласы-
ның алдымен іздейтін ақылгөйі, арқа сүйері Тұрсынбек ағамыз еді. 
Ат басын тірейтіні – Тұрсекеңнің шаңырағы. Келелі кеңес құрып, 
түйткілді мәселелердің түйінін тарқатып беретін. Тіпті, арғы та-
рихқа да тартып кетіп, Қожаберген жырау, Керей ер Жәнібек, Ма-
рал ишан, Сегіз сері сынды тұлғалар туралы ой толғайтын, халық-
тың тарихы мен тағдырын зерделейтін. Елдік жиын, тойлардың 
төрінен табылатын.
Алаш арыстарының шығармашылығы мен тағдыры жайында-
ғы жан-жақты, нақты зерттеу еңбектері айқын талдауымен, то-


67
лымды ойларымен, шыншыл жаңалығымен жұртымызды дүр сіл-
кіндіріп, ғылымға қосылған сүбелі үлес болып қалды! 
Галина Серебрякованың бір әңгімесін айтып еді бірде.
– Мен ағаңа өкпелеп жүруші едім! – депті Серебрякова Тұрсе-
кеңе.
Сені көрсеткен, ұстатқан Сәкен Сейфуллин деп, біреулер бық-
сыған болу керек. Содан НКВД архивін ақтарып, Сәкеннің өзіне 
шаң жуытпай, ажал аузында тұрғанда да қорғаштағанын өз көзі-
мен оқып көргеннен кейін, азаматтығына әбден разы болыпты. 
«Сәкен Сейфуллин – гордость советского народа!» деп содан кейін 
жазған екен.
Сәкен Сейфуллин проспектісін ашарда, Тұрсекең Орталық Ко-
митеттің қаһарлы хатшысы Саттар Имашевпен бірге барып көреді. 
Сөйтсе, Сейфуллин проспектісі бірінші Алматыға қарай шығар 
жерден аяқталып, ары қарай Ұйғыр көшесі ме екен, әйтеуір бір бас-
қа атпен кететін көрінеді. Содан, Имашевпен достығын пайдаланып, 
Тұрсекең тізеге сап жіберіп, көндіріп, Сәкен Сейфуллин көшесін 
ары қарай создырып жіберіпті! Қазіргі Алматының ең ұзын көшесі 
болып тұрғанына тікелей себепкер болған екен сөйтіп! 
1997 жылы теледидардағы айтысты қайта жандандырудағы 
қайраты, ақын Жүрсін Ерманды қолдауы да есімде қалыпты. «Ай-
тыс теледидарға шықпай, бүкіл халыққа таралмай, тоқтаңқырап 
қалды. Міне, енді айтысқа теледидарда жол ашылғалы тұр. Алды-
мызда айтыс бола ма, болмай ма деген мәселе тұр! Бұдан былайғы 
жерде айтыстың болу-болмауы сендерге байланысты!» – деп, әде-
тінше сөздің түбін түсіре, кесіп-кесіп айтып еді Тұрсекең! 
– Қандай данышпан болса да, іздеушісі, жоқтаушысы болмаса, 
ескерусіз қала береді! – деп, күрсінетін ағамыз.
Жарықтық Тұрсекең рух әлемінің қорғаны, іздеушісі, жоқшы-
сы еді ғой.
Ол кісінің ой-сана сәулесі қаншама көлеңкеде, қалтарыста қа-
лып бара жатқан, көмескі тарта бастаған қазыналарға жарығын 
түсіріп, бүкіл қазақ ұлтының рухани игілігіне айналдырды.
Ол кісінің жан нұрынан қаншама адам сусындап, қуат алып, 
қияға құлаш ұрды.
Әдетте ескі тарихты, көне дүниені көп іздейміз ғой... Оның қа-
дірі де бөлек! 


68
Ал, жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы тарих кү-
ні кешегі нәрсе сияқты көрініп тұратыны бар. Шындығында, ең бір 
қайшылықты, күрделі, саяси құйтырқылыққа толы дәуір осы емес 
пе? Аласапыран, алашапқын кездегі саяси сұмдықтардың сыры әлі 
толық ашылып болған жоқ.
Ақ, қызыл, көк, жасыл болып қақыраған, ұлт азаттығы мен тап 
күресі сапырылысқан, адам түсінбейтін астан-кестен замандағы 
арпалыстар, алаш арыстарының, қазақ халқының қасіретті, қанды 
тағдыры қатпар-қатпар құпия болып жатыр емес пе?! 
Міне, Тұрсекең сол сұмдық тарихқа шындық сүйгіш адал жү-
регін шырақ қылып, кең ақыл, кең ойын таразы қылып, батыл ба-
сып кірді де, бар ғұмырын таза ғылым жолына сарп етті.
Қандай ауыр жүктерді қара нардай қайыспай көтеріп, жиырма 
бірінші ғасыр биігіне алып шықты! 
Қазақтың бақытына жаратылған,
Сау қалмай бас көтерген дара тұлғаң,
Ғасырдың астан-кестен кезеңінде 
Жауыздық аран ашып аласұрған.
Туралған отаршылдық қылышымен,
Байың да, кедейің де, Алашордаң.
Ол заман ауыр болған азаматқа,
Құтылу мүмкін емес қалың сордан.
Бүгінгі батырларға оп-оңай-ау,
Жаланы оңды-солды жаба салған,
Орынсыз күстәналау өткендерді 
Ақ жүрек, адал жанға жара салған,
Жетпіс жыл – ол да тарих, ел тарихы,
Өтірік емес қолдан жаза салған.
Кеңестік кер заманда ер қамалған,
Аққудай аспандағы құлады арман.
Бір кезде буырқанған ой сезімдер,
Тып-тыныш сөрелерде тына қалған.
Архивке ай маңдайы сәуле шашып,
Кәкішев ойға батып, қырға қонған.
Кеншідей тас қопарған тыным таппай,
Сарғайған сар қағаздан сұрақ алған. 


69
Ғайбаттың тасқынына тосқауыл боп,
Қазақтың Толағайы тұра қалған.
Ерлердің елім деген жаны сұлу,
Түн тербеп, тау жаңғыртқан әні сұлу. 
Тар кезде ар-намысын сақтап қалған 
Алаштың ұл-қызының бәрі сұлу! 
Тұнғиық ойға батқан көзі сұлу,
Тым биік айға баққан сөзі сұлу.
Өлшеусіз сұлулыққа ғашық болған,
Тұрсынбек ағамыздың өзі сұлу! 
Тұрсынбек Кәкішевтен айырылдық деуге бола ма?
 
Қазақ пен Тұрсекең ажырамас бір ұғым болып баяғыда тұта-
сып кеткен! 
Таулар алыстаған сайын биіктей береді.
Аруақ алыстаған сайын жақындай бермей ме? 
Тау тұлға тарих әлеміндегі өз орнына жайғасты.
Қазақтың абызы, әдебиеттану ғылымының алыбы, кең ақыл, 
биік ойлы, турашыл, шыншыл ғұлама, аяулы, саялы ұстаз енді біз-
ге бұрынғыдан да ыстық, бұрынғыдан да қадірлі, қасиетті, киелі 
күйінде жақындай түскен тәрізді.
Жарықтық Тұрсекең жиын-тойда бата берген сайын: «Лә хаулә 
уә лә қууата иллә биллаһ» деген дұғаны жиі айтушы еді. Аса дін-
дар болмаса да, ғалымның аты ғалым, бірдеме білген ғой. Молда-
лар айтады: «Бұл – дұғаның төресі!» дейді. Иман нұрына бөленіп, 
жаныңыз жәннатта болсын, аяулы аға! 
Исі қазақ болмағанымен, есті қазақтың ана тіліміз мемлекеттік 
мәртебе алған күні жүрегі жарыла қуанбағаны жоқ шығар.
Осынау ұлы қазақ қуанышына үлесті, хақылы азаматтардың 
бірі Шәймерден Сәлиұлы Дәуренов болатын. Сол күндері мен 
оның қасында бола алмадым: ол – Жамбылда, Свердлов ауданын-
да, мен Көкшетауда, Кеңащыдамын. Бірақ, Шахидың (достары 
Шәймерденді Шахи дейтін) жүрегі жарыла қуанғанына, тойлаға-


70
нына, ойлағанына, сиынғанына күмәнім жоқ. Жыр толғауға кел-
сек, бүкіл саналы өмірінде жанына маза бермеген мұң-зары, үміт 
сенімі жүрегінен жанартаудай атылып шығыпты.
Жаныңды сыздатып, қаныңды қыздыратын «Ана тілім, армы-
сың!» атты өлеңінен Шахидың бүкіл табиғи тұлғасы, арман-мұңы, 
елім деп еңіреген ер мінезі танылады. Ана тіліне деген махаббат 
пен мұңға толы, жүрек қанымен жазылған бұл өлең қазақ тілі ту-
ралы жазылған қасиетті жырлардың қатарынан орын алуға әбден 
лайықты.
О, тағдырым, ризамын енді өлсем де,
Сахарада шөл буып сенделсем де,
Мың алғысым өзіңе, о ғасырым,
Қайырған ана тілін шерменде елге! 
Алла-ай, сонша неге таусылып айтты екен?! Бірақ, осылай 
айтпаса, Шахи Шахи бола ма?! Жан досымның бүкіл арман-
мұраты, азаматтық тұғыры, өмірінің мәні мен әні – қазақ халқы-
ның, қазақ тілінің теңдігі мен еркіндігі болатын. «Егер қазақ бол-
маса, қазақ тілі болмаса, мен үшін дүние қараң!» – деп күңіренетін 
ол. «Халқымды, тілімді керек қылмай, жойып жіберетін дүниенің 
маған да керегі жоқ!» Осы сөздерін ол ешкімнен жасқанбай ашық 
айтатын. Жүрген жерлерінде тілі жеткенше, қолынан келгенше 
қазақтың елдік, ерлік қасиеттерінің, рухани байлығының дәнін се-
бетін. Шахи туған елі үшін керек болса, жанын да қиюға бар еді. 
Ана тіліміз туралы әділ заң қабылданғанда қуаныштан жылап 
отырып жазған өлеңінен «ана тілім, садағаң кетейін, құрбандығың 
болайын!» деген жан шындығы айқын сезіліп тұрған жоқ па?! 
Жаратылыстың жан ұқпайтын жұмбақтары-ай! Шәймерден 
Дәуренов өлеңін жазып бітіріп, өзі редактор болып істейтін Жам-
был облысы, Свердлов аудандық «Село жаңалығы» газетіне басуға 
қолын қойып, совхоздың біріне саяси сабақ науқанын ашуға атта-
нады. Бұл оның соңғы сапары болды. 1989 жылғы 3 октябрьде 
Шәймерден автомобиль апатынан қаза тапты.
Ақтық аманат жыры өзіне арналған жоқтау өлеңмен бірге 
аудандық газетте 12 октябрьде жарияланды.
Кездейсоқ апат. Қайғылы қаза... Аманат жыр...
Бұлардың арасында қандай байланыс болуы мүмкін? 
Бұл құпияны ашу адам баласының пешенесіне жазылмаған. 
Жаратылыстың жан ұқпайтын жұмбағы-ай! 


71
Шәймерден 1947 жылы Шымкент облысы, Арыс ауданы, (кей-
іннен Бөген, қазір Ордабасы ауданы). Карл Маркс атындағы кол-
хозда дүниеге келген. Жас кезінде асау арынмен арман қуып бір-
талай жерді шарлады, жұмыс істеді. ҚазМУ-дің филология фа-
культетін 1975 жылы бітіргеннен кейін Жамбыл облысы, Жамбыл 
ауданында, «Шұғыла» газетінде қызмет істеді, кейіннен оның ре-
дакторы болды. Республикалық жоғары партия мектебін бітірген 
соң, біраз жыл партия қызметінде болды. 1987 жылдан бастап 
Свердлов аудандық «Село жаңалығы» – «Сельская новь» газетте-
рінде редактор еді.
Қысқаша өмірбаян жолдары көпшілікке көп нәрсе аңғарта 
қоймаса да, онда талай сыр бар. Идеология саласында қызмет істе-
ген Шахи жан шындығына көлеңке түсірмеген, жалғандық, жа-
ғымпаздық жайлаған уақытта да перде кимеген, ақиқаттан айны-
маған саналы азаматтардың бірі еді.
Тоқырау заманының тоған ойына, алдамшы саясатына зығыр-
даны қайнап, заманды өзгерте алмайтынына күйзелетін. Әйтеуір 
айналасына алдамшылықты жуытпауға тырысатын. Шыншылдар 
оны осынысы үшін жақсы көріп, қадірлесе, жылтырлар бетің бар, 
жүзің бар демей, шындықты алдаспандай жарқ еткізетін өткір тілі-
нен ығатын. Бірде аудандардың біріне жаңадан келген (жоғарыдан 
тағайындалған) хатшылардың бірі жиналыста:
«Менің әлі тәжірибем жоқ, партия жұмысында әзірше малтақ-
таймын (плаваю). Сіздерден үйренуге келдім», – дейді ғой сыпай-
ысып. Жұрт үндемей қалғанда, Шахи шарт кетіп: «Сіз бізден үй-
ренуге тиіс емессіз, сіз бізді үйретуге, басқаруға тиіссіз. Партия 
жұмысы жүзу бассейні емес! – деп салыпты...
Кеше «қазақ ұлтшылдығы» деген даурықпа сөз шығып, қыңыр 
мақалалар қаптап кеткен кезде, Шахи оларға қарсы дауыс көтере-
ді. Қазақстанның бүкіл газеттеріне басылған «Шырмауық» атты 
мақалаға шырқырай қарсы шығып, өлең жазыпты. Жарияланбаға-
нымен, өзі домбыраға қосылып ел ішінде күңірене айтып жүріпті. 
«Сөзіме құлақ сал, аға, дейтұғын жанның бірі едің, арымнан жа-
ным садаға, не дейсің мына жалаға, шырмауық атты сұмдық сөз, 
даламды шырмап бара ма?! – деген жолдары ғана есімде қалыпты.
Қазақтың тарихын, тарихи тұлғаларды, эпос батырларын Шахи 
ерекше қастерлейтін. «Аруақ аттаған оңбайды» дегенді жиі қайта-
лайтын. Құранның біраз аяттарын жатқа оқитын. Қазақ халқына 


72
азды-көпті еңбегі сіңген адамдарды өте құрметтеуші еді. Әсіресе 
Баукеңе – Бауыржан Момышұлына махаббаты айрықша. Ұлының 
аты да Бауыржан. Төріне екеуінің суретін қатар іліп, бір ауыз өлең 
жазыпты. Сондағы жазу:
«Кішкене бала да үлкен түс көреді...» 
(Менің мәтелім). 
Қос Бауыржан... 
Бірі – кіші, бірі – ұлы,
Маған салсаң,
Бұл бір есім 
Адамдықтың тұғыры! 
Үлкеніне жапырылып,
Исі қазақ бас исе,
Кішісінің 
Желкілдеп жүр тұлымы... 
Нар тәуекел! 
Қатар ілдім екеуін,
Кішісі де 
Бәйге алар деп,
Ұлы тойда,
Бір күні... 
Шахи қызы Әйгерімге жазған тілегінде де «Халқыңның қызы 
бол!» депті. Жақсы көрген адамдарына да айтатын тілегі осы еді.
Ол жерлес демейтін, жері шалғай демейтін, өзі үшін ғана еңбек 
етпей, туған елім деп еңіреп жүрген ер-азаматтарды бауырым, до-
сым деп білетін. Аяулы жары Шолпан Шахидің: «Менің бар байлы-
ғым достарым мен кітаптарым ғой!» деген сөзін тебірене айтады.
Шахи әдебиетті киелі санайтын. Ер жігіт әдебиет табалдыры-
ғынан аттауға жас баладай именді. Қазақ сөз өнерінің бай қазына-
сын бойына сіңірген, орыс, әлем классикасынан сусындаған Ша-
хидің мүмкіндігі мол, табиғи таланты тегеурінді еді. Әттең, не ке-
рек, киелі өнерге кездейсоқ, кимелеп кірген бәз-біреулердің өзі 
тізімге ілініп, төсін қағып жүргенде ол: «Халқыма, әдебиетке не 
беремін? Қасиетті әлемге енуге лайықпын ба, жоқ па?» деп рухани 
арпалыста жүргенін жақсы білемін. Бұл кезде ол қаламы төселген, 
білімдар, қазақша-орысша бірдей жазатын жүйрік журналист: 
оның қаламынан терең мазмұнды, тілі көркем мақалалар, уытты 


73
фельетондар туып жатты. Өзінің өлеңдерін домбыраға қосып, ән-
детіп айтқанда, сүйсіне тыңдайтынбыз. «Жазсаңшы, жарияласаң-
шы!» – деп өтінетінбіз. Бірді-екілі ғана шағын әңгімелері респуб-
ликалық, облыстық газет-журналдарда жарияланды. Негізінен 
аудандық газеттерде басылды. Туған жері – Шымкент өңірін сүй-
етін Шахи шығармаларында кейде Ш. Отыраров, Шаһмардан әл 
Бугуни деп қол қоятын. 1988 жылдың жазында ол біздің елге, 
Көкшетауға, Кеңащыға келіп, он шақты күн болып қайтты. Сонда 
жазуға ден қойып, белін бекем буып кірісе бастағанын айтқан. Ой, 
жоспары көп, мақсаты айқын еді. Үлгере алмады ғой.
Жан-жақты талантты досым Шахидың артында қалған шығар-
малары қалың оқырманға ұсынуға әбден лайықты. Мұнымыз «Жо-
ғалған пышақтың сабы алтын» дегендік емес. Шахидің сөзі – қазақ 
азаматының сөзі, өзі үшін өзі жауап беріп, сапта тұратын сөз.
Әр адамның тағдыры, өмір тарихы, жан дүниесі қайталанбас 
бір кітап, бірақ біз оны оқып, жаза білмейміз. Дүниеден бір адам 
із-түзсіз кетсе, адамзат тарихының ең болмағанда бір сөзі мәңгі-
лікке жоғалады. Ал, көпшілік көзіне түспей, бүкіл халыққа таныл-
май өтсе де, ауыл аймағына елеулі еңбек сіңірген, адамгершілік, 
азаматтық туын биік ұстаған, айналасына жан жылуын таратқан, 
кісілік қасиет дарытқан қадірлі адамдарды біз неге ұмытуымыз 
керек!? Әр өңірдің, әр ауданның, әр ауылдың өз тарихы бар емес 
пе? Адамзаттық, халықтық тарих сонысымен шексіз бай, сонысы-
мен қызық, бағалы емес пе? Ал біз болсақ, жерімізге бір рет келіп 
кеткен, тіпті, ат ізін салмаған, өзімізге қатысы жоқ атақтылардың 
есімдерін жарыса, таласа-тармаса ауылдарға, көшелерге қойып, ол 
аздай, халықтың табанақы, маңдай терімен келген қаржысын судай 
шашып, ескерткіштер соғамыз. Күні кеше ғана арамызда жүрген, 
өз өңірімізге еңбегі сіңген, құрметке лайық азаматтарды есте қал-
дыру ойымызға кірмейтіні, тіпті бар ғой, өзімізге өзіміз қимайты-
нымыз, біртүрлі көретініміз қалай?! Өзімізді өзіміз танымасақ, 
сыйламасақ, бізді кім керек қылсын?! Туған жер түлектерін қадір-
лей білейік, олардың есімдерін есте қалдырайық, ағайын! 
Айыбым сол, көп қазақтың бірімін,
Жұлсам деген зұлымдықтың жұлынын...
Болмағанмен бойда заңғар ұлылық,
Алалығы аз, ақиқаттың құлымын! –


74
деп жазған, көпшілік көзіне көп түсе қоймаған талантты ақын, са-
тирик жазушы Шаймерден Дәуреновтың есімін есте қалдыруды ол 
ұзақ жыл жұмыс істеген Жамбыл облысы, Жамбыл және Свердлов 
аудандарының, туып өскен жері Шымкент облысы, Ордабасы 
ауданының азаматтары ескерсе деген тілегіміз бар.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   78




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет