Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби (туғанына 1150 жыл) еңбектерінің Тәуелсіз Қазақстанда бағалануы


Тройцк қаласында 1911 жылдың қаңтарында жарық көрген журнал - «Айқап» журналы



бет81/126
Дата17.06.2020
өлшемі0,52 Mb.
#73715
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   ...   126
Байланысты:
Гос.тарих Айша 18 июнь

Тройцк қаласында 1911 жылдың қаңтарында жарық көрген журнал - «Айқап» журналы. Оның шығарушысы, редакторы демократ ақын, жазушы Мұхаметжан Сералин болды. Ол журналды алғаш жұрттан қарызға ақша алып, пайда серіктікке пай жинай жүріп шығарды. Біраз уақыттан соң журнал өз қаражысымен шыға бастады, оған жәрдемдесушілер де табылды. Дегенмен қаржының тапшылығынан ол алғашқы жылы айыны бір реттен, кейде шағын көлемді болып жарық көрді.
Жәрдемдесушілер көбейіп және өзі қаржыға ие болғаннан кейін, яғни 1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен, 12-24 бет көлемде шықты. Профессор Қ.Бекхожиннің дәделдеуінше «Айқаптың» тиражы 1000 дана болған. Жалпы, журналдың бес жыл ішінде 89 саны жарық көрген.
«Айқаптың» алғашқы санындағы «Қызмет иесі мырзалар» деген мақалада: «Журнал шығарудағы мақсат-атақ шығару, білім сату емес, халыққа қызмет ету болды…Журналымызға «Айқап» деп есім бердік…Біздің қазақтың «Айқап» демейтұғын қай ісі бар ! «Қап !» дегізген, қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге лайық «Айқап» болды»,-деп жазылды.
«Айқап» әр материалдың мазмұны мен тақырыбына жете көңіл бөліп отырды. Бірінші бетіне елдің ішкі өмірінде болған жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші, үшінші беттерінде "«шық хат"»деген айдармен оқырмандар хаттарын жариялаған. Проблемалық мақалалар (жер туралы, сиез, сайлау т.б)., тақырыптар бойынша 4-6 беттеріне орналасқан. «Фельетон», «Хабарлар» сияқты айдарымен материалдар журналдың орта тұсынан орын алды. Ал шетел жаңалықтарын, көңіл айтулар мен басқармадан ескертулерді, жаңа кітап туралы рецензияларды журналдың соңғы беттерінен оқуға болатын 22,б.137.
«Айқаптың» «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан», «Ашық хат», «Басқармадан жауап» деп аталған тұрақты айдарларының болуы оның жұмысындағы ұқыпытылықты, жүйелікті танытады. Журналдың безендіру мәселесіне де жете көңіл бөлгенін жоғарыдағы айдарлар бойынша жарияланған материалдан айқын аңғаруға болады.
«Айқап» өз кезеңіндегі үздік журнал болды. Оның әр санын жұрт асыға күтті. Оған Қазақстанның барлық облысынан және Астрахань губерниясына қосылған Бөкей Ордалары мен Кавказ округына қарайтын Маңғыстау, Атырау, Оралдан үзбей хат келіп тұрды. Әсіресе, Ақтөбеден, Қостанайдан, Қызылжардан, Торғайдан, Көкшетаудан, Қарқаралыдан, Семейден, Аягөзден, Қапалдан, Шиеліден, Қызылордадан, Жамбылдан, Шымкенттен, Зайсаннан мақала жиі жарияланды.
Журнал  бетінде кейде «Одан-бұдан», «Мұсылмандар түсінуге тиісті мәселелер» деген айдарлар бойынша да материал жарық көрді. Кейін оларды алмастырған «Хабарларымыздан», «Хабарлар» айдарлары журналдың соңғы кезіне дейін тұрақты шығып тұрды.
«Айқаптың» хатшысы болып 1911-1912 жылдары Әкірам Ғалимов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров істеді. Қызметкер, тілші, автор болып Жиһанша Сейдалин, Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Бақытжан Қаратаев, Молдағали Жолдыбаев, Бекмырза Бекжанов, Нұралдин Айтмұқанбетов, Есенғали Хасаболатов т.б. қатысты. «Айқап» және оның редакторы сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселенің ең бастысы-жер мәселелесі екенін жақсы түсінді. Мұны олар бектік-феодалдық қалдықтарына қарсы күрес барысында батыл көтере білді.
1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөнінде уақытша ереже» шықты. 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторларының қырлық облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бекітілді. Барлық жер мемлекет меншігі, тек хан тұқымдарына патша «сыйлаған» жер ғана жекеменшік боп танылды. 1895 жылдан 1906 жылға дейін «Щербина экспедициясы» патшаға қазақ даласының ең шұрайлы жерлерін мәлімдеп отырды. 1870-1890 жылдары ұйғырлар мен дүнгендер көшіп келді. Осыған байланысты ұлт араздығы да күшейе түсті. Түтін, мал, егін, т.б. салықтар және тасымал саудасы бұрынғыдан да артты. 15 тиындық ұстара бір қойға, 6-7 сомдық самауырын 20-25 сомға дейін сатылды.
«Айқап» осындай тонаушылық саясатының барынша белең алған тұсында жарық көрді. Сондықтан да бұл мәселелерді кеңінен жайды. Отырықшылық өмірге көшу, поселка, қала салу, егіншілікпен айналысу жөнінде пайдалы ұсыныстар жасап, кеңестер берді. Журналдың 1911 жылғы екінші санында жарияланған «Қазақ халқының мұқтаждығы» деген бас мақалада әуелі қолға алатын мәселе жер мәселесі екеніне назар аударып, отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысу қажеттігін насихаттады. Айқаптың» 1912 жылғы 31-санында патша өкіметінің басқару-әкімшілік істері жөніндегі отаршылдық саясатын сынаған бас мақала жарияланды. Онда 1867-1868 жылдардағы Ережелерді патша үкіметінің тек үстем тап өкілдері кеңесімен шығарғанын, комиссия мүшелері-болыс, билер өз пайдаларын ғана көздегені, оны тек марқұм Шоқан Уәлиханов ғана әшкерелеп, Дала генерал-губернаторына хат жазғаны, қазақ үшін сайланған халық судьяларының пайдасыз екенін мәлімдегені айтылды 50,б.110.
«Айқап» қазақ байларының озбырлығын, еңбекшілердің үстем тапқа, самодержавиеге наразылығын, ашу-ызасын білдіретін материалдарда жарияланды. Мысалы, журналдың 1911 жылға 4-санында «Бөкей ордалықтары» деген корреспонденцияда: «Бұрынғы үй басына жеті жүз десятина жер қазір үй басына жиырма десятинадан келеді. Жарлы болдық дейміз, енді біз жарлы болмай кім жарлы болсын. Әлі біз былай отыра берсек, мұнан да жарлы болармыз»,-деп жазылды. Сондай-ақ «Айқаптың» 1912 жылғы 12-санындағы Хабибулла Мекеровтың «Болыс пен Шотан» әңгімесінде Шотан құл мен болысты сөзбен таластыра отырып, қанаушы таптың ескі феодалдық-патриархалдық өмірді аңсайтынын әшкерелейді, ал құл Шотан бостандыққа жетіп отырықшы болуды қалайды.
М.Сералин патшаның отарлау саясатының түпкі мақсатын дәл тани біліп, оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты. Мәселен, оның мына пікіріне құлақ түрелік: «Соңғы он жыл ішінде үкімет…қырғыз-қазақтарды отырықшы қылып өнер үйрететін, өнерге алғызайын, салдырлап көшіп азап шекккенше отырықшы болып жан тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып, 12-15 десятина жер алып, ала алмағандардың жерін кесіп алмақ». Дәл былай батыл пікір айту тек Мұхаметжан тәрізді саналы, ержүрек жанның ғана қолынан келмек. Бұл тақырыпқа «Шідерлі болысының елінің отырықшы болып жер алулары"» деген корреспонденцияда Бақытжан Қаратаев: "«Қара шекпендер қырық тоғыз қала салдырып алды. Қара шекпендерге ең жақсы бірінші дәрежелі жерлер кетті. Жеті руға ең жаман жерлер қалды"» - дей келіп, «көшпелі халық-қабір ұлы» деген сөз бар, көшпелі болмақ балиғалық емес, сәбилік белгісі дейді»,-деп қазақ халқын отырықшы болуға шақырады.
М.Сералиннің «Отырықшы болған қазақтар туралы» деген мақласында «Жаңа болыстық соттардың қазақы дау-жанжалдарды шешуге икемсіз болып отырғанын мысалдармен дәлелдеп, болыс сот құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды. Қазақ арасындағы жесір дауларының құны көбіне 300 сонан асып кететіндіктен дау-дамай қалай шешіледі?», - деп жұртқа сұрақ қояды, ол үшін «Қазақ әдеттері»-деген кітап шығару қажет дегенді айтады. Мақаланың екінші бөлімі отырықшы өмірдің артықшылығына арналған. «Түпкілікті қоныс болуға жарайтұған жерлер шетке кетіп бітетұғын. Қазаққа қолайсыз жерлер қалатұғын. Түбінде мұндай жерде бытырап жүріп оңбаспыз»,-деп автор басына төнген қатерден қорықпай, халық қамқоры дәрежесінде сөйлейді 31,б.179.
«Айқаптың» 1911 жылғы 3-санында жарық көрген Бекмырза Бекжановтың «Қазақтың қазіргі халы» мақаласында артта қалуымызға басты себеп, феодалдық қоғам, ұлттық томаға-тұйықтық, көшіп-қонумен жүріп, көрші елдердің өнегесінен үлгі алмақ екені дұрыс көрсетілген. Осы мақаламен аттас келесі бір материалда озық елдер қатарына қосылу үшін фабрика, заводтар салып, өнеркәсіпті өркендету негізінен тас көмір, темір, шойын алатын, жер қазатын құралдарға байланысты. Ондай жағдайымыз болса, бұл кәсіппен айналысар едік. Орыс, ағылшын, француз елдерінің алға шығып, қуатты ел болып отырғаны да өнеркәсіптің өркендегенінен» - деп дамудың қандай жолына түсу қажеттігіне көңіл аударылды.
Мұның бәрі сол кезең үшін саяси-әлеуметтік мәні терең мәселелер болатын. Соны журналдың жете түсініп, дұрыс жаза білуі шын мәніндегі үлкен прогресшілдік табыс еді. Халыққа қызмет етуде аса қызмет атқарған келесі бір газет - «Қазақ» Ол - қоғамдық - саяси және әдеби газет. 1913 жылы 2 ақпаннан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Тиражы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жуық жетке. Бірінші редакторы-белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы - қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы-«Азамат» серіктігі Хусаинов-Каримов баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмері жарық көрді.
Газетте 20 ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайын, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне,  әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейхановтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаев пен С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, А.Мәметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің дамуына үлесін қосқан ардақты ағаларымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалармен қатар Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, В.Короленкодан, Ш.Крыловтан алғашқы аудармалар жарық көрген 11,б.145.
Қазақтың басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім, жағынан қалың қазаққа бас-көзі болды. Мысалы, «Оқу жайлы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән-жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жатқан, надандықтан кемшілік келгенде, екінші жақтан  білімсіздігін көріп тұрғандар басынып,  елдігінен, теңдігінен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер - білім, сол өнер білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік»,  - десе «орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқып, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу керек», - дейді. Газет 1913 жылы жариялаған материалдарында оқудың мән-жайын, маңызын айтып көпке түсіндіруге тырысса, екінші 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№61), «Мектеп керектері» (№62), «Оқу мезгілі» сияқты мақалаларында мектеп, медресе жайларын нақты көрсетіп, мұқтаждарын айтады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   77   78   79   80   81   82   83   84   ...   126




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет