Сынып: 8"В" Сынып жетекшісі: Байдуанова Д. А



Дата31.08.2022
өлшемі11,64 Kb.
#148442
түріСабақ
Байланысты:
А.Макаренко аты-WPS Office
6 117, Документ Microsoft Word (2)

А.Макаренко атындағы жалпы орта мектеп.

ТӘРБИЕ САҒАТЫ


Тақырыбы: Асыл сөзді іздесең абайды оқы ерінбе
Сынып: 8"В"
Сынып жетекшісі: Байдуанова Д.А

2021-2022 оқу жылы


1-жүргізуші
- Балалар, бүгінгі сабақта біз қазақтың ұлы ақыны Абай атамыз туралы ой бөлісеміз. Әрбір жас ұрпақ кішкентай кезінен бастап Абай атаның әнімен сусындап, жырларынан нәр алып келеді.
Мырзагелді Кемел: «Мен қазақты үшке бөлер едім. Біріншісі - Абайды оқығандар, екіншісі - Абайды оқысам деп жүргендер, үшіншілер - Абайды оқымағандар».
- Балалар, сендер осының қайсысына жатасындар?
- Біз бірінші топқа жатамыз. Ұлылығы әлемге танылған Абай атаның шығармаларымен танысып жатырмыз.
Бүгінгі заман адамы «сегіз қырлы, бір сырлы» болып өсуі керек. Оның бастысы, біздер үшін- әдептілік.
2-жүргізуші
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң – арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та бар қалан,- деп Абай атамыз айтқандай, кішіге мейірімді, досыңа қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл да қамқор болсаң, өсе келе ата- анаңның, Отаныңның мақтаны боласың.
Парасатты болып туған,
Шыңғыстаудың Абайы.
Ән мен жырын мұра қылған,
Сарыарқаның Абайы.
Нақылымен сана құйған,
Қазағымның Абайы.
Ақылымен дана болған,
Бүкіл әлем Абайы,- деп ақын Жұмағазы Алмабаев жырлағандай, Абай есімін естігенде есімізге не түседі? (Философ, Ұлы ақын, Композитор, Классик, Аудармашы, Ағартушы, Жазушы)
1- оқушы. Абай – ақын, Абай – дана, ойшыл, заман суреткері. Абай – аудармашы. Абай – сазгер. Абай жас кезінен өте зерек, момын бала болып өсті.
2- оқушы. Жиырмасыншы ғасырдың Гомері атанған жыр алыбы Жамбылдан «Абайдың ақындығы туралы не айтасыз?» дегенде: «Абай ақын ғана емес, ол ғұлама» деп жауап берген екен.
3- оқушы. Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең сөздің ұқсаған құдретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?- деп жырлапты жыр алыбы Жамбыл.
4-оқушы. Абай 1845 жылы 10 тамызда Семей облысы Жидебай жерінде Шыңғыстау етегінде дүниеге келген. Негізгі хатқа түскен аты Ибраһим болса да, әжесі Зере еркелетіп «Абай» деп атап кеткендіктен, біз де солай айтып жүрміз.
5-оқушы. Абайдың атасы Өскенбай дала халқының әділ биі болған.
6-оқушы. Абайдың әкесі Өскенбайұлы Құнанбай өз заманындағы атақ- даңқы алысқа кеткен беделді адамдардың бірі болған. Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болып сайланған. Шешесі Ұлжан шешендікпен, тапқырлықпен аты шыққан.
7-оқушы. Абай 10-12 жас аралығында мұсылманша оқып, хат таныған. Ал 12 жасындаСемейдегі Ахмет Риза медресесіне оқуға түседі. 14 жасында үш ай орыстың Приходская школасында орысша сабақ оқиды. 15 жасынан бастап, әкесіне көп көмегін тигізеді. Ел- жұрты Абайды би етіп сайлайды.
8-оқушы. Абай – ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған адам.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боларсың елден бөлек,- дейді Абай ата.
9-оқушы. 14 жасында сықақ өлеңдер шығарған. Ол жастар арасында кең таралған. Жаңа заманның ретімен Абай білімге ден қойып, араб, парсы, түркі тілдерін үйренді. Сол кезде шығыс тілдерін Абайдан артық білетін адам болмаған.
10-оқушы. Ендеше, біз абайтанудың бірінші баспалдағында тұрмыз. Біраз өлеңдерін, қара сөздерін оқып талдадық. Өмірімен таныстық.
11-оқушы. Абайдың орыс әдебиетіне бет бұруына себепкер оның орыс достары Грось пен Михаэлис болды. Ол екеуі де Абай уылында қонақта болып, Абайды орыс әдебиетімен таныстырған. Абай Пушкин, Лермонтов, Крылов, Толстой, Тургеневтің еңбектерін оқыған. Абай қазақ тіліне «Евгений Онегинді» аударды.

1-жүргізушінің түсіндірмесі. Ой-толғаныс.


Абайдың 1890-1898 жылдар арасында жазған шығармалары «қарасөз» деп аталады. Жалпы саны қырық бес бөлек шығарма. Абайдың қарасөздері адамды адам болуға, ізгі ниетті адамгершілік қасиеттерінің мол болуына, жаман дағдыларын аулақ болуға үйретеді. Олай болса, Абай қарасөздерімен танысайық.
Оқушылардың қарасөздерді оқуы.
12-оқушы. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ емес. Одан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық. ( Он сегізінші қара сөз)
13-оқушы. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма. Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рақат көрсетер ме, өзі рақат көрер ме, яки жұртқа рақат көрсетер ме?(Жиырма бірінші қара сөз)
2-жүргізуші. «Ұлы ақын - Абай ата»
Абай атам- данышпан, ұлы ақын,
Қазақ халқын танытқан әлемге айқын.
Елін, жерін, Отанын әнге қосып,
Өлеңімен жырлаған халқын жақын.
Орыс халқы мақтанса Пущкинменен,
Абай атам- ұлы ақын, еңбегі ерен.
Қос ақынның оқысаң өлеңдерін,
Махаббатың артады елге деген.
14-оқушы. Абай 1904 жылы дүниеден өтті. Абай өмірден озса да артына көп мұра қалдырды. Өлең- жырлары, қарасөздері мәнді де мағыналы болды.
15-оқушы. Жазушы Төлен Әбдіков. «Абай халқымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық ұранымыз. М. Әуезов Абайды әлемге таныту арқылы әлемге қазақты танытты»,- деді. М. Әуезовтің «Абай жолы» роман- эпопеясымен қысқаша әңгімелер арқылы танысып келе жатырмыз.
1-жүргізуші. «Абай ата»
Ата сөзі- қазақтың бойтұмары,
Оқысаң, ашылады ой тұманы.
Қиналсаң, ақыл қосып ақылыңа,
Жырларында жанашыр ой тұрады.
Қазаққа бөлек екен Абай орны,
Талапшыл, қанағатшыл, терең ойлы.
Өнер- білім, ғылымды қадірлеумен
Қазақ елін ақиқат жолға қойды.

2-жүргізуші. Ойды түйіндеу


Бүгінгі сабағымызды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңімен аяқтағым келеді.

Асыл сөзді іздесең,


Абайды оқы, ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге.
Қамшының сабындай ғана қысқа өмірінде артына өшпес із, өлмес өсиет қалдырып кетуді ақын сөзімен айтсақ:
Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған...

Қасиетті қара сөздерден ғибрат алып қана қоймай, өмірлік нұсқау алдық. Қазақ сөзінің киесі қонған бұл қара сөздер кез келгенімізге өмірлік бағыт-бағдар, ақыл қосушы. Сондықтан, балалар, біз Абай атаны жадымызда ұстаймыз.Осымен бүгінгі тәрбие сағатымыз аяқталды

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет