Тақырып бойынша негізгі ұғымдар: мәтінтану, мәтінтүзім, когезия, мәтіннің функционалдық типтері Дәріс мәтіні (тезис) «Задында, фольклорлық шығармаларға қатысты «мәтін»



бет1/5
Дата07.02.2022
өлшемі30,95 Kb.
#86881
  1   2   3   4   5
Байланысты:
4-дарис


4 дәріс


Тақырыбы: Фольклорлық мәтін сипаты
Мақсаты: Фольклорлық мәтінді мәтін теориясы тұрғысынан түсіндіру
Тақырып бойынша негізгі ұғымдар: мәтінтану, мәтінтүзім, когезия, мәтіннің функционалдық типтері
Дәріс мәтіні (тезис)
«Задында, фольклорлық шығармаларға қатысты «мәтін» сөзінің екі мағынасы бар. Біріншісі – халық жадында сақтаулы мәтін, екіншісі – сол ауызша мәтіннің хатқа түскен түрі. Зерттеушілер, шынтуайтқа келгенде, жазбаша, жазылып алынған мәтінмен жұмыс жасайды. Сондықтан фольклорлық шығарманың жазылып алынған жазбаларын фольклорлық мәтін деп алған дұрыс» [Путилов]. Б.У.Әзібаева фольклорлық мәтін туралы сөз еткенде фольклорлық шығарманың ауызша туып, ауызша орындалатыны; ауызша түрде бірнеше ұрпақ жадында сақталатыны; сондай-ақ ауызша орындалып, айтылып, тыңдаушы, шәкірттерге ауызша жеткізілетін мәтіннің өмірі өте қысқа болатыны: ол тек сол сәтте ғана бар болатыны; ал оның өміршең болып сақталып, кейінгі ұрпақтарға жетіп, ғылым нысанына айналуы үшін хатқа түсірілу керектігі немесе басқа техникалық құралдармен таңбалану керектігі, яғни дыбыс жүйесінен таңба жүйесіне ауыстырылу қажеттілігі; ол үшін орындаушы, айтушыдан мәтінді еш өзгертусіз жазып алуының маңыздылығы (жинаушы рөлінің маңыздылығы туралы); бір шығарманың бірнеше нұсқаларының болатыны; фольклор құрамындағы кейбір жанрлар эстетикалық емес, танымдық, утилитарлық қызмет атқаратындықтан олардың көркемдік деңгейі төмен болатыны сынды дүниелер назардан тыс қалмау керектігін ескерте келе, егер бұлардан біреуі тыс қалса, онда фольклорлық мәтінге берілген анықтама анық болмайды деген тұжырым жасайды. Әрірек, «фольклортануда «мәтін» сөзі үш мағына беретіні анықталып отыр: а) халық жадында сақтаулы, яғни ойдағы мәтін; ә) ауызша айтылып орындалатын мәтін; б) ауызша мәтіннің орындалған сәтте қағазға түсірілген я басқа техникалық құралдармен таңбаланған түрі, демек дыбыс жүйесінен таңба жүйесіне ауыстырылып қағазға түсірілген, яғни жазба мәтін» - деп түйеді.
Зерттеуші ретінде бізді қызықтыратыны – фольклорлық мәтіннің үшінші мағынасы, яғни жазба мәтін. Жазба мәтін зерттеу нысанына алынғанда оның қай дәуірдің шығармасы екендігі міндетті түрде қарастырылады. Осылай қазақ әдебиетінің фольклоры қазақ тілінің жазба тіліне, тіпті осы күнгі жазба әдеби тіліне қайнар көз болудағы орны ерекше екендігін байқауға болады. Қазақ фольклорының тілі әдеби сипат алған, белгілі бір сөз жұмсау нормаларын қалыптастырған, көркемдік-эстетикалық қуаты күшті тіл екенін зерттеушілер баса көрсетеді.
Қазақ ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдар мәтін ұғымын көбіне және ұзақ уақыт фольклор текстологиясына қатысты қарастырып келді. Көркем мәтін мен фольклор мәтіні арасындағы айырмашылықтың күмәнсіздігінен болар, қазақ фольклористикасында 2009 жылы «Фольклор мәтінтануы: өткені мен бүгіні» атты жинақ жарық көрді. Бұл жинақта «Фольклор мәтінтануының да, көне әдебиет мәтінтануының да, қазіргі әдебиет мәтінтануының да негізгі нысаны – мәтін» деп атап көрсетіліп, мәтін ұғымы, негізінен, текстология тұрғысынан қарастырылады, сонымен қатар, мәтін термині фольклортануда үш мағынада қолданылатыны нақтыланып, ғылыми айналымда бар дефиниция автор тарапынан толықтырылады: «кез келген мәтін тек сананың ойлау процесінің ғана жемісі емес, сонымен қатар бұған сезім мен эмоцияның да қатысы болатыны даусыз».
Жалпы, фольклортануда қазіргі кезде мәтін зерттеуде екі бағыт бары байқалады. Белгілі ғалым С. Бралинаның пікіріне сүйенсек: «Бірінші бағытты, біздің ойымызша, шартты түрде «классикалық» немесе тарихи-типологиялық деп атауға болады. Бұл бағыттың өкілдері фольклор мәтінін «ауыз әдебиеті – сөз өнері» тұжырымдамасына сәйкес «тар» мағынада түсінеді. Сондықтан олардың түсіндіруінде фольклор мәтіні – халықтың тұрмысында нақты бар, ауызша айтылатын сөзбен берілген (вербалды) мәтін.
... Екінші бағытты құрылымдық-таңбалық (семиотикалық) деп анықтауға болады. Оның өкілдері – фольклор мәтінін тексті «кең» мағынада түсінуді жақтаушылар. Информатика және семиотика ғылымдарына сүйене отырып, олар өз анықтамаларында фольклор мәтіні деп белгілі бір құрылымның, кестенің, модельдің (үлгі) жүзеге асырылуын немесе таңбалардың, кодтардың, символдардың, түрлі «тілдердің» жиынтығын атайды.
Осының нәтижесінде зерттеушілер фольклор мәтінінде тек «сөзді» ғана емес, осы «сөздің» артында тұрғандарды немесе оны түсіндіріп тұрған нәрсені де көре бастады.
...Басқаша айтқанда, дәстүрлі түсінікте фольклор («сөзді») мәтіні деп түсінілетін нәрсе этнолингвистика тұрғысынан үш таңбалық - салттық (акционалды), заттық (реалды) және сөзді (вербалды) - компоненттен тұратын бір ғана семиотикалық мәтіннің бір тілі, «сөзі», коды деп түсініледі. Мұндай «мәтін» ретінде, мысалы, дәстүрлі қимыл әрекетті (орыстардың рождестволық бал ашуын), онда қолданылатын түрлі заттарды (табақ, орамал, әшекейлік бұйымдар және т.б.), фольклордың (табақ әні – подблюдные песни) орындалуы арқылы көрінетін салтты айтуға болады
Қазақ ауыз әдебиетінде, мысалы, осындай мәтін ретінде бақсының әрекеттерін (далаға шығу, арнайы киім кию, кілемге отыру), пайдаланылған заттарды (қобыз, қамшы) және орындайтын шығармаларды (бақсы өлеңдері, арбаулар және т.б.) айтуға болады».
Бұқара халықтың алдында туындаған ауызша мәтін осы жағдайда мүлтіксіз болып көрінуі мүмкін, себебі онда орындалып отырған шығарманың мазмұнына қоса орындаушының дауысы, интонациясы, ым-ишарасы айрықша қызмет атқарып, тыңдаушының түрлі реакциясын тудырады.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©www.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет