Сөж тақырыбы:Қосымшалардың семантикасы мен функциясы Орындаған


Етістік түбірі және оның семантикалық, грамматикалық өзгеруі



бет2/4
Дата10.04.2022
өлшемі27,97 Kb.
#138730
1   2   3   4
Байланысты:
Қосымшалардың семантикасы мен функциясы СӨЖ

2. Етістік түбірі және оның семантикалық, грамматикалық өзгеруі
Етістік Н.Сауранбаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаевтардың авторлығымен жарыққа шыққан «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында, сонымен қатар бұл еңбектерге дейін жарық көрген Қ.Жұбанов (1936), С.Аманжолов (1938), І.Кеңесбаев пен С.Жиенбаевтың «Грамматикаларында» (1942) етістік бөлімі сабақты етістік пен салт етістік, болымды және болымсыз етістік, етіс категориясы, рай, шақ, жақ категориялары, есімше мен көсемше формалары үзілмей берілумен бірге, кейбір толықтырулар мен лингвистикалық атаулар тиянақталып, өзгерістер енгізіліп отырса да, белгілі бір дәстүрлі жүйе берік сақталып келеді деуге әбден болады.
Ы.Маманов қазақ тіліндегі етістік формаларын лексика-грамматикалық қызметтеріне қарай, ең алдымен, негізгі етістік және функциялық етістік деп екіге бөліп, одан кейін негізгі етістіктің өзін түбір етістіктер және модификациялы етістіктерге ажыратып, түбір етістіктерге етістіктің лексикалық амғынасына ие болатын сөздерді, модификациялы етістіктерге белгілі қосымшалар немесе көмекші етістіктер арқылы үстеме грамматикалық мағына білдіретін етістік формаларын жатқызады...
Ғалымның етістік түбіріне байланысты айтқан ой-пікірлері күрделі мәселелердің шешімін табуға септігін тигізіп қана қоймай, кейбір пікірлерге өзгеше қырынан үңіліп, тереңірек зерттеуге көмегін тигізеді. Ы.Маманов, С.Исаев еңбектерінде көрсетілгендей, етістік түбірінің бұйрық райдың 2-жағы емес, ол екеуінің екі нәрсе екенін дәлелдейтін тағы бір дәлел – бұйрық райдың екінші жағының көне формасының –ың, -ің, -ғыл, -ғын тұлғасында болуы. Қазақ тілінің сөйлеу тілінде бұлардың кездесіп қалуы тектен-тек емес. Қысқасы, етістік категориясының жіктелу жүйесінің 2-жақ жекеше формасы түбір етістікпен омоформалық сипатта келеді.
Етістік түбіріне қатысты тағы бір көңіл аударарлық нәрсе – туынды түбір (туынды етістік, туынды сөз) мәселесі. Ы.Маманов өз зерттеулерін морфологияның өзекті әрі қиын мәселелерін қарастыруға арнағандығы байқалады. Оның 1973 жылы жарық көрген «Лекциялар курсында» қосымшаларды жіктеу, кейбір қосымшалардың (даулы болып танылып жүрген) сөзжасам мен форма тудыруға қатысты тілдік жүйе, заңдылықтар тұрғысынан қарастырылып, тың пікірлер айтылған.
Етістік сөз табына қатысты қазақ тіл білімінде әлі де бір шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – етістіктің көрініс (вид) категориясының формалары ретінде көрсетіліп жүрген бір топ қосымшалардың тілдік сипатымен байланысты. Аталған категорияға жатқызылып жүрген –қыла, -кіле, -ғыла, -гіле; -мала, -меле; -ымсыра, -імсіре тәрізді жұрнақтар туралы әртүрлі пікірлер айтылған. Бұл қосымшаларды И.Ұйықбаев, А.Ысқақов т.б. ғалымдар сөз түрлендіретін форма ретінде таныса, Б.Құлмағамбетова, С.Хасанов, Т.Әбдіғалиева, Қ.Қасабекова, Б.Шалабаева, Ы.Мамановтар сөз тудырушы жұрнақтар ретінде анықтайды.
Біз жоғарыда аталған қосымшалардан –стыр, -стір формасын етіс жұрнағы деп алып, қалған тұлғаларды туынды етістік жасайтын қосымшалар ретінде қарастырамыз және Ы.Мамановтың қосымшаларды жіктеуге байланысты ұсынған концепциясын басшылыққа алып, мынадай белгілерін көрсетеміз:
1) аталған жұрнақтар бірен-саран сөздерге талғап жалғанып, грамматикалық абстракция жасай алмайды;
2) түсіндірме, екі тілдік сөздіктерге енеді;
3) лексикалық бірлік саналып, реестр сөз ретінде құрамды толықтырады. Ал жоғарыда Ы.Маманов грамматикалық қосымша ретінде көрсеткен –ңқыра, -ңкіре осы көрсетілген критерийлерге жауап бермейді, әсіресе талғап жалғану шартына сай келмейді, яғни ол грамматикалық абстракция жасап, кез келген етістік түбіріне жалғанады. Етістіктің қолданысына статистикалық зерттеу жүргізген ғалым С.Мырзабеков етістіктер саны сөздіктің тең жартысынан асады деп көрсетеді . Яғни –ңқыра, -ңкіре формасы, сонымен қатар етіс формалары жалғанған етістіктер де сөздікте қамтылған деген сөз. Демек, -ңқыра, -ңкіре формалы етістіктерді сөздікте реестрлік қатарда беру-бермеу мәселесі шешілуі тиіс.

3. Ы.Е.Маманов еңбектерінде күрделі етістік мәселесінің зерттелуі.Туынды сөздердің ішіндегі күрделісі де, қиыны да – күрделі сөз мәселесі. Басқа түркі тілдеріндегідей қазақ тіл білімінде күрделі сөз бен күрделі тұлғалар мәселесі XIX-XX ғ.ғ. аралығында қолға алына бастады.
Түркітануда күрделі сөзге қатысты пікір айтқан және арнайы зерттеу нысаны еткен еңбектерде күрделі сөздер құрылымдық және жасалу тәсіліне қатысты сөз болды. Бұл орайда Н.К.Дмитриев, Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов, А.А.Юлдашев, Ә.Қайдар, Ғ.Садуақасов сынды түркітанушылар еңбектерін атауға болады. Қазақ тіл білімінде профессор Қ.Жұбанов 1930 жылдардың өзінде-ақ күрделі сөздер қанша сөзден біріксе де тұтас бір ғана мағынаны білдіріп, бір ғана заттың атауы болады т.б. дей келе, күрделі сөздің қалыптасу жолдары мен олардың түрлерін көрсеткен [11]. Қазақ тіл білімінде күрделі сөз мәселесін арнайы сөз етіп, оған ерекше мән беріп, оның табиғатын анықтауда Н.Оралбаева, В.А.Исенғалиева, Б.Қасым т.б. еңбектері ерекше аталады. Күрделі сөз жайында пікір білдірген Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, К.Аханов, Н.Оралбаева, Ж.Шәкенов сынды зерттеушілердің көзқарастарында, пікірлерінде айтарлықтай алшақтық болмағанмен, күрделі сөздерді жіктеуде, терминдік аталымында айырмашылықтар кездесіп қалады.
Қазақ тілінде көп уақытқа дейін күрделі етістік етістіктің аналитикалық форманттары тұрғысынан зерттеліп келді. А.А.Юлдашев мұның XIX ғасырдағы О.Бетлинг еңбектерінен басталғанын көрсетеді (1965). Көпшілік түркологтар аналитикалық етістіктерді күрделі етістік санай отырып, олардың вид, рай, шақ категорияларының көрсеткіші екенін де көрсетеді. Бұған қарағанда, күрделі етістікті грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіш ретінде тану түркологияда кең тараған құбылыс екендігі байқалады.Күрделі етістіктерді арнайы зерттеп, олардың сөз тіркестерімен, тұрақты сөз тіркестерімен, аналитикалық формалы етістіктермен өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын ажыратуда Б.Қасым еңбегінің (Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі етістіктер.Докт.дисс. автореф.А.,1992) маңызы зор.
Ы.Маманов күрделі етістік ұғымына аналитикалық формалы етістіктерді де жатқызған. Бұған қарағанда ғалым мұнда етістіктердің тұлғалық жағын ғана ескерген сияқты. Сөз тіркесі мен аналитикалық формалы етістіктерді, күрделі етістіктерді нақты ажыратып көрсетпеген. Дегенмен ғалым еңбектері бұл тілдік құбылыстардың ара-жігін ашпағанымен, аналитикалық формалы етістіктердің мағыналық қырларын ашып көрсетуімен құнды.
Көмекші етістіктер көне жазба ескерткіштерден бастап қазіргі түркі тілдерінің барлығында да кездеседі. Ал қазақ тіліндегі зерттелу тарихы Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерден басталады.Қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің нақтылы саны анықталып, зерттелмеген деуге болады. Себебі, тілші-ғалымдар еңбегіндегі көмекші етістіктерге берілген сипаттамаларда олардың саны нақты көрсетілмейді. Ы.Маманов пікірінде кішігірім қайшылықтар бола тұрғанмен, толымды (мәнді) көмекші етістіктерге қатысты есім сыңарлы күрделі етістікті тіркесті түбір етістік деп атап, олардың сөзжасамдық қызметін анықтады, күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктердің семантикалық айырмашылықтарын көрсетті т.б.
Қалып етістіктері. Тілімізде адамзаттың амал-әрекеті, табиғи күй жағдайлары тұр, жатыр, жүр, тұр етістіктері арқылы беріледі. Олар тіл ғылымында қалып етістіктері деп аталатыны белгілі. Осы төрт етістіктің формаларындағы, функцияларындағы, семантикалық реңктеріндегі нәзік айырмашылықтарды, бәріне ортақ бірыңғай ерекшеліктерді қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов, А.Байтұрсынов, Н.Т.Сауранбаев, С.Аманжолов, Ы.Маманов, А.Ысқақов, С.Исаев, М.Оразов, Т.Қордабаев, Н.Оралбаева, З.Оспанова т.б. белгілі ғалымдар өз еңбектерінде көрсетіп, айтып кеткен. Сондықтан біз қарастырып отырған тақырып бұрын соңды айтылмай, зерттелмей келген тың мәселе емес, оның негізгі белгілері, ерекшеліктері анықталған. Біздің мақсатымыз қалып етістіктері Ы.Маманов зерттеулерінде қай тұрғыдан қарастырылды, осы тақырыпты сөз игі әсері қандай болды, бүгінгі таңда оның маңыздылығы неде деген сұраулардың басын ашу болып отыр.
Алғашқылардың бірі болып бұл төрт етістіктің өзіндік ерекшелігін таныған ғалым – профессор Қ.Жұбанов қалып етістіктерінің әрқайсысының беретін лексикалық, семантикалық мағыналарына қарай оларды дәл осы шақтың төрт түріне бөліп қарастырады. Ғалым сыпат категориясына нақты тоқталмағанмен, істің жүру процесін білдірудегі осы төрт етістіктің көмекшілік қызметін аңғара білген деп есептейміз.
А.Байтұрсынов қалып етістіктерін көмекші етістіктер қатарында қарап, оның болымды түрінің жіктелуі басқа етістіктерден өзгеше екендігін, яғни жіктік жалғауы оларға тікелей жалғанатынын, ал болымсыз формада келдгенде қалып етістіктері басқа етістіктер сияқты жіктелетінін, яғни тікелей жіктелмейтінін байқаған.
Н.Т.Сауранбаев «Қазақ тіліндегі көсемшелердің семантикасы мен функциясы» еңбегінде (1942) күрделі етістіктердің жасалуына тоқталады. Толымды, толымсыз көмекші етістіктерді нақты атамағанмен, жатыр, отыр етістіктерінің көсемше формалы негізгі етістікке тіркесіп, көмекшілік қызмет атқаратынына бірнеше мысалдар келтірген.
С.Аманжолов негізінен шақтық мағына осы төрт етістіктің өз ішінде, бүтін тұлғасында болатындығын айтса (1994), аталған төрт етістіктің грамматикалық мағыналарын орыс тілімен салыстыра зерттеген ғалымдарымыздың бірі Ш.Х.Сарыбаев олардың есімдерше жіктелуін, шаққа, жаққа қатысын т.б. алғаш танып, дұрыс нұсқау берген (1939). М.Оразовтың «Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері» (1980) атты монографиясында аталған етістіктердің морфологиялық құрылымында туған тұл,алық, мағыналық өзгерістергі және әбден орныққан формаларына тарихи, ғылыми тұрғыдан талдаулар жасалады. А.Ысқақов пікірлерін сараласақ (1991), басқа авторлар пікірінен онша алшақ еместігін байқаймыз. Ғалым қалып етістіктерінің негізгі мағыналары мен қызметтерін атқарумен бірге, амал-әрекеттің даму кезеңін (фазасын), өту сипатын білдіруге дәнекер болса, екінші жағынан, етістіктің нағыз осы шақ категориясын құрауға негіз болады дейді. Бірақ ғалымның өзіндік көзқарасы да жоқ емес. Оған сыпат категориясының синтетикалық түрін атауға болады. Сондай-ақ ғалымның сыпат категориясын үшке бөліп (қимылдың басталуы, жүріп жатуы, аяқталуы), олардың формаларын көрсетуі ғылым үшін жаңалық деп білеміз.

Қимылдың өту сипаты етістіктің дербес грамматикалық категориясы ретінде түркітануда және қазақ тіл білімінде XX ғасырдың екінші жартысында ғана танылса да, қимылдың жасалуындағы түрлі ерекшеліктер түркі тілдерін зерттеушілердің назарына ертеден-ақ ілінген. Ы.Мамановтың сыпат категориясына байланысты ойларын сарапқа салғанымызда, ғалым, ең алдымен, сөз мағынасына емес, сөз формасына баса назар аударғанын байқаймыз. Мұны ғалымның мына пікірінен білуге болады: «Қалып етістіктерінде шақтық форма жоқ, тек шақтық мағына бар». Ғалым қалып етістіктерінің бойындағы шақтық мағына оларға телулі шақтық мағына емес, олардың бойында шақтық мағынадан басқа да (айталық, қимыл-күйді білдіру – етістіктік мағына; қимылдың өту сипатын білдіру – аспкетуалдылық мағына т.б.) мағыналар бар. Ғалымның бұл пікірін басқа ғалымдар еңбектерінде айтылмаған ерекше жаңалығы деп атауға болады. Сонмен қатар, көсемше формалы етістіктердің қалып етістіктерімен өзге толымды етістіктер арқылы сыпат категориясын жасауы туралы ойлары аналитикалық формалы етістіктер жайындағы күрделі зерттеуге негіз болған. Қимылдың жасалу кезеңдері мен тәсілі бойынша етістіктерді жіктеуі қазіргі грамматика талаптарына толық сай келмегенмен, функционалды грамматика тұрғысынан құнды пікір екендігін көрсетіп отыр.
Функционалды грамматикада қимылдың өту сипаты немесе амалдың өту сипаты деп аталып жүрген ұғым «аспектуалность» терминімен аталады. Қалып етістіктері осы аспектуалдылық мағынаны білдіруде маңызды рөл атқарады. Олар осы функционалды семантиканы беретін бірден бір тілдік құрал болып табылады. Қалып етістіктерінң фунуционалды-семантикалық өріс жасаудағы қызметі функционалды грамматика мамандарының зерттеулерінде айтылып жүр.
Бұл айтылғандардан қалып етістіктері тек қана аспектуалды семантика ғана жасайды деуге болмайды. Ол басқа да функционалды-семантикалық өрістерді жасауға қатынасады. Айталық, олар қимылдың өту сипатын білдіруден бұрын , ең алдымен, шақтық мағынаны білдіреді. Дәстүрлі грамматика тұрғысынан олардың құрылымдық функциясы нақ осы шақты білдіру делініп, нақ осы шақты білдіретін тілдік құрал, соның көрсеткіші ретінде қаралып жүр. Алайда бұл оларға берілген біржақты ғана пікір. Өйткені шақ тілдік жүйеде және сөйлеуде екі бағытта қызмет етеді. Аталған етістіктер тілдік жұйеде шақ көрсеткіші болса, сөйлеуде, екі бағытта қызмет етеді. Аталған етістіктер тілдік жүйеде шақ көрсеткіші болса, сөйлеуде, яғни сөйлеу бірлігі – мұны зерттейтін сала функционалды грамматика тұрғысынан одан кең түрде қарастырылады. Ол тек қана нақ осы шақтық мағынаны ғана білідрмейді, сонымен қатар шақтық мағынаның басқа да реңктерін беруге қызмет етеді. Сөйлеудегі шақтық мағына функционалды грамматика тұрғысынан «темпоральность» деген терминмен аталады. Темпоралдылық функционалды-семантикалық өрісін жасауда қалып етістіктерінң өзіндік орны, тиесілі қызметі бар. Олар темпоралдылық категориясының мағыналық қырларын білдретін тілдік құрал болып табылады. Демек қалып етістіктері Ы.Маманов көрсеткендей бір ғана категорияның тілдік көрсеткіші емес, ол аспектуалды, темпоралды, сондай-ақ басқа да қызметтерде жұмсалады.

Етіс категориясының Ы.Маманов еңбектерінде зерттелуі. Қазақ тілінде етіс категориясы, негізінен, морфологиялық тәсіл арқылы жасалады. Әрбір етіс түрі арнайы аффикстермен сипатталады және барлық етістіктен етіс формасын жасауға болады. Алғашқы грамматикалардан бастап, 30 жылдарға дейінгі еңбектерде етіс түрліше бөлініп келді. Бұл категория 50-жылдардан бастап арнайы зерттеу нысанына алынып, ғылыми негізде қарастырыла бастады. Оған Н.А.Баскаковтың «Залоги каракалпакского языка» (1951), А.Қалыбаеваның «Қазақ тіліндегі етіс категориясы» (1951), өзбек тілінің етістері жөнінде С.А.Фердаустың, түркімен тілінің етіс категориясы туралы Б.Чарыяровтың, башқұрт тілінің етістері жөнінде А.Х.Фатыховтың диссертацияларын атауға болады.
Етіс қосымшалары түркологияда үш түрлі бағытта (сөз тудырушы, форма тудырушы, екі функциялы) зерттелгендігі байқалады. Өз зерттеуінде Н.А.Баскаков сөз тудырушы деп анықтаса, қазақ тіл білімінде етіс категориясын арнайы қарастырған А.Қалыбаева сөз тудырушы қосымша деп қарастырады. Дегенмен, түркологияда етіс қосымшаларын форма тудырушы деп анықтаушылар саны өте көп. Олардың қатарында А.Щербак, Б.А.Орузбаева, Ф.А.Ганиев т.б. атауға болады.
Қазақ тіл білімінде етісті Ы.Маманов грамматикалық категория ретінде қарап, етіс формаларын форма тудырушы қосымшалар қатарына қосады. Бірақ бұл қосымшалар туралы даулы пікір әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Етіс қосымшалары жалғану мүмкіндігі жоғары қосымшалардың қатарынан орын алады. Етіс жұрнақтарының сөзге жалғану жиілігіне 10 томдық түсіндірме сөздік бойынша статистикалық зерттеу жүргізген С.Мырзабеков сөздіктегі етіс формаларының саны 22 мыңнан асып кетеді. Бұл сөздіктегі барлық сөздің 33 пайызына тең деп көрсетеді. Демек, етіс қосымшаларының сөзге жалғану мүмкіндігі мол, олар Ы.Маманов көрсеткендей, грамматикалық абстракция жасай алады.
Етіс қосымшаларының сөзжасам мен формажасамға қатысын зерттеген А.Жаңабекова етістердің жоғарыда аталған ерекшеліктерін ескере келе, «етіс қосымшалары барлық кезде сөз тудыру қатарын құрай бермейді, тек объектілік-субъектілік қатынасты білдіріп, грамматикалық категория құрай алады. Екіншіден, етіс категориялары белгілі бір етістік тобына түгелдей жалғанып, грамматикалық абстракция жасайды. Ал оның кейбір сөздердің құрамында келіп, лексикалық дербестікке жетуі етіс қосымшаларының сөзжасамдық қабілетінің емес, сөзжасамның семантикалық тәсілінің, яғни мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн», - деп Ы.Маманов, С.Исаев пікірлерімен орайлас тұжырым жасайды.
Ы.Маманов қазақ тіліндегі салт, сабақты етістіктер мен етіс категориясын бір-бірімен тығыз байланыста қарастырады. Өздік, өзгелік, ырықсыз етіс мағыналары салт, сабақты етістіктердің грамматикалық формаларынан туатын семантикалық ұғым деп түсіндіреді.
Қазақ тіл білімінде етіс құрылымдық аспектіден етістіктің грамматикалық категориясы ретінде қарастырылса, функционалды грамматикада етіс (залоговость) функционалды-семантикалық категория болып табылады. Функционалды-семантикалық категориялар көбінесе етістік категорияларына негізделгендігі байқалады. Мысалы, аспектуалдылық категориясы құрылымдық грамматикадағы – қимылдың өту сипаты (вид) категориясына, темпоралдылық – шақ категориясына, модалдылық – рай категориясына, персоналдылық – жақ категориясына негізделген.Ы.Маманов зерттеулерінде етіс, негізінен, объектілік, субъектілік және көпмағыналық қатынастармен сипатталады. Етіс категориясын функционалды грамматика тұрғысынан зерттеу болашақтағы іс деп білеміз.
Етістіктің болымсыздық түрлері.Болымсыздық мағына және оның берілу жолдары туралы қысқаша мағлұмат түркі тілдерінің грамматикаларында етістік бөлімінде, сын есім мен есімдікте, модаль сөздерде, синтаксисте «бар», «жоқ» сөздерінің қолданылуына қатысты болымсыз сөйлемдерге қатысты берілген.
Профессор С.А.Аманжолов қазақ тіл білімінде бірінші рет сөйлемнің болымсыз түрін атайды... М.Балақаев, Т.Қордабаев авторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ тілі» (синтаксис) еңбегінде (1966) хабарлы, сұраулы, лепті сөйлемдерге ортақ болатын сөйлемнің түрі болымды, болымсыз деп бөлініп, болымсыз сөйлемнің жасалу жолы, оның негізінен баяндауыш формасына қатысты екені көрсетіледі. Т.Әбдіғалиева «Қазақ тіліндегі болымсыздық мағына және оның берілу жолдары» атты мақаласында (1975) етістіктің болымсыздық түрі туралы Ы.Маманов еңбектерінде толығырақ мәлімет берілгендігін атап көрсетеді.
Ы.Маманов етістіктің болымсыз түрінің үш вариантының (-ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе; -емес, жоқ) арасында әрқайсысының өзіне тән семантикалық ерекшелігі барын аңғара білген. Сондай-ақ етістіктің болымсыздық жұрнақтарына байланысты айтқан тағы бір маңызды тұжырымы –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе қосымшаларының сөзге жалғану ретімен байланысты айтылған. Осы тұлғалардың етістікке жалғану ретін сөзжасамдық тұрғыдан тани білуі ғалымның етістік сөзжасамына қосқан бірден-бір жаңалығы деп тану керек. Былайша айтқанда, «болымсыздық қосымшалар –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе негізгі етістіктер мен функциялық етістіктердің шегарасын көрсетіп тұратын белгі ретінде жұмсалады». Ал күрделі етістіктерге болымсыздық форманың жалғануындағы ерекшелік көрсетілмегенмен, ғалымның бұл құбылысты танып, айтып өтуінің өзі маңызды жаңалық болып табылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет