Тақырыбы : «Абай шығармаларындағы ғылым, білім тақырыбы»



Дата01.03.2020
өлшемі26,61 Kb.
#59325
Байланысты:
Абайдың ғылым,білім туралы ойлары

Тақырыбы : «Абай шығармаларындағы ғылым, білім тақырыбы»
Мақсаты: Абай шығармашылығын жас ұрпақтың «жүрегіне терең бойлатып», Абайдың жұмбақ әлемінің тылсым сырларына үңілту; «Сөз патшасы - өлең» құдіретінің асыл сөз маржандарын бойларына сіңірту, ой - қиялдарын поэзия әлеміне енгізу; ғұлама Абай мұрасын, нақыл сөздерін, философиялық ой - толғауларын насихаттау
Көрнекілігі: Абай портреті, кітаптар, шығармалары, қанатты сөздер, фотослайдтар, буклеттер.

Әдеби шара атасы мен немересінің диалогы арқылы басталады.

-Шығарма жаза алмай қиналып отырған 5 - сынып оқушысы. Теледидар қарап отырған атасы, қолында газет.

Теледидардан дауыс: Абайдың «Қыс» өлеңінен үзінді оқылады:
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті - басы – ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды...
Немересі қаламын тастай сала атасының қасына келіп:
- Мен бұл өлеңді білемін, ата! Кеше ғана әдебиет сабағынан өткен болатынбыз. Абайдың өлеңі.
Атасы:
- «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» (немересіне жақындай түсіп). Иә, бұл – Абайдың жазған өлеңі. Қатал табиғаттың сүреңін тамаша суреттеген. Сен біледі екенсің. Ендеше Абайдың кім екенін білетін шығарсың.
- Иә, бірақ толық білмеймін.
- Олай болса, ендігі жерде Абайды «Абай атам», «Абай атаның өлеңі» деп сөйле. Ол өте данышпан кісі, бүкіл қазақтың Абайы ғой. Оны білмеген адам қазақ емес.

-Ата! Бізге Абай атамыздың оқу, білім, ғылым туралы ойлары деген тақырыпқа эссе жазуға қосымша ізденіс жұмысы тапсырылып еді. Соған біраз қиналып отырмын. Қайтсем екен? Жарысқа қалайда қатысуым керек.


Атасы:
- Абай туралы көп дерек айтсам, тыңдар ма едің, балам?
Немересі:
- Иә, сіз оны көрдіңіз бе? Ол туралы қайдан білесіз?
Атасы:
- Жүр, балам. Мен сені бір жақсы кешке алып барайын. Дәл сол Абай атаң туралы, жүре ғой !(Ертіп алып, шығып кетеді).
Мұғалімнің сөзі: Бүгінгі таңдағы Егеменді еліміздің ең басты мақсаты — өркениетті елдердің қатарында болу, бүкіл әлемдік білім кеңістігінен орын алу болып табылады. Мұның өзі ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын тың арнаға, жаңа сапаға жеткізудің қажеттілігін алға тартады. Осымен байланысты қазіргі уақытта Қазақстанда білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын емес, оның тұлғасын жан – жақты дамыту, ұлттық тәлім – тәрбиені сіңірту, рухани жан дүниесін қамықтыру міндеті қойылады. Бұл мәселені шешу жас ұрпаққа туған тіл табиғатын жете меңгертумен байланысты. Себебі ХІХ ғ. Екінші жартысында өмір сүрген неміс философы, лингвисі В. фон Гумбольдт айтқандай. Тіл дегеніміз – ұлттық рух болып табылады. Сондықтан да жас ұрпақ бойынша ұлттық рухты қалыптастыратын тіл десек, бұл орайда ұлттық рухпен суарылған данышпан Абай шығармашылығын мектепте оқыту арқылы, бір жағынан жас ұрпақ тұлғасына ұлттық рухты сіңіру проблемасы өз шешімін таппақ. Өйткені бүгінгі, кешегі және болашақтағы көкейтесті мәселе – жас ұрпаққа білім беру, оқыту, ізгілікке тәрбиелеу — өз кезінде Абай шығармашылығынан орын алып, мәнімен маңыздылығы айқындалған мәселе.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, мемлекетіміз білім кеңістігіне аяқ басқан кезеңде, ғылым – білімнің құндылығы, рухани маңыздылығы артып отырғаны белгілі. Сондықтан да ертеңгі ұрпақ жарқын болашақта өмір сүріп, дамыған елдермен иық тіресе қатар тұруы үшін, ең алдымен терең білім мен жан – жақты рухани сұраныс қажет. Бұл орайда оқушы бойында білімге деген құштарлықты, ғылымға деген сүйіспеншілікті оятуымыз қажет. Мұның өзі бала дарындылығын дамытып, шығармашыл тұлға қалыптастыруға жол ашады. Осыған қатысты Абай «ғылым білім» ұғымдарының маңыздылығына қандай баға береді? Абай көзқарасындағы ізгілік, тәлім – тәрбие дегеніміз не? Әрине, бұлар өз кезеңінде, әр уақытта сөз болған мәселелер. Дегенмен, Абай атамыздың шығармаларындағы ғылым,білім туралы ойларын құлақ салайық. Ендеше кезекті оқушыларға берейік .
1-оқушы : Абай - халықты білімге, ғылымға, еңбекке көп үндеген ақын. Ғылымды ол әлеуметтік жағдайды жақсартудың құралы ғана емес, бүкіл прогреске апаратын жол деп түсінді. Ғылымның әлеуметтік орнын адамдардың жақсы қасиеттерімен байланыстыра қарады.

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жол да жоқ жарыместі «жақсы» демек...

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,



Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек», -деп ақылды тереңдетіп, шалқыта түсетін, адамның жігерін, қайратын өсіріп, жөніне жұмсауға жол көрсететін, оны тасыта түсетін, жүректі де ізгілікке, адалдыққа, адамдыққа баулитын, адам бойындағы осы үш қасиеттің басын қосып, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын осы ғылым деген қорытындыға келеді. Абай ғылымның әлеуметтік рөлін терең талдап, қайрат, ақыл және жүрек үшеуін айтыстыра келеді де ғылымға жүгіндіреді. Ғылым жүректің әділеттілік, ұят, рақымшылық, мейірбандық қасиеттерінің артықшылығын қолдайды. Бұдан, Абайдың топшылауынша, әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, әділеттің орнауы адамдардың ұятына, рақымшылдығына, мейірбандығына, әділдігіне байланысты. Ғылымды оны бақталастық үшін емес, ақиқатты білмек үшін үйрену керек екенін баса айтады. Өйткені, бақастық адамды бұзады, «жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі, бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін», - деп қорытады Абай. Ақын бірқатар шығармаларында еңбекке немқұрайлы қараушылықтың, жалқаулықтың, еріншектіктің қоғамды жұтатып, тоқыраушылыққа ұшыратып отырғанын, соның нәтижесінде әлеуметтік жүдеуліктің орын алып отырғанын сынайды, еңбек етуге шақырады. «Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей...» - деп еңбексіздік пен қаракетсіздікті ашына шенейді. Өз тұсында қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен мал тапсам деген әлеум. топтың қалыптасқанын сипаттай келе, ақын: «Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса тез тыйылмас... Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар...» - деп еңбексіз тапқан олжаның құтсыздығын ескертеді. Абай адал еңбекпен мал тап, еріншек болма деп үйретеді
2-оқушы : Мәселен, Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген 14 жолдық шағын өлеңінің барлық сөзі, барлық тіркесі сырт қарағанда өте түсінікті болып көрінеді. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген жолдағы ғылым сөзі осы күнгі біздің түсінігіміздегі ғылым болып қолданып тұр ма? Абай арабтың бұл сөзін екі мағынада пайдаланылған: біріншісі – оқу, білім, синонимі ретінде келуі, екіншісі – тра мағынасында қолданылуы. Ақын бұл сөзді жалпы білім, оқу мағынасында қолдану үстінде ғылым оқу, ғылым бағу, ғылым іздеу деген тіркестерді өзі жасаған. Атақты «ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің осы жолындағы ғылым сөзі, жалпы оқу оқып, сауатты болу, білім алу дегенді білдіреді.
«Жасымда ғылым бар деп ескермедім» атты өлеңінде ақын өз балаларын оқытуды өзгелерге үлгі етіп ұсынады.
3-оқушы: Қазіргі нарық қыспағына қарамастан, «Интернатта оқып жүр» өлеңіндегіндей, «жаңа өспірім, көк өрім», «талай қазақ баласының» жоғары оқу – орнына түсуге талпынысы азайған жоқ. Бірақ көпшілігінің мамандық таңдаудағы ой — өрісі Абай заманында: «Я тілмаш, адвокат – болсам деген бәрінде ой», — деп бас қамынан аспайтын мұндай тар мақсаттың мұрат бола алмайтынын айтса, оған енді келіп нарық заманының бизнесімен, маркетинг, менеджмент сияқты «модный» мамандықтары қосылды. Ал бүкіл ел экономикасының негізін құрайтын ауыр және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы қажет, материалдық дүние өндіретін салалардың инженер технологтары мен агрономдарын «таңдауды» артынша оқығандардың үлесіне қалдырып кеткен жоқпыз ба?
4-оқушы: Ұлы Абай шығармашылығының тағы бір қозғайтын мәселесі – адам тәрбиесі, содан туындайтын бүкіл халық тәрбиесі. Қазақ халқының болашығы оның өз бетінше ел боуына, саяси бостандыққа қол жеткізуіне, экономикалық және мәдени кешеулеуден шығуына, қараңғылық пен кедейшіліктен құтылуына апаратын бірден – бір жол бүкіл елдің сауатын ашу, жастарды адамгершілікке тәрбиелеу, өнер мен еңбекке баулу деп анық айтты. Ақыл — ойдың, сауаттылықтың дамуы үшін дүниеге шын көзбен қарап, нақтылы сезінудің қажетілігін барынша қорғап бақты. Абай қоғамның тәрбиесі жеке адамнан басталатынын көрсетті. Өйткені «Адам түзелмей — заман түзелмейді», — деп ашық айтып, тобырдың ішінде тұлға жүрмесе мәнінен айырылатын мезгеп, «не болады өңкей нөл» деп налыды. Сонда адам мұраты мен халық мүддесі ұшырастырытын тәрбиедегі басты нұсқа қандай десек, ұлы ақын: «ақыл сенбейтін іске сенбе, ондай іске кіріспе, әуелі білім, ғылым, өнер жолын таңдап алып, естілерден үлгі ал, еңбекпен ғана мал тап» деп жол сілтейді.

5-оқушы: Ұлы ұстаз жан – жақты, кемел тәрбиелі адам ғана «толық адам» санатына қосылады деп есептейді. Ал кемелдікке жетудің тура жолы – адам бойында имандылық қасиеттердің туындауынан басталады. Тәрбиенің қалған түрлері – адамгершілік, ақыл – ой, еңбек, дене тәрбиесі, бәрі де осындай мұсылмандыққа ден қойған жастың бойына тез үйіріледі деп пайымдайды. Осы тұста Абай өз заманындағы мектеп – медреселердің қызметіне көңілі толмайтындығын үнемі байқатып отырады. Әсіресе, дүние молдалардың баланың дұрыс уағыздап, теріс жолға салатынын айта келе, ұстаздардың тұлғасын ерекше жоғары қояды оларға үлкен сеніммен қарайды.
Абай туындыларындағы басты орын алып отырған мәселе – еңбек тәрбиесі. Ол еңбекпен келген табыстың адал да дұрыс жолға бастайтынына кәміл сенеді, ал еңбекпен, саналы оймен, ақылмен істелген істің ғана нәтижесі болады деп санайды.
6-оқушы: Оны: Өзіңе сен, өзіңді алып шыған, Еңбегің мен ақылың екі жақтап, — деп жырлайды. Адамның бойында жағымсыз қасиеттердің тууына қарсы тұру үшін оның ғылым мен білімге деген құмарлығын арттырып, дамыта түсуді өсиет етеді. Осыған орай ақыл мен еңбектің мәніне ерекше тоқталып, оларды адамның жеке басының (дара тұлғаның) басты құдіреті деп түсінеді. Сондықтан:
Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық,
Сақалын сатқан кәріден
Еңбегін сатқан бала артық, — деп түйіндейді.
7-оқушы : Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар беруі себепті М.Әуезов ол өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі», - деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Абайдың: Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз, - деп, адам бойындағы мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-қарасөзінде айтылатын «жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасы бар ұғыммен салыстыра отырып сырын ашсақ, көп мәселенің тамырын дөп басамыз. Осы өлеңде ерекше мән бере аталатын Шығыстың озық ойлы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) атақты шәкірті Жүсіп Қарабағи (XVIII ғ.) «Рисаласында» «жанның азығы» деген ұғымды еске (память) байланысты қарап талдайтыны бар. Автор «жанның азығы» (духовная пища) деген ұғымды екіге бөліп: бірінші жанның пайдалы азы ғы (шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік) екіншісі - жанның зиянды азығы (күншілдік, жалған сенім) деп атайды. Абай танымындағы «жанның тамағы» да жан қуаты арқылы біртіндеп қорланатын рухани байлықты меңзейді. Өйткені, Абай: «...Құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді», - деп көрсетуі арқылы әрбір талапкер жас өзінің дүниетанымының қалыптасу жолында жанның пайдалы тамағымен сусындауға саналы түрде бет бұрса ғана толық адам жолына түсе алмақ, болмаса жоқ. Ақынның «бес нәрседен қашық бол» деп таңбалап отырғаны адамды аздыратын жанның зиянды тамақтары болып шығады. Адам болу туралы ойлар, әсіресе, ақынның қарасөздерінде молырақ таратылған. Ондағы «адам болу, адам, жарым адам, толы қ адам, адамның адамдығы, адамшылық, адамшылығының кәмалаттығы, пенделіктің кәмалаттығы, инсанияттың кәмаләттығы т. б. терминдік мәні бар сөздердің бәрі де толық адам жайлы пікірлерімен сабақтасып жатады.
8-оқушы: Абай атамызды зерттеуші ғалымдардың оны "халық ұстазы" деп тануы бекерден-бекер емес,деп ойлаймын.Шынында,ақынның шығармашылық мұралары - халықтың рухани қазынасы,тәлім-тәрбие өзегі.Ақын бар ойын ел болашағы жастарға арнаған еді.Негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат - «толық адам» етіп тәрбиелеуді мақсат тұтты.Көпшілігіміз білетін:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге,-деген жолдарының өзінде-ақ оқу-білімге ынтығу керектігі айтылады.Абайдың шығармаларында жастарды оқу-білімге шақыру қазір де өзекті,тіпті қай уақытта да өзектілігін жоғалтпайды деп білемін. Ия,қазіргі таңда сол кездегідей халық надан емес.Алайда,бір күнін босқа өткізіп жатырған жастар жетерлік.Ондай жандарға ақынның:

Сен де бір кірпіш дүниеге,



Кетігін тап та бар қалан,-деп үгіт жасағың келеді.Сонымен қатар,өзін түгелімен ғылымға арнап, бірнеше тіл біліп,елімізде ғана емес,шет елде белгілі боп жүрген жас өрендер де жоқ емес.Соларға қарап өзің де бір марқайып қаласың.Білімді жастар саны көбейе берсін дегім келеді.
Мұғалімнің қорытынды сөзі: Ақын ел қамы үшін емес, өз қамы үшін, елді бірлестіру үшін емес, араздастыру үшін оқитын, ойында «я тілмаш, я адвокат болу» ғана жүрген пысықай жастарды сынап, ғалым болу үшін ғана емес, сол алған білімін туған халқының мәдениетін, экономикасын, сана-сезімін көтеру үшін жұмсауға шақырады. Ойшыл ақын ғылымды үйренушілерді екі топқа бөледі. Бірі - білімді ақиқатты тану, азамат болу үшін үйренушілер де, екінші - бақастық, яғни біреуден озу, артық болу мақсатын көздеушілер. Ақын ғылым жолын қалаған жастарға ғылымды жеке басының қамы, бақастық үшін емес, халқына адал қызмет ететін жан-жақты жетілген, білімді - «толық адам» болып шығу үшін үйренуге ақыл айтып: «үйреніп жеткенше осы да болады ғой деп тоқтамай, үйрене беру керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды», -деп, оларға тынбай талаптануға, үздіксіз ізденуге кеңес береді. Абай қазақ жастарын желөкпе, әр нәрсеге көрсеқызар болмай, өнерді үйренуге, табиғатты тануға, ғылыми көзқарасқа негізделген тиянақты білім алуға үндеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет