Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының



Дата29.01.2018
өлшемі101,15 Kb.
#36056



Шығыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының

2013 жылдың 1-ші жартыжылдығында атқарған жұмыстарының

ЕСЕБІ
Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің 2013 жылғы қызметі Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді орындауға бағытталды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын орындау жөніндегі Шығыс Қазақстан облысының 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің 2011 жылғы 29 қыркүйектегі №214 қаулысымен бекітілді.


Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы
Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2013 жылдың 1-ші жартыжылдығында мақсатты жұмыстар атқарылды.

Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың басқа санаттарына мемлекеттік тілді оқыту жұмысы жалғасытырылды. Бұл қызметті 2013 жылға дейін облыс көлемінде 8 тіл оқыту орталығы жүзеге асырып келсе, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлан ауданында тағы бір орталық іске қосылып, жұмыс істеді.

2012-2013 оқу жылында тіл оқыту орталықтарының базасында 1275 мемлекеттік қызметші мемлекеттік тілді оқыды. Оның ішінде ШҚ лингвистикалық орталығында 640, Курчатовта 41, Риддерде 93 , Бородулихада 134 , Глубокоеде 71, Зырянда 169, Шемонаихада 50, Бесқарағайда 43, Ұланда 34 тыңдаушы. Ал азаматтардың басқа санаттарына мемлекеттік тілді үйрету мақсатында оқыту орталықтары жанынан ашылған «Тілашар» курстарына 775 адам тартылды. Жалпы жиыны 2889 тыңдаушы оқып шықты.

Жалпы облыс бойынша ересектерге мемлекеттік тілді үйрету мақсатында мектеп, балабақша, ұйымдар мен кәсіпорындар базаларында және құқық қорғау органдарында ұйымдастырылған үйірмелерді қоса есептегенде 345647 тыңдаушы мемлекеттік тілді үйреніп жатыр.

Мемлекеттік тілді қашықтықтан оқуды жүзеге асыру мақсатында басқарма жанындағы облыстық лингвистикалық орталық іске қосқан KAZCENTER.KZ сайтының қызметін 171 мыңнан астам адам пайдаланып отыр.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 арналған мемлекеттік бағдарламасында қойылып отырған тағы бір нысаналы индикатор - ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде сертификат алған мемлекеттік қызметшілердің үлесін 2017 жылы 50 пайызға жеткізу. Бұл сынаққа дайындық біздің облыста осыдан үш жыл бұрын басталды. Бүгінгі күні облыста 4218 мемлекеттік қызметші ҚАЗТЕСТ бойынша байқау сынағын тапсырды. Үстіміздегі жылдың наурыз- сәуір айлары аралығында «А» басқарушылық корпусына енетін әрбір қаланың, ауданның, ауылдық округтер әкімдерінінің барлығы ҚАЗТЕСТ жүйесіне дайындық курстарынан өткізілді.

Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мақсатында 2013 жылдың ақпан айында «Өнеркәсіптер мен мекемелер, ұйымдар мен үйірмелерде қазақ тілін оқытуды біріздендірудегі жаңа типтік бағдарламаның маңыздылығы», сәуір айында «Қазақ тілін оқыту: әдістеме мен тәжірибе, оқыту жолдары мен технологиялар» атты облыстық семинарлар өтті.

Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Семей қаласы мен Көкпекті ауданында тіл оқыту орталықтарын ашу бағытында ұйымдастыру жұмыстары жүзеге асырылды.

Мемлекеттік органдар мен мекемелердің аудармашылары мен мемлекеттік тілде іс жүргізуші мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында 2013 жылдың ақпан, наурыз, сәуір айларында арнайы курстар ұйымдастырылып, 60 маман аталған курстан өтті.


Мемлекеттік тілді көпшіліктің кеңінен қолдануына қол жеткізу
Мемлекеттік бағдарламаның талаптарына сай ұлт бірлігінің басты факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету бағытында мақсатты жұмыстар атқарылды.

2013 жылдың қаңтарында «ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірдегі орындалуы және Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы» облыстық кеңес өтті. ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Е.Б.Көшербаевтің төрағалығымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша хаттамалық тапсырмалар берілді.



Мемлекеттік органдарда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының орындалуын тексерудің кестесіне сәйкес үстіміздегі жылдың ақпан айында Жарма ауданы әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімдеріне, сәуір айында Абай ауданы әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімдері, мамыр айында Бородулиха ауданы әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімдері тексерілді. Барлығы 31 мемлекеттік мекеме қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша кеңестер өткізіліп, кемшіліктерді жою шаралары белгіленді.

Мемлекеттік және басқа да тілдерді дамыту мақсатында Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 12 мамырдағы № 67 қаулысымен құрылған Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік және басқа да тілдерді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің 2013 жылға арналған жұмыс жоспары жасалып, бекітілді. Жоспарға сәйкес үйлестіру кеңесінің 2013 жылғы бірінші отырысы ШҚО әкімінің орынбасары, үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары Ж.М.Омардың төрағалығымен 18 маусымда өткізілді. Отырыстың күн тәртібінде облыста тұратын этностардың тілдері мен мәдениетін сақтау мен дамытудың және этнос тілдерін оқытудың Өскемен, Семей қалаларындағы жағдайы туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Мемлекеттік тілде сөйлеушінің жағымды бейнесін қалыптастыру мақсатында 2013 жылдың ақпан айында жастар арасында «Біз қазақша сөйлейміз» акциясы ұйымдастырылды. Облыстың аудан, қалаларын қамтыған акция аясында жастар арасында әртүрлі тақырыптағы пікір-таластар, халыққа қызмет көрсету мекемелерінде ашық есік күндері өткізілді. Акцияның қорытынды шарасы 28 ақпан күні «НұрОтан» ХДП ШҚОФ «Жас Отан» жастар қанатының, ЖОО студенттерінің қатысуымен облыс орталығында Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің ғимаратында өтті.

Мемлекеттік тілді үйренушілердің мақсатты аудиторияларын құру мақсатында үстіміздегі жылдың 5-ші сәуірінде облыстағы мектепке дейінгі мекемелердің өзге ұлт тәрбиеленушілері арасында «Біз қазақша сөйлейміз» облыстық конкурсы өтті. Оған облыстың аудан, қалаларынан 10 бүлдіршін қатысып, мемлекеттік тілді үйренудегі білімдерін ортаға салды.

Мемлекеттік тілдің көпшіліктің қолдануына қол жеткізу мақсатында 2013 жылғы 17 мамырда этнос жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл –халық жанын танудың кілті» атты облыстық олимпиадасы өтті. Оған облыстың аудан, қалаларында өткен іріктеу конкурстарының жеңімпаздары, 14-22 жас аралығындағы 10 үміткер қатысты. Бас жүлдені Үржар ауданы Благодарный орта мектебінің 11 сынып оқушысы Сергунина Валентина иеленіп, республикалық конкурсқа жолдама алды.

Қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытушы өзге ұлт жастары арасында Абай шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында 2013 жылғы 7 маусымда «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ ... » атты облыстық Абай оқулары өтті. Оған 15-25 жас аралығындағы этнос жастары, облыстың аудан, қалаларында өткен іріктеу кезеңінде бас жүлдені иеленген 10 үміткер қатысты. Облыстық Абай оқуларында бағын сынауға келген үміткерлердің көркем мәтінді оқу шеберлігін, қазақ тілінде таза сөйлеуін, әнді орындау қабілеті мен сахналық мәдениетін бағалаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Үржар ауданынан келген Стамбулова Анастасия иеленді.

Мемлекеттік тіл саясатын насихаттау және түсіндіру, оның жүзеге асырылуын ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстары жолға қойылған. Облыстық «Қазақстан-Өскемен» телеарнасымен келісім-шарт жасалып, ақпан айынан бастап телеарнамен бірлесіп атқарылатын жұмыстардың медиа-жоспары бекітілді. Оған сәйкес ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысы бойынша ай сайын облыстық телеарна эфирінен «Бойтұмарым – туған тіл» тақырыптық хабары және бейнематериалдар жарық көреді.

Мұндай жұмыстар баспа бұқаралық ақпарат құралдарымен де жүргізілуде. 2013 жылдың 1-ші тоқсаныда облыстық «Алтай» газетімен келісім-шарт жасалса, мамыр айынан бастап облыстық «Дидар» және «Рудный Алтай» газеттерімен келісім шарт жасалды.

2013 жылдың өткен 6 айы ішінде облыстық, қалалық және аудандық газеттерде мемлекеттік тіл саясатының мәселелеріне қатысты 200-ге жуық мақала жарияланса, электронды БАҚ-та 20-ға жуық бейнематериал, 15 тақырыптық хабар эфирге шықты.

Мемлекеттік тілдің үлес салмағын арттыру бойынша ай сайын мемлекеттік органдардың құжат айналымына мониторинг жүргізіледі.

2013 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша облыстың мемлекеттік органдарының жалпы құжат айналымындағы кіріс және шығыс құжаттарындағы мемлекеттік тілдің үлесі 92,9 пайызды құрады.
Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың әлеуеті
Облыстың ономастика саласындағы жұмысты жақсарту арқылы қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.

Шешендік өнерді дамыту, қазақ жазуын жетілдіру мақсатында 2013 жылғы 25 ақпанда ШҚО дарынды жасөспірімдерге арналған мамандырылған қазақ-түрік лицейімен бірге қазақ тілі мен әдебиетінен оқушылар арасында «Жарқын болашақ» облыстық олимпиадасы өтті. Оған 7-11 сынып оқушылар арасында өткен аудандық кезеңнің жеңімпаздары қатысты. Ал облыстық кезеңнің жеңімпазы Астана қаласында «КАТЕV» ХҚҚ ұйымдастыруымен өткізілетін республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасына қатысуға жолдама алды.

Ұлты қазақ азаматтардың тегін, әкесінің атын және жалқы есімдерін реттеу мақсатында 2013 жылдың 18-ақпаннан 18-наурыз аралығында «Ұлттық тегіміз-ұлттық нышанымыз» атты айлық өткізілді. Айлық барысында облыс бойынша өткізілген 96 семинар, кеңестер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып, оған 5751 адам қатысты. Шара аясында өткізілген іс-шаралар барысындағы түсіндіру жұмыстары нәтижесінде 2652 азамат тегін, әкесінің атын өзгертуге тілек білдірсе, 504 азамат қазақша жеке куәлік алды. Аталған айлықтың қорытындысы ретінде 28 ақпан күні Өскеменде «Есімдер сыры» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті.

Облыстағы көрнекі ақпараттар мен жарнама мәтіндерін біріздендіру мақсатында 2013 жылдың 22-наурызынан 22-сәуір аралығында «Сауатты жарнама-сауатты тіл» айлығы жарияланды. Айлық аясында рейдтер ұйымдастырылып, онда «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» жастар қанатының, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен, мемлекеттік қызметшілерден, жоғары оқу орындары студенттерінен құрылған мобильді топтар көшелердегі көрнекі ақпарат мәтіндерін тәртіпке келтірді. Облыс бойынша барлығы 60-тан астам рейд ұйымдастырылып, 2 мыңдай нысан қамтылды. Өскеменде 3 рейд ұйымдастырылып, қамтылған 346-сында заңбұзушылық фактілерінің орын алғанын анықталды. Осы айлықтың аясында 19 сәуір күні «Сауатты жарнама - сауатты тіл» атты «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді.

ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастырумен үстіміздегі жылдың 3 маусымы мен 15 маусымы аралығында «Сауатты жарнама» акциясы жалғасын тапты. Акция барысында қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілдерінен, студенттерден құрылған мобильді топтар облыстағы ірі қалалар -Өскемен мен Семейдегі көрнекі ақпараттарды Қазақстан Республикасының «ҚР тіл туралы» Заңы талаптарына сәйкестендіру және сауатсыздықты жою мақсатында рейдтер жүргізді. Рейд кезінде Семей қаласында 200 нысан қамтылып, 14 қателік анықталды. Ал Өскемен қаласында 3 рейд ұйымдастырылып қамтылған нысандардың 246-сында заң бұзушылық фактілері анықталды. 27 нысанның иесі қателіктерін бірден түзетті.

Тіл мәдениетін жетілдіру, әдеби тіл нормаларын қалыптастыру, сөйлеу мәдениетін дамыту мақсатында 2013 жылғы 18 маусымда көркемсөз оқу шеберлерінің О.Бөкей атындағы облыстық байқауы өтті. Жазушы-драматург О.Бөкейдің 70 жылдығына орай ұймдастырылған шараға облыстың аудан, қалаларынан 16 үміткер қатысты. Осымен 16-шы рет өткізіліп отырған О.Бөкей оқуларының бас жүлдесін Бородулиха ауданынан келген Толғанай Әукенова иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.

2013 жылғы облыстық ономастика комиссиясының жұмыс жоспарына сәйкес 15 наурызда комиссияның кезекті отырысы өткізіліп, 5 мәселе қаралды.


Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту
Шығыс Қазақстанда орыс тілінің мәдени қызметін сақтау толыққанды жүзеге асуда. Оған жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Славян жазбасы мен мәдениетінің күндері, түрлі конференциялар, орыс тілін білуден өтетін конкурстар, мектептерде орыс тілін оқытудың стандарттарының сақталуы, оқытушылармен толық қамтамасыз етілуі қолайлы жағдай туғызуда.

Солардың бірі 2013 жылғы 15 науырызда қазақ жастары арасында өткен орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» атты облыстық конкурсы. Шараға облыстың аудан, қалаларынан 14-22 жас аралығындағы 14 үміткер қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Аягөз ауданындағы көпсалалы қазақ гимназиясының 10 сынып оқушысы Арайлым Жантұяқова бас жүлдені иеленіп, республикалық конкурсқа жолдама алды.

Жалпы облыс тұрғындарының орыс тілін меңгеру деңгейі 88,5%.

Өңірдегі тілдік әралуандықты сақтау мақсатында этно-мәдени бірлестіктер жанындағы жексенбілік мектептерде этностардың өз ана тілін үйренуін ұйымдастыру жүзеге асырылуда.

Шығыс Қазақстанда бүгінгі күні 76 этномәдени бірлестік және «Ынтымақ-Содружество», «Бірлік-Единство» деп аталатын 2 жастар қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Өскемен және Семей қаласындағы «Шығыс Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін түлету» мектебінде мемлекеттік тілмен қатар 11 этностың тілдері оқытылады. Жалпы облыстың аудан, қалаларында ұйымдастырылған этнос тілдерін оқыту үйірмелеріндегі 54 топта 767 тыңдаушы өз ана тілдерін оқуда.

2013 жылдың мамыр айында облыстағы жексенбілік мектептер 2012-2013 оқу жылын қорытындылады. Жексенбілік мектептердің қызметіне қолдау көрсету, өз ұлтының тілі мен мәдениетін үйренуші балаларды ынталандыру мақсатында оқу жылының қорытындысы бойынша өз ана тілдерін үйренуде үздік жетістікке жеткен 17 оқушыға жазғы «Тіл лагеріне» тегін жолдама берілді. Олар 2013 жылғы шілденің 6-сы мен 15 аралығында «Көгілдір бұғаз» демалыс базасында ұйымдастырлған «Тіл лагерінде» жазғы демалыстарын мемлекеттік тілді үйренумен ұштастырады.

Облыстағы тіл оқыту орталықтары ересек тұрғындарға ағылшын тілін оқыту бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 1 облыстық, 8 аудан, қалалық орталықтардағы ағылшын тілін оқытуға арналған 21 топта 257 тыңдаушы ағылшын тілін үйренуде. Жалпы облыс бойынша жеке меншік орталықтарды қоса есептегенде 97 топта 1421 ересек тұрғын ағылшын тілін оқып жатыр. Ересек тұрғындардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі 2,1 пайыз.

Халықаралық іскерлік қарым-қатынас құралы ретінде ағылшын тілін үйренуге көпшілікті тарту және оны еркін меңгергендерде қолдау мақсатында 2013 жылғы 26 сәуірде қазақ, ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгерген жастар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы өткізілді. Байқауға облыстың қалалары мен аудандарында өткен іріктеу конкурстарының жеңімпаздары қатысты. Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың магистранты Б. Злобин (Өскемен қаласы) иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.



Іс-шаралар жоспарын қаржыландыру
Шығыс Қазақстан облысының 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарын орындауға 84 млн. 809 мың теңге қаражат бөлінді. Өткен 6 ай ішінде оның 46 млн. 56 мыңы игерілді.
ШҚО тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы
Каталог: files
files -> Бастауыш білім беру деңгейінің ОҚу пәндері бойынша үлгілік тақырыптық жоспарлары
files -> Астрономия Мазмұны
files -> 1 фантастика жанрыныњ типологиясы
files -> Қазақстан тарихы 5 сынып. 2013-2014 оқу жылы
files -> Расул гамзатов
files -> Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда
files -> «№ мектеп-лицей» мемлекеттік мекемесі Күнтізбелік- тақырыптық жоспар
files -> Ермұхан Бекмахановқа Сыздайды жаным, мұздайды қаным, жан аға!
files -> Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жергілікті атқарушы органдар көрсететін білім және ғылым саласындағы мемлекеттік қызмет стандарттарын бекіту туралы


Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет