Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет9/21
Дата29.01.2023
өлшемі0,92 Mb.
#166695
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21
Байланысты:
қазақ әдебиеті тарихы
4. Бланк обсуждения по ученикам по итогам урока LS, 4. Бланк обсуждения по ученикам по итогам урока LS
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
1. Алғашқы басылымдардың, оқулықтар мен кітаптардың қазақ кеңес балалар әдебиетінің дамуына, қалыптасуына тигізген ықпалы
2. «Пионер» журналының жарық көруі
3. «Балапан» журналының шығуы, Ж.Жұмабаевтың балалар басылымының іргетасын қаласуға қосқан үлесі
4. Балалар әдебиетін қалыптастыру және дамыту жайындағы мәселелер, балалар әдебиетін дамытуға байланысты мақалалар.


1.3.Балалар фольклорының жиналып зерттелуі
Әлемде кез келген халықтың балалар әдебиетінің басын алар бастауы фольклор мен ауыз әдебиетінде. Талай ғасырдан бері халықтың рухани азығы болып келген халықтық шығармалардан ұрпақ тәрбиелеуге қажетті ұлттық тәлім-тәрбиенің тамаша үлгілерін табамыз.
Қай ұлтта болмасын халық ауыз әдебиетінің ең алғаш пайда болған, ең тұңғыш айтылған өлең, жыр, әңгімелер балаларға арналған. Өйткені баланы өз өмірінің жалғасы деп ұққан. Сондықтан халық ауыз әдебиетінің алғашқы пайда болуы, шығуы халықтың өз баласына арналып айтылған өлең, жыр, ертегілерден, әндерден басталады. [1,13 б.]. Халық ауыз әдебиетінің асыл мұраларынан бастау алған балалар әдебиеті ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, С.Торайғыров, С.Көбеев, С.Дөнентаевтардың балалар әдебиетіне қосқан мол мұраларымен байи түсті.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ жазба балалар әдебиетінің негізі қаланды. Қазақ баласының ой-санасына, тәрбиесіне көңіл бөліп, көңіл көкжиегін кеңейту жолында қызмет еткен ағартушылар Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, С.Торайғыров, С.Көбеев, С.Дөнентаевтардың балаларға арнаған шығармалары фольклорлық үлгіде жазылды. Балалар әдебиетінің атасы Ы.Алтынсарин өзінің атақты «Қазақ хрестоматиясын» халқымыздың фольклорлық мол қазынасын пайдалана отырып, педагогика заңдылықтарына сәйкестендіре жазды. Ол қазақтың және басқа халықтардың да фольклорлық шығармаларын өңдеп, аударып, өзі де бала ұғымына сай бірталай шығармалар жазып балалар әдебиетінің үлгілері ретінде ұсынды. «1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» алғашқы оқулық ретінде ғана емес жалпы қазақ балаларының рухани дүниесіне назар аударудағы алғашқы бетбұрыс еңбек болғаны белгілі. Бұл еңбек жалпы қазақ әдебиетінің балаларға берер тәрбиелік ықпалының зор екендігін танытумен де бағалы» [50,14 б.].
Қазақтың ұлттық балалар поэзиясының пайда болуына назар аударған академик С.Қирабаев: «Қазақтың балаларға арналған жазба әдебиеті ХІХ ғасырдың екінші жартысынан, Қазақстанда ағартушылық, демократиялық әдебиеттің тууынан басталады... ХІХ ғасырдың екінші жартысында балаларға арналған әдебиет қағаз бетіне түсіп, кітап болып тарай бастады. Ол қазақ даласында ашылған тұңғыш мектеп үшін құрастырылған оқу құралдары беттерінде қалыптасып, әдеби қалыпқа түседі. Оған орыс және туысқан халықтар әдебиетінің ықпал-әсері де артады. Осы жүйеде көп жұмыс атқарған адам – қазақтың тұңғыш ағартушы педагогы Ыбырай Алтынсарин еді» [51,304 б.]. деп жазды.
Қазақ халқының мол фольклорлық мұрасынан ертеден-ақ қазақ даласына келген орыс саяхатшылары назар аударып, там-тұмдап хатқа түсіре бастаған. Бұл салада көрнекті еңбек еткендер – Ресейлік география қоғамның мүшелері: В. Радлов, И. Березин, А. Васильев, Г. Потанин, Н. Ильминский, А. Харузин, П. Мелиоранский, В. Катаринский, Н. Пантусов болды. Ресейдің алдыңғы қатарлы әдебиетшілері, тарихшылары, ғалымдармен бірге қазақтың зерттеуші ғалымдар Ш. Уалиханов, Ә. Диваев, Ы. Алтынсарин, С.Көбеев, Т. Жомартбаев ел арасынан ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жазып алып қазақ және орыс тілдерінде газет-журналдарға бастарды. Және бұл материалдарды екі тілде кітапша етіп те бастырып шығарды. Зерттеуші ғалымдардың бұл еңбектерінде ауыз әдебиетінің мол мұраларының ішінде балалар фольклорының да кейбір үлгілері жарияланды.
Қазан төңкерісінен кейін бұл игілікті іс жедел қолға алынды. 1924 жылғы қазақ білімпаздарының бірінші съезінде ауыз әдебиетін жинау мәселесі айрықша сөз болды. Бұндай игілікті іске мемлекет тарапынан, мәдениет, халық ағарту саласы тарапынан қамқорлық көрсетілді. Арнайы қаржы бөлініп, ел арасына ғылыми фольклорлық экспедициялар шығару ұйымдастырылады.
20-жылдардың басында М.Әузов Жетісу бойына келіп Ә.Диваев, І.Жансүгіровтермен бірлесе қазақ-қырғыз елдерін аралай жүріп, 1916 жылғы көтеріліс туралы халық поэзиясын, қырғыздың «Манас» эпосын, басқа да ауыз әдебиеті үлгілерін жинап қайтқан еді. Ал 20-жылдардың аяғына таман қазақ зерттеуші ғалымдары С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Ғабдуллин, Ө.Тұрманжанов т.б. ауыз әдебиетін сала-салаға бөліп зерттей бастаған болатын. Осы игілікті істі бастаушылардың бірі – Мұхтар Әуезов болды. Ол 30-жылдары жер-жерге шығарылған арнаулы экспидициялардың жұмысына ғылыми кеңес беріп, басшылық етті.
Бұл кезеңде балалар әдебиетінің фольклорлық үлгілері де жиналып жарық көрді. Сондай-ақ бұл мәселе зерттеушілердің ғылыми еңбектерінің жазылуына түрткі болды. Оның көрнекті дәлелін М.Әуезовтің, А.Байтұрсыновтың, С.Сейфуллиннің, М.Жұмабаевтың, Х.Досмұхамедовтің, Ж.Аймауытовтың зерттеу еңбектерінен көреміз.
Қазақтың ауыз әдебиетін зерттеп, көптеген мақалалар жазған М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (1922), «Қобыланды батыр» (1925), «Қазақ әдебиетінің тарихы» (1927), А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» (1926), С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті» (1932), Х.Досмұхамедовтің «Қазақ халық әдебиеті» (1924) (орыс тілінде), Ө.Тұрманжановтың «Қырық өтірігі» (1935), «Қазақ мақал-мәтелдері» (1935), Қазақстан Ұлт мәдениеті институты шығарған «Қазақ совет фольклоры» (1935) өз кезінде ғылыми мәні зор, елеулі зерттеулер болды.
Мұхтар Әуезовтің қазақ эпосы мен фольклоры тарихын тұтас түрде зерттеуге арналған «Әдебиет тарихы» деген кітабы жазылғанға дейін қазақ фольклорын әдеби әрі тарихи жағынан жүйелі зерттеу ісі жасалмағаны жұртшылыққа мәлім. Осы орайда академик С.Қирабаевтың монографиялық еңбегінде қазақ фольклорын жүйелі зерттеу ісі жеткілікті қолға алынбаған дәуірде «тек М.Әуезов қана 1927 жылы басылған «Әдебиет тарихы» кітабы арқылы ауыз әдебиеті материалдарын тұңғыш рет сала-салаға бөліп зерттеуге талап жасады. Оларды жанрлық ерекшеліктеріне қарай топтастырады» деп орынды баға бергенін атап өткен жөн. [52, 433б.]
М.Әуезов өзінің «Әр жылдар ойлары», «Ертегілер» деген ғылыми еңбектерінде: «Балалар әдебиетінің арғы төркіні халықтық шығармалардан туады», - дей отырып, ауыз әдебиетінің ішінде балалар әдебиеті мұрасына қандай топтар жататын анықтап, көрсетіп береді. Ертегілерге арнайы талдаулар жасай келе М.Әуезов былай дейді: «Балаларға арналған ертегілер – қиял-ғажайып ертегілерінің, тұрмыс-салт және хайуанаттар жайындағы ертегілердің аралас-құралас жиынтығы сияқты. Олар қызғылықты әрі күлкілі болып келеді. Кейде оларды «өтірік» ертегілер деп те атайды. Мұндай ертегілер адамды кәдімгі ақиқат ортадан құстар мен жәндіктер дүниесіне немесе қиял-ғажайып нәрселердің әлеміне әкетеді» десе, қиял-ғажайып ертегілер тобына жасаған талдауында: «Хайуанаттар жайында балалар үшін айтылатын қазақ ертегілерінің бір алуаны – «Күшік пен мысық», «Қотыр торғай» сияқты кішкене жануарлар жайындағы ертегілер. Ақылсыз күшік, айлакер мысық балаға жәндікті әрі кейіпті танытумен бірге баланың өз мінезіндей ойнақы, кейде күлкілі көңілді әңгімеленді» [53.214 б. ], - дейді.
М.Әуезов тек қана хайуанаттар жайындағы ертегілерді ғана емес, кеңес дәуіріндегі ертегілер қатарындағы күлдіргі ертегілердің де балалар әдебиеті мұрасынан кіретінін айтады: «Салт ертегілер қатарындағы алуаны бөлек бір топ – ортақ, тапқыр, күлкіге, қызықты жеңіл түйіндерге құрылған әңгімелер болды. Алдымен, мұндай ертегілердің оқиға ортасында жүретін бас геройларының өзі ерекше. Оның бар іс-мінезінен бұрын аты-қалпы, кескін ұқсыны да күлкілі әрі оқыс келеді. «Шибұт», «Қағанақ бас, Қылтамақ», «Ұр тоқпақ», «Қаңбақ шал», «Тазшаның қырық өтірігі» деген ертегілердің аты мен адамынан әңгімелерінің ойнақы, күлдіргі жаққа бейім тұрғаны мәлім болады» [53.225 б.], дей отырып, бұлардың әрқайсысына жан-жақты талдаулар жасайды.
Тек ертегі емес халықтық шығармалардың ішіндегі балалар фольклорында жұмбақтар да үлкен орын алады. Жұмбақтар баланың ойын өсіруге, тереңірек ойлауға, ақыл-есін дамытуға үлкен көмегін тигізеді. Академик М.Әуезов қазақтың әдет-ғұрпы салтында жұмбақтың орны ерекше екенін айтып келіп: «Кейде бүкіл бір ертек жұмбақтан туады. Әңгіме әсем жыр, дастан атаулының талайының жұмбаққа соғып кететіні болады. Ертеде ердің даналығын, жүйрігін жұмбақпен сынау машық болған... Біздің уақытымызда жұмбақ өз бағасын жойған жоқ. Жұмбақты мектеп балалары тілге ұста болу үшін оқиды, жаттайды. Жастар ойын-сауық кештерде әлі де ермек етеді. Ата-аналардың жас балаларға беретін тәрбиесінде де баланың ойын тапқырлыққа баулу үшін де жұмбақтың көп пайдасы бар», - дейді [54.145-146],
«Бұл жөнінде М.Әуезов – қазақ балалар әдебиетінің бірінші зерттеушісі деуге болады» [1,225].
Халық даналығы тудырған фольклорлық мұраларды жинап, зерттеуге ерекше ден қойған ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш» атты еңбегі арқылы «қазақ фольклортану ғылымның негізін қалап, қабырғасын көтерді» [55.70 б.]. Осы еңбегінде автор қазақ ауыз әдебиетінің өзіндік сипаттарын анықтап, оның түрлерін былайша жіктейді: ертегі, ауызекі әңгіме, өтірік өлең, үгіт өлең, толғау, терме, ділмәр сөз, тақпақ, мақал-мәтел, тойбастар, жар-жар, неке қияр, беташар, жоқтау, жарапазан, бата, жын шақыру, құрт шақыру, дерт көшіру, бесік жыры. Бұл туралы белгілі ғалым Кенжехан Ісләмжанұлы былай дейді: «Бұл еңбекте өлең», «жұмбақ», «жаңылтпаш», «тақпақ», «жарапазан», «бесік жыры» сияқты терминдер алғаш ғылыми айналысқа түсіп, мағыналық жағынан тиянақталды. Ғалым ауыз әдебиетінің жанрының түрлерін кеңінен саралай отырып, олардың балалар репертуарынан алатын орнына да назар аударып отырды» [50,15 б.]. А.Байтұрсынов ертегі туралы айта келіп, «Балалар әдебиеті жоқ жерде ертегі баланың рухани қиялын тәрбиелеуге көп керегі бар нәрсе, баланы қиялдауға үйретеді», - деп жазады [29, 412 б.].
Қазақ фольклорын арнайы зерттеген С.Сейфуллин «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), «Батырлар» (1933) атты жинақтар жазып шығарды. Ақан серінің, Ақмолланың, Ы.Алтынсаринның өлеңдерін, «Ләйлі-Мәжнүн» дастанының Ш.Құдайбердиев аударған қазақша нұсқасын бастырды. Оларға алғысөз жазып, таныстырады. Сәкеннің зерттеу еңбектерінің ішіндегі елеулісінің бірі – оның 1932 жылы баспадан шыққан «Қазақ әдебиеті» атты кітабы.
«Сәкеннің «Қазақ әдебиеті» атты кітабы – Әуезов еңбегінен кейінгі халықтық ауыз әдебиетінің жүйелі баяндауға арналған екінші талап...
...Сәкен кітабының күні бүгінгі шейінгі ауыз әдебиетін зерттеу тарихында елеулі қызмет атқарып келе жатқанын атап өту орынды. Қазақ ауыз әдебиеті саласындағы тұңғыш оқу құралдары болғандықтан автор оған ескі әдебиет нұсқаларын көп кіргізді. Сәкен жарияланған сол әдебиет үлгілері бүгінгі шейін ең беделді әдебиет зерттеулерде пайдаланып келеді» деген С.Қирабаев [52,443].
С.Сейфуллиннің бұл кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге автор ертегілерді, салт өлең жырларын, дін салтынан туған жырларды, мал туралы және «қадірлі жануарлар» туралы әңгіме-өлеңдерді, жастық ойын-күлкі өлең-тақпақтарын кіргізеді. Зерттеуші мұнда балаларға арналған халық жырларын арнайы топтастырып, бөле-жара қарастырмайды, оны біртұтас халық мұрасының ішкі жанрлық түрлері ретінде таниды. Мәселен, бесік жырларын, беташар, тойбастар, естірту, жоқтау, қоштасу мен өсиет жырларын тұрмыс-салт жырларының арнасында сараласа, өтірік өлең, айтыс, балалар тақпақтары мен ойын өлеңдерін, жұмбақ, жаңылтпаштарды жастық ойын күлкі өлеңдерімен айтыс (әзіл айтысы) жұмбақ, жаңылтпаш және жас балалардың ойын үстінде айтатын тақпақтары.
...Мал баққан көшпелінің балаларының, жастарының жас күннен алатын тәрбиесінің бір жағы сол жастардың ойындары мен үлкендердің сауық салттарында болған. Мал баққан көшпелінің балалары оқу жазу білмегендіктен білімді, тіл өнерін жасынан шамасынша жатқа үйрене беретін болған.
...Онан соң балаларға үлкен бір сабақ – отбасындағы әңгімелер болған. Малшылар кешке ауылға қайтқанда әңгімені от басында айтады. ...Дүзден ауылға қайтқанда, кешке от басында отырып, айнала отырған қатын-қалаш, кемпір-шал ауыл адамдарына көрген-білген уақиғаларына әңгіме қылып айтады. От басы әңгімесіз болмайды. Әңгімені от басындағы көпті көрген қарттан сұрайды. Ол болмаса, қонып отырған қонақтан сұрайды дедік. Ол болмаса, от басында жиналғандардың көбі жастар болса, қыз-келіншек, бозбала болса, әңгімені өзді-өздері кезек-кезек айтысады дедік.
Сол күліп-ойнап айтысатын жастардың әңгімелері түрліше болатын. Мысалы: ертек, әңгіме, өлең, жұмбақ, жаңылтпаш. Міне осындай әңгіме-дүкендері жастарға жаттығу болып, балаларға өз әлінше «сабақ», «өнеге», «оқу» болатын.
...тіл шеберлігіне үйреткендей, ертек, жұмбақ, өлең үйреніп айтуға шеберлендіруге жадын, есін күшейтпек үшін үйреткендей, үлкендер ойнап балаларға алдымен ертектің, жұмбақтың, өлеңнің «құлақ күйлерін», бастау сөздерін үйрететін. Ертектің «құлақ күйі» жоғарыда айтылғандай:
...Бар екен, жоқ екен...
Бөрі бөкеулі екен.
Түлкі жасаулы екен...
Ертек-ертек ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Құйрық жүні келте екен,
Қырғауыл жүні қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен.
Мұзға мінген екен,
Бұты сынған екен... –
деп бастауды әркім-ақ бала күнінен үйренген болатын. Жұмбақ айтқанда, онға шейін санап, сонсоң оны
...Бір дегенің – білеу,
Екі дегенің – егеу,
Үш дегенің – үскі,
Төрт дегенің - төсек,
Бес дегенің – бесік.
Алты дегенің – асық,
Жеті дегенің – желке.
Сегіз дегенің – серке,
Тоғыз дегенің – торқа
Он дегенің – оймақы.
Он бір қара жұмбақ... –
деп тізілтіп шешуді де балалар жас басынан үйренген болатын.
Міне, «ертек айт», «жұмбақ айт», «өлең айт» дегенде осы келтірген үйреншікті сөздерді айтып, бір-екі ауыз ертек, жұмбақ, өлең білмейтін қазақ болмаған. Бұлар балалардың жасынан жатқа оқып үйренетін, жадын, есін күшейтуге, сөзді тез жаттауға дағдылануға алған «сабақтары» тәрізді болған. Бұл сабақтар балаларға сөзді тақпақтап, ұйқастырып ырғаққа салуға төсілдіре беретін, тілін шеберлей беруге үйрететін ойнақы сөздер... [56, 231б.].
С.Сейфуллиннің бұл зерттеу еңбегінде осындай құнды пікір, жүйелі зерттеулер мол. Бұл кітап ауыз әдебиеті материалдарын ғылымдық жүйеге салған еңбек болумен бағалы. Бұл еңбек туралы зерттеуші ғалымдар С.Мұқанов, Т.Кәкішұлы, М.Ғабдуллин өз кезінде орынды пікір айтқанын айта кетуіміз керек.
Белгілі алашорда қайраткері Х.Досмұхамедов қазақ халқының тәрбиелік даналығы мен тәжірибесі оның ауыз әдебиетінде деп таныған. Фольклоршы-ғалым ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, жазып аулмен шұғылданып, олардың негізінде «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Аламан» (1926), «Исатай-Махамбет» (1925) атты кітаптарын шығарды. Х.Досмұхамедовтің фольклортану саласындағы еңбектерінің ішіндегі қомақтысы 1928 жылы шыққан «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегі. Бұл көлемді зерттеу еңбекте ауыз әдебиетінің табиғаты, жазба әдебиеттен еркешелігі кеңінен әңгімеленді. Онда қазақ ауыз әдебиетінің 46 түрі мен жанрларын топтап, сатылап, біршама толық ғылыми жүйеге түсірген. Автор балалар әдебиетіне қатысты тәрбиелік мәні бар бағалы пікір де айтады: «Халық балалар әдебиетін зерттеу бала табиғаты мен тілінің дамуы жөніндегі мәселені анықтауға мол сәуле түсіреді, бұған қазақ педагогтары баса назар аударуы керек.
Қазақ баласының шыр етіп жерге түскенінен ер жеткенге дейінгі бар ғұмыры өлеңге толы. Қазақ баласының алғашқы еститіні ана әлдиімен айтылатын бесік жырының әуені. Балалардың ойындарының барлығы дерлік өлеңмен өрнектеліп келсе, бозабалалық шақ негізінен махаббат жырларына толы» деп жазуының үлкен тәрбиелік мәні бар екенін көреміз [57,51 б.]. Халел бұл еңбегінде қазақ халқының тұрмыстық салт-дәстүрлері, оның тәрбиелік мәні туралы жан-жақты баяндаған. Мұнда ол халқымыздың шаруашылық кәсібі, тұрмыс-тіршілігі, аңшылық өмірі, киіз үйі мен оның барша жиһазы, ұлттық киімдері, әсіресе қыздар тағатын сырға-шолпы, теңге, бес қару мен ер-тұрман, т.б. туралы баяндай келе, олардың жас буынды еңбекке, кәсіпшілдікке, ерлікке, әсемдікке, сыпайылыққа, адамгершілік қасиеттерге баулып, тәрбиелеуде маңызы зор дегенін нақтылы мысалдар келтіре баяндайды.
Фольклорлық мұраны жинап бастыру ісінде М.Жұмабаевтың да өзіндік орны бар. Қазақ халқының асыл қазынасын келешек ұрпақ үшін, тарихы үшін қажет дүние деп білген Мағжан былай дейді: «Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда ең сұлулары ұмтылған, желдей ескен жыраулармен бірге топыраққа айналған...
Бірақ, талайлар ұмытылып қалды деп қанша өкінгенімен, әлде болса да ауызда аман қалған әдебиетіміз, талай елдердің ауыз әдебиетінен бай. Әлі де болса ауыз әдебиетіміз, бір елдің жазба әдебиетіне негіз болуға жараралық. Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндетті. Алдымен сабақты шеттен емес, өзінен алуға міндетті. Жазба әдебиетіміз негізді, берік өз еліміздің әдебиеті болам десе, өзіміздің ауыз әдебиетімізге қайтуға міндетті» [58, 340 б.].
Мағжан фольлорлық мұраны жинаумен өзі тікелей айналысқан. «Мәскеуде жоғарғы әдебиет-көркемөнер институтында оқып жүрген кезінде батырлар жырының көп томдығын құрастырып, кіндік баспаға ұсынады. Бірақ әлдебір себептермен баспа бетін көрмей қалған. Ол еңбек оқырмандарына Мағжан қолымен әлі жеткен жоқ» [59,137 б.].
Мағжан ел арасындағы ақын-жыраулардың еңбектерінен жинап, олар туралы мақалалар жазған. Оның «Базар жырау», «Ақан сері», «Әбубәкір ақсақал Диваев», «Наурыз» туралы мақалалары бар.
М.Жұмабаев осы кезеңдегі балалар фольклорын тұңғыш рет жинақтап 1926 жылы «Балаларға тарту» деген атпен жариялады. Балалар фольклоры алғаш рет толығырақ топтастырылған бұл жинақта бесік жырының, саусақ санау ойынының, тақпақтар мен сұрамақтардың, арнау-тілек өлеңдерінің, қызықтамалардың, жаңылтпаштар мен жұмбақтардың үлгілері жинақталған. Сонымен қатар, Мағжанның өз өлеңдері («Сылдырмақ», «Сал-сал Білек», «Ата», «Жұбату», «Бөбектің тілегі», «Ата-бата», «Туған жер», «Ақ қала», «Жыл мезгілдері» «Сұр құлын») де осы жинаққа кірді.
Қазақтың әдеби мұраларына жанашырлықпен көңіл бөлген, ауыз әдебиетін жинауға өз үлесін қосқан Ж.Аймауытов «Әдебиет мұралары» (1927) еңбегін жариялады. Ауыз әдебиеті мұраларын жинап бастыру туралы өз ойын айта келіп былай дейді: «...ауыз әдебиетінің жүзден бірі баспаға түсірілген жоқ. Ауыз әдебиетіміз қаймағы туырылған күйінде ел аузында қалып отыр.
Бірақ бұл күйінде ел аузында ұзақ сақталып, көп жасай алмайды жұлдырады, қанатын алдырады, мертігеді. Бұның түбі бара-бара біразда жоғалу болады» [60, 245 б.]. Ауыз әдебиетін жинау үшін ел ішіндегі көнекөз, құймақұлақ қарияларды пайдаланып қалу керек деп, өзі білетін қариялардың бірнешеуінің атын атайды. Осылардың ішінен Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлын ерекше атайды. «Мәшһүр бала жасынан дүние кезген адам. Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүзді тегіс аралаған. Сол жүрген жерлеріндегі естіген әңгімеден Мәшһүрдің білмейтіні аз шығар. Ауыз сөзінде қазақ шежіресінен бастап, хан, би, батыр, жомарт шешен, жұмбақ, қара өлең, айтыс, тақпақ, жар-жар, беташар, ай, жыл, күн аттары, ескі, тұрмыс суреттері, ғүрып-әдет-көлеңкелері, ырым-жырымдары – тегіс Мәшһүрдің аузынан ағытылады» » [60, 267 б.], - дейді.
Қазақтың балалар әдебиетіне зор үлес қосқан Ө.Тұрманжанов халықтың ертедегі әдеби мұрасын жинау, жариялау ісіне үлкен еңбек сіңірді. Жиырмасыншы жылдары халық фольклорын жүйелі түрде жинау жұмысына белсене атсалысқан ол ауыз әдебиетінің тамаша байлығы «Қырық өтірікті» жарыққа шығарады. Әсіресе, қазақтың халықтық көркемсөз мұрасын іздеу, жүйелеу, бастыру жөніндегі қызметі ерекше. Белгілі партия қайраткері Нәзір Төреқұловтың ақыл-кеңесі бойынша ол мақал-мәтелдерді жинауда зор еңбек етті. Ө.Тұрманжановтың басшылығымен және тікелей қатысуымен «Қазақ мақал-мәтелдері» төрт рет басылды.
Балалар әдебиетінің жанашыры І.Жансүгіровтің «Өтірік» (1927) «Балаларға базарлық» кітаптары да осы жылдардағы балаларға тартқан қымбат сый еді. 1928 жылы шыққан «Ауылдағы жастар, жас ұландар үшін ойын, өлеңдер» кітапшасында да балаларға арналған өлеңдер мен ойындар топтастырылған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   21




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет