Сөздің құрылымы мен формалары



Дата20.11.2023
өлшемі0,78 Mb.
#192032
Байланысты:
Презентация по казахскому языку на тему Сөздің грамматикалық құрылымы
Дәрістер

Сөздің құрылымы мен формалары.

Сөздердің грамматикалық құрылымын қарастырмас бұрын, «сөз» дегеніміз не және ол қандай тұлғаларға бөлінеді деген мәселеге тоқталады. Сөзге анықтама берудің әртүрлілігі қай ғалымның қандай тілді зерттеп, қай тұрғыдан айтқан пікіріне байланысты әртүрлі болып келе береді. Сол сияқты түркі тілдерін зерттеуші мамандар тарапынан сөзге берілген анықтамалар ішінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Оған Н.А.Баскаков (1963), Э.В.Севортян (1971) берген анықтамаларды, сондай-ақ белгілі қазақ ғалымы Н.Сауранбаев дәлелдемелерін келтіруге болады. Тілші-ғалым Ы.Мамановтың сөз, морфема туралы пікірі жоғарыда айтылған анықтамалардан басқаша. «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі мен «Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік» атты мақаласында түбір сөз бен түбір морфеманың өзіндік айырмашылықтарын ғылыми негізде сипаттап көрсетеді.

Белгілі лингвист ғалымдардың «морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі» дейтін анықтаманың флективті тілдерге бірдей ортақ қағида екендігіне назар аударады. Орыс тілі – флектив (жүйелі) тіл, ал қазақ тілі – аглютинативтік (жалғамалы) тіл. Орыс тілінің сөздік құрамына енетін атауыш сөздер лексика-грамматикалық формалар (словоформа), яғни орыс тіліндегі сөздер түбір сөз және сөздің грамматикалық формалары деп екі топқа бөлінбейді.

Ы.Е.Мамановтың көрсетуінше, қазақ тіліндегі негізгі түбір сөздерді, орыс тілінің үлгісімен механикалық түрде, морфемаға жатқызу дұрыс емес. Орыс тілінде түбір сөз (корень) дербес сөз емес, ол – «сөз мұқылы» ғана. Орыс тілінде сөз бөлшектеріне бөлінбейтін мужской род формасындағы зат есімдер ғана. Олар грамматикалық формалармен түрленгенде, қазақ тіліндегі түбір сөздер тәрізді өзінің бастапқы қалпын сақтайды. Бірақ бұлар зат есімнің мужской родын білдіретін грамматикалық форма болып саналады. Ал, қазақ тіліндегі түбір сөздер грамматикалық форма емес, олар сөз таптарының форма тудырушы қосымшаларымен түрленгенде ғана грамматикалық формаға енеді

. Сөйтіп, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес, тілдің аглютинативті табиғатына сүйенген ғалым Ы.Е.Маманов сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады деп есептейді. Грамматикалық форма деген ұғыммен байланысты қолданылатын тағы бір ұғым – сөз формалары. Тұжырымдап айтқанда, сөз формасы немесе сөз формалары деген ұғымға белгілі бір лексикалық мағынаны білдіретін сөздің категориялық грамматикалық мағынаны білдіретін белгілі бір грамматикалық тұлғада тұруы жатады.

А.Ысқақовтың сөз формасы дегенді төмендегіше талдауымен келісуге болмайды: „тіліміздегі сөз бен сөзді байланыстыратын (жалғастыратын), сөзден сөз тудыратын, демек, кейбіреулері жаңа сөз тудыратын, кейбіреулері тек сөздің түрін ғана өзгертетін я түрлендіретін (форма тудыратын) қосымшалардың қай-қайсысын алсақ та, олар өздері жалғанған сөзді бір грамматикалық категориядан екінші басқа бір грамматикалық категорияға көшіретін, я болмаса жалпы грамматикалық категорияның ішіндегі жалқы ка-тегорияларды іштей бірінен-біріне аударатын формалар ретінде қызмет етеді", „синтетикалық тәсіл арқылы туатын сөз формаларын категориялық маңыздары мен қызметтеріне қарай сөз жалғастыратын (сөз жалғастырғыш) формалар, сөз түрлендіретін (сөз түрлендіргіш я форма тудырғыш) формалар және сөз ту-дыратын (сөз тудырғыш) формалар деп үш салаға бөлген дұрыс"

Бұл жерде сөз түрлендіру және форма тудыру ұғымдарының бір-бірімен араласып кеткенін былай қойғанда, автор қосымша арқылы жасалған жаңа сөзді де сөз формасы деп қарайды. Сонда мал мен малшы бір сөздің екі формасы болмақ па? Әрине жоқ. Бұлар жеке-жеке сөздер, демек, екі бөлек сөздің формаларын жасауға негіз бола алады: малға, малды, малымыз т.б. Және малшылар, малшының, малшымыздың т.б. Сөз бен сөз формасы деген ұғымдардың ара жігі, айырмашылығы олар білдіретін лексикалық мағынаның бір я бөлек-бөлек болуына негізделеді. Мал дегеннің лексикалық мағынасы (үй жануары) бір түрлі де,малшы дегеннің лексикалық мағынасы малды бағатын адам бүтіндей бөлек, екінші түрлі, бұлар бір түбірден өрбігенмен, бір сөздің формалары емес, жеке-жеке сөздер.

Сөйтіп, сөз әр түрлі тұлғалар арқылы түрленудің, сөзге түрлі форма тудыратын тұлғалардың қосылуы нәтижесінде оның көптеген формасы пайда болады. Сөздің көптеген формаларының ішінде біреуі сөздің сол формаларын жасауға негіз болады, яғни сөз формалары сөздің негізгі бір формасынан жасалады. Ол - көбіне белгілі сөз табының түбір негізгі және туынды тұлғасы болып табылады.

Сырттай ұқсас кейбір сөз формаларын шатастыруға себеп болып отырған нәрсе – жеке сөздерде болатын сияқты сөз формаларында да кездесетін омонимиялық қасиетті ескермеуден туып отыр. Басқаша айтқанда, сырттай ұқсас түлғаларды олардың қандай мәнді білдіретінін анықтамай, мағыналық ерекшелігін ескермей, мағыналық байыбына бармай-ақ, сыртқы қасиеттері арқылы белгілі бір грамматикалық топқа телудің салдарынан осындай қателіктерге ұрынып отырмыз. Сөз формаларының қазақ тілінде екі түрі бар: 1) сөзге форма тудыратын қосымшалар жалғану арқылы жасалатын синтетикалық формалар немесе сөздің синтетикалық формалары; 2) негізгі сөзге көмекші сөздердің тіркесуі арқылы жасалатын аналитикалық формалар немесе сөздің аналитикалық формалары.

Назарларыңызға рахмет!



Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет